«Алаш» атауының шығу төркіні туралы ой-тұжырымдар

  • 08.11.2012
  • 5420 рет оқылды
  • 10

Мұхан Исахан,
дінтанушы

Әрбір ұлт пен қауым үшін өзінің шығу тегі мен атауын анықтап алу аса маңызды. Өйткені, біз кімбіз, қайдан келдік, қандай ортада өмір сүріп жатырмыз? – деген сауалдарға төл шежіремізді бағалаумен ғана нақты жауап бере аламыз. Жалпы, біз өзөзімізді танып, өткенімізді парықтап, тарихымызды пайымдаумен ғана келешек үшін ізгі байлам, ілкімді қадамдар жасай аламыз. Ал, өткенімізді түгендеп, болашағымызды айқындау үшін қаншама тарихи ақтаңдақтар мен қордаланып қалған ұлттық-әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқатуымыз шарт. Тарих ғылымында шешімін таппай жүрген осындай түйткілдердің бірі «Алаш» атауының қандай мән-мағынасы бар?» деген мәселе екендігі ғылым көшіне ерген ағайынға аян. Ендеше, бүгін біз «Алаш» атауы жөніндегі аңыз-әпсаналар мен тарихи деректерге талдау жасап көрмекпіз.
«Алаш» атауы хақындағы деректерді жіпке тізер болсақ, Адамзат баласының жара­тылысын баян ететін сонау ерте замандағы шежірелік дереккөздерден бастап, мифтік аңыз-ертегілер, Орта ғасырларға тән ма­на­кыб-әпсаналар мен қолжазбалар, Батыс ориенталистерінің пайымдаулары және қазақ зерттеушілерінің ой-тұжырымдарын түгелдей сү­зіп шығуымызға тура келеді. Жалпы, «Алаш» хақындағы деректердің ұқсастығы мен өзгешеліктері, сондай-ақ, зерттеушілердің талдау барысындағы ой-қорытындыларын бағамдап, тарихи шындыққа көз жеткізу үшін арнайы монографиялық зерттеу жүргізу қажет. Десекте, бұл мақаламызда «Алаш» атауы хақындағы деректер мен талдауларды салыстырмалы түрде бағытына қарай былайша жіктеуді жөн көріп отымыз:
А) «Алаш» атауы жөніндегі шежірелік деректер;
Ә) «Алаш» атауына қатысты мифтік аңыз-әңгімелер;
Б) «Алаш» атауы туралы тарихи шын­дыққа жақын аңыз-әпсаналар;
В) «Алаш» атауы жөніндегі ориен­талистердің көзқарастары;
Д) «Алаш» атауы туралы қазақ тарихшы­ларының пайымдаулары.

Шежірелік деректер не дейді?
Даңқты Рашид ад-Диннің «Жылнамасы» мен Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресі» әлейім жұртшылыққа, әсіресе түркі қауымына ортақ тарихи шежіре саналады. Осы шежірелерде «Алаш» атауына қатысты деректер де ұшырасады. Мысалы, Рашид ад-Диннің «Жылнамасында» Нұһ пайғамбардың немересі ретінде Абулджа хан атты кісі есімі аталады (Рашид ад-дин.. Сборник летописей. Т.І. кн. 1. Москва-Ленинград. Издательства АН СССР, 1952. с 81). Ал, Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресінде» де Нұһ пайғамбардың ұлы Иафестің алтыншы ұрпағы Алынша хан туралы дерек келтіріледі (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы. Ана тілі. 1991. 13-14 беттер). Осы Алынша ханды Қазақ тарихы үшін құнды деректерді мұра етіп қалдырған Құрбанғали Халид өзінің «Тауарих Хамса» атты белгілі шығармасында «Алаш» атауына қатысты үшінші уәж ретінде көрсетіп өтеді (Құрбанғали Халид. «Тауарих Хамса». Алматы. «Қазақстан». 1992. 56-57 беттер). Белгілі этнограф Ж.Артықбаев бұл шежірелік деректерді талдай келе, Алынша ханға қатысты оқиғалар б.э.б ІІІ-ІІ мыңжылдықта болған деп болжайды (Артықбаев Ж.О. Историческое наследие М.Ж.Копеева. Павлодар. 2004. с 63).
Әбілғазы Баһадүр «Түрік шежіресінде» «Алынша хан көп жылдар бойы патшалық қылды. Нұһ пайғамбар заманынан Алынша ханға шейін барша Иафес әулеті мұсылман еді. Алынша хан заманында жұрт байып, дәулеті тасыды. «Ит семірсе, иесін қабар» деген өзбек мақалы бар еді. Әр кісі өзінің ең қимас адамы не ұлы, не қызы, болмаса аға-інісі өлсе, соған ұқсатып, қуыршақ жасатып қоятын болды. «Бұл пәленшенің суреті» деп оны сүйер еді, ас келгенде оның алдына ас қойып, оның жүзін өбіп, көзін сүртер еді, оған бас ұрар еді. Бұндай әдет қайталана-қайталана пұтқа табынуға әкелді» (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы. Ана тілі. 1991. 13 б) деп баяндайды. Сондай-ақ, дәл осы деректі Шәкәрім Құдайбердіұлы да «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде келтіріп өтеді (Шәкәрім Құдайбердіұлы. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Алматы. «Қазақстан» және «Сана» 1991. 8 б).
Шынында да Алынша ханның дәуірінде адамдар хақиқи сенімнен ажырап, пұтқа табына бастаған болса, ата-бабаларымыз:
Алаш, Алаш болғанда,
Алынша хан болғанда.
Қазақ, қалмақ, ноғайлар,
Бәрі сонда бір болған.
Ынтымағы жарасып,
Жайқұн көлдей бір болған, – деп (Құр­банғали Халид. «Тауарих Хамса». Алматы. «Қазақстан». 1992. 55 б) Алынша ханды мақтап, дәріптеп жырламас еді. Яғни, Құрбанғали Халидтің Алынша хан мен «Алаш» атауын жымдастырғысы келген бұл уәжін дүдәмалдау тұжырым, тарихи шындыққа жанаспайтын байлам деп қабылдаймыз. Жалпы, Қазақ халқы «Алаш» деп ұрандағанда, арқасы қозып, рухтанып, айбарлана түседі. Олай болса, дүйім елді кәуірлікке ұрынған дәуірдегі Алынша хан қалайша арда халықтың «Алаш» ұранына айнала алады? Демек, алтын ұрық, текті халықтың ұрпағы екенін паш еткіміз келсе, «Алаш» атауының шығу төркінін басқаша тарқатумыз қажет-ақ.
Әбілғазы Баһадүр «Түрік шежіресінде» «Алынша ханның егіз туған екі ұлы бар еді, бірі Татар, бірі Моңғол. Алынша хан қартайған соң, елін екі ұлына бөліп берді. Бұл екеуі бір-біріне жамандық ойламай, тату-тәтті, бақытты өмір сүрді» (Әбілғазы. Түрік шежіресі. Алматы. Ана тілі. 1991. 13 б) деп, Алынша ханнан Моңғол ұлысының тарайтынын жеткізеді. Осы тұста айта кететін бір жайт; зерттеуші Тілеуберді Әбенайлы түркі мен моңғолдың шежіресін тарататын «Моңғолдың құпия шежіресіндегі» «Алан-Қауа» есімін Алаш, Алшын, Ашина атауларымен байланыстырады. Ол «қауа» көне түрік тілінде қайнар-көз, ең бастапқы» мағынасын бер дей келе, «Алан-Қауадан» Алаш ұлысын таратады (Тілеуберді Әбенайлы Тыныбайын. Шыңына көш тарих. Шыңғысхан кім? «Құпия шежіренің» құпиясы. Алматы. «Нұрлы әлем». 2010. 39 б).
Алынша ханның кіндігінен Моңғол ұлысының таралуын мақұл көрсек те, «Алан-Қауа» есімінен Алаш, Алшын, Аши­на атаулары шығады дегенге келісу қиын-ақ. Себебі, осы шаққа дейін тарихта «Алшын», «Ашина» атауларын «Алаш» терминін ұштастыратын сенімді дереккөз табылған емес. Яғни, Т.Әбенайұлының «Алан-Қауа» есімін «Алашпен» байланыстыруын, зерттеушінің субективті болжамы деп ұғамыз. Дегенмен, Тілеуберді Әбенайлының «Алаш» терминін Шыңғысханмен шендестіруінде тарихи шындық бар болуы ықтимал. Өйткені, осыған ұқсас өзгеде дерек-көздер баршылық.

Алаша хан дегеніміз Шыңғысхан ба?
Аты аңызға айналған халқымыздың белгілі батагөйі ақсақалы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жеткізген аңыз-әпсаналардың біріндегі Алаша ханның образы тарихи тұлға Шыңғысханға ұқсап келеді. Бұл аңыз-әпсананың сюжеті тарихтағы Шыңғысханның үлкен ұлы Жошыханның қаза табу оқиғасымен ұқсас. Оған мәтіннен нақты мысал беретін болсақ:
«Алаша ханның Жошыхан деген жалғыз баласы болыпты. Құлан қуамын деп, бала астындағы аты желігіп, құланның әңгісіне еріп, қазасы сонан болып, бала аттан жығылып, құлан теуіп өлтіріпті.
Алаша хан, Жошы хан,
Ақсақ құлан жосыған.
Құлан теуіп өлтірді,
Бұйрығын ақтан келтірді, – дейтұғын сөз сонан қалған.
Сонда хан жалғыз баласы өлген соң, төрт аяқты хайуан малды баласын анасынан айырып:
– Мен де зарлап қалдым. Хайуан мал да менімен қосылып, аза тұтсын! – деп, бір-біріне жамыраттырмай, сегіз күн, сегіз түн ас-cу іш­пей, теріс қарап жатып алды…» дей келе, Ала­ша ханның ханымы Ханбибі басалқа айтып, ханды жұбатқанын баяндайды.
Ханбибінің орынды уәжіне Алаша хан мойынсұнып, малдарды көгеннен босат­қанымен, «…бір бозінген жеріп ботасын алмайды. Сонда хан:
– Осы бота енесін еме алмай, аштан өліп кетсе, обалына мен қалдым-ау! – деп, – осы інгенге ботасын алғызған кісіге қалыңсыз қыз берер едім! – дегенде, бір домбырашы шал қолына сірі тігіп, саусақтарын сауаттап алып, домбыра тартып, күй шертіп, інгенді мас қылып, есінен жаңылтып, ботасын алғызған екен. «Боз інгеннің күйі» деп қазақ домбырашылары күй тартушы еді» (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. 8 том. Алматы, Ел-шежіре. 2008. 130-131 беттер) деген аңыздың желісі Шыңғысханның үлкен ұлы Жошыханның өлімін баяндайтын «Ақсақ құлан» аңызына қатты ұқсас екенін аңғарамыз.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы дәл осыған ұқсас келесі бір аңызды келтіріп өтеді. Тек, бұл аңызда домбырашы шалдың аты Кетбұға екендігі, сондай-ақ, Алаша ханның «Енді мұның өшін құланнан аламын – деп, жұртқа сауын айттырып, құлан қууға ат жараттырады» (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. 8 том. Алматы, Ел-шежіре. 2008. 138 б). Осы оқиғадан кейін «Құлан өтпес», «Бес құлан», «Еңкей аталған», «Қабақ», «Құланжалақ» жер атауларының қалғандығын жеткізеді.
Көпейдің құйма құлақ ұлының Алаша хан туралы келесі бір келтірген аңызында «Алаша ханның жетпіс жасқа келіп, бала сүймей, содан кіші қатынынан Жошы ханды көргенін, Жошы хан жеті жасқа келгенде Алаша ханның Домбауыл атты мергенімен құлан атуға шығып, қаза табатынын, Алаша ханға Кетбұғаның күймен ұлының қапияда мерт болғанын жеткізіп, Алаша ханның домбыраның шанағына қорғасын құйғанын баян қылады (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. 8 том. Алматы, Ел-шежіре. 2008. 139-140 беттер).
Ұлытау өңірінде Алаша ханның ұлы Жошы ханның өлімі туралы мұндай аңыз-әпсананың бар екенін этнограф Ақселеу Сейдімбек ағамыз да растайды. Ол мұндай деректің 1888-1894 жылдары шыққан «Дала уәлаяты» газетінде басылғанын айтып өтеді (Ақселеу Сейдімбек. Қазақтың ауызша тарихы. Шежірелік деректерді пайымдау. Астана, Фоллиант баспасы. 2008. 215 б).
Тарихшы Т. Әбенайлы «Құпия шежіренің құпиясы» атты өзінің іргелі еңбегінде «Дала уәлаяты» газетінде басылған «Предания об Алаша хане и об его сыне Джучи хане» атты мақалада келтірілген аңызды негізге ала отырып, Алаша хан мен Шыңғысханды бір адам деп тұжырымдайды (Тілеуберді Әбенайлы Тыныбайын. Шыңына көш тарих. Шыңғысхан кім? «Құпия шежіренің» құпиясы. Алматы. «Нұрлы әлем». 2010. 154 б).
Алаша хан мен Жошыхан күмбездерінің Қаракеңгір өзенінің сағасында орналасқанын, сондай-ақ, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы баба­мыздың келтірген аңыздарының біріндегі Алаша ханның бас мергені Домбауылдың да мазарының осы маңда екенін ескерсек, Т.Әбенайлының бұл тұжырымының қисыны бар. Дегенмен, бұл болжамды тарихи шындыққа айналдыру үшін әлі де іздене түскен абзал. Әсіресе, осы мәселеге қатысты антропологиялық және археологиялық зерттеулер жүргізу қажет деп білеміз.
Алаша ханның Шыңғысханға қатыстылығы турасындағы бұл деректерден өзге Қадырғали Жалайыридың «Шежірелер жинағында» да Шыңғысханның әскерінде немесе оның ұрпақтарының «Алаш мыңы» атты қосынының болғандығы айтылады. Мәтінде: «Қатаған қауымы болды, екі сан еді. Майсара – Алаш мыңы болды, ол үш сан еді. Қатаған қауы­мының өз араларында осы заманға дейін үлкендері белгілі. Ал, Алаш мыңы арасында үлкені тарақ тамғалы жалайыр болады. Шыңғыс хан заманынан бері бір мәртебеден (ұлықтық) Тебре бекке тиді. Одан Шайх – Софы бекке тиді, одан Итбаға бекке тиді, одан Қараш бекке тиді. Алаш мыңының ағасы болып келген осылар еді. Олар Өзбекия арасында да мәлім-мәшһүр» (Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағында. Алматы «Қазақстан». 1997. 126 б) деп айтылады.
Ал, «Алаш мыңы» атауының Жошы ұлысына тән (яғни, қазақ қауымына) екендігін тарихшы Ж.Мырзахан да былайша жеткізеді: «…Шыңғысхан тұсында «Алты сан Алаш» (қыпшақ, найман, жалайыр, қоңырат, алшын, қаракесек) аталып, Жошы ұлысына берілгеннен кейін Ақ орда хандығы құрылғанда ұйытқы болады да, оның қарулы күші екі қанатқа бөлінгенде Алаш мыңы деп аталады» (Мырзахан Ж. Тарих қойнауынан. Тарихи очерктер. Алматы. 2004. 152 б).
«Алаш мыңының» Жошы ұлысы, яғни, Ақ орданы, сондай-ақ, Алты сан алаш – құраған қыпшақ, найман, жалайыр, қоңырат, алшын, қаракесек тайпаларының Қазақ ұлтын құрап отырғанын ескерсек, «Алаш мыңы» атты бұл деректер тарихи-методологиялық тұрғыдан кешенді талдауды қажет етеді. «Шежірелер жинағындағы» «Алаш мыңы» атауы да Шыңғысханның қолы немесе оның кіндігінен тараған бір билеушінің әскері деген мағынада ма, әлде белгілі бір ұлыстан шыққан қосын мағынасында айтылып отыр ма, бұл жағы бізге беймәлім. Себебі, бұл дереккөзде «Алаш мыңымен» қатар айтылған «Қатағандар» (екі сан Қатаған) жеке бір тұлғаның жасағы емес, белгілі бір қауым ретінде көрсетілген. Осы себептен де, «Алаш мыңы» атауы да әлі де ізденісті талап етеді деп ойлаймыз.

Үш жүздің басын құраған Алаша хан туралы аңыз
«Алаш» немесе «Алаша» атауының пайда болуы туралы ел ішінде ең көп айтылатын мәшһүр аңыздың бірі төмендегіше баяндалады:
«Бұқара хандарының бірі Қызыларыстан ханның бәйбішесі сауысқанның аласындай ала бала туады. Алапес баланың дүниеге келуін жаман ырымға балаған Қызыларыстан хан қырық жігітіне баланы өзінің үкімі жүрмейтін жерге апарып тастауды бұйырады. Қырық жігіт Сырдариядан өтіп, Алатау мен Қаратаудың арасын жайлап, осындағы жұрттың ортасына келіп, баланы өсіреді. Алапес бала он екі жасқа келгенде, Майқы бидің Үйсін деген баласы ит жүгіртіп, құс салып жүріп оған кезігеді. Кешке үйіне барғанда Майқы биге даладан көрген баланы баяндайды. Ертесіне Майқы бидің өзі балаға жолығуға барғанда, алапес бала: «Ассалаумағалейкум, тамам ханның қазығы, бұқара жұрттың шірімейтін, сасымайтын, таусылмайтын азығы!» деп сәлемдеседі. Сонда, Майқы би: «Уағалейкумсалам, құрсақта жатып, несібесін алыстан тілеп туған балам, болайын деп туған ұл екенсің! Болатын жеріңе жете алмай тұр екенсің! Кел балам, қасыма мін! деп, баланы ауылына алып келіп, асықты жілік ұстатады. Майқы би балаға Үйсінді қосып, жүз жігіт ертіп, Қаратаудан әрмен асып, Шу, Сарысу, Ұлытау, Кішітау, Есіл, Нұра өңірін жайлауды ұсынады. Майқы би соңынан тағы да Ақжол бастаған жүз жігітті аттандырады. Оның артынан жүз жігітке бас қылып, Алшынды жібереді. Бәрі жиналып, «Кел, енді ортамыздан хан сайлайық!» деп, алашаға салып, алапес баланы хан көтеріп, «Алаша хан» деп ат қояды. Үйсін бастаған жүз жігіт Ұлы жүзді, Ақжол бастаған жүз жігіт Орта жүзді, Алшын бастаған жүз жігіт Кіші жүзді құрап, «Таңбалы Нұраға» әрбір ру өзінің таңбасын басып, бұл ел Қазақ атанады (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. 8 том. Алматы, Ел-шежіре. 2008. 127-130 беттер).
Мәшһүр бабамыздың «Алаша ханға» қатысты келесі бір жеткізген аңызында жоғарыдағы оқиғаны айта келіп, Арқаға ауып кеткен Алаша ханды қайтаруға Қызыларыстан ханның Қотан, Қоғам, Құндыкер, Қобан, Майқы билерге адам жіберіп, олардың Алаша ханды еліне алып келуге кезек-кезегімен үш жүз жігітті аттандырғанын айтып өтеді. Барған жүздіктердің Алаша ханның қасында қалып қойып, үлкен елге айналғанын, Алаша ханнан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс, олардан Ақсақалкелімбет, Қаракелімбет, Сарыкелімбет, Науан, Шуан деген ру-аталықтар тарап, Үш жүздің ортаға шыққанын баяндайды (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. 8 том. Алматы, Ел-шежіре. 2008. 127-131-135 беттер).
Жоғарыдағы тақылеттес «Алаша хан» туралы аңыздарды этнограф Ақселеу Сейдімбек те жазып қалдырған. «Алаша хан» туралы аңыздың бірінде Майқы бидің орнына Қотан бидің аты өтсе, бірінде Қызыларыстан хан алапес баланы жаман ырымға балап, суға ағызып жібереді. Сырдарияның суынан балық аулаған бір балықшы асырап алады (Ақселеу Сейдімбек. Қазақтың ауызша тарихы. Шежірелік деректерді пайымдау. Астана, Фоллиант баспасы. 2008. 215-216 беттер).
Тарихшы Құрбанғали Халид та дәл осы желідегі сюжетті аңызды жеткізеді. Бірақ, Алаша ханның соңынан барған жүздіктердің кері қайтпай қоюына байланысты, оларды «қашақ» деп атап, кейін «ш» дыбысының орнына «з» дыбысы қолданылып, олардың «қашақ» емес, «қазақ» аталғанын айтады (Құрбанғали Халид. Тауарих Хамса. Алматы. «Қазақстан». 1992. 56-57 беттер). Әсілі, «қазақ» терминінің шығу тегі өз алдына бөлек әңгіме. Рас, тарихи еңбектерде «қазақ» атауы «қашақ» сөзінен шықты» дейтін болжам айтылады. Бірақ, қашып жүрген «қашақтардың» өз алдына хан сайлап, «Алаш» атты айбарлы мемлекетке айналды деу де қисынға, тарихи шындыққа келіңкіремейді («Қазақ» атауына қатысты ойларымызды бұйыртса алдағы уақытта «Қазақ» термині хақында зерттеген жұмысымызда баяндаймыз).
«Алаша хан» туралы басқа аңыздарға қара­ғанда, Қызыларыстан ханның алапес баласы Алаша хан туралы осы әпсанаға қатысты тарихшылар көбірек талдау жасаған. Мысалы, академик Әлкей Марғұлан «Алаша хан» аңызындағы кейбір атауларға қатысты былай дейді: «Қыпшақ шежіресі» деген кітапта «Алаша ханның екі баласының біреуінен Сейілхан, одан сегіз арыс түрікпен, екіншісінен Жайылхан, одан Қыпшақ, кейін қазақ пен қарақалпақ шыққан, түркіпендер боз оқтан, қазақтар үш оқтан тараған» делінеді.
Қазақтың эпос жырында оғыз бен қыпшақ­тың бір қосылған дәуірін «Қөндігер-Құбан жұрты» дейді. Құбан – Европа әдебиетінде айтылатын күнбатыс қыпшақ тайпаларының бір аты… Қазақтың шежіресі бойынша «Көндігер – Сырдариядан күнбатысқа не оңтүстікке ауып кеткен тайпаларға берілетін ат. Бұл атпен ескі қазақ тайпалары бір ғана аңызды, не Мысырға ауып кеткен Мамлюк қыпшақтарын әңгіме ететін болған» (Марғұлан Ә. Ежелгі жыр аңыздар: Ғылыми зерттеу мақалалары. Алматы. Жазушы. 1985. 201 б).
Әлкей Марғұланның пайымдауынан аңға­ратынымыз, Алаша ханнан түркінің оғыз және қыпшақ бұтағы тараған. Яғни, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жеткізуінде «Алаша ханнан» Қазақтың үш жүзі ғана тараған болса, ал, Әлкей ағамыз мәтіндегі атауларды талдай келе, бұл аңызда тұтас түркі жұртының рухы мен тарихы қамтылғанын түйіндейді.
Әйтсе де, Қазақ тарихшыларының бір сы­пырасы «Алаш» атауын қазақ ұлтына ғана телиді. Айталық, тарихшы Нығмет Мыңжан Қызыларыстан ханның ұлы Алаша ханның соңынан ерген жүздіктерден былайша Қазақтың үш жүзін тарқатады: «Жоғарыдағы тарихи аңызда Қотанбайдың балалары деп баяндалатын Үйсін – қазақтың ұлы жүзіне ұйытқы болған белді тайпа; Болат – Қарлұқтардың үш тайпасының бірі, …. Ал, Алшын – кіші жүз одағын қалыптастырған тайпа. «Алаш» аты ертеде жалпы қазақ қауымының ұраны болған; қазақтың байырғы шежірелерінде «Алаш» сөзі «Қазақ» атауының синонимі ретінде қолданылған. Ел аузына таралған:
«Алаш алаш болғанда,
Ала тай ат болғанда.
Таңбасыз тай,
Енсіз қой болғанда.
Алаша хан болғанда…» – дейтін сөздер Алаш жайындағы аңыздың меншікті мүліктің қалыптаспаған (тайға таңба баспайтын, қойға ен салмайтын) заманнан келе жатқанын аңғартады» (Нығмет Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. Алматы, Жалын. 1994. 26-27 беттер).
«Алаш» атауын тек қазаққа жақын тарту­шылық төл тарихымыздағы дербес ел атанған кезең үшін саяси-идеологиялық тұрғыда тиім­дірек болсада, тарих ғылымындағы уақыт пен кеңістік қағидасы бұлай тұжыруға мұрша бере қоймайды. Академик Әлкей Марғұлан ағамыздың «Алаштан түркінің қос бұтағы оғыздар мен қыпшақтар тарады» деп, «Алаш» атауын тарих қойнауына тереңдетіп, терминнің қолданылу аясын кеңейте түсуі, әсте, негізсіз емес. Енді, «Алаш» атауының прототүрік, түркі, түркеш тарихына қатыстылығына тоқталатын болсақ.

