МҰСТАФА ШОҚАЙ ЖӘНЕ ҰЛТ ЗИЯЛЫСЫ

  • 25.12.2018
  • 512 рет оқылды
  • 0

Ханкелді Әбжанов,
ҰҒА академигі

М.Шоқайдың өмірі мен мұрасы туған халқына, түрік әлеміне қызмет етудің үздік үлгісі әрі айғақ-дәлелі болып табылады. Текті ұрпақтың гимназияда оқып жүргенде-ақ байқалған өркенді қасиеттері Еуропаның қақ төріндегі Берлинде көз жұмғанша бір мысқал бәсең тартпастан шыңдала берді, бүгінде мәңгілік құндылыққа айналды. Тарих қойнауынан жеткен өміршең мәңгілік құндылықтарға сүйенгенде ғана «Мәңгілік Ел» ұлттық идеямызды жүзеге асыра аламыз.

Адамның нағыз болмыс-бітімі сын сағатында көрінетіні рас болса, М.Шоқайдың барша тағдыры сынақ пен қауіп-қатерге толы ортада өтті. Күдігінен үміті зор жастық шағында да, тозақ алдында тұрғанда да туған халқының атына, өзі ұлықтаған үміт, сенім, иманға қылаудай ақау түсірмеді.Әріге бармастан 1941 жылдың күзіндегі тағдыр анықтағыш оқиғаларды еске алсақ та жетіп жатыр. Соғыс басталған жылдың қыркүйегінде Сувалки (Польша) лагеріндегі түркістандық әскери тұтқындар алдында сөйлеген сөзінде отандастарына: «Сендерге қарап жүрегім қан жылауда. Тікенек сымның арғы жағында ұстайтындай не жазып едіңдер? Жоқ. Аллах көріп тұр, Түркістанның бостандық сүйген ұлдарының орны Отанымыздың ұшы-қиыры жоқ даласында», деп, неміс тұтқынынан босануларына және өз үйлерінде бейбіт те адал еңбекпен өмір сүрулеріне тілек білдіреді. Оларға жұмыс тауып беруге, болашақ отанымыз Түркістанға қажетті мамандық алып шығуға септесуін өзінің басты мақсаты санайтынын айтады[1, 151-152]. Ал, қайтыс боларынан бір ай бұрын 1941 жылғы қарашада әйелі Мария Шоқайға Берлиннен жазған хатында: «Ондаған шақырымдарды артта қалдырып, лагерьлерді аралаймын. Күшім бітуге таяу. Жанымның қаншалықты шаршағаны онсыз да саған түсінікті ғой. Өлгім келеді» депті [2, 448-449].
Осы екі деректен-ақ ұлт мақтанышы М.Шоқайдың азаттыққа, ұлт зиялысына қатысты дүниетанымы, ұстанымы, бағдары, талабы айдан-анық көрініп тұр. Адамзат тағдыры қыл үстінде қылпылдаған сәтте мұндай сөздерді халқын шексіз сүйген перзенті ғана айта алады. Жеті жұрттың тілін білетін қайраткерге түркістандық бауырларының, елінің ертеңіне алаңдауы жанын жегідей жеді. Санасы мен жүрегінде күйректіктің, сатқындықтың, қорқақтықтың, үрейдің нышаны, қарақан бастың қамы жоқ екенін көреміз.
Ол түрік дүниесі зиялысының тарихы мен тағдырына, қуанышымен ренішіне саясаткер, ғалым, заңгер, күрескер, тіпті, әлем азаматы көзімен қарады. Әмбебап әрі кең тынысты ой иесі болу – өмірде сирек кездесетін құбылыс. Дүниенің төрт бұрышында – Еуропа мен Америкада, Азия мен Африкада жүріп жатқан үдерістердің бастау- бұлағын, заманауи жай-күйін, болжамды нәтижелерін, шарапаты мен кесапатын жан-жақты дәйектеу барысында әлденеше халықтар мен мемлекеттердің тұлғаларын, зиялыларын, мамандарын әлеуметтік-кәсіби, қоғамдық-саяси, мәдени-имандық, ұлттық, т.б. тұрғыдан көре алды, түркістандықтармен салыстыра-шендестіре зерделеуді артық санамады. Әсіресе, «Туркестан под властью Советов» кітабының, халықаралық жағдай, Кеңестер Одағы, Қазақстан, Түркия, ­Германия, большевизм, оның аграрлық, ұлттық, кадрлық саясаты, айтулы оқиғалар жайлы мақалаларының, жазысқан хаттарының теориялық-методологиялық, саясаттанулық, тарихнамалық, деректік маңызы аса жоғары.
