АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚ ОПЕРАСЫН ЖАСАУ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕС

  • 25.12.2018
  • 202 рет оқылды
  • Пікір жоқ

ХХ ғасырдың отызыншы жылдары халқымыз колхоздастыру, байлардың малын тәркілеу, алғашқы толқын репрессия, ашаршылықтан әбден қансыраған кезінде республиканың бірінші басшысы ауысып барып елдегі хал-ахуал оңала бастады. Есеңгіреген қазақ ашаршылықтан ес жиып, жаңа өмірге бет бұруының бір көрінісі, елдегі өндіріс, медицина, ағарту, ауыл шаруашылығы салаларын дамытуды жолға қоя бастады. Кеңес үкіметі орталық қалаларды шалғайда орналасқан ұлттық республикаларға көмек көрсетуге арнайы қаулы қабылдап, екіортада барлық саланы алға жылжыту, орталық пен шет аймақта орналасқан республикалар арасындағыалшақтықты азайтуға күш салуы да себеп болды. Мәскеу, Ленинград т.б. секілді ірі өндіріс орталықтарының мамандары Қазақстандағы қажетті салаларды дамытуға көмекке келе бастады. Қазақ өнері мен мәдениетінің қарқынды аяққа тұруы мен дамуы да сол жылдардың үлесінде.Осы кезде басталған, қазақ театр өнерінде құбылысқа айналуы тиіс бір шығармашылық байланыстың тарихы біздің театртанушылық тұрғыдан назарымызды аударып, тереңірек қарастыруды жөн көрдік.
1933 жылы Ленинград Қазақстан автономиялық республикасын қамқорлыққа алып оқу-білім, өнер мен мәдениет т.б. саласының дамуына ерекше көмек бере бастады. 1934 жылғы көктемде Ленинград мемлекеттік университеті жаңадан ашылған Қазақ мемлекеттік университетімен тығыз байланыс орнатты.Профессорлардың келіп лекциялар оқуға, кітапхана қорын ғылыми және оқулық кітаптарымен толықтыруға, кабинеттерді безендіруге үлкен көмек берді. Сол жылдың 10 қыркүйегінде Алматы қаласында жаңадан қолданысқа берілген Үкімет үйінде Ленинград ВКП(б) крайкомының бірінші хатшысы Сергей Миронович Киров келіп сөз сөйлеп, кейін Қазақстан ВКП(б) крайком хатшысы Ливон Мирзоянмен Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Талды-Қорған, Семей, Өскемен, Қарағанды, Көкшетау, Петропавловск қалаларында болып, мүмкіндіктерін барлап, «бұл далада ғажайып дүниелер жасауға болатынын» межелеп қайтады [1]. Ізін ала республиканың зиялы қауым өкілдері мен делегация мүшелері арасында жақсы шығармашылық, достық байланыстар орнап, нәтижесінде жас кеңестік республиканың мәдени-рухани әлемін дамытуға, сахна репертуарын көркейтуге бағытталған жаңа жобалардың тууына сеп болды.
1933 жылы М.Әуезов «Қазақстан мемлекеттік театрының жеті жылғы және алдағы міндеттері» атты мақаласында ұлт театр өнерінің бүгіні мен болашағы жайлы толғана келіп: «Қазақстан астанасының, қала берсе бар Қазақстанның бірден-бір театры осы болғандықтан, бұл өзінің жаңағы өрісімен қатар тағы бірнеше үлгілерді ала жүргізу керек болып отыр. Мысалы, бізде жастар-балалар театры жоқ. Бізде жеке опера, оперетта, музыка комедия театры я болмаса ұсақ түрлер театры да жоқ. … Бірақ түбінде осы күштерінің ішінде опера, ән-күй труппасын бөліп шығарып, жас зрительдер театрын бөліп шығарып, өзінен сондай жеткіншектер тудырып, өсіріп шығуы қажет» [2,14] – деген еді. Халқының өркениетті, мәдениеті дамыған ел болу үшін әр түрлі саладағы өнер ошақтарын дамыту керектігі жайлы әріден ойлаған жазушы, түбі бұл көп салалы театр түрлері мен өнер ордалары республика кеңістігінде өз деңгейінде дамитынына сенімді екендігін көреміз. Бұл елімізде бар жалғыз драма театрына серік болатын музыкалық театрдың қажеттігі жайлы басшылық тарапынан сөз болып жатқан кез.
Бұл кездегі мәдениет пен театр өнерін дамыту төңірегіндегі қалыптасқан хал-жай аса бір көңіл көншітерлік еместей еді. Барлық саланы дамытуға, жоқтан бар жасау үлкен қажыр-қайрат пен күш-жігерді қажет ететін кез. Жаңа басшы Л.Мирзоянмен бірге елге оралған Темірбек Жүргенов республиканың Ағарту комиссары болып тағайындалып жұмысын қызу бастап кетті. Алматыда шоғырланған барлық музыканттар:Е.Брусиловский, И.В.Коцык, Б.Г.Ерзакович, С.И.Щабельский, В.В.Великанов, секілді т.б. кәсіби мүмкіндіктері музыкалық театр ұйымдастыруға толық пайдаланылады. Олар жазған алғашқы музыкалық пьеса, музыкалық драма, музыкалық комедиялар көрерменге жағымды әсер қалдырғанымен, бұл саланы жаңа белестерге жеткізу үшін мықты музыканттар көмегіне жүгіну, ұлттық тақырыпқа негізделген шығармалар жаздыру күн тәртібінде өткір тұрды. Дәл осы жерде Ленинградтан келген орыс-кеңес интеллигенциясының көмегі дер кезінде болып, алғашқы толыққанды ұлттық операны жазу жұмысы қызу қолға алынды.
