«ЫСТЫДАН МАЙКӨТ ДЕГЕН АҚЫН ШЫҚҚАН…»

  • 25.12.2018
  • 106 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымының докторы,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры

Майкөт – ірі айтыс ақыны. Сол кезеңде құлашын кеңге салатын айтыс ақындары өз ортасында жоғары бағаланған. Ірі айтыстар сөз өнерінің биігі саналған. Мұндай ірі айтыстарда ақынның жеке басы, ақындығы сынға түспей, оның артындағы күллі елі ақынды қолпаштап, сенім артқан. Бұл ақын иығына түсетін үлкен жауапкершілік болатын. Сөз сайысында бәйгеге қосқан ақының сөзді төкпелей айтып, жеріне жеткізе толғап, қарсыласының мысын басып жатса, оны қолпаштап отырған халықтың да мерейі үстем болып отырған. Ірі айтыс өнері қатарынан саналатын Майкөт ақын мен Құлмамбеттің сөз сайысынан осындай дәстүрлі сипаттар көрініс береді.
Аламан айтыс қырғыз манабы Бәйтік Қанаевтың үйінде өтеді. Ақбас Алатаудың күнгейі мен теріскейін жайлаған екі елдің жайсаңдары мен жақсылары ақындардың өнерін тамашалайды.
Оның кейбір бөліктері 1931 жылы Сәкен Сейфуллин құрастырған «Қазақ ескі әдебиетінің нұсқалары» атты жинаққа енген. Қазақстан ҒА кітапханасының қорында халық ақындары Жақсыбай Жантөбетов (1888-1945), Қазанғап Байбол (1889-1945), Саяділ Керімбеков (1895-1954), Фатима Ғабитова (1962-1968) және басқалар тапсырған нұсқалар бар. Сол мәтіндер М.Сандыбайұлының «Жампоз» жинағында жарияланған. Айтыс бауырлас қырғыз жерінде өткендіктен, Қырғыстан ҒА-сының қорында да үзінділер сақталған.
С.Сейфуллиннің жинағына енген нұсқада Құлмамбет: «Тоқтат Майкөт сөзіңді, Ойайын сенің көзіңді. Мен айтайын кеміңді Басайын сенің деміңді» деп бастап, Қаратау өңірін жіпке тізіп жамандай жөнеледі. «Қаратаудың қазағы, Арылмаған азабы, Ертеменен тұрысқан, Шөппен белін буысқан, Жауырыны құрысқан, Шеке тамыры тырысқан» деп егіншілік кәсіптің қиыншылығы мен онымен айналысқан адамның күтімі болмайтынын тілге тиек етіп, елдің кедейшілігіне мін арта сөйлейді.
Жалпы, Құлмамбет ақынның түсінігінен жер тырмалаған қазақ қазақ емес деген ұғым аңғарылады. Құлмамбеттің де айтыстағы сөз саптауы мықты. Алайда, біздіңше, Майкөт ақынның жауабынан логикалық басымдық сезіледі. Ол қазақтың жерін бөле жамандауды Құлмамбеттің бетіне мін етіп тағады. Осы ойдың тетігін ұстап алып, ойын үстемелей күшейтіп, тыңдаушысының санасына жеткізе жырлайды. Мұнда Майкөттің логикалық ойының мықтылығымен бірге сөз саптауы, оның өткірлігі де жоғары деңгейде екені аңғарылады.Құланаяң Құлмамбет,
Төбеңнен ұрсын құдырет!
Көктен ұрсын әзірет.
Жамандама елімді, –
Мен де айтайын кеміңді,
«Жарты Меке» дейді жұрт,
Әзірет сұлтан белімді, –деп жауап қайырады. Тыңдаушы жұрттың көңіліне бекіп қалатын өткір ойы мен шындық уәжі дамытылып, шарықтатып беріледі. Бұл – айтыс өнеріндегі жиі байқалатын тәсіл. «Мекелігін айтайын: Нұқ пайғамбар туылған, Кіндік қаны жуылған, Құрулы тұрған қазаны, айтулы тұрған азаны. Сексен сегіз мың шәдияр, Тоқсан тоғыз мың машайық, Жүз жиырма мың пайғамбар отан қылған жері еді» дейді ақын буырқанып. Бұдан Майкөт ақынның мұсылмандық дүниетанымының кеңдігі көрініс береді. Бұдан кейін Аса, Талас – екі өзеннің ел-жұртқа құтты қоныс болғаны жырланады. Бұл тұстағы жыр жай жыр емес, екпінді де қуатты. Күшейте айтылған теңеулер өлең жолдарының поэтикалық қуатын арттырған. Ақынның бұл сөз саптауы өзге нұсқаларда да кездеседі. Сөзінің соңын: «Аталы жерді жамандап, Неден болдың қу маңдай!» деп қылыштай өткір әжуамен түйіндейді.
