ТЕМЕНОВ ӨТКЕНГЕ КІМНІҢ КӨЗІМЕН ҚАРАЙДЫ?

  • 08.11.2012
  • 1713 рет оқылды
  • 1

Амангелді МҰҚАН,
М. О. Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институты Театр өнері бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты

«Время» газетінің соңғы санында (13.12.2011 № 184/1346/ 12 бет) кинорежиссер Талғат Теменовтің «Хиджаб для Кармен» атпен сұхбаты жарияланыпты. Әдеттегідей, газеттің соңғы бетін­дегі өнер адамдарымен болатын қатардағы сұхбаттың бірі болып көрінгенмен, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, соңғы кездері «Менің күнәлі періштем» атты жаңа фильмімен есімі ауызда жүрген кино режиссер, Ғ.Мүсірепов атындағы Академиялық жастар мен балалар театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменовтің журналистің қойған сұрағына берген жауабы бізді елең еткізді. Материалдары қоғам өмірінің өткір мәселелерін батыл көтеретін, тіпті, бет-жүзің бар демей ашық жазатындығы да бар, барша орыс тілді оқырманға тарайтын газет бетінде сұхбат кейіпкері өзін басқа бір қырынан көрсетіпті. Онда ХІХ ғасырдағы француз жазушысы П.Мерименің новелласы, кейін композитор Ж.Бизенің тамаша операсы арқылы кеңінен танылған Кармен образы кезекті сахналық жұмысы болатынын және дәл қазір Кармен тарихынан өзге қаны сорғалаған заманауи тақырып жоқтығын, ал, қазақ авторларының ішінен ондай шығарманы шам алып іздеп те таппағаны жайлы өз ойын дәлелдеуге тырысады. Біз айтылғандардың бәрін қопсытпай, қазақ ұлтының намысына тиетін бір-екі мәселе жайлы ғана ой бөлісуді жөн көрдік.
Біріншіден, тәуелсіз мемлекеттің, қазақ ұлтының идеологиялық ұстанымдарын жүзеге асыратын мекеменің басшысы ретінде, екіншіден, қазақ халқының сөз зергері атанған классик жазушысы Ғ.Мүсірепов атын иемденген республикадағы белді академиялық театр жетекшісі бола отырып осындай қоғамдық пікір айтуының өзі Талғат Теменов туралы әртүрлі ойға жетелейді екен.
Материалға толық бағаны көзі қарақты оқырманның өзі берер. Бірақ, біз осы жерде сұхбаттың басты кейіпкерінің аузынан шыққан ойларының ішінен бірнешеуіне байланысты өзіміздің келіспеушілігімізді ашық білдіреміз. Олар: Тәкеңнің белгілі орыс суретшісінің кескіндемесіндегі сипатталған қазақ қыздары (Кармендері) туралы ойы, өзіміз аса мақтанышпен ауызға алатын іргелі қазақ әдебиеті, драматургиясы жайлы аузын қу шөппен сүрткені, есімін зор ілтипатпен құрмет тұтатын ұлт драматургиясының көшін бастаған классик жазушымыз М.О.Әуезов шығармашылығы жайлы айтқан пікірлері.
Қазақта «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген сөз болушы еді. Біздің басты кейіпкеріміз, барша қазақтың оң деп таныған тірлігін, қоршаған орта мен өмірге деген философиялық көзқарасын бір сәтте дәл Кармендікі сияқты еркін, отша шарпитын махаббаты болмағандықтан жоққа шығарып, айды аспанға бір-ақ шығарыпты. Т.Теменовше бұлай сөйлеу елдігімізге, қазақ деген атымызға сын болса керек. Оның дәл осылай сөйлеуінен, өз ұлты, оның ұлық тұлғалары жайлы айтқан ой желісінен ұққанымыз, елінің, жерінің, ана тілінің қамын ойлаудан гөрі орыстілді басылым оқырмандарының ығына жығылып, ұлтының мүддесін жығып бере салғандай солқылдақтықты көргендей болдық.
