ДӘУІТӘЛІ АҒА ПОЭЗИЯДАҒЫ ДАРА ШЫҢ ЕДІ

  • 28.01.2019
  • 276 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қуанышбек ҚОЖАХМЕТ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Алды өмірден өткен, кейіпкерлері бүгінгі орта буын атанған кез келген қаламгердің (жазушы, ақын, журналист) бала кезінде «Қазақстан пионері» (бүгінгі «Ұлан») газетіне тырнақалды туындыларын жіберіп, содан қанаттанбағаны жоқ шығар, сірә? Соның бірі мен де оқушы кезімде бала қиялыма шомып жазған «өлеңімді» ұқыптап, бірнеше рет қайталап жазып шықса екен деген тілектен «төл газетіме» ауыл поштасынан аттандырдым. Сол күннен бастап екі көзім алды одақтық, республикалық, облыстық, аудандығы бар құшақ-құшақ газет-журнал әкелетін апайдың жолында болды. Топ газет қолыма тигенде бірінші іздейтінім «Қазақстан пионері». Өлеңім жарқ етіп бір бетінен шыға келетін сияқты көрінеді. Бір күні сыртында қып-қызыл баспалық қаріппен басылған «Қазақстан пионері» деген таңбасы бар, менің атыма жолданған конвертпен хат келді. Бұл қандай хат болды екен деп аң-таңмын. Жүрексіне отырып хатты ашып оқысам «Құрметті Қуанышбек інім! – деп бастапты да әрі қарай сабақ жайын сұрай келе, өлең жазу жайынан біраз түсініктеме беріпті. Соңында «Өлеңнің бір қайнауы ішінде екен. Сол үшін жариялай алмадық, оған ренжіме. Біз сенен бұдан да жақсы дүниелер күтеміз. Көп оқы, көп жаз, сонда талабыңа жетесің. Тілектес ағаң Дәуітәлі Стамбеков» деп қолын қойыпты. Өлеңімнің жарияланбай қалғанына емес, балаң көңіліме жылы сөз айтқанына қанаттанып аспанға ұшардай қуандым. Сол уақыттан бастап көркем әдеби туындыларды, баспасөздің түр-түрін оқуға шындап ден қойдым. Ауылдан кеткенімше ауыл кітапханасындағы әдеби көркем кітаптардың жартысынан астамын оқыдым десем артық айтқандық емес. Кітап оқуға деген қызығушылығымның артқаны соншалық, кей түндері ағарып таң атқанша оқитын кездерім болған. Осыған Дәуітәлі ағам себепкер болды десем болады.
Кейіннен Алматыға келгенде арнайы іздеп барып таныстым. Редакция көк базарға қарама-қарсы жолдың үстіндегі тоғыз қабатты әйнек үйдің жетінші қабатындағы көшеге қараған бұрышында екен. Жөн сұрап тауып бөлмеге кірдім. Қарама қарсы қойылған үстелде екі аға отыр. Дәуітәлі ағадан хат алғанымды, арнайы сәлем бергелі келгенімді айттым. Орта бойлыдан төмендеу, көзі боталаған, бұйра шаштысы «ол ағаң мен боламын» деп қуана тұрып келіп күлімдеп қолымды алып, арқамнан қағып орындыққа отырғызды. «Мына ағаң да менің әріптесім, бөлім басшысы Тынышбай Рахимов болады» деп ұзын шашты, арық, қара көзілдірікті азаматты таныстырды. Ол уақытқа дейін мен қос ағаның да жырларынан «Жалын» журналы арқылы біраз қанық болғанмын. Жұмыстан соң Дәуітәлі аға менің қарсылығыма қарамай, «Қазақфильмдегі» үйіне ертіп апарып қонақ етті. Сол күннен бастап мен ол кісінің туған інісіне айналдым. Фарида тәтеміздің ақ жүрек, кең пейілді мейіріміне бөлендім. Қашан барсаң да «әй мынау тағы келіпті-ау» дегендей қабағына кірбің ұялатқан емес. Ресейде екі жылдық борышымды өтеп келіп алғаш Алматыға аяқ басқанда бірінші барып сәлем бергенім де осы ағам еді. Қос ұлы Расул мен Руслан да жақын ағаларындай көретін. Демалыс күндері үйіне барып қалсам моншаға бірге ертіп апаратын, одан соң сыраханадағы әңгіме-дүкен. Ол жерде де таныстары көп. Аға арқылы бүгінгі әдебиетіміздің марқасқалары болып жүрген Баянғали Әлімжанов, Несіпбек Айтовтармен сонда танысқанмын. Ағаның елі Жезқазған – Қарағанды, туған жері Ақтоғай өлкесінен Алматыға жұмыс бабымен, сырттай оқуға келген жастар «жерлес» екенін білсе болды үйінде қысылмай-қымтырылмай қонай-түней жата беретін. Осының бәріне шыдаған Дәуітәлі аға мен Фарида тәтемдегі не деген дархан көңілділік десеңізші.