«Алаша хан» Оғыз қаған болуы мүмкін бе?
Әлкей Марғұлан ағамыздың «Алаша ханның екі баласының біреуінен Сейілхан, одан сегіз арыс түрікпен, екіншісінен Жайылхан, одан Қыпшақ, кейін қазақ пен қарақалпақ шыққан, түркіпендер боз оқтан, қазақтар үш оқтан тараған» (Марғұлан Ә. Ежелгі жыр аңыздар: Ғылыми зерттеу мақалалары. Алматы. Жазушы. 1985 . 201 б) деген пікіріне дереккөз іздейтін болсақ, мұндай нақты дерек түркінің көне жыры «Оғызнамада» айтылады. Оғыз қағанның ғұмырын баяндайтын жырдың соңғы жолдарында, оның бәйбішесінен туған Күн, Ай, Жұлдыз атты үлкен ұлдарын Шығыс жаққа, тоқалынан туған Көк, Тау, Теңіз атты кіші ұлдарын Батыс жаққа аң-құс аулап келуге жұмсайды. Аңнан олжалы оралған Күн, Ай, Жұлдыз әкесіне алтын жақ әкеп береді. Көк, Тау, Теңіз де қанжығылары майланып, әкесіне үш күміс оқ әкеп береді. Оғыз қаған ұлдарына разы болып, оларға: «Оқтай болыңдар» деп әкелген сыйлықтарын өздеріне береді. Ұлдары үшін ұлан-асыр той жасап, сол кезде «оң жақта бозоқтар, яғни, Күн, Ай, Жұлдыз, сол жақта үшоқтар, яғни, Көк, Тау, Теңіз отырды» (Оғыз-наме. Мұхаббат-наме. Алматы 1986. 46-47 беттер) деп баяндайды.
Көріп отырғанымыздай, «Оғызнама» жырын негізге алсақ, Әлкей Марғұланның айтуындағы Алаша ханымыз Оғыз қағанның нақ өзі болып шығады. Себебі, Әлкей Марғұлан Алаша ханның ұлы Сейілханнан бозоқтарды, Жайылханынан үшоқтарды таратып отыр. Ал, «Оғызнамада» бозоқтардың да, үшоқтардың да әкесі ретінде Оғыз қаған бейнеленген. Олай болса, Алаша хан Оғыз қаған болған болса, онда «Алты Алашымыз» кімдер болып шығады? Біздіңше Оғыз қағанның алты баласы Күн, Ай, Жұлдыз, Көк, Тау, Теңізден тараған елден «Алты Алаш» атауы шықты деп болжам айтуға толық негіз бар сияқты. Сонымен бірге, көне түркінің осы жырында Оғыз қағанның алты адамға ат қойғандығы айтылады. Оғыз қаған діни ғазауатты бастағанда оған алдымен бағынып, қол ұшын созған «Алтын» елі еді. Оғыз қаған Ұрымға шабуылдағанда өзен ортасындағы (арал) қаланы өз еркімен берген Ұрысбектің ұлына «Сақтап» деп ат қойып, Ұрым елін бағындырады. Одан ары жорықта Еділ өзенінен өтерде ағаштан сал жасап, дариядан өткізген Ұлық Ордуға «Қыпшақ» деп ат қояды. Оғыз қаған Мұзтауда сәйгілүгінен айырылып қалған кезде, атын әкеп берген ержүрек батыр жігітке «Қағарлық» (қарлық) деп ат қояды. Одан ары жорықта жүріп төбесі алтын, түндіктері күміс, есіктері темір үйді көріп, ішіне кіре алмай тұрғанда, жасағынан Темірду Қағұл деген шебер шығып, есікті ашып береді. Оғыз қаған оған «Қалаш» деп ат қояды. Жүршіт елін шауып, қолға түскен олжа-мүлікті ат-көлік аздық еткен кезде, бір шебер арба жасап, Оғыз қаған оған «Қаңға» (қаңлы) деп ат қояды (Оғыз-наме. Мұхаббат-наме. Алматы 1986. 39-47 беттер).
Яғни, Оғыз қаған алты ұлына Алтын, Сақтап, Қыпшақ, Қаңға (қаңлы), Қағарлық (қарлық), Қалаштан тараған елді бәсіре етіп берген болса, «Алты Алаш» атауы осыдан шығуы әбден мүмкін. Біздің бұл жорамалымыз бойынша «Алаш» атауы прототүрік дәуіріне тереңдеп, «Алаш» термині Озған пайғамбар (Оғыз қаған) әкелген Хақ дінге мойынсұнған ханиф дініндегі халықтың атауы болып шықпақ.

«Алты Алаш» Түрік қағанатының кіші хандықтары ма?
Жоғарыдағы негізінен «Алаш» терминіне қатысты аңыз-әпсаналарға талдау жасадық. Әрине, Оғыз қаған (Мөде тәңірқұты), Шыңғыс­хан секілді тұлғалар тарихта нақты өмір сүр­ге­німен, «Алаша хан» атауын оларға таңатын, телитін дереккөздеріміз негізінен аңыз-әңгімелер. Ал, «Алаш» атауына қатысты тарихи деректерді сөйлететін болсақ, зерттеушілер уақыт тұрғысынан алғанда, «Алаш» атауы алғаш рет Түрік қағанаты кезінде қолданыла бастағанын алға тартады. Мысалы, М.Жолдасбеков пен Қ.Сартқожаұлы Білге қаған ескерткішіндегі «[al]ty-esіr Алты тақ иегерлері» деген сөздің мағынасын былайша өрбітеді:
«Б.з. V-VІІІ ғғ. аралығында тарихқа мәлім түрік текті тайпалық үлкен бірлестіктер: қыпшақ, тоғыз-оғыз, басмыл, қарлұқ, түргеш, отыз-оғыз. Осы алтауы ғана. Осы алтауы – Түрік төрінің алтын бағанасы. Бұл алтауы бірлік-ынтымақта болса, қағанат айбарлы, қаһарлы. Алтауы араз болса, қағанаты әлсіз…
«Алты тақ иегерлері» деп Білге қаған сондықтан да ерекше атап отыр. Осы алты кіші хандықтың ордасы не деп аталған? Таңқаларлығы соншалық, кіші ордаларды М.Қашқари «алачу» (алаш) деп жазыпты. ХІ ғасырға дейін халық санасында қалыптасып, ХІ ғасырдың басында жазылып хатқа түскен атау. «Alacu» – кіші орда. Бұл тарихи дерек. Алты үлкен тайпалар одағы кіші хандық құрып отырған.
Түріктер қағанат орталығын Орда деп атаса, хандықтардың орталығын «алачу» (алаш) деп атаған. Олай болса, байырғы түріктердің осы алты тайпасы, кейін «Алты Алаш» атанып, күні бүгінге дейін халық жадында сақталып қалған. Бұл атау еуразия құрлығындағы ұлы дала көшпелілерінің ұранына айналған, бүтін оғыз, қыпшақ, қарлуқ, басмыл, он-оқ түркештерден кейінгі ұрпағы – қазақ халқының ұранына айналған. «Алты Алачу» көк түріктердің ұраны болуы да мүмкін. Ол заманда «Алты Алачу» – деп ұран салып ту көтергенде, бүкіл түрік бір тудың астына жиналған да болар. Олай болса алты есірдің (тақ) Алты Алашы көк түріктің аналогы болмақ» (Мырзатай.Жолдасбеков. Қаржаубай Сартқожаұлы. Орхон ескерткіштерінің толық Атласы. «Kul Tegіn». Астана 2005. 264 б).
Шығыс Түрік қағанатының VІІІ ғасырдағы этникалық құрамын негізге алсақ, түрколог ағаларымыздың «[al]ty-esіr сөзін «Алты тақ иегерлері» немесе кіші хандықтардың орталығын «алачу» деп атап, «Алты Алаш» атауымен байланыстыруы қисынсыз емес. Махмұт Қашқари «кіші ордаларды «алачу» (алаш) деп жазыпты» деген дәлел де сәтті шыққан. Рас, Қазақ халқы да кіші тұрпатты нәрсені «аласа» немесе кіші кілемнің атын «алаша» деп атайды. Бірақ, түрколог ағаларымыздың бұл жорамалдауы «Алаш» атауының ауы мен бауын нақ шешіп берді деуге де болмас. Өйткені, Білге қаған кешеніндегі «[al]ty-esіr» сөзінің басқа да мағыналары бар. Мысалы, белгілі түрколог Нәпіл Базылхан: «Көне моңғол тілінде «исер» сөзі аласа, арқасыз орындық деген мағына білдіреді» дей келе, бұл сөздің тува, тофа тілдерінде бүркіт мағынасында қолданылатынын айтып, «…Күлтегін бөрігінің маңдайындағы құс бейнесі, Білге қаған алтын тәжінің құс бейнесі «Esіr // есір» сөзінің семантикасымен байланысты болуы да мүмкін» (Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. ІІ том. «Дайк-Пресс». Алматы. 110 б) деген пікір айтады.
Сондай-ақ, М.Жолдасбеков пен Қ.Сарт­қожаұлының «кіші ордаларды М.Қашқари «алачу» (алаш) деп жазыпты», десе де, «Лұғат ат-Түрік» те «Алаш» кіші орда мағынасында емес, мәтінде «АЛАШҰ: баспана, кепе» (Махмұт Қашқари. Түрік сөздігі. І томы. «Хант» баспасы. Алматы. 1997 166 б) деп берілген. Ал, «кепе» мен «орда» мағыналарының айырмашылығы жер мен көктей екендігі белгілі. Яғни, түрколог ағаларымыздың «Алашты» кіші ордаға теңеген пайымдаулары «Алаш» турасындағы зерттеуді тереңдетіп, байыта түскенімен, түптеп келгенде, бұл ой-тұжырымды тарихи гипотеза ретінде ғана бағалауға болады деп ойлаймыз.
«Алаш» атауының Шығыс Түрік қағанатына қатыстылығы дүдамалдау болғанымен, Түркеш ұлысымен байланысы бар екені анық тәрізді. Бұл туралы Шыңжандағы қазақ зерттеушілері қытайдың Кертау тұтықтығынан нақты мысалдар келтіріп өтеді. Түркештердің ішінде Алаш чор (кейде Қалаш чор деп аталады) деген әскери қолбасының ұлысы Алаш деген атпен ортаға шыққанын жеткізеді. Осыған орай, Алаш чорға бағынған ел кейде Түркеш-Алаш ұлысы деп те аталғанға ұқсайды (Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. (б.з. 275-840 жылдары 2-кітап. 143, 167, 192, 330 беттер).
Осы дерекке қатысты отандық тарихшыларымыз «Алаш» атауы неге тек Батыс Түрік қағанатының бір ұлысына айтылған. Батыс Түріктің өзге ұлыстары неге «Алаш» деп аталмаған» деп мәселе көтереді де, Алаш чордың қаған емес, кейінгі қатардағы лауазым иесі екенін алға тартып: «алаш атауы алғаш жеке адамға қолданылып, кейініректе ұлысқа таңылуы да мүмкін. Түркеш ұлысына байланысты да, дәл осылай болып тұр. Тегінде «Алаш» («баспана») деген ұғымды қолданған түркештер оны өздерінің ұлысына қамқоршы тарихи тұлғаға есім ретінде беріп, ол бұл кейінірек ұлыс атына ұласса керек» (Қазақcтан тарихы. І этникалық зерттеулер. Алаш тарихи-зерттеу орталығы. 2008. 33-54 беттер) деген пікір білдіреді.
Отандық тарихшылардың бұл көзқарасына қатысты белгілі синолог Бақыт Еженханмен ауызба-ауыз пікір алмасқанымызда, ол: «Рас, чор мансабы қағаннан төмен тұрады. Тұтас түркіні емес, Алаш чор оның ішіндегі бір тайпаны ғана билегені үшін оның ұлысы «Алаш» деп аталды деген пікірге келісуге әбден болады. Дегенмен, менің пайымдауымша «Алаш» деп протоқыпшақтарды айтуға болады. Себебі, Білге қаған ескерткішіндегі «[al]ty-esіr» сөзі негізінен қыпшақтарды меңзеп тұр. Ал, «қыпшақ» атауы ағаш арба атауына байланысты пайда болған деп ойлаймын», деп мүлде жаңаша ой айтты. Осы тұста айта кететін жайт, этнограф Ш.Артықбаевта «Алаш» атауын көшпенділерге теліп, дұрысы көшпелілікке теліп, «Алаш» бұл «жылқыны баққан, игерген деген мағынада шығар» дейді. Әрине, бұл пікір де қисынға саяды. Әйтсе де, әлі де ізденуді қажет етеді деп ойлаймын.
Иә, әрбір мәселеге қатысты зерттеушілердің бір-біріне ұқсамайтын дербес ой-пікірінің болуы ғылымға қайшы емес. Десе де, әрбір ғалымның көзқарасын жеке-жеке талдайтын болсақ, мәселені тым тереңдетіп алатын сияқ­тымыз. Сондықтан, «Алаш» атауын прото­түрік, протоқыпшақ, түрік, түркештермен байланыстыруды осы жерден доғаруды жөн көріп отырмыз.

Бабыр, Дулати, Абай, Шәкәрім және Алаш қайраткерлері не дейді?
«Алаш» атауы бүгін ғана зерттеліп отырған жоқ. Ғасырдан астам уақыт бұрын хал­қы­мыздың «Қазақ» атауымен қоса айтылатын «Алаш» терминінің этимологиясына қатысты Хакім Абай да терең толғаныс білдіріп, өз ой-пікірін ортаға салған. Абай атамыз «Бі­раз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы ту­ралы» атты еңбегінде «Алаш» сөзінің шы­ғуын Моғолстанның билеушісі Ахмет ханға қалмақтар қойған «Алаша хан» деген аттан шықққандығын айтып, былай дейді:
«Әмір Темір нәсілінен Құмар Шайх баласы, белгілі Бабыр патшаның шешесімен бір туысқан екі бауыры болған. Үлкені Ташкентке хан болып, кішісі қазақты билеген. Бұлар Шағатай нәсілінің Жүніс ханның балалары болған. Сол қазақты билегеннің аты Ахмет екен…. Ахмет хан қалмақты көп шауыпты, көп қырыпты. Қалмақ рахымсыздығына қарай «мынау бір алашы болды ғой» депті, жан алушы дегеннің орнына. Сондықтан, ол кісі Алаша хан атаныпты… Сонаң соң, хан бұл атты қалмақ қорыққанынан қойды ғой, енді сіздер шапқан уақытта «алашы-алашы» деп ұран-сүрен салыңыз деп бұйырып, бұларға айқай салғанда көп жанның айқайымен «алаш-алаш» деп кетіпті. Сондықтан, «алаш-алаш болғанда, Алаша хан болғанда, қалмаққа не қылмап едік» деп, алаш ұранды қазақ атанған себебі сол екен» (Абай. Екінші том. Алматы «Жазушы» 1995. 223-224 беттер).
Дәл осы деректі Абайдың шәкірті Шәкәрім қажы да қайталайды (Шәкәрім Құдайбердіұлы. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Алматы. «Қазақстан» және «Сана» 1991. 23 б). Халқымыздың қос кемеңгерінің бұл пайымдаулары кейін, Алаш қайраткерлерінің де «Алаш» атауының шығу тегі туралы ізденіс жасауына түрткі болғанға ұқсайды. Атап айтар болсақ, Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханов: «Бұл қалай? Алаш деген – біздің қазақ сөзі. Алаш қалмақ қойған ат болса, қалмақ өз тілімен ат қоятын жөні бар емес пе? … Қалмақша Алаш не сөз? Мұны біздің «Қазаққа» жазатын аға-іні табылар ма?» – (Бөкейхан Ә. Таңдамалы. Алматы, 1995. 333 б) деп газет арқылы көпшілікке сауал тастайды.
Іле-шала, ұлт көсемінің бұл сауалына Халел Досмұхамбетов «Қазақ» газеті арқылы «Қазақтың» 12 нөмерінде «Оқшау сөз» жазған «Қыр баласына жауап» дей келіп: «Орал облысында Уральски казачи воинскаға қараған қалмақтар бар. «Қыр баласының» өтініші бойынша, «Алаш» деген қалмақ тілінде сөз бар ма? Мағынасы қазақша не болады? дегенімде қалмақтар айтты: «Қалмақ тілінде «Алаш» деген сөз бар, қазақша мағынасы – өлтіргіш, аямаушы, жаугер» деп. «Алаш» деп қалмақтар жақтырмаған орында айтады. Жаны ашымай хайуанатты өлтіре беретін аңшыларды да қалмақтар «Алаш» деп атайды» (Қазақ. «Қазақ энциклопедиясы. Алматы, 1998. 39 б) деп өз ойын сабақтайды.
Ахмет ханды қалмақтар «Алаша хан» деп атады деген деректі Хакім Абай Ортағасырлық қолжазба «Бабырнамадан» алғанын ескерткен (Абай. Екінші том. 224 б). Ал, Бабыр өз шығармасында: «…ол (Ахмет хан) жұртқа Алаша хан деген есіммен мәшһүр болды. Оның алаша хан аталуының себебі: қалмақтар мен моғолдар кісі өлтірген адамды «алаш» деп атайды-мыс. Сұлтан Ахмет хан болса қалмақтарды талай рет жеңіп, көп адамды қырғынға ұшыратқан, сондықтан да, ол алаш аталып, келе-келе Алаша есіміне айналған» (Бабырнама. Ауд: Байұзақ Қожабекұлы. Алматы, 1992. 32 б) деп «Алаша ханның» Шағатай нәсілді Жүніс ханның кіші ұлы Ахмет хан екенін нақты көрсетіп өтеді.
Бабырдың бөлесі даңқты тарихшы Мұхам­мед Хайдар Дулати да: «Олар (қалмақтар) оны (Ахмет ханды) Алашы хан деп атады. Ал моғолша «алашы» – «өлтіруші», яғни, «кісі өлтіруші хан» деген сөз. Ханды осы лақап атпен атай бастады. Қазіргі кезде моғолдар оны Сұлтан Ахмет хан десе, басқа тайпалар оны «Алаша» хан дейді» (Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. «Тұран» баспасы. Алматы 2003. 144 б) деп Моғолстанның билеушісі Ахмет ханның «Алаша хан» есімін иеленгенін айтады. Иә, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Абай, Шәкәрім, Х.Досмұхамбетов, М.Дулатов, М.Тынышбаев секілді ел ардақтылары «Бабырнама» мен «Тарих-и Рашидиге» сүйеніп, «Алаш» атауының шығу тегін Сұлтан Ахмет ханның «Алаша хан» аталуымен пайда болды деп қорытады. Әйтсе де, кейбір отандық тарихшылар «Алаш» атауын Ахмет ханмен сабақтастыруға ада-күде қарсы шығып, өздерінің орынды уәждерін ортаға қояды. Олар Ахмет ханды өз халқы емес, «Алаша хан» деп қалмақтардың атағанын, олай болса, жат жұрт саналатын қалмақтар теліген «Алаш» есімін қазақ қалайша өзіне ұран еткен? Сонымен қатар, Сұлтан Ахмет хан Қазақтың емес, Моғолстанның билеушісі еді. М.Хайдар Дулатидің айтуына қарағанда қазақтарды бірнеше рет аяусыз шапқыншылыққа ұшыратқан. Өзі өмірінің соңын Шығыс Түркістанда өткізіп, Ақсуда дүниеден өткен. Ендеше, Қазақ қалайша Ахмет ханды ардақтап, «Алаша хан» деп оның атын ұран етеді? (Қазақтан тарихы. І этникалық зерттеулер. Алаш тарихи-зерттеу орталығы. 2008. 33-54 беттер) деген мәселе көтереді.
Соңғы жылдары «Алаша хан» есімін Ахмет ханға таңатын бұл тұжырымға балама деректер де айтылып жүр. Белгілі тарихшы Б.Кәрібаев «Алаш» атауы Дешті-қыпшақта XІV ғасырдың екінші жартысы мен XV ғасырдың басында өмір сүрген Алаш баһадүрдің атынан шыққан болуы мүмкін екенін алға тартады. Ол бұл пікіріне Масуд ибн Осман Кухистанидің «Тарих-и Абулхайрхани» (ХVІ ғасырдың басы) атты еңбегін негіз етіп алады. Маңғыттардың тұтқынында болған Әбілхайыр хан 1428 жылы босанып шығып, Дешті-Қыпшақтың билеушісі Алаш баһадүрді келіп паналайды. 1429 жылы хан болып сайланған Әбілхайыр өзіне жасаған құрметі үшін Алаш баһадүрді аймақ билеушісі етіп тағайындайды (Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. І том. 249 б) деген осы деректі негізге алып, «Алаш» немесе «Алаша хан» атауы Дешті-Қыпшақ билеушісі осы Алаш баһадүрдің есімінен шыққан болуы мүмкін екенін топшылайды. Ал, тарихшы Қойшығара Салғараұлы ағамыз «Алаша хан» деп Қасым ханның ұлы Хақназар ханды атайды. Ол Ш.Уалиханов пен А.И.Лепшиннің еңбектерінде кездесетін «Алаша хан» туралы (біз жоғарыда М.Жүсіп Көпейұлы, А.Сейдімбек, Құрбанғали Халидтің шығармаларынан келтіріп өттік) туралы аңыздардың прототипін негізге ала отырып, сондай-ақ, Л.И.Рычковтың «Орынбор тарихы» атты еңбегіне сүйене отырып, Ұлытау маңында мавзолейі бар «Алаша ханды» 1538-1580 жылдары Қазақ елін билеген Хақназар хан болуы мүмкін деп болжайды. Біздің де тарихи нақты дереккөздер бола-тұра Моғолстанның билеушісі Сұлтан Ахметтің «Алаша хан» аталып, осыдан «Алаш» атауы пайда болды деген тұжырыммен келіскіміз келмейді. Әйтсе де, тарихшы Б.Кәрібаев пен Қ.Салғараұлының «Алаш» немесе «Алаша хан» атауы жөніндегі пікірлері құр болжам ғана. Бұл пікірлерді тарихи шындыққа айналдыру үшін әліде зерттеліп, бұл ойды тірілте түсетін қосымша деректер табу керек сияқты.

