Қазақстан – бүкіл түркі жұртының алтын бесігі

  • 25.12.2018
  • 287 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,
Халықаралық Ақпараттар академиясының академигі

Уақыт тарихтың даму үдерісі сызып қойған заңдылықтарға сыймайтынын көрсетіп берді. Дәл бүгін түркілік намыс атойлап тұр.
ХХІ ғасырда Түркі әлемі жалпы әлемдік саяси процестердің ұштағанына айнала бастады. Алып аймақта орналасқан мемлекеттердің ұзақ мерзімді даму стратегиясы бүгінде ғаламдық өркениеттер қақтығысындағы сынақтарға қатысты іс-қимыл жасап, оны біріктіруді талап ететін моделін ойлап табуды қажеттілікке айналдырып отыр. Оған бірнеше объективті себептер ықпал етуде.
Әлемдегі басқа құрлықтарға қарағанда Азия (әсіресе, Түркі, мемлекеттері) әркез қауіпсіздік шараларына да, өзара сенімге де құштарлық танытып келді. Аймақта халықтың басқа құрлықтарға қарағанда тығыз орналасуы да өзара ашық агрессияға соқтыруға апарды. Осының салдарынан Азияны мекендейтін халықтардың басым көпшілігінің өмірлік кеңістігі де шектеулі болып келді. Аймақта қоңсы орналасқан мемлекеттердің арасында шекара белдігінің реттелмегендігі де бейбіт қатар өмір сүрудің қалыпты нышанына салқынын түсірді. Осы және басқа да (табиғи ресурстардың шектеулігі) процестер Азия құрлығындағы мемлекеттердің біркелкі дамуын тежеді. Басынан бағы қашқан Ауғанстандағы жағдайдың ушығуы, Таяу шығыстағы бітіспес қақтығыстар Азияны сәт сайын мазасыз құрлыққа айналдырып жіберді. Оның үстіне Азияда ядролық қарулану процесіне деген құлшыныс прогрессивті бағытта жүргізілді. Мұның өзі әлемдегі өзге елдердің Азияға деген сенімсіздік танытуына әкеліп соқты.
Қалыптасқан ахуалды сараптай келе, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті шақыру туралы Қазақстан Республикасы бастама көтеріп, ол еліміз сыртқы саясатында басымдықтарға ие болып келеді. Жалпы, Азия Кеңесін шақыру туралы идеяны Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев алғаш рет 1992 жылғы 5-қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында көтерген болатын. Шындығында бұл идея еліміздің алғашқы ғаламдық бастамасы болатын. Саяси құрылымды ұйымдастыру жөніндегі құнды бастама еліміздің сыртқы саяси қызметінің әлемдік қауымдастыққа еркін көрсете алатын басты құжаты болып табылады. Қазіргі кезде АӨСШК-ның жұмысына әлемнің 20 мемлекеті тұрақты, 7 мемлекет бақылаушы ретінде қатысады. Оның процестеріне БҰҰ, ЕҚЫҰ, Араб мемлекеттері лигасы; Орталық Азия ынтымақтастық ұйымының Атқару комитеті секілді халықаралық ұйымдар белсенді қатысып отыр.
