ТАРЛАНБОЗДЫҢ ТЕРМИНЖАСАМ СОНАРЫ

  • 25.12.2018
  • 74 рет оқылды
  • 0

Сәбит Бексейітов,Қарағанды облысының
табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды
реттеу басқармасының редакторы,  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Ана тілінің уызына жарыған, сөздің қадірін білетін, тілтүзер мен тілбұзарды айыра алатын кез келген азамат, мейлі ол ғалым болсын, қаламгер болсын, тіпті, қатардағы оқырман болсын, қазақ тілінің әлемдегі бай тілдердің біріне, асырып айтқандығым емес, бірегейіне жататынын жақсы біледі. Мұны өткен ғасырдың басында қазақ тіл білімінің көш бастаушыларының бірі, түркітанушы – Құдайберген Жұбанов жеріне жеткізе айтқан.
Бір ғажабы, қоғамдық формациялар түлкі бұлаңға салып жиі өзгеріп отырғанына, көп тосқауыл-кедергі жасағанына қарамастан, өміршең тіліміздің бай лексикасы үнемі толығып, дамып отырған. Ал, тіл лексикасының үздіксіз дамуы қоғамның дамуымен тығыз байланысты екені айдан-анық шындық. Қоғамның дамуына, адам санасының өсуіне байланысты өмірде жаңа заттар мен ұғымдар пайда болады да, оларды дәл және дұрыс атау қажеттілігі туады. Осы қажеттілікті өтеу үшін сөзжасам арқылы жаңа сөздер жасалады, тың терминдер туындайды. Ол жаңа сөздер мен тың терминдер тілді байытады, сөздік қорды молайтады, ал осы тілдің сөздік құрамының баюында негізгі қызметті қазақ тілінің сөзжасам жүйесі атқарады. Бір қуаныштысы, ұзақ уақыт ішінде өзгерістен өтіп, әбден қалыптасқан қазақ тілінің сөзжасам жүйесі бар, ол өмірде пайда болған барлық жаңа заттарды, жаңа құбылыстарды, жаңа ұғымдарды атауды, жаңа сөздер мен тың терминдерді жасауды қамтамасыз етеді.
Тіліміздің өзгеріс, өріс тізгінін білгірлікпен ұстап, ұрпағына өлшеусіз мұра қалдырған тұлғалар туралы әңгімелей отырып, филология ғылымдарың докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы: «Бүгін солардың арасынан тіл ұстарту жағынан бір-біріне қатты ұқсайтын екі зергерді ерекше атау қажеттігі туындап отыр. Олар А. Байтұрсынұлы мен І. Жарылғапов. Бір қарағанда бұл екеуін қатар әңгімелеудің қисыны жоқтау сияқты. Алайда, қазақ мәдениетіне қосқан үлесін саралай келгенде бұлардың рухани үндестігі мен тілғұмырлық бірегей қасиетіне таңданбай тұра алмайсыз. Бірі он тоғызыншы ғасырдың аяғында дүниеге келіп, жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында дүниеден өткен, ал, екіншісі сол жиырмасыншы ғасырдың түлегі. Соған қарап екеуін де бір ғасырдың өрені деуге болар. Әйтсе де, екеуі екі ғасырдың жүгін арқалағандай іс тындырған» деп түйіндейді.