Шоқайтануда әзірге тарихшы ғалымдар ұтқырлық танытып, толымды нәтижелерге қол жеткізді. Шығармалар жинағын 2 том, 12 том көлемінде жарыққа шығарды.Саясаттанушылардың сылбырлығы қайран қалдырады. Шоқай саяси ғылымның тарихы мен теориясына әлемдік деңгейде олжа салған ой иесі ғой. Оның қоғам мен билік, саяси режим мен институттар, тұлға, қоғамдық-саяси қозғалыстар, саяси қақтығыстар мен дағдарыстар, әлемдік саясат пен халықаралық қатынастар жайлы пайым-тұжырымдары ғылыми ой-санасын ғана білдірмейді. Әрқайсын өз басынан өткен тағдыр тағылымымен қорыта алды. Саясаттанудағы жаңашылдығы замандастары француз социологы әрі политологы Р.Аронның (1905-1983), орыс философы Н.А.Бердяевтың (1874-1948), «буржуазияның Марксі» атанған М.Вебердің (1864-1929), Италия ойшылдары В.Паретоның (1848-1923), Г.Москаның (1853-1941), Нобель сыйлығының иегері, австралиялық Ф.А.фон Хайектің (1899-1992), т.б. мұрасымен иық тіресе алатынына тарыдай күмәнім жоқ. Тоталитаризм мәселесін зерттеген Х.Аренд (1906-1975) былай деп жазған екен: Сталин «по­дорвал народные Советы, усиливая в них большевистские ячейки, из которых исключительно стали назначаться высшие функционеры в центральные комитеты и органы. К 1930 г. последние следы прежних общественных институтов исчезли и были заменены жестко централизованной партийной бюрократией, чьи русификаторские наклонности не слишком отличались от устремлений царского режима, за исключением того, что новые бюрократы больше не боялись всеобщей грамотности» [3, 363].
Тап осы ойды Х.Арендтен де бұрын Қазақстан мен Түркістанның мысалында Шоқай қағазға былайша түсірген: «… қазіргі жағдайдағы Түркістан – Түркіменстан, Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан деген атаулармен кеңестік республикалар түрінде көрінсін немесе Қазақ, Өзбек, Қырғыз,Тәжік, Түркімен аудандары, яки, аумақтары деп аталсын, бәрі бір ештеңе өзгермейді. Олар Орта Азия Бюросы делініп немесе басқа бір аттармен аталып, бәрі бір Мәскеу диктатурасының тепкісінде болады» [4, 98-99].
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ», деп бабаларымыз бекер айтпаған-ау, сірә. Жат қолына қараған жылдары жұққан дерттен – басқалардан өзімізді төмен санаудан әлі айықпадық. Әйтпесе, 2 томдық «Саясаттану негіздері» оқу құралында Р.Әбсаттаров ағамыз қазақтың XX ғасырдағы белгілі ойшылдары мен саяси қайраткерлерінің көзқарастарын «біздің жұмысымыздың көлемі… жеке-жеке қарастыруға мүмкіндік бермейді» деген сылтаумен аттап өте шықпас еді[5, 93]. Есесіне Батыстық саяси ғылымның XX ғасырдағы қалыптасуына 13 бетін арнапты.
М.Шоқай – интеллектуалды ізденіс пен нәтижеге жетудің әлемдік шыңына көтерілген тұлға. Оның көзқарасына тарихи нақтылық, алалаудан ада әділдік, ұлттық және жаһандық үйлесімді табуға ұмтылыс тән. Ешқандай «измге» (пантюркизм, реваншизм, либерализм…), теориялық ілімге басымдық бермейді. Солардың бәрін біле тұра Ұлы даланың, оның әрбір азаматының нағыз бақытын, кешегісін, бүгіні мен ертеңін мемлекеттік тәуелсіздіктің бар-жоғымен өлшеді.
