АТА ТАРИХ ЖАҢҒЫРЫҒЫ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМҒА ЖАҢА БЕТБҰРЫС

  • 25.12.2018
  • 946 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Президент Н.Ә.Назарбаевтың әлемдегі дамыған елдердің даму тәжірибесін, олардың тарихын зерделеу арқылы әлемдегі ортақ процестердің мәні мен серпінін пайымдауға ден қойғанын баса айту керек. Оған қоса, Елбасы өткен тарихымен ғана мақтанатын елдің болашағы бұлыңғыр екенін үнемі халық жадына салып отырды. Әрбір ұрпақ өкілдері ата-баба даңқына даңқ қосып, абыройын арттырып, бүкіл дүниежүзі алдында беделін биіктете білген елдің ғана болашағы жарқын, мерейі үстем болатынын баса айтты. Осы тұрғыдан келгенде, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жас буынының бабалар аманатына адалдық танытып, Қазақстанның абырой-беделін бұрын-соңды болмаған биікке көтеруге үлес қосып отырғаны қуантады.
Тарихи әділеттілікті толығымен қалпына келтіру мақсатында 1997 жыл – «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып жарияланды. Кеңестік тәртіптің қылмыс-қимылдары әшкереленді. Мемлекет басшысының Жарлығы аясында, жыл сайын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандары еске алынып, түрлі іс-шаралар өткізу дәстүрге айналды. Ұйысқан ұлтаралық қатынастарды сақтаған Қазақстан Республикасында 2016 жылдың 1 наурызынан бастап, бұл күн қазақ халқына – «Алғыс айту» күні ретінде атап өту дәстүрі ата тарихқа енді.Тарихи оқиғалар желісін объективті қарастырудың басты факторлары айқындалды. Оның ішінде, жалпыұлттық бірегейлік пен бірлікті қалыптастыру, мемлекеттік және тарихи сананы қалыптастыру, елдің егемендігі мен мемлекеттілігін нығайту, дамудың сапалы жаңа үлгісін қалыптастыру, азаматтыққа және патриотизмге тәрбиелеу маңызға ие болды.
1990-шы жылдардың басындағы Қазақстанның дамуының ерекшелігі, оның түрлі тарихи оқиғаларға толы болуында. Ел экономикасын реттеуде заманауи уақыт талабына сай жұмыстар қолға алынды және дәл осы жылдар Қазақстан үшін тарихтың жаңа беттерін айқындаған кезең болды. Әлеуметтік-экономикалық қатынастарды қайта құру және оған сәйкес қоғамдық жүйені қалыптастыру, әлемдік үдерістерге сүйенетін шаруашылықты жүргізудің жаңа сапалық үлгісін жасауды қажет етті.
Елдің мемлекеттік егемендігі және осыған байланысты жаңа әлеуметтік-саяси жағдай, қоғамдық және өзіндік санаға әсер етті. Тұмшаланған шекараның ашылуы және жаңа ақпараттар легі әлемге, оның халқы мен тарихына деген көзқарастарды өзгертті. Қазақстан тарихын КСРО-ның біртұтас тарихының бір бөлшегі ретінде емес, әлемдік тарих, Еуразия, көшпелі өркениет, түркі халықтары, Орталық Азия елдері дамуының контексінде қарастыру қажеттілігі туындады. 1995 жылдың маусымында Қазақстан ­Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңес, жаңа «Қазақстан Республикасындағы тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасын» қабылдады. Тұжырымдамада тарихты оқытудың өзекті мәселелері – тарихи ой-сананың басымдықтары, тарих ғылымының кейбір мәселелері мен тарих ілімінің перспективалары қарастырылды.
Мақсатты қимылдарды іске асыруға байланысты міндеттер қойылды. Ең бастысы, тарихи білімнің негізгі бағдарларын анықтау; өтпелі кезеңдегі тарих ғылымының басты мәселелері мен оны шешудің мүмкін болатын бағыттарын айқындау; тарихи білім мен оқу-ағартуды реформалау жолдарын белгілеу болатын. Бұл тарихи кезеңдегі ғалымдардың, оқытушылардың, инженерлердің өз борыштарына адал, теңдессіз игіліктер – білім мен жарқын болашаққа сенгендігін және оны сақтай білгені жөнінде, Президент Н.Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегінде үлкен толғаныспен баяндады.
