АПОРТ – ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ МАҚТАНЫШЫ

  • 25.12.2018
  • 234 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Осыдан бірнеше жыл бұрын жабайы алманың эволюциялық тарихын зерттеу кезінде шетел ғалымдары әлемдегі алма атаулының арғы атасы Қазақстанда, оның ішінде Алматыда екенін ғылыми деректермен дәлелдеді. Алманың отаны – Алатау! Генетик ғалымдардың «Nature Communications» журналында жарияланған зерттеуі бойынша, «Malus domestica» атты алма сұрыбы біздің елімізден тараған. Алманың осы түрлері атақты Жібек жолымен Шығыс пен Батыс елдеріне жеткен. Ары қарай Алатау алмасы Американы жаулаған. Кейіннен олар жабайы алманың гендерін пайдаланып, осы жемістің неше түрлі сұрыптарын алған. Ал алманың ¬отаны Алматыдағы жабайы алма ағашы 1793 жылы оған алғаш сипаттама берген Ресей ботанигі Иоганн Сиверстің құрметіне «Сиверс алмасы» (Malus siversii) деген атау алды. Бұл алма сұрыбы 950-1250 метр биіктікке дейінгі Алатаудың бөктерінде өседі. Оның ғажайып дәмі мен жемісінің ерекше ірілігі де осындай аумақта өскендіктен болатын.
Соңғы жылдары қоғам белсенділері «Алматының символы, қазақстандықтардың мақтанышы болған әйгілі апорт жойылды» деп дабыл қағуда. «Олардың бұл алаңдаушылығы негізсіз емес» дейді Экология және орнықты даму институтының директоры, Орталық Азия Өңірлік экологиялық орталығы басқару кеңесінің мүшесі, белгілі ғалым Құралай Кәрібаева. «Бір кездегі жасыл желекке оралған ару қаланың ішіндегі саябақтар оталып, орнына зәулім ғимараттар салынды. Ол тұрмақ, ерекше қорғалатын аумақ санатындағы Алатау бөктеріне зәулім сарайлар салынып, алма бағы аяусыз қиратылды. Соның салдарынан алма түрлерінің атасы – Алматы апорты жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр» дейді ол.
Бүгінгі күні әлемдегі барлық алма сұрыптарының түп төркіні саналатын Сиверс алмасы тек Іле Алатауы ұлттық қорығында өседі. Мұндағы алқаптың 1,5 пайызын жабайы алма ағашы алып жатыр. Қазіргі уақытта осы алқапты сақтап қалу мәселесі ғалымдарды қатты алаңдатып отыр. «Егер алманың атасы жойылып кетсе, аз уақыттан кейін олардың басқа түрлері де жер бетінен жойылады» дейді ғалым.
Ал , Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Гүлшария Қайырованың айтуынша, «Апорт жоғалған жоқ, оны қайта жаңғыртуға болады. Бірақ бұл сортты қалпына келтіруді және оның бақтарының көлемін кеңейтуді ғалымдардың ұсыныстары мен жобасына сәйкес жүзеге асыру керек».
Бұл үшін ең алдымен алманың гене¬тикалық түп-тамыры – жабайы алма бағын сақтап қалу қажет. Өйткені «Қазақстанның жабайы жемісті ормандары ерекше генетикалық ресурстардың қоймасы болып табылады. Сиверс алмасының генетикалық әлеуеті негізінен Іле және Жоңғар Алатауларының климаттық жағдайына бейімделген» дейді Г.Қайырова.
Алайда, Гүлшария Нұрсапақызы¬ның айтуынша, жабайы жемістердің биоалуантүрлілігін сақтау жөніндегі қажетті шараларды жүргізбесек, 2030 жылдарға қарай алма аумақтарының үштен бірінен айрылып қалуымыз мүмкін. «Қоршаған ортаның ластануы, климаттық өзгерістер себебінен бұл табиғи гендік қорымыздағы әлемге танымал сұрыптар өз иммунитетін жоғалтып, деградацияға ұшырауда» дейді ол. Онымен қоса соңғы жылдары республикадағы жеміс көшеттерінде бұрын-соңды болмаған бактериалдық аурулардың таралу деңгейі артып келеді. Сондықтан жеміс шаруашылығы индустриясының дамуы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазақстандық жабайы жеміс ормандарын сақтап қалудың өзектілігі күн тәртібінде тұр.
