БОСТАНДЫҚ ФИЛОСОФИЯСЫ

  • 28.01.2019
  • 268 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бахтияр Тохтахунов,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия факультетінің магистранты

Біләл Назым (Молла Бин Молла Юсуп) – ұйғыр әдебиетінің классигі, ірі ойшыл, қоғам қайраткері. Ол 1825 жылы Құлжа қаласында, етікшінің отбасында дүниеге келген. Бастауыш мектепті тәмамдаған соң ол Бәйітолла атындағы медресеге оқуға түседі. Білімге құштар жас жігіт бағдарламалық пәндерден бөлек, өз бетінше араб және парсы тілдерін, Шығыс халықтарының әдебиеттерін, философияны, тарих пен өнерді зерттейді. Медресені бітіргеннен кейін Б.Назым Құлжа мешіттерінің бірінде имам міндетін атқарады. Өз халқының мәдени мұрасын сақтау мақсатында ол сол кездің өзінде қол жеткізу қиындап кеткен ұйғыр ақындары мен ғалымдарының шығармаларын көшірумен айналысты. Оның материалдық жағдайы өте ауыр болды, өзі туралы ол былай деп жазды: «Мен кедей адамдар қатарынан едім, кедейіңіз не, мен қайыршы болатынмын». Ақын өзінде көп жылдар бойына киімі де, соқыр тиыны да болмағанын, өмірінің «қорланған және мазақ етілгендердің» ортасында өтіп жатқанын жазады. Бірақ жағдайының қиындығына қарамастан, ол өзгелерден қолынан келген көмегін аямады: кедейлердің өтініштері бойынша хаттар мен арыздар жазды.
Біләл Назымның шығармашылығы, оның идеялары мен философиялық ойлары ұйғыр философиясының дамуында маңызды рoль ойнады. Өзінің «Ғазалият» («Лирикалық өлеңдер», 1851 ж.) жинағымен ол кең танымалдылыққа ие болды, көптеген өлеңдері кейіннен халық әндеріне айналды.
Біләл Назымның 1876 жылы аяқталған «Китаби газат дар мульки чин» шығармасы ойшыл ақынның көзқарасының қалыптасу және даму сатыларын көрсетеді. Ұйғыр халқының тарихы өзінің мазмұны жағынан сан қырлы болып келеді. Ұйғыр халқының индивидуалдылығы ғасырлар бойы, түрлі өркениеттердің (Қытайдың, Парсының, Үндістанның, Моңғолияның) ықпалдары арқылы қалыптасты. Зерттеушілердің мәліметтеріне қарағанда, шамамен 1600-1800 жыл бұрын ұйғырлар әліппе (13-14 әріптен тұратын әліпби) құрастырған және ол әліппе Орталық және Орта Азияның, сондай-ақ Оңтүстік Сібір халықтарының мәдени өмірінде елеулі рөл атқарған.
1881 жылы ақын «Чингмоза Юсупхан» («Ұзын қалпақты Юсупхан») поэмасын жазады, онда ол дінбасылар шоғырын әшкерелеп, олардың жалғаншылдықтарын, сараңдықтары мен қатыгездіктерін көрсетеді. 1882 жылы Біләл Назым ақыры «Назугум» атты хикаятын аяқтайды. Онда ол Шығыс Түркістанның оңтүстігіндегі шаруалардың ұлт-азаттық көтерілісін аяусыз басып-жаншығаннан кейінгі кезеңдегі отарлаушылардың жергілікті халыққа қатысты қатыгездіктерін әшкере етеді.
Француз шығыстанушысы Жозеф Тури ұйғырлардың өздерінің біздің дәуірімізге дейінгі екі жүз жылдық тарихын жазбаша тіркегенін атап көрсетеді. Бұл ой ұйғырларда Орхон жазбалары ашылғанға дейін көп бұрын жазудың болғандығын ғана емес, сонымен қатар, қалыптасқан философиялық ойдың болғандығын және оның дамығандығын, әрі түрлі – руникалық, үнділік, манихейлік, сириялық, соғдылық, арабтық әліпбилер арқылы кейінге беріліп келгендігін куәландырады.
