ДАРЫНДАР КӨП, ДАРАБОЗДАР АЗ! НЕГЕ?

  • 25.12.2018
  • 344 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Зәкір АСАБАЕВ,
жазушы

Еліміз тәуелсіз мемлекетке айналғалы бергі қол жеткен игіліктер мен нәтижелердің аз емесіне қуанып, шүкіршілік етеміз, әрине. Алайда, олардың қазіргі жұрт боп жұмылып, іске асырылса дейтін олқы тұстар мен кемшін жайларды бүгіп, бүркеуге алғышарт бола алмасы да аян. Сонда, ол не, қолдан келмейтін қарлы қаратау ма, әлде, кейінге ысыра берсе де түк етпейтін мүсәпірлік пе? Ал, егер, олар санына шаш жетпестей қыруар қырсыздық болса ше? Көш жүре түзеледі, түбі іске аса жатар деп жүре беру керек пе?
Міне, гәп қайда?! Бірден де, біртіндеп те ұшпаққа шыға жататын борыш-міндеттер аз емесін шамалаймыз, ағайын. Біздің қаузағалы отырғанымыз, тым бірден болмаса да, жеделдете жетілтіп, шапшаңдау жүзеге асса болмас па дейтін – ашығын айтқанда – елдікке сын, халықтыққа мін іспетті жағдаяттар мен ахуалдар боп тұр емес пе? Амал қанша, соларды бір сәт ойлайсың екен, алабұртқан көңіл су сепкендей жабырқап, еңсе түсіп қоя береді. Өкініш пе? Өкініштің өкіреші (десе де болады). Кей парасы төмендегіше (боп келеді).
Біздіңше, жоқты бар етпекке ұмсынып, сарыла іздеп, бас ауыртудың тіпті де қажеті жоқ, ондай-ондайлар оңнан да, солдан да табылып тұр. Негізгі айтарымыздан сәл ауытқысақ та, солардың сап етіп ойға түсе кеткен біреуін ауызға алайықшы, не дер екенсіз? Бірде депутаттар алдында есеп беруге келген бір қасқаны (аты-жөнін атамаймыз) сенат төрағасы мінберден қуып шықты. Мойны салбырап кете барған жазекең тұс-тұстан лап берген тілшілерді көргенде тырағайлап қашып берсін деңіз. Емпеңдеген әлпетінен, өзін қайдам, біз ұялдық, әрі аядық та. Күнілгері белгіленген есебін беруге қауқары жетпеген пақырдың бұл сүрінісі күллі әріптестеріне, қала берді, елдікке сын сияқты боп көрінді. Енді, не болар екен деп жүргенде, ұзамай телевизор оның сенатқа екінші рет беті бүлк етпей келіп есеп беріп жібергенін де көрсетіп жіберді (мұндай жағдай бірлі-жарым емес, жиілеп бара жатқандықтан мән беріп отырмыз). Пах, шіркін!
Осынау жазбаға кірісер алдында діттегеніміз басқашалау жай-жапсарлар еді. Ғайыптан тайып, сәл «қия» басқанымыздың себебі, олар тамырлас, сабақтас, ілмектесіп жатыр.
