СЫР ЕЛІНЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН АЗАМАТ

  • 25.12.2018
  • 93 рет оқылды
  • 0

Азамат Омаров,
журналист

«Адамда екі түрлі мақсат бар, оның бірін тән мақсаты да, екіншісін жан мақсаты дейміз. Қара басының қамын ойлап, өзімшілдік, мақтан көксейтін – тән мақсаты. Адамшылық ар мен адал еңбек іздейтін – жан мақсаты. Бастапқыны көксеген адам, зұлымдық қиянатпен болса да, мал, мансап, мақтан табуға құмар болады. Соңғыны көксеген адамның адал еңбек, ақ ниеттен басқа іздейтіні жоқ, ол адам баласын ала көруді, қиянат қылуды тіпті ұнатпайды» деп жазыпты Шәкәрім Құдайбердиев.
Бұл мақаламызда жан мақсатын ғұмыр бойы басты ұстаным тұтып, өмір тіршілігінде еңбек, адалдық, адамгершілік деген қасиеттерді жадынан бір сәт шығармаған іскер де білікті, жаны жақсы азамат Әзберген Жақсылықов туралы бір үзік сыр толғамақпыз.
Әзберген Жақсылықов 1929 жылы 15 мамырда Қызылорда облысындағы Қазалы ауданында кедей шаруаның отбасында дүние есігін ашқан. Әзекең еңбек жолын 1946 жылы Қазалы ауданында мұғалім болудан бастады. Екі жылдық әскери міндетін абыроймен атқарып, кіші командир атағын да алып үлгерді. 1950-1953 жылдары Кеңес армиясының қатарында азаматтық борышын өтеп қайтқаннан кейін 1956 жылға дейін Қазалы ауданында мұғалім болып, еңбек жолын қайтадан жалғастырған. 1956-1960 жылдары Қазалы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, сол аудандағы Жданов атындағы колхоз партия комитетінің хатшысы болды. 1960-1964 жылдары Алматы жоғарғы партия мектебінде оқыды. 1968 жылы Алматы Халық шаруашылығы институтын сырттай оқып тәмамдағаннан кейін, елге еңбек ету жолында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты. 1965 жылдан бастап Арал аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық Кеңестің депутаты болып сайланды.
Осы орайда Әзберген ағамыздың көзін көрген Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, елімізге белгілі қаламгер Кеңес Өмірзақұлының мақаласындағы деректерді келтіргенді жөн көрдік.
«Әзекең 1963 жылы Қазалы ауданының Жданов колхозының партбюро хатшысынан Арал ауданы «Приарал» совхозының партия комитетінің хатшысы болып тағайындалды. Сонда ол 34 жаста еді. 124 коммунисі бар совхоз партия ұйымын айбынды, саяси күш санады. Оны өз сөзімен дәлелдеп айтып бере алатын да еді. Әрбір жеке коммунистің бастамасын қолдады. Белсенділігін баянды етті. Бас-аяғы екі жылдың ішінде шопандар: Сағынай Мерекбаев, Сағидан Қылышов, Жеткерген Рзамбетов, сауыншылар: Таразы Өтепова, Зейнеп Дәрменова, Жамаш Айтбақанова және басқа көптеген бақташы, сиыршылардың есімі облыс көлеміне жайылған болатын. Бірі обком мүшесі, бірі облыстық кәсіподақтар кеңесінің мүшесі, облыстық кеңес депутаты сияқты еңбек иелері атанды. Еселі еңбекке деген құштарлықпен жасампаздыққа жаңа күш-қуат болып қосылды. Совхоз әлі балаң. Буыны бекіп, қабырғасы қатайып кете алмай, қиындыққа қарсыласар қауқары жоқ, экономикалық жағынан әлсіз, материалдық-техникалық базасы осал еді. Жазда жайылымның, қыста өрістің тапшылығы қадам бастырмай, аяқ аштырмайтын. Совхоз көлемінде «Ақирек» ауылдық Кеңесіне қарасты «Ақирек» алқабынан талай ақ бидай, тары өндіріп алғаны жайлы таңдайын тақылдатып айтатындар бар. Сол жерлер осы күні иә малға, иә егіске пайдаланылмай, ақшаңдағы шығып, азып-тозып босқа жатыр.
