РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ИДЕЯСЫНЫҢ ТАРИХИ МӘНІ

  • 22.11.2018
  • 760 рет оқылды
  • 0

Үмбетқан Сәрсембин,
философия ғылымдарының
кандидаты

«Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекеге қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады.
Бәсекеге қабілеттілік дегеніміз – ұлттың, аймақтың немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы».
Н.Назарбаев.

Рухани жаңғыру, яғни, кез келген қоғамның, ұлт болмысының мәдени дамуы мемлекеттің рухани өміріндегі қоғамдық сана түрлерінің заман талабына сай жетілуі арқылы көрінеді. Қоғамдық сана дегеніміз мемлекеттің қалыптасуы мен даму жолында, ұлттың тұлғалануында ұлттық мүддені қалыптастыру, қорғау және нығайтуда мәдени құбылысқа айналып отыратын тәжірибелер мен білімдердің, рухани – әлеуметтік құндылықтардың жиынтығы.
Мемлекетті қалыптастыру мен дамытуда, ерекше құбылысқа ие қоғамдық сананың тарихи формалары тіл, мәдениет, тарих, дін, өнер, дәстүр, ғылым, білім, экономика, құқық, сая-сат және т.б. Философия тарихында ірі ойшылдардың ілімдерінде зерделенгендей, жеке адам өзінің рухани қалыптасуында мемлекет азаматына айналуы үшін қоғамдық сананың барлық формаларын толық меңгеру тиіс. Егер, бұлардың барлығы жеке адамның танымында, қоғамдық ортада өмір сүретін болса қоғам тегістей дамиды. Қоғамдық ортада әділеттілік, шынайылық дәстүр, білімді, өнерді кәсіп ету қоғамның ұстанымына айналады. Әлихан Бөкейханов айтқандай, «Өзін-өзі қасқырша шауып отырған жұртта оқу-өнер болмайды».
Уақыт өзгерген сайын адамзат қоғамы да өзгереді, өзгеру үстінде. Қазақ даналығындай айтылған, «елу жылда ел жаңа» деген өсиет қоғамның уақыт талабына сай өзгеріп отыратындығын зерделеуден туындаған. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ (тарихтағы бабаларымыздың ұғымымен зерделесек), қоғамдық сананың рухани жаңғыруы дегеніміз, ұлттың және оның мемлекетінің қалыптасу жолындағы құндылықтар мен мәдени игіліктерді сақтай отырып, жаңа уақыттың өрісінде қалыптасып жатқан дүниелерді игеруі, қабілеті, білімі және өнері арқылы бағындыру, соған ұмтылу. Мәселен қазіргі таңда адамзат қоғамының әлеуметтік, мәдени және саяси дамуы, дамудағы ерекшеліктер әдемдік экономикадағы бәсекеге қабілеттілік арқылы көрінуде. Ал, бәсекеге қабілеттілік қазіргі әлемдік өркениетте биікке қол жеткізген мемлекеттердің тарихында осыдан біраз уақыт бұрын басталып кеткен. Бүгінгі адамзат әлемінде қоғамдық сананың тарихи формаларының қатары бәсекеге қабілетті болудың жаңа дүниелерімен толығуда. Осындай жағдайда уақыт болмысы, қоғамның болашағы өскелең ұрпақтан жаңа дүниелерді меңгеруді талап етуде. Тағыда алаш зиялысы Әлихан Бөкейхановтың сөзіне жүгінсек, «Бұл заманда жылап мұратқа жетем деу – аш түйенің күйсеуі сынды дәрменсіздік». Бүгінгі заманда мұратқа жетудің талабы адам бойында ұлттық сананың, рухтың, білімнің және жігердің болуы. Бұлар адамның бойына тәрбие, адамның ақыл-парасатымен келмек. Ұрпақтың өз заманындағы жаңа дүниелерді бағындыруға ұтымды ұмтылысын және осы жолда халыққа игілігі ортақ дүниелерді бағындырудың тәсілдерін меңгеруін рухани жаңғыру дейміз.