Атаулы жиын, съезд, форум, салтанатты жиындардан соң өтетін кештерде қазақ өнерін мейлінше аспандатуы тиіс кәсіби білім, дағдысы мол сайдың тасындай саңлақтар да ұлттың намыс-мүддесін ескермей, әлдебір өзге халықтардың ән, арияларын асқақтатқан боп, тайраң қағудан тиылар емес. Мысал ма? Қайсы бірін айтасың, толып жатыр. Төтесіне келсек, әй, таланты зор тарланбоздар, қазақ ата-бабаңның ғаламат ән, күйлеріне тең келетін не бар, бөтен ел-жұртты солармен таныстырып, ауыздарын неге аштырмайсың? Шетте де, мұнда да жат жұрттың әнсымағын өңешің үзіле айтып қай мұратқа жете қоясың? Айтпа демейміз, – айт, орындама демейміз, – орында. Бірақ, айту мен орындаудың жөні, шеті, шегі болмай ма? Қазақ еліне келетін өзге мемлекет жұлдыздары, онда да Құдайға қарайтын бірен-сарандары, әрі кетсе, қазақша бір ән салып, онан соң өздерінің құндылықтарын әспеттейтінінен тәлім алсаң қайтеді, бейбағым? Олар сен емес, басқаша болу ойларына да келмейді. Қаңсыққа таңсық көрермен, сен де жүрегің жарыла мәз болып, тасырлата қол соғасың екі езуің екі құлағыңа жетіп, көзің тас төбеңе шығып. Өңшең өз қандастарымыздан шыққан әнші-музыканттардың қалың қазақ ортасында шетелдік әлденелерді даңғырлатып-саңғырлатып, танауларын көтеретіні анау! Ол деген баяғыдан салтқа еніп, сананы жаулап алғаны қашан?! Және оларға бұл қалай дейтін ешкім жоқ. Қайта, кейбір абызсымақтар «міне, біздің жеткіншектер дүние жүзінің алабөтен музыка аспаптарында қалай ойнайды, бөтен елдің ән-ариясын қалай құйқылжытады» деп мәздене мардымсиды. Тым болмаса, Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбановтың ешбір шетелдік данышпандардан кем түспейтін ғаламат шығармаларын тыңдамадық деп қынжылу ойларына да келмейді-ау, келмейді, ойбай-ай!
Қазір қай өнер ордасы, қай оқу орнына барма, сахнаға шығатындардың шетінен бөтен ел-жұрттың «елден-ерек» туындыларын жарнамалап, өз елінің «түк сезбестерін» таңдандырып, тасыраңдауға құмбылдарды көресің. Қазақы рух төмен. Өзара бөтен тілде сөйлейді. Елім, ана тілім бар-ау деп ойлай ма, жоқ па, айыру қиын. Әйтеуір, бәрі қазақты таңдандырмаққа ділгер (егер қазақ таңдана қойса, қазақ өзгенің өнерін сыйласа сыйлар, бірақ, таңданбайды, ішқұса, пұшайман болады демесе). Бөтен елдердің музыкасын бөстіре бөріктіріп…
Көріп жүреміз, анау қасиетті Құрманғазы атындағы консерваториядан бастап, толып жатқан музыка мектептер мен колледждердегі кіл қазақ жасөспірімдер концерт қойғанда, ең болмаса, алғашқы нөмірді қазақ ән-күйлері емес, бөтен жұрт данышпандарының шығармасынан бастайды да, ара-арасында ырым үшін бірлі-жарым қазақша қыстырған боп, қайтадан алғашқы ауанға басады. Бұл не? Космополитизмге бой ұру ма? Әлде, осы күндерде ата сақалы аузына түскен өнерпаздар ішінде өздерін космополит санап, патриот деген ұнамайды дейтіндер бары жалған ба? Осы біз, аңғал басымыз, космополиттер мен нигилистерді қолдан жасап жатқан жоқпыз ба? Әлде, аңғармаймыз ба? Бүгінгі Дина, Жүсіпбек, Манарбек, Мағауия Көшкінбаев, Ғарифолла, Жамал, Роза Бағланова, Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзиндер қайда? Бар ма, жоқ па? Жоқ деуің де кәдік-ау. Өйткені, зар қағып іздеп жүретінге ұқсайсың ғой. Бірақ, олар бар. Толып жатыр. Ендеше, неге мен білмеймін, сен білмейсің, ол білмейді? Жоқ қой, жоқ! Бір қарағанда. Бірақ, қайталап айтайық, бар. Бар, бар. Тек…
