БІР АУЫЗ СӨЗ

  • 28.01.2019
  • 377 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одақтарының мүшесі

«Бір ауыз сөз қасіретті тияды, бір ауыз сөз айықпас дерт жияды. Бір ауыз сөз әлемге әйгі еткізсе, Бір ауыз сөз жаман атқа қияды» деп келетін өлең жолдарындай, көкейден кептер болып ұшып шыққан жалғыз ауыз сөз адамдарды небір алапатқа ұрындыруы бек мүмкін. Бір ауыз сөзге бола екі ел арасында соғыс болғаны тарихтан белгілі. Тұтанғалы тұрған жанжалды бір ауыз сөзімен тоқтатқан көсемдеріміз бен шешендеріміздің алмас қылыштай кесіп түсер кесімдері ел жадынан шықпақ емес. Сондықтан да, бабаларымыз отыз екі тіс арасынан шығар әр сөзге аса мұқият болған. Аса ауыр қасіреттің өзін астарлап жеткізген. «Басқа пәле – тілден» деп екі елі ауыздарына төрт елі кақпақ қоя білген.
Қазір біз осы дәстүрді ұстанамыз ба? Жоқ. Қалай болса солай сөйлей салу жастардың ғана емес, үлкендердің де айықпас ауруы болып тұр. Мұның соңы ренішке, бір-біріне деген өшпенділікке де ұласып кетіп жататыны бар. Мысалды алыстан іздеп керегі жоқ. Тиексіз тілден туындайтын кеселдер мен кесапаттарды санап тауыса алмайсыз. Бірінің үстінен бірі ғайбат айту, өсек тасу, арсыз сөз сөйлеу, жақыныңның сізге сеніп айтқан жан сырын жаһанға таратып жіберу, орынсыз қылжақ, уәдеде тұрмау, екісөзділік, жалғандық, екіжүзділік, осының барлығы да айналып келгенде тіліне ие бола алмайтындардан шығады.
Бағзы бабаларымыз әр сөздің байыбына бара білгенін бізге жеткен әңгімелерден жақсы білеміз. Бұл ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» дегенін әрдайым есте ұстауымыз керек. Осы тұста бірер мысал айтқым келеді.
Төле бабамыздың он бес жасында-ақ шешендік пен тауып сөйлеуден аты шығыпты. Оның алғаш даңқын шығарған жер дауына байланысты айтқан байламы болатын.
Шу өзенінің Балқашқа жақын жайылым алқабына үйсін мен арғын тайпалары таласып, пәтуаға келе алмай қояды. Жер дауына байланысты жиналған осындай бір сәтте дау-дамай ұзаңқырап кетеді. Осы кезде жас Төле тұрып:
– Ақты ақ деп бағалар!
О, игі жақсы ағалар!-деп сөз бастамақ болғанда төбе би оны жассынып:
– Ата тұрып ұл сөйлегеннен без,
Ана тұрып қыз сөйлегеннен без,-деп Төлені тоқтатып тастайды.
Төле орнынан тұрып:
– О, би аға. Он үште отау иесі демес пе,
Кінәм қайсы келіп қалсам он беске?
Сөз сөйледім, бұйырмаңыз айыпқа,
Алакөзділік ағайынға лайық па?-деп суырып салып тақпақтата жөнеліпті.
Сонда, төбе би өз қателігін мойындап:
– Жасы кіші демеңдер,
Ақылы асса аға тұт,-деп риза-шылығын білдіріп, осы даудың шешімін сен шығар деп жас Төлеге ықтияр білдіріпті.
Төле орнынан тұрып мынадай билік айтыпты.
– Өзен біреу болса, жағасы екеу. Шудың оң жағын үйсін, сол жағын арғын жайласын, -депті.
Бітімге екі жақ та риза болып тарасыпты.
Сол замандарда ұлы жүз бен орта жүз арасында жесір және мал дауы тұтанса керек. Шындығында Қазыбек жағының жігіттері Төле би ауылындағы айттырып қойған қызды алып қашыпты. Осының қарымтасына Төле би орта жүз адамдарының жылқысын айдатып алдырыпты.
Күндердің бір күні Төле би мен Қазыбек би осы дауға қатысты кездеседі. Төле би сонда:
– Артымнан ерген еркемсің,
Ағаңның көзі тірі ғой,
Жеңгеңді неге ертесің?- деп Қазыбекті кінәлай сөйлепті.