Сондай-ақ, ағаны арқаның сал-серілерінің жалғасы десем еш қателеспеген болар едім. Біреу білер, біреу білмес. Домбырашылдығы да керемет еді. Білмейтіндер үшін өзім куә. Өзінің сәл-пәл мұң аралас дауысына, үніне сай домбырасы қосылғанда жүрегіңді елжіретіп, тұла-бойың езілетін. Әуенін созып, еркін шырқағанда дауысы көкке самғап, Алатаудың шыңдарымен астасып жатушы еді-ау, шіркін. Қазақтың зар-мұңын толғайтын әндерді айтқанда, әсіресе, барып-барып, шырқау шегіне жетіп төмен қарай қайта құйылған үні іші-бауырыңды езіп, сай-сүйегіңді сырқырататын. Бүгінде сол ән-дауысты диктофонға түсірген болса қазақтың алтын қорының бірі болар еді-ау деп армандап отырам. Қазір қазақтың «әншімін» деп кеудесі сөлкебайға, қалтасы көк қағазға толып қомпайып жүргенінің талайы ол кісінің ән-өнерінің қолына су құйып бере алмайды. Дәкең бұл өнерді сахнада дәріптеуді мақсат етпей, ғұмырын тек ақындыққа арнаған жан. Жырларын таңға қарай отырып жазғанын талай байқаған едім. Енді осыған тоқталайық.
Кез келген поэзияға қалам сілтеген жас махаббатқа соқпай кеткен емес. Соның көбі «мен жанып барам, күйіп барам», «сен болмасаң жер басып жүрмей-ақ қояйын», «күйем-сүйем» деген сияқты бір сарындас келеді. Ал, Дәкең басқаша жолмен, өте сыпайы, көркем, әдемі айта білген. Жақсы көрген жанына былайша жеткізген. Оқиық:
Өзгені аңсап өр көңіл тасымайды,
Біздер үшін осы бақ, осы қайғы.
Сенен басқа жан мені ақын көріп,
Өлеңімді құмартып оқымайды.
Жыр жазамын аспанға, ақша
қарға,
Маған дәптер орман, су, тас та,
жар да.
Өзіңе арнап соларға жазған
жырды,
Оқып жатса бақыт қой басқалар
да!
Бір ауыз артық сөз жоқ. Мөлдіреп тұр. Немесе «Қаракөз» өлеңіне зер салайықшы:
Иір-иір бұтағын қара ағаштың,
Аймалап сүйіп жатыр жалаңаш
күн.
Астымдағы атыма мен де сеніп,
Қаракөздің жаулығын ала қаштым.
Келеді ұшып, бұлдырап қуып мен,
Артта қалды Қоңырат биіктері.
Тұлпарлардың дауылды дүбірінен,
Үрке қашты даланың киіктері.
Ақбоз атқа қамшыны салды қыз да,
Ақ көбік боп аттарда алды қызба.
Солай қарай тартамын тізгінімді,
Жасыл құрақ, тас бұлақ
алдымызда.
Маралдары даланың, бөкендері,
Жолды қиып тағы бір өтер ме еді.
Қыз жетсе деп тартамын
тізгінімді,
Жете алмаса жек көріп кетер
мені.
Мөлдіреп тұр. Қызға ішкі сырын ұяңдығымен ашық айта алмай, қазақы инабаттылықпен «жете алмаса жек көріп кетер мені» деп өкінсе, соған қоса осы жыры арқылы халқымыздың дәстүрлі «қыз қуу» өнерінің жастарға тәндігін де тамаша дәріптей білген. Демек, ғашықтық пен сүйіспеншілікті салтқа сай жеткізіп тұр. Енді мына бір жыр шумағында аналарға деген асқақ ойын, соның ішінде мәңгілік жұбы Фарида тәтемізге деген шынайы махаббатын былайша жеткізген:
Жаңаша бір мен соны етемін жыр,
Шалқимын да шабытпен кетемін
бір.
Өйткені ол әлемнің болашағын –
Өзі секілді адамды көтеріп жүр.
