100 жаңа оқулық – аса мазмұнды жоба

  • 22.11.2018
  • 1443 рет оқылды
  • 10

Қазақстан Кеңестер Одағының құрамында болған кезеңдегі 70 жылғы  отаршылдық  зардаптарының рухани саладағы сарқыншақтары бүгінгі күнге дейін сақталып отырғандығы жасырын емес: білім беру  саласындағы қазақ тілді топтарға арналған қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу құралдарының әлі де жетіспеуі, Кеңестер Одағының идеологиясына сәйкес келе бермейтін  әлемдегі қоғамдық ғылымдардағы бізге қажетті ақпараттардың қолжетімді бола бермеуі, т.б. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, бұл саланы сауықтыру мақсатында аудармашылар мен қазақ тілді ғалымдарымыз айтарлықтай еңбек етіп келеді. Дегенмен, бұл игілікті іс үздіксіз әрі қарай жалғасын таба беруі тиіс. 

Осыған орай, Елбасы өзінің өткен жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласында: «Екіншіден, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз. Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек», – дей келе, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша қазақ тілінде оқулықтар дайындау мәселесіне айрықша назар аударды.
Ұлттық аударма бюросының шешімі негізінде бүгінгі таңда Қазақстандық бір топ аудармашы ғалымдар қауымы философия, әлеуметтану т.б. қоғамдық ғылымдар бойынша жазылған әлемдік білім беру кеңістігіндегі ең таңдаулы деген бірнеше оқулықтарды іріктеп алып, оларды қазақ тіліне сәтті аударып шығып, оқырман қауымға ұсынып отыр. Мұнда Антикалық философия, Орта ғасыр философиясы т.б. дәуірлер мен философиялық антропология саласы, әлеуметтану теориясы, т.б. қамтылған. Олардың сапасы да сарапшылар тарапынан жоғары деңгейде деген бағаға ие болды. Ол оқулықтарды аударуға ғылыми қызметкерлер мен жоғары оқу орындарының білікті мамандары қатысты. Бүгін де бұл игілікті үрдіс әрі қарай жалғасын тауып келеді.
Қазіргі таңда қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулықтың инновациялық білім беру аясында мынадай маңызды ерекшеліктері бар екендігін былайша жинақтап көрсетуімізге болады.
1. Бұл оқулықтардың төлтума нұсқасынан, негізінен, оқулық жазуға маманданған білікті ғалымдар қаламынан туғандығы анық байқалып тұр. Сондықтан, бұл бір қырынан, шет елдік ғалымдармен оқу әдістемелік жағынан тәжірибе алмасудың, «өздігінен-ақ біліктілікті арттырудың» бір көрінісі тәрізді деп те айтуымызға болады. Бұл өркениетті елдердегі инновациялық оқытудағы оқулық жазудың нұсқаларынан да үлгі алуға болады, қажетті, тиімді, оңды жақтарын өзімізге пайдалануға да берілген мол мүмкіндіктер деген сөз. Сонымен отандық авторлар КСРО кезіндегі ҚӘГҒ бойынша жазылған оқулықтармен бұрыннан таныс. Жаңа оқулықтармен енді танысуға мүмкіндік алады. Міне соларды жақсы талдай келе өзіміздің келешек авторлар өз оқулықтарын әлемдік озық тәжірибелерді салыстыра отырып жаза алатын болады.
Бұл оқулықтарды аударып, толықтай оқып шыққанда, біз, олардың тек мазмұнын ғана емес, сонымен қатар, қазіргі заманғы шет елдік танымал ғалымдардың ойлау машықтарымен, ғылыми айналымдағы сөз мәнерлерімен, идеяны жеткізу тәсілдерімен, тетіктерімен, қоғамдық ғылымдарды түйсіну деңгейлерімен де ерікті-еріксіз түрде тәжірибе алмасамыз.