Бұған Қазыбек би ренжіп жауап қатыпты.
– Аға болып алдымен туасың,
Алдымен тағы жылқымды қуасың,-депті.
Осы дау ортасында Әйтеке би де отыр екен. Ол екеуінің сөздерін тыңдап болып:
– Сабыр, билер, сабыр!
Кісі бірге туыспау керек,
Туысқан соң қуыспау керек.
Қазыбек, сен жесірін қайыр,
Төле би, сен жылқысын қайыр!-деп екі елді табыстырыпты.
Міне, қазақ осылай бір ауыз сөзге тоқтай білген.
Қазір ше? Өтірікті суша сапы-ратын, жөн сөзге құлақ аспайтын өңшең бір өзім дегенде өгіз қара күші бар өлермендер өрмекшінің торындай жемтік аңдып жолыңа көлденең түсіп жатып алады. Екі жердегі екі төрт болатынын бүгінде бесіктегі балаға дейін біледі. Ал, біз айтқан есектің миын жеген жадыбастар мен жағымпаздар, өзімшілдер, өркөкіректер, өсекшілер, өлер-мендер өзеуреп қалай да өз айтқандарын жөнге шығарады. Олар дұрыс айтып тұрған сөзіңді тәпе-теңде өтірікке шығарады. Бір ауыз сөз түгілі мың ауыз сөзіңді де ұқпайтын мақаулар мен мәңгүрттер бүгінде толып жатыр. Ал, қоғамда осындайлар қаптап жүргенде сөзде береке болады ма?
Қазақ қашан да сөзге қонақ берген. Жөн сөзге жығылған. Қазір жөн сөз түгілі жарлыққа мойынсұнып жүргендер бар ма? Бар болса, «Осыдан бірдеңе шығады. Ертең мемлекет тұтқасын осылар ұстайды» деп үлкен сенім білдірген жастарымыз неге шеттерінен парақор атанып, темір торға тоғытылып жатыр? Бұған мысал аз ба? Бәс тіге аламыз, жеткілікті.
Жуырда үлкен бір жиында болдық. Дап-дардай бір мекеменің жардай басшысын әкім ұрысып жатты. Жұмыс бетімен кеткен. Арыз-шағым көп. Оның есесіне басшы қыдырымпаздыққа салынған. Шетел асып, шалқып демалып келіпті. Қаржыны қайдан тапқан? Ұрысу керек пе? Керек. Ал, сауыққой басшы не дейді дейсіз ғой. «Жылына бір алатын еңбек демалысымда қайда барып келсем де өз еркім емес пе?» дейді сабазың. Келісеміз. Қайда барып, тынығып келсең де құқығың бар. Бірақ, жұмысыңдағы былықты неге реттеп барып кететін жеріңе кетпейсің? Қолыңды біреу қақты ма?
«Қой дегенге қоймаған, қой дегенге зар болар» дегенді де қазақ айтқан. Үлкен кісі ретімен ескертіп жатқаннан соң өз кінәсін мойындап, кішірейе салуы керек еді. Бірақ, сауықшыл азаматқа сірә, айналайын өтіп кетсе керек, ыға қоймады. Әкім оны қызметінен алып тастады.
Бір ауыз сөз ғана жетпей тұр еді.
– Айып етпеңіз, осылай болып қалды. Енді қайталанбайды,- дегенінде бар ғой, әкім райынан қайтайын деп отыр еді.
Мұны әкімнің жұмсақтық танытып отырғанынан-ақ байқағанбыз.
Адамдар кінәнің көбін бір тапса тілінен табады. Шындықты бетке айтамын деп жазықсыз жанға негізсіз жала жабатындар да аракідік ұшырасып қалады. Негізінен адал адамды негізсіз ғайбаттау арқылы адамдар кінә арқалайды.
Бірде Мұғаз ибн Жабал пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір тақуа жан: «Қандай іс жасасам, жақсылық болады?» деп сұрапты. Сонда пайғамбар тілін шығарып, үстіне қолын қойып «тілге сақ болу керек» дегенді ишаралап жеткізіпті. Мұнан соң «Кімде кім жамандықтан сақтануды қаласа, тіліне сақ болсын» дейді.