Оқырманға түсініктірек болу үшін аталмыш сұхбаттан үзіндіні келтіре кетейік. Онда «шынайы махаббат, күнәлі махаббат, еркін махаббат тақырыбы бар» Карменді бүгінгі күннің басты кейіпкері етіп таңдаған режиссерге журналистің «И все же вас могут упрекнуть в отсутствии морали. На улицах девушки в хиджабах, а вы про­славляете свободную любовь…» деген сұрағына айтқан уәжіні соңында «…Посмотрите альбом картин художника Хлудова, его зарисовки с натуры в степи: здесь очень много обнаженных женщин, не стесняющихся своей наготы. А вот народная забава – полуразде­тые женщины зубами развязывают привязь верблюда. Эти женщины гораздо ближе к Кармен, чем к закутанным в платки женам боро­дачей. Вот наши корни, вот наше отличие от соседей! (бөлектеу біздікі М.А.) И будущее страны в образовании и многоя­зычии, а не в выяснении, кто тут лишний» – дейді.
Әйтеуір, мысал ретінде суретші Н.Хлудовтан келтірген дерекке, ол өзі толығымен сенген кейпі бар. Бейне «шынында да солай екен ғой» деп қабылдайтын аузы ашылған аңқау балаларының қалпын еске салады. Бұнысымен ол, дүйім жұртқа (орыстілді оқырманға) қазақ қызының шынайы келбеті бұрын қандай болғандығын дәлелдеп танытқысы келгендігі буынсыз жерге пышақ салып, бүйректен сирақ шығарудың нағыз өзі ме дейміз. Оның осылай беталды айтқан ойлары онсыз да дәстүрлі діни наным-сенімдерімізге сан түрлі жат ағымдар араласып басы қатып жатқан қоғамдағы қандастарымыз арасындағы өзара қызу пікірталас өршіп тұрғанда көпе-көрнеу отқа май құйғанмен бірдей болып шыққаны анық.
Ал, Н.Хлудовтың суреттеріне қайта оралсақ, ондағы бейнеленген қазақ халқының тұрмыс көріністері, ондағы суретші жіберген қателіктер жайлы сол кездің өзінде танымал қоғам қайрат­керлерінің көзқарастары белгілі болатын. Оны біздің сұхбат кейіпкерінің білмегендігі немесе біле тұрып өткен ғасырдағы қазақ өмірінің жанды құжатындай болған дереккөзі ретінде өз ойын дәлелді беруге талпынысын көреміз. Қайткенде де, Н.Хлудов салған қазақ өмірінің этнографиялық көріністері, ондағы бейнелеген әйел қыздардың кейпі ХХІ ғасырдың қазіргі жастары үшін үлгі етіп аларлықтай немесе сол кезеңнің бұлтартпастай құжаты бола алмасы анық. Суретші ХІХ-ХХ ғасырлар басындағы қазақ тұрмысын, қазақ қыздары мен әйелдерінің кейпін өз көрермендерін таңдандыру үшін экзотикалық тұрғыда, жартылай жалаңаштап біраз дүние жазады. Бірақ, бұл суреттердің кезінде қазақ тұрмысы мен өмірінен хабары аз адамдар үшін әсірелеп берген суретшінің қиялынан шыққанын, шынайы қазақ өмірін мүлдем ашып тұрмағанын алаштың көсемі Ахмет Байтұрсынұлы арнайы сараптамадан өткізіп, тасқа басқандай етіп жазып кеткен болатын. Ол сараптаманың мазмұны жайлы белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісімақова өзінің «Алаш әдебиеттануы» атты кітабында «Ұлттың түсініктері мен ұлттық құндылықтардың сақталмауы суреткердің басты қатесі болып айқындалған» /Ісімақова А. Алаш әдебиеттануы. –Алматы. Мектеп, 2009. 