Қасаң тілді көркем сөзге айналдырған қаламгер

  • 25.12.2018
  • 129 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әркімнің туған жері өзіне! Бөліп-жарғандықтан емес. Туған жерің – жеке-дара ғой!.. Анаңның жалғыздығындай! Менің Қызбелім мен Қыземшегім – сондай сұрапыл сезім қылын дірілдетуімен дара! Қызбел мен Қыземшекке қарап Міржақып түлеп өскен! Міржақып мәңгілік тыныс тапқан бүгінгі Бидайық ауылына Қызбел мен Қыземшек шоқылары қарауыл қарап тұр! … Иә, тіршілігіңде туған жерің туралы тағатсыз тәнтілене түсерсің. Түгесіліп бітпес әңгімең. Құлақ құрышын қандыратын ән-күй ең!..
Журналист, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты Қайсар Әлімнің «Қызбелдің Қайсары» кітабына енген шығармаларында туған жер туралы осындай көркем мазмұнға өрілген теңеулер кестеленіпті. Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағы, Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен өткен кездесуде қаламгердің бірнеше кітабының таныстырылымы өтті.
Қазақ баспасөзінің дамуына өзіндік үлес қосып, шығармашылық жылдарында 34 кітаптың жарық көруіне табаны күректей 55 жылын арнаған, бүгінде 70-ті еңсерген журналист, жазушы Қайсар Әлімнің Алаш қозғалысының 100 жылдығына кәделі сый ретінде ұсынған «Міржақыптың оралуы. Возвращение Миржакипа», таңдамалы көркем шығармалары топтастырылған «Безінген ләйлек», «Өз өрмегім» деп аталатын күнделіктерінің қос томдығы көпшіліктің назарына ұсынылды.
Әдеби іс-шараны жүргізген жазушы, журналист Жақау Дәуренбеков автор шығармашылығының ерекше бір кезеңдеріне тоқталып, пікір білдірушілер арасында әңгіменің жігін жалғап отырды. Ал, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып әдеби ортаға киелі шаңырақтың ізгі тілегін жеткізіп, бүгінгі күні шығармашылығына 55 жыл толып отырған жазушының жаңа кітаптарына құтты болсын айтты. Әрбір күннің оқиғасына ерекше мән беріліп топтастырылған «Өз өрмегім» – бұл тұлғалық қаламгердің күнделігі, оның өмірге деген көзқарасы, ал «Міржақыптың оралуы» баршамызды елең еткізіп отыр. Міржақып мүрдесінің сонау Карелия жерінен табылған кезінен басталған оқиғалардың барлығын «Егемен Қазақстаннан» ары қарай не болар екен деп журналист Қайсардың жаңалықтарынан елеңдеп күтіп отырушы едік, – деді Бауыржан Жақып.
Бүгінде Қайсар Әлім шығармашылығын Міржақып Дулатовтың өмірімен, Әзілхан Нұршайықов есімімен байланыстырмау әсте мүмкін емес.
«Уақыт алыстаған сайын Міржақыбы халқына жақындай түсер!.. Көп біліп қана қоймай, інжу-маржанның ең керектісін халқын оятуға арнаған ақкөмей, даңғыл ой, кесек тілді дара тұлға Міржақып бүгін ортамызда жүргендей, ертеңге бірге қанаттасып, қолтықтасып бара жатқандай!..» деп толғайтын жазушы алаш қайраткерінің бұрын-соңды жарық көрмеген, парақтары әлі ашылып үлгермеген өмірінің ерекше бір сәттерін оқырманмен қауыштырды. Ал, Міржақып мүрдесінің туған топырағында жай табуына қосқан еңбегі өз алдына ерек.
Ұлттық әдебиетте махаббаттың жыршысына айналған Әзілхан ағамен алмасқан хаттар мазмұны әдеби әлемнің ерекше бір сәттерін толғайды. Бүгінде үлкен кітапқа арқау болған бұл тақырып әдебиет сүйер ортаға сырға толы мазмұнымен құнды.