Отан тарихы ғылымында кешенді зерттеуді қажет ететін көптеген мәселелер көтерілді. Ол «қазақ» этнонимінің пайда болуы, қазақ халқының этногенезі, қазақ мемлекеттілігінің құрылуы, көшпелі қоғам эволюциясы. Сол сияқты Қазақстан тарихын кезеңдеудің, мамандардың басым бөлігі мойындаған нұсқасы қажет болды. Қазақ этносының қалыптасу және даму тарихы, Ресей империясы құрамына қазақ хандықтарының қосылу тарихы, КСРО құрамындағы Қазақстанның дамуы, Қазақстанға жер аударылған халықтардың қоныстануы мен күштеп көшірілуі және олардың орналасу тарихына байланысты мәселелерді зерттеу күн тәртібіне қойылды.
Тұжырымдамада Қазақстан тарихын қарастырғанда оның еуразиялық мәдениет пен тарихқа қатыстылығы туралы идеяның маңыздылығы аталып өтті. Мемлекеттілікті құраушы төл этностың үздіксіз даму үрдістерімен қатар, әртүрлі тарихи кезеңдерде Қазақстанға қоныстанған тұрғындар тарихы мен мәдениетінің сабақтастығы ескерілді.Қазақ мемлекеттілігі ірі көшпелі империялар мен Қазақстан ­те­р­ри­ториясында ертеде өмір сүрген жеке хандықтар мемлекеттілігінің жалғасы ретінде қарастырылды. Яғни, тарихи білімнің негізгі басымдылықтары, тарих ғылымының проблемалары, тарихи білім мен ағартушылықтың перспектива­лары тұжырымдалды. Тарихшылар арасында Қазақстан Республикасы тарихшыларының аймақтық бөлімдері мен Ассоциациясын құру туралы ұсыныс айтылды. Қазақстан тарихы, Орталық Азия елдері, жалпы тарих бо­йынша ғылыми әдебиеттер шығаратын арнайы Мемлекеттік бағдарлама даярлау, ғылыми, ғылыми-көпшілік мәндегі тарихи журналдарды, мұрағат әлеуетін пайдалану және ол мекемелерде өздерінің жеке басылымдарын шығаруды ұйымдастырған дұрыс деп шешілді.Тәуелсіздік жылдары толымды ғылыми зерттеу жұмыстары қолға алынды. Атап айтқанда: Қазақстанның ғылыми мұрасын жұртшылыққа таныстыруда Ш. Уәлиханов шығармаларының 8 томы, Әлкей Марғұланның көптомдығы, Мұстафа Шоқайдың 12 томының басылымы және басқалар баспадан жарық көрді. Ұзақ жылдар бойы Қазақ хандығы, Қазақстан мен Орталық Азияның орта ғасырлық тарихы мен мәдениетіне қатысты жазба деректері, Қазақстанның саны аз халықтары жөнінде зерттеу жұмыстары жүргізілді. Тарихнамалық және архив деректері негізінде Шығыс елдерінің әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани өмірі, әлеуметтік өтпелі кезеңнің түрлі тұжырымдамалары сараланды. «Халық тарих толқынында» және «Ғылыми қазына» бағдарламалары аясында 16 кітап және монографиялық еңбектер жарық көрді. Шетелдік қорлардан айқындалған Қазақстан және Орталық Азия тарихы мен мәдениеті бо­йынша артефактылар, жазба, ауызша және эпиграфиялық деректердің электронды-сандық Жинағының каталогын қалыптастыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Халықаралық қызмет аясында Ынтымақтастық туралы шетелдік серіктестермен (Қытай, Ресей, Шығыс Еуропа, Орталық Азия елдері, Үндістан және басқалармен) 40-тан аса Меморандумға қол қойылды.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАЗІРГІ  ЗАМАН ТАРИХЫ

Ширек ғасыр ішінде Қазақстан тарихы ғылымы өзінің қалыптасу жолынан өтті. Көптеген тарихи зерттеулер жарық көрді. Қазіргі заман тарихы – тарихи зерттеу нысанының маңызды бағытына айналды. Қазіргі замандағы Қазақстан мемлекеті тарихын теориялық негіздеу және жазу, мемлекеттік және тарихи сананы қалыптастыру процесін ғылыми-талдаумен қамтамасыз ету мақсатында, Мемлекет басшысының қолдауымен Астана қаласында Мемлекет тарихы институты ашылды. Институт ғалымдары қазақстандық қоғамда тарихи танымды қалыптастыру, халықтың тарихи-мәдени мұрасын талдау, жаңа жағдайдағы Отан тарихының теориялық-методологиялық принциптерін қалыптастыру бағытында үлкен жұмыстар атқарды. Қазақстан Республикасының қазіргі заман тарихының іргелі және қолданбалы зерттеу жұмыстары жолға қойылып, оның нәтижесі бойынша баспадан көптеген іргелі ғылыми еңбектер жарық көрді. Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу тарихын республика аймақтарының мектептерінде оқыту мәселелеріне арналған, алғашқы методологиялық семинар жұмыстары жүргізілді.
