Абайдың «Толық адам» іліміне оралу– уақыт талабы

  • 22.11.2018
  • 622 рет оқылды
  • 2

Дина ИМАМБАЕВА,
«Ақиқат» журналының
бөлім редакторы

Абайтану – қазақтың рухани дүниесінің көрнекті өкілі, кемеңгер ақын, данышпан ойшыл Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын, философиясын зерттеу, ұғып-түсіну, насихаттау жөніндегі  ғылым. Абайтану –  қазақ әдебиеті ғылымының іргелі бір саласы. Абайтанудың негізін  ақынның көзін көрген Кәкітай мен Тұрағұлдан бастап, Мұхтар  Әуезовтің өзі қалап берді. Бұл ғылымның алғашқы кезеңінде Әлихан  Бөкейханұлы, Ахмет  Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев және басқа Алаш қайраткерлері де  ерекше үлес қосты. Бізге Абайтанудың үш кезеңі белгілі. Соның ішінде бұл ғылым 1950 жылдары басталған гүлдену кезеңінде жаңа белеске   көтерілгені мәлім. Алайда, Тәуелсіздікпен бірге келген Абайтанудың үшінші кезеңі бірқатар жетістіктерге қол жеткізгенімен де, ойшыл мұрасын танып-білу ісіне жаңа серпіліс қажет.      

Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы 1995 жылы ЮНЕСКО-ның арнайы шешімімен дүниежүзі бойынша мерекеленген болатын. Өйткені, өз заманынан асып туған ғұлама Абай өз шығармашылығында жалпыадамзаттық құндылықтар жайында толғанды. Қазақ ақыл-ойының биік шыңы болған ақын мұрасының әлемдік деңгейде мойындалуы оның әлеуметтік-мәдени және дүниетанымдық негіздері терең, тылсым сырға толы шығармаларын танып-білуге жаңа мүмкіндіктер берді. Бірақ, ұлтымыздың бүкіл озық қасиетін бір бойына сіңірген, біртұтас қазақ этносының тұтастығын, болашағын ойлаған Абай өмірі мен шығармашылығы, дүниетанымы, өз деңгейінде зерттеліп, лайықты бағаланудың орнына әлі күнге дейін кейінге шегеріліп отыр. Егер тоталитарлық Кеңес өкіметі кезінде Абай мұрасы қасаң таптық көзқарас тасасында қалып, шыққан тегі үшін біржақты насихатталған болса, бүгінгі Тәуелсіз елімізде ақын мұрасын зерттеу ісінің тоқырауына не себеп? Осы сұрақты көрнекті абайтанушы, филология ғылымының докторы, бүгінгі қазақ әдебиеттануының абыз ақсақалы Мекемтас Мырзахметовке қойған едік.
– Абайтану ғылымындағы бүгінгі таңдағы басты мәселенің бірі дүниетанымның өзгеруінде жатыр. Өйткені, бұрынғы атеистік-материалистік көзқарас ғылыми тұрғыдан терістеліп, жалған таным деп мойындалды. Кванттық физикамен келген жаңа дүниетаным «материя шешуші емес, сана шешуші» деген байламға келді. Сондықтан Абайтануға қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарының барлығы осы жолға қойылуға тиіс. Бірақ біздің философтар тым-тырыс. Әлемдік ғылымда үлкен өзгерістер болып жатыр, ал, қазақ философтары үшін ештеңе өзгермегендей. Бұл жаңалықтарды жар салып, халықтың санасына жеткізетін ең алдымен философтар болуы керек еді. Бірақ олар атеистік, материалистік дүниетанымға шырмалып қалғаны себепті әлемге жаңа дүниетанымның келгенін сезінбей, сезінсе де жүректері дауаламай үнсіз отыр. Философтар үндемей отырғанмен, әдебиетшілер өз тарапымыздан жаңа бағытта жұмыс істей береміз. Осыған байланысты Абайтануды бұрынғы атеистік рельс-тен алып, кванттық физиктер салған Ұлы сана жолына қарай бұру керек. Бұдан басқа бағыт жоқ, – дейді абайтанушы.