Қай тақырыпқа қалам тартса да, оны халқының азаттығымен байланыстырмай тұрмады. Мәселен, бұрынғы Ресей Уақытша өкіметінің төрағасы Керенскийдің көзқарас эволюциясын: «Ақпан революциясынан бұрын Түркістандағы патшалық Ресейге қарсы ой-пікірлер мен қозғалыстарды қолдап, насихаттап жүрген Керенский бүгін (1930 жылы – А.Х.) сол патшалық Ресейді мінсіз мемлекет етіп көрсетеді» деуімен сыни тұрғыдан ашса, поляк халқының жолбастаушысы Пильсудскийдің қалдырған ізін «өз халқын азат ету жолында қажымай-талмай күрескен аса көрнекті қайраткер болуымен бірге, ол орыс империализмі тепкісінде жатқан барлық халықтардың бостандық алу жолындағы күресіне оң көзқарасын ашық білдіріп келген бірегей мемлекет адамы еді» деп дәйектеген [4, 108, 458]. Ал, азаттыққа жетудің басты алғышарты, субстанциясы ретінде тұтас Түркістан идеясын ұсынды. Оның мәні – ұлттық ауызбірлік, ұлттық татулық, ұлттық мүдде, оны жүзеге асыру миссиясы оқығандардың мойнында деп білді. Жоспарсыз, бағдарламасыз көтеріліске шыққанды құптамады. Ең алдымен барлық күштерді мықты саяси ұйымның маңына топтастыруға шақырды.
Отандас зиялылардың бүгіні мен ертеңін тұтас, азат Түркістан идеясымен ажырағысыз бірлікте зерделеген ол Ә.Бөкейхан, Әлимардан бек Топчибашы, Ғабитжан ­Махмуд, Мүнуар Қари, М.Жұмабаев, М.Әуезов, С.Асфендиаров, Ю.Акшора, С.Сәдуақасов сынды ой иелерінің тарихтағы орнын идеологиялық, партиялық ашу-ызасыз, адасусыз дәл сипаттады. Мағжанның «Алыстағы бауырыма» өлеңін түрікшілдік идеясы үшін ең құнды және ең пайдалы өлең ретінде бағалады. 1932 жылы М.Әуезов пен Ә.Ермеков бұрынғы «қателіктерін» мойындап хат жазғаны белгілі. Осыған орай «Тәубеге келген «алашордашылар» мақаласын жариялап, М.Әуезовті «бейшара», Ә.Ермековті «бақытсыз» эпитетімен айдарлайды[4, 294]. Шындығына келгенде, тоталитарлық және отарлық өктемдік салтанат құрған елдегі озық ойлы зиялының тағдыры басқаша болуы мүмкін емес еді. Демек, қанша жерден құлағымызға түрпідей тигенімен бұл анықтауыштар ірі тұлғаның жеке басына қарата айтылмаған, кеңестік барша зиялының шығармашылық еркіндігі мен құқықтары шектеулі екенін дөп басып тануға шылбыр ұстататын методологиялық пайымның ұлттық ерекшелікпен сыртқа шыққан түрі.
Саналы ғұмыры XX ғасырдың алғашқы 41 жылына дөп келген Шоқай алысты болжай алса да, М.Әуезовтің, Қ.Сәтбаевтың, С.Асфендиаровтың жойқын интеллектуалды талантын егжей-тегжейлі талдамағаны рас. Бұл үшін оны айыптауға негіз де жоқ. Әркім өз заманының перзенті. Мүмкін, олардың тағдырын оққа байлап бермеудің амалы шығар бұл. Өйткені, Париждегі әрбір қадамын НКВД тыңшылары кірпік қақпастан аңдып отырғанын, ұйымдастырушысы Сталин екенін жақсы білді.
М.Шоқай ұлт зиялыларын әлеуметтік-кәсіби белгілеріне қарай топтастыруға, айталық, инженер,агроном,дәрігер, мұғалім, ғалым т.б. қауымдарына жіктеп, әрқайсын бөле-жара қарауға аса үлкен мән бермейді. Әрине, әр топтың өзіндік орны мен салмағы бар екеніне күмән келтірген жоқ. Техникалық интеллигенция миссиясын жоғары бағалады. Ұлт зиялысының қайнар көзі – студент жастардың Түркістан мен Қазақстандағы, шет елдердегі санына, оқуына, тағдырына үлкен қызығушылық танытуы әсте кездейсоқтық емес. «Туркестан под властью Советов» кітабында мынадай ақпараттар келтіреді: 30-шы жылдар ортасында Қырғызстандағы үш педагогикалық техникумда 227 студент оқып жатса, оның 59 ғана қырғыз ұл-қыздары екен. Оқу 1 және 2 курстарда қырғызша, орысша, 3 курста тек орыс тілінде жүргізілгендіктен қырғыз балалары техникумдардан шығып қала беріпті. 1935 жылы Қаракөл педтехникумын бітіргені жөнінде диплом алған 11 маманның бәрі орыс ұлтының өкілі екен. «Общее положение, –дейді Шоқай, – во всех советских «национальных» техникумах, «вузах» и «втузах» отличается от каракольского весьма мало»[6, 330].