Мұны енді сәл әріден қозғап, дерек-айғақтармен тарқатып көрейік. Осы мақаланың тақырыбын «Еврейлердің еңбегі «еш кете» ме?» деп атадық. Неге? Өйткені, себебі бар. Себебі сол, біріншіден, мұнымыз еврей ұлтын бөле-жара қарау емес, керісінше, көбі орыс аты-жөнінде болса да, жалғыз қазақ емес, сол орыстың өзінен бастап әлемдегі қаншама халыққа шарапаты мол тигені жайлы ашығын айтып, арғы-бергідегі сол халықтан шыққан қайраткерлерге тағзым ету, алғыс білдіру. Екіншіден, еврей ұлты өкілдерінің қазақ мәдениеті мен өнеріне де бір кісідей сеп жасап, орасан үлес қосқаны, бүгінде аттары қазақ өнері тарихында алтын әріппен жазылған аяулы тұлғалардың бізді өзгелерге танытқаны, сол арқылы қазақ өнерінің ғарышқа шарлап, өркендеп-өскені дер едік. Үшінші айтарымыз, теңдесі жоқ сол дарын иелерін бүгінде бебеу қағып іздеп, аһ ұрып жоқтайтынымыз, налитынымыз. Төртінші, кәсіби білім-білігі болмаса да, табиғат сомдаған сол алыптардың орнын басатын – білімі де бар, білігі де зор, талабы мол – жас таланттарға жөн сілтеп, жоба көрсетіп, насихаттау арқылы оларды орнықты етіп таныта алмағанға тікелей кінәлі өзіміз (тек өзіміз) екенімізді батыра айтуға батылымыз жетпей жүргені. Әйтпесе…
Осы кезде жыл сайын, тіпті, ай сайын десе де болады, атаулы жиын, алқалы тойларда Жүсіпбек, Манарбек, Ғарифолла т.б. әншілерді он орап алғандай небір дүлдүлдерді көріп жүрген жоқпыз ба? Әрине, көріп жүрміз, тыңдап жүрміз, сүйсініп жүрміз, мынау нағыз Жүсекең не Ғарекең, Манарбек сияқты екен деп тамсанып жүреміз. Оған ешкім дау айтпайды, таласпайды, қайта қолдарын көтеріп қостайды, қуанады, мәз болады, іншалла, бар екенбіз дейді, сенеді, үміт етеді. Ізінше бәрі аққан судай жым-жылас болады, онан соң тағы да қарманасың, қапыласың, таппайсың. Олар аз емес еді, біз үш-төртеуінің ғана аттарын атап отырмыз. Жүсіпбек Елебековтің, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Жамал Омарова, Рәбиға Есімжанова, Әзидолла Есқалиевтің концерті дейтіндей жеке дарын иелерінің думанды ән кештері өтпейтін болғалы қай заман? Оларға жұрт ағылып барып, өздерінің қазақ екендерін сезініп қайтпаушы ма еді? Ау, осы күндегі анау дәулескер күйші-домбырашы Айгүл Үлкенбаеваны Дина Нұрпейісоваға теңеп, «Дина, Дина» дей бергенше, жеке концертін жиі-жиі желкілдете өткізіп, дәріптесе көптік етер ме еді? Қайта екінші Дина Нұрпейісова екені сонда нықталып, атағы аспанға шарықтамай ма? Әлде, мұндай үрдіс бүгінгі қазақтың тақиясына тар ма? Бүгінде Дина жоқ, әрине. Алаулаған рухы бар. Айгүл бар. Демек, сонда оқығаны мол сауатты Айгүлден оқымаса да озық жаралған «сауатсыз» Дина жасай алмай отырған өзіміз емей кім? Ал, еврейлердің жөні бөлек. Совет өкіметі орнаған алғашқы жылдардан бастап қазақ өнерінің өсіп-дамуына белсене атсалысқан еврей мамандардың арқасында қазақтың мың әні (және 500 ән) нотасымен қоса кітап боп шығып, опера әншісі Күләш Байсейітова 24 жасында СССР халық артисі атанды. Еврей мамандардың арқасында «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Жалбыр» сынды опералық туындылар, «Қалқаман-Мамыр» балеті, драма театрында спектакльдер қойылды. А.Затаевич, Ерзакович, Брусиловский, Шаргородский, Шабельский, Орлов, Мацуцин, Круглыхин сынды ұлты еврей азаматтар бірі қазақтың ән-күйлерін жинап, бірі өңдеп, хорға, операға лайықтап шығармалар жазса, бірі қазақ музыкасы жайлы оқулықтар шығарды, лекция оқыды, ұлттық кадрлар дайындады. Осы айтылғандардың кей парасын белгілі жазушы Сапар Байжанов аударған Е.Г.