Қазіргі таңда М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының Абайтану бөлімі Абайдың «Толық адам» ілімін зерттеумен айналысуда. Бұл бөлімнің өзі соңғы жылдары қысқартуға ұшырап, саусақпен санарлық ғалымдар қалған. Еліміздегі ғылымды қаржыландыру жүйесінің өзгеруі себепті қоғамдық ғылымдардың да грантқа тәуелді күн кешуі жүйелі, толыққанды зерттеулер жүргізуге кедергі болып отыр. Бір кезде гүлдену кезеңін бастан кешкен Абайтанудағы дағдарыс салдарынан дана ақынның сөздері бүгінгі ұрпақтың жүрегіне толық жол таба алмауда. Өйткені, бұл салада шешімін күтіп, зерттелмей жатқан мәселелер жеткілікті. Мәселен, Мұхтар Әуезов «Абай мұрасын зерттеу ісіндегі жетістіктер мен кемістіктер» деген мақаласында көрсетіп берген Абай мұрасының текстологиясы, ақын шығармаларының халықтығы, орыс әдебиеті мен Шығысқа қатысы, т.б. абайтанудың проблемалық мәселелері терең талдауды күтіп жатыр. Мәселен, Мекемтас Мырзахметов ағамыз бұған дейін Абай шығармаларындағы терминдерді тереңдеп түсіне алмай келгенімізді айтады: «Менің өзім де талай жылға дейін тісім батпай, кіре алмай жүрдім. Содан көп жылдар бойы әрбір сөзді жеке-жеке зерттедім. Қазір енді «Абай ұлағаты» деген сөздікте Абайдың 84 сөзіне түсіндірме беріп отырмыз. Ал, Сайдалы Оразалиев деген шәкіртім Абайдың 143 сөзін қамтитын екі томдық еңбегін жазып бітірді, жақында жарияланады. Біз оларды терең меңгеріп алмайынша, Абайға кіре алмаймыз». Міне, енді осы еңбектерді зерттеушілер кеңінен кәдеге жаратуға тиіс.
Абайдың рухани мұрасының шыңы – «Толық адам» ілімі екені белгілі. «Абай неге бұл ілімді жасады дегенге келсек, «Абай заманына дейін қазақ халқы рухани монолитті халық болатын. Отаршыл патша үкіметі осы қасиетіміздің түбіне жетіп тынды. Батыс Сібір генерал-губернаторы М.Сперанский сияқтылар «қазақ даласында өсетін сексеуіл деген ағашты балталасаң да сынбайды, оны тек өзіне-өзін ұрып қана сындыруға болады екен» деп, осы әдісті қолданғаннан кейін бұрынғы рухани тұтас бітімді халық мінез-құлқы бұзылған, бәлеқор, арызқой, тыныш жатпайтын тобырға айналды. Осыны түсінген Абай халықты бұл індеттен сақтап қалудың жолын іздеді. «Толық адам» ілімін жасауының себебі сол. Бұл жөнінде Кеңес үкіметі кезінде айтылмады. Қазір біз сол патша отаршылдығы бұзған ұрпақтың ұрпағымыз. Бойымызда жат елден жұққан бәлекеттің бәрі бар. Бұдан арылудың бірден бір жолы – Абайдың «Толық адам» ілімінде» дейді М.Мырзахметов.
Ғалымның айтуынша, «Толық адам» ілімінің тамыры тереңде жатыр. Бұл ізгілік идеясына сүйенген «кемел адам» туралы ой алыптарынан қалған рухани мұралар жүйесі: біздің дәуірімізге дейінгі Алып Ер Тоңаның «Ақи немесе жомарттық» ілімі, орта ғасырлардағы әл-Фарабидің «Парасатты адамы», ХІ ғасырда туған Жүсіп Баласағұнидің «Жәуанмәртлік» ілімі және ХІІ-ХІІІ ғасырда Қожа Ахмет Ясауидің «хәл ілімі». Абайдың «Толық адам» ілімінен кейін Шәкәрім «Ар ғылымын» жасады. Міне, осы «бірімен бірі табиғи түрде жалғасып, дәстүрге айналған рухани құбылысты толық танып, ғылыми тұрғыдан халыққа насихаттау – абайтану саласындағы ең бас-ты міндетіміз» дейді М.Мырзахметов.