Айтылған ақиқат КСРО ыдырағанша сақталып келді. Егер, 1946 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институты студенттерінің 26 пайызы қазақ болса, арада он жыл өткенде ол 38,6 пайызға ғана жетті. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында 9 пайыздан 48,4 пайызға өсті. 1956 жылы Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтында оқитындардың 40,7 пайызы қазақ еді. 1965-66 оқу жылында Қазақстан жоғары оқу орындары студенттерінің 22 пайызы, арнайы орта оқу орындары студенттерінің 38 пайызы қазақ жастары болатын.
Қазақ студенттерінің үлесі, әсіресе, техникалық оқу орындары мен қазақ тұрғындары аз облыстарда мардымсыз деңгейде қала берді. Айталық, Шымкент құрылыс материалдарының технологиясы институтында 50-ші жылдардың аяғына дейін қазақ жастарының үлесі 30 пайыздан асқан емес. Бұл аздайын республикадағы барлық техникалық жоғары оқу орындары кеңес өкіметінің алғашқы 40 жылында небәрі 929 инженер-қазақ даярлап шыққан екен. 1947 жылы қазақтар Петропавл ауыл шаруашылық техникумында студенттердің 48 пайызын, Қазалы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумында 55 пайызын құрапты. 50-жылдардың аяғында да осы ахуал сақталып қала берді. 1957 жылы, мәселен, Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын арнайы орта оқу орындарында 18,2 мың адам оқыса, олардың 6431-і ғана қазақтар еді (35 пайыз), ал, орыс студенттерінің саны 8,9 мың, яғни, 49 пайыз болатын [7, 172-173].
Студенттер құрамындағы қазақ балаларының басқа ұлт өкілдерінен сандық жағынан артуына 70-ші жылдар мұғдарында қол жетті. Басты себеп біреу: республикадағы ірі-ірі ЖОО-лардың басшылығына Д.Қонаевтың қолдауымен Ө.Жолдасбеков, Е.Бөкетов, Н.Жандильдин, С.Еспембетов сынды көрнекті ұйымдастырушылар келді. Мұның сыртында шалғай аудандарға маман даярлау бағдарламасы жүзеге аса бастады. 1986 жылғы әйгілі желтоқсан көтерілісінен кейін Мәскеу билігінің қазақ ректорлары мен студенттеріне қырғидай тигені белгілі. 271 студент оқу орнынан қуылды. Жүздеген адам жұмысынан кетуге мәжбүр болды. Жоғары оқу орнының 12 ректоры қызметінен, 18 профессор мен ғылым докторы ұстаздық қызметтен шеттетілді[8, 162]. Ендеше, тоталитарлық елдегі ұлт зиялысының болашағы бұлыңғырлықтан ажырамайтынын М.Шоқай дәл болжай алды.