М.Әуезовтің 1936 жылы 5 мамырда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Қазақ халық музыкасы мен музыка театры» атты мақаласында жас театрдың даму бағытына сипаттама бере келе, сөз соңын: «Музыка театры осындайлық барлық талап, табыстары арқылы енді өз сахнасында нағыз толық үнді операны қоюға жақындап кеп отыр. Ол опера музыка театрына арнап белгілі композитор Асафьев жазып жатқан жаңа қазақ операсы «Ақан – Зайра» болмақшы» [3,25] – деп аяқтайды. Бұл жаңа қойылым үлкен қызығушылықпен күтілген мәдени жаңалық болатын. 1935-36 жылдары жазылуы жайлыәр алуан тақырыпта сұхбаттар, мақалалар жарияланып қызу жарнамаланды. Бірақ, операны жазу үрдісі аяқсыз қалады. Неге олай болды?Либретто авторының бірі М.Әуезовтің газет арқылы республика жұртшылығына жариялаған жаңалығының орындалмауы, асыға күтілген жаңа операның театр сахнасы рампасын көрмеуі әр түрлі пікір қалыптастырып, түрлі сұрақтар қойды… Қойып та келеді.
Бұл тақырып жайлы белгілі музыкатанушы Ақлима Омарова «Ақан – Зайра» М.Ауэзова и С.Муканова: К истории оперного либретто» зерттеуінде мұрағат, құжаттары мен әр жылдар басылымдарына сүйене отырып біраз сұрақтарға жауап табады. Ұлттық тақырыптағы алғашқы опера жобасының жазылу тарихына байланысты қарастырған ол зерттеу нысанындағы қызықты деректерді алғаш рет ғылыми айналымға енгізе отырып мәселені таңдап алған тақырып аясында қарастырады. Елге танымал авторлармен бастаған опера либреттосының жазылу тарихы мен ондағы кейіпкерлердің өзара қарым-қатынасы композиторлық тәжірибе, ұлттық музыкалық-театр өнерінің дамуы мен жалпы көркем мәдениет контекстінде нақтылы деректермен береді [4].
Республиканың ағарту саласының басшылары аяғын апыл-тапыл басқан кәсіби музыкалық театрдың көркемдік келбеті білікті мамандардың көмегінсіз өрге баспайтынын жақсы түсінгендіктен, оригиналды толыққанды опера жазуды орталықтағы дайын кәсіби композиторларының көмегімен шешуді ұйғарады. Орталық қалалардан (Мәскеу, Ленинград т.б.) белгілі кәсіби композиторға тапсырыспен ұлттық опера жаздыру біраз күш-жігерді, барыс-келісті, ұзақ уақыт талқылауларды қажет ететіні белгілі жәйт. Міне осындай маңызды тапсырманы орындауға сол кездегі орыс-кеңестік маман композиторлар ішінен таңдау белгілі музыкатанушы, композитор, 28 балет, 11 операның авторы, академик Борис Асафьевке түседі. Ал, осы жұмыстарды атқаруға арнайы жазылатын шығарманың либретто авторы болып М.Әуезов пен С.Мұқанов таңдалады. Бұл ресми мекеменің іс-қағаздары (келісім шарт, іс-сапарға шығу т.б.) бойынша келтірілген дерек көзі. «Ақан – Зайра» либреттосын жазуға М.Әуезов пен С.Мұқанов бекітіліп шарт жасасқан. Бұл жұмыс С.Мұқановтың драматургия жанрындағы тұңғыш қадамы болатын.Неліктен бұған дейін театрға арнап бірде бір шығарма жазбаған С.Мұқанов опера либреттосын жазуға қосалқы автор болып таңдалғанын әуезовтанушы ғалым К.Рахымжанов былай топшылайды. «Мұхтар тәжірибелі автор ретінде шығарманың драматургиялық желісін жүйелеп жазып, ал, Сәбит опера жанрының ерекшелігіне сай кейіпкерлерді поэтикалық тілмен сөйлетуді өз міндетіне алады. Драматургия саласында мол тәжірибесі бар, қос тілде қазақша-орысша еркін жазатын М.Әуезовке С.Мұқановтың қосалқы автор болуының екінші бір себебі ол С.Мұқановтың Ақан серінің туған топырағынан болуы». Ақан сері жүріп өткен өмір жолымен шығармашылығының жақсы білуі және бозбала күнінде Зайра атанған Ұмсын сұлуды көріп, оның тағдырына қатысты деректерден жан-жақты хабардар болуы.Бала кезінде көрген Ұмсындай ананың трагедиясын С.Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» романында жазып қалдыруы.
Бұл тақырыпты зерттеу барысында ресми қатынас қағаздарына жазылған деректер деп жоғарыда бекер айтқан жоқпыз. Осы жерде бізге түсініксіздеу келесі дерек Ғ.Мүсіреповтің күнделігіндегі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының көнекөз ғылыми қызметкері Талапбек Әкім ағамыздың Ғабит Мүсіреповпен сұхбаты және журналист Заңғар Кәрімханның соңғы кездері жариялаған материалдары. Бір қызығы екеуі де «Ақан – Зайра» опера либреттосын М.Әуезовпен бірге жазған Ғ.Мүсірепов деген тұжырым айтады.