«Абайға күрескер болмады деген кінә қою жөнсіз. Ол заманда қылыш асынып жауға шабудың кезі өтіп кеткен болатын. Сондықтан, Абай идеялық күрес жүргізді, халқын жаңа жолға қарай бастады». Абайтанудың білгірі айтқан бұл сөз қазіргі «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен тікелей үндесіп жатыр. Елбасы Н.Назарбаев та «Көненің көзіндей болып жеткен осындай асыл қазыналар халық игілігіне жаратылып, жаңа заманның адамдарын тәрбиелеуге қызмет етуі қажет» деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан, бүгінгі ұлттық болмысы мен дүниетанымы өзгеріп, тіпті бұзылып бара жатқан қазақ қоғамын рухани, моральдық сауықтырудың бірден бір жолы – Абай іліміне оралу. Өйткені, ұлы ойшылдың бүкіл шығармашылық қызметінің басты нысанасы – адам. Патша отаршылдығының бүтін ұлтты ыдыратып, бөлшектеп жойып жіберуді көздеген жымысқы саясатының салдары мен қауіп-қатерін көзімен көрген ақынның басты мақсаты – арлы, адамгершілік қасиеті жоғары, еңбекқор, білімді, сабырлы, иманды, қанағат пен ұятты білетін, танымға құштар, игі жүректі адам тәрбиелеу болды. Ол өз халқын осыған шақырды. Бұл идея ақынның бүкіл шығармашылығына үзілмес желі болып тартылған.
Қазіргі біздің қоғам ең алдымен осындай адами ізгі қасиеттерге мұқтаж екені хақ. Жетпіс жылғы кеңестік езгі тұсындағы дініміз бен ділімізге нұқсан келуі, ана тіліміздің шеттетілуі, ұлттық болмысымыз бен мінез-құлқымыздың өзгеруі, т.с.с. рухани нәубетпен қоса, жаңа мыңжылдықпен бірге келген жаһанданудың, оның ішінде бұқаралық мәдениеттің ең теріс жақтарын тоқтаусыз бойымызға сіңіріп жатырмыз. Абай уытты сөздерімен аяусыз сынаған ұнамсыз қылықтарымыз көбеймесе азайған жоқ. Адамшылық жағыңды дамыту, ақылды, білімді адамды жоғары бағалау, адам болып өмір сүру, халыққа, қоғамға пайдаңды тигізу, адамды құрметтеу, адам мен табиғат бірлігі – бүгінгі таңдағы басты мәселе. Яғни, бұл заманда «іші алтын, сырты күміс» Абай сөздерінің қажеттілігі арта түседі. Мұның барлығы ойшылдың «Адам бол» қағидасының мазмұнын құрайды. Сондықтан, Абайдың сарқылмас мол мұрасын бүгінгі күн тұрғысынан зерттеп, халыққа жеткізудің өзектілігі айрықша артып отыр. Бұл ретте Мекемтас ағамыз бастаған абайтанушы ғалымдар Абайдың «Толық адам» ілімі – халқымыздың рухани тазару жолындағы теңдесі жоқ құралы деп санайды.
– Бұны жүзеге асырудың бірден бір жолы – Астанадан әлемдік деңгейдегі, Қазақстанда бұрын-соңды болмаған Абайтану ғылыми-зерттеу институтын ашу. Бұл – уақыт талабы. Саңлақ тұлғаларымыздың рухани қазынасын халқымыздың жаңа дүниетанымға оралуына дәнекер болатын рухани күшке айналдыру – қоғамдық ой-санада жаңаша рухани бетбұрысқа айналмақ, – дейді М.Мырзахметов.