Келесі бір үлкен мүмкіндік те Қазақстанның осы Болон үдерісіне енуімен байланысты. Болондық келісімшарт бойынша, әр елдің студенті, магистранты мен докторанты оқу мерзімі кезінде, ұтқырлық жоспары бойынша, шет елдердегі бір жоғары оқу орындарында жарты жыл оқудан өтуі керек. Міне біздің студенттер мен докторанттар сол елдерге барғанда, аударылған озық оқулықтар арқылы, олардың студенттері оқыған оқулықтардың деңгейінде еркін түсінісе алатын болады. Ал, қазіргі кезде ондай мүмкіндіктер жоқ. Шетелдерге ұтқырлықпен барған студенттеріміз бұрын өткен пәндерінің мазмұнын қайтадан жаңаша меңгеруге тура келуде. Бұл үлкен кедергі.
2. Соңғы уақыттарда елімізде шығарылған, ғалымдарымыз өз бетінше аударған оқулықтар мен оқу құралдары еліміздің түкпір-түкпіріне тарамай, тек белгілі бір қала немесе аумақ шеңберінде сақталып қалатындықтан, әрі мардымсыз данасы баспадан жарық көретіндіктен, олар барша қазақстандық студенттерге қол жетімді емес болатын. Себебі, қазіргі ғалымдарымыздың еңбектерінің сұранысқа жеткілікті данасын баспадан шығаруға демеушілер табыла бермегендіктен, олар өз қаржысымен аз мөлшердегі данасын шығарумен ғана шектеліп отыр.
Бұл 100 жаңа оқулықтың баршаға қолжетімділігі де қамтамасыз етілген. Бұл үдерісті: «Оқулықты шығару бар да, оған деген қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңызы бөлек. Бұл тұрғыда мемлекет әрбір білім алушының біліктілігін жетілдіруге ынталы азаматтардың әлемде жоғары сұранысқа ие оқулықтарды тегін пайдалануын қамтамасыз етті. Екіншіден, әр оқулықтың таралуы 10 мың және еліміздің барлық жоғары оқу орны мен өңірлік кітапханаларға таратылды» деп Н. Шаяхметов баса көрсеткен болатын.
3. Оқулықтардың сөз мәнерлері негізінен түпнұсқада нақты, дәл, барынша анық ойлармен жеткізіл-гендіктен, аудармашылар да нақтылыққа бағдарланады. Сондықтан, оқулықтарды аударған авторлар да осы мәнердің ізінен ауытқымайды. Кейде, біздің оқулықтар орыс тіліндегі оқулықтарды тікелей аударып, құрастырылғандар ретінде ғана жұмыс істейді. Әрине, бұл біздің отанымыздағы қазақ тілінде жарық көрген оқулықтар мүлде жарамсыз дегенді білдірмейді, олар да баламалы көздер ретінде сақталып қалады, білім алушы оларды пайдаланып, өздігінше баға береді, тиімдісін, оңтайлысын, өзіне қолайлысын сұрыптайды, осылайша, оқулықтар өзінің обьективті бағасын алатын болады. Сөйтіп, ғылыми және білім берудегі бәсекелестік алаңы арқылы оқулықтардың сапасы да өздігінен арта беретін болады.
4. Көптеген бұрмаланған немесе қате түсіндірілген философтардың идеялары бұл оқулықтарда өзінің шынайы мағынасына ие болған, қайтадан төлтума кейпінде баяндалған. Сондықтан да, бұл оқулықтар барынша объективті мазмұнды қамтиды деп айтуымызға болады. Мәселен, философия тарихындағы Платонның идея мен материя жөніндегі көзқарастары, Ф.Бэконның үңгірлер туралы пікірлері, М.Хайдеггердің іргелі онтологиясы т.б. сәл-пәл өзгешелеу баяндалатын тәрізді.
5. Бұл оқулықтардың тағы бір өзгешелігі өркениетті елдердегі білім беру жүйесіне орай, мазмұндары барынша толық, сондықтан, әрі көлемді (300-850 бет аралығында). Біздегі білім алушылар, ғалымдардың түпнұсқаларын оқымай, кей жағдайда оқулық деңгейімен шектелетін болғандықтан, толыққанды білім алу үшін олардың көлемдері шағындау. Демек, білім алушылар аударылған жаңа оқулықтардан барынша толық мағлұматтар ала алады. Жаңа оқулықтардағы түсіндірмелер мен баяндаулар барысында философтардың шұғылданған мәселелері барынша толығырақ қамтылады. Мәселен, «Антикалық философия тарихы» деген оқулықта Аристотельдің логикасы, этикасы, жалпы метафизикалық ойлары т.