АХМЕТТІҢ АҚЫН АҒА-ІНІЛЕРІ

  • 25.12.2018
  • 242 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ахаңның ақын ағасы – Қарпық Шолақұлы. Шолақтың балалары оқыған, көкірегі ояу, көзі ашық, сөзге шешен екен. Үмбетейдің Аралбай атасынан тарайтын Тілеуқабыл Тұрғамбекұлы да, Қарпықтың өз ұлы Қазгелді де өлең шығарған. Солардың ішінде Қарпық ақынның аты ерекше аталады. Оның өлеңдерінің көбісі сақталмаған. Бізге тұтас жеткендері А.Байтұрсыновтың «Жоқтау» жинағына енген «Төлебай» (Он екі жасар әйел баласының жоқтағаны), «Төлебайды келінінің жоқтауы», «Төлебайды жамағатының жоқтауы», «Есмағамбет» (Қатынының жоқтағаны), «Ерғазы» (Қатынының жоқтағаны).
Төлебай – Ахаңның немере ағасы. Көбек пен Шошақ бірге туады. Шошақтан Байтұрсын, Көбектен Төлебай. Төлебай 56 жасында 1904 жылы қайтыс болған. Есмағамбет те Ахаңның қыз алыспайтын жақын туысы. Ерғазы да Ахаңмен немере, Байтұрсынның әкесі Шошақтың баласы.
Жоқтау жырлардың өзіндік стильдік-тілдік ерекшеліктерінің бірі– буынмен жазылады, есімшенің ған формасы басым болады. Мұндай тәсіл эпостық-ерлік жырларда да, азаматтық поэзияда Махамбетте де, жазба әдебиетінің өкілдері Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаев өлеңдерінде де бар.
Махмуд Қашғари заманындағы жоқтау өлең жасауда жұмсалысқа түскен -ған формасы, яғни, -ған формасымен келетін өлең үлгісі содан бергі дәуірлерде үзіліссіз келіп, қазақ халқы қалыптасқан дәуірдегі барша жоқтау өлеңдерге тән ортақ тәсіл болып қойған жоқ, мұның өзі батырлық ­өлең -жырлар мен азаматтық мотивтегі өлеңдер үшін де ортақ тәсіл болды. Біз бұл форманы XV ғасыр мен XIX ғасыр арасындағы қазақ поэзиясынан өте көп кездестіреміз»[1,69], – дейді ғалым Қ.Өмірәлиев.
Осы тілдік – стильдік ерекшелік Қарпық ақынның жоқтау өлеңдеріне де тән:
Арғымақ бедеу байлаған,
Болатын шарға қайраған,
Наурызым, Сыпсың – екі су,
Жағалап көшіп жайлаған.
Ауылдың сыртын шаңдатып,
Торлантып бие байлаған.
Орданың ішін қоршатып,
Тең азамат жинаған.
Күнде жиын, күнде той,
Дастарқанын жимаған
Мәжіліске мәз болып,
Тарқатуға қимаған.
(«Төлебай») [2, 33 – 34 б ].
Толтырып асыл жинаған.
Тоқсан қонақ келсе де,
Асып – саспай сыйлаған.
Сапырулы қымыз, салқын үй,
Мәжілісін тыймаған.
Ит жүгіртіп, құс салып,
Қияға бедеу қинаған.
Құмай тазы, қыран құс
Көзінен таса қылмаған.
Күнінде тоят алдырмай,
Сағат көңілі тынбаған.
Осынша дәуір үстінде
Күн шығарып тұрмаған.
Бес уақыт намаздан
Тоқталып мойын бұрмаған,
Шалғынсыз жерге қонбаған.
Төрт түлік малын өргізіп,
Күншілік жерді шарлаған
(«Төлебайды жамағатының жоқтауы») [2,40 б.].
Біз бұдан Қарпық ақынның ауызша поэзия үлгілерін жақсы білгенін, эпостық – ерлік жырларды жаттап өскенін, ондағы әдіс-тәсілдерді өз жырларында шебер қолданғанын аңғарамыз.
Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, классик ақынымыз Сырбай Мәуленов «Өзен ағысы – өмір ағысы» деген мақаласында: «Ахметке Торғай өңірінің атақты жырауы Қарпықтың тигізген шарапаты мол, – деп жазады. – Қарпық жыраудың әуезді әуені, өлең өрімдері, табанда үйлестіретін тапқыр ұйқастары, шешендік шеберлігі, халық тарихын жете білетіндігі жас Ахметтің талант көзін ашуына көмектесті. Ол бірте- бірте талант дегеннің тазалықтың, адамгершіліктің, ардың ісі екендігін айқын түсіне бастады…»[3,352б.].