Арнаулы ғылыми орталық ашу жөніндегі ғалымның бұл ұсынысын Астана қаласында Қазақстан-Ресей университеті жанынан біраз уақыт жұмыс істеген Абайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры Алмахан Мұхаметқалиқызы да қозғап келеді.
– Бүгін біздің арамызда кейбіреу-лердің Абай туралы оғаш пікір айтуының өзі бүгінгі қоғамның бет-бейнесін көрсетеді. Өйткені, біз Абайды өз деңгейінде таныта алмай келеміз. Абайдың өлеңдерін жатқа айтамыз, шығармаларын білеміз, ал, Абайдың өзін әлі тани алмай отырмыз. Әуезовтің өзі Абай деген мұхиттан «қасықтап алдым» дейді. Әзірге ақынның әрбір шығармасын талдау, түсіндіру, жеткізу ғылым жүзінде ғана зерттеліп келеді. Ал, қарапайым халық үшін Абай әлі жұмбақ. Мектеп бағдарламасында өлеңдері мен қара сөздері бар, бірақ ол қалай оқытылуы керек, Абай не айтқысы келді, бұл жағы қамтылмаған. Баланың танымын, жас ерекшелігін ескермей оқулық құрастыру үлкен қателік, – дейді ұстаз.
Алмахан Мұхаметқалиқызы биыл ақынның «Білектей арқасында өрген бұрым» атты өлеңіне 130 жыл толып отырғанын айтты. Осы орайда «Қазақтың бояусыз, еш жасандылықсыз сұлу қыздарын дәріптейтін, жастарға үлгі болатын байқаулар неге ұйымдастырмасқа» деп налиды абайтанушы. Тіпті, Әбілхан Қастеевтен кейін көркемсуреттегі Абай тақырыбына барған суретшілер де жоқтың қасы болып шықты.
Өкінішке қарай, Қазақстан-Ресей университетінің жанынан ашылып, төрт жарым жыл жұмыс істеген, ақын мұрасын насихаттауға өзіндік үлес қосқан бұл орталық оқу орнының қызметін тоқтатуына байланысты жабылып қалған. «Сондықтан, бұл іске ең алдымен мемлекет қамқорлығы керек. Абай деген ұлттың ұстазы ғой, Абайды таныған ел қазақты таниды» дей келе, Алмахан Мұхаметқалиқызы Елордамызда Абайға арналған жеке орталық болмайынша, ұлы тұлғамызды жас ұрпаққа лайықты таныта алмайтынымызды жеткізді.
Ал, әзірге Абайды тану ақынның туған күні қарсаңындағы өлең оқу, кезекті мерейтойын өткізу сияқты жекелеген іс-шаралармен шектелуде. Ақын мұрасын насихаттау әлі күнге дейін ескі әдістермен жүргізіледі. Айталық, көрші Ресейде Пушкиннің туған күні Президент жарлығымен бекітілген ерекше мәні бар мереке. 100 жыл бұрын құрылған Ресейлік Пушкин қоғамының әлемде 20-дан астам бөлімшесі бар. Сол ұйымдар жұмыла жүргізіп отырған заманауи насихат жұмыстарының арқасында Пушкин нағыз халықтың ақынына айналған. Жаңа пушкинтанудың иконографиядан бастап бұқаралық мәдениеттегі Пушкин, мектептегі Пушкин, көркемсуреттегі Пушкин, театр қойылымдары, кинофестивальдер, көркем, деректі және мультфильмдер, т.с.с. шаралары еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қамтиды. Жастар Татьянаға хат жазып, оған міндетті түрде жауап алады. Анна Керн шалынысып құлаған тасқа дейін Пушкиннің музейіндегі үстелдің үстінде жатыр. Яғни, қазіргі ылдам-жылдам заманда Пушкин шын мәнінде халықтық тұлға болып отыр. Содан да болар, артында материалдық байлық емес, екі сандық қолжазба қалдырған Пушкинді оқу қазір де сән болып есептеледі.