Брусиловскийдің естелік кітабынан оқып та білуге болады. Біз шет пұшпақтап айтып отырған еврей ұлты мамандарының қазақ өнеріне сіңірген еңбегі хақында том-том кітап жазуға болар еді (жазылғандар жоқ емес, бірақ, аз). Еврей режиссерлер мен композиторлары Орта Азия республикаларына да қол ұшын созып, қолтықтарынан демеді, жол-жоба көрсетті. Кавказдағы үш (армян, әзірбайжан, грузин) республиканы қайдам, ал, түрікмен, тәжік, қырғыз, өзбектердің бұрын түстеріне кірмеген опералық туындыларын тұңғыш рет еврей композиторлар жазды. Біздегі Затаевич секілді, түрікмендердің ән-күйін ел аралап жүріп тырнақтап жинап, нотаға түсіріп, кітап етіп шығарған еврей композитор жайлы сол елдің азаматтары қайсыбір жылы көркем-суретті фильм түсірді (бізде байқалмады). Есімі әлемге белгілі Рейнгольд Морицевич Глиэр өзбектің «Гүлсара» операсын жазды. Бәрінің аты-жөндерін атамасақ та, аталмыш төрт республикадағы алғашқы драмалық, опералық туындыларды жазып қана қоймай, сахналаған да еврей режиссерлер мен композитор, суретші, гримершілер екені жалған ба, әлде? Бұларды бүгінгі қауым біле жүру үшін деп емес, білу үшін де айтып отырмыз. Өйткені, ол – тарих. Жалпы, кейбірі орыс фамилиялас еврей (қандас) дарын иелерінің ұлы орыс халқының әдебиет, өнер, мәдениетіне қосқан үлесі жайлы да бір-екі сөз айта кету артық емес. Әріге бармай-ақ, Совет өкіметі тұсындағы қайраткерлерді санап тауысу қиын. Еске түскендерінің аты-жөндерін атасақ: Шостакович, Дунаевский, Островский, Блантер, Френкель сынды композитор, жазушылардан Казакевич, Казаков, Симонов, Эренбург, Бродский, әншілер Лемешев, Вертинский, Утесов, Ильинский, Хиль, Кобзон, музыканттардан Растропович, Гилельс, сондай-ақ, Г.Вишневская, Т.Синявская, Р.Быков, М.Жаров, Э.Быстрицкая, Л. Гурченкодай әнші, актер, актриса, Сталиннің қызына қырындағаны үшін он жыл айдауда болған Кеплер, Трауберг, Рошаль, Вольпин, Эйзенштейн, Донской, Эрмлер, Пирьевтей сценарийші, кинорежиссерлердің есімі алтын әріптермен жазулы. Олар орыс өнеріндегі өшпес тұлғалар.
Ендеше, мұндай сыбағадан қазақ та құр қалмағанына неге шүкір демеске дейміз де, баяғы. Еш нәрсе, ештеңе де өз-өзінен бола салмайды. Тіпті, халық арасындағы сом талант иелерін ойдан-қырдан жинап, туабітті өнеріне жол ашу, жөн сілтеу, қатарға қосу оңай шаруа ма еді? Жоқ, жоқ және жоқ. Қазақ Әміре Қашаубаев, өзбек Тамара ханум, Башқұрт Есембаевтардың Франция мен Германияға баруы да Луначарский секілді қырағы, алысты болжағыш қайраткерлердің арқасы емес пе еді? Сол еврей мамандардың қазақты (басқаларды да) жарылқайын деген ойы болған-болмағанын кім білсін. Ол басқа әңгіме. Одан да тағы да фактіге ден қояйық. Фактіге ден қойсақ, Грузияда туып Ленинградта композиторлық білім алған Е.Брусиловскийдің Қазақстанға ат басын бұруы тіпті де жайдан-жай емес-ті. Ермек Серкебаевтың (кітабында) айтуынша, қазақ тақырыбына ұзын саны 31 опера жазып, солардың төрт-бесеуі ғана сахналанған, тамаша әндері бір төбе Е.Брусиловский кәсіби білімі жоқ көптеген әншіні операға баулыған, «Жарқ етпес қара көңілім неғылса да» деген әнін тыңдаған бойда консерваторияға қабылдаған Сыдық Мұхаметжанов, Н.Меңдіғалиев, К.Күмісбековтей композиторларға дәріс берген, тіпті, оны Ленинградқа барып Қазақстанға келуіне күш салған Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаевтың өздері ұстаз санаған ерекше жаратылыс. Сондай аяулы тұлғаны қадірлей алмай, СССР халық артисі атағын алып беруге дәрмені жетпеген қазаққа не дері бар.