2008 жылдың қараша айында «Ұлттық тарихты кезеңдеу: жаңа методологиялық көзқарас» бойынша методологиялық семинар жүргізіліп, «Тәуелсіз Қазақстан тарихы» оқулығын даярлау жұмыстары басталды. Қазақстанның қазіргі заман тарихының өзекті мәселелерін талдау және ғылыми-методологиялық материалдарды жүйелеу, оны ЖОО-ның оқу бағдарламасына енгізуге қатысты, «Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Тарих ғылымы өзіндік ерекшелігіне қарай саяси саладан тыс дами алмайтындығы белгілі. Сондықтан да, тарих ғылымын жетілдіруде ғалымдар елдегі нақты үрдістерге сүйенеді. Бұл тарихты саясиландыру деген сөз емес. Тек тарихи оқиғалар мен саясат арасындағы өзара ынтымақтастық, пайдалы өзара іс-қимылдар назарға алынуы шарт. Тарих ғылымы өткен оқиғалар легімен бірге, қазіргі заман тарихын біртұтас және жан-жақты қарастырады. Келешектегі ұлттық-мемлекеттік міндеттерге және әлемдік тарих ғылымы әлеуетіне сәйкес, Қазақстанның тарих ғылымына жаңа серпін қажет болатын. Осы мақсатта мемлекеттік деңгейде мақсатты, бағытталған даярлық жұмыстары жүргізілді.
2009 жылдың 24 ақпаны күні республиканың танымал тарихшыларының қатысуымен, «Қазақстанның жаңа тарихы және Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың тарихи рөлі» тақырыбы сараланды. Ғылыми шарада тарихтың объективті жазылуына, әсіресе, тәуелсіздік тарихын жазудағы теориялық-методологиялық, деректік ерекшеліктермен қатар, жеке ғалымдардың ұсыныстары тыңдалды. Тарихшылар қауымына ғылыми методологиялық орталықтың қажеттілігі, сол сияқты тарихты бұрмаламай тарихи тұлғаларды салыстырмалы түрде тарихи сабақтастықпен жаза отырып, ­Президент тұлғасына, яғни, «Назарбаев феноменіне» зер салу мәселесі көтерілді. Уақыт талабына сай, Н.Ә.Назарбаевтың «Дағдарыстан шығу кілті» мақаласында көрсетілген дағдарыстың себебі, одан шығудың жүйелі жолдары, тарихшыларға да елеулі ой тастағаны, түбегейлі жаңару кезеңі келіп жеткендігі, бүкіл ойлау жүйесін жаңарту қажеттілігі баса айтылды. – «Ол үшін не істеу керек?», – деген сұраққа жауап табуға ұмтылыс жасалды. Тарихты, оның методологиясын түбегейлі өзгерту қажеттігі, тарихи процестегі өзекті мәселелерді айырып, сезіне білу керектігі туралы сөз болды. Тәуелсіздік кезең тарихын зерттеуде мемлекеттік шекараны бекіту жөніндегі келісім мәселесін орта ғасырдағы, кеңестік дәуірдегі оқиғалармен сабақтастыру, Елбасы – тәуелсіздік идеясының бастамашысы ретінде және Еуразиялық, қауіпсіздік, халықаралық, рухани мәселелерді жеке қарастыру қажеттігі ортаға салынды және тақырыптық жеке жинақтар шығару туралы ұсыныстар түсті. Ғалымдардың келесі тобы қазақ ұлтының ерекшелігін, тәуелсіздіктен кейінгі қоғам өміріндегі өзгерістер, Қазақстан туралы шетелдіктердің көзқарасы мен ақпараттық мәліметтер қаперге алынуы тиіс деген пайым жасады. Тарихи оқиғалар өтпей жатып, оған сын көзбен қараудың күрделілігін, бірақ тәуелсіздікке қол жеткелі Қазақстандай жетістікке жеткен мемлекеттер санының көп еместігін және тарихта баламалы шешім қажеттілігі де атап өтілді. 2009 жылдың 25 ақпаны күні тәуелсіз Қазақстанның жаңа заман жағдайындағы ғылымының даму болашағы, елдегі өзгерістерді талқылау мақсатында, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы К.Саудабаев танымал тарихшы-ғалымдармен кездесті. Расында, тәуелсіздік жылдары Қазақстан егеменді мемлекет ретінде әлемге мойындалған, халықаралық деңгейде бедел жинаған елге айналды.
