ЕЛ ДАМУЫ – ОРТАҚ ИГІЛІГІМІз

  • 28.01.2019
  • 97 рет оқылды
  • 0

«Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді халық даналығы. Егеменді еліміздің алдағы үлкен болашағы да ел өткенімен өте тығыз байланысты. Бұны біз Елбасымыздың жылма-жылғы халыққа Жолдаулары мен арнайы жазылған мақалаларында көтерілген мәселелерден де жақсы білеміз. Еліміздегі халықтық қолдауға ие болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халықты тек рухани тұрғыдан жаңғыртып қана қоймай, еңбекте, экономикада, өмірде де алымды қадамдар жасауға бағыттап отыр. Бұл қоғамдағы үлкен ілгерілеушілік дер едік. Біздің бүгінгі сұхбатымыз еліміздің Жетісу өлкесіндегі ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың елі, Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Байшалұлы ӘЛИЕВПЕН осы бағытта өрбіді.

– Бағдат Байшалұлы, Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы жарыққа шыққанын жақсы білесіз. Елбасымыз қашан да Қазақ елінің болашағын ойлап, жаңа бағдарламаларды ел алдына батыл ұсынып, көптеген игі жобалардың іске асуына даңғыл жол ашты. Осы орайда Елбасымыздың бүгінде ел назарында жүрген маңызды мақаласы туралы ой-пікірлеріңізбен бөліссеңіз.
– Әрине, еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев – еліміздің алдағы үлкен болашағын әр кезеңде алдын-ала жоспарлап, дұрыс шешім қабылдай білген ұлы тұлға. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы халқымыздың жүрегінен шыққанын білемін және үлкен қозғаушы күш болады деп сенемін. Өйткені, казіргі таңдағы заманауи бағытымыздың болашағы өткен ғасырлардағы ата-бабаларымыздың ерліктері мен адал еңбегі, арман-тілегі арқасында болып жатқандығы белгілі. Осыны әрдайым Елбасымыз айтып та келеді. Мәселен, осының алдындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елімізде көптеген игі жобалар іске асты. Мысалы, ата-бабаға тағзым етіліп, өткеннің елеулі шақтары еске алынды. Қазақ елі ата-баба тарихын жаңғыртып, болашаққа жетелейтін үлгі-өнегелер хақындағы таным-түсініктерді айқындады. Бұның бәрі көптеген шығармашылық иелері, ақындар, жазушылар, суретшілер мен мүсіншілерге үлкен шабыт әкелді. Ол дегеніміз Қазақ елінің мерейін өсіріп, рухын оятты деген сөз. Жастарымыз ел мүддесі тұрғысындағы дұрыс бағыт-жолға бет бұрды. Осының бәрі Елбасымыздың көрегендігі, мемлекет басшылығындағы үлкен өнегелік бір қыры деп танысақ жарасады. «Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы» және де «Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстанға ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар» – деп жазылған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында. Елбасымыздың осы сөзі біздің де санамызға қозғау салып, бағытымызды айқындайды. Бұл дегеніміз рухани тәлім-тәрбие – үлкен өнеге дегенді білдірер еді. Қазақ елін ақ жолға жетелейтін Елбасы бағыты біздің қашан да дұрыс жолда келе жатқандығымыздың тағы бір куәсі.
– Елбасы Жолдауларындағы тапсырмалар облыс әкімдері мен аудан әкімдеріне әлеуметтік сала және экономиканы өркендетуді қамтамасыз ету бағытында бір-қатар міндеттер жүктегенін білеміз. Ол тапсырмаларды міндетті түр-де орындау барлық дәрежедегі әкімдердің бірінші және төл міндеті емес пе?! Осы орайда, өзіңіз бас-қарып отырған ауданда қандай игі істер атқарылуда?