Жоғарыда тілге тиек ету үшін – үшеуінің ғана атын атаған – Жүсіпбек, Манарбек, Ғарифолла әншілер секілді, Совет өкіметі тұсында қазақ өнерінің өсіп-өркендеп, гүлденуіне айтарлықтай үлес қосқан ұлты еврей қайраткерлер ішінен де біреуінің – Брусиловскийдің ғана атын атап, қыруар еңбегіне шама-шарқымызша тоқталған боп отырмыз. Әйтпесе, қазақ өнерінің қай саласында да сол тектес білікті мамандар аз емес-ті. Театр режиссері Гольдблат, концертмейстер Иванов-Сокольский, ағайынды Когандар, кино мамандары Беркович, Варшавский, Гаккель, Дзиган, композиторлар Ерзакович, Шабельский, Шаргородский – көп-ақ. Олар – тағы да қайталаймыз – қолдан келгендерін аямастан қазақ өнерінің дамуына үлес қосты, кадр дайындады, іздері сайрап жатыр. Тек Совет өкіметі орнағаннан кейін, негізінен, солардың арқасында қатарға қосылып, танымал болған қазақ өнерпаздары секілді, бүгінде олардың да есімдері көмескіленіп барады. Енді бұл солай. Алда да солай боп қала бере ме дегеннен ғой шыр-пыр боп отырғанымыз. Бұл үлкен мәселе, біз шет пұшпақтап айтып отырмыз дегенді де қайталап еске саламыз. Бір сәт тағы да Жүсекең, Ғарекең, Манарбек әншілерге оралсақ…
Олар бірі ерте, бірі кеш, өткен ғасырдың екінші жартысының соңына не орта шеніне дейін ғұмыр кешті. «Қазақконцерт», Жамбыл атындағы филармонияда еңбек етіп, ел аралады, сахнада жиі көрінетін, бәрінен кереметі, әр жыл сайын өздерінің жеке концерті кемі үш-төрт мәрте өтетін. Ондайда халық симай кететін. Жеке дегенімізбен, әр алып әнші сахнаға өздері баулып жүретін шәкірттерін де ала шығатын. Кейін елге кеңінен мәлім боп, ұстаздарынан аспаса да, бір де кем деуге болмайтын небір күміс көмей әншілер солай қанаттанды, солай өсті, танылды. Жүсекеңмен бірге Мәдениет Ешекеев, Ғарекеңнің қасында Мекес Төрешев, Жамал Омарованың жанында Сара Тыныштығұлова, Рәбиға Есімжановамен бірге Бағдат Сәмединова, Зейнеп Қойшыбаева, Роза Бағлановадан тәлім алған Биғайша Іңкәрбекова дегендей. Әй, шіркін-ай, ұрпақтар жалғастығы солай өрби бергенге не жетсін (деп армандаймыз бүгінде). Сонда не, қазір ол үрдіс жоқ па, әлде, суалып біткен бе? Оған төрелік айтуды өзгеге қалдырайық та, өзіміз көріп-біліп, сезіп, куә боп жүретін жайлардың кейбірін ортаға салып, гөй-гөйімізге нүкте қоялық.