Осы тұста Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бірінші директоры, ғалым-селекционер Аймақ Жанғалиевтың есімін айтпай кетуге болмайды. Ол дәмдік сапасы жоғары ірі жеміс бере алатын, генетика¬лық материалдары мәдени алмалар сұрыптарын құруға негіз болатын элиталық алма ағаштарын анықтау жөнінде ірі зерттеулер жүргізді. 1990-2005 жылдар аралығында академик А.Жанғалиев түрлі елдердің (АҚШ, Ұлыбритания, Франция және т.б.) ғалымдарымен біріккен экспедициялар ұйымдастырды. Соның нәтижесінде генетикалық зерттеулер үшін бағалы мәліметтер жиналды. Францияның ғалым-биологы Катрин Пекс халықаралық фестивальдерде жүлде алған Сиверс алмасы туралы «Жер жұмағы Қазақстанда» атты деректі фильм түсірді.
Адамның тек-тамыры, генетикалық тарихы болатыны сияқты, өсімдіктердің де гендік тегі, қоры болады. Экологиялық жағдайдың барған сайын күрделенуіне байланысты өсімдіктер дүниесінің гендік қорын сақтап қалу мәселесі өзектіленіп отыр.
– Жеміс шаруашылығында жаңа сұрыптарды алу, олардың төзімділігін арттыру үшін гендік қор пайдаланылады. Мұндай гендік қор ең алдымен өзінің табиғи ортасында (in situ), содан кейін коллекцияларда, сұйық азоттағы гермоплазманың криобанкінде (in vitro) сақталады. Ғылыми-зерттеу мекемелерінде гендік қорды сақтау үшін тұрақты қаржылық қолдау қажет. Зерттеулерге жас мамандарды тарту, жаңа инновациялық технологияларды игеру де қаржылық қолдауға мұқтаж. Бұл ретте Үкіметтің 2002 жылғы 29 желтоқсандағы Ұлттық гендік қойма құрылысын салу туралы №1429 қаулысын жүзеге асыру маңызды, – дейді Г.Қайырова.
Дегенмен, бұл бағытта атқарылған шаралар әлі де мардымсыз екені нарықты Қытай алмасы жаулап алғанынан-ақ байқалып отыр. Экспортқа шығаруды айтпағанның өзінде, өз елімізді табиғи таза өніммен неге қамтамасыз ете алмай отырмыз? Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан
– 2050» Стратегиялық бағдарламасында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде берген тапсырмаларының ішінде апорт алмасын қайта жаңғырту да аталған болатын. Мәселен, Қазақстан халқының жеміс-жидек, жүзім дақылдарына нақты сұранысын қанағаттандыру үшін жылына 800 мың тонна жеміс өнімі, ал физиологиялық тұтыну нормасына сәйкес 1,2 млн тонна жеміс өнімі қажет екен. Ал Статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2016 жылы жеміс-жидек өндіру 334,7 мың тоннаны құраған, адам басына шаққанда 18,8 килограмнан келеді (сұраныстың жартысына да жетпейді). Бұл статистика республикадағы жеміс-жидек өндірісінің жетіспеушілігін көрсетеді. Осыдан барып жетіспейтін өнім сырттан әкелінбегенде қайтсін?
– Сондықтан жеміс және жүзім шаруашылығын дамыту стратегиясы-ның негізі жеміс өсіретін аудан көлемін ұлғайту болуы керек, – дейді Г.Қайырова.