Қайсар Әлімнің журналистік еңбек жолы көп жағдайда қайраткерлікпен ұштасып жатады, дейді аға буын. Оның тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровпен сұхбаты да оқырмандар елеңдеп оқыған оқиғалардың біріне айналды. «Қостанайдай топырағы киелі өңірде туып өскен Қайсардың тіл байлығы, ой өрісі, дарынды қарымы тектен-текке болмаса керек-ті. Туған топырақтан дарыған өжеттігі мен өткірлігі, соның арқасында ерекше шығармашылық иесі болуы жайдан-жай емес. Маған әсіресе, эсселері ұнайды. Сыр аға, Ғафу, Сейіт Кенжахметов туралы жазғандары қайталанбас дүниелер дер едім. Мұнда жыр да, сыр да, көркемдік те көмкерілген. Журналист ретінде очерк жанрының санаулы шеберлерінің бірі. Осы ретте Кәмшат туралы жазылған шағын хикаятын айтсақ та жеткілікті. «Жаңағы бауырынан демеп желбіретіп жіберген ақ орамал нәзік қанаты талғандай, ұйыса өскен бір топ көденің өркешіне қонақтапты. Нәзік жанын піскілеген шөп тікенегінен қорынғандай үлп-үлп етеді…», міне, осы бір шөп үстіне түскен нәзік орамалды суреттеген сәтінен қасаң тілді көркем тілге айналдырған Қайсардың шеберлігін аңғарамын» деген Сарбас Ақтаев ағамыз жазушы шығармашылығына ерекше ілтипатын білдірді.
«Қайсар күнделікті тірлікте біздер байқай бермейтін, назар салмайтын дүниелерге тереңнен қарай білді. Алаш қайраткері Міржақыптың елімен қауышуына атсалысуының өзі оның қайсар қадамын білдірсе керек-ті. Қазақ әдебиетімізде айшықты орны бар Әзілхан Нұршайықовпен етене жақын болған да Қайсар. Қайсардың бойында нағыз журналистке сай қайсар мінез бар» деген ақжарма тілегімен бөліскен Қазақстанның Құрметті журналисі Мамадияр Жақып ағамыз қаламгерге сексен жасқа келгенше әлі талай дүниелер жаз деген тілегін арнады.
Әдеби кеш барысында ардагер журналист, ақын Жұмат Әнес, академик Сәбит Байзақов, сәулетші Әбдісағит Тәтіғұлов, ардагер-ұстаз Ағыбай Мұқатаев, ақын Шөмішбай Сариев, жазушы Зәкір Асабаев сынды зиялы қауым өкілдері жазушы шығармашылығы туралы қызықты естеліктерді ортаға салды. Ал, осы мәдени шараның өткізілуіне ұйытқы болған Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов шығармашыл тұлғаға ізгі тілегін білдіріп, қазақ қаламгерлеріне қандай кезде де қолдау білдіретіндігін жеткізді.
Мәдени шараның тағы бір мазмұнды бөлімі – елімізге белгілі кинорежиссер Қалила Омаров түсірген «Қалам киесі» деректі фильмінің көрсетілімі. Жазушы шығармашылығы мен өмірінің ерекше бір сәттерін бейнелейтін фильмде туған жер топырағынан бастау алған көріністерде қаламгердің тұлғалық келбеті жан-жақты қырынан ашылады.
«Анамның соңғы демі үзілерде «Қаламсабыңды қолыңнан тастама, ботам» деп айтып кеткен өсиет сөзі журналистік ғұмырымның айқын бағытына айналғандай… Соның айғағындай, шығармашылығымның 55 жылында еліміздің тарихына қатысты қадау-қадау оқиғалардың куәсі болыппын. Мәселен, тәуелсіздіктің алғашқы таңын ақтаңгер ақын Ғафу Қайырбековпен бірге сапарлас болып жүріп Торғай елінде қарсы алсам, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровты Арқалық өңірінде көк аспаннан қарсы алдым. Алаш арысы Міржақып Дулатовтың Карелияда жатқан мүрдесін 57 жылдан соң туған жеріне әкеп қайта жерлеуге қатысуым, Чернобыль апатының қаһармандарына арналған алғашқы хикаятым, Кейкі батырдың бас сүйегін 93 жылдан кейін туған еліне әкеліп табыстауға қатысты мақалалар жазуым, астана Алматыдан Сарыарқа төріне қоныс аударғанда алғашқы келушілерді қарсы алып, («Егемен Қазақстанның» ұжымы да бар) 10 жыл бойы елорданың жаңа басталған құрылысын газет бетінде ұдайы көрсетуім сияқты, т.б. айшықты кезеңдер қаламгерлік ғұмырымның ұмытылмас сәттері» деген жүрекжарды пікірімен бөліскен «Қызбелдің Қайсары» тың тақырыптар сүрлеуіне қарай бет алды.

Эльвира Бөкенбаева,
журналист

Алдыңғы «
Келесі »