АӨСШК ұйымының географиялық ауқымы өте үлкен. Ол – Еуропа құрлығының 72, ал ЕуроАзия құрлығының 89 пайыз аумағын қамтиды. Ұйымға мүше елдерде жер шары халқының 45 пайызы яғни 2,8 миллиард адам тұрады. Қазақстан дипломатиясын табысқа жеткізген осы формула Азиядағы мемлекеттер арасында туындауы мүмкін кез-келген қарама-қайшылықты сындарлылықпен шешуге барлық атрибуттары сай институттық орган болып табылады. Біздің алдымызда таяу көршілерімізбен мүдделер тоғысында болашаққа бағытталған кезекті бір күрделі процесс бой көтеріп отыр.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында Орталық Азия мемлекеттерінің Одағын құру туралы бастамасы тыңнан жол салды. Жаһандастыру саясатының қомағай қозғалысы Батыс Еуропаны тұтастай шайқап, мидай араластырып, бұрынғы Кеңестер Одағының ашық тесігінен саңылау іздей бастады. Ол тек экономикалық жағынан ғана емес, ішкі саяси психологиялық тұрғыдан да әсер етті. Егер интеграциялық тенденциялар тізбегі үшінші мыңжылдықтың беташар жылдарындағыдай космостық жылдықпен жүрсе, ол азғана уақытта жарты әлемді жұтып жіберетін болды. Әсіресе, бұл, біз өтпелі кезеңді бастан өткеріп отырған мемлекеттер үшін көптеген тұманды проблемаларды алға тартатыны анық. Демек, оған енудің қажеттілік формуласын табу, оған әлеуметтік және психологиялық тұрғыдан дайын болу, экономикалық һәм саяси аспектіде нақты позицияда тұру – аса сақтықты қажет етеді. Ол кез келген салаға – ұлттық қауіпсіздікке, ғылыми-прогреске, саясатқа, ақпараттық кеністікке келіп соқтығысады. Оның инфрақұрылымында жаңа сынақтар пайда болады. Одан сақтанудың жолдарын іздеп, темірден перде орнатудың ешбір амалы жоқ. Сондықтан оған қарсы тұратын бір-ақ амал, ол – Шығыстық ақылдылық пен парасаттылық. Егер осы байсалдылық Орта Азияда Одақ құруға алып келсе, онда біз ғаламдасуға қарсы тұратын элемент бола аламыз. Бүгінгі таңда Орталық Азия елдері өзімшілдік пиғылдағы түрлі факторлардың әсерінен ғаламдық бәсекелестікке төтеп бере алмай отыр.
Кеңес Одағының ыдырауы, жаңа тәуелсіз елдердегі саяси жүйелердің тұрақсыздығы, әлемдік геосаяси ахуалдың күрт өзгеруі, ұлтаралық және этностық қақтығыстардың белең алуы сияқты қайшылықты әрекеттер дамудың өркениетті жолына түсуге көптеген кедергілер келтірді. Мұның өзі ішкі рыноктың кенжелеп қалуына, технологиялық дамудың құлдырауына әкеліп соқты. Бұл объективті факторларға саяды.
Ал субъективті фактор ретінде көршілес елдерде жекешелендіру саясаты жүргізілмеді, нарықтық реформалар бір орнында тұралап қалды. Соның әсерінен әлеуметтік мәселелер қордаланып, оның нақтылы шешімін табу ұзаққа созылып кетті. Ғылыми-техникалық прогресс алға жылжымады. Денсаулық, білім беру саласы кенжелеп қалды. Тығырықтан шығудың жолы қандай еді?
Одан шығудың бір формасы – аумақтық ынтымақтастық пен интеграцияны жолға қою еді. Мұның өзі сыртқы күштерге қарсы тұрудың қуатты бір құралы болып табылады. Бір-бірінен кінәраттар іздеу, көршісінің қажеттілігін мойындамау, күмәнді көзқарас таныту – аумақтың одан әрі дамымай қалуына әкеліп соқтыратын фактор болатын.
Қазақстан Республикасының Президенті осы кінәраттардың бәрін зерделеп, ой-елегінен өткізгеннен кейін ғана Орта Азиялық Одақ құру идеясын ұсынды. Елбасымыздың бұл жауапкершілігі зор идеясын державалық амбиция деп қабылдаушылар да болды. Жалпы, түрік бірлігінің негізін салған Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың да бар арманы Ресей аумағында тұратын барлық түрік халқын бір ұранның аясында біріктіріп, «Үлкен Түркістан» одағын құру болды. Осы мақсатпен ол 1916 жылы Қазан қаласында «Түркістан бірлестігі» атты жасырын ұйым құрды. Оның ұйымдастыру алқасында екі қазақ (Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбаев), екі татар, екі башқұрт күрескері болды. Осыдан соң Мұстафа Шоқай Орта Азияға келіп, болашақ Түркістан одағын құруды ойластырды.