Т.Әкім қаламгердің мұражайында біраз жылдар жұмыс істеп, М.Әуезовтің 20 томдық толық шығармалар жинағын баспаға дайындап жатқанда болған біркездесу-сұхбатында: «80-жылдары деуге болады, біз халық университетіне Ғабеңді шақырдық. Ғабең баяу сөйлейтін еді. Талай ойларын айтты. Мұқаңның 20 томдық шығармалар жинағын шығарып жатқанбыз. Одан бұрын да үйіне барып сұрағанмын. Мына «Ақан-Зайра» дегенді Мұқаң екеуі бірігіп жазған (әрі қарай да бөлектеу автордікі М.А.). «Сол шығармаңызды берсеңіз», – деп сұрадым. Мұқаңда 2-3 нұсқасы бар… Ақан сері туралы жазылған тарихи драма. Сол екеуі бірігіп жазған. Соны сұрадым. «Мұқаң да, сіздің де ондай қолжазбаңыз Мұқаңның музейінде жоқ екен. Соны сіз берсеңіз, мына 20 томдыққа енгізіп жіберсек деп отырмыз», – деп едім, қолжазбасын бергісі келмеді. Сонда өзінің естелігін айтты. «Мұқаңмен бірге бір шығарма жазамын деп әбден қиыншылыққа ұшырағаным бар. Түнгі сағат 3-4-терде қоңырау шалады. Ұйқыдан оянып келемін. «Әй, Ғабит, қалай, жазып жатырсың ба?» – дейді. «Ой, Мұқа, қатырып жатырмын», – деймін. Соған риза болып, арғы жақта тұрып мақтайды. Менің ұйқыдан тұрып келгенімді қайдан білсін ол кісі?», – дейді. Сөйтіп күнде хабарласып отырады екен. «Сонда Мұқаң шығарманы бір айға жеткізбей жазып тастады», – дейді. «Ал менің жазғандарым өзіме де ұнамады, Мұқаңа көрсетуге онша батпадым. Шынын айтсам, менің атым тұрғаны болмаса, менің ешқандай септігім тимедім» [5], – дейді. Біздің ойымызша бұлжерде Ғабит алғашында либреттоны жазуды Мұхтармен бірге бастап, бірақ кейінірек ойыннан шығып қалған секілді. Жоғарыда өзі айтқандай «…менің атым тұрғаны болмаса, сенің ешқандай септігім тимеді» деуінде,әу бастан селқос бастап либретто жазу кестесіне кіріге ілесе алмай өз еркімен шеттеп қалған секілді. Қалай болғанда да, «әбден қиыншылыққа ұшыратқан» осы бір жұмыс нәтижесі шығара келе Мұхтар аяқтаған либреттоны әрі қарай жылжыту үшін өзіне керек адамды Сәбит деп біліп, келесі кезеңде КазАғарту комиссариатымен шартқа С.Мұқановпен қосалқы автор болып отырады. Оның өлең құрастырып жазуға ептілігі, материалды жақсы білуі маңызды рөл атқарып, драмалық шығарма жазудағы олқылығын толықтырып тұрады.
Ал, З.Кәрімханның «Айқын» газетінде Ұмсын сұлу туралы «115 жыл бұрын Александрияда білім алған қазақ қызы» деген 2017 жылы жариялаған мақаласы біраз деректі ашып, сан алуан ойға қалдырады. Ол: «Ұмсын сұлу туралы бұған дейін Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабынан оқығанымыз бар-ды. «Александрияда білім алған, өте дарынды қыздың қиын тағдыры туралы Сәбит Мұқановтан артық суреттеген қаламгер жоқтың қасы. Ғабит Мүсірепов ұлы Мұқаңмен (Мұхтар Әуезовпен) бірігіп, Ұмсын жайында «Ақан-Зайра» пьесасын жазды. Ғабең өзінің бір естелігінде: – дей келе жоғарыда Ғ.Мүсіреповтің Т.Әкімге айтқан естелігін келтіреді [6]. Автор өз тұжырымын бұрыннан белгілі деректерге сүйеніп, тыңнан ашылған жаңа дереккөзін қоспауына қарап, көзқарасының бір жақты жасалғандығын көреміз. Қалай болғанда да автор Ғ.Мүсіреповтің М.Әуезовпен бірге жасаған бастапқы кезеңдегі жұмысын аяғына дейін жеткізіп, М.Әуезов пен Ғ.Мүсірепов либреттоны жазған авторлар деген түсінік қалыптастырған.
Осы тақырыпқа жазылған хаттар мен жолданған телеграммалар, ресми мекемелердің бұйрықтарының көшірмелері арқылы біз қазақтың тұңғыш операсының жазылуын қолға алған шығармашылық тұлғаларының жұмыс барысы, дайындық, кімнің қандай міндеттер атқарғандығы, либреттошылар, аудармашы және композитордың ара қатынасы, шығарманың жазылу деңгейі қандай кезеңде екендігін көреміз.
Қолымызда бар хаттардың жазылу ретіне қарай саралағанда сол кездегі мәдени-шығармашылықтың қазанының қайнап жатқан кезіне тап боламыз. Қазақ өмірінен алынған тақырыпқа жоғары деңгейде опера жазу идеясын қазақ өнері мен мәдениетінің қайраткерлерінің жақын досы ақын, ұлы Абай поэзиясын, І.Жансүгіровтің «Күйші» поэмасын алғаш рет 1936 жылы орыс тіліне аударып бүкіл Кеңестер одағының оқырмандарына таныстырған ақын, аудармашы Всеволод Рождественский (1895-1977) болды [7]. Поэзиямен бірге бұған дейін бірқатар опера либреттоларының авторы болған В.Рождественский Ленинград қаласынан Қазақстанған келген алғашқы делегациямен сапар барысында М.Әуезовпен танысып жақсы достық қарым-қатынаста болады.