«Алаш» атауының пайда болуына қатысты діни болжамдар
«Алаш» атауы діни түсініктен пайда болуы мүмкін екенін тұңғыш рет айтқан тарихшы Құрбанғали Халид болатын. Ол бұл пікірін «Алаш» атауының шығуы жөнінде: «Бағзылар хазіреті Анас әулетінен болғандықтан, Анастан Алаш болды деседі: Бабаларын санап келгенде бұл дәлелсіз дағуалар жарым жолда қалады. Анасқа қосылмайды. Кейбіреулер өзбекті де араластырады, ол дұрыс емес, бұған қоса өзбектің арабтан шықпағандығына ешкім шек келтірмейді» (Құрбанғали Халид. «Тауарих Хамса». Алматы. «Қазақстан». 1992. 56 б) деп бұл болжамға пышақ кесті қарсы шығады.
Әлбетте, біз де Құрбанғали Халидтің бұл пікірімен келісеміз. Шынында да, «Алаш» атауын хазіреті Анастан тарату мүлде сын көтермейді. Генеологиялық тұрғыдан алғанда, Қазақ ішіндегі қожалардан басқа ешбір тайпаның арабтармен қатысы жоқ. Сондықтан, бұл аңыз-әпсанамен ымыраласу мүмкін емес.
Дәл осыған ұқсас келесі бір пікірді белгілі философ Досай Кенжетай да айтып жүр. Ол «Алаш» терминін Халлаж Мансұрдың атымен ұштастырып, мәселеге генеологиялық емес, аксиологиялық тұрғыда қарап, өзіндік жеке ой-пікір қарастырады. Яғни, Қазақ халқының дүниетанымы сопылық ілімнің құндылықтарынан тұратынын алға тартып, Халлаж есімінен «Алаш» есімі пайда болғанын, бұл діни түсініктің Қазақтың аталар культіне сай екенін жеткізеді.
«Алаш» атауына қатысты Д.Кенже­тайдың бұл жаңа көзқарасы да әліде жетілдіруді талап ететін сияқты. Терминнің ұқсастығы мен аксиологиялық ұғымның қисындылығы ғылыми болжам жасауға негіз болғанымен, әрқашан объективті шындықты паш етпеуі мүмкін. Осы себептен де, бұл пікірге тарихи дерекнамалық тұрғыда дәлел іздеу керек деп ойлаймыз. Дегенмен, Д. Кенжетай ағамыздың «Алаш» терминінің шығу төркіні» турасында қазір жазып жатқан монографиялық еңбегінде осы мәселелер қарастырылады деп ойлаймыз.
«Алаш» немесе «Алаша хан» атауының ортаға шығуының діни-саяси астары бар екенін біраз жылдан бері айтып келе жатқан шығыстанушы Зікірия Жандарбек десек қателеспейміз. Оның пікірінше, XІV ғасырдың орта тұсында Алтын Орданың астанасы Сарайда билеушілер дәстүрлі ислам арнасынан, яғни, Өзбек хан тұсында мемлекеттік идеологияға айналған Ясауи тарихатынан бас тартып, догмалық принциптері басым Әшғария доктринасына бас ұруы, Алтын Орданың тұтастығына жарықшақ түсіріп, халықты екі жікке бөлгенге ұқсайды. Ол Жәнібек хан мен Асан қайғы арасындағы пікір қайшылығын осы діни-идеологиялық кереғарлықтан іздейді. Сарайды тастап шыққан, Асан қайғы халықты дәстүрлі діни сананы сақтап қалуға шақырып, осының нәтижесінде Алтын Ордадан іргесін бөлек сала бастаған елге «Алаша хан» билік жасады (Қараңыз: Зікірия Жандарбек. Иасауи жолы және Қазақ қауымы. «Ел-Шежіре». Алматы. 2006. 144-161 беттер) дегенге саятын пікір айтады.
Расында да, XІV ғасырдың екінші жартысында Дешті-Қыпшақта Алаша хан атты билеуші өмір сүрген тәрізді. Бұл туралы Шоқан Уалиханов: «Қазақ немесе алаш елінің о-бастағы шығу тегі қайдан деген сұрақ­қа халық арасындағы жыр-дастандардан қана­ғаттанарлық, тәп-тәуір түсінік алуға болады. Егер, Темірдің Тоқтамыс ханға жорығы 1392 жылы басталса, сол жылы қазақтардың алғашқы ханы – Алаш пен оның балалары (Әмет пен Сәмет) өлтірілсе, шамамен мөлшерлеп, Алаштың XІV ғасырдың орта шенінде ғұмыр кешкені анықталады» (Уалиханов Ш. Қазақ шежіресі. Қазақ тарихы. № 1, 1993. 30-31 беттер) деп Алаша ханның Жәнібек хан өлген 1357 жылдан кейінгі Сарайдағы бұлғақ кезеңінде тарих сахнасына шыққанын болжайды.
Алтын Орда мемлекетінде XІV ғасырдың екінші жартысында орын аған бұлғақтың себебін анықтауда З.Жандарбек ағамыздың ой-тұжырымы тарих үшін үлкен жаңалық екендігіне дау жоқ. Алайда, Дешті-Қыпшақта XІV ғасырдың екінші жартысында пайда болған Алаша хан, расында да, Ясауи тарихатының жоғын жоқтаған билеуші ме еді? Шынымен де, Алаша хан өз билігін Сарайды тастап шыққан Асан қайғының үндеуімен құрды ма? Сондай-ақ, Алаша хан Ясауи тарихатының өкілі болған күннің өзінде Әмір-Темір оны не үшін өлтірген? деген сауалдарға жауап таппайынша, Алаша ханның тұлғасын толық тани алмайтын секілдіміз.
Жоғарыдағы тарихи һәм діни түсініктерді талдай келе, біз де «Алаш» атауының ортаға шығуына діни түсінік әсер еткен болуы мүмкін деген пікірді жақтаймыз. Жоғарыда келтірген мәліметтердің салиқалығын сараптай келе, Шәкәрім бабамыздың келтірген Сұлтан Ахмет хан өз қарамағындағыларға: «Енді қалмақты шапқанда «алашылап» шабыңдар» (Ш.Құдайбердіұлы. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. 23 б) деген дерегі «Алаша ханды» емес, «Алла-Алла» деп ұран тастау мағынасында айтылған деп пайымдаймыз. Яғни, мұсылмандардың қосыны қалмақ-кәпірлерді «Алла-Алла» деп ұрандап шапқанына байланысты, олар мұсылман қауымын «Алла деушілер» немесе «Аллашылар» деп атаған, осының нәтижесінде «Алаш» атауы мен «Алаша хан» есімі ортаға пайда болған деп тұжырамыз. Сонымен бірге, әрі-беріден соң, шығыстанушы А.Беннигсен Қазақ халқына кең таралған Ясауи тарихатының екінші бір аты «илачилер» (Қараңыз: A.Bennіgsen. Sufі ve Komіsser: Rusyada Іslam Tarіkatlarі. «Akcag Yay». Ankara-1988), яғни, «Аллашылар» болғанын айтып өтеді. Бұл дерек те біздің болжамымызды қуаттай түседі. Десек те, біздің бұл ой-тұжырымымыз да әлі де зерттеуді қажет етеді деп ойлаймыз.

Түйін
Cонымен, «Алаш» термині туралы ой-толғамымызды түйіндейтін болсақ:
Біріншіден, Рашид ад-Диннің «Жылнамасы» мен Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресіндегі» мағұлматтар «Алаш» атауын тарих қойнауына тереңтеде түсіп, ұлтымыздың бастауын сонау Адам ата ұрпақтарының жұмыр жерді иелік ете бастаған қадым заманға апарып бірақ тірейді. Әрине, де Нұһ пайғамбардың ұлы Иафестің алтыншы ұрпағы Алынша хан тұсында халық көпқұдайлық сенімге ұрынып, Хақ діннен безіне бастаған-ды. Осы себептен де біздің «Алаш» атауын Алынша ханның атымен ұштастырғымыз келмейді. Десе де, шежірелік деректерде Алынша ханның діни ұстанымы туралы нақты мәліметтер берілмеген. Сондықтан, Рашид ад-Диннің «Жылнамасы» мен Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресіндегі» «Алаш» атауына қатысты деректер түп-тұқиянымызды тани түсуміз үшін аса құнды дерек болып қала бермек. Осы тұста ескере кететін жайт, зерттеуші Т.Әбенайлының «Моңғолдың құпия шежіресін» талдаған еңбегінде «Алан-Қауа» есімін Алаш, Алшын, Ашина атауларымен байланыстыруы да тарихи танымымызды арттыра түсетіні сөзсіз. Алтай тіл тобына жататын Түркі мен Моңғолды бір атаның тел ұрпағы етіп тарататын зерттеушінің бұл болжамы да тарих философиясы үшін маңызды тұжырым саналмақ.
Екіншіден, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыз бен Ақселеу Сейдімбек ағамыздың жеткізген Алаша хан туралы әпсанасының прототипі жаһанның жартысын жаулап алған Шыңғысханның тұлғасын бейнелейтінін бағамдасақ, еріксіз «Алаш» атауы осыдан шыққан болуы ықтимал деген ойға келесің. Себебі, әпсанадағы Алаша хан және оның ұлы Жошы мен жасауылы Домбауыл мергеннің мазарлары Ұлытау өңірінде орын тепкен. Осы жайттарды саралай келе, әуесқой тарихшы Т.Әбенайұлы Алаша хан мен Шыңғысханды бір кейіпкер деп тұжырымдап жүр. Алайда, зерттеушінің бұл долбарын тарихи шындық деп тануға әлі ерте. Осы мәселеге қатысты антропологиялық және археологиялық зерттеулер жүргізу арқылы ғана шындықтың шыңына иек арта аламыз. Сондай-ақ, Алаша ханның Шыңғысханға қатыстылығы жөнінде Қадырғали Жалайыридың «Шежірелер жинағындағы» Шыңғысханның әскерінде немесе оның ұрпақтарының «Алаш мыңы» атты қосынының болғандығы «Алаш» атауының ұлы қағанмен бір байланысы бар екенін білдіретін секілді. Әйткенмен, «Шежірелер жинағындағы» «Алаш мыңы» атауы да Шыңғысханның жасағы мағынасында айтылған сыңайлы. Ал, әскери жасаққа «Алаш» атауы не себептен берілген? Мәселенің осы тұсын анықтап алмайынша, «Алаш» атауының Шыңғысханға қатыстылығына толық көз жеткізе алмаймыз. Соңғы он жылдықта зиялылар арасында даулы мәселеге айналған бұл тақырыпты ұлттық мүддемізге сай шешу үшін, әсілі, Шыңғысханнан шошынбауымыз керек тәрізді. «Шыңғысханның қаны моңғол ма, түрік пе?» деген қажетсіз мәселені қоздатқанша, ұлы қағанның Қазақ тарихына қатысты орны мен рөлін тарих философиясы тұрғысынан бағалай алсақ, ұтарымыз мол болмақ. Осы тұрғыда Шыңғысханды «Алаш» атауымен сабақтастыра алсақ, одан ұтпасақ ұтылмайтынымыз анық.
Үшіншіден, «Алаш» атауының ауқымы қаншалықты мәнге ие? «Алаш» тек Қазаққа тән атау ма, жоқ әлде Әлкей ағамыз айтпақшы, бүкіл түркі жұртшылығын қамтитын тарихи термин бе? Қызыларыстан ханның алапес баласы жайлы айтылатын аңызды негізге алсақ, «Алаш» атауы тек Қазақтың ғана меншігі болып шығады. Бірақ, Ә.Марғұланның «Алты Алаш» атауын «боз оқ» пен «үш оқтан» таратуы, «Алаш» атауының Оғыз қағанмен байланысы бар екенін, яғни, терминнің түркі жұртына ортақ екенін көрсетеді. Бұдан бұрынғы зерттеулерімізде Оғыз қағанның пайғамбар болуы мүмкін екенін, оған түскен илаһи ілімнің негізінде Трансоксония өркениеті өркен жайғанын айтқан едік. Біздің бұл болжамымызды М.Жолдасбеков пен Қ.Сартқожаұлы және Н.Базылханның Білге қаған ескерткішіндегі «[al]ty-esіr Алты тақ иегерлері» деген сөзге қатысты жасаған талдаулары да жандандыра түседі. Яғни, «Алты Алаш» атауы түркінің кіші хандықтарына қатысты пайда болған деген түсінік, «Алаш» атауының ауқымы кең, түркі жұртына тән термин екенін дәйектейді. «Алаш» атауын түркілік тұрғыдан бағалаушылық, бүгінгі түркі интеграциясына серпін беретіні анық. Олай болса, «Алаш» ұғымының Қазақ ұлты ядросы бола отырып, күллі түркі тектестер «Алаш» атанса, бұл әлбетте біздің алыптығымызды әйгілемек.
Төртіншіден, Бабыр, Дулати, Шоқан, Абай, Шәкәрім, Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамбетов, М.Тынышбаевтің «Алаш» атауын Моғолстан билеушісі Сұлтан Ахмет ханмен шендестіруінде, нақты тарихи дереккөз болғанымен, осыған қатысты жасалған «Алаш» атауы қалмақтарды қыра бергеннен моңғолша «алачу» деген сөзден шықты дейтін пікір тарихи тұжырым жасауға негізсіз деп білеміз. Қ.Салғараұлы ағамыздың «Алаш» атауын Хақназар ханмен байланыстыруы қисынды болғанымен, бұл пікір де тарихи дерекнамалық тұрғыдан алғанда әлсіз тұжырым саналады. Ал, Б.Кәрібаевтың «Алаш» атауын XV ғасырда өмір сүрген Алаш баһадүрмен байланыстыруында тарихи фактісі болғанымен, бір тайпаның билеушісінің атынан күллі түркіге тән асқақтаған «Алаш» атауы шықты десек те қисынсыздау болмақ. Яғни, бұл пікірлердің барлығы тарихи-философиялық аспектісі тұрғысынан қайта қарауды қажет етеді деп ойлаймыз.
Бесіншіден, «Алаш» атауының астарында діни түсінік жатқан болуы мүмкін екенін айтқан Құрбанғали Халид, Досай Кенжетай, Зікірия Жандарбектің пікірлері де негізінен тарихи гипотеза саналады. Десек те, тарихи-аксилогиялық тұрғыдан алғанда зерттеушілердің пайымдаулары негізсіз емес. Әсіресе, З.Жандарбектің Алтын Ордадағы рухани бөлінушілікке орай, көшпелілер Алаша ханды хан көтеріп, Ордадан еншісін бөлік әкетті дегенге саятын пікірі, төл тарихымызға діннің тигізген ықпалын анықтауда маңызды тұжырым саналады. Ал, біз «Алаш» атауының ортаға шығуына Бабыр, Мұхаммед Хайдар Дулати, Абай, Шоқан, Шәкәрім келтірген деректі құптай келе, Сұлтан Ахмет ханды «Алаша» деуден емес , «Алла-Алла» деп ұран тастаудан «Алаш» атауы пайда болды деп тұжырымдадық.
Иә, «Алаш» атауының ортаға шығуы туралы тарихи деректер мен аңыз-әңгімелердің бір парасын талдағандай болдық. Толғай беруге, айта түсуге басылым беттері мұрша бере бермейді. Әйтсе де, түптеп келгенде айтпағымыз, тіршілікте ештеңенің тектен-текке жаратылмайтыны секілді мына беу-дүниеде ешбір есім мен атау да себепсізден-себепсіз қойылмайды. Осыны ұғынған болсақ, ары нұр, аузы уәлі дүр-тектілердің халқымыздың қасиетті де қастерлі «Алаш» атауын пайымдап, парықтап барып қойғанын аңғара аламыз. Яғни, «Алла-Алла» деп ұрандап, Хақты зікір еткен халық екенбіз. Олай болса, ұрандап қана қоймай, қасиетті ұғымның хикметін бойымызға сіңіріп, Алаш баласының жүрегі дәйім «Алла-Алла» деп соқсын деп тілек білдіргіміз келеді!

Алдыңғы «
Келесі »

10 Пікір бар

  1. “Алаш” сөзінің “төркіні” “Ырық-Бітіг” аталған кітапта жазылған сөз ” Мың Алажұ Ерменен ” деген сөздерден толық мағлұмат алуға болады. “Алажұ” немесе “Алашұ”- әр рудан (түркі руларынан)жиналған жауынгерлер мағынасында айтылған.
    Ал, “Алаша Хан”- “Біріктіруші Хан” немесе ” Біріккен ел Ханы” деген мағна беретіні ақиқат!!!!

  2. “Алаша” сөзін талдаңызшы:
    “Алаша”-әр түрлі түстен көп еңбек етудің арқасында құрылған (жиналған,тоқылған)дүние. “Ала”-әр түрлі түс.”Ша”-шалып тоқу.
    Әлемді, Түркі Әлемін жинаған кім?, қазіргі Турция мемлекетінің атын берген селджуктер емес, тек “мыңқолдар” жаулап алғаннан кейін
    “Түрік” атауы пайда болды емес пе? “Таман” қаласын “Түмен Тархан” атаған кім?

  3. “Монғол”халқы- “Қалқа-мыңқол” атауынан пайда болғаны “айдан” анық!
    “Қалқа”-қалқан,қалқа(щит) және “мыңқол” сөзідерінен құрылған(пограничные тысячники) “шекарашы мыңқолдар” сөзі.
    Ал монгол халқы-түркілер мен таңғұттардың ұрпақтары(Төлехен айдап алып кеткен таңғұттар)

  4. Шыңғысхан туралы керемет кітаптар жазылып жатыр, солардың ішіндегі маған ұнағаны ” Письмо в 21 век или тайны Орхоно-Енесейской письменности” атты кітап. Неге екенін білмеймін маған
    сол кітапта жазылған тарих ” Шыңғысхан шындығын ашатын бірінші кітап деп ойлаймын. Өзі қымбат та емес, ойламаған жерден қолға түскені.

  5. маған ұнамады не жазғансыңдар осыншама тексттен бір түйін шыгара алмадыңдар ма сынымен каисы шын алаш а

  6. Наймандар мен керейлер,арғындар-монғолдар.Алаша Хан -монғол Ханы!
    Қазақ деген халық жоқ-олар да монғолдар.Қазақ тілі -жаңа тіл,Қазақтар, қашақтар-моғолдардан қашқандар

  7. Қазақтар айтсыты доғарыңдар не деген масқара жексұрын,қаншер Шыңғысқан түрік болған,қазақ болған,тобықты болған бұл қай мазақтарың басқа жұмыстарың жоқпа,одан да ағаш егіп арам шөпті жұлыңдар бау-бақша егіп 4-тен тұрып еңбек етіңдер.Бізде бір надан жазса мың надан сенеді бұларың не сана,ар-намыс деген жоқпа өзбекке барып айтысыңдаршы Ташкент біздіңкі болған деп ол айтады (айналайын қазағым иә ташкен сеніңкі алағой шы менің еш шатағым жоқ дейді)ал бірақ соны алар шамаң барма?.Ол аздай Осман империяасын құрған Осман хаңлы болған болса болар одан саған не пайда не атақ керек па шатақ керек па?Ал сол түріктер Алматы-Стамбулға ұшатын ұшақтың қымбат болсада түріктің ұшағына мінеді ол айтады қазақтың ұшағы арзан болса болар ал мен түрік ұшағына мінем үйткені ол менің бала шағама еліме мемлекетіме пайда түседі дейді міне патирот ал қазақ не істейді орыс пен қазақ сауда істеп тұрса арзан болса орысыңа жүгіреді соны мақтайды.қазақты жамандайды қымбат деп,саудаласа жөнін тапса қазақта түседі ғой.