Қазақстан Президентінің Орта Азия Одағын құру идеясы да кешегі Алаш қайраткерлерінің арман-мақсатынан туған игі іс десе де болады. Бірақ Ұлт лидерінің бүгінгі идеясы жаңарған, экономикалық әлеуеті күшті одақ құру ниетінен туындады. Президенттің бұл бастамасы тарихи қажеттіліктен туындаған ой. Қалайық, қаламайық, қазір Орталық Азияда алып мемлекеттердің саяси мүддесі тоғысуда. Оның негізгі себебі – отын-энергетикалық ресурсы болып отыр. Әрине, оның астарында саяси ой мүдде де бар. Сондықтан бізге Орталық Азияда біртұтас түркілер елінің концепциялық идеясын орнықтыру қажеттілігі туындауда.
Түркі бірлігі мен ынтымақтастығы АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтонның: «Құдай қаласа, ХХІ ғасыр АҚШ ғасыры болады» деген әйгілі ұранын, «Түріктің түріктен басқа досы жоқ! (Тұрар Рысқұлов) деген ұраны тас-талқан ететін кезеңі келді.
Алаш қайраткерінің «Түркі тілдес, түгел бол!» деген ұранының тамырлас елдердің жұдырық болып жұмылғанда ғана әлемдік қауымдастықта әлеуетті күш бола алатынын уақыт көрсетіп берді. Бұл шын мәнінде туыстың туысқа қол созуына үндеген шақыруы еді.
Жалпы, лидер болу үшін ең бастысы прецедент болу кажет. Ол үшін қандай өлшемдер керек? ХІХ ғасырдағы Ұл адам теориясы бойынша, көшбасшылық тәрбиеден емес, туабітті қасиетті парасаттан бастау алады. Ол үшін белгілі бір таным керек. Мәселен, Конфуций ілімі –басшы ғалым болу керек десе, көне грек өркениетінің өкілі Аристотель басшы философ болуы керек дейді, ал әл-Фараби бабамыз басшы діндар болуы керек – депті. Ал осы үшеуін бірдей алып жүрген саясаткер некен-саяқ. Бір басынан жоғарыдағы үш бірдей талап табылған қайраткер өзінің басшылық ету кезінде халықты адастырмай, дұрыс жолға бастай біледі. Сипат теориясы бойынша, кқшбасшылардың белгілі-бір сапалық сипаты, ерекше лидерлік қасиетке тән.
Бүгінгі уақыт бізді ұлы өзгеріс алаңына бастап отыр. Қазақстан Президенті «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңында көміліп қала береді» – дейді «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында.
Тарих тек тарих үшін емес, біздің бүгініміз бен ертеңіміз үшін қызмет еткенде ғана құнды болмақ. Ол үшін оның құндылықтарын тасымалдайтын инструмент керек. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен көтерілген Халықаралық Түркі академиясы қолға алған игі істер оған дәлел бола алады. «Түркі халықтары тарихы» мен ортақ «Түркі халықтары әдебиеті» атты оқулықтың дүниеге келуі Түркі әлемінің бір таным көкжиегінде болуына қызмет етеді.

Қазақстанның аймақта лидер болуына барлық алғы шарттар жасалған

Енді аймақта орналасқан елдердің саяси, экономикалық жағдайын жеке дара қарастырып керейік.