2010 жылы Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып, құрамында елу алты ел бар, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Ұйымға төрағалық етті. Осы жылы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты Қазақстан тарихының (көне заманнан бүгінге дейін) төртінші және бесінші томдарының жазылып аяқталуына байланысты, «Атамұра» баспасынан Қазақстан тарихының толық бес томдығының академиялық басылымын шығарды. Мұның алғашқы үш томы 1996-2000 жылдары жарық көрген болатын. Оның редакциялық алқасы құрамында ұзақ жылдар іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан танымал ғалымдар жұмыс жасады. Бұл тәуелсіздік кезеңінің, алғашқы 5 томдық академиялық ғылыми басылымы болатын. Әсіресе, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуы, қазақ хандығы тарихы, XIX-XX ғғ. көші-қон саясаты және тұрғындарды Қазақстанға күштеп қоныстандыруға, елдің мәдени дамуы мен саяси партиялардың қалыптасуындағы ерекшеліктерге, сол сияқты алаш қайраткерлерінің тағдырларына қатысты тың тарихи деректер ғылыми айналымға енгізілді. Төртінші және бесінші томдары бойынша жүргізілген іргелі зерттеуде, Қазақстанның кеңестік дәуірі мен тәуелсіздік кезеңінің алғашқы он жылындағы археологиялық, этникалық-этнографиялық, демографиялық, әлеуметтік-экономикалық, саяси, рухани-мәдени салаларының даму тарихы бойынша жаңа дерек көздері айқындалып, жаңаша көзқарастар тұжырымдалды. Осындай іргелі зерттеу жұмыстарының нәтижелері, қоғамдағы тарихи сананы жаңғыртуға қатысты түрлі сала ғалымдарының жаңаша пайымдар жасауына ықпал етті.
ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институты құрылған алғашқы жылдардың өзінде, ғалымдар түрлі тақырып аясында зерттеу жұмыстарын белсенді жүргізе бастады. Ең бастысы ғалымдар, дәуірдің объективті зерттеушілері болу, құлдық сана қалыбын бұзу, тарихи оқиғаларға нақты қарау және оны жауапкершілікпен жазу сияқты алдарына нақты мақсаттар қоя білді. Қазақ мемлекеттігінің құрамындағы субэтникалық топтар мен дәстүрлі қазақ мемлекетінің тарихнамалық және методологиялық мәселелеріне қатысты зерттеулер жүргізілді. Заманауи тақырыптарда тәуелсіздік пен еркіндік, компьютерлік технологияның даму жағдайындағы интеллигенция, қазіргі заман тарихының өзекті мәселелері зерделенді. Атап айтқанда, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз мемлекетті қалыптастырудағы тарихи рөлі, жаңа бастамалары мен Еуразиялық Одақ идеясы төңірегіндегі нақты іс-қимылдар, «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы заманауи Қазақстанның тарихы, мемлекет және мемлекеттік сана-сезімнің тарихи қайнар көздері және басқа да тақырыптар. Жоғарыда аталған жобалар негізінде ғалымдардың алғашқы монографиялары, биографиялық энциклопедия, мектеп және ЖОО-на арналған оқулықтар мен хрестоматия, анықтамалар, терминдер мен ұғымдар сөздігі, әдістемелік құралдар, баяндамалар жинақтары және басқа еңбектері жарық көрді.