Әзберген мұны Жданов колхозының парторгі кезінде обкомның пленумының назарына ұсынып көргені бар.
– Босқа пайдаланылмай жатқан жер ғой, бізге алып берсеңдерші, пайдасын көрейік, – деген. Бірақ бұндай төменгі жақтан болған ұсынысқа құлақ асқан да, елең еткен де ешкім болмағасын ұсыныскер Әзекең үндемей қалған.
«Приарал» совхозының партия ұйымының жетекшілік орны жылға жуық бос тұрып, соған лайықты адам қарастыру обкомға дейін жеткенде әлгі ұсыныс айтқан адамды еріксіз еске алып, «Соны қойып, әуселесін көрмейсіздер ме?» депті обкомның бір дөкейі.
Тоталитарлық тар заманның келемежіне киліксе де Әзекем келе салысымен, сол жылы «Ақирек» алқабынан «Мақпал» маңайын игерудің икемді жақтарын қарастырып, совхоз директорына аузы талмай айтумен болды. Егін, егіс десе, қауын-қарбыз, бақша десе, әбден зәрезап болған директор, ғалым-зоотехник ең соңында:
– Әзеке-ау, қарап жүрген, сау жүргеннің өзі көп олжа, осыны қояйықшы, – деп қысқа қайырған.
Әйтсе де, ойына алғанын орындамай қоймайтын Әзекем сол жылы қаншама қарсылыққа, наразылыққа қарамай, 16 гектар жерге бақша дақылдарын еккізді. Оған өз ауылы «Арықбалық» жақтан өмір бойы диқаншылықпен айналысып жүрген ағайын інісін әкеліп қойды. Іс нәтижесі ойдағыдай болды. Қарбыздың ірісі 25, қауынның үлкені 12 келі тартты. Дәмінің тәттілігін айтсаңшы. Қызылша, капуста, асқабақтың өнімімен 40-50 бас мүйізді ірі қараның төлдері арнайы күтіліп бағылып, жас төлден қосымша салмақ алудың жаңа мүмкіндігіне қол жеткізді.
Ірі су қоймасының, айдын шалқар көлдердің кіп-кішкене жылға, сайдан бастау алатыны сияқты, Әзекемнің бұл өтінішінен туындаған бұл шаруа үш-төрт жыл ішінде аса ыждаһаттылықпен іске асып, мал семіртетін, бірден 200 сиырды арнайы механизммен сауып, жем-шөппен қамтамасыз ететін ірі кешенге айналды. Жүгері, жоңышқа, қызылша, кейін қоректік сапасы жоғары әртүрлі мал азығы өсіріліп, өңделетін болды. Жылына 4-5 мың тоннаға дейін сүрлем салынатын ірі жем-шөп өндіру орталығына айналды.
Совхоз негізінен 1953 жылы Қазақстанда мал шаруашылығын өркендету, қаланы етпен, сүтпен қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған.
Сыр бойындағы ұсақтау 7-8 колхозды біріктіріп, қой-ешкісін қосақтап, бота-тайлағын тізбелеп, бұзауын қосақтап құрастырған ет-сүт өндіретін мемлекеттік шаруашылықтағы мал саны 800-ден астам сиыр, 10 мыңдай қой-ешкі, 400-дей түйе, 700-дей жылқы болған. Солардан төл алынып, қоғамдық мал басы өсіріліп, біраз өнім алынып жүрді. Өнімділіктің орташа көрсеткіші әрбір сиырдан 42-48 бұзау, әр жүз саулықтан 120-130 қозыдан келетін. Мұнда қой өндіріс үшін емес, қаракөл елтірісі үшін эксперименталдық негізде өсірілетін. Әр сауын сиырдан 1200-1300 литр сүт сауып алынып, етке тапсырылған үш жасқа жетпеген өгізшелердің салмағы 320-330 келіден аспай жүрді.