б. арнайы бөлек-бөлек көрсетіледі. Сондықтан, олар әлемдік білім беру стандарттарына сай келетін жаңа жобаны барынша толықтай қамтамасыз ете алады. Оқулықтың сапасын Н. Шаяхметов олардың бірнеше рет басылғандығымен де дәйектейді: «Біріншіден, ұсынылып отырған оқулықтар әлемде сұранысқа ие, кемінде үш мәрте қайта басылған болуы тиіс. Мәселен, қазақ тіліне Дэвид Майерс пен Жан Тунждың «Әлеуметтік психология» оқулығының 12-басылымы, «Әлеуметтану негіздері» (авторы Дэвид Бринкерхоф) оқулығының 9-халықаралық басылымы аударылса, әлемдік білім беру кеңістігінде іргелі еңбек ретінде танылған «Экономикс» оқулығының 4-халықаралық басылымы аударыл-ған».
Дегенмен, келешекте, қоғамдық ғылымдардағы, оның ішінде, философиядағы аударма ісін одан әрі жетілдіре түсу үшін, біз, мына жағдаяттарды ескеруіміз керек:
1. ХІХ ғасырда-ақ Ш. Уәлиханов-тың: «Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең тамашасы» деп берген бағасына орай, шындығында да, ана тіліміз тек әдеби емес, бүгінгі таңда ғылыми стиль жағынан да белгілі бір деңгейде жетілді деп айта аламыз. Әрине, техникалық, жаратылыстану ғылымдары жағынан кемшін қалып жатқан тұстары болуы мүмкін. Бірақ қоғамдық ғылымдар саласында бай сөздік қорымыздың арқасында біздің тіліміздің ғылыми стилі одан әрі кемелдену үстінде. Мәтіндерге үңілсек, орыс, ағылшын тіліндегі қоғамдық ғылым саласы бойынша жазылған еңбектерде сөйлемдердегі сөз қайталаулар жиі кездеседі және ол аса бір кемшілік болып та табылмайды. Ал, қазақ тіліндегі ғылыми еңбектерде бір абзацта бір сөзді қайталамау талабы бар. Мәселен, орыс тіліндегі «проанализировано» деген сөздің аудармасына «талданды», «зерделенді», «сарапталды», «таразыланды», «сараланды», т.б. бірнеше сөздер сәйкестене береді және олар ғылыми айналымға енгізілген аса қолайлы түсініктер болып отыр. Сондықтан да, аударма калькалану түрінде емес, негізінен мәтіннің негізіндегі мағыналық пен басты мазмұнды негізге алу керек. Мәселен, «…и,…» деген мәтінді кейбір аудармашылар «…., және …» деп көрсетеді. Қазақ тілінің өзіндік әдебі мен тәртібі бойынша «және» сөзінің алдына үтір қойылмауы тиіс. Бұл жердегі «И» негізінен «сонымен қатар», «сондай-ақ» деген сияқты мағыналарға жуықтайтын тәрізді.
Ұлттық аударма бюросының директоры Р.Кенжеханұлының өзі де бұл ахуалдың күрделілігін былайша түсіндіріп өтеді: «Мысалы, негізгі атауын тура қазақшалағанда көңілге қонымсыз, қазақы түсінігімізге томпақ келетін аудармалар болды. Біз солармен көп жұмыс істедік. Тіпті әлі де кейбір кітаптың қазақша атауын нақты бере алмай отырмыз. Karen Armstrongтің «A Histori of God: 4000 year guest of Judaism, chritianiti and islam» атты туындысы (Орысша «История Бога») деген атауды тура аударсақ, «Құдайлар тарихы» болуы керек. Ал, біздің сенім бойынша тура солай беруге болмайды. Сонымен қатар, Elliot Aronsonның «The Social Animal» атты туындысын да қазақша атау тым күрделі. Мысалы, «Әлеуметтік хайуан» немесе «Қоғамдық жануар» деп атау қазақы болмысымызға жат». Мүмкін бұл «Әлеуметтенген хайуан», «Қоғамдық ортаға тағайындалған хайуан» т.б. болып аударылуы қажет. Өйткені, аудармадағы сөз санына, қосымшаларына да баса назар аудара бермеу қажет секілді. Ал «История Бога» – «Құдайлардың бастан өткергендері» шығар. Мәселен, Мысырдағы «Книга мертвых» – «Өлілер кітабы» деп емес, «Аруақтар кітабы» деп аударылса қалай болар еді.