Бичурин, Вамберди, Шоқан Уәлиханов, Казембек, Клименц, Радлов, Григорьев, Бартольд, Малов, Бертельс, Якубовский, Семенов, Тихонов, Рахимов және басқа да көптеген ірі шығыстанушылар ұйғырларды монғолдардың да, сондай-ақ өзге де өз көршілерінің мәдениеттерінің дамуында және қоғамдық өмірлерін реттеуде елеулі рөл атқарған деп санаған. Мысалы, А.Якубовский «ұйғырлардың өзге түркітілдес халықтардан бұрын өздерінің елеулі бөліктерінің отырықшы диқаншылық еңбекке көшкендігін, өзгелерден бұрын шамандықтан бас тартып, әуелі манихейлікті, ал кейінірек буддизмді қабылдағандықтарын, өзге түркілерден бұрын жазуды ойлап тауып, Қытай мен Мәуереннахр аралығында ғұмыр кешкен халықтардың ірісіне айналғандықтарын» дәлелдеген (1).
Осы ойды дамыта отырып, А.Семенов былай деп атап көрсетеді: «Мемлекет құрылысы мен азаматтылық саласында монғолдардың алғашқы басшылары болу тек ұйғырлардан бөлек ешбір халықтың маңдайына бұйырмаған еді… Орта Азияға моңғолдармен бірге келген ұйғырлар жергілікті халықтардың әдебиеті мен фольклорына өздерінің көптеген ықпалдарын енгізді… ортаазиялық интеллектуалдық мәдениетте де ұйғырлардан қалған элементтер аз емес» (2).
Ұйғыр мәдениетінің дамуындағы маңызды кезең Қараханидтер мемлекеті мен одан кейінгі кезеңдегі дәуірге қатысты. Бұл – қалалар мен үлкен құрылыстардың дамыған, Исламның үстемдік құрған және феодалдық қатынастардың тұрақтанған кезеңі. Қараханид мемлекетінің құрамына енген аудандардағы жазбаша әдебиеттің дамуы парсы және араб әдебиетінің ықпалында болды. Мәдени орталық Қашғар қаласы болды. Қашғарда жазылған шығармалардың ең көрнектісі – Махмұд Қашғаридың «Диуани лұғат ат-түрік» («Түркі тілдерінің сөздігі»). Оның авторы ХІ ғасырдағы ұйғыр фольклорының көптеген үлгілерін сақтап қалған. Ұйғыр әдебиетінің неғұрлым ертеректегі ескерткіштері қатарына тұңғыш ұйғыр ойшылы, ақыны, жазушысы, ұлттық классикалық әдебиет пен философиясының негізін салған Юсуф Хас-Хажибтің ХІ ғасырдағы «Құтадғу біліг» («Бақытқа қол жеткізу туралы кітап») дидактикалық поэмасы, сондай-ақ атақты «Махаббат пен еңбек» поэмасын жазған Хиркитидің шығармашылығын енгізуге болады.
Ұйғыр халқы үшін оның сан ғасырлық тарихи дамуының ұзына бойында әдеби-поэтикалық шығармашылық төтенше маңызды тәрбиелеуші фактор болып табылады. Синьцзяндағы үстемдік пен езушілік қарым-қатынас, діни наным-сеніміне байланысты қуғындау жағдайында халықтың экономикалық, саяси және мәдени артта қалушылыққа ұшырауы сөзсіз еді, ал өзіндік ғылыми-философиялық шығармашылық туралы сөз болуы да мүмкін емес болатын. Сондықтан, озық әлеуметтік-философиялық идеялар көп жағдайда өздерін көркем әдебиетте және бәрінен бұрын сөз өнерінің салыстырмалы түрдегі еркін саласы ретінде Шығыста даусыз танымалдылыққа ие және анағұрлым қол жетімді сала – поэзияда көрсетті. Бұл, әсіресе, халық санасын надандық пен дінбасыларға көзсіз бағыну қамытынан азат етуге тырысқан бірқатар ұйғыр философтары мен ойшылдарының прогрессивті идеяларының гүлденген кезеңі – ХVІІІ-ХІХ ғасырларда көрініс таба бастады.