560 б. 179 б. / – деп өзінің орынды бағасын береді. Онда қазақ өмірі мен тыныс-тіршілігін ішінен терең білетін белгілі тұлға кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарында мемлекеттік мұражайда қызмет істеген кезде өзінің замандасы Н.Хлудовтың арнайы қорға алынған көп мұрасының ішінен 18 суретіндегі өмір шындығынан алшақ кеткен детальдерді нақтылы, тізбелеп тұрып келтірген еді. Міне, осы зерттеуде автордың ерекше тоқталған тақырыбы суреттегі қазақ әйелдері мен балаларын суретшінің бұрыс бейнелеуі, қазақ ұғымына сай емес көріністер арқылы көрерменді шатастыруын ашып, бұлтартпас дәлелдермен санамалап берген-ді. Ал, әлде бұл мақаладан хабары жоқ, әлде ұлттық ерекшеліктен, ұлттық санадан алыста қалған, әлде сөз тигенде аузына келгенді қойып қала беретіні белгісіз. Ендеше, Т.Теменовтің бұл мақаладан хабары болмаса керек. Н.Хлудовтың жасаған жартылай жалаңаш, ұятты жерлерін ашып тастаған қазақ әйелдері мен қыз балаларының суретін мысал етіп алдыға тартып, ХХІ ғасырдаға қазақ қыздарының жүріс-тұрысын, келбетін, мінезін сол суреттерден көруге шақыруының ағаттық екендігін түсінбегендігі өкінішті. Сөзіміз жалаң болмас үшін А.Байтұрсынұлының жазған сараптамасынан үзінділер келтірейік: «… художник (Н.Хлудов М.А.) находил целесобразным изоброжать казахский быт в таком виде, который бы соответствовал понятию большинства людей о казахах, представляющихся им полудиким народом, или, может быть художник имел поверхностное знакомство с казахской жизнью и потому не мог изобразить ее в качестве обычного быта».
Только при таком подходе художника к своим работам могли иметь место нижеуказанные изображения.
1. Изображение казахов и казашек полунагими. Обычно казашки полунагими совсем не работают, а казахи работают в редких случаях.
2. Изображение девушек-казашек почти везде без головного убора, с растрепанными или всклоченными волосами.
Обычно девушки-казашки с непокрытой головой не ходят. Без головного убора бывают в тех случаях, когда хотят пощеголять своими волосами. Не растрепанными или всклоченными, напротив гладко причесанными и красиво заплетенными.
1. Изображение казашек босыми. Взрослые казахи и казашки босыми обычно не ходят. Встречается хождение детей босыми до 12-13 лет, а совершенно голыми до 4-5 лет.
2. Изображение юрт-одиночек. Обычно казахи живут аулами: причем они группируются в аулы не просто по прихоти, а по хозяйственным соображениям.
3. Изображение людей, вещей и процессов в отдельности правильное, а в комплексе жизни неправильное.
Благодаря всему сказанному, картины Хлу­дова прекрасны по исполнению, по содержанию же имеют существенные недостатки и производят этим на обозревателей, знающих казахский быть, впечатление надуманного и потому отчасти чуждого и отчасти фальшивого (Бұл да сонда. 180 б.Бөлектеу біздікі М.А.) – дейді.
Иә, Хлудов заманында қазақты жабайы, жартылай жабайы деп есептейтін орыс көп еді. Қазір орыстар өйтіп ойламайды. Ендеше, Хлудовтың осы суреттеріне бүгінгі біреулер болмаса, ұлттық намысы бар қазақ сын көзбен қарары анық.