2. Қазақ тілі мен философияны жетік меңгерген мамандардан құралған кәсіби аудармашылар мектебін құру және оған тұтас мәтінді стилистикалық, грамматикалық жағынан қайта тексеретін тілші мамандарды тартуға тиіспіз. Ал, ағылшын тілінен аударушылар ағылшын, қазақ, орыс тілдерін еркін меңгерген білікті философ болуы қажет. Ең бастысы – аударылатын емес, аударылған тілді жетік меңгеру керек. Әрине, аударылған оқулықтарда 15-20 ғалымдар тобынан құрылған редакция алқасында, пікір берушілерде, редакторларда т.б. барлығы жиырма шақты білікті мамандар бар. Бірақ аударатын тіл мен аударылған тілді және сол ғылым саласын жетік меңгеретін аудармашылардың кәсіби мектебі бізде құрылмағандығы рас.
3. Философияны таза қазақ тілінде сөйлетуді одан әрі өркендету. Бұл ілім барлық мамандықтағы 2 курс студенттеріне оқытылатын міндетті пән болып табылады. Дегенмен, студенттер тарапынан философия ғылымын жете түсінбейтіндігі туралы шағымдар жиі айтылып келеді. Осыған орай, қазақ тілінде дәріс беретін оқытушы-профессорлар философия ғылымының негізгі қағидаларын орысшадан тікелей калька жасамай, баршаға ұғынықты, өте қарапайым тілмен жеткізуге баса мән беруі тиіс. Күрделі ойды қазақ тілінде қарапайымдандырып барып жеткізудің студенттерге, магистранттарға, докторанттарға арналған технологиясы жасалуы тиіс.
4. Бір еңбектің аудармасы тек бір туындымен емес, бірнеше баламалы нұсқалармен ұсынылуы тиіс. Ол таңдау еркіндігіне мүмкіндіктер ашады, сонда білім алушылар өздеріне қолайлы аудармаларды іріктеп алып, салыстырып барып қолданатын болады, әрі бәсекелестік арқылы аударма сапасы да арта түседі. Мәселен, «Шыңғыс хан» туралы фильмдердің бірнеше нұсқасы бар, олардың әрбіреуіне көрермен өз бағасын беретін болады.
5. Ғылыми терминдерді қазақ тіліне аудару барысында ғалымдар арасында ортақ бір келісімдер сақталуы тиіс және олар тұрақтануы қажет. Кейбір аудармашылар оларды өз бетінше, басқаша, әр түрлі ұғымдармен береді. Мәселен, «хаос» термині қазақ тіліндегі еңбектерде бейберекетсіздік, жүйесіздік, ұйқы-тұйқылық т.б. бірнеше сөздермен ұсынылған. Аударылмайтын, қазақша мағынасы жоқ терминдерді сол қалпында қалдыру қажет немесе екі-үш сөзбен де беруге болады немесе керісінше. Мәселен, «құт», «заман», «он сегіз мың ғалам» т.б. төлтума қазақ философемдері болып табылатын сөздер орыс тіліне аударылмайды. Мәселен, Спинозаның – «Causa sui»; Дж. Локктың – «Tabula rasa» т.б. ұғымдары орыс тілді әдебиеттерде көп жағдайда орыс тіліне аударылмай, сол қалпында берілетін болған. Шындығында, М. Хайдеггердің терминдерінің аудармасы да тура сәйкес мағыналарды бере алмайды.
Ғылыми таным ерекшелігі – зерттеу нысанының табиғатына сәйкес келетін, қарапайым ой мен тілде кездеспейтін, арнайы теориялық, қисындық ұғымдар мен терминдерді пайдалануда. Көп жағдайда олардың қазақ тіліндегі балама атауларын табу және оларға өздеріне ғана тән анықтамалар беру өте күрделі мәселе. Грек, латын, қазір ағылшын тілдерінен алынған, халықаралық заманауи ұғымдар мен терминдерге айналған сөздердің қайсысын қазақ тіліне аударуға болады, ал, қайсысын аудармай, сол халықаралық атау-термин түрінде пайдалану керек деген мәселені ел болып арнайы талдайтын уақыт жетті. Бұл келешек аударма жұмысына үлкен жеңілдік береді.
6. Философия ауқымды, терең идеяларды саралайтын іргелі ғылым. Сондықтан, негізгі идеядан ауытқып кетпеуіміз керек. Осыған орай, «тексермелі қайта аударма» тәсілін қолдануымыз қажет. Яғни, аударылған мәтінді, қайтадан, керісінше, басқа аудармашы немесе басқаша көзбен қарап, сол тілге аударсақ (ретроспекция жасасақ), ол бастапқы мағынасын қалай беретіндігіне көз жеткізе аламыз.