Академик А.Алтмышбаевтың былай деп тұжырымдауына барлық негіз бар: «Шығыс халықтарына, соның ішінде Орталық Азияның халықтарына келетін болсақ, философия мен өзге де жағымды білімдер асқар биікке шығып, ендігі ислам мистикасының құрсауында қалған, көркем әдебиет қана халықтық бұқараға бұзып-жарып білім нұры кіретін жалғыз-ақ немесе жалғыз дерлік терезе болатын» (3).
Халықтық көтерілістердің жиі бұрқ ете түсуі мен ұйғыр халқының Садыр Палван, Біләл Назым, Мұхаммад Каши және басқалар сияқты көшбасшыларының пайда болуының себептерін анықтау үшін жалпыға ортақ наразылық пен ашу-ызаның артуына түрткі болған уақиғаларды қарастырудың маңызы зор. XVIII ғасырда Жоңғарияны күштеп басып алғаннан кейін маньчжурлар Шығыс Түркістанды жаулауға кірісті. Отарлану жағдайында қалған ұйғыр халқы екі ғасырға жуық уақыт бойына бостандық пен тәуелсіздік үшін үздіксіз күрес жүргізді. 1757-1759 жылдар аралығында ұйғыр халқы маньчжурларға қарсы белсенді түрде айқасқанымен, ұйғыр феодалдарының арасындағы ішкі күрес, сондай-ақ «ақтаулық» және «қаратаулық» қожалармен арадағы билік үшін жүргізілген күрес жатжерлік басқыншыларға қарсы шығатын барлық күштерді әлсіретті. Куча қаласына дейін жеткен цин әскерлерінің алғашқы отрядын 1757 жылдың ортасында мұсылман көтерілісшілері бірін қалдырмай қырып тастайды. Тек 1758 жылы, сол оқиғадан кейін бір жылдан аса уақыт өткен соң, цин әскерлері, екі ай бойғы қырғынға толы қоршауға алу кезінде көптеген сарбаздарынан айырыла отырып, Куча қаласын алады. Тәуелсіздік үшін белсенді күрескендер аяусыз жазаланды: мыңнан астам көтерілісшілер мен қарапайым тұрғындар өлім жазасына кесілді. 1759 жылдың соңына қарай Циндер әскері Қашғарияны басып алды.
«Ұйғырлар туралы тарихи материалдар» атты жарық көрген жинақта Чэн Шоло, Фан Цяшан, Му Гуанван және басқалар Цин әулетінің манчжурлық императорының Шығыс Түркістанды отар өлке ретінде Қытайға күштеп қосқан әрекетін ақтап алуға тырысады (4). «Синьцзянның қысқаша тарихы» кітабының авторлары император Хун Ли басқарған кезеңді, Цин империясының агрессиялық саясатын ақтай отырып, Шығыс Түркістанды Қытайдың құрамына енгізу арқылы ХVІІІ ғасырдың ортасындағы маньчжурлар «Синьцзянды Қытаймен біріктіру жөніндегі өздерінің тарихи миссияларын орындады» деп тұжырымдайды. Сөйтіп отырып олар ұлттық тәуелсіздік үшін күрескен қалмақ және ұйғыр халықтарының көтерілісін қатыгездікпен басып-жаншығандықтары туралы саналы түрде жақ ашпайды (5).