Ал, енді, сұхбат кейіпкерінің сүйсіне тамашалайтын – жалаңаш әйелдің тісімен сыйлықтар байланған жіпті шешіп жатқан көріністі бейнелейтін «Праздник с призами» атты кескіндемесіне келейік. Бұл туралы А.Байтұрсынұлы «… Художник Хлудов в личной бесседе со мной рассказывал, что он сам имел случай видеть подобного типа забавы. Не верить ему имею основания. Поэтому могу указать на ряд несоответствий, допущенных им в изображении называемого им признака с обычной бытовой стороны» (Бұл да сонда 184-185 бб. Бөлектеу біздікі М.А.) деп басталатын бір беттен тұратын ең көлемді сараптауында, қазақ өмірі мен тұрмысында мұндай көріністің болуы мүмкін еместігі жайлы қисынды дәлел айтады. Осы келтірілген үзінділерден-ақ біз сөз еткен сұхбатта берілген пікірдің негізсіздігі, режиссер көзқарасының қателігі көрінеді. Оcындай детальдерді білмей «Вот наши корни, вот наше отличие от соседей!» – деп, бүкіл қазақ халқының абыройына нұсқан келтірген. Халқымыздың ардақ тұтқан аналары мен қыздарының образын көрші қонған халықтардан бөлектеп, озық етіп көрсетемін деген «жақсы» ойынан керісінше «қолайсыз» образ туындаған.Артық қыламын деп тыртық қылған көкеміздің келеңсіз әрекетінен тіксіндік.
Қазақтың жастары мен бүлдіршіндеріне жол көрсететін, эстетикалық тәрбие егетін, халқының салты мен дәстүрінен тағлым алдыратын, сол арқылы тәуелсіз Қазақстанның ертеңі болар ұлтын сүйетін отаншыл, халықшыл жастарының санасына от жағатын мемлекетіміздің басқаларға үлгі боларлық бас театры жетекшісінің айтар сөзі мен жасап жатқан тірлігі (қойылымдары) сол журналистің сөзімен айтқанда «Правильные режиссеры к юбилею независимости делают совсем другие спектакли, а вы выбрали, простите, заграничный сюжет про шалаву…» (бұл да сонда. бөлектеу М.А.) болса, республиканың басқа театрларына қандай үлгі, қандай өнеге?
Сонан соң, журналистің: «Неужели нельзя было найти про любовь у казахстанских ав­торов? – деген сұрағына Т.Теменовтің берген жауабына біз тағы да ішіміз тітіркеніп қалды. Ол: «Не нашел такое современное произведение. Я же не могу ста­вить пьесу АУЭЗОВА, написанную в 1913 году. Это взгляд человека XІX века, а на дворе уже XXІ. Наши классики принадлежат другой эпо­хе. Я вижу в автобусах, на улицах современных Кармен, за послед­нее время их становится все боль­ше» – дейді. Бұл берген жауабынан да, әрбір сөзінен шындыққа сай келмейтін тұстарын көргесін арнайы тоқтауға тура келді.
Иә, қазір еркін шығармашылықпен де, арнайы тапсырыспен де жазылып жатқан заманауи авторларының пьесалары баршылық. Олардың көркемдік сапасының төмен екендігімен де келісеміз. Оны айтып та, жазып та жүрміз. Сол сапаны бүгінгі таңда биікке көтеретін театр, театрдың қоюшы режиссері. Драматург-автормен театр ұжымының бірігіп жасалатын ортақ жұмысы ғана оң нәтижеге жеткізетінін күнделікті тәжірибе дәлелдеген. Сол шығармалар ішінен театр, оның қоюшы режиссері өз авторын, шығармасын, тақырыбын тауып драматургпен біргелікте сахналық процесс барысында ширатып қоя алғанда сахнаға халыққа азық болар сапалы туынды келеді. Әттең, сұхбат кезінде Талғат Теменов қазақтың не қазіргі, не бұрынғы авторларын танығысы келмейді, немесе танымайды. Сондықтан, оның мұндай келіспеген пікір таратуының қисыны жоқ деп білеміз.