– Республикада 60 мың гектар алма бағы және 25-30 мың гектар жүзімдік, олардың орташа өнімділігі гектарынан 150 центнер болса, Қазақстан жыл сайын 900,0-1150,0 мың тонна жеміс және жүзім өсіре алады. Өз өндірісіміз арқылы халықтың сұранысын толық қанағаттандыра аламыз.
Соңғы жылдары отандық тауар өндірушілердің беті бері қарап, алма сұрыптарының өндірісі жандана бастағаны байқалады. Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының көп жылдық жұмыстарының нәтижесінде апорттың 115 түрден тұратын коллекциясы құрылған екен. «Апорт сортын өсіру және сақтау технологиясы» атты басылым жарық көрген. Бұл ұсыныстарда, оның ең жақсы түрлерін іріктеп алудың қажеттілігі, көбейту технологиясы, апорт бақтарын қолайлы аймақтарда дұрыс орналастыру, агротехникалық күтім, зиянкестер мен аурулардан қорғау, топырақтың құнарлылығын арттыру, суару тәртібі және ұзақ сақтаудың шаралары берілген. «Қазіргі кезде бұл ұсыныстарды жетілдіру бойынша әртүрлі телітушілерді, тыңайтқыштарды қолданып, инновациялық негізде зерттеулер жүргізілуде» дейді институт басшысы.
Атап айтқанда, алма сұрыбының ең жақсы клондарын микроклондау арқылы апорттың пробиркадағы «жаңа өсімдігі» алынды. Ол қауіпті микроорганизмдерден тазартылған және түпнұсқа ағаштың шаруашылық және биологиялық қасиеттерін сақтаған. 2015 жылы апорт сұрыбын көбейтіп, таратуға арналған арнайы бақ отырғызылған. Сондай-ақ -институт ғалымдары селекциялық жұмыстар жүргізуде. Жабайы апорт сұрыбын басқа түрлермен будандастыру нәтижесінде Талғарлық, Агат, Айнұр, Айгүл, Ардагер, Горицвет, Күләш, Нұргүл және т.б. жаңа сұрыптар алыныпты. Аталмыш институт басшысының айтуынша, апорт өсірумен айналысатын фермерлер мен шаруаларға мемлекеттік жәрдем көрсету арқылы осы бірегей сұрыпты қайта жаңғыртуға болады. Ол үшін арнайы субсидия бөлу және т.б. қолдау шаралары қажет. Себебі жеміс өсіру бірден пайда әкелмейді, шығыны көп, ұзақ баптауды талап ететін жұмыс.
Гендік ресурстарды дұрыс пайдалану селекциялық жұмыстар нәтижесінде жаңа өнімдер береді, мәдени дақылдардың төзімділігі мен өнімділігін көтереді, азық-түліктің экспорттық әлеуетін қамтамасыз етеді. Сондықтан, өсімдіктер дүниесін жойылып кетуден, зақымданудан, ауаның ластануынан және өзге де зиянды әсерлерден үнемі қорғау керек. Ауыл шаруашылық дақылдарының жабайы туыстарын пайдаланудың тиімділігіне мысал келтіре кетейік: АҚШ-та мәдени дақылдардың жабайы түрлерін пайдаланудан жылына 340 миллион доллар табыс түседі, помидордың дәмдік сапасын жақсартатын 1 генді енгізу жылына 5-8 млн доллар кіріс әкеледі. АҚШ-тың дәрі-дәрмек нарығының 50 пайызы өсімдіктердің генетикалық ресурстарын пайдаланады. Н.И.Вавилов атындағы Бүкілресейлік өсімдіктану институтының генетикалық банкінде құны 8,0 трлн АҚШ долларына тең өсімдіктер коллекциясы жинақталған (бұл біздің еліміздің мемлекеттік бюджетінен анағұрлым жоғары).