Қорыта айтқанда, Абайдың жаңа мыңжылдықтағы ғұмырының ұзақ болуы нақты іс-шараларды талап етеді. Бұл үшін бір арнаға түскен өрісті, іргелі, жүйелі зерттеулер, жаңа Абайтану керек. Сондықтан, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының Мекемтас Мырзахметов бастаған абайтанушылары ұсынып отырған «Толық адам ілімі» бағдарламалық еңбегіне мемлекеттік деңгейде назар аудару, қолдау қажет. Ақын өмір сүрген тарихи жерлерді сақтау, абайтануға қатысты жаңаша сипаттағы іс-шараларды қолға алу, ақын шығармаларының текстологиясын бір ізге келтіру, семинарлар, дәрістер, кештер ұйымдастыру, Абайға қатысты әрбір ғимаратты музейге айналдыру, кітап, оқулық шығару – осының барлығын үйлестіру жаңадан ашылатын ұлттық мәртебесі бар Абайтану институтының басты міндеті болуға тиіс. Арнайы құрылымы бар институт құрамына әдебиетші, философ, дінтанушы, т.б. мамандарды топтастыру қажет.
Ұлттық код атаулы – ауыз әдебиеті, фольклор, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мәдениет те осы орталықта әзірленетін дүниелердің өзегін құрайтыны сөзсіз. «Толық адам» ілімін негізге алған «Абайтану» оқулықтары бастауыш сыныптан тартып қайта жазылып, жаңа талап жас буынды тәрбиелеуге, Ұлттық сананы рухани жаңғыртуға қызмет етуі маңызды.
«Сакральды абайтану» «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты бағыттарының біріне айналса құба-құп.
Талабым, таяғым, жігерім, азығым,
Маңдайыма ұстаған ақын Абай – қазығым, – деп жазыпты Жүсіпбек Аймауытұлы 1918 жылы «Абай» журналында. Дәл осы ұстаным бүгінгі күні де Абайға деген көзқарасты айқындайды. Жаңа мыңжылдық жолайрығында тұрған қазақтың жас ұрпағы әлемдік деңгейдегі ойшыл тұлғаға қаншалықты алыс немесе жақын болары да осыған байланысты екені хақ. Ата баласының адамның баласы болуын көксеген озық ой қашан да өміршең.

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. Оте озекти маселе, Интернетте казакша Абайдын шыгармаларын сураушылар да коп, сонын барин жуйелеп, урпактарга берип калдыру керек.Маскеуде Елшиликте Абай Институтын ашудын бастамасын 2005-2008 жылдар арасында бастап,Маскеудеги казактар, казакстандыктар абден кызыгушылык корсетип,казак тилин,тарихын, онерин ,салт дастурин т.б. жогаргы дарежеде уйренип ,котерилди.Укиметтен колдау болмады,буны ашкан спонсор жигиттер колдау кормеди.Нагыз патриоттар коп болды,кандай мактанышта болгандарын корсениз гой ширкин..!!! Осыны жазган автор бас уйымдастырушы .ХАСЕНОВА К.А

  2. Оте озекти маселе, Интернетте казакша Абайдын шыгармаларын сураушылар да коп, сонын барин жуйелеп, урпактарга берип калдыру керек.Маскеуде Елшиликте Абай Институтын ашудын бастамасын 2005-2008 жылдар арасында бастап,Маскеудеги казактар, казакстандыктар абден кызыгушылык корсетип,казак тилин,тарихын, онерин ,салт дастурин т.б. жогаргы дарежеде уйренип ,котерилди.Укиметтен колдау болмады,буны ашкан спонсор жигиттер колдау кормеди.Нагыз патриоттар коп болды,кандай мактанышта болгандарын корсениз гой ширкин..!!! Осыны жазган автор бас уйымдастырушы .ХАСЕНОВА К.А Бул “Толык Адам” материалы кай жылы Акикатка басылып шыккан?

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.