Т.Теменов бұнымен қоймай осы сұхбатта тағы былай дейді: «Я выбрал самое яркое произ­ведение про любовь и свободу. Авсякого рода кампании к датам – недля творческих людей. Когда надопустить недостроенный завод, можно взбудоражить людей ка­кой-то датой, призывом. В театреже такие идеологические авралы – бред собачий». Бұл не сөз? Еліміздегі өз күнін өзі көріп жүрген, еркін шығармашылықпен айналысатын, өзі би, өзі қожа жеке театрлар жетекшілері осылай деп жатса «е-е, демократиялық қоғамдағы еркіндіктің жемісі ғой» деп амалсыз келісе салар ма едік. Ал, мемлекеттің бюджетінен қаржыландырылатын, оның жасап отырған барлық игілігімен заңға сәйкес пайдаланатын қазыналық кәсіпорынның маңызды саяси мәні бар іс-шара жайлы әңгіме қозғаған сәтте қиқарлана бұра тартуына не жорық болғанын біз тағы түсінбедік.
Біз сұхбат кейіпкерінің бұл ойынан, бүгінде республика театрларында кең етек алған қолайсыз көрініс, көркемдік жетекші һәм бас режиссердің шығармашылығында бұрыннан байқалған, белгілі автордың белгілі шығармасына инсцинировка жасау арқылы спектакльге өзі автор, өзі драматург, өзі режиссер болуды мақсат тұтқан үйреншікті қолтаңбасын көреміз. Қаламын ұштап жазсын, шабытын шақырып қойсын – қызғанбаймыз, қуанамыз. Бірақ, өзгенікін зор, өзінікін қор санағаны жанға батады.
Қазақ театрының тарихында өшпестей із қал­дырған Мұхтар Әуезовтей талантты жазу­шының шығармашылығын өткен дәуірдің ескілігі, тарихтың қоқысына апарып тастап, оның шығармаларын менсінбеу (басқа сөз таба алмай отырмын) бұл тағы да көрегендіктен немесе білгендіктен айтылып жатқан сөз болмаса керек. Нақтылай кетсек біріншіден, М.Әуезов ХІХ ғасыр аяғында (1897) туып толығымен ХХ ғасырда қалыптасып сол ғасырда бақилық болса да, ХХІ … одан кейінгі ғасырларда өмір сүретін заманауи суреткер. Ал, біз өзіміз (Сіз де) жазушы өмір сүрген сол ХХ ғасырдан аса алшақтап кете қойған жоқпыз. Өзі өмір сүрген қазақи ортаны, сол қазақтың талантты тұлғаларының келбетін өлместей етіп жазып кеткен осы жүзжылдық қана емес, барша келер ұрпақтың да азығына айналған жазушы. Демек қазақ ұлты, тілі, рухы бар жерде М.Әуезов шығармалары заманауи автор ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек. Оны классик жазушымыз деп мойындасақ, демек оның шығармаларын да өлмес туындылар деп танығанымыз. Бірақ, сұхбат авторы М.О.Әуезовке классик деген атты қиғанымен оның туындылары мен барлық рухани әлемін өткен заманның ескілігіне теліп, сыпырып, сиырып бұрышқа шығарып тастапты.
Сұхбат авторының айтқан деректері бірнеше түзетулерді қажет етеді. Біздің азды-көпті оқып зерттегеннен білетініміз, режиссер үшін сахнаға қоюға қиындық тудырарлық М.Әуезовтың 1913 жазылған пьесасы болған жоқ. Ол жылдары М.Әуезов 16 жастағы мұғалімдер семинариясының оқушысы болатын. 1917 жылы Ойқұдық жайлауында оның алғашқы шығармасы болып танылған «Еңлік Кебек» пьесасынан көрініс қойылғанмен бізге жеткені 1922 жылы өңделіп, өзгертіліп Орынборда баспадан жарық көрген нұсқа болып есептеледі (Құндақбайұлы Б. «Мұхтар Әуезов және театр» –Алматы. Ғылым. 1997 248 б. 44-45 бб). Драматург одан кейін де бұл шығармасына сан мәрте қайта-қайта оралып қазіргі қолда бар 1958 жылғы соңғы толықтырылған нұсқа. Егер, режиссер мырза өзі мойындағандай ұлттық классикаға айналған шығармаларды сахнаға қоя алмаса, ол дүниелерден бүгіннің өзекті тақырыбын таба алмаса онда мәселе М.Әуезовтың шебер жазылған пьесасында болмағаны. Демек, әңгіме өзегі бүгінгі сұхбат кейіпкерінің жеке басына ауысады. Қазақ сахнасының аға, орта буын А.Тоқпанов, Ә.Мәмбетов, Е.Обаев, Ж.Хаджиев, т.б. сынды режиссерлер ізімен ұлттық классик авторларымыздың 5-10 пьесасын сахнаға қойып барып әлгіндей ой-пікір айтса әңгіме басқа. Шығармасын өзі жазып өзі сахнаға қоятын автор-режиссер үшін өзінен басқа авторитет, өз туындысынан басқа классика жоқ. Сондықтан, шын мәніндегі классикалық үлгіде жазылған туындылар архаикалық ескілік болып көрінуі де заңдылық.