Рухани жаңғырудың элементтері адамның санасында жатады және оның құбылысы ұлттық сана арқылы идеяға, өмірлік ұстанымға айналып отырмақ. Мәселен тарихи дүние ретінде бабаларымыз ертеден бастап ұрпақтың танымын тәрбиелейтін ертегілерді шығарды. Ұрпақты ерлікті иеленіп, елді қорғайтын дәстүрді қалыптастыруға үндеді. Батыр, би-шешен болып жаңа дүниелерді жасауды үйретті. Соның негізінде сонау көне заманда мемлекетті басқарудың үлгісін жазған грек философтары Платон мен Аристотельдің, «мемлекетті ойшылдар басқаруы керек» – деген идеялары дәстүрлі қазақ қоғамында орын алды. Тарихтағы қазақтың рухани өмірінде ойшыл адамдар қабілеті, ұлттық санасы және даналығы арқылы қоғам өміріне рухани өзгеріс әкелді. Сол арқылы ұлттың бірегейлігі, ұрпақтың азаматтық бірегейлігі сақталып отырды.
Тарихтың тағылымы және бүгінгі уақыттың талабы негізінде қарайтын болсақ, рухани жаңғыру әр ұрпақ буынның тарихи сана негізінде өзіндік санасының қалыптасуы. Ұлттық сананы иеленген (ұлттық санасы бар) және өзі өмір сүріп отырған қоғамның өрісін кеңейте білген ұрпақ болмысын рухани жаңғыру құбылысымен өлшейміз.
Ұлттық сана. Сана дегеніміз адам болмысында мағынасы терең әрі күрделі ұғым. Ғылыми әдебиеттерде адам миының атқаратын ерекше қызметі деп көрсетеді. Классикалық неміс философиясының өкілдері тарихта адамның ішкі рухани әлемінің картинасын жасауға ұмтылған. Бірақ бұл да адам санасының феноменін толығымен ашып бере алған жоқ. Сонау Аристотель заманынан бастап философияның өзі осы иррационалды (адамның тәжірибесіне бағынбайтын, ақыл ойдан тыс өмір сүріп жатқан) құбылыстарды зерттеумен келеді. Қалай десекте адамның тәжірибесіне көне бермейтін сана ұғымы адам болмысының рухани мәнін, әлеуметтік өрісін айқындап отыратын құбылыс, адам бойындағы рухани қасиеттерді біріктіріп отыратын нәрсе болып табылады. Философиялық тұрғыдан айтатын болсақ, сана дегеніміз адам танымының негізі, негізгі көзі, адам болмысының ерекше қасиеті. Сана болмаса адам ештемеге жарамайды.
Абай данамыз айтқандай:
Адам – бір боқ көтерген боқтың
қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Менімен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі – ол баяғы.
Кеше бала ең, келдің ғой талай
жасқа,
Кез жетті бір қалыпта тұра
алмасқа.
Адамды сүй, алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?! Шыныменде адам өмірінің рухани мәні адамгершілікпен келіп, осы қасиет арқылы сақталып отырады. Адамгершіліктің негізінде тәрбие, сезімталдық, зеректік, ақылдылық, жанашырлық жатыр. Бұның барлығы адам санасынан шығып, санаға келіп тіреледі. Адамның мінезі мен ой -өрісінен көрінетін бұл қасиеттерді кісілік сананың белгілері дейміз. Адамның жиған білімі, байлығы халықтың, ұрпақтың игілігіне жарамаса ол ештемеге жарамас еді. Қазақ даналығындағы «адам дүниеге жалаңаш келіп, жалаңаш кетеді» – деген ұғым осыдан шыққан. Абайдың даналық сөзіне тағы да назар аударсақ, сананы күтпесе, сананы тәрбиелеп халықтың санасында сөзі мен ісін қалдырмаса адам дүниеге жылап келіп, өзіне киіп өледі. Егер, сана, өзіндік сана (кісілік), ұлттық сана болмаса адам болмысының тарихи мәні ашылмас еді. Жоғарыда айтып өткеніміздей барлық адами қасиеттер, адам танымында өмір сүретін ақпараттар санамен ғана мәнге айналып отырған. Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынов жазып кеткендей, «Өз еркім өзімде, өз ісім өзіме қожа, өзім себеппін деп жүрген адам тұрмыс ісінің орауынан, шырмауынан әр аса алмайды. Адам қанша дана, білімді болса да, қанша қаһарман қайратты болса да, әлеумет оның мақсатын ұқпайтын болса, қайраткер қамалға жалғыз шапқан батырдай әлек болады».