Созақ ауданында Есіркеп Өмірбеков деген тілге шешен кісі өтті. Қызметтес болуды Тәңірі жазыпты. Сол кісінің інісін бірде аудандық партия комитетінің бюросына салатын болыпты. Кінәсі әкесінің басына күмбез орнатқаны екен. Мұны естіп алған ол бюрода үн-түнсіз отырады. Өзі де аудандық партия комитетінің бюро мүшесі екен. Кезек әкесінің басына күмбез орнатқан інісіне де келеді. Бірінші хатшы інісіне шүйліге түседі. «Бұл ескіліктің сарқыншағы. Бұл коммуниске жат тірлік» деген сияқты кінәлауды қарша боратады. Бірінші сөйлеп бола бергенде Есіркеп орнынан көтеріліп:
– Жолдас бірінші хатшы, бір мәселені қайта-қайта талқылап жатамыз ба? Пәленше де әкесіне күмбез тұрғызған екен. Екеуін бірге қарамаймыз ба?-дейді.
Оның айтып отырған «пәленшесі» бірінші хатшының жақыны көрінеді. Тұзақтың бір ұшы өзіне келіп оралатынын сезген бірінші хатшы «жолдастар, келесі мәселеге көшейік» деп сырғытып өте шыққан көрінеді.
Осы сияқты тауып сөйлейтіндерге қалай риза болмассың. Бірақ, бүгінде тауып сөйлеймін деп қауып сөйлейтіндер көбейді. Оңтүстікте бүгінде мерейтой көбейді. Ара-арасында ақын-жазушылардың да мерейтойлары, оқырмандармен кездесулері болып тұрады. Кейде кездесуді жүргізушілер жиналғандарды оралымды сөздермен баурап алудың орнына орынсыз сөйлейтіні бар. Мұндайда оқырмандар да, тойшылар да торығып қайтады. Той иесін мақтаймын деп отырып төмендетіп алғанын байқамай да қалатындар кездесіп жүр. Мұны енді сөз құдіретін түсінетін қаламгерлердің білгені артық болмас.
Иә, бір ауыз сөздің әлемге әйгілі етіп, жаман атқа қиятыны шындық. Сондықтан, әр сөзімізге сақ болғанымыз абзал. Сол сияқты жөн сөзге тоқтай білу де білгендіктің, көргенділіктің белгісі. Ал, тоқтай алмайтындарға тыйым қашан да табылмақ.
Ең тәтті де – тіл,
Ең ащы да – тіл,
Ең жұмсақ та – тіл,
Ең қатты да – тіл.
Қызыл тілден –
Қан да тамады,
Бал да тамады,- депті ақылгөй бабаларымыз.
Олай болса, тілімізге абай болайық, ағайын. Қызыл тілден сөз шығады, сөзден өрт шығады.
Бір ауыз сөз тұтас елді біріктірсе, бір ауыз сөз ағайындардың өзін ажыратып жіберген. Ендеше, бір ауыз сөздің құдіретін ұмытпайық.

АЛАЯҚ АЛЫПСАТАР, СУМАҢДАҒАН САУДАГЕР…

«Қарап тұрсаң базарға әркім барар» деп ұлы ақын Абай айтпақшы, кеше де, бүгін де сауда-саттық өміріміздің ажырамас бір бөлшегіне айналып кеткен. Күнделікті тұтыну тауарларының қайсысы болсын түгесілгенде әуелі құстай ұшып базарға барасыз. Керегіңізді таңдап жүріп сатып алуға қазір мүмкіндік мол. Қай базарға барсаңыз да тауар жетіп артылады. Не жоқ дейсіз, Құдай-ау, қасқалдақтың қанынан, адамның жанынан басқасының бәрі бар. Тек қалтаңызда теңгеңіз қалыңдау болсын деңіз. Алайда, сауда-саттық, алыс-беріс дегенде, санамызға сап етіп қулық пен айлакерлік, қалай да екі жеп биге шығуды ойлаған жалаңдаған, жылмыңдаған, жылпостанған алыпсатарлар еске түсетіні қалай? Олардан неге үркектей береміз? Рас, «сауда мұраты – ұту». Бірақ, кез келген тұтынушының соңғы тиынын да алдап-арбап алып зыту емес. Мұндайда сауда мәдениетіне көлеңке түседі. Ал, көлеңкедегі өсімдік гүл ашпайды.