Сұхбат авторының айтқан уәжіне келіспей­тіндігімізді білдіре отырып пікірімізді Қазақстанда өзінің 15-тен аса тамаша спектакльдерімен танылған опера режиссері ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2005) Юрий Исаакович Александровтың ойымен жалғағымыз келіп отыр. Ол Астана опера театрының тапсырысымен 2006 жылы М.Әуезовтің либреттосына жазылған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсын сахнаға қоюға дайындады. Сол жолы режиссермен сұхбаттасу барысында жазушының, оның көркем шығармасының классикалық туынды аталуына байланысты қойылған сұрақтар төңірегіндегі ой толғағы бізге қызықты болып көрінді. Ол: «Чем отличается классика? Главная её примета -то, что её можно ставить в любое время, она звучит, а если не звучит, значит это – не классика. Например, Чехов – это классика: его можно ставить в любое время, и – по разному. Именно по этой причине я взялся за «Абая» и сделал его сегодня. Потому что эта тема сегодня звучит, значит – это классика» (Призвание театра – вести публику за собой. Режиссер Ю.Александровпен сұхбат, // Айт. 2007. № 3, 9-13 бб.) – деген болатын. Ойымызды ресейлік, осы режиссердің М.Әуезовтың бұдан жарты ғасырдан аса уақыт бұрын 1939-40 жылдары жазып сахнаға қойылған дүниесі, Абай образын бүгін қалай көргендігі, қою керек деген ізденісі үстіндегі пікірімен қорытындыласақ.Ол: «Я много читал Абая и на основании этого делал спектакль. Меня Абай волновал, преж­де всего, как человек, как личность. Для меня его художественные творения – главное. И скажу, что Абай – это философия, которая с каждым днём, с каждой минутой становится всё актуальнее. Он всё предвидел, он говорил: «Казахи, грядет 20-й век, опомнитесь!» – и этот век пришёл. XX век, в котором те же раздоры, те же отравления, только вместо суда биев: Парламент, Сенат, группировки, драки – казахи уже научились делать деньги… Всё происходящее может оценить Абай, и вокруг Абая кипит жизнь. «Абай» – это опера о голове казаха» (Бұл да сонда) – дейді. Осындай ой қорытулардан түйіндеріміз, ұлы жазушының кез келген көркем туындысы шынымен іздегенге таусылмас азық бола алады. Бұдан 75 жыл бұрын жазылған ескі шығарма ма? Ескі. Кейіпкердің ойы, ішкі сезім әлемі, айтпақ идеясы бүгінмен үндесе ме? Үндеседі! Демек, қаны сорғалаған бүгінгі өмірдің нағыз өзі емес пе? Осыдан кейін қазақ сахнасында қандай Кармен, қандай махаббат?…
… Бәрі айтылған секілді. Әрі қарай уәжімізді соза берудің өзі артық. Қалған әңгімені оқыр­манның өзіне қалдырдық.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Қазақ әйелдері тақырыбындағы Н.Хлудовтың суреттерін елімізде бастырып шығаруға тиым салынса жақсы болар еді. Мәдениеттің майын ішіп, сөлін сорып отырған ағаларымның құлағына…

Пікірлерге тыйым салынады.