Қарпық ақынның Ахметке ұстаз болғанын бұл жолдар растай түседі. Қарпық ақын өмірінің соңына дейін Ахметтің әкесі Байтұрсын мен Ақтас ерлігін жырлап, солардың маңында болған. Ол Байтұрсын мен Ақтас Торғай уезінің бастығы Яковлев дегеннің зорлық -зомбылығына шыдамай, басын жарып, Сібірге айдалып бара жатқанында да:
Халықтың жұрт сыйлаған әкімі еді,
Кигізді Яковлевке қызыл ноқта, –
деп екі ағасының ерлік ісін ешкімнен қаймықпай сол кездің өзінде елге танытқан екен. Жергілікті үкімет адамдарынан да, екі ағасын «итжеккенге» айдауға келген патша солдаттарынан да айылын жимай, от ауызды, орақ тілді ақын екі ағасын ауыр жолға өлеңмен шығарып салыпты:
Артында жылап – сықтап елі
қалды,
Артында жетімсіреп жері
қалды.
Артында Жыланшықтың өзені
мен
Ақкөлдің ақ көбікті көлі қалды, –
десе, он бес жыл айдауда болып келгеннен кейін де өлеңмен қарсы алған:
Кәпірге қылыш сілтеп
қарысқаным!
Дүниеде теңін тауып
жарысқаным!
Тәніңнен дұшпан көрсең түгің
шыққан,
Лайық заманыңа арыстаным!
Нашарды сырт дұшпаннан
арашалап,
Қам ойлап қарашаға болысқаным!
Үлгімен әр орында тұра берген,
Ақылға Платондай
данышпаным!
Достардан қасірет отын қалыс
ойлап,
Қайырлы сағатында
қауышқаным.
Шұбалаң, Қарақоға,
Жыланшықпен,
Дені сау түсінікті болыстарың.
Бұл күндер сіздер үшін дұғада
тұр,
Атқарып жолдас болған орыстарың.[4,239- 240 б б.]
Өлеңнен ақынның сөз саптауынан, түбірлі төрт буынды ұйқасынан, дәл тауып қолданған теңеулері мен өткір тілінен оның осал ақын болмағандығын аңғару қиын емес. Сонымен бірге, өлең құрылысынан, шұбыртпалы ұйқаспен жазылуынан оның Торғай ақындық мектебінен сусындағаны, өткір де өжет, шындықты бетке айтатындығы байқалады.
Ақын жырларының сақталмағанын жоғарыда айттық. Оған басты себептердің бірі – оның өлеңдерінің көбісі Байтұрсын мен Ақтасқа арналуынан, әрі өзінің оларға туыстығынан да шығар. Өйткені, Ахмет Байтұрсыновтың туған-туыстары қуғын –сүргінге ұшырап, олар жайында жазуға алпыс жыл бойы тиым салынып келді емес пе?!
«Жүсіпбек, Ахметбек» жырынан үзінділер Ахмет Байтұрсыновтың 1926 жылы жарық көрген «Әдебиет танытқыш» жинағында бар екен.
«Жүсіпбек, Ахметбек» жырында Ғашырбек деген қырық жігітке қайрау сөз айтқанында, былай толғайды:
Ойран етіп тау-тасты,
Қанға бояп көз жасты,
Шөлдірлетіп қызыл басты,
Сайлап шаншар күндер бүгін.
Асыл алмас пышақтары,
Тығырадан шашақтары.
Ақметжанның қожақтары
Жаннан кешер күндер бүгін.
Ғашырбектің сол озары,
Құрылсын мақшардың базары.
Бек Жүсіпбек қоршаулары
Қаннан кешер күндер бүгін.
Ат құлағын теңестіріп,
Бір-біріне кеңістіріп,
Кәпірлерді қойша қырып,
Майдан кешер күндер бүгін.
«Ғашырбек соғысып жүргенде, байлауда тұрған Жүсіпбек құдайға, тауларға мінажат етіп айтқан сөзі:
Он сегіз мың ғаламның
Патшасы едің, құдайым!
Құдая, саған жылайын,
Кешіргейсің күнәйім!