Өлкенің әртүрлі аудандарындағы күрестің белсенді қатысушылары отбасыларымен Іле өзенінің бойына зорлықпен көшірілді. Қоныс аударушылар да, басыбайлы шаруалар сияқты, жаңа аудандарды игеруге және маньчжур әскерін азық-түлікпен және малмен қамтамасыз етуге міндетті болды. Цин үкіметі Шығыс Түркістанды басып алғаннан кейін түркі халықтары жергілікті ірі жер иелері мен маньчжур отаршылдары тарапынан әлеуметтік және ұлттық езгіні сезіне бастады. Шығыс Түркістанда жер мемлекет меншігіне өтті. Ұйғыр феодалдарының жекеменшігіндегі жерлер Қашғарияны жаулап алу кезінде көмек көрсеткен маньчжур, қытай және жергілікті шенеуніктер арасында қайта бөліске түсті. Шенеуніктер лауазым дәрежесіне қарай мемлекеттен сол жерлерге бекітілген шаруалары бар жер телімдерін алды.
Синьцзяндағы аграрлық қатынастарды кеңестік кезеңдегі зерттеуші Л.Думан төмендегідей мәліметтерді келтіреді: «Хаким бектер – қалалар мен округтар басшылары сондай жер телімдерін алған, ол жерлерге егін себу үшін 60-тан 200-ге дейін батмандар талап етілетін; ұсақ бектер егін себу үшін 8 батманнан аспайтын шағын жер телімдерін алды. Ірі шенеуніктерге 30-дан 100 адамға дейін жететін шаруалар, ал төменгі шенділерге екі адамға дейін берілді» (6). Іле алқабына қоныс аударушы-шаруалар (тараншылар) мәжбүрлі түрде жерге бекітілді. Бұл ауданда алты мың қазыналық басыбайлы-шаруалар аулалары жыл сайын мемлекетке 100 мың дань астық өткізіп, цин армиясының алты мың сарбазын азық-түлікпен және малмен қамтамасыз етіп отырды (7).
Басқаша айтқанда, әрбір басыбайлы шаруа бір сарбазды барлық қажетті нәрсемен қамтамасыз етуге тиіс еді. Салықтың негізгі салмағы шаруалардың мойындарына артылды – өнімнің жартысынан астамын олар цин ауласына азық-түліктік салық ретінде өткізетін. Помещиктер олардың көпшілігін өз иелігінде жұмыс істеуге мәжбүрледі. Комульдық және лукчиндік шенеуніктер шаруаларды үш апта шенеунік ауласында, тек бір аптасын ғана өзіне жұмыс істейтін етіп мәжбүрлеген. Мұның сыртында өнімнің қалған бөлігінің есебінен шаруа помещикке қосымша азық-түліктен тыс әртүрлі, ауылшаруашылық әрекетке байланысы жоқ салықтар да төлеуге тиіс болды. Келесі жылға дейін деп қалдырылған өнімнің мардымсыз бөлігі шаруа отбасының қажеттіліктерін жаба алмайтын, сөйтіп, нәтижесінде шаруа отбасы қайыршылыққа ұшырайтын.
Алғашқы «апиын» соғысынан кейін император қаңырап қалған мемлекет қазынасын толтыру үшін жергілікті биліктен халықтан жиналар алым-салықтың мөлшерін ұлғайтуды талап етті. Сондықтан Синьцзяндағы маньчжур әкімшілігі жаңа, қосымша салықтарды енгізді, соның нәтижесінде шаруалар ауылдарынан өтіп бара жатқан әскерді азық-түлікпен қамтамасыз етуге тиіс болды. Олар сондай-ақ әскери бекіністерді, жолдар мен көпірлерді салу кезінде салық төлеуге, арықтар қазуға, тұрмысқа шыққан қыз үшін салық төлеуге міндетті еді.
XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ұйғыр тарихшысы Мұса Сайрами «Қашғария билеушілерінің тарихында» 1864-1867 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалыс қарсаңында халықтың негізгі бөлігі – диқандардың тұрмысы аса ауыр болғанын атап көрсетеді. Маньчжур шенеуніктері мен жергілікті бектер жерді, малды және шаруалардың мүліктерін өз қолдарына жинап алды. Шамадан тыс салықтар кедей халықтың барын сорып алып отырды. Олардың көпшілігі мүліктерін тастап, тамыр жайған жерлерінен көшіп кетті. Атап өтерлігі, зардап шеккен тек ұйғырлар ғана емес, қытайдың өз халқы да қиындыққа ұшырады.