Осы жерде халқымыздың «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген ұлағаты ойыңа оралады. «Жаңаша бір мен соны етемін жыр» деген жолын оқығанда Мұқағалидың «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» дегені секілді, ол да жаңа бір қырынан келіп тұр. Бүгінгі басты мәселе болып айтылып жүрген «соғыссыз әлем», «бірге өркениетке жету», өз еліміздегі «Халықтар достығы» дегенді ол сонау өткен ғасырдың 80-жылдары-ақ үлкен көрегендікпен:
Алаулы арман арай,
Көңілмнің көкке ұшып самғағаны-
ай.
Ақ,
Қарасың,
Сарысың деп бөлместен,
Планета ұшады алға қарай… – деп, дастанында жырлап тастаған.
Жә, осы жерден сараптауды тоқтатып, ойымыздың жалғасына ойысайық. Оның қай жырын оқысаң да тілге жеңіл, ойы орамды. өзіне баурап әкететін сиқырлы қасиеті бар. Бал-шырыны төгіліп тұрған дара лирика.
Тең-тұстарының барлығы да бір-бір мықты ақын. Дәкең мен жоғарыда айтып өткендегімдей ешкім қайталай алмайтын поэзиядағы дара шың десем ағаттығым болмас. Жазушы Хорке Луис Борхес: «Бәлкім, мықты жазушы, талантты ақын емес шығармын, бірақ мен ұлы оқырманмын» деген екен. Бұл менің оқырман ретіндегі азғантай ғана берген бағам. Дәкең поэзияға жаңа жол, тыңнан түрен салды. Оның бағасын кеше, бүгін болмаса да алдағы уақытта, келешекте сыншыларымыз бере жатар. Лайым солай болғай. Кеше демекші, өткен жылы 70 жасқа толды. Республика деңгейінде аталып-ақ өтер жөні бар еді. Баспасөздер де жым-жырт. Тек «Алматы ақшамы» мен туған өлкесіндегі бір колледждің атап өткенінен ғана хабардармын. (Стамбеков жайында жазған өзге де республика деңгейіндегі басылымдар болса кешірім өтінемін). Сонда, осы мәселеге қатысты Жазушылар одағы неге үнсіз қалды. Әлде бұл өзі жоқтың көзі жоқ дегендік болғаны ма? Белгілі қаламгер, әдебиет сыншысы Бақыт Сарбалаұлы ағамыз «Алматы ақшамы» (15.08.2017 ж.) газетінде жазған мақаласында «Кешегі Кеңес кезінде оған ақиқат жетпесе, нақ бүгін насихат жетпей тұр» депті. Бұдан асырып сөз айта алмаспыз.
Осы жылдың басында Аманхан Әлімұлы екеуміздің арамызда Дәкең туралы әңгіме болып қалды. «Аға, Дәуітәлі ағаның 70 жасқа толуына орай мүйізі қарағайдай қаламгерлерден баспасөзден естелік, эссе күткен едім. Өкінішке орай ондай болмай қалды-ау» дедім мен. «Айналайын, сенің ол кісіге қандай қатысың бар, білуші ме едің» деп таңдана қарады. Аға-інідей болып кеткендігімізді әңгімелеп бердім. «Ол дегенің керемет жан ғой, менің де туған бауырымдай болып кеткен еді. Өз ойыңды қағазға түсіріп берсеңші» дегендіктен, осы мақаланы жазуыма дем бергені үшін Аманхан Әлімұлына алғысым шексіз. Бұл менің ақын жайлы жазылған естеліктерге қосқан тамшыдай үлесім деп біліңіздер. Қай кезде жазылса да кештік етпес.
Менде арада қырық жыл өтсе де Ресей жерінде әскерде жүргенде жазған естелік қойын дәптерім бар. Соның бір бетіне Дәуітәлі ағаның «Жалын» журналына өлеңдерімен шыққан суретін қырқып алып шаптаппын да (журналға сол сурет ұсынылып отыр) қасына балаң көңілімнен шыққан шынайы ниетімді: «Бұл менің поэзиядағы сүйенер пірім. Әр адамның шын жүрегімен ұнатар жаны болса, ол поэзия әлемінің бір қыраны, ақылы шыңдай биік, жаны жайдары, кішіге бауырмал, менің де қанатыма қуат берген ағайымның бірегейі осы ақын Дәуітәлі Стамбеков болады. Солай болып қала береді де» деп жазыппын.
Алдағы уақытта да оқырмандары мен халқының жүрегінде қала бермек!

Алдыңғы «
Келесі »