Академик ғалым «Терминтану ілімінің хас шебері» деген мақаласының келесі бір бетінде «Қазақ терминологиясы дейтін ілім саласында дәл Ахмет Байтұрсынұлындай айрықша орны бар білімпаз деп Ісләм Жарылғаповты айта аламыз. Өйткені, оның басқа еңбектерін былай қоя тұрып, кезінде жұртшылық сұранысын қамтамасыз етіп, қолданыс әлемінде орын-орнына тұра қалған аялдама, анықтама, жағажай, балмұздақ, күнделік, көрермен, оқырман, тыңдарман, саяжай, ғарыш, зымыран, тыңжерші, баспагер, ғарышкер, қаламгер, өркениет, қаламақы, зейнетақы, жазылым, жазылыс, мемлекет, жержаһан (континент), үлгерім тәрізді толып жатқан термин сөздердің дүниеге келуіне себепші І. Жарылғапов сияқты қаламгер екенін ұмыта да бастадық, тіпті ескеріп елеп те жатпайтын жағдайға жеттік. Тағдыр сыйлаған, бабалар баптаған ұлы тіліміздің баяғы табиғи байлығындай сіңісіп, кірігіп, қатар түзеп тұра қалған бұл терминдік аталымдар ана тілін қадір тұтатын кез келген сауатты жанның аузында, қаламының ұшында» деп тұщына жазды. Осы мақаласында Өмкең ісләмтану ілімінің қалыптаса бастағанын айта келіп, жазушы Өтеш Қырғызбаевтың «Сөз зергері Ісләм Жарылғапов» деген зерттеу еңбегін осы ілімге қосылған үлкен үлес ретінде ерекше атап өтті. Жазушының «Кезінде … Асқар Сүлейменов Ісләм Жарылғаповтың көркем сөз зергерлігі туралы «Жақсыдан сөз шығады жан секілді, тамырдан атқылаған қан секілді» деген екен» бір сөйлемінің өзі маған керемет әсер етті.
Кейінгі ширек ғасыр ішінде ұлт тілінде термин жасау ісі де біршама жандана бастауына байланысты терминжасамның ұлттық үлгілерін қалыптастырудың қажеттілігі де айқын аңғарылып отыр. Тіліміздегі кейбір қосымшалардың арнаулы салалардың теминдерін жасау барысында өнімді пайдаланыла бастағандығын көруге болады. Бір айта кететін нәрсе – қазіргі термин шығармашылығы өткен ғасыр басындағы термин жасау тәжірибесіне табан тіреп отырғандығы. А.Байтұрсынұлы бастаған, І.Жарылғапов жалғастырған қазақ зиялыларының термин жасау үлгісімен туындап жатқан көптеген жаңа терминдер соның дәлелі бола алады. Мұны үзіліп қалған ұлттық терминжасам дәстүрінің араға 60-70 жыл салып барып қайта жалғасын табуы деп бағалаған дұрыс болар.
«Тілімізде бар байырғы сөздеріміздің есебінен термин қорымызды толықтыру кезінде немесе кез келген арнаулы саланың жаңа терминдерін жасау барысында белгілі бір үлгіні сақтаудың терминология үшін маңызы зор, бұл ең алдымен терминологиядағы жүйелілікті бұзбау үшін қажет», – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Құрманбайұлы. Ал, терминологиядағы жүйелілікті кейбір терминолог ғалымдар терминологияның басты принципі деп санайды. Осы төңіректе көбірек толғанып түйген ойларым мыналар. Синонимдердің көп болуы тілдің байлығын танытады деген тұжырым терминге келе бермейді. Жарыспалылық етек алғанда, ресми бекітілген терминдерді ұстану мүмкін болмай қалатыны анық. Сондықтан, күн тәртібіне терминдерді біріздендіру (унификация) мәселесінің қойылуы әбден орынды. Бұл бүгінгі таңда мейлінше ушыққан мәселе болып тұрғаны әмбеге аян. Бір ғана «акимат» сөзінің маңайында қаншама шырғалаңнан өтіп келдік. Үкіметтен үлкен емес, әу баста жасалу үлгісі ұқсас «әкімет» сөзіне тоқталу керек еді. Орыс тілі оралымдылығын танытып, түркінің сөзжасам үлгісімен тамаша термин туындатты.
Бұқаралық ақпарат құралдарында жазық жоқ, жаңа сөздер жаршысы болып-ақ жүр. Ал, енді, терминдерді мемлекеттік органдар екіұдай қолданып жатқанда, шарасы қайсы, «акиматтың» баламасы ретінде әлі күнге «әкімшілік» сөзін қолданатындар баршылық. Сондай-ақ, «положение» сөзін Парламент «ереже» деп, Үкімет «қағида» деп қолданады. Тап бір әрбір заңды тұлғаның өз термині бар сияқты. Облыстағылар екі бірдей алыптың ыңғайына кезек-кезек жығылады. Өйтпеске лаждары жоқ, әрі-беріден соң оған әділет басқармасы мәжбүр етеді. Шындығында, «положение» сөзінің баламасы «қағида», «правила» сөзінің баламасы «ереже» болса керек-ті.