– Әлбетте, Елбасымыз қашан да облыс әкімдері мен аудан әкімдеріне үлкен тапсырмалар беріп жатады. Бұл – елдің бағыты. Бұл бағытта асқаралы міндеттер тұр. Елдің дамуы осыған міндеттейді. Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың еңбекқорлығы мен тынымсыздығының арқасында және оның зор ұйымдастырушылық қасиетінің нәтижесінде, біздің облысымызда мемлекеттік тапсырыстар жан-жақты іске асырылуда. Сондай-ақ, біздің аудан облыстың ғана емес, республикамыздың өміріндегі алар орны ерекше және қазіргі кездегі алдыңғы қатардағы аудандардың бірі. Жамбыл ауданы өткен жылдың желтоқсан айында ауыл шаруашылығы күнін өткізді. Әр жылдың аяғында осылайша ауыл шаруашылығы жұ-мыстарын қорытындылап, алдағы міндеттерді саралау дәстүрімізге айналды. Ауданымыз аграрлы аудан болғандықтан, ауыл шаруашылығы саласына үнемі айрықша назар аударылатыны белгілі. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау шаралары да жан-жақты қарастырылуда.
– Қаржыны дұрыс және маңызды салаларға жұмсау басты міндет қой. Осы тұрғыдағы ойларыңызды да қосып айта отырсаңыз екен?
– Бұның бәрі белгілі бір жүйеге құрылған. 2018 жыл экономикалық тұрғыдан алғанда, маңызды жыл бол-ғандығын айта кетуіміз қажет. Осы жылы ауыл шаруашылығын қолдаудың «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында барлығы 1 млрд. 48 млн. 453 мың теңгенің қаржысы игерілді, оның ішінде егін шаруашылығына бөлінген субсидияның көлемі 107 млн. 424 мың теңгені, мал шаруашылығы бойынша бөлінген субсидияның көлемі 941 млн. 29 мың теңгені құрады. Несие беру, қаржыны оң бағытқа жұмсауда да бірқатар ілгерілеушіліктер бар. «КазАгро» акционерлік қоғамы арқылы 118 тауар өндірушілерге бе-рілген несиенің жалпы көлемі тұтастай алғанда, 681 млн. 438 мың теңгені құрады.
– Дейтұрғанмен, аудан экономикасының маңызды бөлігі ауыл шаруашылығы ғой. Жергілікті өнім өндірушілердің еңбегі қалай ұйымдастырылған?
– Өте орынды сұрақ. Бүгінгі күні ауданның ауыл шаруашылығы саласында 3617 шаруа қожалығы тіркелген, оның ішінде 3502 шаруа қожалығы тікелей өнім өндірумен айналысуда. 2018 жылдың 11 айында ауданның ауыл шаруашылығы саласы бойынша 46 млрд. 436 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 104,8 пайызды құрады. Ал, біздің ауданымыздың ауыл шаруашылығы өнімін өндіру бағыты бойынша облыстағы үлесі 7,9 пайызға жетті. Аудан дәнді дақылдарды, бақша өнімдерін, ет, сүт, жүн өндіруде және мал басының саны бойынша облыста алдыңғы орындардың қатарында екендігін айтқым келеді. Атап айтқанда, ірі қара, қой мен ешкі, жылқы өсіруден 1- орын, түйе өсіруден 2-орын, құс саны бойынша 5-орынға шығып отыр.
– Жергілікті кәсіпкерлер мен қарапайым шаруа адамдарының да еңбектері жеміссіз емес демексіз ғой?