Өзіңнен нашар пендемін,
Әр жалаңа көнгенмін.
Ғашырбектей тағама (нағашыма)
Медет берер күн бүгін.
Он сегіз мың ғаламды
Халық қылып бар еткен,
Неше әулие, әнбие,
Ғашыр сұлтан тағама
Медет берер күн бүгін.
Кәпір патшасы Жүсіпбектің сөзіне ашуланып, дарға асуға бұйырғанда Жүсіпбек медет тілеп айтқан мінажаты мынау дейді:
Он сегіз мың ғаламның
Патшасы едің, құдайым!
Құдая, саған жылайын.
Кешіргейсің күнәйім,
Кәпірлер аспақ таладар
Дар үстінде еттім зар.
Дін шырағы – Мұхамбет ,
Сенен басқа кімім бар!
Құдай шері, ие, Ғали,
Біздерден болшы хабардар!
Айналайын Имам – ағзам!
Қанша болды менің жазам?
Кәпірлерден жетті қазам.
Шын қақиқат қозым деп,
Назар етер күн енді!
Ахаңның інісі Спандияр Ақтасұлы да ақын болған. «Жүсіпбек – Ахметбек жыры» деген қисса жазған. «Жүсіпбек – Ахметбек жырының» үзінділері Ахмет Байтұрсыновтың 1926 жылы жарық көрген «Әдебиет танытқыш» жинағында бар екенін жоғарыда айттық. 2008 жылы «Фолиант» баспасынан шыққан «Бабалар сөзі» жүз томдығының 47-ші томы түркімен батырлық аңыздарының сюжетіне құрылған 5 жырдан тұрады екен. Осы киссалардың ішінде «Белгісіз жыршының нұсқасы» деп берілген «Ахметбек – Жүсіпбек» қиссасының кейбір тармақтары мен шумақтары Спандияр Ақтасұлының «Жүсіпбек, Ахметбек» жырымен дәлме-дәл келеді. Спандияр нұсқасы мен «Белгісіз автор нұсқасын» түгел салыстырып қарауға Спандияр нұсқасы бізде жоқ, тек кейбір шумақтары ғана А. Байтұрсынов жинағында мысалға алынған. Екіншіден, Ахмет Байтұрсынов «Жүсіпбек, Ахметбек жыры» десе, Сырбай Мәуленов те «Жүсіпбек – Ахметбек» жыры дейді. «Бабалар сөзі» кітабындағы белгісіз жыршының нұсқасында да «Ахметбек – Жүсіпбек қиссасы» делінеді. Ал, басқа нұсқалары «Бозұғлан, Ахметбек һәм Жүсіпбек» ( Қазан, 1904 жыл), «Жүсіп – Ахмет хикаясы» (Базар жырау нұсқасы), «Қисса Бозұғлан» (Ә.Бижанұлы нұсқасы), «Бозұғлан» ( Әбдімұрат нұсқасы) аталады. Үшіншіден, «Бабалар сөзі» кітабының 47 томына енген мәтіндерге берілген түсініктемеде «Ахметбек – Жүсіпбек қиссасы» 1939 жылғы Қостанай экспедициясының жинаған материалы екендігі көрсетілген. Сондай-ақ осы түсініктемеде: «Жыршысы, айтушысы не тапсырушысы жөнінде еш мәлімет берілмеген. Жыр машинада басылған» [5,732 б.] – делінеді.
Жыршысының, айтушысының, тапсырушысының аты-жөнінің көрсетілмеу себебі – Байтұрсын мен Ақтас Торғай уезінің бастығы Яковлевтің басын жарып, Сібірге 15 жылға каторгіге айдалса, Ахметке халық жауы қара күйесі жағылып, атын атауға тыйым салынды. Жыр сол Сталиннің қылышынан қан тамып тұрған 1939 жылы жиналған. Төртіншіден, Ахметбек, Жүсіпбек бейнесі – Спандиярдың әкесі Ақтас пен ағасы Байтұрсынға ұқсайды. Сондықтан да, ол іштегі қатқан шер-шеменді шығару үшін осы жырды жырлаған сияқты. Олардың күйзелісі, құдайға жалынып-жалбарынып мінәжат етуі, Жүсіпбектің:
«Ахметжан, жылама,
Сен жыласаң толады
Көкірегім санаға.
Жәрдем ет деп тілей көр
Ғайып ерен бабаға.