Мемлекеттік қызмет туралы Заңда «государственный служащий» сөзінің баламасына «мемлекеттік қызметші» сөзінің алынуы біраз түйткілдің басы болды. Дұрысы «мемлекеттік қызметкер» еді. Кеңес үкіметі тұсының өзінде «служащий» сөзінің баламасы ретінде «қызметкер» сөзі қолданылатын. «Қызметші» сөзін «работник» сөзінің баламасы ретінде қолданатын.
Сөзіміз дәлелді болу үшін «учреждением систематически проводится работа с государственными служащими и работниками канцелярий в части соблюдения норм Этического кодекса и профессиональной этики при оказании государственных услуг» деген сөйлемді қазақ тіліне дәлме-дәл аударып көрейік. «Мекеме кеңсенің мемлекеттік қызметшілерімен және қызметшілерімен мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде Ар-намыс кодексінің нормаларын және кәсіби әдепті сақтау бөлігінде жүйелі түрде жұмыс жүргізеді» деген нұсқада «қызметшілер» сөзі екі рет қайталанып тұр. Осы жерде «мемлекеттік қызметкерлер» деген сөз тіркесінің сұранып тұрғаны анық.
Терминологиялық сөздіктер төңірегінде қызу пікірталас әлі күнге дейін созылып келеді. Соның бірі – 2000 жылы «Рауан» баспасынан жарық көріп, көп ұзамай Мемлекеттік сыйлыққа ие болған 31 томдық «Қазақша-орысша терминологиялық сөздік». Оны әсіреқызыл жақтаушылар «бұл жұмыс барысында басшылыққа алатын негізгі құжатымыз» деп жүрді. Ғалымдар, соның ішінде осы сөздікті құрастырушылардың бірі «Бұл ешқандай да негізгі құжат емес. әрі-беріден соң, бұл сөздік мемтерминкомда бекітілмеген!» деп еді кезінде. Мәссаған, безгелдек! Тіпті, елдің бәрі «зауыт» деп жатқанда, бұл сөздік «завод» дегеннен танбапты. Неге? Өйткені, осы сөзді дауысқа салғанда, орысша қалпында қалдыруды жақтағандардың бір дауысы артық болыпты. Сонымен, көпшілік 16,5 мың орыс түбірлі сөзден тұратын, кемшілігі көп, брошюра тақілеттес 31 томдықты толықтыру керек деген тұжырымға тоқталысқан болатын.
2003 жылғы 6-7 қарашада Алматыда өткен «Қазақ терминологиясы және бұқаралық ақпарат құралдары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда кездесіп, жүздесу сәті түскен, сол кездің өзінде сексеннің сеңгіріндегі тіл білгірі, профессор Шора Сарыбаевтың «Терминдерді жасайтындар тілшілер емес, сала-саладағы мамандар!» деген сөзі жадымда жатталып қалыпты. Конференция жұмысына белсене қатысып отырған мен аузы дуалы ақсақалдың пікіріне сай келесі болатын басқосуларға әр саланың мамандарын шақыру керек деген ұсыныс білдірген едім. Айтса айтқандай, бертінде шығып жатқан сөздіктерден әралуан сала мамандарының тікелей қатысып отырғандығы аңғарылады.