Бұл шара Қазақстан Респуб-ликасының Мемлекеттік хатшысы Марат Мұхамбетқазыұлы Тәжиннің басшылығымен өтіп, баяндама жасады және ол «бүгінгі күні тарихи ғылымға мүлде жаңа талаптар қойылып отырғанын, ал, әлемдік тарихнамада таным тәсілдеріне қатысты сыни қайта бағалау жасалынып отырғанын ерекше атады. Бұл өзгерістер ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы француз тарихи мектебі, ең алдымен, «Люсьен Февр мен Марк Блоктың есімдерімен байланысты мектептер ықпалын және заманауи тарих, пәнаралық ғылымға айналғанын, ал, тарихи зерттеулер тек қана жазбаша дереккөздерді зерттеуге, мұрағатта жұмыс істеумен ғана шектелмейтінін» атап өтті. Қазіргі заманғы тарих ғылымы көптеген байланысты ғылыми пәндер әдістерін пайдаланады – саяси ғылым, әлеуметтану, антропология, заң, мәдениеттану және т.б. Ғалымның рөлі де өзгерді. Енді тарихшы фактілерді жазатын және сипаттайтын қарапайым тіркеуші емес. Ғалым белгілі бір қоғамның құндылықтары, ережелері мен моральдерін «түсінуге» тиіс. Сонымен қатар, ол «ұлттық тарихты қандай да бір әмбебап заңдардың қатаң негізіне қысып, оның тірі, бірегей ағзасы қалай дамитындығын» түсінуге шақырды. Сол сияқты баяндамашы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлт тарихына ұзақ жылдар бойы үнемі мән беретіндігін атап өтіп, оның «Халық тарих толқынында» атты арнайы тарихи зерттеу Бағдарламасын жасау туралы басты мақсаттағы ұсынысын тарихшылар қауымына жеткізді. Қазақстандық тарих ғылымын алдыңғы қатарлы методология мен тәсілдер негізінде сапалы дамытуға жол ашу, қазақтардың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру, Қазақстанның қазіргі заман тарихының екі он жылдығын електен өткізу сияқты нақты мақсаттар қойылды. Расында, Мемлекет басшысы «жалпы қазақстандық бірегейлік – ұлттың тарихи санасының тұтқасы болуы қажеттігін» баса назарға алып келеді. Заманға сай жаңа құндылықтарды бекіту, жаһандану әлемінде олардың ұлттық бірегейлігін нығайту арқылы ұлттың мәдени кодын, яғни, тіл, рухани, дәстүр, мәдениетін сақтауды қамтамасыз ету қажеттілігі де күн тәртібінде болатын. Ендеше, ұлттық бірегейлікті үйлестірудегі тарих ғылымының маңызы ерекше екені белгілі. Тарих ғылымының даму Тұжырымдамасына да өзгерістер енгізу қажеттілігі артты. Танымдық түсініктер тәсілдері бойынша да дүниежүзі елдері тарихнамасында сындарлы қайта қарастыру жүріп жатқан тұста, қазақстандық тарих ғылымына да қойылатын талап артты.
Осыған орай, бұл тарихи отырыста Мемлекеттік хатшы ғалымдардың назарын екі мәселеге аударды.ҚР Ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген алқалы жиынында «Қазақстанның қазіргі заман тарихын зерттеу методологиясының мәселелері» тақырыбында баяндама жасаған Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Б.Аяған тәуелсіздік жылдарындағы Отан тарихын дамытудағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше рөліне назар аударды. Оған қоса, қазақтардың бірде-бір рет соғысты бастамағанын, ал, соғысқа қатысқан жағдайда қорғаныс мақсатында күрескенін тілге тиек етті. Шешен одан әрі бұрынғы тарихшы-ғалымдар еңбегіне тоқталды. Қазақстанның тәуелсіздігі жылдары тарихшылардың ғылыми ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктерінің құрылуы, ғылыми жобалардың қолға алынуы, Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігі тарапынан алғаш рет «Ұлы дала тұлғалары» топтамасы бойынша кітаптардың жарық көргенін атап өтті. Мұнан соң, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының және Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының директорлары баяндама жасады. Ведомствоаралық жұмысшы тобының отырысында алдағы кезеңнің жоспары айқындалды және бекітілді. 2013-2016 жылдары қабылданған шешімдерге сәйкес келесі жұмыс жүргізілді. Шет елдерге экспедициялардың нәтижелері бойынша материалдар жинақталып, электронды ресурстарға орналастырылды: Ұлттық кітапхана, «Мәдени мұра» порталы, «Қазконтент» АҚ, Электронды каталог (www.ncai.kz).