Шығармашылық ортақ жоба ретінде қазақ халқының өмірінен алынған оригиналды һәм толыққанды тұңғыш ұлттық опера туындысын жазуды ұсынған Халық ағарту комиссариатының композитор Б.Асафьевқа алғашқы хаты 1935 жылдың 3 қыркүйегінен басталады екен [8]. Одақтағы ірі саяси-мәдени орталық ретінде Ленинград шет аймақта орналасқан Қазақстанды қамқорлыққа алып алғашқы таныстықтар екі жақтан арнайы топтар құрылып барыс-келістер нәтижесінде туындаған идея болды. Бұл жерде қонақтармен негізгі келіссөздерді жүргізуші, кейін өзара хат жазысып тақырыпқа, либретто мәтініне, жұмыс кестесіне толықтырулар енгізуде М.Әуезовтің рөлі зор болғанын көреміз.
1935 ж. 19 желтоқсанда Ленинградтан «Ақан – Зайра» операсының орыс тіліне аудармашысы болып белгіленген В.Рождественский М.Әуезовке хаты жаңа операға дайындық барысынан біраз хабардар етеді. Онда ол Мұхтардың алдыңғы жазған хатына жауап беруді кешіктіргеніне кешірім сұрай отырып сол кездері жаңа кеңестік Мәскеудің Үлкен театры мен Ленинградттың Киров атындағы опера және балет театрларының тапсырысымен қауырт жұмыс жасап жатқан танымал композитордың кезекті шығармашылық жобаларының арасында «Ақан – Зайра» операсын жазуды да сыналап ену жолдары мен мүмкіндіктерін көрсетеді. Жерлесі Б.Асафьевті жақын білгендіктен және белгілі замандас композитор ретінде қолай көретінін білдіреді. Осы жобаны сәтті жүзеге асыру жолдарын қарастыра отырып, кездесетін қиындықтар мен басты назар аударуды қажет етер мәселелерге тоқталады. Композиторға, оның шығармашылығына сипаттама бергенде ол: «Имя его котируется очень высоко, он самый культурный из всех наших музыковедов, и потому, опера с Асафьевым была бы большим культурным событием» . [9, 11] – дейді. Одан әрі осы маңызды мәселелерді Жүргеновке жақсылап түсіндіруін өтінеді. «Все это надо растолковать т. Жургеневу, который как мне кажется, смотрить в данном случае очень упрощенно и идет полинии наименьшего сопротивления. В конце концов, «этнографическую оперу на местном материале» может сделать любой способный музыкант. Для этого нет необходимости, тревожить Асафьева или кого-либо из других композиторов того же порядка, вроде: Шостаковича, Шапорина, Щербачеваили Пащенко»-дейді. Кеңестер Одағының ең үздік деген музыканттарымен жұмыс жасау жауапкершілігін, қажеттігін, пайдасын жақсы түсінген Вс.Рождественский мен М.Әуезовтің ұлттық опера қандай болу керек деген мәселедегі көзқарастары бір жерден шыққан. Бұл шығарма сол кездегі опера театрларында үстемдік құрған «үлкен опера» стилінде және Бүкілодақтық сахнаға есептелінуі керектігі баса айтылады. Бұл алдына биік белестерді бағындыруды межелеген үлкен жоба болатын.
Осы кездері Кеңестер ұлттық рес­­­­п­­у­­б­л­икаларында жаңадан ашылған опера театрлары репертуарына орталықтың шығармашылық тұлғаларына опера жаздыруға тапсырыстар беріліп, біраз ұлт републикаларының опералары дүниеге келді. Р.М.Глиэр мен Т.Садыков «Гүлсара» атты өзбек ұлттық музыкалы драмасын жазып, 12 жылдан кейін операға айналдырады, композиторлар В.А.Власов пен В.Г.Фере қырғыз мелодисі А.М.Малдыбаевпен бірлікте, А.Ф.Козловский Өзбекстанда, А.С.Ленский Тәжікстанда, А.А.Спендияров Арменияда өнімді еңбек етеді [10].Көрші республикалардағы болып жатқан осындай опера жасау жұмыс тәжірибесін қалт жібермей бақылап отырған Нарком Т.Жүргеновке жұмыс бабында қазақ жанын терең түсінетін, ұлттық музыка материалында еркін жүзетін кәсіби маман керек болды. Қазақ театры Б.Асафьевтей тұлғамен байланыс жасап, қажетті дайындық жұмысын бастап жібергенімен де мұндай тәжірибенің сәтті шығарына, ойдағыдай ұлт операсы боларына Т.Жүргенов әу бастан күдікпен қараған секілді. Және бұл күдігін өзбек театрының сәтсіздіктерін мысалға келтіре айтуы орынды. Оған осы жерде, республикада қажетті шығармашылық ұжыммен біте қайнасып жұмыс істейтін, өзінің жанынан табылатын композитордың болғаны маңыздырақ болған секілді. Сондықтан да ленинградтық ақын Мұхтарға бастаған істің кілті – төтесінен Мирзоян жолдасқа барып мән-жайды айтып, түсіндірсе қажетті қолдау табатынына күмән келтірмейді.