Ұлттың, оның өкілі жеке адамның тұлғалық болмысының интеллектуал-дық өрісі ұлттық сана негізіндегі құндылықтар арқылы көрініп отырады. Сондықтан да, ұлттық сана дегеніміз ұлттың дүниетанымының, тарихи тәжірибелерінің, рухани құндылықтарының негізінде қалып-тасып, ұрпақтан-ұрпаққа тәрбие, кісілік қасиет үлгілерімен жалғасып отыратын жалпыға ортақ қасиеттерді айқындап, біріктіріп, көрсетіп отыратын білімнің ерекше түрі. Дәстүрін, тарихын, мәдениетін білмейтін адамда ұлттық сана қалыптаспайды. Кез келген әлеуметтік мәдени даму өзінің уақыты шеңберінде ұрпақтан ұлттық сананы талап етеді. Мемлекетіміздің тарихынан, өзге елдердің де тарихынан белгілі қоғамның дамуына ықпалын тигізіп отыратын дүниелер ұрпақтың тұлғалық деңгейдегі (ұлттық сана деңгейіндегі) қызметі арқылы қалыптасып жүзеге асып отырған. Жеке адамның мінезі мен іс-әрекетінен (ізденісі) бастап халықтың өмірінде жалғасып отыратын ел болмысының рухани (тұлғалану) негізі ұлттық санадан бастау алады. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, ұлттық сана жеке адамды халықпен, халықты мемлекетімен, мемлекетті тарихпен, болашақпен байланыстырып отыратын дүние.
Ұлттық санасыз халықтың игілігіне, болашағына ортақ еш нәрсе қалыптаспайды. Қазақ қоғамының рухани өмірінде ұлттық сана ұрпақты тектілікке, кісілікке тәрбиелеудің тұтқасы саналған. Бесік жыры, аңыз-әңгімелерден бастап, қазақтың сөз өнерінде жалғасып отыратын тарихи дүниелер ұрпақтың санасын ұлттық сана деңгейіне көтерудің негізгі тәсілдерінің бірі. Қоғамды біріктіріп отыратын, оның болмысының негізін құрайтын кісілік қасиеттердің адамның ұлттық санасынан бастау алып, халықтың ұлттық санасына келіп тірелетіндігін бабаларымыз ерте түсінген.
Қоғамдық сананың жаңғыруының негізінде қашанда ұлттық сана мәселесі тұрады. Себебі, қоғамның дамуы экономиканың дамуына тәуелді. Экономиканың дамуы ғылымның дамуымен тығыз байланысты. Елдің тұрмыс тәжірибелерімен сабақтас шаруашылық түрлерінің дамуы өндіріске, ауыл шаруашылығына ғылымның жаңа дүниелерін (жетістігін, өнімін) енгізумен тығыз байланыс-ты. Бұның барлығының жүзеге асуы, қоғамдық ортада күш алып отыруы (халықтың қолының жетуі) адамның тәрбиесі мен тәжірибесіне, біліміне келіп тіреледі. Ал, адам бойында осы құндылықтарды біріктіріп, жетілдіріп отыратын ұлттық сана. Адами капиталдың негізі ұлттық санада жатыр.
Қазіргі уақытта өркениет биігіне шыққан мемлекеттердің тарихта қалатын тәжірибесіне қарайтын болсақ, бүкіл қиыншылығын халықтың бірлігінің, елге, қоғамға деген жанашырлықтың, еңбектің және ғылым, өнер жолындағы зиялыларының жан-жақты ізденісінің нәтижесінде жеңіп отырған. Қазақ тарихында да ұлттық мүдде ісіне жұмылуда алаш тұлғалары елдік қасиеттердің (ұлттық сана, ұлттық рух) алып бейнесін қалдырды. Бұның барлығы айналып келгенде, қанша уақыт алға басып, қоғам дамығанымен адами капиталдың негізі болып табылатын құндылықтардың қашанда өз мәнін жоймайтындығын аңғартады.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық сана мәселесі мемлекет алдына қойылған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, адамзат өркениетінің бағыты өзгерген сайын ұлттық сананың да өрісін кеңейту мәселесі қоғамға жүктелуде. Бірақ, адам болмысындағы ұлттық сана өнімі болып (ұлттық сана деңгейіндегі) саналатын қасиеттер жойылмайды, тек адамның кісілік және тұлғалық деңгейіне жүктеліп отыратын міндеттер жаңа уақыттың талаптарына сай өзгеріп отыруы мүмкін. Осындай жаңа уақыт жағдайында, адамзат әлемінде дамудың (ғылыми техникалық, ақпараттық, технология) жаңа дүниелері ұлттық санаға жаңа мәселелерді ұсынып, жаңа міндеттерді жүктеп отырады.