Бірінші айтарымыз, жоғарыда аттары аталған, аталмаған, қазақ елін ән, күй, жырмен аялап, атын әлемге шығарған, өзіңнің қазақ екеніңе мақтанып, арқа сүйеп, алаңсыз жүруіңе бірден-бір дәнекер болған айтулы, атышулы қазақ өнерпаздар бүгінде де жоқ емес, қайта, қосақ-қосағымен табылады (деп қайталап айтамыз). Олай болса, зар жылауға жол болсын?!
Ол кездерде, тіпті, күні кешеге дейін, қадірін білсек те, білмесек те, белгілі әнші, күйшілердің жеке кештері кезек-кезек өтіп жататынын да лажсыздан қайталап еске саламыз. Жүсекең, Ғарекең, Манарбек, Ләззат Сүйіндікова, Жамал Омарова, Мұрат Өскенбаев, Әзидолла Есқалиев, Шәміл Әбілтаев, опера әншілерінен ағайынды Абдуллиндер, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Байғали Досымжанов, Мұрат Мұсабаев, олардан тыс солардың бәрі қатысатын қазақ музыкасының кештері, бірыңғай қазақ күйлері орындалатын Құрманғазы, «Отырар сазы» оркестрлерінің концерттері бүгінде көзден балбұл ұшатын болғаны қалай? Тіпті, қазір Роза Рымбаеваның жеке концерті жылына бір рет өте ме, өтпей ме, пәлен дей алмайтынымызды құдай кешірсін. «Ондай кештер өтеді ғой» дейсің бе? Өтеді деп біз де естиміз. Бірақ, рух бәсең. Ардақтау, насихат кемшін. Сондықтан, өрен жүйрік талант иелері көптің бірі боп, тасада жүргендей көрінеді…
Екінші айтарымыз, олар әуелі өздерін-өздері өнерлерімен асқақтатса, онан соң олар туралы бұқаралық ақпарат құралдары жаппай жазып, талдап-талқылап, тың пікір, жаңа ой-толғамдар айтылатын, бұрын белгісіз қырларын ашып, адами болмыс-бітім, келбеттері өрнектелетін. Сондықтан да, қазақтың мерейі үстем боп, елдік леп екпіндей есіп тұратын.
Бір оқиға еске түседі. Өнер, мәдениет хақында тасқындата жазатын «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакторы Мұсекең, Мұса Дінішев бірде: «Жүсекең мен Ғарекең жөнінде талай жазып, суреттерін жариялап жүрміз ғой. Бұл жолы екеуін бірге слайдқа түсіріп, бір бетке берейік те қояйық. Екі тарланның арқа-жарқа отырысын жұрт көрсін. Не айтасыңдар?» – деді.
Не айтамыз, бес жыл Мәдениет министрінің орынбасары міндетін атқарған, әрі, осы журналды өз қолымен ашып, тұңғыш редакторы болған Мұсекеңе «дұрыс» дестік. Әйтсе де, күдік-күмән келтіргендер де болды: «Екеуі екі өңірдің тумасы, татулықтары шамалы, суретке бірге түсе қояр ма екен»,– деп. «Ондай әңгімені неғыласыңдар», – деді Мұсекең. Ұзамай Ғарекең мен Жүсекең бір дастархан басында қолдарына домбыра ұстап, күліп-ойнап отырған түрлі-түсті сурет тұтас бір бетте басылды. Мұсекең айтқандай, жалаң сурет. Мақаласыз. Ал, онан соң редакцияға алғыс айта келген Жүсекең мен Ғарекеңнің небір қызық әңгіме тиегін ағытып, коллектив мүшелерін әнге бөлеп, желпінткенін айт. Әттең, содан көп кешікпей ойламаған жерден Жүсекең бақиға аттанды. Міне, тағдыр! Жарты миллионға жуық тиражы бар журналда екі алыптың бірге түскен суреті қалды (Жуырда белгілі әнші Еркін Шүкіманов кезінде сол сурет маған қатты әсер етіп еді, әлі күнге сақтап жүрмін деп еске алды).