Композитор Е.Г.Брусиловский Қазақстанға келгеннен кейінгі алғашқы үш жылда үлкен жұмыстар атқарды. Музыкалық лабораторияның жинақтаушы қызметшісінен жаңадан ашылған музыкалық театрға шақырылып «Қыз Жібек», «Жалбыр» секілді музыкалық драмалардың авторына айналды. Мәскеуде өткен декада кезінде бұл спектакльдер мәскеулік мамандар тарапынан жоғары бағаланып, ол кеудесіне орден таққан жетекші музыкантына айналып, елімізде негізгі классикалық бағыттағы музыка өнерін дамытуға мол мүмкіндік алды. Декададағы жоғары көрсеткіш опера өнерін дамытудағы келесі қадамдарына жол ашты. Республикадағы мәдениет саласының басшыларына ұлттық бояуы мен нақысы қанық, музыкалық тілі жатық, қазаққа иісі аңқитын тұңғыш «ұлттық» опера жаздыруды ойластыра бастады. Одақтас републикалардағы жетістіктер мен сәтсіздіктерді бақылап біліп отырған Т.Жүргенов қазақ музыкалы театры үшін сапалы, барлық жоғары талаптарға сай опера жаздыруды жатпай тұрмай ойланды. Декадаға дайындық кезінде Мәскеу қаласына сапар барысында ұлттық опера жаздыру екінші шепке ауысқанымен мүлдем тоқтап қалмай, қатар жүрді. Ал, декада аяқталып, негізгі қорытындысы шығарылғаннан кейін театрдың алдындағы негізгі мақсат – өнер ұжымын таза опера және балет театрына айналдыру тұрды. Ол үшін алдымен толыққанды, классикалық үлгідегі опера жаздырып сахнаға қою межеленді. Бұл мақсатқа жетуде 1934-35 жылдардан бері жасалынған, әлі де жасалынатын композитор Б.Асафьевпен шығармашылық байланысты бекіте түсу керек болатын. Бірақ,осы жерде шығармашылық үдерістің кейбір тұстары созылыңқы сипат алуы, алыстағы композитормен жылдам байланыс жасаудың ұзаққа созылуы да кері әсерін тигізген секілді.
Бұл алғашқы ұлттық опера жасауға кірісуі, дайындық, талқылаулар, пікір алмасулар қашан, қалай жүрді? – деген мәселеде алдымен бұдан 80 жыл бұрынғы жазылған құжаттардан жауап іздейміз. Алдымен «Ақан – Зайра» операсының либретто авторлары М.Әуезов пен С.Мұқановтың Халық ағарту комиссариатының авторларымен 1935 жылы жасасқан келісім шартта Қазақстан Халық ағарту комиссариаты тарапынан орынбасар Жантілеуовтің авторлармен жасаған келісім-шартының алғашқы пункітінде: «Қазақ ұлттық операсы жазылуына ықпал ету мақсатында біз, авторлар М.Әуезов, С.Мұқанов оның либреттосын жазуды міндеттеме етіп аламыз. Либретто тақырыбы «Ақан Сері» [9, 354] – деп жазылған. Бұл міндеттемедегі болашақ операның алғашқы атауы болатын. Институт шығарған М.Әуезовтің 50 томдық толық шығармалар жинағының 14 томына енген либретто мәтіні алғаш рет жарияланды. Келісім шарттың 2 пунктінен біз «Наркомпрос тарапынан композитор Асафьевтің музыкалық шығармасына арналған авторлардың жазған либретто тақырыбы мақұлданды» – деп жазылған жолдарды оқи отырып, тапсырыс берушілер композитормен опера жазу мәселесіне осы кезге дейін алдын ала келісімін алғандығын көреміз. Осы келісім шарттың 8-9 пунктінде авторларға қаламақы көлемі 15 000 сом көлемінде белгіленіп, қаражаттың 30 пайызы келісім шартқа қол қоюы кезінде, қалған 70 пайызы жұмысты толық орындап тапсырыс берушілерге өткізгенде төленетін болып келісілген. 1935 жылдың 8 маусымында Б.Асафьевтің атына жіберілген алғашқы 3000 сом көлеміндегі авансты композитор сол жылы 17 қазанда алғандығын Кисловодскіден жазған хатында растайды. Бұдан түйіндеріміз екі жақты алғашқы ұлттық операсын жазу мәселесі 1935 жылдың жазында бастау алады.
Cонымен, бұл опера жыры неден басталды? 1935 жылы 3 қыркүйекте ҚАССР Ағарту комиссарының орынбасары Ибрагимовтың атынан Ленинград қаласына Б.Асафьевке хат жолданып, онда бірлікте опера жазудың нақтылы жоспары, алғашқы қадамдарды неден бастау керектігі айқындалды. Композиторға тұңғыш ұлттық операсының либретто жобасының желісін жібере отырып, әрі қарай қалай жұмыс жасау керектігіне, іс әрекетке баратын жұмыстың бағыт-бағдары мен жоспарын ұсынады. Ресми мекеме мен композитор арасындағы байланысты ұйымдастырушы өкіл болып А.Жұбанов белгіленеді. Бұл алғашқы жобалық нұсқада операның атауын «Дала дастаны» деген жұмыс атауымен композиторға ұсынылады да композитордың опера желісіне байланысты пікір білдіруін сұрайды. Поэтикалық мәтіннің әлі қолға алынбағаны, композитор тарапынан ескертпелер жасалғаннан кейін толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп барып жазылатыны хабарланады. Кәсіби композитордың қазақ опера либреттосының желісіне байланысты ескертпелері шын мәнінде маңызды болатын. Оны біз композитордың Кисловодск шипажайынан жазған толық та тұщымды жауабынан оқимыз. Композитор қазақтың жазушы қаламгерлеріне опера либреттосындағы драматургиялық тартыс, кейіпкерлер арасындағы қақтығыс, олардың көңіл-күйін бейнелейтін лирикалық толғаулары, т.б. музыкалық театр сахнасын, опера жанрының қажет ететін шарттылықтарына құрылатын өзіндік ерекшеліктерін танып білуге, терең түсінуге мүмкіндік берді. Шығармашылық топтың екі бөлек жұмыс істеуінің қиын болатынын ескере келе композиторға Алматыға келуді немесе либретто авторларының Ленинградқа баруын қамтамасыз ететінін, әрі қарай шығармашылық жұмыс тек тығыз қарым-қатынаста өтуі керектігін баса көрсеткен олар: «По мнению Наркомпроса и авторов либретто, дальнейшая работа над текстом мыслима только при ближайшем сотрудничестве с Вами авторов либретто» – деп тұжырымдайды.