Қазіргі таңда ұлттық мүддеге күш беретін, оны сақтап отыратын жаңа дүниелерді меңгеру, меңгеру жолында қоғамға қайшы келетін нәрселерді күні бұрын ажырата білу бүгінгі қоғамның ұлттық санасының айшықты белгілерінің біріне айналуы тиіс мәселелердің бірі. Осы мәселеге қатысты Елбасының бағдарламалық мақаласында, ХХІ ғасырда ұлттық санамызға қатысты міндеттер көрсетілген. ХХІ ғасырда қазақ халқының ұлттық санасының өніміне айналуы тиіс нәрселерге тоқталсақ, олар бәсекеге қабілетті болу, ұлттық прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, қоғам мен жеке адамның рухани өмірінде білімнің салтанат құруы, қоғамның өз жолымен дамуы. Бұған дейінде айтылып отырғандай, ұлттық сана жеке адамды мемлекетімен, қоғамымен біріктіріп отыратын рухани феномен. Сондықтан да, қоғамның тұрақтылығы, тұрақты түрде дамуы оның өкілі жекелеген адамдардың іс-әрекетіне, рухани құндылықтарына және барлық қоғамдық сана түрлерін бойына біріктіре алған рухани деңгейіне келіп тіреледі. Осы себептен, қай уақытта да қоғамның болашағына, дамуына қажет нәрсе бәсекеге қабілеттілік. Бәсекеге қабілеттілік болмай қоғамның тәжірибелері оның (қоғамның) болмысына жақындамайды.
Бәсекеге қабілеттілік мәселесінен бұрын, қоғамның ішінен бәсекеге қабілетті болуға құштар талантты жастардың, білімді адамдардың қоғам алдына шығуына кедергі болатын мәселелер де тұрады. Олар жемқорлық, білім мен ғылым жүйесіндегі парақорлық және т.б. Осыған қатысты, «Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса – қазақ халқы соңынан ерер еді» – деген Әлихан Бөкейханов. Бәсекеге қабілеттілік ұлттық сана деңгейіндегі ұғымға, ұлттың идеясына айналғаннан кейін ғана дамудың тәжірибелері қоғам өміріне орнықпақ. Бұның мысалын тарихымыздан, тарихтағы өркениет жолына ерте бет бұрған мемлекеттердің мәдениетінен де көре аламыз. Бәсекеге қабілеттілік ол мәдениетті, сауатты, өнерлі, білімді, еңбекқор, өз ісіне жауапты болу. Бір сөзбен айтқанда адамды, сол арқылы қоғамды мәдениет бағытымен уақыт талабына бейімдеп отыратын деңгейді иелену. Бәсекеге қабілеттілікте ең бірінші көзге түсетін нәрсе қабілет, білім, кісілік мінез арқылы жасампаз болу. Елбасы мақалада атап көрсеткендей, «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекеге қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады.
Бәсекеге қабілеттілік дегеніміз – ұлттың аймақтың немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы». Бәсекеге қабілеттілікті ұрпаққа жүктеп отыратын уақыт, уақыт өрісіндегі жаңа өзгерістер. Қоғамның дамуы ғылымдағы жаңа дүниелер арқылы көрінген сайын, бәсекеге қабілетті болу міндеті де күшейе түседі. Сондықтан, бұл мәселе кез келген елдің қоғамы мен сол қоғамның ішіндегі ұлттық сананың шеңберінде тұратын құндылықтардың бірі болуы тиіс. Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханов жазып кеткендей, «Байлық түбі – ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайды».
Өткен дәуірде біздің бабаларымыз атамекенді жаудан білектің күшімен қорғап отырса, батырларымыз қорғаған дүниесін (ұлттық мүддені) ғылым, білім және өнер арқылы игеріп, оны одан әрі нығайтып отыратын ғылыми дүниелерге қол жеткізу бүгінгі ұрпақтың алдында тұрған бәсекеге қабілеттіліктің негізгі бағыты болып табылады.