«Құлмамбет пен Майкөт» айтысының Қазанғап Байболұлы өткізген нұсқасының көлемі біршама кең. Мұнда айтыс арасында қара сөзбен берілген түсініктемелер, орта мәліметтері, тыңдаушылардың әр алуан көңіл-күйлері айтылып отырылады.
Айтыстан ақындардың әр алуан мінездері көрініс береді. Сөз бастаған Құлмамбет алдымен қырғызда қара Бәйтіктің той қылғанын, сол тойға баруға көңілі түскенін, арада бес күн өтіп, алтыншы күні жеткенін, тойдың жайын, Майкөт ақынның келгенін, майыр Құдайбергеннің бір баласы Рысқұлбектің де болғанын айта келіп, жырында Бәйтік манапты алдыңғы кезекте көбірек мақтайды. «Тойыңа құтты болсын айтып келдім, Жүрмісің батыр Бәйтік есен-аман? Құлмамбет Құланаяң дейді мені, Үш жүзге мәлім болған өлеңдері. Қарадан хан боп шыққан Бәйтік датқам, Қырғыздың батыр Шабдан кеменгері. Әуелі жыр қыламын бір құдайды, Құдай үшін жаратқан күн мен айды» дей келіп, Байсал болыс, Қоршының Сүлеймені, Тінәлінің Шолпанқұлы есімдері аталады.
Сонда Бәйтік манап Құлмамбетке тойға Құдайберген майырдың баласы Рысқұлбектің мың сом пұл, бір жүз қарамен келгенін, соған сәлемдесуін айтады. Рысқұлбектің сөзі Бәйтік манапқа тиіп отырса керек. Соны тілге тиек ете Құлмамбет Рысқұлбекпен амандасады. Мұнда Құлмамбеттің Рысқұлбекті сынай, міней сөйлеуі көрініс берген. «Сен бе едің, Рысқұлбек бұлғақтаған, Қояйын амандасып, шырақ, саған. Айналып ақ тұйғындай түйіп өткен, Бар екен бір мінезің шұнақтаған» дейді. Құлмамбеттің сөз саптауындағы «бұлғақтаған», «шұнақтаған» сөздер, әрине, Рысқұлбектің құлағына жағымды естілмейді. Одан әрі Албан мен Дулаттың баласын тең көрмедің деп қағытады. Бұл сәтте, жоғарыда айтқандай, Құлмамбеттің өлеңге жүйріктігі, сөзінің өткірлігі мен бейнелілігі аңғарылады. Кібіртіктеу жоқ. «Айналып ақ тұйғындай түйіп өткен» деген өлең жолындағы «ақ тұйғындай» теңеуі табиғи да, сонымен бірге тыңдаушысына әсерлі естіледі.
Рысқұлбек Құлмамбеттің бұлайша амандасуына қатты ашуланған. «Қызталақ Албан, бағана амандассаң, көзің көрмеп пе еді? Басыңды кесіп алайын» деп қылышына қол салып, тұра келгенде, қасындағы қырғыз Сүлеймен қолын ұстап қалған екен дейді.
Құлмамбет Майкөтті алғаш танымай, сыртта екен деп ойлап өлең айтқанда, Майкөт ақын оның сөзін іліп алады:
Осы ма, жұрт мақтаған Құлмамбетің,
Майкөтке ауған екен бар ниетің?
Майкөтті үйде отырған ­далада деп,
Көңіліңді аударған ба құдіретім? – дейді. Айтысқа тән тиісе сөйлеу, сөзден ілік тауып, қарымта қайыру – айтыстағы шеберлік белгісі. Бұл ретте Құлмамбеттің жауабы да тапқырлыққа құрылған.
Осы ма, Майкөт ақын дауысы биік,
Бір сөзің аңдаусызда кетті тиіп.