–Экономика мен шаруашылықтағы үрдісті дамуымызда жергілікті тұрғындардың үйреншікті кәсібі, өздерінің қолайына келетін шаруашылық түрлерінің бәрі де ескерілген. Көптеген бастамалар сол жергілікті кәсіпшіліктердің өз тараптарынан болып жатады. Шаруа адамдарын тек дер кезінде қолдап, жұмыстарын үйлестіріп отырудың өзі де көптеген мүмкіндіктер бермек. Бізде мал шаруашылығында 2018 жылдың 1 желтоқсанына 108 мың 239 бас ірі қара малы (100%), 689 мың 871 бас қой мен ешкі (115,3%), 34 мың 304 бас жылқы (112,3%), 1902 бас түйе (105,9%), 512 мың 731 бас құс (100%) есепке алынды. Мал шаруашылығы бойынша 18 мың 905 тонна ет (101 %), 43 мың 356 тонна сүт (113,7 %), 91 млн. 332 мың жұмыртқа (111,4%) өндіріліп, бұл реттегі жұмыстарымызды өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, жоспарымыз асыра орындалды. Аудан бойынша үстіміздегі жылғы қысқы мал азығына 156 мың 200 тонна шөп, 15 мың 800 тонна сабан, 31 мың 400 тонна жем, 18 мың 900 тонна сүрлем дайындалды. Егін шаруашылығында 2018 жылы 48 мың 193 гектар егістіктен 109 мың 495 тонна астық, оның ішінде 15 мың 900 гектар егістіктен 31 мың 900 тонна бидай, 31 мың 344 гектар егістіктен 73 мың 659 тонна арпа жиналды. Сондай-ақ, 633 тонна сұлы, 27 мың 488 тонна жүгері, 5 мың 72 тонна майлы дақылдар, 1002 тонна жеміс-жидек, 31 мың 220 тонна картоп, 29 мың 443 тонна көкөніс, 11 мың 752 тонна бақша өнімдері шашаусыз жинақталды. Осының бәрі адал еңбек, төккен тердің арқасы.
– Аудандағы ауа райы, жердің шұрайлылығы халықты көкөніспен қамтуға да мүмкіндік беретін шығар?
– Сұрағыңызды түсіндім. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз да қомақты. Тәжірибеміз де бар. Маусымаралық уақытта Алматы қаласы мен аудан халқын көкөніспен тұрақты түрде қамтамасыз ету мақсатында, жалпы көлемі 11 гектарды құрайтын 8 жылыжай жұмыс істеп, жыл бойы оларда 1 мың 273 тонна әртүрлі өнім өндірілді. Көкөніспен тек өзімізді ғана қамтамасыз етіп қоймай, елдің тұтастай даму бағытына да бағдар ұстаймыз. Мәселен, Астана мен Алматы қалаларында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде 650 тонна ауыл шаруашылық өнімдерін апарып, саудаладық. Биылдың өзінде 2019 жылы «Финансовый Партнер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Шолаққарғалы ауылдық округіндегі 15 гектар жерге жобалық құны 6 млрд. 500 млн. теңге тұратын жылдық қуаттылығы 4 мың тонналық жылыжай кешенін салуды жоспарлауда. Жұмыстары нәтижелі жүріп жатыр. Аудан көлемінде 450 гектар алма бағы бар. Кейінгі 3 жылдың ішінде 5 шаруашылықтың күшімен 264 гектар жерге бақ отырғызылды. Олардың ішінде 200 гектар жаңғақ, 31 гектар таңқурай плантациялары да баршылық.
–Бұл бағыттағы көш-бастаушыларды айта аласыз ба?! Жасыл экономика қазіргі еліміздегі маңызды қадамдардың бірі ғой.
– Неге айтпасқа? Алма ағаштарын өсіруде ауданымызда «Ранай» шаруа қожалығы, жаңғақ ағаштарын өсіруде «Грин Фарм» шаруа қожалығы көш басында келеді. Биылғы жылы «Дулат» шаруа қожалығы мен «Әл Ауқат Мейіржан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 31 гектар жерге өнімділігі жоғары элиталық сұрыпты таңқурай көшеттерін отырғызды.
– Аудан экономикасының өзіне тән тағы қандай ерекшеліктері бар? Басым бағыттар хақында не айтар едіңіз?