2013-2014 оқу жылының басында барлық мемлекеттік университеттерде Қазақстан тарихы кафедралары ашылды, жоғары оқу орнынан кейінгі «Тарих» мамандығы бойынша кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс, сондай-ақ PhD докторлар саны өсті.
Қазақстанның әлемдік қоғам-дастықтағы жетістіктерін көрсететін оқу жоспарларына өзгерістер енгізілді, департаменттердің материалдық-техникалық жабдықталуы, кітапхана қорын толықтыру мәселелері талқыланды. ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарының бірқатар веб-сайттары жаңартылды.
Ғалымдар тобымен ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі ұлттық тарих бойынша негізгі оқулықтарды да­йындау бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. 2014-2016 жылдардағы «Халық тарих толқынында» ғылыми зерделеу бағдарламасы аясында ұлттық тарих тұжырымдамасының жаңаша сипаты айқындалды.
Ұлттық Конгресс тарихи ғылымды жаңғыртуда үлкен жұмыс жасады.
Мемлекет тарихы институты «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында Салааралық жұмысшы тобының кеңейтілген отырысының хаттамасына сәйкес, тапсырмалар қолға алынып, 2014-2016 жылдар аралығында жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Батыс Еуропа елдеріндегі екінші дүниежүзілік соғысқа қазақтардың қатысуы; Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің қызметі, оның қазақстандық мемлекеттілікті қалыптастыру және оны нығайтудағы рөлі; Қазақстан тарихы (ерте кезеңнен тәуелсіздікке дейін) оқулығы мен хрестоматиясын, базалық Қазақстан тарихы оқулықтарын оқу процесіне енгізу (жобасы қолға алынды); «Қазіргі заман тарихы» оқулығы мен хрестоматиясын жасау және баспадан шығару; Қазақстан Республикасы дүниежүзілік және аймақтық интеграциялық процестерде; Алаш интеллигенциясының тарихи ойы, тұлғалар және қазіргі кезең; Қазақстандағы этностар мен мәдениеттер т.б.
Астана – тәуелсіздіктің тұмары болғандықтан да аймақтардағы рухы биік тарихшылар қауымы, әрбір ғылыми шарада шығармашылық белсенділігін көрсете білді. Мемлекет тарихы институты тек мемлекеттік органдар мен қорлар ғана емес, сол сияқты аймақтағы ЖОО-дағы тарихшылармен тұрақты байланыс орнатқан. Республика бойынша аға буынның жолын жалғастырған танымал тарихшы, археолог, антрополог, этнограф, демографтар және басқа қоғамдық білім және ғылым салаларының мамандары өсіп жетілді. Мемлекет тарихы институты ғалымдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу жобаларын іске асыруда белсенді, отандық және шетелдік кітапханалардан материалдар қарастырылып, мұрағаттық құжаттармен жұмыс жүргізілуде.
Заманауи кезеңде, Мемлекет басшысының Қазақстанның жаңғыру кезеңдері мен жаңа мемлекеттілікті қалыптастыру және оның даму стратегиясына, адам капиталының сапасына негізделген – «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбегінде жан-жақты қарастырылған пайымдар – методикалық нұсқауға айналып отыр.
2018 жылы 19 қаңтар күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Н.Ә. Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегі және отандық тарих ғылымының міндеттері» тақырыбында өткізілген Қазақстан тарихшыларының V Ұлттық Конгресінде басты идеялар – қоғамдық сананы жаңғырту, ұлттың рухани жаңғыру мәселелері талқыланып, арнайы Қарар қабылданды. Мемлекет басшысының барлық идеялары мен бастамалары, рухани даму және жаңғыру негіздерін қалыптастыру сияқты ұсыныстары үлкен қолдауға ие болды. Ал, «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында тұжырымдалған тәуелсіздік кезеңдері негізге алынды.

Бүркітбай АЯҒАН,
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры, т.ғ.д., профессор.
Құндызай ЕРІМБЕТОВА,
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к.

Алдыңғы «
Келесі »