Отырған болыстардың бірі деп ем,
Жүз сомдық отырған соң ішік киіп.
Майкөт ақын:
Осы ма, Құлмамбетің дауысы биік,
Өлеңмен келген жерден кеттің киіп.
Бола ма Майкөт сендей құдай атқан,
Байталға жауыр, шолақ жайдақ мініп, – деп жауап қайырады. Бұдан олардың ірі айтыс ақыны екені аңғарылады: сөздері салмақты да өткір, сөздердің ырғағы мен ішкі үйлесімі мығым. Екеуі айтыстың алғашқы кезеңінде бір-бір шумақтан қайыра айтысып, бір-бірінің ақындық қарымын байқап, барлау жасасқан тәрізді. Бірінің сөзін бірі іліп алып жалғастырады. Құлмамбет «Осы ма, Майкөт ақын дауысы биік» десе, Майкөт ақын да қарымтада: «Осы ма, Құлмамбетің дауысы биік» деп іліп әкетеді. Құлмамбет: «Майкөт-ау, олай десең әуелім бақ, Бір жаратқан құдайдан тіледім бақ» десе, Майкөт ақын да алғашқы сөзді «Құлмамбет» өзгертіп алып, қалғанын сол қалпында айтып, ары қарай іліп әкетеді. Сөз қақтығысында Құлмамбеттің өзін биік ұстауы, қарсыласынан жасының үлкендігі аңғарылады. «Албаннан алты арыс ақын келді», «Алдыңа Құлмамбеттей ағаң келді», «Ердім деп Рысқұлбекке екпіндеме» дейді. Майкөттің сөзі де өткір: «Тұмарлап тұла бойын жын ұрғандай, Қарғыс атқан сөзін сорлы арсыздың».
Айтысқа дем беріп, кейде оның бағытын өзгертіп отыратын қосалқы адамдар болады. Әрине, олар ең алдымен сол ортаның беделді, бай адамдары. Айтыс сәтіндегі сондай беделді адамдардың бірі той иесі Бәйтік манап болса, екіншісі Майкөт ақынды ертіп келген Рысқұлбек. Рысқұлбек сөз арасында «қырғыздың жуындысын көп ішкен қызталақ Албан» деп кекете, мұқата сөйлесе, Бәйтік: «Ей, Құлмамбет, екі балуан күресіп бірін-бірі жыға алмайын деді, айтар сөзге тарынба, шөң-шөң өлең қарма» деп Құлмамбетке дем береді.
Құлмамбет Ұлы жүз ішіндегі Ысты, Ошақты секілді аз руларды кеміте сөйлейді. Алғашқы сәтте қысқа қайырылған Құлмамбет сөздерінде: «Секілді ит табаны аз ғана Ысты», «Ұрыспенен өткізген жаз бен қысты» деп айта келіп, өз тарапынан көптеген міндерді тере сөйлейді. Оған Майкөт ақынның беретін жауабы өткір де әзір. «Қашқын Албан» деп, оның жайын тарата айтады.
Сөйлейді қандай-қандай неткен мұндар,
Басынан не шүкірлік еткен мұндар.
Жауған нұрдай Дулатты көре алмастан,
Бабаң қашып Қытайға кеткен мұндар.
Дәркенбай мен Мақсұттың боққа ұрысып,
Бір-бірінің түбіне жеткен мұндар.
Айтыста өткір сөйлеу, кезегіне орай асыра, жанға тие айту өнердің өзіндік сипаты саналады. Мәселен, Майкөттің жауабындағы «мұндар» – естір құлаққа жеңіл сөз емес. Бұл сөз аса жек көретін адамға, болмаса жауға бағыттала қолданылатын сөз. Алайда, мұндай өткірлікті айтыстың табиғаты көтереді.
Екі жақты айтыста елдің игі жақсыларының, аты шыққан батырларының есімдері аталады. Майкөт сөзінде:
Байұзақ, Батырбек пен Батырбасы,
Елуменен қырқыңда оның жасы.
Бір Мәмбеттен туған жан бес жүз ауыл,
Жетпейді долы әйелдің берген асы.
Ақмолда деген кісі елде жатыр,
Домалап өрге қарай атқан тасы.
Қайтесің, Берназар мен Сеңгірбайды,
Әлібек, Бәстектің арғы атасы.