Қайра да қарай артыма
Екі көздің талғаны-ай,
Дәуірлеп ұщқан бұла құс
Қапыда тұтқын болғаны-ай» (222 б.) деген жолдар да соны аңғартқандай. Сондай-ақ, жырдағы Ахметбек есімі біраз жерде «Ахмет» делінеді. Ахмет – Спандиярдың ағасының, яғни, Байтұрсынның аты. Спандиярға Ахмет есімі де әсер еткен болуы ықтимал.
Бесіншіден:
«Ойран етіп тау-тасты,
Қанға бояп көз жасты,
Шүлдірлетіп қызыл басты,
Сайлап шаншар күндер бүгін.
Асыл, алмас пышақтары,
Тағарыдан шашақтары,
Ахметжанның қожақтары
Жаннан кешер күндер бүгін
Ғашырбектің сол азары,
Құрылсын мақшардан базары,
Бек Жүсіпбек қошқарлары
Қаннан кешер күндер бүгін.
Ат құлағын теңестіріп,
Бір – біріне кеңестіріп,
Кәпірлерді қойша қырып,
Майдан кешер күндер бүгін, –
деген Ахмет жинағындағы шумақтар «Бабалар сөзіне» енген жырларда жоқ. Бұл Спандияр өз жанынан қосып, өзінше жырлағанын байқатады. Алайда, жырды көшіріп, баспаға ұсынушы адам ол жолдарды қалдырып кеткен. Спандияр өлеңінің динамикалық қуатын күшейтіп, әр жолға, сөзге екпін беріп, әсерлендіре түсу үшін еспе қайталаулар мен түйдектеулерді орнымен шебер қолдана білген.
«Діндәр дәуірдің налыс толғауларының түрі мынау»,– деп берілген «Аса соққан борандай» деп басталатын 28 тармақ та енбей қалған («Ақжол», 442 б.) Алтыншыдан, Сырбай Мәуленов «Ақынның ауылында шәкірттері де көп болды,– деп жазады. «Өзен ағысы – өмір ағысы» деген еңбегінде: – Олардың көбі ұстазына еліктеп өлең шығарған. Ақын болуға талаптанатын. Ақтастың баласы Спандияр көне үргеніштің атақты бектері Ахметбек, Жүсіпбек туралы дастандар жазды. Ол дастандарды бір кезде қариялар айтып жүруші еді.
Ахметбек, Жүсіпбек
Үргеніштің ерлері.
Ер қорғауда танылып,
Елге сіңген еңбегі, – деген Спандияр хикаясын қазір жатқа білетін адам сирек [3, 125 б.]. Жетіншіден, жырдағы «А, дариға дүние» (222 б.), «А, дариға, жүргенім» (231 б.), «А,дариға, арманда» (240 б.), «А, дариға, бар болса» (240 б.), «А, дариға, кісі еді» ( 270 б.) деген жолдардағы өкінгенде де, мұңайғанда да,қуанғанда да айтылатын «Дариға» сөзі Ахмет Байтұрсынұлының «Қартайған арыстанында» («Дариға, ол заманның бәрі өтті»), «Жарлы бай» өлеңінде («Дариға, мен бай болсам жұрттан асқан»), Вольтерден аударған « Қыздар дейсің мәжілісті, жан дейсің» деп басталатын өлеңінде де («Уа, дариға! Өттің бастан, қызық жас!») кездеседі. Ал, Спандиярдың, басқа да ақын інілерінің Ахметке еліктеп өскені жоғарыда айтылды. Бұл сөз жинаққа енген Ахметбек, Жүсіпбек туралы дастандардың басқа нұсқаларында жоқ.
Осы жайттарды ескере отырып, біз «Белгісіз жыршының» «Ахметбек – Жүсіпбек» қиссасы Спандияр Ақтасұлы нұсқасы деген қорытындыға келдік.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Өмірәлиев Қ.ХV-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі.- Алматы: Қазақ ССР-інің «Ғылым баспасы», 1976.
2.Байтұрсынов А. Жоқтау, Алматы, 1993.
3. Мәуленов С. Өзен ағысы-өмір ағысы. Сыр мен жыр,- Алматы. Жалын, 1991.
4. Торғай ақындарының антологиясы.
5. Бабалар сөзі: Жүз томдық.- Астана: Фолиант, 2008, т. 47. Батырлар жыры.

Серікбай Оспанұлы,
Күлзада Мырзағалиева.
Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессорлары

Алдыңғы «
Келесі »