Ұлттың рухы – «Қазақ» газетінде

  • 25.12.2018
  • 504 рет оқылды
  • 0

Светлана Смағұлова,
тарих ғылымының докторы,
Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің профессоры

ХХ ғасырдың басында ұлтымыздың жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне, мәдени және саяси-әлеуметтік ұйысуына негіз болған – қазақ мерзімді баспасөзі. Сол кездің өзінде Алаш қайраткерлерінің бірі Міржақып Дулатовтың баспасөзге байланысты: «Мерзімді баспасөз бізде қашан туғаны белгілі. Әр жұрттың, әр мемлекеттің мәдениет майданында ілгері-кейінгінің қатесіз бір өлшеушісі баспасөз болады. Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі екендігі көрінеді яки қай жұрт өнерлі болса, оның шексіз баспасөзі күшті болатындығы айдай анық, бұған еш нәрсе білмейтін надандар, соқырлар болмаса, көзі ашық, көңілі тетіктер көптен иман келтірген. Сондықтан, Еуропа жұрты баспасөзге «алтыншы мемлекет» деп ат қойған», – деп жазуы ақпарат құралдарының құндылығын айқындап берген еді.
1905-1907 жылдардағы Ресейдегі алғашқы демократиялық қозғалыстардан кейін Троицкі қаласында 1907 жылы наурыз айында Ж.Андреев, Е.Иманбаевтың бастыруымен, Хаим Шумлов-Сосновский шығаруымен «Қырғыз» (Қазақ) газеті дүниеге келді, бірақ ғұмыры қысқа болып, бір нөмірі шығар-шықпастан тоқтап қалды. Оның жолын «Серке» мен «Дала» газеттері де құшты.
Сахарадағы қазақтың көзі мен ағы болған алғашқы басылымдар «Айқап» журналы (редакторы М.Сералин) мен «Қазақстан» газеті ( редак. Е.Бұйрин) де бірер жылдар шығып тұрып, қиыншылықтарға кезігіп, тоқтауға мәжбүр болды.
Өзге өрелі, өркениетті елдердегідей ұлтты ұйыстырып, жан айқайынан жар салған, мәдени-ағарту жолына бастап, қоғамдық сананы өрістеткен ұлттық мерзімді басылымдар қатарында ұзақ жылдар шыққан, әрі халықтың көзайымына айналған – «Қазақ» газеті. Биылғы жылы «Қазаққа» 105 жыл толып отыр.
«Қазақ» батыл ойлар айтып, жарық өмірге жол сілтеген, журналистика саласында шоғыры биік басылымдардың бірі. Қазақ халқы үшін сол кездерде құлағы, үні, тілі болып, айналасына ұлт болашағын ойлаған қазақ азаматтарын біріктіре білген «Қазақ» газетін ұлт ұстазы, күрескер ақын, реформатор Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың жан жарасына айналған жер, тіл, дін, оқу және тағы басқа мәселелерді көтеретін басылымға айналдырды.
«Қазақ» – қазақ халқының тұңғыш, төл энциклопедиясы. Оның беттерінен бірінші жиһандық соғыс кезінен бастап, 1916 жылғы дүрбелең, 1917 жылғы қос төңкеріс тұсындағы қазақ халқының әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін, саяси жағдайларды, «Алаш» партиясының құрылу үрдісі, Алашорда үкіметінің қызметін таба аласыз. Оның қазақ үшін аса бағалы болғандығын кезінде Ахмет Байтұрсыновтың елу жылдық мерейтойына қатысты «Ақаңның юбилейі туралы» деген мақаласында Мұхтар Әуезов былай деп келтірген еді: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын».
«Қазақ» газетін шығаруға 1913 жылдың 5 қаңтарында Орынбор генерал-губернаторының рұқсаты алынып, алғашқы нөмірі 2 ақпанда Орынбордағы «Кәрімов, Хұсайыновтар баспаханасында» басылып шықты. Газеттің бір жыл болуына орай жарияланған «2-ші феурал» деген бас мақалада тәуекел деп газет шығаруды бастағанда небәрі 750 сом ғана қаражатымыз болып, жабылуға шақ қалғанда жұрт болып жабылып көтермелеп басылымның жабылып қалмауына жәрдем беруі, одан әрі халық игілігіне қызмет етуге жол ашқандығын айта келе: «Жұрт азаматтарының бірсыпыралары пұл жағынан, бірсыпыралары қаламмен білім жағынан, бірсыпыралары екі жағынан да жәрдем етті» деп, «Қазақ» атынан алғыс білдірген (Қазақ. 1914. 7 февраль).