Біріншіден, Қазақстанның Орта Азияда лидер болуына толық алғышарттар жасалған. Оның қазіргі саяси бағыты Державалық статусқа жауап береді. Еліміздің Еуразияның кіндігінде орналасуы алып құрлықтың едәуір бөлігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке ықпал ететін стратегиялық маңызға ие, екендігін көрсетеді. Қазақстанда өмірлік маңызы бар минералдық ресурстар қорының көп шоғырлануы оның халықаралық қауымдастықтағы ықпалды елдермен тең дәрежеде саяси мәміле жасауға еркіндік береді. Шикізат көзі Қазақстанның экономикалық қайта өрлеуінің негізгі факторы болуымен қатар оны мықты халықаралық бейбітшілік құралы рөлінде пайдалануға мүмкіншілігі мол. Қазақстанның дүниежүзіндегі стратегиялық трансқұрлықтық транспорт артериясының құрамдас бір бөлігі ретіндегі транзиттік сипаты да оны Шығыс пен Батыстың арасындағы коммуникациялық «қақпаның» кілтіне иелік етуге жолы ашық.
Екіншіден, технология, білім, ғылым саласында адыңғы позицияға ие. Интеллектуалдық потенциалы дамыған. Инфляция, экспорт, импорт алмастыру саясаты, инвестиция тарту, алтын қоры жағынан Түрік әлемі бойынша да алда. Әлемдік шаруашылықтағы басты тенденция – интеграцияны жүргізуде де озық үлгілері бар. Аймақта орналасқан елдерге қарағанда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің көлемі – 3000 доллардан асып отыр. Қаржы рыногы толығымен реформаланған. Бұл саладағы барлық операциялар халықаралық стандартқа сәйкестендірілген. Мұның өзі елді Орталық Азия елдері арасындағы және жалпы Түркі әлеміндегі экономикалық қаржы мәселесін шешетін мемлекет екендігін көрсетеді.
Үшіншіден, Қазақстан әскери-саяси дипломатиялық істерде зор басымдықтарға қол жеткізіп отыр. Әскери күш-қуаты модернизацияланған. Құрылымы жағынан ол төрт округке бөлініп, қорғанушы бағытты көздейді. Аймақ елдері арасында жеке дара әскери-теңіз флотына ие.
Шекара белдеуінің жалпы қашықтығы – 12012 шақырым. Ол – Солтүстігінде Ресеймен – 6846 шақырым, Оңтүстігінде – Өзбекстанмен – 2203, Қырғызстанмен – 1051, Түркіменстанмен – 379, Қытаймен – 1533 шақырымға созылып жатыр.
Әлемде 97 халықаралық ұйым бар. Қазақстан солардың басым көпшілігіне мүше. Әлемнің 120-дан астам мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Сыртқы саяси бастамалары бүкіл әлемге кеңінен танымал. Қазақстан сыртқы саясатының басты принциптері негізінде:
– ұлттық мүдделерді қорғау;
– экономикалық реформаларды жалғастыру және демократиялық институттарды нығайтуды қамтамасыз ету;
– барлық елдермен тең құқықты және әріптестік қатынастарды дамыту;
– ғаламдық және аймақтық интеграциялық процестерге белсенді қатысуды көздейді.
Қазақстанның аймақтық көшбасшы болудағы ұмтылысы жоғарыдағы критерий өлшемдеріне жауап береді. Орталық Азияда Одақ құру туралы Қазақстан бастамасына оппонент болатын жалғыз мемлекет ол – Өзбекстан. Бірақ елдегі әлеуметтік реформаның кенжелеп, бір орнында тұралап қалуы – Өзбекстанның Қазақстанмен жарыса шабуына қауқары жоқ. Қазір Өзбекстанның адам басына шаққандағы ішкі өнімі небәрі 700 долларды құрайды. Баға босатылмаған, экономикасы жабық күйінде. Экономикалық өндіруші салаларда мемлекеттің бақылаушы рөлі ықпалды күшке ие. Ұлттық валюта конвертацияланбаған. Шаруашылық механизмінің тетігі ескі үрдісте. Колхоз-совхоздардың сарқыншағы әлі де сақталынып отыр. Нарықтық реформалардың жүргізілмеуі салдарынан әлеуметтік проблемалар да шешімін таппаған. Әлемдік интеграциялық жағдайда да Өзбекстан кенжелеп қалған. Елде жұмыссыздық кең етек жайған. Өзбекстан дәл осы қалыпта бір орнында тұралап қала берсе, әлеуметтік деградацияға ұрынатын болады.