Көзіңе жазған Албан көрінбейді,
Жылқысының жетіпті мыңға басы, – дейді. Бұл да айтыстың қалыптасқан өзіндік дәстүрі. Елдің бай-бағланынын, олардың дәулетін айту, байлықты жарыстыру – сол уақыттың шындығы. Ал жоғарыда есімдері келтірілген адамдардың тарихта өз орны бар.
Айтыста ел жақсыларын жырлауда өткірлік те байқалады. Құлмамбет сөздың ыңайына орай: «Қоқанның ханы байлап допқа тұтып» (Байұзақ туралы), «Аса, Талас, Дулатын мақтай бермей, Жауап бер, Шымкент деген өз еліңнен», «…Бұларға ісің жақты үргеніңнен», «Сіргелі мен Дулатты мақтап болсаң, Ошақты мен Ыстыны келші жанап», «Жұдырықтай Ошақтының бегі көп қой», «Сыланды қара күңнің баласы едің» деп іліп-қағып, қытығына тие сөйлейді. Оған жауап беруде Майкөт ақын есе жібермейді. «Қолымен көбік жеуді қоймадың-ау, Жоқ па еді, сіздің елде кедей жатақ» дей келіп, игі жақсылардың атын атап, елге жасаған қызметін білдіреді.
Айтыстың шарықтау кезеңінде жердің табиғи байлығы мен жұтаңдығын жырлау орын алады. Бұл тұста сөзді алдымен Құлмамбет ақын бастап: «Майкөт-ау, Албан бай ма, Дулат бай ма, Байлығы Дулатыңның Албандай ма?» деп алып, «Қыр малына ауылың жоқ екен-ау, Көңіліңді қош қып мінуге жылқың қандай?», «Әуелі аз ғана Ысты тұрмақ, Қаратаудың елінің бәрі кедей» деп салады. Одан әрі қарай егін егіп, жер жыртқан елдің жайын кеміте сөйлейді. Құлмамбет:
Майкөт-ау, осал інің, үлкенің Дулат кәріп,
Күн көрер қысы-жазы жерді
жарып.
Көрмеген өмірінде елің жарып,
Жаз шыққанда шабады атыз, арық.
Боза ашытып, жұртың жиды
кеусен алып.
Болған соң кешке жақын қайта салар,
Шолағын жалғыз-жарым жемдеп алып.
Байғұс Майкөт, бетіңді бір оңлашы,
Жоғары Албан, Суан елге барып, – деп айтар ойын өткірлей түседі. Бұдан соң тіпті бар екпінімен арындап, төгіле жыр толғайды. Бұл сәттегі Құлмамбет ақынның көрінісі ерекше. Сөз нөсерін төкпелейді. Іркілмейді. Бұдан Құлмамбеттің, шын мәнінде, өз заманында үлкен айтыс ақыны болғаны аңғарылады. Бірақ ойының басым бағыты егіншілікпен айналысқан елдің кедей көрінісіне арналады. Оның түсінігінше, егіншілікпен айналысу – кедейшілік көрінісі. Қазақ деген халықтың байлығын, шат тұрмысын малмен, қырдың әсем көрінісімен, таза ауа, қымызбен байланыстырады. Сондықтан да егіншіліктің кейбір күйбең тірлігіне жатырқай қарап, мысқылдай жыр төгеді.
Ерте көктем болғанда
Егіске салар өгізін.
Төрт қап тезек теңдеп ап,
Алып барып базарға,
Бір теңгеге сатқаны,
Жарымына боза ішіп,
Ауыздарын ит жалап,
Көже даулап жатқаны, – дей келіп, осы ойын індете түседі. Сөз арасында «Бір тойынып кетсеңші» деп кекетеді.
Арпа, бидай пісті деп,
Алшаңдаған сорлы елің.
Тары, қонақ пісті деп,
Талтаңдаған сорлы елің.
Жиып теріп алған соң,
Жеткізе алмай қарызға,
Қалтаңдаған сорлы елің,– деп арындайды. Енді бір сәт табиғаты жұтаң деп жері мен елін жамандайды.
Көргенмін, Майкөт, еліңді,
Ала тұр бір сәт деміңді.
Суалып қалған көліңді.
Халқыңның жайын айтайын:
Көкектен басқа құсы жоқ,
Көкпектен басқа шөбі жоқ.