БҰҰ-ның биологиялық алуантүрлілік туралы конвенциясында «Жер байлығының ең маңыздысы барлық халықтар мен ұрпақтар үшін өсімдіктердің генетикалық ресурстарын сақтау» деп жазылған. Сондықтан, әлемдегі мемлекеттер дамимыз деп қоршаған ортаны қорғауды шетке ысырып қойған жоқ. Әзірге Қазақстанның өсімдік қоры қорғауға мұқтаж қалпында. Қаланың тау беткейінен отап тасталған алма бақтары енді қалпына келмейді. Мәселен, 1970 жылғы жеміс ағаштарының санағы бойынша, Алматы облысында 3 млн 51 мың апорт ағашы өскен (бүкіл республикадағы алманың 80 пайызы). Қазір олар 100 мыңға жете ме, жетпей ме белгісіз.
Бұл бір жағынан тиісті заңнамалық қорғаудың жоқтығынан да орын алуда. Жер кодексіндегі шикіліктің салдарынан қорықтарымыз талай жерінен айрылып қалды. Мәселен, қазіргі күні Іле Алатауының құрамындағы ұлттық парктің 11 мың гектар жерін Көкжайлау таң шаңғысы курорты құ¬рылысына беру қарастырылған. Бұл жағдайда 27 гектар таулы орман жойылады, оны орнына келтіру үшін кемінде 150 жыл керек. Егер кезінде «Өсімдіктер дүниесін қорғау туралы» жеке заң болғанда Алматыдағы алма бағының белдеуі біршама сақталып қалар ма еді. Сондай-ақ, бүгінгі күні қоршаған ортаны қорғау мәселесі Ауыл шаруашылығы, Индустрия және даму министрліктерінің құзыретіне кіреді. Стратегиялық ресурс саналатын биологиялық байлығымызды сақтап қалу үшін дербес министрлік қайта құрылса артықтық етпес еді. Генетикалық ре­сур­­старды пайдалануда ашықтықтың болуы, тұрақты мониторинг жасалуы да кезек күттірмейтін міндеттердің бірі. Жасыл экономика жасыл әлемнен тыс жасалмайды емес пе.
Бүгінгі күні жабайы алмаларды сақтау бағытындағы жұмыстар негізінен халықаралық және республикалық ғылыми жобалар, дүниежүзілік даму банкі гранттары аясында жүргізілуде. Осы орайда эколог-ғалым Қ.Кәрібаеваның «Үкімет деңгейінде Ұлттық парктерге арналған ғылыми бағдарлама жасалып, оны қорғау жұмысы бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуге тиіс. Осы жабайы алманың негізінде Қазақстанның барлық аумағы және бүкіл дүниежүзі үшін мәдени алма сұрыптарын алуға болады. Сондай-ақ апортты қалпына келтіру үшін жабайы алма түрлерін сақтаудың жаңа әдістері мен құралдарын әзірлеу және енгізу, республикалық және жергілікті деңгейде табиғатты пайдалануды реттеу шараларын жедел жүргізу қажет» деген ұсынысы ескерілуге тиіс.
Әлбетте, апортты қайта жаңғырту ғалымдардың ғана шаруасы емес. Соңғы жылдары жекелеген кәсіпкерлер де алма өсіруге ден қоя бастады. Бұл ретте Алматыдағы Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты және Өңірлік экологиялық орталық мамандары жеміс бақтарын өсіру, арнайы гранттарға қол жеткізу, бау-бақша қожалығын құру, экотуризммен айналысу, мектептерді көгалдандыру, алманың зиянкестерімен күресу жөнінде тиімді ақыл-кеңес бере алады.
Қорыта айтқанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылғандай, осы танымал жемісті терең тарихымыздың символы ретінде қайта жаңғырту жөніндегі шаралар жаңаша бағыт алуға тиіс. Туған жерімізде өскен әрбір тал ағашты мәпелеу, қорғау, сақтау – әрқайсымыздың міндетіміз. Байлығымыздан айрылмай, барымызды бағалай білейік.

Д.Имамбаева

Алдыңғы «
Келесі »