Рас, Өзбекстан – Орталық Азия аумағында қарулануы мен әскери жасақталуы жағынан жоғары тұр. Оның өз көршілеріне күш көрсетуі саясатта байқалып та қалды. Өзбекстанда 200 мың әскер бар, оның 180 мыңы Ферғана жазығында орналасқан. Қарулы күштің жеке құрамының 80 пайызы шабуылдық жүйеге құрылған.
Өзбекстан АҚШ-тың Ауғанстандағы лаңкестікке күрес операциясында және Орталық Азиядағы ең басты серіктесіне айналып келді. АҚШ осы өңірдегі өз әскерлерін Орталық Азия аймағындағы елдердің мұнай құбырлары қызметін тоқтатуға пайдаланып отыр. Оның соңы аймақтағы саяси мүдделердің арасына іріткі салып, соңы бітіспес шиеленіске ұласуы мүмкін.
Өзбекстан аймақтағы халқының саны (31 млн.) жағынан да ең үлкен мемлекет. Оның таяу көршілерімен қарым-қатынасы ұзақ уақыт достық рәуіште болмады. Әсіресе, оның Тәжікстанмен және Қырғызстанмен қарым-қатынасы күрделі болып келді. Шығысындағы Қырғызстанның Ош облысына саяси талабы бар. Ал Ауғанстанның Солтүстік өлкесіндегі өзбек диаспорасы Өзбекстанның мықты тірегі болып табылады.
Өзбекстанның аймақтағы елдермен шекара ұзындығы 6221 шақырымды құрайды. Солтүстік-Батысында Қазақстанмен – 2203 шақырым, Оңтүстігінде Түркіменстанмен – 1621, Ауғанстанмен – 137, Оңтүстік Шығысында Тәжікстанмен – 1161, Шығысында Қырғызстанмен – 1099 шақырымда шектеседі. Саяси қарым-қатынаста халықаралық 25 ұйымға мүше.
Бәрін жоққа шығаруға болмас. Өзбекстан өз кезегінде ойыннан шығып қалмау үшін үнсіз бәсеке жүргізіп келеді. Интеллект жағынан өзбек халқы әлеуетті. Қазақстандағы өнеркәсіптің бәрі шетелдіктердің қолында болса, өзбек кәсіпорындары ұлт меншігінің иелігінен шығарылмаған. Өзбекстанның ғылыми потенциалы да мықты. Орта Азия мемлекеттері арасында авиациялық зауыт тек Өзбекстанда ғана бар. Ғылыми-зерттеу институттары да, академиялар да толық мемлекет қамқорында жұмыс істеп тұр. Одақ құрылған жағдайда оның күш-қуатын аймақты сауықтыруға бұруға дайын.
Кейбір сарапшылар географиялық орналасуы жағынан Одақтың құрылуының бастауында Өзбекстанның болғанын көргісі келді. Сондықтан өз мүдделерін әріден ойлайтын «жеке ойыншылардың» бастапқыда Өзбекстанға бұғаулық салғанын жасыра алмаймыз. Олар Қазақстанның экономикалық жағынан спринттік серпіліс жасауымен қатар елдегі ішкі тұрақтылық пен әлемдік саяси шараларға белсене араласуын көргісі келмейді. Орта Азия мемлекеттерінің Одағын құру идеясына Өзбекстан президенті Ислам Каримов өз ойын білдіре келіп, – аймақтык ынтымақтастық пен халықаралық лаңкестік және діни экстремизмге қарсы күресте ортақ сипатта өрбитінін тілге тиек етті. Жалпы, бұл бастамаға Өзбекстан жағы «аймақ үшін өзекті идея» деп баға беріп отыр.