Көрік басқан кісідей,
Көкпеңбек қара түсі жоқ, –
деп соғады.
Жын ұрып кеткен немедей,
Әуедегі құдайдың
Торғайымен ұрысқан.
Торғай ұшса жеріңнен,
Топырағы бұрқ еткен,
Ішкенің бидай қам көже,
Ақырсаң артың тарқ еткен, – деп үдетеді. Құлмамбеттің айтыстағы бұл кезегі ұзаққа созылады. Тау суындай құйылып, айтқан сайын арындай түседі. Бірақ айналып келгенде, жерді, елді жамандау өзіне қарсы соққы болып тиеді. Сөздің осы ыңғайын кезекті жауаптасуының арқауы еткен Майкөт мұны оған қарсы қару ретінде қолданады. Қасындағы Рысқұлбек: «Ей, Майкөт, елдің бетін көрсет, айтар сөзі бар елдің баласысың» дегенде, Майкөт ақын: «Қызталақ Құлмамбет кезек бермей отыр ғой, енді сөйлеп қалайын» деп іліп ала жөнеледі.
Жамандама елімді,
Құдай ұрған Құлмамбет.
Жамандайсың елімді,
Төбеңнен ұрсын құдірет, – деп құйындай көтеріледі. «Қашқын Албан сен едің, Бізбен қашан тең», «Бабаң қашып Қытайға, Кетіп қалған неме едің» деп тұралата тиісіп алады да:
Қаратауға нұр жауған,
Жамандадың елімді,
Әрі қатын-баламды.
Бала менен басыма
Болады кесір демедің.
Сен даттасаң елімді,
Мен мақтаймын елімді.
Жүретұғын жеріңді,
Кіретұғын көріңді.
Ау, сонша аруақ күйзелтіп,
Құдай ұрған Құлмамбет,
Не пәле саған көрінді, – деп арындайды. Одан соң Үйсін бабаң мен Абылай хан, сансыз бап осында емес пе еді, Сайрам деген жерімді Кіші Мекке деп атамаушы ма еді, айналайын Әзірет әулиенің мекені деп аталмаушы ма еді, Қарлығаш би атанған бұл жерде әзіз Төле би жасаған деп айта келіп, бұл жерде Бәйдібек бабаң мен Жарықшақ өткен, Домалақ ананың да мазары осында түйдектейді.
Сырдария – өзенім,
Қаратау – менің мекенім.
Үйрек ұшып, қаз қонған,
Ат бауырынан саз болған.
Бүлдіргенін жегенде
Балалардың көңілі жай болған.
Жаужұмыры аяқтай,
Балдырғаны саяқтай.
Қаратауда нұр жауған
Жамандайсың елімді.
Кебек жеген қу Албан,
Мақтаулы жерің қай жақта-ау?
Жаужұмыры жүректей,
Балдырғаны білектей,
Бұғысы мен маралы,
Сауып тұрған үлектей.
Мың Албан барса бағады,
Дулатым менің жүдетпей, – деп өршиді.
Тұтастай алғанда, екі ақынның да сөз саптауы мықты. Ақындық дәстүрді игеруі жағынан бірінен-бірі артық дей алмайсың. Майкөт ақынның арындай соққан сөзіне айызы қанған Рысқұлбек: «Қанттың дәмін сарт білмейді, сөздің дәмін қырғыз білмейді» деген, ақымақ қырғыздар-ау, Құлмамбеттің не айтары қалды» деп қызбаланып орнынан ұшып тұрыпты дейді.
Бәйтік батыр: «Ендігі қалған әңгіме ертең болсын» деп айтыстан туындап кетер даудың алдын алады. Жұрт кімнің жеңгенін білмейді. Ертеңіне Бәйтік екі ақынды шақырып алып: «Төрелік мынау болады. Жиылған жұртың біреуіңді мақтауы, біреуіңді даттауы бар, екеуіңді бұл жағынан пара-пар дейміз. Енді бір-бір ауыз өлең тыңдалық» дейді. Сонда бір ауыздан өлең айтқанда, Майкөт ақын Бәйтіктің кемшілігін қоса айтады. Ал Құлмамбет Қытай шекарасынан бергі жерде жүріп, Бәйтіктің қатынынан асқан сұлуды көрген жоқпын деп жырлайды. Сонда Бәйтік: «Қызталақ, Албан Құлмамбет, затымды пайғамбарға теңедің» деп, Майкөт ақынға түйе, Құлмамбет ақынға ат берген екен.