– Елбасының бес институттық реформаны жүзеге асыруға ба-ғытталған «Ұлт жоспары – 100 қадам. Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты іс-қимыл жоспарының 60 және 61 қадамдарында шаруа адамдарына сүт пен ет өндірісін дамыту жөнінде нақтылы тапсырмалар берілгені белгілі. Жамбыл ауданы Алматы агломерациясы аймағына кіретіндіктен, Алматы қаласындағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ет пен сүт өндірісіне басымдық берілуде. «Империя Фуд» жауапкершілігі шектеулі серік-тестігінің 3 мың басқа арналған мал бордақылау алаңында бүгінгі күнге 2800 бас мал бордақыланып, 673 тонна ет өткізілді. Бұл компания ауданда жалпы құны 2 млрд. 900 млн. теңгелік, қуаттылығы 8000 тонналық ет өңдеу зауытының құрылысын салып, аяқтау үстінде. Зауытты іске қосу алдағы қаңтар айында жүзеге асады деп белгіленіп отыр. Ауданда жалпы қуаттылығы 14050 басқа арналған 16 мал бордақылау алаңдары бар, бүгінгі күнге оларда 5050 бас мал бағым-күтімге алынған немесе ауқымы жағынан қуаттылығының жүктелуі 36 пайызды құрайды.
– Өндірісті кеңейту, өнімнің көлемін ұлғайту бағытында қандай шаралар алынуда?
–Біздегі маңызды құрылымдардың бірі – сүт өндірісі. Бұл бағыттағы аудандағы ірі жоба «Табыс» шаруа қожалығының 600 басқа арналған, жалпы құны 1 млрд. 780 млн. теңге тұратын тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Шаруа қожалығы Украина елінен 600 бас «Голштинофриз» тұқымды сиыр малын әкелген болатын. Бүгінгі күнге олардың барлығы да төлдеп, күніне 1 сиырдан 10-15 литрден сүт сауылуда. Жалпы алғанда, олардан 5542 тонна сүт алынып, дер кезінде «Райымбек Агро» ЖШС компаниясына өткізілді. Шаруашылық кейін өзінің толық қуатымен жұмыс істегенде, жылына 6 мың тонна сүт өндіретін болады. Осыған байланысты, қуаттылығы 4 мың тонналық сүт өңдеу зауытын салу бұл саладағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бүгінгі күні аталған жобаға жер телімі бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары жасалды, енді қаржыландыру мәселесі қарастырылуда. Бұдан басқа Ұзынағаш, Қарғалы, Қарақыстақ, Қарасу, Аққайнар, Шиен ауылдық округтерінде жалпы қуаттылығы 1832 бас сиырға арналған 7 сүт-тауарлы фермалары жұмыс істейді. Бұл фермаларда бүгінгі күні 1502 бас ірі қара бар немесе өндіріс қуаттылықтарының жүктелуі 82 пайызды құрайды. Жыл басынан бері Шолаққарғалы ауылында «Гейдар» шаруа қожалығының жобалық құны 5 млн. теңгелік жаңа сүт өңдеу цехы іске қосылып, 5 жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта «Табыс» шаруа қожалығы Жамбыл ауылдық округі жерінен 600 бас сауын сиырға арналған «Табыс-1» атты тағы бір тауарлы сүт кешенін, «Хайпер Груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Үлгілі ауылында 500 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салуды жоспарлауда.
– Өндірісті жарақтандыру, жаңа бағыттарды іске қосуда қандай ілгерілеушіліктер бар? Экономикадағы бейімділік, ілкімділік деген де маңызды ғой. Қоғамның өзі экономикадан осыны талап етіп отыр емес пе?