Әлеуметтік және ұлттық езгі еңбекшілердің жағдайларының нашарлауы мен олардың өмір сүру деңгейлерінің құлдырауының басты себебі болды. Жан төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқан адамдар бұғаналары қатып үлгермеген балаларын «чакарға» беруге – жалдамалы жұмысшылыққа немесе малайлыққа жіберуге мәжбүр болды. Шамадан тыс салықтарды төлей алмаған шаруалар, Біләл Назымның көрсетуінше, көп жағдайда өз балаларын астыққа айырбастайтын немесе оларды ақшаға сататын (8). Көптеген кедейлер мұндай қорлық өмірден гөрі өлімді таңдайтын. Еңбеккерлердің аянышты өмірі туралы Синьцзянға саяхаттап барған татар зерттеушісі Н.Явишев «Шура» журналында жарық көрген мақаласында да жазады. «Бұқара халық адамның өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыратын қарапайым жағдайлардан айырылған» (9). Сондықтан адамдар жақсы үйлердегі өмір, әдемі киімдер, салт атқа міну, қарны тойып ас ішу мен білім алу туралы армандай да алмайтын.
Маньчжур шенеуніктері ұйғырлардан, қазақтардан, қырғыздардан және дүнгендерден тек мүлік пен малды ғана емес, қыздарын, әпке-қарындастарын, әйелдерін де тартып алатын. Еңбекші халықтың бас имес қорғаушыларын отаршылдар аяусыз жазалайтын. Маньчжур шенеуніктері өзінің қатыгездігімен естен тандыратын адамдарды азаптаудың азиялық варварлық әдістерін қолданатын. Билікке қарулы қарсылық көрсету, саяси қылмыстар, кісі өлтірулер, тонаулар мен өртеулер сияқты қылмыстар қытай қылмыстық кодексі бойынша сотталатын. Ол бойынша ең жеңіл жаза – түрмеге қамау, ал ең қаталы өлім жазасы. Түрмеге қамалған адамдар темір шынжырмен бұғауланып, мойындарына төрт бұрышты тақтай кигізілетін, екі немесе одан көп тұтқындардың аяқтары үлкен, ұзын тақтайға бекітілетін. Тұтқындарды иықтарына ауыр затты қойып, әйнек сынықтарының үстіне отыруға мәжбүрлейтін және басқа да қинау түрлері жасалатын. Көбінесе қамаудағылар осындай сан алуан азаптаулар мен қинаулардан өлім жазасын орындағанға дейін-ақ өліп кететін [10].
Ұсақ құқықбұзушылықтармен шариғат нұсқауларын басшылыққа алатын қазылар соты айналысатын. Оның құзырына тек неке мен мұрагерлік, құжаттарды куәландыру ғана кіретін, яғни қарайтын істерінің тізімі қатаң түрде шектеулі болады. Сондықтан цин әкімшілігі үшін қазылар соты шектен асқан заңсыздық пен бассыздықтарды шеберлікпен бүркемелеуге қажетті аса ыңғайлы бетперде болды. Өз атын жаза алатындар мен ана тілінде сөйлей алатындар провинция халқының небары екі пайызын [11] құрайтын. Ал Хотан қаласының аумағында сауаттылар одан да аз еді – онда әрбір жүз адамның тек біреуі ғана оқып және жаза білетін [12]. Сауаттылар негізінен ірі жер иелерінің, саудагерлердің және дінбасылардың отбасынан шыққандар болатын.
Әлеуметтік теңсіздікке, реакциялық идеологияға қарсы жүргізілген белсенді күрестің арқасында, XIX ғасырдың екінші жартысында ұйғыр халқының прогрессивті қоғамдық-саяси және философиялық ойы туындап, бұғанасын бекітті. Сол кезеңнің ойшылдарының шығармашылығында ұйғырлардың қоғамдық-саяси және философиялық ойы тарихтың осыған дейінгі барлық сатыларымен салыстырғанда өзінің даму жолындағы ең жоғары деңгейіне жетті.