Қазақстан Республикасы Президентінің идеялық бастамасын Қырғызстанның экс мемлекеттік хатшысы Османакун Ыбырайымов «аймақтағы барлық мемлекеттердің мүддесін қорғайтын, болашақты болжаған бастама» деп бағалады. «Орталық Азия елдерінің Одағын құруда Қазақстан осы аймақтағы қуатты, демократиялық ел ретінде бастаманы тасымалдаушы бірден-бір мемлекет бола алады» деуі мемлекеттік хатшының Қазақстанның саяси бағытын қолдағанын білдіреді.
Демократия алаңы аталған Қырғызстан әлемдік саясатқа белсене араласуға ұмтылып келді. Бүкіл аймақ бойынша Қырғызстан ғана алғашқы болып Дүниежүзілік сауда ұйымына қабылданды. Қазір бұл ұйымға Қазақстанмен бірге Тәжікстан да қосылып отыр. Ұйымға Қырғызстанның мүше болуы оның экономикалық әлеуетінің «өскендігін» көрсететін жасанды фактор болып келді. Қырғызстанда жан басына шаққанда жалпы ішкі өнімнің көлемі – 500 доллар көлемінде.
Қырғызстан қазір саяси дағдарыс шарпуында. Ол – аймақтағы жағдайды тұрақсыздандыру бағытындағы жасанды түрдегі дағдарыс болуы да мүмкін. Оған мүдделі елдер де бар. Қырғызстанның таулы өңірлерінде ұзақ уақыт НАТО мен Ресей әскери базаларының орналасуы аймақтың стратегиялық маңызға ие екенін көрсетіп келді. Өңірде су – энергетикалық ресурстар айрықша дамыған. Бірақ ол халықтың ішкі сұранысын қанағаттандыра алмайды. Табиғи қазба байлықтары қорының тапшылығы, мұнай және газ қорының болмауы өндірістің дамуына кері әсерін тигізуде. Өнеркәсіп өнімдерінің бәсекеге қабілетсіздігі шетел өнімдерінің өңірде еркін өмір сүруіне әкеліп соғып отыр. Өндіріс орындарының инфрақұрылымы жұмыс істемеуінен жұмыссыздар саны орасан зор.
Қырғызстан халықаралық 21 ұйымға мүше. Шекарасының жалпы ұзындығы – 3878 шақырым. Батысында Өзбекстанмен – 1099 шақырым, Солтүстігінде Қазақстанмен – 1051, Оңтүстігінде Тәжікстанмен – 870, Қытаймен – 858 шақырымға созылып жатыр. Шекаралық аймақта халықтың тығыз орналасуының әртектілігіне қарай, Қырғызстанның Өзбекстанмен, Тәжікстанмен ішінара келіспеушіліктері бар.
Орталық Азия мемлекеттері Одағының қандай форматта болатындығы айқындалмаған. Әйтсе де одан Тәжікстан Республикасының тысқары қалғысы жоқ. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонов «идеяны талқылау үшін алдын ала аталған мемлекет басшыларының бейресми кездесу қажеттігін» алға тартып келді. Тәжікстан Дүниежүзі Сауда Ұйымына мүше. Әрине, Одаққа мүше болып кіру арқылы Тәжікстан көптеген мәселені шешіп алатыны анық.