Газетке жазылу бағасы бір жылға – 3 сом, жарты жылға – 1 сом 45 тиын, үш айға – 1 сом, жеке сатылуы 5 тиын болды. Бастапқыда газеттің төрт нөмірі «Қазақ» деген жазумен шықса, бесінші санынан бастап киіз үйдің суреті салынып, оның етегіне «Қазақ» деп айшықталып жазылып, 4 бет көлемінде басылып, аптасына бір рет, 14 түрлі бағдарламамен шығуды көздеді.
«Қазақ» өзінің алғашқы санына жариялаған «Құрметті оқушылар!» деп аталған мақалада басылымның біріншіден, халықтың көзі, құлағы һәм тілі дей келе, дүниеде болып жатқан істер, айтылып жатқан сөздерді осы газет арқылы оқып білуге болатындығын, екіншіден, газеттің жұрттың әлеумет басына қызмет етіп, жұрттың білімді, пікірлі көп көсемдері, оқығаны көп ғалым адамдары басшылық жасап тұратындығын, үшіншіден, бұл басылымның халыққа білім таратушы, төртіншіден, халықтың даушысы бола алатындығын сеніммен жеткізді. Газеттің не үшін «Қазақ» деп аталуының мәнісін «аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты» деп түсіндіре, басылымның ұлт үшін қызмет ететіндігін жеткізе, бірлесе қызмет етуге шақырды.
Үшінші нөмірінде газет өз мақсатын оқырмандарына «жұрттың пайдасына көз, құлақ болу. Елдің қандай мұң-зары һәм мұқтажы барлықты білдіріп тұру. Қазақ арасына ғылым таралуға, өнер жайылуға басшылық ету. Дүниенің әрбір халінен хабар беріп, басқа халықтарменен қазақты таныстыру» деп түсіндіре, тұрақты оқырманы болуға, атсалысуға шақырды.
Газеттің жарық көргенін күллі халық қуанышпен қарсы алды. Әр санында оның мақсатын, ұстанған бағытын құптаған шағын құттықтау хаттар жарияланып тұрды. Мәселен, Петербургта тұратын қазақтар «Қазақтың» қадамының қайырлы, өмір жасының ұзақ болғанын тілей келе, «…жаңа туған «Қазақты» бір жағадан бас, бір ауыздан сөз шығарып, жас та болса бастай көріп, халық ортасында «Қазақшы қылып, әркім шын көңілімен батасын беріп тұрса, біздің мұңды жұртымыздың мұңдасып, бірінің хал-жайын бірі біліп тұруында да «Қазақтың» жәрдемі аз тимес еді деп ойлаймыз» деген жүрекжарды тілектерін білдірген (Қазақ. 1913, 9 наурыз).
Шәһкәрім Құдайбердиев:
Дүниеге келді бізден бір
талапты ұл,
Ер жетсе, бар қазақтың
басшысы бұл.
Бөгеттен, ауру-сырқау
аман сақтап,
А, Құдай, Құтты өмірлі, бақытты қыл! – деп тебірене жырлап, газеттің қараңғыда жүрген халықты жарық сәулеге қарай сүйрейтініне, оған барлық қырғыз-қазақтар қолдау көрсететіндігіне сенім артты.
«Қазақтың» ұлт рухын көтеретін басылымға айналатындығына ұлт зиялылары үлкен сеніммен қарады. Сондықтан, алғашқы күннен бастап оның айналасына ұлттың ұйытқысы болған қазақ азаматтары мен зиялылары топтасты. А.Байтұрсынұлы мен М. Дулатұлы бастауымен жарық көрген «Қазақтың» ғұмырлы болуына Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, М. Тынышбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Р.Мәрсеков, М. Жұмабаев, Х.Ғаббасов, Ғ.Қараш, Ж.Жәнібеков, Ж.Тілеулин, Ғ.Мұсағалиев, Х.Болғанбаев, Ж.Ақпаев, Ж.Басығарин, А.Сейітов, Ж.Сейдалин, С.Торайғыров, А.Мәметов, А.Жанталин, С.Дөнентайұлы, Х.Досмұхамедұлы сияқты оқымысты орта басылымға халқымызды мазалап жүрген өзекті мәселелерді қозғауға тырысты. Жер, дін, тіл, оқу-ағартуға қатысты аса қажетті ұсыныстар айтып, оны бірлесе шешуге шақырды.