XIX ғасырдың екінші жартысындағы ұйғырдың ақын-ойшылдары әлеуметтік мәселелелерді бағалауда кейде идеалистік позицияларда тұрды. Садыр Палван (1798-1871), Біләл Назым (1825-1899), Молла Шәкір (1802-1890) және Сеид Мұхаммад Каши (1820-1899) сияқты ойшыл ақындар әлеуметтік құбылыстарға баға бере отырып, Синьцзян халқын ұлттық тәуелсіздік үшін күреске шақырды. Өз шығармаларында бостандықты жырлады. Олардың гуманистік ұстанымдарының қайнар көзі сонау халық даналығында, атап айтқанда, фольклорда стихиялы түрде жинақталған қайырымдылық, әділеттілік элементтері болып табылды. Одан бұрын да біздің бабаларымыз адамның өмірі мен өлімі туралы, адам ғұмырының қысқалығы туралы, адам деген атқа лайық болу туралы ой қорытқан. Өздерінің шығармаларында ұйғыр халқының озық өкілдері тең құқықтылық, халықтар арасындағы достық мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, түрлі ұлттардың адамдарының мүдделерінің ортақтығын баса көрсетті. Олар зорлық-зомбылыққа қарсы күш біріктіру мен халықтар арасындағы достықты нығайту езгіден құтылудың жалғыз жолы деп ойлады. Олар поэзияны бауырлас достық пен ынтымақтастық рухында халықтарды тәрбиелеудің құралы ретінде пайдалана отырып, түрлі ұлттардың жақындасуына ықпал етуді өздерінің қасиетті борышы деп санады.
Біләл Назым аскетизм мен мистицизмге, «жер бетіндегінің барлығынан бас тартып, бақытты ана дүниеден іздеу керек» деп тұжырымдайтын сопылық ілімге қарсы шығады. Ақын отандастарын шариғаттың ережелерін орындамауға, шарап ішіп, жер бетіндегі бақыттан ләззат алуға шақырады. Өзінің «Китаб газат дер мульки чин» атты басты шығармасында ақын исламның ескертпелерін бұза отырып, қайғыны ұмытып, еркін де көңілді ғұмыр сүруге шақырады, өйткені, адамның өмірі жел сияқты ұшады да кетеді дейді. Кейін іш пыстырарлық өмір сүргенін ойлап өкінбеу үшін шарап ішу керек. Ол шарап адамды ауыр ойлардан арылтып, өмірдің азаптарын ұмыттырып, оның көлеңкелі жақтарына әр береді деп санайды. Басқа бір ұйғыр ойшылы Садыр Палван культ қызметкерлерінің (ахундар мен молдалардың) бейнесін бере отырып, оларды «алданған кедейлер есебінен шалқып-тасып өмір сүріп жүрген жалқаулар» деп әшкерелейді. Ақын адал еңбек табиғи да үйреншікті жайт болып саналатын шаруалармен және қолөнершілермен таныс болғандығын мақтан тұтады. Ол «адам еңбексіз өмір сүре алмайды, ал еңбек қуанышы мен бақыт бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын нәрсе» деп есептеген. Садыр, мысалы, ахундар мен молдалар бес уақыт намазын оқымайтын дінге сенетін жандарды қорқыта алмайтынына сенімді болған. Культ қызметкерлеріне қарата ол былай дейді: «Егер сендер күшті болсаңдар, мыналарға аяттардың көмегімен ықпал етіп көріңдерші» [13].