Бәсекеге қабілеттілік қазіргі уақыт шеңберінде мәдениеттіліктің бір үлгісі болып табылады. Бүгінгі уақыт кеңістігіндегі дамудың жаңа талабына бейімделуде әлемдік өркениеттің адамзатқа ортақ дүниелерін меңгере білу бәсекеге қабілетті болудың негізгі ұстанымы. Себебі уақыт бір орында тұрмайды. Ғылымның қарқынды түрде күш алған уақытынан бастап адамзат әлемінде өркениеттіліктің үдерісі тез жүріп келеді. Адамзаттық өркениеттің көшінде орын алып отырған жаңа өзгерістер әрбір мәдениет иесі ұлттарға, оның мемлекетіне жаһанданудың жаңа талаптарына сай ерте қамдануды, ізденуді, ғылымның жаңа дүниелерін игеруге бейімделу мен икемді болуды жүктейді. Бұны философияда прагматизм дейді.
Мемлекет басшысының бағдар-ламалық мақаласында мемлекетке, қоғам алдына ұсынылып отырған идея бұл ұлттық прагматизм. Ұлттық прагматизмнің ерекшелігі бұл ұлттың, елдің, қоғамның ортақ ұстанымын білдіреді. Ұлттық прагматизм ұлттың рухын сақтап, нығайтып отыратын ұрпақты ұлттың мүддесімен біріктіретін ұлттық сананың ерекше түрі. Ұлттық прагматизмде бүгінгі уақытпен өмір сүру жоқ. Ұлттық прагматизмге тән көзқарас өткеннің тағылымына құрметпен қарап, тәжірибесін игеру, яғни өзінің өмір сүріп отырған уақытындағы адамзат қоғамының жетістіктеріне қарап әрекет ету, іздену, өркениетке ұмтылу, болашаққа ұлттық мүдде биігімен қарау басым. Елбасының мақаласында атап көрсетілгендей, «қазақ халқының атамекенді қорғау, күту, таза ұстаудағы дәстүрі ұлттық прагматизмнің жарқын үлгісі болып табылады: «Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады. Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді». Ұлттық прагматизм дегеніміз өзіңді, ұлтыңды, халықты, еліңді сақтайтын, елдің өмірін жалғайтын дүниелерді тани білу, уақытылы қорғап отыру. Қазақтың қарапайым отбасылық өмірінде де ұлттық прагматизмнің элементтерінің жатқандығын көреміз.Үлкенді сыйлау, күтімдарлық, ырыс, несібе ұғымдары, ізгілікті туыс, ағайын, ел болып бөлісудің өзі қазақ дәстүріндегі осы құбылыстың мәнін тереңнен аңғартады. Елбасы айтқандай, «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек».
Ұлттық прагматизм бабаларымыз-дың қол жеткізген, қалыптастырып кеткен үлкен жетістіктерінің бірі. Шыныменде тарихқа қарайтын болсақ, қазақ қалыптастырған ұлттық дәстүрінен ұтылған жоқ, керісінше дәстүр арқылы қоғамдағы қиыншылықты жеңіп отырған. Ұлттық прагматизмді дәстүр негізінде ұлттық қасиет деңгейіне көтере білді. Соның нәтижесінде ел тәуелсіздіктен қол үзгенімен, тарихтағы қазақтың әрбір адамы ұлттық қасиеттері мен құндылықтарынан қол үзбеген. Жер мен елді қорғау ісіне ұлттық сананың күшімен бірікті, яғни, даналығы, тектілігі арқылы дәстүрлі қоғамның мәдени өрісі сақталып отырды. Осының нәтижесінде ұлт жойылмаған. Мемлекет басшысының мақаласында ұсынылып отырған ұлттық прагматизмді нығайтудың басты мақсаты, осы бір тарихи уақыт кеңістігіндегі ұлттың болмысымен, ұлттың мүддесімен ұрпақтың рухын, болашағын біріктіретін құндылықтарды зерделеу, бағыт-бағдар беру. Ата-бабаларымыздың ұлттық мүддеге қызмет етудегі дәстүр тәжірибелерінің бойынан ізгі қасиеттерді иелену, соны қайта жалғастыру.