Нарықтық экономика мен техниканың қайнаған ортасында отырып, салалық және кәсiптiк терминдер сөздiгi мен компьютер қорын басқа жақтан қашан келер екен деп күтiп отырудың ешқандай ретi жоқ, бұл сыпайылап айтқанда, енжарлық танытқандық болар едi. Оның үстіне облысымызда қазақ тілінде өзекті ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қолайлы жағдай жасалған. Қарағанды техникалық университетінің мамандары техника саласы бойынша орысша-қазақша компьютерлік сөздік құрастыруды көптен бері қолға алғаны белгілі. Сондықтан да, қазақ тiлiнде iс қағаздарын кiнәратсыз жүргiзуге қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да көмегiн тигiзер деген ниетпен, екi мыңға жуық лексеманы қамтитын, негiзiнен жұмыс барысында жиi қолданылатын әлеуметтiк-экономикалық терминдер мен сөз тiркестерiнен құрастырылған «Нарықтық экономиканың орысша-қазақша қысқаша сөздiгiн» кезінде жергілікті баспасөз арқылы оқырмандар назарына ұсынғанбыз. Соған қарамастан, игілікті іске ден қойған соң, тың сөз қолданыстар жаршысы – баспасөз бетiнде жарық көрiп отыратын тәржiмелiк тәжiрибе өрнектерiн, ғалым-жазушыларымыздың терминдiк сөзжасам үлгiлерiн, сондай-ақ өзiндiк iзденiстерiмiздi ұштастыра отырып, әрі ұтқыр, әрі тың балама табуға тырыстық.
Өзiндiк iзденiстер дегенiмiзде, осы сөздiкте сынамен мегзелген, курсивпен терiлген әрi қарайтылған жекелеген сөзжасам үлгiлерi мен өзiмiз құп көретiн баламаларды айтар едiк. Солардың қатарында – гер өнiмдi жұрнағы жалғану арқылы жасалған: қаржыгер – финансист (бұл сөз республика бойынша кең қолданысқа ендi), төлемгер – плательщик, өтiлгер – стажер, даугер – истец, дәругер – фармацевт, дауахана – курорт сөздерi де бар.
Басқа сөзжасам үлгiлерi мыналар; Қазақ тiлiнде «өтiл» деген төл сөзiмiз бола тұра оның орысша баламасы «стаж» сөзiнен жабысып айрылмай келемiз. Менiңше, бұл сөздердiң әрi қысқа, әрi нұсқа қазақшасы былай болса керек-тi: өтiлiм (стажировка); өтiлгер (стажер). Десек те, «стажировка» сөзi көбіне «тағылымдама» түрінде қолданылып жүр. Бұл енді «сынау мерзiмiн өткiзу» деген сөз тіркесінен әлдеқайда тәуір әрі мағына жағынан жуық келеді.
Қазақ тiлiнде «показатель», «указатель» деген екi бiрдей орыс сөзi «көрсеткiш» деп баламаланған. Менiң ұсынарым: показатель – көрсеткiш; указатель – нұсқағыш, не болмаса – мегзегiш.
Орыстың тамаша ақыны Велимир Хлебников өзiнiң шығармашылығын «словотворчество» деп атаған екен. Мен мұны қазақша «сөз шығармашылығы» дегеннен гөрi «сөзгерлiк» дегендi жөн көрдiм. Өйткенi, бұл балама бiрегей сөз зергерi бола бiлген ұлы ақынның айрықша шеберлiгiнiң асқақ мәнi мен ғажайып сәнiн дәлме-дәл ашатын секiлдi. 2000 жылдан бері бұл балама сөзім қолданысқа енді. Әуелі қазақтың маңдайалды ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет менің шығармашылығым жөнінде жазған «Өркениет заманының сөзгері» деген мақаласында қолданса, бертінде Қазақ білімі мен ғылымының киелі ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шаңырақ көтергеніне 80 жыл және қоғамдық санаға ақпарат тарату арқылы қозғау салу өнеріне үйрететін, яғни қаламы жүйрік, ойы ұшқыр мамандыққа машықтандыратын журналистика факультетінің қазақ топырағында іргетасы қаланғанына 80 жыл толуына орай 2014 жылы жарық көрген «Ұлт сөзгерлері ұшқан ұя» атты кітаптың тақырыбында да, өне бойында да қолданылды.
Ұлттық термин жасау ісінің тарланбозы, ғалым, аудармашы, жазушы Ісләм Жарылғаповтың тағылымы мол сөзжасам сонары бүгінгі және ертеңгі ізбасарларын мен мұндалап шақырады.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.