ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЛТАЙЫНЫҢ ҚАЗАҚ ЕМЕС ДОСТАРЫ

  • 25.12.2018
  • 183 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазбай Құдайбергенов,
ҚМУ-дің профессоры, Қалтай Мұхамеджанов
кітапханасының ғылыми кеңесшісі

Ауылда оқып, қазақтың ұлттық әдет-ғұрпын бойына сіңіріп өскен Қалтай-аға орыс халқын алғашында олардың жазушыларының қазақшаға аударылған шығармалары арқылы таныды. Екі жоғарғы оқу орнын (Қызылорда пединституты мен Ташкенттің өнер институты) екі курстан шегіншектеп оқыған Қалағаң Мәскеудің А.Н.Луначарский атындағы ГИТИС-ін «Театр тарихы мен теориясы» мамандығы бойынша үздік бітірді. «Халық жауының» баласы деген әкеден қалған таңбасы өмір жолында біраз қиыншылықтарды алдына тартқанмен, 1,5 ғасырға жуық тарихы бар осы оқу орнына түсуіне де сол таңбаның оң себебі болғаны жасырын емес. Бұл да Алланың рахымының шексіздігі болса керек. Қалағаңның көптеген орыс достарын табуы осы ГИТИС қабырғасынан бастау алады. Оны Ташкенттен Мәскеуге ауысуына ақыл беріп, көмегін тигізген ұстазы профессор – Морозов Михайл Михайлович (1897-1952 ж.ж.). Ол әдебиетші, шекспиртанушы ғұлама ғалым, МГУ мен ГИТИС- те көп жыл дәріс оқып, талай талантты өнер иелеріне өмірлік жолдама берген ұстаз. ГИТИС- те Қалағаң белгілі театр сыншысы, театр танушы Юрий Сергеевич Рыбаковпен (1931-2006 жж), Ю.Нехорошевпен (1925-2016 жж) т.б. орыс достарымен бірге оқыған. Ұлттары бөлек болғанмен, мамандықтары мен шығармашылық көзқарастары жақын болғандықтан, олармен ұдайы байланыста болды. Ю.Нехорошевтің «Художник» журналының бас редакторы, кейін «Известия» газетінің арнаулы тілшісі болуы, Қалағаның Кеңестің жоғарғы деңгейдегі ақпарат құралдарына еркін шығуына мүмкіндік берді. Қалағаң оқыған курсқа 1939 жылдан бастап өнертану ғылымдарының докторы, профессор театр сыншысы Павел Александрович Марков жетекшілік етіпті.
Қазақстанда бірінші Мәдениет министрі Қайырғали Байғалиевтің шақыруымен жоғарғы лауазымды қызметке келгенде де, ұстазы П.А.Марковпен байланысын үзбей, ұстаздық кеңестерін алып отыратынын жиі еске алатын Қалағаң. Осы кезде театр энциклопедиясының бас редакторы- П.А.Марковтың Қалағаңа демеушілігі де аз болмаса керек. Шыңғыс Айтматовпен бірге жазған «Көктөбедегі кездесу» спектаклі Мәскеудің «Современник» театрында (1973 ж). бірінші рет қойылуы, Қалағаң мен Шыңғыстың орыс достарының қолдауымен жүзеге асқандығы тарихи шындық. Театрдың көркемдік жетекшісі, бұрыннан дос әрі сыйлас Галина Волчек оның сәтті шығуына көп еңбек етті. Спектакльдегі басты рольдің бірінде Қалекеңнің досы Олег Табаков (1935-2018 жж) ойнады. Қалағаңмен арадағы сыйластығы мен достығының дәлелі ретінде өз қолымен жазған лебізін келтіре кетейін (Мәнін өзгертпеу үшін орыс тілінде бердік) «Қалтай, Милый!