2001 жылғы 28-желтоксанда Орта Азия елдері Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы мемлекет басшыларының Ташкент басқосуында аймақтық дамудын және халықаралық саясаттың көкейкесті проблемаларын талқылап, бірлескен мәлімдеме қабылдаған болатын. Өзара пайдалы негіздегі саяси экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және басқа салалардағы ынтымақтастық сондай-ақ, халықаралық аренадағы тығыз өзара іс-қимыл аймақтағы барлық елдердің ұлттық мүддесіне сәйкес келетіні атап көрсетілген еді. Жалпы, Ташкент саммиті саяси диалогтың практикасын қалыптастырып, аймақтық ынтымақтастықтың негізін қалап берген болатын. Оны Тәжікстан басты құрал ретінде пайдаланатын болады. Тәжікстан аймақтык қауіпсіздікте басты рөл атқарады. Планетаның аса мазасыз аймағы ретінде Ауғанстан факторында оның ықпалы зор.
Тәжікстан әлемдегі ең кедей мемлекеттердің бірі. Жан басына шаққанда ішкі өнім – 320 долларды құрайды. Орташа айлық еңбекақы 25 доллар, зейнетақы 12 доллар көлемінде. Сыртқы саясатта Ресейге және парсы тілдес Иранға арқа сүйейді.
Тәжікстан 4 аймаққа белінеді. Саяси элитаның қауқары жоқ. Олардың өзі Ходжент, Душанбе, Бадахшам, Ленинабадқа бөлінеді.
Шекара белдеуінің жалпы ұзындығы – 3657 шақырым, Оңтүстігінде Ауғанстанмен – 1206 щакырым, Солтүстік батысында Өзбекстанмен – 1161, Солтүстігінде Қырғызстанмен – 870, Шығысында Қытаймен – 414 шақырымда шекараласады. Халықаралық 5 ұйымға ғана мүше. Сондықтан Тәжікстан Орта Азия Одағын қос қолын көтеріп қолдайды және оның тезірек жүзеге асқанын асыға күтеді.
Түркіменстан блоктарға қосылмайтын бейтарап мемлекет болған соң, оны Орталық Азиядағы саяси өзгерістер шеңберінде қарастыруды жөн көрмедік.
Жалпы, Орталық Азия мемлекеттерінің Одағын құру туралы бастама аймақтағы елдердің біртұтас мемлекетке бірігуін білдірмейді. Интеграциялық тұрғыдан одақтасудың жанды үлгісін Еуропаның тәжірибесінен көруге болады. Одаққа бірігудің арқасында Еуропа елдері аз ғана уақыттың ішінде стратегиялық табыстарға жетіп отыр.
Интеграциялық бірігудің мұндай үлгісі Африкада да жүргізілді. Африка құрлығында 55 мемлекет бар. Онда 700 миллион халық тұрады. Табиғи ресурстарға бай құрлықта ынтымақ пен бірліктің жоқтығынан өзара қақтығысқа ұшырап, көптеген елдердің жемтігіне айналды. Халықтың ой-мақсаты мен ерік-жігерін жүзеге асырып, бақытты болашағы үшін қуатты Одақ құру қажеттігі тұрды. Сөйтіп, Африка халқын саяси, экономикалық және мәдени тұрғыда жақындастыруды көздейтін Одақ дүниеге келді. Қазір Африка Одағына 32 мемлекет мүше.
Лусака қаласында Африка Одағын құру жөніндегі қабылданған шешім Одаққа қосылатын барлық елдерде ратификацияланып, ол қызу қолдау тапты. Ливиянын Сирт қаласында Африка Одағына кіретін елдердің басшылары қатысқан үлкен саммит өткізілді.
Африка Одағының тұрақты жұмыс істейтін хатшылығы бар. Ол – Аддис-Аббеба қаласында орналасқан. Одақтың әр жерлерде өз бөлімдері жұмыс істейді. Сондай-ақ Одақтың өз Парламенті қаржылық-интеграциялық құрылымдары және банкілері бар. Демек, біз бұл жолда жалғыз емеспіз.