  8. ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ 550 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ

    ҚАЗАҚ пен АЛАШ.
    Алаш және Алты Алаш жайлы бүгінгі жазба деректерден білетініміз:
    – Алты Алаш — Орталық Азия халықтарының ежелгі бірлестігі.
    – Алты Алаш – Алты қасқыр (Алты бөрі).
    – Алаш – Қазаққа жататын ру мен тайпалардың ортақ ұраны;
    – Ежелгі және бүгінгі Қазақ халқының балама атауы;
    – ХХ ғасыр басындағы (1917 жыл) Алаш қозғалысы.
    – Қазақстандағы Алаш партиясы (1917 – 1920).
    – Алаш автономиясы (1917 – 1920) (қазіргі Қазақстан аумағында), кейіннен (1920 – 1925) осы аумақта Қырғыз Автономиялық Советтік Социалистік Республикасы құрылды.
    – Алаш-Орда — Алаш автономиясының үкіметі;
    – Алаш — Саамдардың от жағатын темір табақшасы;
    – Алаш басылымы — демократиялық-ағартушылық бағыттағы алғашқы қазақ басылымдарының бірі.
    – Алаша — әртүрлі түске боялған мақта, жүн жіптерінен өрмекпен тоқылатын төсеніш мүлік.
    – Алаша (Алаш) хан — халық аңызы бойынша “Алты алашты” құраған тайпалардың түп атасы.
    – Алаша Хан Күмбезі.
    – Алаш Баһадүр — Дешті Қыпшақтың атақты батырларының бірі, аймақ билеушісі.
    – Жас Алаш — үнжария.
    – Алаш азаматы.
    Қазақта «аш», «Алаша», «Алшын» этнонимімінің шығу тегі жайлы көптеген аңыздар сақталған. Алаш атауының шығу тегі жайлы қалам тартпаған, өзінің ой-пікірлерін білдірмеген бірде-бір қазақ тарихшысы жоқ десе де болады. Себебі, Қазақты ауызға алсаң, Алашқа соқпай өте алмайсың. Алайда, тарихта бұл мәселе бойынша бірауыздылық жоқ. Әрқайсысы әр жаққа тартады. Тура Аққу, шаян және шортан сияқты.
    Мысалы: 1.«М.Хайдар Дулати Алаша хан Моғолстанның хан Жүніс ханның баласы Сұлтан Ахмет болатын дейді. «Моғолстанда оған қарсы ешкім тұра алған жоқ. Бірнеше рет қалмақтарға жеңісті жорық жасап, олардың көбісіне ажал тапқызды. Екі рет Исан Тайшымен соғысып екеуінде де жеңіске жетті. Бұдан былай қалмақтар одан қатты сескеніп, онымен есептесетін болды. Олар оны «Алашы хан» деп атады. Ал моңғолша «алашы» – «өлтіруші», яғни «кісі өлтіруші хан» деген сөз. Ханды осы лақап атпен атай бастады. Қазіргі кезде оны «Алаша» хан дейді. Мирхонд пен Хондамир Харави тарихында және басқа кітаптарда да «Алаша хан» деп жазылған» (Дулати М.Х. «Тарих-и Рашиди» Алматы-2003. 144 бет).
    2. Алаша ұғымының шығу тегі туралы Әбілғазының «Түрік шежіресінде» солтүстікте Алаша қаласы бар екендігін айтқан. Оның халқы өсіріп отырған ала жылқыларының атына қарай алаша аталып кеткен.
    3. «Оның аты ерте замандардан мәлім. Ертеректе жетпіс мың үй болатын, көп рудан тұратын еді, олардың әрқайсысы пәлен елміз дер еді. Әр ру әр жерде бөлек-бөлек отырар еді. Татардың жақсырағы және көбірегі Қытайға жақын Биұрнаур деген жерде отыратын еді. Қытай патшаларына тәуелді болып, оған қызмет қылар еді, оқта-текте олармен шайқасып та алатын еді. Онда қытай патшасы әскер жіберіп, қырып-жойып, елдерін шауып, өздеріне бағындырар еді. Бірсыпыра елдері Айқұра мұран деген судың жағасында отырар еді. Айқыра мұран қырғыз уәлаятының тұсынан өткеннен кейін оған жан-жақтан кішкене өзендер қосыла-қосыла үлкен өзенге айналып, Ащы теңізге құятын, құяр жерде теңіз жағасында үлкен шаһары, айнала кенттер көп болар еді. Көшіп жүрген малды ауылдары да болады. Жылқылары ірі болады, жабағысы біздің құнан жылқымыздай, жылқыларының бәрі ала, өзге түсі болмас еді.
    Шаһарының аты – Алақшын еді, шаһарға жақын күміс кені болатын. Ол елдің қазаны мен аяқ-табағы бәрі күмістен жасалар еді. Өзбектің «ала жылқылы, алтын ошақты» деуі содан» (Дулати М.Х. «Тарих-и Рашиди» Алматы-1999. 656 бет).
    4. Орыстың мемлекет қайраткері, тарихшысы А.И.Левшин Алаша ұғымының шығу тегі туралы былай деп жазған: «Қазақ-қырғыздардың көпшілігі бір кездерде өздерін алаттармыз немесе сібір татарларымыз, яғни бір халықпыз деп санаған. Кейін ішкі араздықтың кесірінен бөлініп кеткен. Әр бөлігін сұлтандар басқарды. Біраз жылдардан соң олардың Алаша деген біреуі барлық сұлтандарды бағындырды да, өзі жеке дара биледі. Ол үш жүз жігітпен Бұқараны басып алмақ болды. Бірақ жеңіліп қалып, аман қалған жолдастарымен тұтқынға түсті. Олар Түркістанда түрмеде ұсталды. Алаша өлгеннен кейін де тұтқында отырған жауынгерлер өздерінің бұрынғы үш отрядқа бөлінуін сақтады». Осы бөлінуден қазақтың үш жүзі пайда болыпты (Левшин А.И. «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей» Алматы-1996. 147 бет).
    5. Шоқан Уәлиханов Алаша хан жайлы халық аңызын былай баяндайды: «Ерте-ерте, ертеде Тұранда Абдулла, басқа бір нұсқа да Абдул-Азиз-хан деген әмірші болыпты. Бұл әмірдің алапес болған соң Алаша атанған ұлы болады. Мұндай жұқпалы кеселге ұрынғандардың бәрін аластау жөніндегі ежелгі әдетке бағып, әкесі өз ұлын қуып жібереді. Сол тұста Абдулланың қатыгездігіне наразы көптеген қарашылар аштыққа ұшырап, Сыр өзенінің терістігінде жатқан далаға, Қарақұм мен Борсық құмдарына көшіп, қазақи тіршілік кешеді. Ержүрек өжет батырлар үш жүзге дейін күшейіп, ұзамай атағы жер жарып күш жинап, байлық құрайды. Арадан бір жыл өткенде қайтадан жұт басталады. Қазақтар тобыры қайда болсын көршілерінен соққы жей береді. Саяқ жүрген қыр ұландары аштықтың зардабын сезініп, арасында келісім болмағандықтан бөлініп, бір-бірімен қырқысады. Бітер істің басына, жақсы келіп қасына, уақытты пайдаланып іздеу салған Абдулла көріпкелдің күшімен ғана апаттан құтқарып қалады оларды. Осындай қиын-кезеңде екі жүздіктің арасына данагөй қарт Алаш (шетелдік, жатжерлік) келіп, оларға қуат берер сөз айтады. Қазақтар оны ру басшысы және қазысы деп жариялап, оның ақылы бойынша Абдулланың алапес баласы Алашаны хан қояды. Сөйтіп, қырдың кезбе қазақтары көсегесі көгерген қауымға, тіпті кейбір жағдайда ұлтқа (егер көшпелі ұлыстарға бұл атауды қолдануға болса) ұласып, тәуелсіздігі мен дербестігін паш ете отырып, Алаша ханының және Алаш қазы-атасының құрметіне өздерін Алаш атады, яғни санына қарай Үш Алаш болды. Алайда олардың сырттай түлеп өзгеруіне көршілері, тіпті Абдулланың өзі күмәнмен қарап, оларды әдеттегі кезбе-қарақшылардай көрді. Сол себепті олардың қазақ деген атағы Алаш баласының үш жүзінің толық құрамымен Абдулла халқының арасындағы аштық пен ауруды пайдаланып, одан өздерінің тәуелсіздігін тану жөнінде қолхат алғанда да сақталып қалды. Осылайша Алаш дербес жұрт, Алаша оның ханы болды.
    Одан әрі аңыз анығырақ деректерге барады. Ақсақ Темір Тоқтамысқа өзінің бірінші жорығында Қарақұмдағы қазақтардың көшіп-қонуын көріп, олардың ұлысын талқандап, екі ханы – Әмет пен Сәметті дарға асады да, шамандықтың тамырына балта шауып, діннің ақиқат тәртібін тарату үшін оларға машайық ұстаздарын жібереді. Мешіттер мен бейіттердің, құлпытастардың қираған қалдығы сол тәңірге табыну кезінің жұрнақтары. Ақсақ Темірге дейін қазақтар ата-бабаларының рухына, аруаққа сеніп, тазартып пәктендіру күші бар деп отқа, айға, күнге, байлықтың арнасы деп жерге, жануарларға табынып, әр түліктің иесі бар деп ұғынып, жылқыны – Қамбар-ата, сиырды – Зәңгі-баба атап келді. Ал қалғандарын киелі санамаса да, адамға пайдасы бар нәрсенің бәріне табынып отырды.
    Қазақтардың аңыз-әңгімелерінде Орыс-хан әулетінің қашан патша болғаны, олардың ұрпағынан қазақтың тұңғыш ханы кім болғаны беймәлім. Қазақ аңызы өз ханы Жәнібек жөнінде көп айтқанмен, оларға хан болып оның өзі келді ме, әлде бабалары келді ме? – деген сауалға айқын жауап бере алмайды. Жалайридің «Жылнамалар жинағынан» да біз нақты бұған қатысы бар ештеңе таба алмаймыз. Тек оның 14 бетінде ғана сөз арасында Орыс әскерлерінің оң қанатын – саны 2 000 қаңлылар, ал сол қанатын Алаш-мыңы құрады деген бар. Аңызға қарағанда Жәнібек дана (әз) билеуші болған. Сол себепті қазақтар оны Әз Жәнібек атап кеткен. Оның бас уәзірі ақылды да айтқыр Жиренше-шешен болған. Жиренше-шешеннің қанатты сөздерін мақал-мәтел ретінде қазақтар күні бүгінге дейін қолданып жүр. Ал оның өз есімі бүгінде шешендіктің жалпы ұғымына айналып кетті. Менің бір байқағаным – Орыс-хан әулетінің сұлтандары қашан келген деген сауалға аңыз-әңгімелерде жұмған ауыз ашылмайды. Қазақтардың Алаша ханға бағынуы оның балаларын Ақсақ Темір өлтіргеннен кейін доғарылғаны белгілі. Сондай-ақ сайын дала ордасынан қашқан, жеңіліске ұшыраған ханзадалардың да бас сауғалап, паналайтын жері болғаны және аян.
    Әбілғазы мен Жалайыридің аңыз-әңгімелеріндегі осынау үнсіздікке қарамастан, орыс жылнамалары қазақтардың тұңғыш ханы Жәнібектің дәуірін шамамен болса да айқындайтын бірнеше хронологиялық деректер береді. Бұрын ханы болған қазақтардың қауымы моңғолдардың жалпы қабылданған тәртібі бойынша өз дербестігінің бір белгісі ретінде ақ сүйектердің бір өкілінсіз, хандар мен сұлтандарсыз өмір сүре алмайды (Валиханов Ч.Ч. «Собрание сочинений». Т-2. Алмата-1985. 158-159 беттер).
    Тәпсір: «Жануарларға табынып, әр түліктің иесі бар деп ұғынып, жылқыны – Қамбар-ата, сиырды – Зәңгі-баба атап келді» дегені түп тамырымен қате. Қазақтың ешбір шежіресінде Қамбар ата мен Зәңгі бабаны жылқы мен сиыр деп атамайды. Қамбар ата деп жылқы мен жылқышының, Зәңгі баба деп сиыр мен сиыршының пірін (ең алғашқы үйретушісін, ұстазын) айтады. Еске ұста! Бұл жерде «авторлық» құқық сақталып отыр. Осындай қарапайым қағидаға түсінбей жүргеніміз, тарихатты мойындамағанымыздың кесірі.
    «Бұрын ханы болған қазақтардың қауымы моңғолдардың жалпы қабылданған тәртібі бойынша өз дербестігінің бір белгісі ретінде ақ сүйектердің бір өкілінсіз, хандар мен сұлтандарсыз өмір сүре алмайды» дегені де ешқандай ақылға сыймайды. Адам-адам болғалы басшысыз (атасыз) әулет, ру, ел, мемлекет болған емес. Олардың бәрі өз елдерінің (руларының, тайпасының, елінің) ақылды, саналы бір азаматын басшы етіп сайлап отырған. Өзге елдің (өзге діннің, өзге тілдің) өкілін ол заманда да, бұл заманда да еш бір ел басшы етіп сайламайды. Бүкіл қазақ Әз тұтып, ғалым деп әспеттеліп жүрген Шоқанның осындай қарапайым дүниені түсіне алмағанына тіпті де сене алар емеспін…
    6. Орыс саяхатшысы, Сібірді, Моңғолия мен Орталық Азияны кеңінен зерттеуші, публицист әрі қоғам қайраткері Г.Н.Потанин қазақ халқының Алаша хан туралы аңызын былай баяндайды: «Қазақ халқы 1362 жылдар шамасында, шамамен 500-600 түтін Түркістан ханының басшылығымен көшіп жүрді. Ханының есімі белгісіз.
    Ханның бірінші әйелінен бала болмағандықтан, соғыста тұтқынға түскен сұлуға үйленіп, одан үсті алапес бала туады.
    Қызғанышқа бой алдырған ханның бәйбішесі ханға бұл баладан құтылуға кеңес береді. Хан оған сеніп, баланы Сырдария өзенінің арғы бетіндегі Қара Ноғай даласына апарып тастайды. Ол жерде баланы бір кедей жан тауып алып, өз баласындай етіп тәрбиелеп өсіреді. Бала есейе келе батыр жігітке айналады. Оның даңқы көрші халықтарға тарап, өз әкесіне де жетеді. Әкесі оның тұрған жерін анықтағаннан кейін өзінің нөкерлерімен бірге өз еліндегі ең бай адам Қотанға және Майқы биге барып баласын елге қайтару мәселесін талқылайды. Қотан бай мен Майқы би оған өзі бармай, басқа адамдарды жіберуге кеңес береді. Қотанның үш баласы бар еді; үлкені Үйсін, ортаншысы Болат, кенжесі Алшын.
    Ханның баласын іздеуге жүз кісімен Үйсінді жібереді. Үйсін батыр Сырдария өзенінен өтіп, ханның баласын табады. Үйсін батыр мен оның адамдары хан ұлымен және оның адамдарымен достасып, кейін қайтпай солармен бірге қалып қояды. Арадан екі жыл өткенде хан Котан биге тағы келіп, енді не істейміз деп ақылдасып, екінші баласы Болатты жүз жігітімен тағы жібереді. Олар да кері оралмайды. Келесі жылы хан Қотанға тағы келеді. Хан да, Қотан да балаларды қайта оралту мақсатында, үшінші ұлы Алшынды да жүз жігітімен тағы жібереді. Бұларда кері оралмайды.
    Олар өздерінің көбейгенін сезінгеннен кейін еркін қимылдап, әр жерден жылқы барымталап, ноғайдың қыздарын алып кететін болғандықтан, ноғайларға еріксіз қоныс аударуға тура келеді. Осылайша ноғай мен қазақтардың арасында араздық туындаған. Аңыздан белгілі Ноғайдың ханы Тоқтамысты Қазақ батыры Едіге өлтіріп, халқын тонауға салады. Сол кезден мынадай мақал қалған: «Едіге деген ер екен, Елдің қамын жер екен, Ел шетіне жау келсе, Мен барайын дер екен». Оның моласы Ұлытауда жатқаны жұрттың бәріне белгілі.
    Үш жүз адам жиналып, өз араларында хан мен қолбасшы сайлауға келіседі. Өзара келісіп, бірінші келген Үйсін батырды жүз адамымен өзеннің жоғарғы ағысына, екінші келген Болатты өзеннің орта жеріне, ал үшіншісі Алшын мырзаны өзеннің төменгі ағысына орналастырады.
    Кейін, жерге ақ киіз бен алаша төсеп, ханның баласын соған отырғызып, ақ киізбен жоғары көтеріп хан сайлап, оған Алаша хан деген лақап ат береді. Халық арасында олар Алаша деген атпен белгілі болып, қазақтардың бәрі осы Алаштардан өнген болып есептеледі. Бұдан хабарсыз жандар қазақтарды үш Келмембеттен тарайды деп есептейді. Бірақ бұл да Алаш деген атаумен бірдей. Себебі, Келмембетте лақап ат болып табылады.
    Сол үшін де қазақтар Үш жүздің баласы деп айтылады.
    Алаша ханның ескерткіш-кесенесі Әулие Ата да орналасқан» (Потанин Г.Н. «Казак-киргизские и алтайские предания, легенды и сказки» Петроград-1917. 59-60 беттер).
    Түсініктеме: «Ноғайдың ханы Тоқтамысты Қазақ батыры Едіге өлтіріп, халқын тонауға салады» дейді. Барып тұрған жала. Себебі, ноғайы да, қазағы да бәрі бір халық болатын. Шындығында, бұл екі билеушінің таққа (билікке) таласынан туындаған соғыс еді. Орыс тарихшысының «сауатсыздығы» бүгінгі ұрпақты әуре-сарсаңға салып қойды. Демек, ешқашанда орыс тарихшыларының жазғандарын «шындық» деп қабылдауға болмайды. Әйтпесе, ол қандай тарихшы Тоқтамыс ханның әйгілі Алтын Орданың соңғы билеушісі екенін ажыратуға шамасы жетпеген.
    7. Алаш ұғымы жайлы М.Тынышбаев төмендегідей ой айтады. 1. «Алаш, алаш болғанда, Алаша хан болғанда». 2. Үш жүз немесе үш Орда (Ұлы, Орта және Кіші). 3. Алты – алаш. Өте ерте замандарда қазақтардың басы бір хандыққа бірігіп, бақытты ғұмыр кешкен. Олардың басын қосқан Алаша хан болған. Алаш пен Алаша бір мезгілде дүниеге келген. Алтайда Алаш атты өзен бар, ол сол жақтан Кемшік өзеніне құяды. Ол Ұлы-Кем өзенімен бірігіп баршаға белгілі Енисей өзенін құрайды. Алаш өзенінің жоғарғы жағы Телес көлінің шығыс жағынан 70 верст жерде. Ол жерден біз шеркеш, беріш, алчедат, алшын т.т. топономикалық атауларды кездестіреміз.
    Бір қызығы Алаш атауы Алшын, ноғай, қазақ атауларымен қатар қолданылады.
    Қазақтар Темір заманында Алтын Ордадан бөлінбеген. Керісінше, ноғай және қазақ деп Алтын Орда халқының бәрі аталған. Олардың ішінде Алаша хан аталмайды.
    Алашта Ноғайлардың негізгі ұраны.
    Біздің ойымызша Алшындардың аталары Алтайда тұрған, олардың шығыс жағында моңғолдар, соңғылар батыстағы көршілерін олардың үнемі шабуыл жасап отырғанына байланысты алаш (кісі өлтірушілер) деп атауы мүмкін. Еске ұстайтын жағдай Алаш атауы, кейіннен қалмақтармен қойылуы мүмкін емес, себебі олар ноғайлармен қатынасы ХҮ11 ғасырдың басынан басталады. Ал, ол кезде Алаш атауы ноғайда да, қазақта та бар болатын (ең кемінде Темір заманында).
    Осылайша, «алаш» сөзсіз «Алашадан» бұрын дүниеге келген» (Тынышбаев М. «История Казакского народа» Алматы-1993. 146-147 беттер).
    Түсініктеме: Жоғарыда көрсетілген жеті деректің (аңыздың, болжамның) ішіндегі ең тұшымдысы осы. Ақылға қонбайтын артық сөз жоқ. Бұл деректен әркім өзін көре алады. Мысалы мен Алтайдан Кіші Жүз – Бекарыстың екі баласының атындағы Алшын (Алаш) және Кемшін (Кемшік) өзендері атауын көріп отырмын. Қалған топономикалық аатулардың бәріде (шеркеш, беріш, алчедат, алшын) тек қана кіші жүз – Алшынға тән.
    8. Шәкәрім Құдайбердіұлы да Алаша хан туралы пікірін былай білдіріпті: «Әз Жәнібек қазақты Қашқардағы Шағатай нәсіліне қаратқан соң, кешікпей сол кездегі қазақты һәм көшпелі басқа елдерді Жүніс ханның Ахмет деген баласы билеп, оның ағасы Жәнеке (шын аты Махмұд деген) Ташкентте үлкен хан болыпты. Сонда Ахметхан қазақтың әскерге жараулысын үшке бөліп, ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз деп қалмақты шаба берген соң, қалмақтар Ахметханды Алашы қойыпты. Мағынасы «Жан алғыш» дегені, оны есіткен соң Ахметхан қалмақ бұл атты қорыққан соң қойды, енді қалмақты шапқанда «алашылап» шабыңдар деген соң, қазақтар алашы деп шауып, сол қазаққа ұран болыпты. «Алаш-алаш болғанда, Алашы хан болғанда, қалмаққа не қылмадық», – деп мақтанатұғыны сол» (Құдайбердіұлы Ш. «Түрік, қырғыз һәм хандар шежіресі». Алматы-1991. 23 бет).
    9. Осы арада Алаша хан деп айтылып отырған сұлтан Ахмет жайлы «Қазақ Совет энциклопедиясында» төмендегідей мәлімет келтірілген: «Сұлтан Ахмед (Алачэ) хан (1465/66-1503/04) – Моғолстан ханы. Жүніс ханның баласы. Сұлтан Ахмет хан әкесінің саясатына қарсы шықты. Ол 1484 жылы әкесінен бөлініп, моғолдың бірнеше руын басқарып, Мауареннахрдан -Моғолстанға қоныс аударды. Бірақ жергілікті халық – қазақтар мен қырғыздарды бағындыру оңайға түскен жоқ. Мұхаммед Хайдар Дулатидің жазбасына қарағанда, сұлтан Ахмед хан арлат, жарас, калучи т.б. жергілікті тайпаларды бағындырып, Моғолстанның шығыс бөлігінде билік құрды. Ол 1470-1503 жылдары бір тұтас мемлекет құру үшін қазақ хандарымен бірігіп, Кашғар мен Жаркентті бағындыру ниетімен Дулат әмірі Мырза Әбу Бәкірмен соғысып, жеңіске жете алмады. 1503 жылы Мұхаммед Шайбаниден жеңіліп, Ақсуда қайтыс болды» (Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы-1977. 461 бет).
    10. «Алаш» атауы, Алаша хан туралы Ә.Бөкейхан да былай деп жазған екен: «Қалмақты шаба берген соң қалмақтар Ахметханды Алашы қойыпты. Мағынасы – хан Алаш дегені. Оны естіген соң Ахмет хан: қалмақ бұл атты қорыққан соң қойды, енді шапқанда Алашылап шабыңдар деген соң қазақтар: «Алаш» деп шауып, сол қазаққа ұран болыпты (33-інші бет).
    Бұл қалай? Алаш деген – біздің қазақ сөзі. Алаш қалмақ қойған ат болса, қалмақ өз тілімен қоятын жөні бар емес пе?
    Мысалы, орыс бұл күнгі Германия жұртын немец деп қойып отыр, орыс тілін білмеген соң, сен мылқаусың деп; орысшы мылқау – немой. Германия жұрты өзін «дойче» деп атайды. Түбінде Шаһкерім «Алашысы» Алач болып шықса да, бұ күйде ақылға көмескілеу деймін. Қалмақ тілінде біздің «Алаш» Алаша болса, Шаһкерім сөзі сонда дұрыс болар еді. Астрахан губернясында қалмақпен көрші отырған қазақ, қалмақтар біледі ғой. Қазақша алаш не сөз? Мұны біздің «Қазаққа» жазатын аға-іні табылар ма?