Ты человек редкого обояния,…Кроме этого с тобой можно иметь дело…. Крепко целую. Твой Олег Табаков»
Қалағаңның бабасы Күдері қожа Көшекұлы, әкесі Мұхамеджан белгілі ақындар. Соданда болар, оның ақын достарына деген ықыласы ерекше болатын. Солардың бірі суырып салма ақын Виктор Аркадьевич Урин (1924-2004 жж). Ол жиырмадан аса кітаптардың авторы. Алғашқы кітабы 14 жасында жарық көріпті. Өзінің «Победа» маркалы машинасымен Мәскеуден Владивостокке дейінгі туристік сапарында жол бойы, тоқтаған жерлерінде суырып салмалық (импровизация) талантымен елді таңқалдырған. В.Уриннің соғыс кезінде шығарған (өзіде соғыс ардагері) «Лидка» атты шығармасы барлық майдандағы солдаттардың сүйіп айтатын өлеңіне айналған. Оны Константин Симонов, Александр Твордовский, Александр Межиров, Борис Слуцский, Булат Окуджавалар сияқты ақын, жазушылардың да шабытпен шырқайтын сүйікті әндеріне айналыпты. Алматыға Қалағаңның арнайы шақыруымен келгенде, «Қалтайға Виктордан» деген өз қолымен жазған өлең лебізін келтіре кетейін:
Ваш дружеский край покидая,
Не зря с вами пью я вино.
Но что вам скажу про Калтая,
Скажу вам ақыны одно.
Не упрямый, небрежный и шаткой,
А яркой в нем знаю я толк.
Для вас он «Волченок под шапкой»,
Для нас он талантливый волк!
Өлеңнің соңғы жолынан тума талант ақынның Қалтай шығармашылығына тәнті болып оны мойындағаны айтпасақ та көрініп тұр.
Қалағаның архивтерін ақтара отырып қолыма қашан аударғаны белгісіз, тек фамилиясын ғана көрсеткен сарғайған бірнеше парақтар түсті. Бұл ақын Степан Петрович Щипачевтің (1899-1980 жж) өлеңдері екен. Ол екі дүркін Сталиндік сыйлықтың иегері Свердлов облысының Щипачи селосында өмірге келген, ұмытылып бара жатқан ақын. Оның 1946 жылы жазылған мына өлеңін Қалағаң:
Кімді сүйсең, ол да сүйсе жаның бір, Қос жүрекке айтар жалғыз тілегім: Сенімменен, адалдықты қорғай жүр онсыз өмір тұл екенін білемін – деп аударыпты. Осы бір төрт қатар өлең жолдарынан аударманың өте сәтті шыққанына куәгер боласыз. Ал, Қалағаңның ел есінен шығып бара жатқан ақынның жанына үңілуі оның көміліп бара жатқан бұлақтың көзін ашуға құштарлығына, кейінгі жастарға деген ағалық шексіз қамқорлығына мезгейтіндей. Ә.Әбішовке жазған ашық хатында өзінен кейінгі 43 талантты інілерін атауы, оларға деген сенімі сөзіміздің дәлелі.
Ш.Айтматовпен Қалағаңның «Көктөбедегі кездесуі» КСРО-ның 50 жылдығы қарсаңында Галина Волчектің алғылауымен Мәскеудің «Современник» театрында қойылып, әлемді шарлап кеткені белгілі. Бірақ өзіміздің ауылдағының аузы сасық дейтінді аңсайтындар спектакльдің қазақ сахнасына келуіне барынша кедергі жасап бақты. Осы кезде аттарын айға балайтын, әлем танитын өнер қайраткерлерінің: К.Симонов (Известия), Е.Сурков (Правда), В.Максимов (Вечерняя Москва), В.Панкин (Комсомольская правда), В.Левин (Советская культура) т.б. одақтық басылымдарда шыққан тартымды, танымдық мақалалары шығарманы жоғары бағалады. Соның өзінде де аталмыш қойылым үш жылдан кейін (1975 ж) М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық театр сахнасына жетті-ау? Қалағаң талантын көре алмаған күңкілдеушілеріміз, жоғарыдағылардың көлеңкелеріңде қалғандарымен бірге, көрермендердің де көсегесін көгертпейтінін сезінген болар!