1936 жылы 12 сәуірде ақын аудармашы В.Рождественский М.Әуезовке жазған қысқа хатында опера либреттосының «екінші суретін аяқтап машинкаға теруге бергені, үшіншісіне кірісіп кеткендігі» – жайлы жазады [9, 12-13]. Жұмыс ойдағыдай жақсы жүріп жатқандығы, Сәбиттің поэтикалық мәтіндері жеңіл, орысшаға аударуға ыңғайлы екендігі драматургиялық өңдеуден кейін либретто орнықты болғандығын хабарлайды. Бұл кезеңде либретто авторлары мәтінді аяқтап оның тікелей аудармасын поэтикалық тілмен тігісін жатқызып береді.
1936 жылдың басынан «Ақан – Зайра» операсының либретто авторлары Ленинград қаласында 15 сәуірге дейін іс сапарда болып қайтады. Негізгі мақсаттары «композитор Б.Асафьевпен қазақтың тұңғыш ұлттық операсын жазу үшін шығармашылық бірлікте жұмыс жасау» [8]- делінген арнайы бұйрықта. Бұл композитормен бұған дейінгі хат арқылы байланыста болып пікір алысқан операның музыкалық драматургиясына, кейіпкерлердің сомдалуына, сөз саптауларындағы ерекшеліктерді, жалпы авторлардың жасалған жұмысты жинақтап әрі қарай туындаған мәселелерді бірлікте шешуге бағытталған іс-сапар болатын.
Осы іс сапар барысын толықтыратын бір қызғылықты деталь ҚАССР Ағарту комиссарының орынбасары Ибрагимовтың қолымен 1936 ж. 13 қаңтарында 3-ші Граммпластинка фабрикасына (Государственный союзный трест граммофоно-пластиночный промышленности (1933-1938) жазылған «Граммпласттресттің 3 фабрикасына» өтініш хаты. Онда: «Наркомпрос КАССР просит дать возможность приобрести писателям КАССР тт. Мухтару Ауэзову и Муканову пластинки по 3 экземпляра из образцов народной казахской, узбекистанской, татарской, уйгурской и киргизской музыки, на предмет ознакомления и выявления мелодий национальностей с целью создания новой казахской оперы совместно с композитором Асафьевым» (жазылу стилистикасы сақталған) [8]- дейді. Байқағанымыздай, өзге мәдениеттің белгілі өкілін қазақ музыкасының үздік үлгілерімен таныстыру жолын ХХ ғасырдың 20-30 жылдары арнайы барып дауыстарын жаздырған, музыкалық аспаптарда орындап кеткен үздік орындаушылардың таспалары арқылы жүзеге асырған. Е.Брусиловский секілді қалың қазақтың ортасында жүріп кезекті шығармасына қалаған музыкасын лезде жазып ала қоятын мүмкіндігі болмаған кезде техниканың мүмкіндігі көмекке келіп, либретто авторларымен бірге әнші, күйшілерді қосақтап жіберу мәселесін шешкен. Хаттағы қазақтан кейінгі көрші қонған түркі халықтарының музыкасын да сұратуының мақсаты композитордың қазақ музыкасын игеруді жеңілдету, көрші туыстас шығыс халықтармен салыстыра отырып, өзгешеліктерін ашуға көмекші құрал ретінде пайдалар деген пайымдаулары деп білеміз.
М.Әуезов Семей қаласына оқуға келгеннен бастап қала мәдениетіне, соның ішінде жастар арасындағы театр өнеріне ерекше қызығушылық танытады. Қаладағы орыс, татар театрларының ойындарына барып алдыңғы қатарлы замандастары Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев т.б. секілді талантты өнерпаздармен қазақ топырағындағы театр өнерін жасау ісін белсенді қолға алады. Қазақ сахнасына қойыла бастаған алғашқы музыкалық спектакльдер: «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» т.б. опералардың салмақты бағасын беріп театрдың бағыт-бағдарына өткір сын көзбен қараған, артық кем тұстары кездессе түзеген сыншы.
М.О.Әуезовтің қазақ музыкалық театрының қалыптасуына, дамуына тигізген ықпалы ерекше. Ол Қазақстанда ашылған драма театрының, араға 8 жыл салып барып музыкалық (опера) театрларының басы-қасында болып, іргесін қалап, шаңырағын көтерген, ұлт опера театрының жаңа белеске көтерілуіне себепкер болған қазақ сахна өнері үшін айтулы тұлға. Оның алғаш рет «Айман-Шолпан» комедиясының авторы ретінде жалпы кәсіби драма театрдың қалыптасуына тигізген еңбегі зор.
Ұлттық опера либреттосы үшін күрес музыкалық театрдың құрылған алғашқы күнінен-ақ басталып кетті. Қандай тақырыпта, қай аңыз ертегі, жырдың сюжеті, қайсы тарихи оқиғалар желісі театр репертуары үшін құнарлы азық боларын алдын-ала болжаған драматург өзге қаламгерлермен өзара қызу «социалистік» жарысқа түсіп кезектесіп жаңа туындыларымен көрермендерін қуантып жатты. Ғ.Мүсірепов, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезов т.б. қазақ жазушы драматургтердің қаламынан шыққан әр алуан жанрдағы драмалық туындылар сиясы кеппей жатып сахнаға дайындала бастайды.