7. Қазір жоғары оқу орындарында «аударма ісі» (гуманитарлық білімдер негізінде) мамандығы бар. Онда аударматану, аударудың технологиясы мен техникасы, әдісі мен әдіснамасы ғылыми негізде оқытылады. Сондықтан, тек философтар ғана емес, мәтінді бір тілден екінші тілге аударушылар, алдымен, осы сала бойынша арнайы курстардан өтуі тиіс деп ойлаймыз. Сонда калькалап аудару мен түсіндірмелі аударманы қатар қойып салыстыруымызға болады.
Келесі кезекте, ескеретін жайт, өткен кезеңдегі аударушылар тобы бірнеше рет басқосу-кеңестер өткізу кезіндегі анықталған бір нәрсе бар. Ол қазіргі кезде аударылған оқулықтардың тек батыс елдері оқулықтары екендігі. Оларда негізінен тек батыстық ғалымдар мен ғылыми мектептердің еңбектері, көзқарастары келтірілген. Ал, философия, мәдениеттану, тіпті әлеуметтану сияқты ғылымдардың мазмұнына қатысты шығыс ел-дері ғұламалары мен заманауи авторларының жұмыстары да аз емес. Сондықтан, алдағы уақытта шығыс елдері авторлары жазған маңызды оқулықтарды да аудару қажет. Рухани жаңғыру бағдарламасында Президенттің өзі де шет елдік оқулықтарды «әртүрлі тілдерден» аудару керек.
Шындығында, бұл оқулықтарда азды-көпті еуропоцентризмдік сарын-дар да байқалады. Көптеген мәселелер батыс руханияты негізін-де жазылған, шығыстық діл көп ескерілмейді. Сондықтан, түркі-қазақ дүниетанымы туралы мәселелер де қозғала бермейді. Ендеше, келесі кезекте, қазіргі қазақ ғалымдары да халқымыздың ділі мен дүниетанымы туралы ақпараттарды оқулықтар түрінде ағылшын, т.б. тілдерге аударып таратса игі болар еді дейміз. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «сананың ашық-тығы» бөліміндегі айтылған пікірлер тек біржақты болмауы тиіс. Өркениетті елдердің мәдениеті мен тілін игеру, ғылыми-техникалық жетістіктерін бас тартпауымыз керек және оларға да біз өзіміздің жетістіктеріміз бен мәдениетімізді паш етіп, Қазақстанның әлемдік сахнадағы мәртебесін ғылым саласы бойынша да арттыра беруге тиіспіз.
Егер біздің ел әлемнің озық отыз елінің қатарына қосылатын болса, онда біздердің еңбек ету жүйеміз, өмір салтымыз көп жағынан сол озық елдердің жағдайларына жақындайтын болады. Ал, ол елдердегі соңғы жазылған оқулықтардың мазмұнында сол елдердің өздерінің өмір салты, жетістігі мен кемістігі, оларды шешу мәселелері келтірілген. Біздер соларды алдын ала түсінуге, қиындықтарының алдын алып, жетістіктерін біздерде де жетілдіруге деген түсініктермен, талдаулармен таныс бола аламыз. Халық «ақылды өзгенің қателігінен үйренеді, ақымақ ‒ өз қателігінен» деген емес пе. Сондықтан, шетелдік оқулықтарды оқығанда өз өміріміздің келешектегі кейбір жақтарын алдын ала танып-біліп, оның қатерлі жақтарынан алдын ала сақтану мүмкіндіктерін табуға болады дей аламыз. Осындай танысу, талдаулар кезінде руханияттылыққа байланысты да мәселелерді арнайы қарастыруға болады.
Қорыта айтқанда, қазақ тіліне аударылған оқулықтар санаты, баспадан шығарылып, қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпіріне, ондағы барлық кітапханаларға да тарап үлгерді, электрондық нұсқада да жария етілді. Сол сәттен бастап-ақ, білім алушылар мен білім берушілер және осындай мазмұндағы мәселелерге қызығушы қауым игіліктеріне жаратып отыр. Сондықтан, бұндай игі істер әрі қарай да жалғасын тауып отырады деп айта аламыз.