Бізге жеткен Қалағаңның достық әзіл ретінде салынған суретіне елуден аса көптеген ұлт өкілдерінен аттары әйгілі Мәскеудің әртістерінің қолтаңба қалдырғаны, Қалағаның қаншалықты беделінің биік екенінің көрсеткішіндей.
Қалағаңның өмір тарихын, шығармашылығын зерделей түссек, кезінде КСРО-ға қараған көптеген ұлттардың уәкілі, жазушы достары мен мұңдалап алдымызды кес-кестей береді. А.Ф.Головинскийдің Қалағаң жайлы «Айтшы сенің досың кім?» атты деректі фильмінде: Расул Гамзатов, Давид Кугултинов, Мұстай Кәрім, Қайсын Кулиев, Мирзо Турсын Заде, Шыңғыс Айтматов т.б. жылы, шыңайы шындыққа негізделген лебіздері оның еңселі бейнесін онан сайын асқақтата түседі.
Қалағаң шығыс әдебиетінің тарихының білгірі еді. «Халық жауының» баласы деген көпке дейін ізінен қалмаған теңбіл таңбаның кесірінен, Ташкент универси­­­тетінің Парсы-араб тілі мамандығына қабылданбағанмен, тынымсыз еңбегі арқылы бұл саладан мақұрым қалған жоқ. Келешек көк жиегін алыстан болжайтын аға «Заман-Қазақстан» газетін (қазір «Заман -Қазақстан») ашып, оған басшылық жасап, Шығыс елдерінің есігін айқара ашуға мүмкіндік алды. Азия-Африка континенттерінде өткен Халықаралық конференцияларға қатысып, тартымды, ғылыми баяндамалар жасап, көптеген шығармашылық достар тапты. «Мың бір түнді», С.Айнидің «Құлдар»,Айбектің «Киелі қан»,Б.Рахмоновтың «Жүрек сырлары»,А. Қаһардың «Ауру тістер», Ш.Айтматовтың «Ана жер-Ана», «Арманым Әселім», «Ақ кеме» т.б. шығармаларын шебер тәржімалап қазақ оқырмандарына жеткізді. Сөйтіп өзінің ел тамсандыратындай талантымен әлемнің барлық құрлықтарынан шынайы шығармашылық достар тапты. Олар: орыс – Ю.Бондарев, кубалық ақын Николас Гильен, неміс- Герольд Бельгер, грузиндер-И.Абашидзе, Н.Нажашвили, түріктер-Азиз Несин, Бекир Илдиз, араб-Әли Арсан т.б.
Есімдері ел аралап кеткен, әлемді шарлаған достарының бәрін айта беру мүмкіндігі болмағандықтан, адамзаттың Айтматовы қазақтың Қалтайы туралы: «Біздің елде жақсы жазушы көп. Әйтсе де жазу-сызудың ауқымдық» жинақтаушылық тәсілін, прозаиктің қалт етпес дәлдігін, ақынның әсершілдігі мен әуезділігін, философтың сарапдалдығын қатар меңгерген және оның сыртында -әртістік іштей түлеу қабілетін дарытқан адам ғана пьеса жасай алады. Сондықтан да, бізде нағыз драматургтер тым аз, ал мен Қалтай Мұхамеджанов досымды сондай дегдарлар санатына қосамын» деп Қалтай творчествасын әдебиет пен өнердің әлемдік мінбесінен жоғары бағалады.
Қорыта айтқанда, Қ.Мұхамеджанов шығармашылығының тереңдігі мен жан-жақтылығы, көтерген проблемаларының ауқымдылығы, сирек кездесетіндігі, басқа ұлттардың да өміріне ой салатындығы, оларды жаңа мақсаттарға жетелейтіндігі жоғарыда біз атап үлгірмеген көп ұлтты достарының шығармаларының әсерінен де болса керек. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуының кепілі әрі мүмкіндігі оны мекендеген әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың ауызбіршілігінде екенін әркезде еске салып отырады. Қазақтың Қалтайы да өзінің саналы өмірінде Елбасының осы ұстанымынан таймаған. Ия, қазақтың Қалтайының қазақ емес достары да жетерлік екен.

Алдыңғы «
Келесі »