Музыкалық театр шымылдығын ашқан «Айман – Шолпан» комедиясының тұсауы кесілді де даңқы халық арасына кеңінен тарап кетті. Қ.Байсейітовтың айтуынша қала халқының үй мен түзде жүріп жатқа айтатын сүйікті туындысына айналды. М.Әуезов жазған пьесада жазылған кесек-кесек фольклорлық кейіпкерлер мен қайталанбас халық ауыз әдебиетінің тұлғалары музыкалық театр сахнасында өзінің өміршеңдігін барынша дәлелдеді. Тұсауы кесілгенде көреремендер бір емес бірнеше мәрте қайталап көруді армандаған спектакльдегі халықтық мотивтердің, тұрмыс салтының ән-күйінің молдығы, оларды орнымен жиі қолдану қазақ көрерменіне қажетті ойын-сауық түрінің формасы табылғандай болды. Драма театры сахнасындағы кезектесіп көрсетілген драмалық сахналар мен концерттік бөлігінің біртұтас туынды бойынан табылуы, жаңадан бой көтерген музыкалық театр спектакльдерінің ойынын халық жылы қабылдауының басты жетістігі болды. Музыкалық театр спектакль қойылғаннан кейін аты, онда қолданылған ән-күйлер лезде ел ішіне кеңінен тарап кете барды.
Халық ағарту комиссары Т.Жүргенов-тің тікелей назарында болған бұл театрдың даму жолында жаңа авторлар тартып репертуарын көбейту, театрдың материалдық-техникалық мүмкіндігін дамыту, кадрлармен қамтамасыз етуде аз ғана уақыт аралығында біраз шаруалар тындырылды. Алғашқы жеңістері болған «Айман – Шолпан», «Шұға», «Қыз Жібек», «Жалбыр» музыкалық пьесаларынан кейінгі театрдың келесі қадамы, алдыға қойған межесі толыққанды опера жазып сахналау болды. Бұл әрине дәл осы кезде жүзеге асуы қиын шаруа болды. Кәсіби композиторы, білікті режиссері, классикалық үлгіде консерваториялық тәрбие көрген вокалисті жоқ театрдың қолда бар халық ішінен шыққан таланттар шоғырынан толыққанды опера жазып сахналауға алған бағыты шын мәнінде үлкен ерлік. Театрды басқарған, театрдың дамуына жауапты азаматтардың көздеген мақсатына сенімі кәміл болуы осындай нар көтере алмас жүкті көтеруге деген жанкешті әрекеті ерекше назар аударуға тұрарлық.
Зерттеуші Т.Әкім 20 томдыққа берген ғылыми түсінігінде: «мұнда композитордың өмірі мен шығармашылығы жөніндегі деректерден «Ақан – Зайра» операсына қатысты ешнәрсе кездеспейді, бұл жұмыстың қандай дәрежеге жетіп тоқтағаны да, оның аяқталып-аяқталмағаны да белгісіз. Сахнаға шықпауына қарағанда оның өз деңгей-дәрежесіне, жетер жеріне жетпеген болуы да мүмкін» [11,355] – дейді. Бұл пікірді толықтыра түссек, операның аяқсыз қалуына сол кездегі қалыптасқан әр түрлі қоғамдық, саяси, мәдени үдерістер секілді бірнеше себептердің ықпалы болғандығын көреміз. Опера авторларының республикалық газет бетіндегі 1935-36 жж. жарияланған сұхбаттарынан олардың қарқынды жасалған жұмысын көреміз. Бірақ, жазылған либретто опера күйінде аяқталып сахнаға шықпады. Б.Асафьев 1936 жылы 10 сәуірде «Казахстанская правда» газетінде жариялаған сұхбатында операның жазылу барысы, алдағы жоспарлары жайлы керемет ойларымен бөліседі. Осы жерде композитор «Я с нетерпением жду приезда в Ленинград участников декадника казахского искусства, – непосредственное знакомство с постановками Казмузтеатра и репертуаром Казахской филармонии значительно облегчат мою работу над оперой. В июне я собираюсь приехать в Алма-Ата для изучения музыкального фольклора на месте, с тем, чтобы уже к зиме закончить оперу» [12]– дейді.
Композитордың осы жоспарларының бірде-бірі жүзеге аспай қалады. Неге? Оған декада қорытындысындағы шешім де әсер еткені әбден мүмкін. Тапсырманы төтесінен қойып оның тез орындалуына назар аударатын Ағарту комиссары Т.Жүргенов декададан кейін опера жазуды ұзаққа созбай жеделдету керектігін талап етеді. Ол Б.Асафьевтің Алматыға келіп кетуін, музыкалық материал жинауын, операны жылдың аяғында жазып бітуін күте алмасы анық. Оны онкүндік барысында өзінің ісімен дәлелдеген, мәскеулік театр және музыка мамандарының оң бағасын алған Е.Брусиловскийді таңдауы, оған шұғыл түрде алғашқы ұлттық опера жазуға кірісуді тапсыруы анық.Екі арадағы «Ақан – Зайра» операсы жөніндегі байланыстар осыдан кейін тоқтағанмен Б.Асафьевті бірнеше мәрте республика басшылығы тарапынан жаңа музыкалық туындылар мен екінші ұлттық опера шығармасын жазуға тарту мәселесі көтеріледі [4, 27]. Бұл жобалардың да жүзеге толық аспағанын өмір көрсетті. Қазақ музыкалық театры не ұтты?- деген сұраққа келсек, осы шығармашылық байланыстың ұмытылмастай мұрасы ол академик Б.Асафьевтің қазақ музыкасы, оның табиғаты мен өзіндік ерекшеліктерін терең түсініп жазған бірнеше зерттеу мақалалары. Қазақ ән-күй мұраларына берген өте жоғары бағасы.
Ал, М.Әуезовтің «Ақан – Зайра» атты ақындар, әншілер өмірінен алып жазылған алты суретті күйлі пьесасының еліміздің драма театры сахнасына қойылғандығы жайлы да деректі кездестірген жоқпыз. Оған алдымен операның аяқталмай қалуы, Мәскеу қаласында сәтті өткен декададан кейінгі республика басшыларының «Ер Тарғын» алғашқы ұлттық операсын Сағыр Камаловтың либреттосымен Е.Брусиловскийге тапсыруынан деп білеміз. 1936 жылдың аяғында дайын болуға тиіс опера жайлы Б.Асафьев шығармашылығы одан әрі де жалғасын тапқанымен аяқталмаған қазақ операсын жазуды жалғастыруға, немесе әр түрлі ұсыныстар болса да жаңа тақырыпта жазуға бармаған.