    Ақмола облысында, Атбасар үйезінде, Бағаналы-Балталы деген найман жайында, Қаракеңгір бойында сырлаған кірпіштен салған ескі екі бейіт бар: Алаша, Жошы хан атты. Бұрынғы уақытта бұл өзенге, осы күні Перовскіге қарайтын тама да жайлайтын еді. Бағаналы-Балталы, тама бұл Алаша хан, Жошы хан бейіті турасында не біледі? Жұрт арасында айтылып жүрген ескі сөз болса, мұны біздің «Қазаққа» жазушы болмас па екен?» (Бөкейхан Ә. Таңдамалы. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы., 1995. 335 бет).
    11. Ә.Бөкейхановтың бұл сұрағына Х.Досмухамедов былай деп жауап қайтарған: «Орал облысында,-деп жазды ол,-Уральски казачи воинскаға қараған қалмақтар бар, «Қыр баласының» өтініші бойынша, Алаш деген қалмақта сөз бар ма? Мағынасы қазақша не болады? – дегенімде, қалмақтар айтты: Қалмақ тілінде “Алаш” деген сөз бар, қазақша мағынасы – өлтіргіш, аямаушы, «жаугер» деп.
    Алаш деп қалмақтар жақтырмаған орында айтады. Жаны ашымай хайуанатты көп өлтіре беретін аңшыларды да қалмақтар «Алаш» деп атайды» (Досмухамедов Х. Алаш не сөз? «Қазақ» газеті. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы. Бас редакциясы, 1998. 560 бет).
    Түсініктеме: Біз бұл аңыздардан Кіші жүз-Алшынның аса жауынгер ел болғанын көреміз. Бұл қазақтың «Ұлы жүзді қауға беріп малға қой, орта жүзді қалам беріп дауға қой, кіші жүзді найза беріп жауға қой» деген мақалына толықтай сай келеді.
    «Сендер атадан туысыңды білесіңдер де оның өсиетін білмейді екенсіңдер,— дейді Қазбек.— Аталарың «ұлы жүзді қауға беріп малға қой, Кіші жүзді найза беріп жауға қой, Орта жүзді қамшы беріп дауға қой дегені қайда? Жығылсам сүрінсем сүйер алдымда ағам, артымда інім бар, билік жөні менікі емес пе?» — деді Қазыбек.
    Бұл сөзге екі жағы да тоқтап, билікті Қазбекке береді» (Орта жүздің атақты биі Қаз дауысты Қазыбектің Төле биге берген жауабынан).
    12. Алаш туралы Қ.Халидтің еңбегінде бірнеше болжамдар келтірілген:
    – Алаш деп Алаш пен Алынша ханды атаған. Алынша хан жалпы хандардың бабасы, моңғол мен татардың атасы. Алынша хан заманында Ноғай, Қазақ, Қалмақ осы атаулармен айрылмай, бәрі бір атпен, бір тақтың билігіндегі біртұтас бір ел болған. Тоқтамыс хан мен Ақсақ Темір дәуіріне дейін бір хандық болып өмір сүріп, енді ыдырауы басталады. «Қазақ, қалмақ бір кісі, ноғай, қазақ бір кісі» деген нақыл осыдан қалған болмақ керек. Осыған қарап, сарт, ноғай, яки қазақ пен сарт кетіссе «Алаш, алаш» дегенде қазақ, ноғай бір болып, сарт сыртта қалады. Тегі, қайдан екенін білмеген надандар мүндай сөзге барысса, бір-бірінің намысына тиеді. Өзбек өз ағам, сарт садағам дейді. Бұл сөзге Қожа Ахмед Яссауидің: өзбекте бар иманым, тәжікте бар күмәнім сөзін салыстыру керек. Сарт-сырт дегендері де бар, яғни олар бізден бөлек, тысқары дегені. Қожа Ахмедтің түркі тілдерінде ғибрат сөздері өте көп, халыққа жақсы, әр кез ізгі ниетте болуға, уақыттың бағасын білуге шақырып айтқан. «Әркімді» көрсең қыдыр біл, әр кешені (дуана) қадір біл дегені, нәпсіні, яғни өзін-өзі басып, тоқтата білуге «Барша жақсы – біз жаман, бәрі бидай – біз сабан» деген үндеу сөздері өте көп. Ал Алынша ханның ахуалы ол да манғұл, татар бөлімінде айтылады.
    – Бағзылар хазреті Анас әулетінен болғандықтан, Анастан Алаш болады деседі: Бабаларын санап келгенде бұл дәлелсіз дағуалары (уәж) жарым жолда қалады, Анасқа қосылмайды. Кейбіреулер өзбекті де араластырады, ол дұрыс емес, бұған қоса өзбектің арабтардан шықпағандығына ешкім шек келтірмейді.
    – Бір ханның ұлы алапес (денеге түсетін ақтаңдақ) болғаны үшін қасына жүз кісі қосып, қаладан шығарып жіберген. Олар сахара мен тауларда мекендеп өмір сүрді, одан керуендерді тонап, күн бермеген. Оларды тыймақ болған хан тағы жүз жасақты жібереді. Алайда бұлар барып көрсе, өз еріктері өзіне тиген олар байып алған, тамақ тоқ, ат әбзелдері сай, алаңсыз күн кешуде екен. Келгендер де соларға қосылады. Хан тағы жүз кісі жібереді, бұлар да қосылып осыдан келіп ұш жүз жасақ құралады. Соңынан жіберген талай әскерлер осылай қала беріп, көбейіп елге кірмей қашып жүргендіктен «қашақ» – осыдан кейін келе «ш» дыбысының орнына «з» қолданып, қазақ болған. Ала ханға ергендіктен «алаш» – жалпы саны үш жүз болғандықтан «алаш үш жүз» болған деседі. Десе де бұл нақыл аса тарихи анықтамаға келмейді. Өйткені бір адамды ұнатып, соңына ергендер, оның кемшіндік атын атамас, жақсылық жағын, болмаса өз атын ескерген болар еді. Екіншіден оларды елдік, достықпен шақырса, оларға бірдей жүз адам жібермес еді. Соншалық жасақ жіберу қажет болмас еді. Мүмкін елшілікке бес – он кісі жіберсе де жеткілікті болар еді. Ал еріксіз келтіруді мақсат етсе, ханға неше жүз болса да әскер шығаруы қиынға соқпас еді. Осымен үш қаулының ішіндегі әуелгісі шындықты, тарихты мақұлдатады. Алынша ханға ыңғайлап «алаш ұранды ағайынбыз» деген ақылға қонымдырақ. Себебі Алынша хан заманында халық мұншалық өспей, аз кезде татар, манғұл айырылмай, бәрі «Алынша ханның елі, Алынша ханның жұрты» атанып, бұл сөз осы кезде дейін ұмытылмай, «алты сан алаш» деп айтылады. Сонда «сан» манғұл, татар тілінде он мың басшысына тән қойылған атақ. Осыған қарағанда Алынша ханның алпыс мың жасағы, мүмкін алпыс мың түтіні болып, осынша сан бір әміршіге бас игені, ол заманда мемлекетке есеп берілетінді. Ал «алты сан алаш» сөзі көптігіне ишара болса керек. Кезінде бұл сөз өте анық мағынаға ие болғандығынан қазір де асыра сілтегенде айтылады. Алынша Нұх пайғамбардың баласы – Яфастың төртінші немересі. Алыншаның 39–шы немересі Шыңғыс хан.
    13. «Ала жылқылы» тайпасы туралы қытай жылнамасында, Ю.А.Зуевтың айтуынша, былай делінген: «Ту–цюэнің (түріктердің) солтүстігінде тұрады; [Қытайдың] астанасынан 14 000 ли жерде. Шөп пен судың соңынан көшіп отырады, бірақ негізінен тауда тұрады. Сапта 30 000 жауынгері бар. Ол жақта үнемі қар жатады, ағаштың жапырақтары түспейді. Егістік жерді атпен жыртады, жылқыларының бәрі ала, сондықтан мемлекеттің аты да [солай] аталған. Солтүстікте теңіздің қасында тұрады. Жылқылары болғанымен, атқа мінбейді, жылқының сүтін тамаққа пайдаланады. Цзе–Гумен жиі соғысып тұрады».
    14. «Алаш» деген атаудың шығуы туралы Б.Кәрібаев пен Ә.Хасенов Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясында былай деп жазыпты: «Алаш (ежелгі түрік сөзі – бауырластар, қандастар, туыстар) – көне заманда, түркі халықтары бөліне қоймаған қауым кезінде дүниеге келген ұғым. Ортағасырлық және одан ерте кезеңдегі деректерде қазақтың өз алдына ел болып, хандық құрғанға дейінгі ежелгі тайпаларының ортақ атауы. Алаш аты тарихта кездесетін ең көне атаулардың қатарына жатады. Моңғол-татар – қазақ шежірелерінде Алаш (Алашы) хан туралы айтылады. Кеген тас жазуында (б.з.д. IV ғ. шамасында) «Қаған алты бөріг алаш(а) ерті» деген жолдар, Алтай тауының Сібір жағында (Тува) Алаш атты өзен, Алаш атты тау сілемдері бар. Алаш атауы бүгінгі күнге дейін түрікмен, қырғыз, қазақ, ноғай, т.б. халықтардың есінде сақталған. Кеген тас жазуында «алты бөріг» («алты қасқыр») деген сөздің «алты алаш» мағынасын беретіні жөнінде (үйсін, қаңлы, қырғыз, хақас, татаб-татар, сяньби-ғұн тайпалары) ғылыми болжамдар бар. Алаш туралы аңыздарда мал-мүлікке жеке меншік болмаған кездегі қауым тұрмысының сілемі байқалады. «Алаш – алаш болғанда, Ала тай ат болғанда, Таңбасыз тай, енсіз қой болғанда» деп келетін сөздер осыған меңзейді.
    Қазақ халқының басын құраған ежелгі тайпалардың көпшілігі Оғыз қағанға бағынғанын ескерсек, «Алты алаш» деген ұғымды оғыздың алты ұлына ерген ел деп түсінуге болады. Бұл тұрғыдан алғанда Алаш деген ортақ түркілік атау Алтын Орда (Қыпшақ мемлекеті) ыдырағаннан кейінгі кезде қайтадан жаңғырған бауырлас түркі халықтарының басын біріктіру ұраны, ортақ атауы да болған сияқты. Ал енді қара қазақ шақыратын «Алаш» ұраны «Алаш – алаш болғанда, Алаша хан болғанда, бұл қалмаққа не қылмадық» деген сөздер кейінгі Алаша есімімен байланысты деу қисынға келеді. Бұл орайда Саққұлақ би шежіресін, Ә.Диваевтың, Г.Потаниннің, Ш.Уәлихановтың, А.Янушкевичтің, Ш.Құдайбердиевтің, М.Тынышбаевтың ел арасынан жинаған аңыз-әңгімелерін, күнделік жазбалары мен ғылыми мақалаларын атаған жөн. Олардың бірінде – алапес болып туған бала, екіншісінде – алашаға отырғызып көтерген хан, үшіншісінде – Ұлытаудан асырып тастаған баланың әскербасы болғаны, төртіншісінде – қалмақты қорқыту үшін «Алаш» сөзін ұран еткені айтылады. Соның қай қайсысы да Алаштың хан болғандығын, қара халықты соңынан ертіп, айбарының асқандығын дәріптейді. Ескі шежіре деректерінде Алаш атауы қазақ халқының синонимі ретінде келтіріледі. Мысалы, Қадырғали Жалайыр өз еңбегінде қазақтың орнына Алаша атауын қолданады. Шежірелердің бірінде Алашқа өзбек, түрікмен, қарақалпақ, қырғыз, қазақ, ноғайды жатқызады. «Қамбар батыр» жырында («Тамашаға жиылсын, Алты Алаштың баласы»), Бұхар жыраудың Абылай ханға айтқанында («Он сан Алаш баласын жұмсап бір тұрсың қолыңмен»), Махамбеттің («Алты сан алаш ат бөліп, тізгінін берсе қолыма») өлеңдерінде Алаш сөзі қазақ атауының баламасы ретінде берілген. «Атамыз Алаш, керегеміз –ағаш» деген қазақ халқы ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресінде ежелгі Алаша ұғымына қайта оралып, оны бостандық пен бірліктің ұраны етіп алды. Соның дәлелі ретінде «Алаш қозғалысы», «Алашорда», «Алаш» деген ұғымдарды атауға болады. «Алаш азаматы» деу қазақ халқының ауыз бірлігіне, елдің, жердің тұтастығына меңзейді (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. Т.1, – Алматы. 1998. – 246 бет).
    15. Алаша хан туралы уәж Қазақстан ұлттық энциклопедиясында былай келтірілген: «АЛАША (АЛАШ) ХАН – халық аңызы бойынша «Алты алашты» құраған тайпалардың түп атасы. Қазақ шежіресінде Алаш ханның шыққан тегі қарапайым кісі болған делінеді. Оның есімі қазақтың шығу тегін баяндайтын ең көне аңыздарда кездеседі. Сондықтан кейбір ежелгі деректерде «Алаш» этнонимінің шығуы осы Алаша хан атымен байланыстырылады. Оның есімі 1Х ғасырдың туындысы «Қорқыт» дастанында айтылады. Орта ғасырлар мұраларындағы Алаша хан – Х1Ү ғасырдың 11 жартысы мен ХҮ ғасырдың 1 жартысында өмір сүрген әрі батыр, әрі би, әрі ұлыс билеушісі. Алаша хан ел жадында жауынгер тайпалар – көшпелі түркілерді біріктіріп, тұңғыш алаш (қазақ) мемлекетін құрған ұлы қайраткер ретінде қастерленеді. Әбілғазы шежіресінде Алаша ханның әкесі Көк хан болғандығы, ұрпақтарының бірінің есімі Қара хан, ал немересі – оғыздардың түп атасы – Оғыз хан аталғандығы жазылады. Рашид-Ад-Дин мен Әбілғазы Алаша ханның өмір сүрген жері – Дешті Қыпшақтың орталық бөлігі деп көрсетеді. Бұл тарихи деректер ел аузындағы Алаша хан ордасы Ұлытау төңірегінде болған деген тұжырыммен ұштасады. Ұлытау өңіріндегі «Алаша хан ордасы» аталатын үлкен сарай-қамалдың қалдығы (Жаңғабыл өзенінің бойында) және Қаракеңгір өзенінің жағасындағы «Алаша хан күмбезі» аталатын Х-Х1 ғасырларда салынған ғимарат әлі күнге дейін сақталған» (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. Т.1, – Алматы. 1998. – 248 бет).
    16. Алаша хан туралы аңызды жинап, кейінгі ұрпаққа жеткізушілердің бірі қазақ халқының белгілі қоғам қайраткері, алашорда үкіметінің мүшесі Отыншы Әлжанұлы (1873-1918) болған. Ол кісінің жазып алған нұсқасы «Қазақ тарихы» жұрналында (2005, №2) жарияланды. Бас жағындағы екі нұсқа алдында келтірілген нұсқаларға ұқсас. Үшіншісі «Алаша хан Бұхар ханының баласы еді. Бұхар ханы солтүстік жақтағы халыққа аттанып, көп хандарды орнынан тайдырып, неше елді өзіне қаратып, оларға хан қылып өзінің жақын ағасын, інісін, баласын қойған еді. Сонда қазақ халқына өзінің баласы Алаша ханды қойған екен. Қазақтан ықтиярсыз, зорлықпен хан болған себепті Алаша хан қорқып, өзіне Бұхарадан һәм өзге жерден жалдап көп нөкерлер ұстапты. Сол көп әскері болғаны себепті қазақта хан болып, халықты жөнге салып ұстап тұрыпты дейді. Қазақ халқы да Алаша ханды өзі ер, әділ, ақылды болған соң жақсы көріпті. Және ол хан болып тұрған уақытта қазақтар айналасындағы жауласқан халқын жеңіп тұрыпты. Һәм қайсыбіреулерін өзіне қаратыпты» (Әлжанов О. Алаша хан һәм оның баласы Жошы хан турасынан қазақ арасында бар сөз. Қазақ тарихы. 2005. №2. 28 бет).
    17. Н.А.Аристов «СырДарьинской области. – Ташкент, 1889. с.2) Қара-қырғыздардың әкесі – Алашаның үш ұлы болыпты: Байшора, Жаншора (орта жүздің атасы) және Қарашора (кіші жүздің атасы)», – дейді (Аристов Н.А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. СПб., 1897. – 395 бет).
    18. «Белгілі орыс тарихшысы Г.Н.Вернадский 1913 жылы Санкт-Петербург университетінде оқыған лекциясында Моңғол империясының 1331 жылғы картасында орыс жері де «Алаш» құрамына кіретіндігін, оның империяның Қиыр Солтүстік батыстағы ажырамас бөлігі екендігін атап айтады. Бұл дерек бізге «Алаш этнонимінің түп-төркініне бүгінгіден мүлдем басқа таным тұғырынан, мағына мұнарасынан қарауды талап етеді» (Т.Жұртбай. Түркістан газеті. №23 (653) 18.01.2007).
    19. Орыс тарихшысы П.И.Рычков: «Нұх пайғамбардың Яфет деген баласынан Түрік туады. Оның бесінші ұрпағы Аламзя (Алаша) хан болған. Одан моңғол-татар тарайды. Екеуі бір халық болған. Өзара ұрыс-керістің нәтижесінде Өгіз ханның кезінде бөлініп кеткен. Шыңғыс хан ғана оларды қайта біріктірген», – дейді. Рычковтың айтуынша Алшын деген атау Алаша деген атаудан шыққан.
    Түсініктеме: Біз үшін Рычков нұсқасының құндылығы, ол әйгілі Шыңғыс қағанның тегін Алаш (Алшын) деп отыр. Ол ақиқатында да солай болатын.
    20. «Ары да ұлы бабалар, бері де ұлы Шыңғыс қаған құрған алып мемлекетті (Түркістан) қайта қалпына келтіруге барынша жан салған Алашорда арыстарын түгелдей қырғынға ұшыратты. Бұрынғыша бүкіл түріктің басын қосып үлкен Түркістан мемлекетін қалпына келтіруге барынша жанталасқан Мұстафа Шоқай былай деп жазыпты: «Бүгін Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түрікменстан һәм Тәжікстан деп жат үкімет күшін алты жүмһүриетке бөліп тұрған Түркістан – бөлінбес, айрылмас бір өлке. Халқының қаны бір, тілі бір, діні бір». «…Түрік халқы – батыр халық. Түрік халқы – арыстан ер халық. Кімнен таяқ жегендей біздің түріктің баласы, алдырып жүрген дұшманға ауызының аласы».
    Тура осындай өсиетті бізге Қожаберген жырауда қалдырған:
    «Алашқа жатқан алты елдің,
    Түпкі атасы Тұраннан,
    Жаңылмаңдар қазағым,
    Алаш баба ұраннан».
    Қазіргі уақытта әлемнің 49 мемлекеті өздерін түркі мемлекеттері санатына қосады. Бірақ олардың бірде-біреуі бүкіл түріктің бастарын қосу саясатымен айналысқан емес. Осының өзі-ақ бізді, сонау бағзы замандардан бері келе жатқан Ұлы Қазақ қаған, Алаш қаған, Ата ұлы (Ад ұлы, Еділ, Аттила), Тоныкөк Білге қаған, Қарахан қаған, Оғыз (Өгіз) қаған, Шыңғыс қаған сияқты әлемді билеген ұлы түрік асылдарының, түп қазығы, ата жұрты екенімізді көрсетсе керек» (М.Қожырбайұлы «Шыңғысханның тегі Адай» Алматы-2010).
    21. Қазақ тарихшысы З.Қинаятұлы, ««Алаш» дегеніміз қазақтың бір атауы деген тұжырымды Қадырғали Жалайыр, Ш.Уәлиханов, М.Ж.Көпеев, Ә.Бөкейханов айтып кетті» («Үш қиян» № 25 (483) 12.08.2010).
    22. «Қазақтарға осынау ұлан-ғайыр жерді қорғап тұру оңайға соқпады. Сондықтан бір Алаштың баласымыз деген ой-тұжырым тамаша идея болды. Себебі, осы идея қазақтардың басын қосты» (профессор Марта Олкотт, ағылшын ғалымы).
    Келіңіз осы деректерді қазақтың ежелгі сөз, шежіре жасау жүйесіне салып, саралап көрелік:
    – Ұлы Жаратушы Адам ата мен Ауа ананы жаратып, оларға сана мен сөйлейтін тіл бергелі жетпіс мың жыл болды, Адам Ата қазақтың Ана тілінде сөйлеген, Қазақ жер бетіндегі ең алғашқы мемлекет, қалған елдер мен ұлыстар Қазақтан тараған, деп жырлайды Маңғыстаулық Адайлардың ақиық-ақын жыраулары. Бұндай шежірелік деректерді қазақ даласының өзге өңірлерінен кездестіре алмайсың. Себебі, Ата шежіресі де, оның Ана тілі де тек қана «кенже» бала да, яғни Қарашаңырақта сақтала алады.
    – Шежіре дерегі бойынша Он екі Ата Байұлы Қазақтың қарашаңырағы, ал Бай ұлдарының кенжесі Адай. Демек, Адай Қазақтың кенжесі. Адайдың қазақ шежіресінің ең соңында тұрғанының сыры осы.
    – Өте ескі замандарда қазіргі Қазақ елі Алаш атанып, оның Алаша атты ханы болған. Ол атамыздың есімі Алшын шежіресінде он екі ата Байұлының ең үлкені Алаша атты ру атымен сақталған. Соған сәйкес «Алаш» аты ерте де жалпы қазақ қауымының ұраны болған. Қазақтың байырғы шежірелерінің барлығында да «Алаш» сөзі «Қазақ» атауының синонимі ретінде қолданылған. Ел аузына таралған:
    Алаш – Алаш болғанда,
    Ала тай ат болғанда.
    Таңбасыз тай,
    Енсіз қой болғанда,
    Алаш хан болғанда…»
    дейтін сөздер Алаш жайындағы аңыздың меншікті мүлкі қалыптаспаған (тайға таңба баспайтын, қойға ен салмайтын) заманнан келе жатқанын аңғартады. (Қазақтың көне тарихы. 27 бет).
    Бұл жағдайды «Адайдың айтқышы», «жырдария ақыны» Қашаған былайша жырлапты:
    «Ата жігін айтқанда,
    Ешкім жоқ бізбен таласқан.
    Түрікмен менен Өзбек, Сарт,
    Қарақалпақ, Қазақ пен Қырғыз
    Бәрі де өнген Алаштан» (Қашаған Күржіманұлы. Қосай ата ұрпағы).
    …«Атамыз қазақ болғаннан.
    Үш анадан дүреген,
    Алаштың алты баласы.
    Үш жүз болып аталған,
    Атасынан бата алған.
    Сол күнде қазақ мекені,
    Алаштың Алатауы екен» (Ислам Жеменей «Иран қазақтары» Алматы. 2007. 88 бет).
    «Алаш-Алаш болғалы,
    Алты Алаш атақ алғалы,
    Ақбоз орда үй тігіп,
    Сарыарқаға қонғалы» (Ыбырай Ақұн Құлбайұлы «Алтынды Орда қонған жер» Ақтөбе-1994. 14 бет).
    «Алан – Оңтүстік Үстірттегі Хиуа жолының бойындағы мол сулы құдық. Атау төркіні – Маңғыстау, Үстіртті ежелгі алан (қазіргі осетиндердің негізі) тайпасы мекендеген кезден қалды делінеді. (Маңғыстауда Сүмбе Темір Алан атауының этимологиясы сияқты). Алан құдығы 1931 жылға дейін кеңінен қолданыста, ал Алан керуен, көш аялдайтын үлкен бекет болып келді» (Гуго Штумм «Хиуаға жорық» Алматы-2010. 132 бет).
    Осетиндер – Адайдың екінші немересі Қосайдың ұрпақтары. Олардың тегі Адай – Келімберді – Қосай болып таратылады. Қосай мен Осетиннің сөз түбірлерінің «Ос» болып келетіні тек қана осыны білдіреді. Бүткіл жер бетіндегі «Ос» деген сөз түбірі бар елдер мен ұлыстардың, барлық ұғымдар мен топономикалық атаулардың «авторы» Маңғыстаулық Қосай – Адайлар болып табылады. Бұл дауға жатпайтын тұжырым. Бүгінгі Түрік (Түркия) мемлекетінің негізін қалаған Османдар (Ос Ман ұлдары) осы бүгінгі Қосай Адайлардың Ата-бабалары болатын.
    Алаш пен Алан синоним. – Ал (Әл) және Ан (Аш) деген екі біріккен сөзден тұрады. Ал (Әл) – алғашқы Ата деген ұғым берсе, Аш пен Анның екеуі де аналық текті білдіреді, яғни бұл ата-ана деген ұғым береді.
    Ал – Алла; Алғы (алғы сөз), Бұйрық (қолыңа, алд