Жер шарындағы барлық мемлекеттер сауда-саттықты дамыту арқылы экономикасын өрге бастырады.Алыстағы апайтөс АҚШ біздің құдайы көршіміз Ресейге неге сауда-саттыққа санкция қойып жатыр? Барыс-келіс, алыс-беріс жоғалса, экономика еңкіш тартады. Бұл құлдырауға апарып соқтырады. Сондықтан, сауда-саттықтың стратегиялық маңызы орасан. Оған қашан да адалдық керек. Ана бір жылы Белоруссия астанасы Минскіде болдық. Бізге жол көрсетуші «минск» деген сөздің «меняю», яғни, «айырбастаймын» деген сөзінен шыққанын айтып берді. Иә, қазіргідей сабан ақшалар қап-қап болып тұрмаған заманда адамдар қолында бар артық заттарын базарға шығарып, керектісіне айырбастап отырды. Оны өзіміздің Қазақ даласынан да көруімізге болады. Кешегі Қоянды, Қарқаралы жәрмеңкелері осы сөзімізге айқын дәлел.
Ендеше, сауда-саттық біздің өміріміздің ажырамас бөлшегі екенін бұдан артық мысалмен дәлелдеп жату артық. Тіпті, біздің сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) те өз заманында саудагер болған. Әбу Һурайрадан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Сендерден қайсыбірің жіп алып, таудан бір бума отын арқалап әкеліп сатқандарың қайсы бір адамның қол жайып қайыр сұрауынан әлдеқайда жақсы. Кім біледі, ол адам я берер немесе бермес» деген екен. Иә, ол қайыр сұрағаннан адал еңбегіңмен мал тапқан жақсы екенін қадап айтты емес пе? Сондай-ақ Алланың Елшісі (с.ғ.с.) «Ырыстың оннан тоғызы сауда мен диқаншылықта. Қалғаны мал асырап, бағып-байлап сатуда» деген. Осы сөзден-ақ сауданың керекті кәсіп екенін танимыз.
Кеңес Үкіметі кезінде сауда-саттық қызметкерлерін даярлайтын арнайы оқу орындары бар болатын. Қазір ешқандай оқу орнын бітірмей-ақ екінің бірі дүкен ұстағыш, сауда жасағыш болып кетті. Сол сатушылардың барлығы демей-ақ қоялық, тең жартысы қитұрқылыққа ашықтан ашық барып жүр. Сөзіміз жалаң болмас үшін бірер мысал келтірелік. Әнебір уақытта бүкіл мұсылман жұрағатында Құрбан айт мерекесі аталып өтілді. Басқа қалаларды білмеймін, біздің үшінші мегаполис атанған Шымкент шаһарында тауар бағасы шарықтап шыға келді. Қарағанды қаласында қоңды қошқарлар небәрі 25 мың теңгеден аспағанын телеарналардан көрдік. Ал, біздің «Ташкент көрген» саудагерлер тоқтының өзін 35-40 мың теңгеден саудалады. Ал, жеміс-жидектің бағасы тіптен аспанға ұшты. Әншейінде жәшік-жәшік болып өтпей тұратын жүзімнің келісі арапа күні 900 теңгеден сатылды. Қазір ғой, оның бағасы сол баяғы 250-300 теңге күйінде. Алма, алмұрт, қарашаөрік, өрік, шабдалы, банан, анар, тағы басқа бау-бақша өнімдері екі-үш есе бағасына сатылып жатты. Мұны қала әкімдігі білмеді емес, білді. Бірақ, «бұларың қалай?» деген бір пендені көрмедік. Мешіт қызметкерлері де бұл күні саудагерлерді құнамақорлықтан аулақ жүруге шақыруға қолдары тимеді. Шақырғанмен, сауда жолында сүрініп-жығылып біреуден екеу, екеуден үшеу жасап жырғалып жүргендер оларды тыңдай қоюы мүмкін емес те еді. Обалы не керек, шымкенттік шенеуніктер базарларды ретке келтіру жолында жанқиярлықпен күресіп-ақ жатыр. Бірақ, бұлары «жабайы базарлардағыларды» тоз-тоз қылып қуудан әрі ұзамай тұр. Егер соған кеткен күштерін базар бағасын қалыпты ұстап тұруға жұмсаса бар ғой, талай тұтынушының алғысына бөленер еді. Құрбан айт күні кедей-кепшіктің өзі базарға келетінін білетіндер тауарының бағасын аспанға ұшырмас еді.