Үшінші айтарымыз, бүгінде де журналдарда үлкен-кіші әншілердің суреттері басылмайды емес, басылып тұрады. Бірақ, олар кімнің есінде, әсер қандай, әйтеуір, суреті шыққандардың өздері болмаса, басқалардың көз алдында да, жадында да сақталады деу екіталай. Дарынды өнер адамдарының өзі де, суреті де есте сақталу үшін олар о бастан кең танымал болуы шарт. Содан ба екен, «Мәдениет және тұрмыс» журналында жарық көретін әрбір белгілі өнерпаздың фото-суреті теберік саналып, қалың қауымның есінде қалатын, жұрт оларды қиып алып төрге іліп қоятын. Өйткені, ондай тұлғалардың өздері де теберік болатын.
Төртінші айтарымыз, қазір уақыт басқа, заман өзгерді, сол «Мәдениет және тұрмысыңыздың» аты «Парасат» боп өзгерген бойда 170 мың тираж жоғалтып, келесі жылы одан да көп тираждан айрылып, ұстанатын бағыт-бағдары өзгеріске ұшырады. Мемлекет назарынан тыс қалып, тиражы болар-болмас халге жетті. Ол үшін журнал жазықты емес. Бірақ, әйтеуір, қазір қай басылымда да баяғы дәурен жоқ. Өкінішке қарай, шыға бастағанына сегіз жыл болған – «Мәдениет және тұрмыстың» дәстүрін жалғастырып келе жатқан – қазіргі «Мәдениет» журналында жазып, жария етіп, жарты әлемге жар саларлық баяғыдай алыптар «жоғы» да аян. Кешір оқырман, жоғарыдағы бір сөзімізде олар жоқ емес, бар, толып жатыр демедік пе? Ендеше, сол сөзіміз – сөз. Толып жатыр.Тек олар алыпқа айналу үшін:
Серпіл, талпын, құлашты кең серме.Алдыңғы буын салған жолдан тайма, ауытқыма!
Ширақ адымда, батыл қимылда, ойлан!
Түк қиын емес. Бәрі өзімізге байланысты. Өзіңе. Оян, қазақ! (Міржақып Дулатов).
Бесінші айтарымыз, қазіргі білімді, кәсіби шеберлігі жетіп артылатын таланттарды табудың керегі жоқ, олар табылып тұр, қарадай қадірі болмай, айналада толып жүр, енді оларды ел-жұрт бұрынғыдан да жете біліп, қажетсініп, іздейтіндей іс-шаралар қажет. Еврей мамандар жасағандай қамқорлық қажет. Қазаққа бір өзі бір театр, бір кешті бір өзі атқаратын (еврейлер тәрбиелеп, қатарға қосқандай) алыптар керек, алыптар. Халықтық ән-күйлер жаңғырып, ата-баба аспанында мәңгі қалықтай беруі үшін, шаң қауып, ұмытылмауы үшін. Марқұм болған алыптардың таспаға жазылған мұраларын тыңдаумен шектеліп мұңға бата бермеу үшін. Мақала тақырыбын «Еврейлердің еңбегі «еш кете» ме?» деп алдық қой. Солардың өлілерінің аруағы, көзі тірілеріне құрмет үшін, қазақ өнеріне сіңірген еңбегі, төккен терлері үшін. Ал, ол үшін…
«Ісім өнсін десең, ретін тап».
(Абай).

***

P.S. Таяуда белгілі телеарна-лардың бірінен ұлы әнші Роза Бағланованы еске алуға бағышталған әдемі де әсерлі концерт берілді. Бәрі жақсы еді, бірақ әлдебір білгішсінген мүміннің Роза апамыз Шәмшінің «Менің Қазақстаным» деген әнін бірінші боп орындап, жарыққа шығарды деп соғып жібергені кәдімгі «бір қарын майды бүлдіретін бір құмалақ» тәрізді болды да шықты, қайтейік. Бұл бер жағы. Мұндайлардың көкесін көріп жүретініміз жалған десең, өзің біл. Әумин! Аллаһу әкбар!

Алдыңғы «
Келесі »