Халық арасындағы мұндай беделді тұлғалардың мынадай мінез-құлықтары өмір мен оның құндылықтары туралы ұстанымдарды толықтай теріс айналдырып жіберді. Надандық пен бағыныштылықтың сөніп бара жатқан шоғына әділеттілік ұшқыны тасталды, адамдар көздерін кеңінен ашты, әлем құлдық пен надандықтың кісенінен құтылды. Кедей халық өз бетінше ізденетін және тәуелсіз, жаңарған санамен оянды. Біләл Назым отандастары үшін үні талай жылдар бойы өшпес тұлға болды. Өзінің идеялық ұстанымын ол ұйғырдың сүйікті ақын қызы, өз халқының жатжерлік басқыншыларға қарсы ұлт-азаттық күресіне қатысушы ержүрек әйелге арнаған «Назугум» хикаятында анық айқындап береді [14]. Хикаятта бас кейіпкердің рухани образы, оның ержүректілігі ашылады. Әйелдің шарасыз тағдырын көрсете отырып, ақын өз халқының ауыр тағдырын, құқықсыздығын, әлеуметтік әділетсіздікті қабылдай алмаушылығы мен тәуелсіздікке ұмтылысын паш етеді.
Біләл Назымның тарихи өткен шаққа назар аударуы кездейсоқтық емес. Ақын өз халқының өткенін, қазіргісін және болашағын өзара тығыз байланыста қарады. Өз елінің жарқын болашағы үшін жасалар күрестегі өзінің замандастарына көмектесетіндей батырлық образдарды іздеді. Ұйғырлар өз ортасынан бұқараны күреске шабыттандыратын Ипархан, Анархан, Маимхан, Ризвангүл және басқалар сияқты бостандық жолындағы күрескерлерді іріктеп шығарды.
Қолына қару алып ақын-демократтың өзі де маньчжурларға қарсы ілелік ұйғырлардың, дүнгендердің, қазақтардың ұлт-азаттық күресіне қатысты. Баяндай қамалын көтерілісшілер шабуылдаған кезде Біләл ауыр жараланады, ал ағасы Жалал қаза табады.
Іле бойында тәуелсіз мемлекет – Іле сұлтанаты жарияланады. Алайда жеңістің жемісі тағы да ірі феодалдар мен ахундардың қалтасында кетті. Жергілікті помещиктер мен дінбасылар арасында билік үшін бітіспес айқас басталды. Біләл Назым дінбасылардың еңбекшілердің мүдделерін ескерместен, феодалдар мен саудагерлерге қызмет ететінін іс жүзінде көрді. Молдалар мен ахундардың екіжүзділігі ойшыл ақынның өз өмірінде екінші мәрте имамдарға қызмет етуден бас тартуына себеп болды. Маньчжурларға қарсы азаттық күрестің барлық белсенді қатысушылары сияқты кертартпа үкімет қуғындаған Біләл Назым 1883 жылы Қазақстан аумағына көшуге мәжбүр болады.
Ақынның отаршылдық пен жергілікті эксплуататорларды әшкерелейтін «Мұсылман-дардың қытайлықтарға қарсы соғысы» атты классикалық шығармасын Цин монар-хиясының кертартпа шенеуніктері өртеп жібереді. Ойшылдың өзі 1899 жылы 74 жасында Жаркент қаласында көз жұмады.
Орталық Азияның тарихында көпұлтты республиканың кең даласынан жаңа Отан тапқан ерекше, асқақ, ал кейде, тіпті, жүздеген халықтардың қасіретке толы тағдыры көрініс тапқан көптеген эпизодтарды кезіктіруге болады. Мұндай тағдыр ұйғыр ұлтын да айналып өтпеді. Жүздеген жылдар бойына ұйғырлар бірінің орнын бірі басқан – моңғол, жоңғар, маньчжур-қытайлардың езгісінде болып келді. Ұйғыр мектептерінде діни қызметкерлер сабақ берді, негізгі оқу құралы Құран болды. Ұйғырлар тұрған Синьцзян мемлекеттің ең бір артта қалған өңірі болатын. Бұл факт, егер Қытайдың өзінің де ХХ ғасырдың басында жартылай отарлық, аграрлық ел болғанын еске түсірсек, айрықша байқалады. Ұлт туралы сұраққа көпшілігі: «қашғарлықпын», «яркендтікпін», «кучалықпын» деп жауап қайтаратын, яғни өздерінің тұратын жерлерін көрсететін. Кейде «Мен мұсылманмын» деп жауап беретін. Қытайлықтардың көпшілігі ұйғырларды «чанту» (қытайша «чан» – оралған, «ту» – бас) – «сәлделі адам» немесе «Тараншы» (шаруа) деп атайтын. Қазақтармен, қырғыздармен, дүнгендермен одақтаса отырып жүргізген табанды күрестің арқасында Орталық Азияның шекарасы мызғымастай болып бекіді. Көтерілген ұйғырларға көршілері, циннің тұрақты әскерін батыл да тұтқиыл шабуылдарымен талқандап отырған атты қырғыз отрядтары ерекше көмек жасады.