Ал, Әзберген Жақсылықовтың мал семірту кешенінде механикаландырылған жүйе ашылғаннан кейін малдан қосымша салмақ алу, сүт сауу жұмысы едәуір жанданды. Көрсеткіштер біршама артты. Етке тапсырылған әр өгізше 380 келі тартып, әр сауын сиырдың сүті 200 литрге дейін көтерілді. 100 сиырдан бұзау алу 1976 жылы 45 болса, Әзекем директор болған 1970 жылы бұл көрсеткіш 72-ге бірден көтерілді. Келесі жылы 76, одан кейінгі жылдары 78-80 болып өрістей берді. Әр жүз сиырдан 70-тен төл алғандар «Жетпістіктердің» жарысы, 80-нен төл алғандар «Сексендіктердің» сайысы, 90-нан төл алған «Тоқсандықтардың» тартысы деген бақташылардың социалистік жарысы өрістеп, совхозда әр жүз сиырдан 100-ге дейін төл алу күресі жүргізілді. Өзі қайтыс болған жылы әр жүз сиырдан 100-ден төл алғандар пайда бола бастап еді…
Бұл екі көрініс, екі көрсеткіштің қандай сыры, қандай жыры бар, оны ешкім білмейді, өз құпиясы өзінде, оған көзбен көрген біз куә.
Әзекемнің еңбекқорлығы оның абырой биігімен ұласты. Алматының Халық шаруашылығы институтында алған білімін Жоғары партия мектебінде жалғастырып, саяси шеберлігін де шар болаттай шыңдады. Ден қойып діттей қарасақ, өндірістің өзекті ортасында қызу айтыс пен қым-қуыт тартыстың арасында жүріп осылардың бәріне қалай үлгерген деп таңданбасқа еш лажың қалмас-ау. Ет-сүт молшылығын жасау жолында социалистік жарысты өрістеткені үшін 1981 жылы совхоз Қазақстан халық шаруашылығы көрмесінің І дәрежелі дипломымен марапатталды. Бұл совхоздың бірінші де соңғы сый-сияпаты еді.
Әзбергеннің Аралда тұрып, 20 жыл еткен еңбегі зая кеткен жоқ. «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері атанды. Лениннің 100 жылдығы құрметіне арналған медальмен, саналуан Алғыс хаттармен бағаланды. Аралдағы 20 жыл ол үшін өмір мектебі болды. Жақсы-жақсы дос тапты, жақсы-жақсы жора-жолдас тапты».
Иә, Сыр еліне еңбегі сіңген абзал азамат Әзберген Жақсылықов қысқа да болса мәнді, аз да болса сәнді ғұмыр жасаған екен. 54 жыл ғұмыр кешкен Әзекең 1983 жылдың 11 қаңтарында дүниеден өтті. Ағамыздың жан серігі Роза Батырова – Жайық бойының қызы, құрметті ұстаз болған апамыз. Екеуі 5 бала тәрбиелеп өсірді. Ұлдарына Сәбит, Абай деп атақты ақын-жазушылардың есімдерін қойса, қыздарын Нұржамал, Бақытжамал, Айжамал деп атаған екен.
«Шыңы биіктің сыы да жоғары» демекші, Әзекең тіршілігінде шыңнан да, сыннан да сүрінбей өткен. Сыр еліне үгі болған құрметті де қадірлі орны бар. Жаңалықты жаны сүйетін, бастамашыл Әзекең осылайша ел ағаларының бірі болды.
Кезінде КСРО Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қолынан одақтық дәрежедегі ең жоғары ордендердің бірі «Еңбек Қызыл Ту» орденін, еңбектегі ерліктері үшін бірнеше медальдар және алғыс хаттар мен құрмет грамоталары сияқты лайықты марапаттар алған. Сондай-ақ Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесінің алтын медалін жеңіп алған.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, осыған орай еліне еңбегі сіңген азаматтың есімін есте қалдыру мақсатында Қазалы мен Арал аудандарында бір-бір көшеге Әзберген Жақсылықов есімі берілсе, тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнатылса игілікті іс болар еді. Абзал азаматтың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында осы ұсынысты облыс Әкімінен бастап ағамыздың көзін көрген ел азаматтары қолдайды деп сенеміз!

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.