«Қазақ» газетін ұлттық деңгейге көтерген, ел жаңашыры болған – Ахмет Байтұрсынов. Газеттің тоқтаусыз 1913-1918 жылдар аралығында жарық көруіне, оның тартымды да, маңызды болуына қыруар еңбек еткен Ахметтей адамдар дүниеге бір рет қана келері сөзсіз. Ахаңның басшылығымен «Қазақтың» 265 саны жарық көріпті. Онда қазақ халқының ең түйінді мәселелері көтерілді. Ұлтымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігі, ішкі және саяси жағдайы, экономикалық-әлеуметтік, мәдени, оқу-ағарту, дін мәселелері жан-жақты қамтылды. Халқымызда атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрі, жоралғылары, тарихын насихаттаған басылым ұлтының ұлт болып қалуына бар жанын салды.
«Қазақтың» негізін қалаудағы ерен еңбегін оның бетінде қазақ халқының мұң-мұқтажын батыл көтергендігін 50 жылдық мерейтойында Міржақып Дулатов жоғары бағалаған.
«Қазақтың» халық үшін атқарар ұлттық маңыздылығын көре білген Ахметтің қасында Әлихандай ақылшы, демеушісі, Міржақыптай серігі болды. Ол газеттің шығуына қыруар күш жұмсады. А.Байтұрсыновпен бірге басылым бетіне сыни мақалаларды батыл түрде жариялап отырды.
«Қазақтың» шығуына оның бастырушысы болған Мұстафа Оразаев көп еңбек сіңірген. Бұхара қаласындағы діни медреседе, Уфадағы «Ғалия» медресесінен білім алған Мұстафа «Қазақ» газетін шығару ісінде ұйымдастырушылардың бірі болса, әкесі Ахмет ишан газетті шығаруға қаржылай көмек көрсетіп, оқу-ағарту ісіне арнап мақала жариялаған.
Газет басынан үлкен қиыншылық-тарды да кешірді. Бұл бірінші, қаржы тапшылығы болса, екіншісі, патша саясатына қарсы сын-пікір айтқаны үшін үкімет тарапынан қысымшылыққа түсуі. Жалпы, «Қазақтың» жарық көруіне елдің игі жақсы адамдары мен байлары, оқу орындарында оқыған студенттер мен оқушылары қаржылай көмек көрсеткен.
Қиын-қыстау уақытта «Қазақтай» басылымды 1913 жылдан бастап 1917 жылдың қыркүйегіне дейін Ахмет абыроймен атқара білді. «Қазақ» бетінде сыни, өткір мақалаларды жариялағаны үшін А.Байтұрсынұлына ақшалай айыппұл салынды. 1928 жылы жазған өмірбаянында Ахмет Байтұрсынұлы: «1913 жылы «Қазақ» газетінің ашылуын ұйымдастырдым, оның редакторы ретінде қызмет атқардым. Аталмыш газетті редакциялап жүргенде бірнеше мәрте әкімшілік жолымен айып тартып, тұтқындалдым, сондай-ақ Қарқаралы станциялық приставының почта абыройын төгетін мағлұматтарды баспасөзге шығарды деп айыптауына байланысты ісім сотқа берілді. 1917 жылдың соңына дейін редактор болып істедім», – деп жазды. А.Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойына орай жарияланған өмірбаяндық очеркінде М. Дулатов оның «Қазақ» газетін шығарудағы ерекше еңбегін бағалай отырып, газет өзінің өмір сүрген жылдары елдегі келеңсіз жәйттерді, парақорлықты, алаяқты айқын сынға алғаны үшін бірнеше рет патша әкімшілігі тарапынан салынған айыппұлды төлеуге мәжбүр болғанын келтірген болатын. Сөйтіп, «Қазақ» патша әкімшілігінің қатаң бақылауына ілігіп, әрбір жарияланған мақалалар жіті тексерілді.
1913 жылдың күзінде генерал-майор Сухомлиновтың тапсыруымен құпия түрде газетке шыққан материалдарды сүзгіден өткізу мәселесі Торғай облыстық Басқармасының тілмашы болған Тұңғашинге тапсырылған.
«Қазақ» газетінің бетіне саяси билікке қарсы жарияланған мақалалар болған жағдайда оның редакторын заңдық жауапкершілігіне тарту қажеттігі құпия түрде баспа ісі Бас басқармасына хабарланып отырылды.
Бастапқыда таралымы 300-дей болған басылым, кейін 3 мыңға жетіп, қазақ арасына кең тарады. Тіпті Орынбор, Уфа, Қазан, Петербург, Түркия, Қытай жеріндегі қазақтар алдыртып оқытқан.