Сапар Оспанов,
ҚазМемҚызПУ қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, философия ғылымдарының докторы,
Берік Аташ,
ҚазМемҚызПУ қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, философия ғылымдарының докторы

Алдыңғы «
Келесі »

10 Пікір бар

  1. 100 жаңа оқулық – аса мазмұнды жоба

  2. 100 жаңа оқулық жобасы шет елдік ғалымдармен оқу әдістемелік жағынан тәжірибе алмасудың, «өздігінен-ақ біліктілікті арттырудың» бір көрінісі тәрізді

  3. осы жобаның ең ұнайтын тұсы 100 жаңа оқулықтың баршаға қолжетімділігінің қамтамасыз етілгендігі.

  4. 100 жаңа оқулық арнайы жобасы таңдау еркіндігіне мүмкіндіктер ашады, себебі бір аударылған оқулық бірнеше версияда беріледі

  5. 100 НОВЫХ УЧЕБНИКОВ ОЧЕНЬ ИНТЕРЕСНЫЙ ПРОЕКТ!

  6. қазіргі қазақ ғалымдары да халқымыздың ділі мен дүниетанымы туралы ақпараттарды оқулықтар түрінде ағылшын, т.б. тілдерге аударып таратса жақсы болар еді

  7. ркениетті елдердің мәдениеті мен тілін игеру, ғылыми-техникалық жетістіктерін бас тартпауымыз керек және оларға да біз өзіміздің жетістіктеріміз бен мәдениетімізді паш етіп, Қазақстанның әлемдік сахнадағы мәртебесін ғылым саласы бойынша да арттыра беруге тиіспіз.

  8. Рухани жаңғыру бағдарламасында Президенттің өзі де шет елдік оқулықтарды «әртүрлі тілдерден» аудару керек деп айтып кеткен болатын.

  9. Болашақ ұрпақ үшін деп Рухани жаңғыру бағдарламасын да біраз жұмыс жасатып тастадық.

  10. Ұлттық жаңғыру дегеніміздің өзі өткеннің, ескірген дүниенің жаңаруымен сипатталады. Ұлттық болмысымызды сақтай отырып, оның заманауи әдіспен үйлесім табуы аса құнды болып отыр.

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.