  9. Ал – Алла; Алғы (алғы сөз), Бұйрық (қолыңа, алдыңа ал); Алақ (Құранның «оқы» деген алғашқы сүресі), Алақан, Алақай, Алаң, Алау (от – от-жалын); Алғыс, Алға (а. алдыңғы аға, ә. алға ұмтылу); Алып (өте үлкен); Алпі (Алып тау); Алпамыс (Алып Манас); Алман (Алаш пен Ман); Алаш (алғашқы аталық және аналық текті білдіретін ұғым, екінші буындағы Аш (шаш) Ашури (Ашиде, Ашөйде) тайпалары атауын береді); Алшын (Алғашқы шың). Тау мен Шың синоним, екеуі де Ауа анамыздың лақап есімі. Таудың сөз түбірінің Ауа анамыздың есімімен сәйкес болатыны осы. Алма (тиме (етістік), жеміс (зат есім), Ала (әртүрлі), Алмасу (ауысу), Алжу (қартаю), Алқа (мәжіліс, құлып), алыс (өте әрі де), алмас-қылыш (өте өткір қылыш), Албан (ел), алты, алпыс, алты жүз, т.т.; Алты Алаш, алтын т.т. болып кете береді.
    Алшын, Алшын болғалы
    Әлім еді ағасы,
    Шолпан еді анасы деп жырлайды Ата шежіреміз. Шолпан жұлдызының екінші атауы таң жұлдызы. Шолпан анамызда, таң мезгілінде ғана көрінетін Шолпан жұлдызы да бастау текті білдіреді. Қазақтың қыз-келіндері тағатын әшекейлерінің «Шолпы» деп аталатынының сыры осы. Демек, ең алғаш «шолпы» таққандар солар, яғни «авторлық» құқық Шолпан анамыздікі.
    Ан (Аң) – тірі жан (пенде); «кісі киік» (адам санасының толықтай өсіп, жетілмеген кезеңі); даланың аңы, аңшы; анда (дос); ант, анттасу (уәдеге беріктігіңді айғақтау); аңыз (бұрын болып өткен дүниелер) т.т. Ан – Манның және Ана есімінің сөз түбірі.
    Ал – алғашқы аталарымыздың жиынтық атауы. Соған сәйкес «Алғи» Адайлардың ежелгі ұраны. Алғи – Қоңырат руының бір аталығы. Қоңырат атауы, өз кезегінде Мұңал (Моңғол) Адайлардан тарайды. Қоңырат пен Моңғолдың түбірлес болатыны және Мұңал (Моңғолдан) шыққан Шыңғыс қағанның ата-бабалары, өзі және олардың ұрпақтарының тек қана Қоңырат руымен құда болысатындарының сыры осы. Қоңыр – қазақта пісіп-жетілген кемелдікті білдіреді. Ал, Ад (Ат) меніңше бұл ұғым комментарийді қажет етпесе керек. Қазақта осы Қоңырларға (Қоңыраттарға) арнап тартылатын «Тоғыз қоңыр» атты тоғыз күй бар. Ежелде Наурыз мерекесі кезінде осы тоғыз күй міндетті түрде орындалатын болған. Бұл күйлер Маңғыстау Адайларының арасында күні бүгінде де орындалады.
    Ал мен Адам синоним. Себебі, Алдың сандық атауы 1-14 болса, Адамның сандық атауы 1-6-1-15 құрайды. Қайсысы бұрын дейтін болсақ Ал, Алға (1-14-5-1), Алғи (1-14-5-10) Адам атадан бұрын тұр. Сонда біздің «Алға Қазақстан» деген сөзіміздің толық мағынасы Алғашқы аға Қазақ деген сөз.
    Ал Әлімге келсек, Әл (Ал), Әли (Ал-и), Әл-і-м деген біріккен сөздерден тұрады. Әл (әлді, әлсіз), яғни ағалық қаухары бар адам, немесе жоқ адам. Әлі (Али) – Әлдің баласы, ұрпағы. Қазақ сөзінде й, и, ы, і дыбыстары баласы, ұрпағы деген мағына береді. Бұл дыбыстар ежелде қазіргі «ов» пен «ич» орнына қолданылған. Көптеген азаматтар қазірде қолданады.
    Әлім (менің әкем, немесе ағам). «М» дыбысы тәуелділік жалғау. Қазақтың сан миллиондаған сөзіне осы дыбысты қоссаң бәрі менікі деген мағына береді. Бастауын қазақтың Ата деген ұлы сөзіне жалғанған «М» (Адам, Атам) дыбысынан алады.
    Сонда Әлімнің тікелей мағынасы менің атамның үлкен баласы, яғни менің үлкен ағам. Адайлардың Әлімдерді аға баласы деп төрінен орын беретіндерінің сыры осы.
    Алан мен Алаштың (Алшынның) да негізгі мағынасы Ата мен Ана. Ал – ата, Ан мен Аш – ана.
    Ана тілімізде осы Аш түбірінен – Аша, Ашатаяқ деген сөздер жасалады. Мағынасы басы екі бөлінген ағаш сырық (бақан), немесе басы үшке (төртке) бөлінген шөп жинайтын құрал. Демек, Аша бөлінген елдердің басын біріктірген анамыздың аты. Нұқ пайғамбар атамыздың есімінің Үкаша деп аталатынының сыры осы. Қазақтың аша, айыр (Айрақты), жаба (Жабал) деген ұғымдары синоним сөздер болып табылады.
    Аштың тағы бір мағынасы Ас. Қазақ та «Ш» мен «С» дыбыстары ауыспалы мағына да қолданыла береді. Мысалы, Ос пен Ош – Қосай атамыздың түп атауы. Ас, Ос (Ош) – синоним cөздер.
    «Ман түбірі әріге сілтейтін ұғым. Бұл б.ж.б. үш мың жылдықта қазақ топырағында жасаған арийлерден қалған жұқана. Арийлердің Ман атты рулық тармағы болған. Кейін олар Иранға ауысып Манней қауымдастығын құрған. Осы қауымның кейінгі сілемдері Иран мен Түркияда отырған герман тайпалары. Сонда Маңғыстау – ман жұртының қыстағы деген ұғым боп шығады. Сондай-ақ Сам атауы да көне ұғым. Бұл үнді арийлерінің Күн құдайының аты. Ал б.ж.б. 1Х ғасырдан бастап Маңғыстау өлкесі сармат мәдениетінің ту тіккен аймағы болды. Қару-жарақты, өте бойшаң балбалдар сол сарматтардан қалған мұра. Сарматтар таза парсылар еді деген дәлелденбеген біржақты ұғым. Бұл қауым ғұн, түркі әлемімен мидай араласып, солардың атын шығаруға ат салысқан. Ас, аш, аз, азық, азақ аттары осы жұрттың руларымен байланысты атаулар. Осылардың бір тармағы ашөйделер түркі қағандығының аналық тақтасын құраған» (Ә.Спан, М.Абылхан «Ермембет би» Астана-2003. 6 бет).
    Алан – Ал және Ан деген екі буыннан, және сонымен қатар Ал, Ала, Ан, Лан деген біріккен сөздерден тұрады. Бұл ұғымның құрамының бірнеше мағынасы бар:
    а. «Ал» – алғы ата;
    ә. «Ан» ана;
    б. Ала-құла (аралас) деген мағынада қолданылады. Қәзіргі қазақтың сөздік қорындағы «қала» мен «дала» сөзінің шығу төркіні осы. Қала халқының ала-құла болып, әр түрлі елдің араласып жататынынан шыққан қорытынды. Ал, далада да бәрі қотысып жатқан жоқ па?
    г. Соның салдарынан «Лаң» салу деген ұғым дүниеге келді;
    ғ. «Н» дыбысы баласы, ұрпағы деген мағына береді.
    Бүкіл түркі әлемі тілдерінің түп қазығы бүгінгі қазақтың ана тілі. Барлық түрік халықтарының ата жұрты, қара шаңырағының иесі қазақ елі. Алғашқы да бастауын Қазығұрт пен Маңғыстаудан алып, сан мыңдаған жылдар бойы бүкіл түркілердің «Ақ ордасы» қазақ даласында, яғни арқадағы Ұлытауда тігіліп, барлық елдер мен ұлыстар осы орталықтан басқарылған. Ұлытаудың, жер бетіндегі барлық таулардан биік, ең ұлы тау деп аталатынының сыр осы. Ақ ордалар мен Алтын Ордалар Қазақтың Тәңір тауында (кейін ол тау Әзіреттің Ала тауы аталған), Алтайда, бүгінгі Қап тауы (Кавказ) аталып жүрген қазақтың ұлы тауында, сол сияқты Сары тауда да (Саратов, Ресей) тігілген.
    Ал, Алға, Алғи, Алан, Алтай, Алатау, Алаш, Алты Алаш, Алшын бәрі синоним. Қазақтың ескі жыр-дастандарында бұл өңірлер Алғидың ала шөлі, Алғидың Ала тауы, Алғи даласы деп жырланады. Демек бұл өңір Алаштың атасы, он екі ата Байұлының үлкені Алаша хан атамыздың елі, яғни бұл өңірлер Алаштың атамекені. Бұны Алатаудың ең биік шыңының «Хан тәңірі» деп аталуынан да көруге болады. Бұндай дәстүр қазақта ежелден бар. Мысалы, Маңғыстаудағы Қаратаудың ең биік шыңдарының бірі Отман (От адам), мағынасы Алау атаның балама аты (Алау мен От синоним); Шыңғыс таудың ең биік шыңдарының бірі Мұңал шыңы, Хан биігі; Қап тауының биік шыңдарының бірінің Адай шыңы; Оңтүстіктегі Қаратаудың шыңдарының бірі Қазығұрт (Қазық жұрт) деп аталады.
    Алтай, кенді Алтай, Өр Алтай, Асқар Алтай, Моңғол Алтай жайында толғансаң, “Алтай, Алтай болғалы не көрмеген, Кімдер келіп бұл жерге кім кетпеген” деп толғанатын “Ағажай Алтай” әні еске түседі. Көшпенді түріктердің атамекені, иісі түркіге ортақ Алтай өлкесі кімдердің көз құртына айналмады. Кімдер сұғын қадамады. Іргесінде отырған орыс пен қытайдың Құдайы берді. Алтайды шамаларынша бөлшектеді. Түркінің Алтын бесігі 4-ке бөлінді. Өр Алтай – Оспан бабамыздың 15 жыл аттан түспей, жан алып, жан берісіп, қорғамақ болған Алтайы қызыл көз Қытайға, Алтай түркілерінің мекені – орысқа, Моңғол Алтай – геосаяси ойындардың арқасында тәуелсіздікке қол жеткізген Моңғолияға, кенді Алтай – Алтай өлкесінің бір тұтамы ғана Қазаққа бұйырды. Бізге қарасты қолымыздағы алтынымыз кенді Алтайдың астанасы – Өскемен. Бүгінде орысы басым, Солженицын мен Горбачевтің, Жириновскийдің орыстың мекені деп байбалам салатын Өскемені – ресми қазақтың ата мекені.
    Бұл атау менің өзіме де тікелей қатысты. Өскеменнің тегі Жеменейден тарайды. Мен Жеменейдің ағасы Айтумыстан тараймын. Өздеріңіз көріп отырғандай, «туған айға «Ай» деп ат берген» менің атам болса, інісі Жеменейде сол өңірге Өскемен деп өз есімін қалдырыпты. Өскемен сөзінің құрамындағы ем (сөз түбірі), мен, емен, кеме деген сөздердің болуы тек қана осыны білдіреді. Бұл атаудың тағы бір құпиясы бар. Бұл «менің өскен жерім» деген сөз. Өздеріңіз көріп тұрғандай «Өскен» сөзі сыртында, ал «мен» деген сөз ортасы мен соңында тұр. Тағы бір мағынасы «мен бұл жерде алғаш рет еменнен (қатты ағаштан) кеме жасадым» дегенді білдіреді. Бұл дауға жатуға тиіс емес. Сөз жасасаң осылай жаса. Тарих жазсаң осылай жаз. Бұл тарихты жою, Алладан ғана болмаса, адам баласының қолынан келмейді. Бүткіл жер бетіндегі ежелгі атаулардың бәрі осылай, менің атамның (қазақтың) ана тілінде қойылған. Бұны кез-келген білімді, яғни қазақ тілін меңгерген жан әрқашанда оқи алады. Олар үшін уақыттың шекарасы болмайды. Қазір (Қаз бір, Қаз пір) деген уақыт өлшемінің Қазақтың лақап аты болатыны осыдан. Сол үшінде менің аталарымның таңбасы «Тіл» болып, оларды бүкіл әлем Тау би, Көп би, Қас би (Каспий) деп, ал мына батыстықтар (орыстар) дәлдеп тұрып ең алғашқы тілі шыққандар (язычники) деп атаған.
    Он сегіз мың ғалам дегендегі «ғаламның» сөз түбірі (өз түбі), яғни солардың бәрінің атасы «Ал», Бұзау-Жеменейлер солардың жетінші буын ұрпағы. Жеті ата бөлінбейді. Бөліну сегіз-семиттерден басталады.
    «Қыпшақ, найман рулары өзбекке, қазаққа, ноғайға, қарақалпаққа тараса, маңғыт пен қытайлар тек өзбек пен қарақалпаққа тарады, олардың қазақтағы үлесі тым аз. Ал, алшындар өзбекке де, қарақалпаққа да қосылған жоқ, тұтастай қазаққа қосылды. …Алшындардың аз бөлігі ноғайлар арасында «Алаш» деген атпен қалып қойды. …Кіші жүз – алшындар ХҮ11 ғасырдың аяғына дейін өздерін «алаш» (алау, алағ) түрінде атаған, Жиембет жыраудың Есім ханға «Алашыма ұран десермін, ат құйрығын кесермін» деген сөзін жай ғана жалпылыққа қатысты қызыл сөз деп түсінуге болмайды, өйткені «алаш» нақты ХҮ11 ғасырдың бірінші жартысындағы алшынның екі бірлестігінің – Байұлы мен Әлімұлының реалды аты еді. Жаскелең ақынның:
    Алаш, алаш болғанда,
    Әлім еді ағасы,
    Шолпан еді анасы, – дегенінде де осы тарихи дәуірдің ақиқатын сақтаған реликтілік шежірелік таным жатыр.
    …Қырымның қырық батыры» немесе «ноғайлы жырлары» деп аталған ғаламат эпикалық комплекстің ХҮ1 ғасырға жататын аңыздық-озалдық негізін жасаушылар да, ХҮ1 ғасырдың соңында қазіргі тұрпатын жасағандар да осы алаш ортасы еді. Сондықтан, жырлардың авторы ноғайлы ортасы деген жалпылама анықтамамен қатар, нақты жасаушы орта – нақты «алаш» ортасы деген дұрыс. Бұл біріншіден, жырлардың авторы қазақ халқының өзі екендігін көрсетеді; алаш топтарының тек қазақ пен ноғайда ғана бар екендігін ескеріп, жыр авторларын ноғай-қазақ ортасы дегеннің де артықтығы жоқ.
    …Алаштан қазақ тараған,
    Ноғайлыға қараған.
    Жауға алдырмай ноғайлар
    Бір-біріне жараған.
    Ноғайдан қазақ бөлініп,
    Үш жүз болып тараған.
    Осы жолдарда бейне бір тарихи рет бар сияқты, өйткені өлеңнің әр жолы белгілі бір тарихи кезеңді көрсете алатындай әсер қалдырады» (С.Қондыбай. «Есен қазақ», 259-260 б).
    «Қазақтан Қырғыз, Алауды,
    Айырып айтып келемін
    Бөліп тақта-тарауды.
    Алаудан Алаш, Маңғыбай,
    Естімеген жан бар ма
    Бұлардың атақ-даңқын-ай?
    Маңғыбайдан Төре-ді,
    Ал, Алаштың алты баласы
    Үш анадан туып дүреді,
    Қатар өсті көлемі,
    Үш енеден туғансын.
    Үш жүз үйге толғасын
    «Үш жүз» болған дерегі.
    Ағарыстың баласы
    Үйсін, Найман – Ұлы жүз,
    Жанарыстың баласы
    Арғын, Қыпшақ – Орта жүз,
    Бекарыстың баласы
    Алшын, Кеншін – Кіші жүз
    …Алшын, Кеншін екеуі
    Кіші жүз болып бөлінген» (Ұзақбай Қазжанұлы (1897-1976).
    Өздеріңіз көріп отырғандай С.Қондыбай Қазақты Алаштан таратса, Ұзақбай жырау Алашты Қазақтан таратып отыр.
    Келтірілген деректерден шығатын қорытынды:
    – Алаш пен Қазақ синоним. Шындығында, Алаш Қазақтың ұрпағы. Тарихи шындығы солай. Себебі, Алаш деген сөзіміздің тікелей мағынасы Ата мен Ана, яғни ер мен әйел деген мағына береді. Ал, Қазақ сөзінің құрамы тек қана Аталық текті білдіреді.
    Бұл тұжырымның тағы бір айдай айғағы Алаш 1-14-1-28 есептік санын құраса, Қазақ 13-1-9-1-13 санын құрайды. Біз бұл жерден Қазақ деген ұғымның Нұқ пайғамбарға дейінгі дәуірде дүниеге келгенін көреміз. Ал Алаш ұғымы екі дәуірді де бірдей қамтып тұр.
    – Үйсін, Найман – (Ақарыс-Ұлы жүз), Арғын, Қыпшақ – (Жанарыс-Орта жүз), Алшын, Кеншін – (Бекарыс-Кіші жүз). Атам Қазақтың Алты Алашының негізін осылар қалады. Бүгінгі алты Алашқа жатқызылып жүрген Тәжік, Қазақ, Қырғыз, Қарақалпақ, Түрікпен мен Өзбек, бұлар олардың бүгінгі атаулары.
    – Ақмола облысында, Атбасар үйезінде, Бағаналы-Балталы деген найман жайында, Қаракеңгір бойында сырлаған кірпіштен салған ескі екі бейіт бар: Алаша хан, Жошы хан атты. Тарихи деректер осы екі бейіттің де қатар бір мезгілде салынғанын көрсетеді. Алаша хан мазары Жошы хан мазарынан кейін салынған. Кейбір зерттеушілер қазіргі жұрттың Алаша хан мазары деп жүргендерін сол Шыңғыс хан бабамыздікі дейді. Олардың келтіретін дәлелдері Жошының Шыңғыс хан бабамыздың үлкен ұлы екендігі. Ескі шежіреде Алаш пен Алынша хандар қатар аталады. Алынша хан жалпы хандардың бабасы, моңғол мен татардың атасы делінеді.
    Алаш, Алаш болғанда,
    Алынша хан болғанда.
    Қазақ, қалмақ ноғайлар,
    Бәрі сонда бір болған.
    Ынтымағы жарасып,
    Жайқұн көлдей бай болған,
    Еділ, Жайық, Оралға,
    Ортан көлдей жайылған.
    Өзбек хан, Жәнібек өлген соң.
    Тоқтамыс, Темір болған соң.
    Ел ішіне жік түсіп,
    Үш бөлек болып айрылған,
    Қазақ, Ноғай қыбла да.
    Мұсылманға жан тартып,
    Дін үшін қатты қайғырған,
    Қалмақ, Манғұл бөлініп,
    Кәпірлігі білініп.
    Күн шығысқа қайрылған,
    Ішін буды сонда кеп,
    Алтайды мекен жай қылған, – деген көне жырдың мағынасы Алынша хан заманында Ноғай, Қазақ, Қалмақ осы атаулармен айрылмай, бәрі бір атпен, бір тақтың билігінде, яғни бәрі бір қағанаттың құрамында болып, бұл жағдай Шыңғыс қаған және оның қаған деген лауазымды иемденген ұрпақтарының билігінде болған. Тоқтамыс хан мен Ақсақ Темір дәуіріне дейін бір қағанаттың құрамында болып өмір сүріп, солардан кейін елдің ыдырауы басталады. Осыған сәйкес кейбір зерттеушілер Шыңғыс ханның Алаш, Алынша ұрпағы екендігі және солардың ізін жалғастырушы болуына байланысты, Шыңғыс ханның мазары Алаша хан мазары деп аталып кеткен делінеді. Аталарымыздың Шыңғыс ханды Алаша ханмен шатастыруы еш мүмкін емес. Бұған жалғыз бір ауыз сөзбен тойтарыс беруге болады. Аталарымыз әкесінен (Шыңғыс қағаннан) бұрын өлген Жошы хан мазарын қалайша күні бүгінге дейін ұмытпай сақтап отыр деп.
    Алты Алаштың «азан шақырылып» қойылған түп есімі жетпіс мың жылды қамтитын Адай ата шежіресінде Балықшы (Шыбынтай) есімімен сақталған.
    Балықшы (Шыбынтай) Адай атамыздың бесінші немересі, кейбір деректер бұл есім олардың балық аулауды кәсіп еткендіктеріне байланысты қойылған деп те көрсетеді. Себебі, кейіннен балық аулаумен жұрттың бәрі айналысатын болған, сол сияқты қалада да әр түрлі ру, тайпа, елдерден құралған адамдар тұратын болғандықтан, ата-бабаларымыздың қаланы «балық» атандырып жүргендерінің сыры осы. Сонда, бүкіл балықшылардың, қалалықтардың, сол қалаларда тұратын әр түрлі кәсіппен айналысатындардың барлығының түп атасы Балықшы атамыз болып шығады. Шежіре дерегі бойынша Балықшының «азан шақырып» қойылған есімі Шыбынтай делінеді. Өзен бойында отырып балық аулап күнін көретін болғандықтан, сол кездегі ел Балықшы Адай деп атап кеткен. Балықшы атамызда кезінде Мұңал, Тобыш, Жеменейлер сияқты Адам атаның қарашаңырағының иесі болған. Соған сәйкес бүткіл әлемдегі түбірінде, немесе құрамында «Ал», «Бал», «Бала», «Балық» деген сөздер бар: Балқан (осы аттас тау екеу, біреуі қазіргі Түрікпен жерінде, екіншісі Еуропа жерінде, осы аттас қала қазіргі Венгрия және Түрік жерінде бар), Бесбалық (Бейжин, қазіргі Пекин, Қытайдың астанасы), Балықшы (Қазақ пен Қырғыз еліндегі елді мекен), Балхаш (Қазақ еліндегі қала мен көл, осы көлдің жағасында Ақбалық деген елді мекен бар), Балтық (Балтық теңізі жағалауындағы елдер), Балакете (Орталық Африкадағы қала), Баланқала (Конгодағы елді мекен), Балх (Ауған еліндегі өлке мен елді мекен), Балық (Сириядағы өзен), Айбалық (Түркиядағы қала) деген сияқты әлем картасындағы 306 топономикалық атаулардың барлығы Шыбынтай атамыздың ұрпақтары мекендеген, немесе солардың иелік еткені жерлері болып табылады. Ал, Азия мен Еуропа құрылығындағы екі бірдей тауға қойылған Балқан (Балық хан), қазақтағы Шыңғысхан, Алтай хан, Хантәңірі деген сияқты ұлы аталарымыздың атын тауға қойған. Оның үстіне ежелгі тарихта көп айтылатын ежелгі «Баласағұн» қаласын қосыңыз. Оңтүстік Қазақстанға қарасты Сыр өңірі аумағындағы Түлкібастың батысында – Арыс, шығысында Балықшы өзені, басын екі шақырым жердегі Қайнардан алып жатыр. Екі өзеннің аралығы екі шақырымнан аспайды, төменірек барып, Балықшы Арысқа қосылып, Сырдарияға тартады.
    Анықтама: Баласағұн – Шу алқабындағы ежелгі қала. Әр кезде Батыс Түрік, Қарлұқ қағанаттарының, Қарақан, Қарақытай мемлекеттерінің астанасы болған. Қала ХҮ ғасырға дейін өмір сүрген.
    «Моголстандағы бірсыпыра қалалардың аттары беделді кітаптарда жазылған және ол қалалар турасында көптеген түсініктер берген. Соның бірі – «Баласағұн». Ал, «Суваре-и акалимда» («Әлем климаттарының жай-жапсары») Қытай қалаларынан Ханбалық айтылады. Басқа қала айтылмаған. Беделді кітаптар мен тарихи шығармаларда Баласағұнды Афрасиабтың салған қалаларының бірі деп атайды. Оны өте жоғары мақтаған. «Мәжма ат-тауарихта» («Тарих жинағы») былай деп айтылған: «Баласағұн Қарақытай заманына дейін Афрасиабтың («ұрпақтарының») билігінде болған. Қарақытай ғұрхан Баласағұнды Илек ханнан тартып алады, ол Афрасиаб нәсілінен еді. Содан оны өзінің астанасы етті. Тоқсан бес жыл бойы Баласағұн Қарақытайдың астанасы болып келді. Жейһуннан бергі оның шығысында жатқан барлық (ел) өлкелер түгел оған салық (хараж) төлеп тұрды. Моғолдар Баласағұнды Қаралық деп атаған. «Сураһ-әл луғат» («Тілдің айқындығы») кітабының авторы «Молһәқат-и сураһ» («Тілдің айқындығына толықтыру») атты еңбегінде былай деп жазды: «Менің әкем Баласағұнның хафиздеріне жататын. Ол өзінің «Толықтыруында» әр қаланың ғалымдарының есімін атаған. Самарқан қаласынан оннан аз ғалымды атайды. Бірақ, Баласағұннан шыққан соншама көп ұлылар мен ғалымдарды санап, олардың кейбіреулері туралы әңгіме де келтіреді, осы ғалымдардың барлығы бір қалада, бір заманда өмір сүргеніне ақылың қайран қалады. Қазіргі кезде олар туралы Баласағұнда еш нәрсе мәлім емес» (Ислам Жеменей «Мұхаммед Хайдар Дулати» Алматы-2007. 231 бет).