– Экономикада таптаурындылық деген болмауға тиіс. Экономика да жанды құбылыс. Оның да оңы мен солы, үрдісті қадамдары болады. Шаруашылықты жүргізуде оның бәрі де көрініп тұрады. Мал өнімдерін өңдеу бағыты бойынша, Қарғалы ауылында қуаттылығы жылына 8 мың тонна өнім өндіретін, жобалық құны 380 млн. теңге құрайтын «Қарғалы–1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүн өңдеу цехы іске қосылып, онда 70 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Жұмыртқа өндіруде «Сұңқар Алматы құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 750 млн. теңгеге кәсіпорынды кеңейту және модернизациялау жұмыстарын жүргізіп, өткен жылдың 1 желтоқсанына 79 млн. 474 мың дана жұмыртқа өндіру арқылы өнім көлемін 12,9 пайызға арттырды. Қосымша 12 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл бағытта, сондай-ақ, Мыңбаев ауылдық округінің жерінен жылына 150 млн. дана жұмыртқа шығаратын қуатты құс фабрикасы құрылысының жобалық-сметалық құжаттары жасалуда. «Каз-АгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы бүгінгі күнге 165 млн. 236 мың теңгеге 13 дана техника ли-зингке, 18 млн. 760 мың теңгеге 4 дана ауыл шаруашылық техникасы шаруашылықтардың өз қаражаты есебінен алынды. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының іске асырылуына байланысты да бірқатар шаралар алынып, ауыл шаруашылығы саласы бойынша аудандағы 104545 гектар егістік жер электрондық алқаптар базасына толықтай енгізілді. Ендігі кезекте электрондық картаға жайылым, шабындық, алма бақ жерлерін енгізу жұмыстары жүргізілуде.
– Ауданда суармалы жерлер аз емес қой. Оның да қызу тірліктері бар емес пе?
– Рас айтасыз,ауыл шаруашылығын дамытудың басты шарттарының бірі – суармалы жерлерді тиімді пайдалану. Бізде бұл бағыттағы жұмыстар тоқтаусыз жүргізілуде. Суармалы жерлердің мүмкіндіктерін толық пайдалану мақсатында қазіргі уақытта 195,6 млн. теңгеге 1-ші, 2-ші Үңгіртас су қоймаларында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, 297,8 млн. теңгеге «Әйтек» магистральды каналында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2017 жылдан бастап 33 млн. теңгеге Бозой, Сарытауқұм, Айдарлы ауылдарындағы 73 шақырым Күрті каналын тазарту жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі күнге оның 23 шақырымы тазаланды, 8 млн.теңгеге 19 шлюз жасалды. Жаңа инновациялық технологияны қолдану бойынша ауданда тамшылатып суару әдісін сегіз шаруа қожалығы 441 гектар егістікке қолдануда («Агро-Тон» ЖШС, «Бекас-Агро», «Медеу Коммерц», «Әл-Ауқат-Мейіржан», «Греен Фарм», «Дулат», «Ранай»). Сонымен бірге, мал шаруашылығында ветеринарлық жұмыстар әрдайым басты назарда екені белгілі. Өткен жылы эпизоотиялық ауруларға қарсы бөлінген 348 млн. 814 мың теңге қаржы 11 ай қорытындысында толықтай игерілді. Ауруға шалдыққан мал иелерінің шығындарын төлеуге бөлінген 1 млн. 843 мың теңгенің 642 мың 629 теңгесі төленді. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген 4 млн. 240 мың теңге 11 айда толық игеріліп, 1696 бас қаңғыбас ит ауланып жойылды.
– Жалпы алғанда, өзіңіз басқаратын Жамбыл ауданы елдің даму бағытымен біте қайнасып, алға қойылған маңызды шараларды тұрақты түрде атқарып отыр демексіз ғой.
– Төрт түліктің төлдерін бір-дейлендіріп, веб-порталға енгізу жұмыстары да тұрақты түрде жүргізілуде. Қорыта айтқанда, ауыл шаруашылығы бойынша 2018 жылды табысты аяқтадық. Алдағы басты міндетіміз – қолда бар экономикалық әлеуетті толық пай-даланып, облыстың, еліміздің азық-түлік бағдарламаларында көзделген мемлекеттік жоспарлардың өзімізге тиесілі бөлігінің толық орындалуын қамтамасыз ету болып табылады. Бұған мүмкіндігіміз бар.
– Әңгімеңізге көп рахмет!

Азамат Омаров,
журналист

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.