«Құлмамбет пен Майкөт» айтысының Қазанғап Байболұлы жеткізген нұсқасы – «Жампоз» жинағына енген нұсқалардың ішіндегі ең көлемдісі.
Халық ақыны Жақсыбай Жантөбетов ұсынған нұсқада негізгі ой-бағыттары сақталғанмен, сөз саптауы мен ұйқасында, шумақтарында өзгешеліктер кездеседі. Қалай дегенде, айтысты бізге жеткізушіліер айтыстың негізгі бағытын, шама келгенше ақындардың сөз қолданысын, оның өткірлігі мен ерекшеліктерін сақтай отырып жеткізуге ұмтылғанмен, арада уақыт өткендіктен, өз тараптарынан кей тұстарына сөз қосылып, өзгертіліп айтылатыны байқалады. Бұл – халық шығармашылығына тән құбылыс. Мұндай ерекшелік «Жампоз» жинағына енген Құлмамбет пен Майкөттің айтыстарының үш нұсқасынан да көрінеді.
Қазанғап Байболұлы нұсқасында:
Айналып ақ тұйғындай түйіп өткен,
Бар екен бір мінезің шұнақтаған, – деп Құлмамбет Рысқұлбекті сөзбен қағытып өтсе, бұл ой Жақсыбай Жантөбетов нұсқасында:
Ителгі тиіп өткен арынындай
Бар екен бір мінезің тыраштанған, – деп өзгертіледі. Құлмамбеттің үстіне қымбат ішік киіп отырған Майкөтті танымай қалу сәті Қазанғап нұсқасында:
Бұл тойға келіп едім байтал мініп,
Байтал мініп келгенді, айттың біліп.
Жүз сомдық ішігіңе мақтанғанша,
Бай боп кетсең болмай ма, дүние жиып? – деп берілсе, Жақсыбай нұсқасында:
Рас-ақ келіп едім байтал мініп,
Менің байтал мінгенімді айттың біліп.
Үстіңе тапқаныңды жапсырғанша,
Бай боп жүрсең болмай ма дүние жиып, – деп, аз ғана өзгеріске түсіріліп айтылады. Негізінен айтыс барысында айтылған өткір, ұмытылмайтын сөз орамдары айтыс нұсқаларында сақталған. Мұндай өзгеріссіз сақталынып қалған сөздерді айтысушы ақындардың өз ауыздарынан шыққан сөздер деп қабылдауға болады. «Секілді ит табаны аз ғана Ысты» (екі нұсқада да бірдей), «Дулаттай дуа біткен болмасам да, Сенімен, қашқын Албан тең емес пе?» (Қазанғап нұсқасы), «Дулаттың аруағына тіл тигізіп, Кешегі қашқын Албан сен емес пе?» (Жақсыбай нұсқасы) деп келетін өзге де ұқсас оралымдар бұл ақынның өз ауыздарынан шыққан сөздер екені аңғарылады.
Жақсыбай нұсқасындағы көзге түсетін ерекшелік – Құлмамбеттің ұзақ сонар айтыс кезегінен кейін айтылатын Майкөт ақынның қара дауылдай ұйтқи соққан сөз нөсері.
Уа, Құлмамбет, Құлмамбет,
Қарақалпақ, қазақта,
Бұзылды сенен бұл ниет.
Ағып жатқан сумен кет,
Қызарып кеткен күнмен кет,
Күн де қайта шығады,
Қарайып көшкен түнмен кет.
Ата жұртты жамандап,
Ұрмай ма сені құдірет, – деп басталатын айтыс кезегі Майкөт ақынның дүниетанымының кеңдігін, тек жеке рудың ғана жыршысы емес, бүкіл қазақ жұртының іздеушісі және сәтті кезегінде сөз нөсерін төгетін қуатты, ірі ақын екенін білдіреді.
Айтыс өнерін зерттеушілер Майкөттің бұл сөз төпеуінің кейін Жамбыл жырында өз жалғастығын тапқанын жазбай таниды. Жыр алыбы Жамбылдың Майкөтті тек көз көрген ақын емес, ұстаз санауының да осындай негізі бар деп білеміз.

Алдыңғы «
Келесі »