Мәселен, 1913 жылдың ішінде Торғай облысында – 694, Семей облысында – 612, Ақмола облысында – 586, Сырдария облысында – 327, Орал облысында – 301, Жетісу облысында – 157, Ішкі Ордалықта – 136, Ферғана облысында – 30, Самарқан облысында – 8, Закаспий облысында – 56 қазақ газет алып тұрса, Орынбор шаһарынан – 37, Уфадан – 14, Қазаннан – 13, Қытайдан – 10, Петербургтан – 9, Түркиядан – 5, Мәскеуден -3, Том қаласынан – 3, басқа қалалардан -37, барлығы – 3007 адам тұрақты оқырманына айналған (Қазақ. 1914. 23 қаңтар).
Газеттің шыққан кезінен «Ішкі хабарлар», «Сыртқы хабарлар», «Басқармаға келген хаттар», «Өлең-жыр», «Оқшау сөз», «Соғыс хабарлары», «Газеталардан» деген тұрақты айдарлар болып, осы айдарларға сай материалдар жарық көрді. Газет сол кездегі қиын жағдайға қарамастан әлеуметтік мәселені де, шаруашылық істерді де, саясатты да батыл көтерді.
Қаржы тапшылығы туындаған кезде газет қаржы мәселесін шешуде «Азамат» серіктігін құрып, бұған басылымға жаны ашыған зиялылар енді. Серіктестіктің құрылуын Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов газетке жариялаған «Алаш азаматтарына» деп аталған мақаласы мен серіктестіктің шартында газет, журнал, кітаптар бастыру арқылы қазақ арасына өнер, білім жаю деп түсіндірген.
Халықтың мұң-мұқтажын көтере білген газеттің үздіксіз шығуына көмек ретінде қаржылай көмек көрсетушілердің қатары көбейе түсті. «Қазақтың» алғашқы жылының өзінде ілгері қатарда оқығандары, білімділері қолынан келгенше көмегін аямай, газетке тегіс жазылған. Ниетші болған. Газеттің бір жылға толуына орай жіберілген жеделхаттарда да оның өмірлі болып, ілгері басуын тілей отырып, жұрт пайдасына қызмет ететіндігіне сенім білдірген.
Алғашқы шыққан жылдың өзінде газет қазақ жұртына қажетті мәселелерді көтере білді. Нәзипа Құлжанова «Қазақтың» бірінші жылдағы қызметін жоғары бағалап, алдағы жылдарда да халықпен мұңдас, сырлас болатындығына тілектес бола отырып, «Қазақты» көркейтуге шақырған (Қазақ. 1914. 30 март).
А.Байтұрсынов, М.Дулатов сияқты газет басшылары халық арасына ұйымдастырушылық және іскерлік, журналистік шеберліктерімен танылып, ұлт басылымын жоғары деңгейге көтерді. 1915 жылдың басынан бастап «Қазақ» газеті аптасына екі рет шыға бастады.
1917 ж. Ақпан төңкерісі қарсаңына дейін «Қазақ» ұлттық-бейресмилік газет ретінде өз айналасына қазақ ұлт зиялыларын топтастырып, қоғамда болып жатқан түрлі оқиғалар мен құбылыстар, Қазақстанның саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайы туралы материалдар жариялап, ресми орындардың қатаң бақылауында болса да бүкіл түркі-мұсылман интеллигенциясының патша үкіметінің отаршылдық жүйесіне қарсы наразылықтарын көтере білді.
Газеттің бірден бір көтерген мәселесі ғасырлар бойы атадан балаға мұра болып келген жер мәселесі болды. «Қазақ» өзінің алғашқы санынан бастап жерді халықтың өзіне қайтару қажеттігін көтерді. Қазақ жерінің қандай жағдайда мемлекет меншігі ретінде тартылып алынып, келімсектерге біріліп кетпеуі жолында түрлі пікірлер айтылып, ашық талқыға салынды. «Қазақ қайтсе өз жерін аман сақтап қалады, отырықшылықпен бе, жоқ әлде көшпелі қалыппен өмір сүре отырып па?» деген көкейтесті сұрақтардың айналасында жауап іздеді. Патша өкіметінің қоныс аудару саясаты, басы артық жерлерді кесіп алу туралы нұсқаулар, жерді жалға беру, қоныс аудару басқармасының озбырлығына наразылық, қоныс аударушылар мен қазақтар арасындағы қарым-қатынастар, жер бөлу ісі және тағы басқа жерге қатысты мәселелер төңірегінде жаңашыр игі қазақ азаматтары мен Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, А.Жанталин, М.Есболов, Р.Мәрсеков, Ж.Сейдалин сияқты зиялылар қалам тартты.