    «Б.д.д. Х ғасырда алдыңғы Азияда көшпелі тайпалар пайда болды. Олар еврейдің екінші патшасы Дәуітке қызмет етті. Олардың үшеуіне ғана назар аударамыз. Қосай, Пашхұрт және Маллух тайпасы. Бұлар б.д.д. ХҮ ғасырда арийлердің оңтүстік өлкелерге жөңкілістерінде, батыс тарапқа бөлініп кеткен ад қауымының сынықтары еді. Міне, осындағы Маллух – Балық (Балықшы) тайпасының жазба әдебиетте алғашқы сәулеленуі деп шамалаймыз. Бұл үш қауым жұрт ұзақ уақыт бір-бірінен көз жазбай қатар жүрді де, сол өлкелерге сіңіп жоғалды.
    …Балық көне түрікше қала деген сөз, балықшы – қала тұрғыны, қалалық дегенді білдіреді» (Анес Сарай «Тарих тұңғиығы тіл қатады» Отпан тау. 2012. 10 бет).
    Түсініктеме: Бұл жерде Дәуіт пағамбарды, яғни он сегіз мың ғаламды билеген Сүлеймен патшаның әкесін еврейге телу түп-тамырымен қате. Олардың тегінің еврей еместігі Дәуіт пайғамбарға түскен «Забур жырлары» атты кітапта (төрт кітаптың бірі) айқын көрсетілген. Қазақтың темірші-ұсталарының пірі әйгілі Ер Дәуітті Еврейге теліп жүргендерге осы жырды оқуға кеңес беремін.
    Ер Дәуіттің тегі еврей еместігі Исаның Інжілінде де, Мухаммедтің Құранында да айқын көрсетілген.
    Балықшы Бүйе әулеттері 932-1055 жылдар аралығында Парсы (бүгінгі Иран) елінде патшалық құрды. Олар жайлы Тарих ғылымдарының докторы, Тегерандағы Шәһид Беһеште атындағы унивеситеттің профессоры Шабани Риза «Иран тарихы» атты кітабының 136-137 беттерінде біршама мәліметтер берілген.
    Біз бұл деректерден Балықшылардың Х-Х1 ғасырларда жүз жылдан аса уақыт бойы Иран елінің билігінде болғанын көреміз. Ал, билеушінің қасында Адай руының басым көпшілігінің бірге жүретіндігі дауға жатпайды. Ол замандарда туған-тумаласы, өзінің төл жұрты аз адамдар билікке жете алмаған. Осы балықшылардың тегінің Қазақ, оның ішінде Адай Ата ұрпақтары екендігін мына бір ауыз сөздің өзі-ақ «халифа жарлығын, жалауын, сондай-ақ, сый шапанын тапсырды», «ту мен шапанды жіберді» дегені толықтай айғақ бола алады. Себебі, бүкіл жер шарында Қазақтан басқа ел бір-біріне шапан жаппайды.
    Балықшы – біріккен сөз. Ал (сөз түбірі), бал, ық, лық, балық деген сөздер мен «шы» жалғаулығынан тұрады.
    Ал – Алта, Алты, Алтау, алты ауыл, алты Алаш (алдыңғы алты ел: 1 буын Құдайке, Келімберді. 2 буын Тәзіке. 3 буын Қосай. 4 буын Құнанорыс. 5 буын Ақпан. 6 буын. Балықшы. Алашқа жатқан алты еліміз осы), Алшын (Кіші жүз руларының түп атасы), Алғы, Алдыңғы, Алғашқы Ата мен Аналар (ең біріншілер деген мағына береді), Алғи – Адайдың ежелгі ұраны, Алаш (бүкіл қазақтың ұраны), Алман (Алмания, бүгінгі Германия елін шетел қазақтары күні бүгінде де осылай атайды), Алтай тауы мен өлкесі, Алатау, Алып (Алпі тауы), ары қарай ала, алқа, алтын, алыс, алғыс, бал, бала, балапан, балық, балта, айбалта т.т. болып кете береді.
    Алта жайлы С.Қондыбайдың «Есен Қазақ» атты кітабында «Алта, Лаэти және Алаторпа» атты арнайы тарау бар. Онда «Маңғыстауда Алта деген қала (дәл орны белгісіз), Тұщыбек (Маңғыстау түбегі, Шетпе кентінен батыста 15 км жерде) аулының солтүстігінде (7-8 км), Батыс Қаратаудың жотасының үстінде «Алта» деген алқап (мола, бұлақ атауы) бар. Сондай-ақ, сол таудың келесі беткейіндегі Шайыр ауылының солтүстік батысында 18 км жерде, Құлаат деген таудан оңт-батыста 4 км жердегі Боқтысай қыстағының жанында «Алталы» деген жер бар.
    Тағы бір алт форманты бар топоним Алаторпа (Алат-орпа) деп аталады. Ол Тиген ауылынан батыста 23 км жерде. (Қошақ шығанағынан 23 км жерде). Міне, осы үш топонимның өзара орналасуы 35 км-лік ара қашықтық ауқымынан аспайды. Сондықтан да осы үшеуін де (Алта, Алталы, Алаторпа) бір негізді сөздер деп есептеудің қисыны бар.
    Алет, Лаэти және Алаторпа, Алта, Алталы, Алатбас (Қарақия маңында) сияқты атаулардың орта түбірі ретінде Алат немесе алт түбірін қарастырып көрсек, оларды бір этноним, ел-жұрт аты ретінде қарағанның артықтығы болмас. Бірақ, бізге нақты алта, алат этнонимдері белгісіз, тек есен-қазақтық қисынға сай топшылаумен ғана шектеле аламыз. Әзірге екі түрлі жорамал ұсына аламыз.
    Бірінші тұспал – «Алты ауыл ұлысына» қатысты әңгіме. ХҮ1 ғасырдың екінші жартысында Жем бойында қалған ноғайлының «Алты ауыл (алтуыл)» ұлысы сол замандарда, қалмақтар келіп жеткенге дейін Маңғыстауда да тұрған деген пікірлер бар. Мысалы, Есбол Өмірбаев кезінде Мамай бастаған «алты-ауылдықтар» ХҮ-ғасырдың ортасында Маңғыстауға кіріп, түрікпенді қуып шықты деп жазған болатын.
    Біздің осы «алты ауыл ұлысына» қатысты ой түйініміз екеу:
    Біріншіден, «алты ауыл ұлысы» этникалық жағынан ноғайлардың ішінде байұлы-алшындарға жақын болған. Кейін олардың бір бөлігі қайтадан алшынға сіңген. Байұлы шежіресіндегі өкпелеп, бөлініп кететін Алтытабан мен Алтыбасар ру аттарын осы алты ауыл атауынан еміс-еміс есте қалған сарқыншақтар деп қабылдауға әбден болады.
    Екіншіден, – біздің саралауымыздың нәтижесінде айтарымыз, Едіге және оның ұрпақтары деген жырлар ХҮ1 – ғасырдың аяғында осы алты ауылдықтар арасында қалыптасып, қазақ пен басқа ноғайға, түрікпенге, татарға т.б. таралған.
    Міне, осы маңғыстаулық алт негізді атаулар осы алты ауыл ұлысының тарихына байланыстыра салуға болар еді, бірақ Лаэти қаласы итальян саудагерлерінің картасында ХҮ1 ғасырда, яғни алты ауыл атауы шыға бастаған уақыттан аттай екі ғасыр бұрын көрсетілген делінеді. Осыған байланысты екінші топшы да бар.
    Екінші тұспал – алтытабан және алтыбасар болжалды этнонимдері хақындағы әңгімі. Кіші жүздің байұлдар бірлестінің шежірелік аңыздарында алт негізді екі белгісіз (абстрактылы) рудың аттары бар. Ол – Алтытабан мен Алтыбасар. Бұл туралы 1994 жылы Хамит Мадановтың құрастыруымен жарық көрген «Кіші жүз шежіресі» айтып өтеді. Шежіренің сол нұсқасына жүгінсек, он екі ата байұлы құрамы мынадай: Қыдырсиық, Бақытсиық, Сұлтансиық, Жаппас, Беріш, Адай, Есентемір, Таз, Алтытабан, Алтыбасар, Дуатимес, Құлақасқа. Ең әуелде, о баста он екі ата байұлын осылар құраған. Ал алғашында Байұлы құрамында болған Алтытабан, Алтыбасар, Дуатимес, Құлақасқа үш сиыққа өкпелеп, бөлініп көшіп, Іле өзенінің бойына қоныстаныпты деген аңыз бар. Яғни нақты дерегі жоқ, өкпелегіш төрт рудың екеуінің есімі ұқсас, екеуінде де алты деген ортақ сөз бар. Аңыздағы аталған Іле өзені дегені кейінгі уақыттардағы халық шежірешілерінің, олардан өзгертусіз қабылдап алған білгір комментаторлардың еңбегінің нәтижесінде қысқартылған атау. Ал, жалпы бөлінген рулар мәселесіне келсек, олардың аты күмәнділеу болса да тарихы қисыны бар. Есен-Қазақтардың этникалық негізін құраушы басты субстраттың дей-байұлдар болғандығын ескерсек, байұлдардың құрамына кірген топтардың бір шеті ХҮ ғасырда Маңғыстауда да тұрғандығын сенімді түрде айтуға болады.
    …Осы тұспал рас болса, онда Х1Ү ғасырда Маңғыстауда алат атты рудың өткендігіне, Алта, Алаторпа, Алталы, Лаэти сияқты топонимдердің нақ осы руға қатысты екендігіне сенуге болады» (С.Қондыбай «Есен Қазақ». Алматы-2002. 143-150 беттер).
    Бұл тұжырымға тоқтауға тура келеді. Себебі, Балықшы аталарымыздың есімінің сөз түбірі (өз түбі) Ал екендігіне санасында саңлауы бар қазақ баласы дау айта қоймас. Сөз түбірі жаңылыспайды. Оны тек мойындау керек.
    Бал – бал (иә, иә күнделікті жеп жүрген балымыз), бала (ұлың мен қызың), балық (а. судағы тіршілік иелері. б. қала, ежелгі қазақтар қаланы балық деп атаған), Балқан таулары (екеу, біреуі қазіргі Түрікпен елінде, екіншісі Еуропа жерінде), халық (елдің жалпылама атауы). Осы атаулардың бәрінің авторы Балықшы аталарымыз болып табылады. Сонау Атам заманнан бері өзгермей келе жатқан ұлы қағида, кім қандай затты, қандай ұғымды ойлап тауып дүниеге әкелсе сол зат, сол ұғымға сол адамның, сол рудың аты қойылады. Бұл қағида күні бүгінде де еш өзгерместен «авторлық құқық» деп аталып, бүкіл әлем елдерінде қолданыста жүр. Бұл тұжырым, сөз білетін, сөз ұғатын кез келген қазақтың баласы үшін дауға жатпайды.
    Ық – су деген мағына береді. Мысалы, Жай-ық (жай ағатын су), Қай-ық (ежелде «қай» кебіс дегенді білдірген, демек бұл сөздің мағынасы «су кебісі» болып шығады), құдық (құт су, адамға құт, яғни денсаулық әкелетін таза су), суық, сұйық т. т. болып жалғасып кете береді.
    Лық – судың ыдысқа лықа толуы, немесе кез-келген ұғымның шегіне жетуі).
    Қазақта «шы» деген жалғау, кәсіби мамандықты білдіреді. Мысалы, малшы (мал бағатын адам), жылқышы (жылқы бағатын адам), қойшы (қой бағатын адам), түйеші, сауыншы, қымызшы, жүргізуші, шөпші, аспазшы, тойшы т.т. болып жалғасып кете береді.
    Алты саны Балықшылардың лақап аты. Жоғарыда көрсеткенімдей екеуінің сөз түбірлерінің «Ал» болатыны осы. Бұл жайлы деректерді бірінші кітаптың «Сандардың атауы қайдан шықты?» атты тарауынан таба аламыз.
    Осыған сәйкес Алпыс санының атауы да Балықшы атамыздың атынан шығады. Ал, алып, ыс, пыс деген біріккен сөздерден тұрады. Алты еселенген онның жиынтығы, яғни Балықшы мен Мұңал ата ұрпақтарының алты еселенуі. Алты мен алпыстың да сөз түбірлері бір. «Алашқа жататын алты еліміз» осы. Алаштан тараған алты елдің аузы бір болған кездерінде, олар алып атанды. Алып елдің пысы кім-кімнің де пысын басары сөзсіз. Алпыс саны да Қаз атамыздың лақап аты.
    Демек, Алашқа жатқан алты елдің де авторлары осы Балықшылар.
    Артынан «Алтаудың аузы ала болса, аузындағысынан айырылады» деген мақалды дүниеге әкеліп, ұрпақтарын «алауыздықтан сақтандырып» ескертіп кеткенде осылар.
    Балықшы атамыздың лақап аты Алты мен Алпыс саны Қазақта қасиетті де, киелі саналады. Осыған байланысты төмендегідей ұғымдар дүниеге келді:
    Алты Алаштың бастапқы түп нұсқасы алты буынды, яғни Адай атаның екі баласы мен бес немересін құрайды: 1.Құдайке мен Келімберді. 2.Тәзіке. 3.Қосай. 4.Құнанорыс. 5.Ақпан. 6.Балықшы.
    Соңғы нұсқалары: «1.Қазақ. 2.Қарақалпақ. 3.Өзбек. 4.Түрікпен. 5.Қырғыз. 6.Жайылған» (Төле би).
    «1.Ұлы жүз. 2.Орта жүз. 3.Кіші жүз. 4.Қарақалпақ. 5.Қырғыз. 6.Қазақтың құрама рулары» (М.Тынышбаев).
    «Алты Алаш: бірі – Түрікпен, бірі – Қалпақ.
    Үшінші – Қырғыз, Қазақ, Естек, Өзбек –
    Осымен алты болады жатқан жалпақ» (Әбубәкір Кердері. «Жолдас болсаң жақсыға мәртебеге жетесің» Ақтөбе-2011. 139 бет).
    Шежірелердің бірінде Алашқа өзбек, түрікмен, қарақалпақ, қырғыз, қазақ, ноғайды жатқызады (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия Т.1 – Алматы, 1987 – 246 бет).
    «Тарихи деректер бойынша, алты алашқа – Керей, Найман, Меркіт, Қоңырат, Жалайыр және Моңғол жерінде болған Татарды жатқызады. Алтын Орда заманында татарлар өз басшысының есімімен «Ноғай» атанды. Алтын Орда ыдырап, қазақ болған рулар шығысқа қайтқанда, ноғайлар батыста қалды. Ол заманнан қазақ пен ноғайдың қоштасу жырлары сақталған» (Т.Сайдуллин, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі. «ДАТ» газеті №29, 05.09.2013 жыл).
    Алты игілік – Денсаулық, Қазына, Дос, Әйел (жар), Білім, Бала (ұрпақ).
    Алты парыз: 1. Бір-біріне сәлем беруге (жасы кішілер арнайы барып).
    2. Шақырса – баруға.
    3. Кеңес сұраса – ақыл қосуға.
    4. Сұрағына – жауап беруге.
    5. Ауырып қалса – көңілін сұрауға.
    6. Қайтыс болса – жерлесуге (Мұхамбет пайғамбар).
    Алты Асқар – Ақыл, Білім, Жомарттық, Әділдік, Шыншылдық, Кең пейіл.
    Қалнияз ақын өзінің «Қармыс батыр» жырында:
    «…Енді бізге өр қайда?
    Қармыс сынды ер қайда?
    Айдын-айдын көл қайда,
    Жағалай қонар ел қайда?
    Алпыс басты ақ орда,
    Айбарақты көрсетіп,
    Төске тігер күн қайда?
    Алтын сандық, алпыс тең,
    Төрге жинар күн қайда» дегенде Алпыс санының Балықшылардың лақап аты екендігін меңзегені айқын көрінеді. Алпыс саны Адай Балықшылар үшін киелі сан. Тағы бірде түрікпеннің 300 аламаны Адай елін шапқанда Балықшы Балуанияз батыр алпыс кісі болып аттанып, жауды жеңіп, жесір айырады. Ол жайлы Қалнияз жырау «Балуанияз батыр» жырында:
    …Алпыс кісі Адайдан,
    Сонда гулеп жөнелді.
    …Сол Адайдың басы екен,
    Балуанияз мырзаңыз.
    Басына қыдыр дарыған,
    Уызына жарыған,
    …Балуанияз бас болып,
    Алпыс кісі Адайдан,
    Аттанып шықты аламан.
    …Босағаға барғанда,
    Алпыс кісі Адайдан,
    Жасағанға сыйынып,
    Кебенегін киініп,
    Тапа тастай түйініп,
    Лашын құстай шүйіліп
    Имандарын үйіріп,
    Найзаларын шүйіріп,
    Шәйіт болып өлмекке,
    Дәрет алып жуынып,
    Өлімге бел байласып,
    Шыға келді жайласып,
    Адайдың алпыс батыры.
    Ерліктен жоқты қапылы» деп жырланады. Балықшы Балуанияз батырдың жасағы артық та емес, кем де емес, тек қана алпыс болуы неліктен, әлде мұнда сол кездегі аталарымыздың өздері ғана білетін ерекше сыр бар ма, әлде кездейсоқтық па деген сұрақтың жауабын Ыбырай ақұн Құлбайұлының «Алтынды орда қонған жер» атты еңбегінен табамыз.
    …«Маңғыстаудан ел шапқан,
    Үш жүз кісі дұшпанға,
    Алпыс кісі Адайдың,
    Анық еді барғаны.
    Ұмытылмастай бір болды,
    Балуанияздың күші сондағы.
    …Үш жүз кісі жауменен,
    Алпыс кісі соғысты.
    Өңкей асыл бекзаттар,
    Ауыр қолмен соғысты.
    Адайдың алпыс қыраны,
    Ел ішінен іріктелген,
    Атақты ерлер сырағы.
    …Қабыл болды сол күнде
    Алаштап салған ұраны.
    Жесірді жаудан айырып,
    Көңілдері тынады.
    Балуанияз, Қорғанбай,
    Сол соғыста жан беріп,
    Ақыреттік болды мұраты». Демек, Алаштап ұран салған, Алпыс қыран ел ішінен іріктеліп алынған. Алпыс қасиетті сан. Ол Балықшының, яғни Алты алаштың лақап аты.
    Бал (ең тәтті тағам), бала (адам үшін баладан тәтті бар ма?), судан шығарса бала (сәби) сияқты дәрменсіз күй кешетін балықтың, яғни түбірінде Бал сөзі бар барлық ұғымдардың авторы Балықшылар. Бұл жерде айырықша атап өтетін жағдай, егер біз тәттінің дәмін ажырата алмасақ, ащы деген ұғымды түсінбеген болар едік, тіпті ондай ұғым болмас та еді. Соған сәйкес, бүкіл әлемдегі ащы мен тәтті, ұзын мен қысқа, жақсы мен жаман деген сияқты қарама-қайшылықты түсіне алмаған болар едік. Бірінің-бірінсіз күні жоқ. Балықшы аталарымыз кезінде бүкіл халыққа билігін жүргізген. Әйтпесе аталарымыз тауға Балқан (екеу), көлге Балхаш, теңізге Балтық, өзенге Балық, осылар сияқты әлемнің барлық түпкірінде 306 топономикалық атауларды бермеген болар еді. Сенімсіздік білдіргендерге күні бұрын айтарым, сенің бұған сенгенің мен сенбегеніңнен ештеңе өзгермейді. Балықшы атамыздың және оның ұрпақтарының «авторлық» құқықтарын тартып ала алмайсың.
    «Бұл Балықшы уақытында,
    Билеген екен халықты.
    Ақсақалдар көп шығып,
    Тентекті жолға салыпты.
    Дастарханды кең жайып,
    Аш-арық келсе қаныпты.
    …Жүйрік, Қостай, Есберді,
    Үш баласы болыпты.
    Теңдікке қолын жеткізген,
    Пақыр, мүскін, қарыпты.
    …Қыдыр көрген байлары,
    Уызынан жарыпты.
    Тілге шешен билері,
    Сөйлесе судай ағыпты.
    Білгендерің айтыңыз,
    Кіші жүзден бір ауыл,
    Бұдан артық неғыпты.
    …Ер жігіттер көп шықты,
    Дұшпанға нардай киліккен.
    Мырза жігіт көп шықты,
    Үйіне келген мейманға,
    Ат мінгізген сыйлықпен.
    …Сегіз арыс Адайда,
    Ерлігі асқан ешкім жоқ.
    Бабай, Қармыс, Қожаннан… Иә, білгендер айтса, еркі бар. Бұл Ыбырай ақұн Құлбайұлының «Алтынды орда қонған жер» атты еңбегінен үзінді.
    Ер Қармыс. Одан асқан батыр жоқ деп жырлайды, Адайдың ақиық жауынгер ақыны Қалнияз жырау:
    …Бір кісіге жүз кісі,
    Мұның несін көп делі.
    Қармыс әкем келер» деп,
    Жауда жесір тұрғанды.
    Астымдағы күрең ат,
    «Қарасым» деп мінгенмін.
    Үстімдегі боз шекпен,
    «Кебінім» деп кигенмін.
    Солқылдаған ақ найза,
    Басыма сайғақ болсын деп,
    Оң қарыма ілгенмін.
    Мен анамнан туған күн,
    Өлерімді білгенмін.
    Он ай кезік болғанмын.
    Онда да өлмей қалғанмын.
    Жорықта ал, – деп, – жанымды
    Алладан тілек қылғанмын.
    Сол айтқаным болған – ды
    Ер Қармыс атамыз 1840 жылдың күзінде ел шетіне тиген үш мыңнан аса Хиуа әскеріне 80-ге таяған жасында қапелімде жиналған 27 жолдасымен жаудың артынан қуып жетіп ұрыс салған. Ұрыс үстінде ауыр жараланып, соның салдарынан мерт болады.
    Қазақтың бес қаруының біреуі Айбалтаны, сол сияқты Балта мен Балғаны да жасағандар осы Балықшы аталарымыз екендігіне менімен ешкім таласа қоймас деп ойлаймын. Себебі, Айбалта – біріккен сөз. Ай (Адай), Бал (балықшы), Балта, Ал (Алғы), Адайдың Бекетке дейінгі ұраны болса, Алаш бүкіл түрік халқының ұраны), Алта деген сөздерден тұрады. Осы екі қаруды Жасаған атамыздың аты Алта (моласы Манқыстау ауданының орталығы Шетпе кентінің маңында), руы Балықшы-Келінберді-Адай. Шетпенің қасында осы атамыздың атында Алталы деген алқап пен қазіргі Украина жерінде аты әлемге әйгілі Ялта қаласы (Қырым облысында) және Донецк (Дөң) облысында Ялта елді мекені мен Сауыр мола деген төбе бар.
    Балықшы аталарымыздың аты Манқыстауда төмендегіше жазылған: Бал – қорым, Ақшұқыр аулынан солтүстік-шығыста 10 км әуежай маңында; Балаәулие – а. Мола, Таушық аулының солтүстік – солтүстік-шығыста 16 км жерде, б. Қорымдық, Оңтүстік Ақтау жотасының үстінде, Таушық аулынан оңтүстікте 10 км жерде, в. Жыңғылдыдан оңтүстікте 10 км жерде, г. Шетпеден солтүстік-батыста 15 км, Тұщыбектен солтүстік-шығыста 15-20 км жерде. Балапан – а. Үстірттегі құдық, Ердалы құдығынан солтүстікте 7,5 км жерде, б. Бейнеудің терістік бетіндегі құм жиегіндегі жер аты. Баламешіт – дөң (118,7 м), Қараған түбекте Кетік (қазіргі Форт-Шевченко) қаласынан шығыста 14 км жерде. Балаойық – Форт-Шевченко аумағы. Балаума – Жаңаөзенгнен оңтүстікте 40 км, Қауынды ойысының солтүстік-шығыс шетінде. Балауса – құдық; Үстіртте, Оғланды-Бекет атадан солтүстікте 32 км жерде. Балғабай – жер аты; Үстіртте, Бейнеу ауданы Қарақұдықтың шаруашылық жерінде. Балдар – Сайөтестің солтүстігінде 80 км, Қайып қорымынан солтүстік-батыста 10 км. Балькут – Сайөтестен солтүстікте 70 км, Қарақұм жерінің шеті. Балпан – а. Ескі Бейнеуден солтүстік-шығыста 40 км, б. Тигеннен солтүстікте 7-8 км, в. Жер аты, солтүстік Үстіртте, г. Бейнеуден солтүстік шығыста 36 км. Балта – жер аты; Бозашы түбегінде, Ақ