Сол күндері (Құрбан айт мерекесін меңзеп отырмыз) жұрттың барлығы жапатармағай базарға жүгіргенін пайдаланып, асып-сасқан аласапыран қарбаласта жемістің іріген-шірігенін байқатпай орамаға салып жібергендер де көп еді. Менің бір жеңешем сол күні базардан артынып-тартынып екі иығынан демалып үйіне зорға келді. Базардан оралған адамның жолына қарағыштайтындар көп болады. Әсіресе, балалар мұндайда тағат таппайды. Жолымыз түсіп, ағамыздың үйіне сол сәт бара қалмасымыз бар ма. Жеңгем күйіп-пісіп отыр. Сөйтсек, алған жеміс-жидегінің жартысы қарайып кеткен. Сатушы көзді ала бере аңқау жең-гемнің дорбасына қарайып, шіри бастаған жемістерді топырлатып салып жіберген ғой. Енді бұған не дерсіз? Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде: «Үш түрлі адам бар. Алла Тағала қиямет күні олармен сөйлеспейді, қарамайды және ақтамайды. Олар үшін ауыр азап бар» деп үш мәрте қайталапты. Сонда Әбу Зәр (р.а.): «Оу, Алланың Елшісі! Мақұрым қалатын, зиянға ұшырайтын кімдер?» деп сұрапты. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Киімін жерге сүйретіп жүрген, жасаған жақсылығын міндетсінген және сататын тауарына өтірік ант ішіп, шақырған кісі» деп жауап беріпті.
Осы ретте мына әпенді сөз еске түседі. Бір кісі базарда тері сатып жүр екен. «Құндыздың терісі! Құндыздың терісі! Өзім илегенмін. Тұмақ жасап киюге таптырмайды» деп жиі-жиі айқайлайтын көрінеді. Оған бір алушы келіп, теріні ұстап көріпті.
– Ау, мынауың иттің терісі ғой. Кімді мазақ еткің келеді,-деп алушы ашуланса, сатушы беті бүлк етпей:
– Рас, иттің терісі. Итімнің аты Құндыз еді, -депті.
Иә, бүгінде базарда әлгі «құндыз терісін» сатпақ болған пақыр сияқтылар толып жүр. Тек алданып қалмаңыз. Қытайдың сасық көйлегін Иранның немесе Жапондардың киімі деп үстіңізге зорлап кигізіп жіберетіндер де мың-сан. Міне, осыларға қиямет күні Алла Тағаланың назары түспесе керек. Сондықтан, сауда жасаушылар Құдай алдында да, адамдар алдында да ұяла білгендері абзал.
Балауса балғын кезім еді. Көктемеде көк қуып бір топ бала кезең астық. Гүл термекпіз. Бір жотаға шыға келгенде бұтаның түбінде екі-үш тасбақа жүр екен. Самат солардың бірін аяқтарын тырбаңдатып, үйіне алып келді. Қызығып қараймыз келіп.
– Тасбақа да қызық болып па? Жүр, үйге. Сабағыңа қара!-деді анам.
– Көрейінші,-деп кеткім келмеп еді, анам болмады.
Үйге келгеннен соң анам жуын-дырып, таза киімдерімді кидірді.
– Балам, тасбақа қалай пайда болған, білесің бе?-деп сұрады.
Мен иығымды қиқаң еткіздім.
– Білмесең, айтайын. Бұлар да бір замандарда біз сияқты адам болған екен. Базарда сауда жасапты. Бірақ таразыдан жей береді екен. Бір қасиеті мол кісіні де алдап жіберіпті. Содан ол ашуланып: «Таразыдан жегендер тасбақа болып қалсын!» деп қарғапты. Содан бері бұлар аяқтары тырбаңдаған, үнемі үстіне тас арқалап жүретін тасбақа кейпіне кіріпті. Үстіндегі тас сол гірдің тасы екен, – деді анам.
Содан бері көктемде тасбақа көр-сем, төбе шашым тік тұрады. Көз алдыма алаяқ алыпсатарлар мен сумаңдаған саудагерлер келеді. Таразыдан жейтіндерге бұл сабақ болмас па екен деп жиі ойланамын әрі күрсінемін.

Алдыңғы «
Келесі »