Зиялыға қатысты өзекті мәселелерде – мәнін, миссиясын, өркениеттік әлеуетін дәйектегенде өмір кеңістігіндегі демократиялық, саяси-идеологиялық, демографиялық ахуал мен алғышарттарды қаперден шығармады. Ал, кеңестер билеген туған еліндегі зиялылар туралы ақиқатты іздегенде басты-басты үш методологиялық қағидатқа сүйенді. Олардың біреуі кеңестік ұлт зиялысын зерделеуде тағдыранықтағыш маңызға ие болса, екеуі ешқашан танымдық, прагматикалық құндылығын жоймайтын мәңгілік өлшем мен көрсеткішке жатады. Әуелгі, яғни, уақытқа байлаулы методологиялық қағидатқа келсек, ол – ұлт зиялысының лениндік-сталиндік большевизм колшоқпарына айналғанын-айналмағанын ажырата білу мәселесі. Шоқай социалистік қоғам орнату жайлы лениндік ілімді Түркістан тәрізді ұлт республикасында жүзеге асыру мүмкін еместігін сан мәрте айтқан. «…Не имевший понятия о Туркестане и туркестанском крестьянстве Ленин проводил свою марксистскую теорию в жизнь», деп жазды 1935 жылы[6, 359]. Лениннің іліміне арбалғандарды, тіпті, Т.Рысқұловты да сын садағымен түйреп өтеді, жалған теорияның зардабын да әшкерелейді. «Этот союз, – дейді ол, – одержимого «революционными предрассудками» Ленина с живущим «революционными сказками и слухами» Рыскуловым стоил нашей стране миллионы жизни его беднейшего населения!»[6, 360].
Тіпті, туған еліндегі коммунистік партия мен кеңес өкіметін заңсыз деп жариялады.Легитимды емес билік пен большевизмнің Қазақстандағы болсын, Түркістандағы болсын саяси басшыларын, құқық қорғау және күштік саладағы мақұлбайларын, құдайсыздары мен қолжаулықтарын М.Шоқай ешқашан зиялы санаған емес. Ұлы дала елінің жат қолына қарағанда да өсіп-өнуі, бәсекелік қабілетті, елішілік тұрақтылықты, бірлік пен бірегейлікті сақтай алуы мың өліп, мың тірілген қазақ халқының жанкештілігі арқасында мүмкін болды. Патшалық тұсындағы Қазақстанда байырғы халық өкілдері мемлекеттік билікке шектеулі мөлшерде ғана тартылса да, орыс әкімшілігіне жағымпаздықпен, кейде сатқындықпен қызмет еткен болыстар, тілмаштар, ұсақ чиновниктер көзге түскенін бекерлеу мүмкін емес. Дегенмен, бұлар Кеңестік Қазақстандағы партиялық, құқық қорғау, күштік номенклатураның қасында періште дерсіз. Елімізде күні бүгінге дейін жемқорлықтың, парақорлықтың, көзбояушылықтың ініне су құйылмай отырғаны да осынау қауымнан, адамзат өркениетіне жат кеңестік тоталитаризмнің озбырлығы мен жүгенсіздігінен қалған мұраның зардабы. Ал, интеллигенцияның басқа топтары қай ғасырда болмасын өзіне тиесілі міндеттерін атқарып жатты. Мұғалімдер бала оқытты, дәрігерлер ауруды емдеді, агрономдар жерді баптады, инженерлер үй тұрғызды, жол салды, ғалымдар жаңалық ашты.
Мына мәселені де ескеруіміз керек. Қазақстанға эволюциялық жолмен емес, революциялық жолмен орныққан кеңестік жаңа құрылыс интеллигенцияның аттөбеліндей тобына ғана жойдасыз басымдық берді. Бұлар партия органдарында, жазалаушы мекемелерінде шоғырланды. Соның өзінде осы қауымның бәрін Шоқай зиялылар қатарынан жаппай шығарып тастаған жоқ. Сол жүйенің ішінде жүріп халқына қызмет істеген Смағұл Сәдуақасовтай, Сұлтанбек Қожанұлындай,Сейтқали Меңдешұлындай бірегей жандарды құрметпен ауызға алады. Яғни, алға қойған мақсаты қара бастың ғана қамы емес, «халқы үшін қам жеп, ел үшін еңіреп туған» азаматтар бар екенін айта алды. Қалай десек те, біріншіден, бұлар азшылық еді, екіншіден, тоталитарлық тео­рия мен практиканың жолын кесуге қауқарсыз еді, үшіншіден, ұлтжанды қасиеті барлар түптің түбінде қуғын-сүргіннен аман қалуы мүмкін емес еді. Бұған сталиндік жылдарды айтпай-ақ, одан берідегі Ж.Тәшенев тағдырын куәға тартсақ болады. Жұмекең «қызыл патша» Хрущевпен арыстандай айқасқанда партия қызметінде мыңдаған қазақ бар болатын. Біреуінің «қыңқ» деуге шамасы жетпеді. Ұстанымдарында, жүрек пен санада елге, жерге, халыққа қызмет еткізетін үміт, сенім, иман қалмаған еді.