Түрлі тарихи кезеңді тарихта басынан өткізу халқымыз үшін оңай болмағандығы анық. Отаршылдық уақыт, одан кейінгі кеңес дәуірінде сырттан күштеп енгізілген идеология ұлттық қасиеттеріміз бен құндылықтарымыздың біраз бөлігін ұрпақ өмірінен қашықтата түсті. Осының салдарынан елдің табиғаты мен мінезіне жат дүниелер қоғамға орныға бастады. Демек ұлттық прагматизмді қолға алудағы мақсат, бұл идеяның басты мақсаты кері тартпа, ұлттың мінезіне, елдің дәстүріне жат нәрселерден арылу. Бүгінгі уақыт талабына тарихтағы елдің тәжірибесімен қайта қарау.
Қазіргі қоғам алдында тұрған мәселелердің бірі ұлттық бірегейлік. Ұлттық бірегейлікті сақтау бүгінгі жаһандану дәуірінде елдікті сақтаудың ұстанымы болып саналады. Себебі, бұл мәселе ұлттың болашағына үнемі тікелей қатысты. Адамның бойында, өмірінде, қоғамда ұлттық бірегейлік болмаса бұндай адамның қоғамының ертеңі бұлыңғыр. Қоғамда ұлттық берегейлік болмаса, ұлттық бірегейлік ұлттық санаға айналмаса бұндай ортаның адамы өскен ортасынан, қоғамынан қашықтайды. Осы себептен жеке адамды қоғамымен, ұлттық мүддемен, ұрпақты ел мүддесіне жұмылдырып отыратын ұлттық сана, ұлттық бірегейлік. Ұлттық сана болмаса ұлттық бірегейлік сақталмайды. Ұлттық сана мен ұлттық бірегейлік тығыз баланысты. Ұлттық бірегейлік қоғамның бет-бейнесін айқындап отырса, қоғамның негізі ұлттық санаға тәуелді. Сонымен қатар, ұлттық бірегейлік осы ұлттық санадан шығатын қоғамның мәдени негізі болып саналады.
Ұлттың тұлғалық жетістігі, ұрпақтың кісілігіне тән дүние ұлттық бірегейліктің негізінде ұлттық тәрбие, дәстүр мен мәдениет, тіл, ұлттық өнер, діл мен діннің тазалығы, ұлттық идея, тарих, тарихи сана және ұлттық идеология жатыр. Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық бірегейлік мәселесі ұлттың болашағын, қоғамның тұрақтылығын, тұтастығын айқындайтын дүние, маңызды құрал болып отыр. Құрал дейтініміз дәстүрлі қазақ қоғамының рухани өмірінде, бұл мәселеге кез келген отбасы, жеке адам, ата-ана болып көңіл бөлген. Ұлттық бірегейлікті негізге алған ұрпақты елдікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуде қоғамдағы әр отбасы өзіне тиесілі жауапкершілікті сақтаған. Соның нәтижесінде ұлттық санасы мен рухы күшті адамдар қоғам алдына шығып отырды, ұлт ісіне жұмылуда ұлт зиялыларының биік шоғыры қалыптасты.
Елбасы мақалада атап көрсеткендей, «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс». Шынымен де, ұлттық бірегейлікті сақтау, осы дәстүрмен өмір сүру (қоғамның өмір сүруі) жеке адамнан бастап қоғаммен жалғасып отыратын, сол деңгейде көрінетін мәдени жетістік болып саналады. Ұлттық бірегейліктің негізінде ұлттың қасиеттерін айқындап отыратын дүниелер сақталып отырады. Қоғамға қажетті дүниелер ғана халықтың зердесімен қабылданады. Қоғамның игілігіне қайшы келетін дүниелер ел дәстүрі тарапынан қабылданбай жатады. Ұлттық бірегейліктің негізіне жеке адам мен ұлттың рухын біріктіре түсетін ақыл-парасаттылық, сезімталдық, зеректік сынды рухани қасиет үлгілері жатады. Өткенге құрметпен, болашаққа биік зердемен қарайтын ұрпақ ұлттық бірегейлігі күшті ортадан шығатындығын тарихымыз да, бүгінгі уақыттың шыныдығымен қатар көрініп отырған уақыттың талабы да дәлелдеуде.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.