Жазушының жоғарыда келтірілген 14 томында берілген драма театрына арналған «Ақан – Зайрасына» келсек, мәтіні сахнаға қоюға мүмкіндігі мол көркем жазылған туындымен кездесеміз.Осы жерде қазақ әдебиетінің классигінің бұл пьесасын театрларымыз неге назардан тыс қалдырды? – деген сұрақ туындауы заңдылық. Бұл сұраққа бірнеше себептер болған.
Алдымен, пьеса режиссерлер мен театрларымыздың назарына мүлдем ілікпеуінің себебін біз, бұл шығарманың әу баста драма театры сахнасына емес, опера либреттосы ретінде жазылуынан деп білеміз. Себебі, С.Мұқанов пен М.Әуезов алғаш шығарманы бірге жаза бастаған 1935-36 жылдарда драма сахнасына пьеса емес, операға азық болар либретто деп дайындаған болатын және сол 1936 жылдың аяғына дейін опера сахнаға шығады деген сенім мол болды. Сол себептен де опера жобасы жүзеге аспағасын, шығарманың тағдыры опера үшін жазылған либретто деген шеңбер түсінігінде қалып, драма режиссерлерінің қызығушылығын тудырмаған. Бұл жерде драмаға түсінік жазған Т.Әкім ағамыздың пікіріне назар аударсақ: «Оның қазақ тіліндегі үзіндісі 1936 жылдың 17 мамырында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланғаннан қайтып, жиырма томдық шығармалар жинағына дейін ешқайда басылмаған»[ 11,] -дейді. Демек, 46 жыл бойы пьеса жарияланбай келуі, шығарма оқырманға, театр мамандарына жетпеген және әлі күнге дейін насихаты мардамсыз болған.
Екіншіден, араға бірнеше жыл салып 1941 жылы дәл осы тақырыпқа Ғ.Мүсірепов жазған «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясы дүниеге келіп, пьеса қазақ театрларының репертуарында берік орныққаннан кейін режиссерлеріміз бұл Ақан сері тақырыбына жазылған туындыны іздемей назардан тыс қалдырған. Бүгінде, арнайы осы саламен айналысатын театр, әдебиет зерттеушілері болмаса, үлкен ізденіспен барын сала жазған қаламгердің «Ақан – Зайра» музыкалы пьесасы бар екендігінен біраз қауым әлі де болса бейхабар қалып, үнсіздік жалғаса беретін секілді.
Қорыта айтқанда, өткен ғасырдың 30шы жылдары музыкалық театрдың тарихында құрылуы, қазақ ұлттық операсының дүниеге келу жолында үлкен жұмыстар жасалды. Осы кезде халпы қазақ театрымен түбегейлі айналысып оның барлық саласын қамтуға тырысқан, репертуарлық саясатын жасау мәселесіне белсенді араласқан М.Әуезовтің рөлі зор. Осы кезеңде қаламгер шығармашылық қоржыны және бір туындымен толығып автор өзінің драматургтік қыры, музыкалық шығармаға арнап либретто жазу шеберлігін жоғары білімді академик Борис Асафьевпен бірге ұштады. Бұдан кейінгі әр жылдары жазылған «Бекет» (1939), «Төлеген Тоқтаров» (1947, 1961), «Абай» (1944) либреттолары, жазушының шығармалары негізінде жазылып опера және балет театрының сахнасына қойылған «Еңлік–Кебек» операсы (1974 ж., либретто С.Жиенбаевтікі, композиторы Ғ.Жұбанова, режиссері Ә.Мәмбетов) мен «Қарагөз» балеті (1987 ж., либретто Ә.Мәмбетов, балетмейстері Г.Алексидзе) шағармашылық бастаудың заңды жалғасы, қазақ музыкалық театрының алтын қорынан орын алған туындыларға айналды.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. http://www.unikaz.asia/ru/content/ vernye-lenincy-v-kazahstane
2. Әуезов М., Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: «Фолиант», Т. 8.
3. Әуезов М., Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: «Фолиант», Т.11. 2004. 376 бет.
4. Омарова А. «Ақан – Зайра» М.Ауэзова и С.Муканова: К истории оперного либретто. // Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Хабаршысы. № 4, 2015 http://knk-nauka.kz/wp-content. Вестник-консерватории_2015-12.pdf].
5. Мүсірепов Кенесарыны неге ұнатпады, Ұлпанды қалай асқақтатты? //Абай-ақпарат 1 Қазан, 2012. [https://abai.kz/public/index.php/post/14800]
6. Кәрімхан P. 115 жыл бұрын Александрияда білім алған қазақ қызы. https://aikyn.kz/2017/01/26/
7. https://ru.wikipedia.org/wiki/
8. Самигуллин И. По следам одного сотрудничества //http://map.nklibrary.kz/ pdf/mukanov/po_sledam.pdf
9. М.О.Әуезовтің шығармашылық мұрасындағы белгісіз материалдарды зерттеу, жүйелеу, жариялау. Ұжымдық монография. – Алматы: баспасы «Print Express» 2017. -554 бет.
10. ttp://www.classic-music.ru/opera_history_ussr.
11. Әуезов М., Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 14 том. 2004. 376 бет.
12. «Ахан и Заира». Композитор Б.В.Асафьев о своей работе над казахской оперой.//«Казахстанская правда» 10 апреля 1936 год.

Аманкелді МҰҚАН,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты

Алдыңғы «
Келесі »