Халық жадында осы оқиғалардың барлығының сақталып қалуына халық шығармашылығы, әндер мен өлеңдер көмектесті. Ата-аналар ауызша білімдерін өз балаларына, ал олар, өз кезектерінде, өз ұрпағына беріп отырды. Әлі толық жиналмаған Біләл Назымның мұрасын зерттеу оның өзіне дейінгілер және өз замандастарының ішінде халыққа ерекше жақын болғанын көрсетті.
Ойшылдың шығармашылығы еңбекшілер-дің ұлттық санасының өсуіне, XVIII ғасырдың екінші жартысынан XIX ғасырдың ортасына дейінгі аралықтағы ұйғырлардың қоғамдық-философиялық прогрессивтік ойларының одан әрі дамуына үлкен ықпал етті. Біләл Назым да, өзінің алдындағы Абдукерим Низари сияқты, халықтың сүйікті ақыны және ұйғырдың әдеби философиясындағы реалистік ағымның негізін қалаған кісі болды. Б.Назымның шығармашылық мұрасын талдау оның еңбектерінің осы заманғы әлемдік, түркілік және ұйғыр мәдениетіндегі философиялық дүниетанымды байыту мен дамытуға жағымды ықпал еткенін және қаншалықты үлес қосқанын білуге мүмкіндік береді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Якубовский А.Ю. Арабские и персидские источники об Уйгурском Турфанском княжестве в IX-X вв. // Труды отдела истории и искусства Востока Государственного Эрмитажа Т.4.-Л., 1947. С. 423-424.
2. Семенов А. А. Очерк культурной роли уйгуров в монгольских государствах // Материалы по истории и культуре уйгурского народа. – Алма-Ата: Наука, 1978. С. 31, 36, 47, 48.
3. Алтмышбаев А. Октябрь и развитие общественного сознания киргизского народа. Фрун¬зе: Илим, 1980. С. 88.
4. Проблемы Дальнего Востока. 1975. – № 4. – С. 34.
5. Краткая история Синьцзяна. – С. 370-379, 394, 406-408.
6. Думан Л. Аграрная политика цинского правительства в Синьцзяне в конце XVIII в. – М.; Л„ 1936. – С. 178.
7. Кузнецов В. Экономическая политика цинского правительства в Синьцзяне в первой половине XIX в. – М., 1973. – С. 46.
8. Назым Билал. Китаби газат дер мульки чин (на уйгур. яз.). – Казань 1880. – С. 9.
9. Явишев Н. Артуш тасирати (на татар. яз.) 1915. – № 17. – С. 419.
10. Ростовский Р. Царская Россия и Синьцзян в XIX-XX вв. // Историк-марксист. Кн. 3. М„ 1936. С. 45.
11. Явишев Н. Алти шахар турклари (на татар. яз.) // Шура. 1916. – № 14. – С. 362.
12. Сидихметов В. Маньчжурские правители Китая. – М.: Наука, 1985. – С. 34.
13. Краткая история уйгурской литера-туры (на уйгур. яз.). С. 177; Мухлисов Ю. Национально-освободительная борьба уйгурского народа // Коммунизм туги. 1979. 6 июля.
14. Идаятов А. Национально-освободитель-ное движение уйгуров XIX в. (на уйгур. яз). С. 27-31.

Алдыңғы «
Келесі »