«Қазақ» газеті Ресей империясы мен шет мемлекеттер арасында болып жатқан саяси оқиғалар барысын оқырмандарына дер кезінде жеткізуге тырысқан. Балқан соғысы, бірінші империалистік соғыстың басталуы мен оның барысы, Ресей мен Түркия арасындағы қарым- қатынастар, соғыс техникасы мен қару-жарақтар, Қытай елінің өз тәуелсіздігін қорғау үшін күрес барысы және дүниежүзілік империалистік соғыстың Қазақстанға тигізген әсері басылымның маңызды хабарлары болды. Өкінішке орай, осы материалдарды әлі күнге дейін сыртқы саясат мәселесімен айналысып отырған ғалымдар өз зерттеулерінде араб графикасын оқи алмағандықтан қолдана алмай отыр десек те болады.
«Қазақ» газеті 1916 жылғы 25 маусымдағы бұратана атанған халықтарды тылға қара жұмысқа алу турасындағы патша Жарлығына қатысты туындаған жағдайды, ұлт зиялыларының осы мәселе төңірегіндегі ой-пікірлерді талдауға алған бірден-бір басылым болды. Тыл жұмысындағы қазақтардың ауыр жағдайын көтеріп, дабыл қаққан да осы «Қазақ».
Ақпан төңкерісі барысындағы Ресейдің ішкі саяси жағдайына сараптама берген де, қазаққа жол, жөн сілтеген де осы басылым. Патша үкіметі құлағаннан кейін бұл басылым ұлт зиялыларының органына айналып, елдегі саяси жағдай, демократиялық өзгерістердің жүргізілу барысы жайында мағлұматтар жариялап, Ақпан революциясының нәтижесінде құрылған Уақытша үкіметті қолдауға, Құрылтай жиналысына әзірлік жұмыстарын жүргізуге шақырды.
«Қазақ» газеті «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің үні болды. Алаш қозғалысының әрбір қадамын айнаға басқандай тізіп, аласапыран тұста адаса бастаған қазаққа бағыт берді. Сонымен қатар газетте «Алаш» партиясының бағдарламасы, оның саяси қызмет барысы туралы, ұлт зиялыларының идеологиялық-демократиялық ой-пікірлері басылды. Бұл басылымдарда жарияланған материалдардың деректік құндылығын соңғы жылдарда жазылған ғылыми жұмыстар дәлелдеп отыр. «Қазақ» арқылы Алаш тарихына байланысты кем-кетігіміз толықтырылды.
Қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық дамуын, оның ішінде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп пен сауда мәселесі, ел мәдениеті, әдебиеті, тарих мен этнографиясын да «Қазақтан» табасыз. 1918 жж. ұлттық-демократиялық басылым кеңестік жүйеге берік орныға бастаған тұста жабылып, олардың орнына большевиктік газеттер шығарыла бастады.
Кейінгі жылдары, әсіресе тәуелсіздігімізді алған 20 жылдың ішінде «Қазақ» газеті Ү.Субханбердина, К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев, Ғ.Әнес, Қ.Атабаев, Б.Момынова, Ө.Әбдіманов, Қ.Сақ және т.б. ғалымдардың зерттеулерінде талдауға алынып, өз бағасына ие болды.
«Қазақтың» тарихи және танымдық құндылығын танытқан Ү.Субханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сақовтардың құрастыруымен 1998 жылы «Қазақ» газеті» атты жинақ жарыққа шықты.
«Қазақтың» факсимилдік нұсқасын қазіргі емлеге түсіруде ғалымдар Ғ.Әнес, С.Смағұлова, Т.Зәмзаевалар «Қазақ» газеті. 1913 жыл», «Қазақ» газеті. 1914 жыл» деп аталған екі бірдей томды, ал, С.Смағұлова мен Г.Әбікованың «Қазақ» газеті. 1915 жыл» томын шығаруы және алдағы уақытта басылымның басқа жылдарғы жинағын шығаруға кірісуі игілікті іс деп атауға болады. «Қазақтың» толықтай бес томдығы оқырмандардың, ғалымдардың қолына тисе, біріншіден, одан құнды материалдарды алары сөзсіз, екіншіден, әлі де ашылмай жатқан бүркеншік есімдер танылар еді.
Сөзімізді түйіндей келе, Қазақстанның азат ел болуын аңсаған алғашқы қазақ интеллигенттерінің «Қазақ» беттерінде жер, тіл, дін мәселелерін көтеріп, оның шешімін табуға тырысқандығы, еліміздің ұлттық тәуелсіздігі жолындағы күрес тәсілдерін осы басылымдар арқылы көтере білуі ХХ ғасыр басындағы ірі жемісі дер едік.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.