  10. Үстіртте, г. Бейнеуден солтүстік шығыста 36 км. Балта – жер аты; Бозашы түбегінде, Ақшымырау шаруашылық жерінде. Балтаның құмы – құм, Сәндімжан бойында Көпдеректен шығысқа қарай жатыр. Балтакеткен – а. Үстірттегі қорымдық, Қыдырша құдығының оңтүстік-батысында 1 км жерде. б. Үстірттегі құдық. Балым – мола; Мырзайыр сорынан солтүстікте 5 км жерде. Балыш – Оңдыдан оңтүстік-шығыста 20-25 км жерде. Балша – а. құдық; Орталық Үстіртте, Оғландыдан солтүстік шығыс – шығыста 83 км. жерде, б. жер аты, Оғыланды (Бекет ата) маңында. Балшыққазған – құдық; Үстіртте, Түпқараған ауданы жерінде. Балуанияз – а. Боранқұлдан (Опорный) батыста 32 км. б. Сенектен шығыста 90 км. Балой – төбе (135 м); Базғұрлы-Жазғұрлы ойысының оңтүстігінде 6 км жерде, оның шығыс бетінде 12 км жерде Балой құдығы болған, осы құдықтан солтүстік – солтүстік-шығыста 4 км жерде Шөлой құдығы бар. Балой-Шөлой – жер аты; Кендірлі шығанағына таяу жерде делінеді.
    Балықшы руы өте бауырмал ел. Олар, өз кезеңінде Алты алаштың басын қосып, бүкіл әлем біртұтас, бір Атаның баласындай (шынында да бәріміз бір атаның баласымыз) болып ғұмыр кешті. Артынан ерген тетелес інісі жайлы «Балықшы мен Жеменей, аударылмас кемедей» деген қанатты сөз қалдырып, «алтауың ала болсаңдар, ауыздағыларың кетеді» деп ескертіп кеткен де солар.
    Адамзат баласына тәтті мен ащының, соған сәйкес жақсы мен жаманның, ер менен ездің аражігін ажыратып берген Балықшы (Шыбынтай, Қыпшақ) атамыз.
    – Алаша – Ал, Ала, Аш, Аша, Алаш деген біріккен сөздерден тұрады. Сөз түбірі Ал мен Аш. «Ал» алғашқы аталық текті білдірсе, «Аш» аналық текті білдіреді, яғни Ата мен Ана деген ұғым береді. Бүткіл жер бетіндегі Ал, Ала, Алаш, Аш, Аша, Алаша деген түбірі бар барлық ұғымдардың авторы осы аталарымыз. Осы түбірлерге байланысты барлық топономикалық атаулар солардан қалды. Ал, Аша-ға келсек, бұл атау аналық текті білдірумен қатар, бөлінудің (ажырасудың, айрылудың) басы деген ұғымдарды қамтиды. Мысалы, Аша (бақан, тіреу, екі таудың жігі, арасы), Ашалы бақан (шаңырақ көтеруде қолданатын бас жағы айыр ағаш), Ашамай ағаш (айыр ағаш), аша (айыр) тұяқты мал т.т.
    Енді мына жағдайға көңіл бөлейік: Демек, Алаша дегеніміз кейіннен Алты Алашқа бөлінген алты елдің бастапқы атауы. Міне осы жерден біртұтас бір елдің алты елге бөлінуі басталады. Егер біз келешек те Иафес ұрпақтарының басын қайта қоса алсақ, бұл тарихи жадымыздың (санамыздың) қайта тірілгені болып шығады. Меніңше, бұл тұжырымға қай-қайсымызға да тоқтауға тура келеді. Себебі, Нұқ пайғамбар атамыздың «азан шақырып» қойылған есімі «Ұқ (Үк)». Біздің бұлай тұжырым жасауға толық негізіміз бар. Біріншіден, Нұқ атамыздың өзге де есімдері белгілі. Мысалы, Европа (ішінде орыс халқы да бар) атамыздың есімін Ной (кемесін Ноев копчег) дейді. Өзімізде де Нұхтың кемесін «Науа», дала кемесін «Нар (түйе)» деп Нұқ атамыздың лақап есімімен атайды. Үшіншіден, Қазығұртта (Қазық жұртта) пайғамбар атамыздың «Кемесі қалған» тауға жақын аймақта Үкаша атамыздың моласы бар. Үктің Нұх пайғамбардың есімі екенін айттық, ал «Ашаға»-да жоғары да түсінік бердік. Міне, үш жүзге (үш келбетке), яғни Нұқ пайғамбардың үш ұлының (Қам, Сам (Шам), Иафес) еліне бөлінетін жерінің бастау алатын жері. Сөз түбірі (өз түбі) мен оның құрамы ешқашан жаңылысып көрген емес. Бұл деректер бүгінгі Қазақ елінің бүкіл әлем елдерінің қарашаңырағы және Астанасы екендігінің айдай айғағы болмақ.
    – Алан (Алаш) ұғымы Маңғыстауда дүниеге келген. Үстіртте (қырда) Алан атты жер, құмды массив және құдық болса, солтүстік Үстіртте Алашың атты жер күні бүгінде де бар. С.Қондыбайдың «Маңғыстаудың жер-су атаулары» атты еңбегінде «Ал» түбірінен: Алатбас, Алатөбе, Алашың, Алаторпа, Алма, Алта, Алталы, Алтықұдық, Алтықұлаш, Алтынтау, Алтынқазған, Алтынәлі, Алабие, Алаешкі, Аласиыр сиықты 31 топономикалық атаулар берілген.
    – Алғи – Ал (алғы) және Ғи (Қи) деген екі біріккен сөзден тұрады. Алымыз Алаш болса, Қидың Қиян (Қият, Қимақ, Қыпшақ) екендігіне менімен ешкім таласа қоймаса керек.
    – Алты Алашқа байланысты қай ұғымдардың қайсысы, қайсысынан бұрын дүниеге келгендерін анықтау үшін сандық (есептік) жүйеге сөз береміз:
    1. Ал 1-14;
    2. Алға 1-14-5-1;
    3. Алғи 1-14-5-10;
    4. Алан 1-14-1-16;
    5. Алаша 1-14-1-28-1;
    6. Алынша 1-14-29-16-28-1
    7. Алаш 1-14-1-28;
    8. Алты Алаш 1-14-23-29 1-14-1-28;
    9. Балықшы 3-1-14-29-13-28-29. Демек, Балықшы барлығының, яғни Алты Алаштың жиынтық атауларын құрап отыр.
    – Алаштың Алшынға айналуы Серікбол Қондыбай бауырымыз айтқандай Ұлы жүз Үйсінге, Орта жүз Арғынға, Кіші жүз Алшынды ұйқастыру үшін емес. Мұның мәні мен мағынасы тіпті басқа дүние.
    Ежелгі жазбалардың бәрінде, қасиетті Құранда да Ұлы Алланың ең алғаш адам баласына (Мұса пайғамбарға) аян беретін жерінің атауы Синай тауы делінеді. Ұлы Синай тауы, бұл кейінгі өзге тілдердің ықпалымен өзгеріске ұшыраған таза қазақ сөзі. Сөз түбірі Сын (Син). Қазақта осы түбірден Сын, Сынды, Сынай, Сынтас, Сыңғырлау, Шың, Шыңырау, Шыңдау, Шын, Шындық деген ұғымдар туындайды. Бәрінде де сөз түбірі Сын, Шын, Шың. Бұлардың бәрі синоним сөздер, аналық текті білдіреді. Қазақтың ежелгі «Сына» жазбасы солардан қалды. Олардың ең алғашқы ғұмыр кешкен жерлері Маңғыстаудың қыры, яғни Үстірті (Үстіңгі жұрты). Ол жерде қазір Маңғыстаудың қара ойынан Үстіртке көтерілер жерде Сынды асуы, Сынды тауы және осы аттас құдық бар. Осы қырдың бір биік жері күні бүгінде де «Шың» деп аталады. Міне Алшын атауының шығу тегі. Бұл дауға жатуға тиіс емес. Сөз түбірі ешқашан қателескен емес.
    – Алаш идеясы – қазақ идеясы. «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» дейтін біз үшін ол әрқашан қазақ идеологиясының темірқазығы болып келді, бола береді де. Сондықтанда патшалық Ресей мен кеңестік Мәскеу өкіметі жаулаушылық әрекетімен бірге «интернационализмді» жалаулатып жалпы «алаш» пен «қазақ» атауын құртып – жою үшін барлық амал – айланы қолданып бақты. ХҮ ғасырда құрылған қазақ мемлекетін патшалық Ресей 400 жыл бойы өз атымен атамай, оларды біресе қырғыз, біресе қайсақ, немесе екеуін бірдей қосақтап қырғыз-қайсақ деп жазып, қазақ даласын қарулы күшпен толықтай жаулап, ондаған миллион ата-бабаларымызды қырғынға ұшыратты. Оның жалғасы ХХ ғасыр басында Кеңестік Мәскеу өкіметінің Алаш азаматтарын түгелдей қырғынға ұшыратуымен аяқталды. Бұл кезеңде де бірнеше миллиондаған қазақ арыстары опат болды. Патшалық Ресейдің де, оның тақ мұрагері Кеңес өкіметінің де жүргізген саясаттарының түпкі мақсаттарының өзі де осы болатын. Демек, солардың тақ мұрагерлері бүгінгі Ресейдің қазақ елінің ішкі саясатына қатысты әрбір әрекетіне баға беруге тиіспіз. Ал, олар бүкіл қазақ даласын жұтып қоюға барын салып жанталасуда. Біздің алдымызда екі жол тұр. Біріншісі Ата-баба жолына сатқындық жасап, Қапқаз (Кавказ) сырты қазақтары (Закавказье казактары) сияқты орысқа айналу, екіншісі Адам Атаның қарашаңырағын сақтап, әлем мәдениетінің қақ төрінен өзімізге тиесілі орынымызды иемдену. Бірінші жол, егер біз ел болудың әрекетін жасамай, қол қусырып қарап отырсақ өзінен-өзі келеді. Ұлы аталарымыз жетпіс мың жыл бойы екінші жолды таңдап «мың өліп, мың тіріліп» бүгінгі күнге жетті. Бұл жол өміршең, мәңгі өлмейтін ұлы жол. Бұл елбасымыз (Нұрсұлтан Әбішұлы) таңдаған «Мәңгілік ел» атты ұлы жол. Менің де таңдауым осы… Ал, сіздің ше?!

    Тарих тағлымы: Алаштың біріксе, алмайтын қамалы жоқ, бірікпесе, құл болудан басқа амалы жоқ (Міржақып Дулатов).
    Ел азарда оны жемқорлар мен парақорлар билейді (Қадыр Мырза-Әлі).
    «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» (Халық мақалы).

Пікірлерге тыйым салынады.