Большевизмнің ұстаханасы партиялық аппарат пен тоталитаризмнің жазалаушы қылышы құқық қорғау және күштік салада шоғырланғандар – мемлекетті, халықты апатқа ұшыратқандар. Адамзатқа қарсы қылмысқа саяси-идеологиялық, құқықтық негіз қалағандар. Мұндайларды қалайша зиялыға жатқызуға болады. Бұлардың мойнында миллиондардың қаны бар. Ал, адам қаны су емес. Осының құқықтық бағасы берілмегендіктен шаруалар көтерілістері, үздіксіз қуғын-сүргін, 1931-33 жылғы ашаршылық өзінің объективті бағасын ала алмай келеді. НКВД архиві толық ашылған жоқ. «Өкінішке қарай, – делінген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында, – тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес»[9]. Күйреген идеологиялардың бірі – большевизм.
Енді, танымдық, прагматикалық, мерзімдік құндылығын жоймайтын екі методологиялық қағидатқа келейік. Бұлар М.Шоқайдың тұтас Түркістан, азат Түркістан идея­ларынан туындаған. Олардың біреуі – зиялы қауымның, әсіресе саяси қайраткерлердің тұтастық, азаттық мүддесіне интеллектуалды еңбегі мен әлеуетін жегуі, екіншісі – интеллектуалды әлеуетпен және кәсіппен экономика мен руханиятты, әл-ауқат пен халықты көтеруге қызмет етуі мәселелері.
Ұлттық тарих мысалында айтар болсақ, Түркістан зиялыларының тұтастық пен азаттық ісіндегі биік миссиясы ұлт-азаттық көтерілістері тұсында және Алаш қозғалысы жылдарында ерекше көзге түсті. Екінші методологиялық пайым отарлық және тоталитарлық қыспақтағы интеллигенция мәселесін зерттеуге септесетінін жоққа шығармаймыз. Дегенмен, оның ғылыми ақиқатқа жеткізетін әлеуеті тәуелсіздік тұсында ашылатынына көзіміз жетуде.
Жинақтай айтсақ, зиялы қауымның мәнін және миссиясын анықтайтын методологиялық өлшем мен қағидат медальдың екі жағындай ажырағысыз тұтастықтағы құбылыс.Осынау екі методологиялық қағидаттың тезіне сай зиялы – «неолиттік революциядан» бері нағыз зиялы. Марапатқа, мансапқа, мадаққа лайық жан. Өкініштісі – зиялыға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жылпосты, айталық, ғылымда сумақайлықпен (плагиат) дипломға, аттестатқа қол жеткізген әріптесімізді зиялы санап шатасатынымыз бар.
Ал, Шоқай методологиясының құдіреті адамның білімін, білігін еңбегінің мазмұнын бізге беймәлім қырынан сипаттағаны немесе соларды танып-білуге шылбыр ұстатқаны емес, яғни интеллигенцияны объект мәртебесінде зерделегені емес, оның интеллектуалды жасампаздығын уақыт пен кеңістіктегі, этнос тағдырындағы шешуші фактор әрі субъект ретінде дәйектегені. Қазақстан жағдайында – ол отар ел перзенттерінің туған халқы мен азаттық үшін күресін, мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткен сәттен отаны мен азаматтарының баянды егемендігін үздік интеллектуалды ықпалымен, жаңашылдығымен қамтамасыз етуі. Отар халық үшін тұтастыққа, мемлекеттік тәуелсіздікке жету қанша қиын болса, оны сақтай алу, нығайту, ұрпақтан ұрпаққа аманаттау одан да қиын. Ұлттық зиялы деп кімдерді айтамыз деген сұраққа М.Шоқай былайша жауап береді: «Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсат төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады»[4, 174-175]. Зиялысы әлсіз халық есеймейді, адал қызметімен халық қолдауына ие болмаған зиялы қауым пұшайман күйде қалады. М.Шоқайдың пікірінше, осынау екі қауымның бірлігін нығайтуда зиялылар белсенді позиция ұстауы керек: «Зиялылар өз халқына қызмет етудің, халықпен ортақ тіл табыса білудің негұрлым тиімді жолдарын таба білулері тиіс»[4, 176].