Одақтың процедуралық ұйымдастыру жұмысында алдымызда көлбеу тұратын бір проблеманың туындайтыны ақиқат. Ресей Орталық Азиялық әріптестік ұйымына мүше болып табылады. Сондықтан ол өзін Орта Азиялық кеңістіктен тыс қарастыруды қаламайды. Егер Орта Азиялық Одақ құрылған жағдайда, оған Ресей де мүше болуға тырысуы мүмкін. Орта Азиялық мемлекеттерді саяси-экономикалық байланыстар арқылы матап тастаған Ресей, Ортаазиядағы өз ықпалынан айрылып қалмаудың түрлі жолдарын іздестіретін болады.
Орта Азиянын мәдени құндылықтарын өңір бойынша бірлесіп, дамудың перспективалық іс-жоспарын қазірден бастап жасау керек. Еуразия кеңістігінде географиялық қолайлы орналасуы тұрғысынан аймақ әлемнің алпауыт елдерінің назарына әлдеқашан іліккен. Демек, өңірдің ішкі тұрақтылығын сақтап, өзара қатынастарда бауырлас халықтардың мүдделерін ескере отырып, олардың еркін араласуына оңтайлы жағдай жасау қажет. Сауықтыру шаралары шеңберінде ұлт зиялыларының кездесулерін, мәдени күндерін өткізудің пайдасы да зор. Рухани саладағы бауырластық міндетті түрде мемлекеттердің жақындасуын қамтамасыз етеді. Жалпы, Орта Азияның табиғи потенциалы мен адами ресурстарын қоғамға пайдалы арнаға бұру – сырттан келетін жұмыс күшінің толассыз ағынына тосқауыл болатынын ескеруіміз керек. Макс Вебердің «Бүкіл Батысты өркениетке жеткізген протестанттык еңбек этикасы» деген пікірін моральдық кодекс ретінде алға тартып, Шығыстық өркениетке сай бізге де ортақ бір іс-шара қабылдау қажеттігі тұр. Жылына 7-ақ күн еңбек демалысын алатын жапондардың енбек тәртібінің түпкі астарында буддашыл рух күші жатыр. Мұндай рухани күш біздің аймақ халықтарының қан тамырларында ежелден қалыптасқан.
Қазақстан бүгінгі таңда бүкіл түркі әлемінің саяси, мәдени, экономикалық бесігі. Оны өзгелер мойындағысы жоқ. Сондықтан Орта Азия Одағына ұзақ мерзімді геосаяси стратегиялық мақсат қоятын болсақ, түркілік исламдық құндылықтарды идеология ретінде қалыптастырудың жолын қарастырғанымыз абзал. Ең бастысы Қазақстанның түрік әлемінде позициясы орнықты. Қазірдің өзінде ол түрік бірлігі жолындағы көзқараста белгілі бір саяси климатты айқындауға ықпалды. Түрік бірлігінің жаулары көп. Түрік тектестер бірігіп кетсе, геосаясатта орасан зор өзгерістер болатынын олар сезіп отыр. Сондықтан Түрік ынтымақтастығын болдырмау үшін олар түрлі саяси-экономикалық тосқауылдар жасауға астыртын әрекет жасайды. Олардың (алпауыт елдердің) қазіргі бізге қатысты жүргізіп отырған саясаттары тең дәрежедегі әріптестер арасында болатындай мінез еместігі байқалады. Ресей интернеттері «Белоруссия, Украина, Ресейдің бір бөлшегі, біз славян мемлекеті боламыз, оған Қазақстан да қосылады» деген сөздерді бұрқұратып кеді. Қазір оның жұрнағы да жоқ, енді болмасы да анық. Күшті Одақ осының бәріне төтеп беретіндей және уақыты келгенде жауап беретіндей болуы кажет. Қалай десек те, қазір Орта Азияда «қазақ феномені» айқындалғаны ақиқат. Сондықтан Қазақстан Орталық Азиядағы мемлекеттерді ықпалдастырушы және бүкіл аймақтың экономикалық дамуын алға сүйреуші локомотивтің рөлін атқара алуға толық қуаты бар.

Алдыңғы «
Келесі »