М.Шоқай ұлтының асыл қасиеттерін санасы мен жүрегіне дарытқан, оны әлемдік өркениет табыстарымен байыта алған Тұлға. Бүгін әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бағыты ретінде анықталған бәсекелік қабілет, прагматизм, білімнің салтанаты, сананың ашықтығы осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын оны әлемдік білімпаздар, методологтар шоғырына қосты. Қазақ халқы большевиктік бұғаудан бостандыққа шығатынын болжай алуы – кемел көрегендіктің классикалық үлгісі. «Біз, – деп жазды «Үлкен террор» басталған 1937 жылы,- ұлттық мемлекетімізге қол жеткенін көріп қана қоймай, оны құру істеріне де қатынасқымыз келеді. Біз үміттеріміз бен армандарымыздың орындаларына ешқандай шүбә келтірмейміз»[6, 86].
Шоқай арманы жүзеге асқан қазіргі таңда шоқайтануды асқаралы биікке көтеру иісі түрік ғалымдарының қасиетті қарызы мен парызы болып табылады.
Ол үшін мына іс-шараларды атқару керек:
1.М.Шоқай мұрасын әлем кітапханалары мен архивтерінен іздестіруді тоқтатпау. Оның өз қолтаңбасымен украин досы А.Я.Шульгинге сыйлаған «Туркестан под властью Советов» кітабы АҚШ-тағы Колумбия университетінде сақтаулы екенін 2001 жылы жазған болатынбыз.
2.М.Шоқай еңбектерін тәуелсіз түрік халықтарының тіліне, қолдан келсе, БҰҰ алты тіліне аударуды жүзеге асыру міндеті күн тәртібінде тұр. Кезінде бұл шығармалар Түркістанды, халықтарын әлемге танытқан еді.
3.М.Шоқай Кеңестік қуғын-сүргіннен қашып шетелге кетуге мәжбүр болды. Тоталитарлық билік КСРО ыдырағанша оны күйелеуін, жала жабуын тоқтатпады. Енді осының бәрін әшкерелеген, айыптаған, Шоқайды ақтаған саяси шешім қабылдайтын уақыт келді. Бұл бастаманы Қазақстан қолға алуы керек.
4. Оның шығармаларында Қазақстанның ғана емес, мұхиттан мұхитқа дейінгі елдердің саясаткерлері, әскери мамандары, ғалымдары мен жазушылары, дін иелері, ұлт-азаттық қозғалыс басшылары, тіпті студент жастары талдау мен таным объектісіне айналған. Егер шоқайтанушылар тобы немесе орталығы Тұлғаның Еуропа мен Америка, Азия мен Африка елдеріне қатысты қоғамдық-саяси, экономикалық, тарихи, т.б. интеллектуалды тұжырымдарының шетелдік тарихнамамен үндестігін, парқы мен нарқын аша алса, Қазақстан ғылымының айдарынан жел есер еді.
Шынтуайтына келгенде, XX ғасырда тәуелсіздікке дейінгі Қазақстаннан шықан бірде-бір қандасымыз интеллектуалды ізденісі және саяси қайраткерлігі арқасында Еуропаның төрінде отырып, М.Шоқайдай жаһандық «толық адамға», танымал тұлғаға айналған емес.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы: Он екі томдық. – Алматы: Дайк-Пресс.2014.Т.XI. – 568б.
2.Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы: Он екі томдық. – Алматы: Дайк-Пресс.2014.Т.XII. – 476 б.
3.Политология: хрестоматия/Сост.проф.М.А.Василик, доц.М.С.Вершинин.-М.: Гардарики.1999.- 846 б.
4.Шоқай М.Таңдамалы.-Алматы: Қайнар.1998. Т.1 – 512 б.
5.Әбсаттаров Р.Б. Саясаттану негіздері. Екі томдық. – Алматы: Қарасай. 2011.Т.1- 424 б.
6.Шоқай М.Таңдамалы.-Алматы: Қайнар.1999. Т.2 – 520 б.
7.Назарбаева Г.,Әбжанов Х. Қазақстан: тарих пен тағдыр.Мақалалар.-Алматы: «Кітап баспасы» ЖШС. – 2003.- 296 б.
8.Әбжанов Х. Қазақстан:ұлттық тарих, идея, методология.-Алматы: «Елтаным баспасы».-2014.-328 б.
9.Назарбаев Н.Ә. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру//Егемен Қазақстан.12 сәуір.2017.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.