Адам денсаулығы – қоғам байлығы

  • 22.11.2018
  • 86 рет оқылды
  • 0

Назым САМЕТ,
«Ақиқат» журналының штаттан тыс тілшісі

Ұлттың денсаулығы қолайлы медициналық қызметтердің, дене шынықтыру мен әуесқойлық спорттың кең таралуының, саламатты өмір салты және дұрыс тамақтанудың, зиянды әдеттерді жою, экологиялық тазалықтың, елдің әр түкпірінде қауіпсіз және жасампаз өмір сүру мүмкіндігінің  көмегімен қалыптасады. Елімізде қоғамдық денсаулық сақтау қызметін жүйелендіру мақсатында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу туралы қаулы қабылданғаны белгілі. МӘМС 2020 жылы күшіне енбекші. Денсаулық сақтау министрлігі  қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламаны жан-жақты қарастыру барысында. Әлеуметтік мәртебені анықтау тетіктерін жүйелендіріп алу қажет екендігі сөзсіз. Сонымен қатар МӘМС-дың әлем елдеріндегі қолданылу тәжірибесінен сабақ алу қажет. 

Елімізде жаңа жүйені енгізу мақсатында арнайы медициналық сақтандыру қоры құрылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстандықтар ай сайын осы қорға міндетті жарналарын аударатын болады. Қорда сақталған қаржы емханаларға беріліп отырады. Жаңа қабылданған құжаттың ережесі бойынша медициналық қызметтің екі пакеті ұсынылады. Оның алғашқысы республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Екіншісі – медициналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Медициналық сақтандыру жүйесі қабылданғаннан бері барлық емханаларда арнайы сабақтар өткізіліп жатыр.
Алматы қалалық №15 емхана дәрігері Зылиха Бисекеннің айтуынша, емханаларда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы бойынша үлкен ауқымдағы конференциялар мен тренингтер өткізіліп жатыр. «Ауданымыздағы мектептер мен мешіттерде де мұндай шаралар жалғасын табуда. Біздің емханада Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен арнайы оқулар жүргізілді. Мейірбикелер азаматтардың бізде тіркеуде тұрған немесе тұрмағанын тексеріп, тізім жасап жатыр. Балаларға, жүкті әйелдерге, Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге, зейнеткерлерге, «Алтын алқалы», «Күміс алқалы» аналарға, студенттерге алғашқы жылы үкімет өз тарапынан қаржы бөледі. Ал, екінші жылдан бастап белгіленген пайыздық мөлшерлемеге сай әр адам өз қалтасынан жарна төлеп тұрады» – деді маман.
Медициналық көмек көлемі медициналық қызметтерді сатып алу жоспары негізінде жасалады. Сонымен қатар Қор жыл бойы қосымша медициналық қызметтерді орналастыратын жеткізуші компанияларды іріктейтін болады. Яғни, кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін ала алмаған медицина ұйымдары дерекқордан алынбайды. Өйткені, олардың алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыс алуға мүмкіндігі бар. Ал, биылғы жылдан бастап мемлекеттік және жекеменшік ауруханалар мен емханаларға теңдей жағдай жасалады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басты мақсаты – тұрғындарды қолжетімді және сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету. Сондықтан, республикалық және аймақтық комиссиялар конкурсқа қатысқан әрбір өтінішті мұқият қарастырады.  Медициналық көмек көлемін алғысы келетін денсаулық сақтау нысандары  кадрлар құрамы мен материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі, соңғы 3 жылда атқарған қызметіне қатысты негізгі көрсеткіштер, расталған, негізі бар шағымдар және т.б. көрсеткіштер бойынша бағаланады. Іріктеуден өтпеген субъектілерімен медициналық сақтандыру қоры келісімшарт бекітпейді. Әрбір өтінішке қатысты жұмыс барынша ашық және айқын жүргізілуі мақсатында, комиссиялардың құрамына мемле-кеттік емес ұйымдардың, Денсаулық сақтау басқармаларының, медициналық мекемелер мен кәсіподақтар өкілдері кірді. Медициналық сақтандыру қорының ресми сайтында МӘМС Қорымен келісімшарт жасаған медициналық ұйымдардың тізбесі орналастырылатын болады.
Қоғамдық пікірге сүйене отырып және белгілі дереккөздерді пайдаланып, МӘМС туралы біршама сұрақтарға берілген жауаптарды ұсынғымыз келеді. Айталық, биылғы жылдың сәуір айында ҚР Денсаулық сақтау министрінің блог-платформасында ҚР азаматы Игорь Головконың сауалында: «Ресей азаматшасы болып келетін туысқаным бірнеше жылдан бері Қазақстанда тұрып, ресми жұмыс істейді. Жұмыс беруші ол үшін міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру төлемдерін төлейді. Туысқаным белгілі бір емханаға тіркеуге тұрып, ондағы медициналық қызметті тегін пайдалана алады ма?» делінген. Бұл сауалға ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов былай деп жауап қайтарады: «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңның 2-бап, 2-тармағына сәйкес, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар және репатрианттар міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің мүмкіндіктерін ҚР азаматтарымен тең дәрежеде қолдануға құқылы. Сонымен қатар міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша қызмет көрсету мерзімі 2018 жылдың 1 қаңтарынан 2020 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылғанын ескертеміз. Одан бөлек ҚР «Халық саулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 88-бабына сәйкес, Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін алуға құқылы».
Айта кетерлігі, 2020 жылға дейін кезеңмен жүзеге асырылатын МӘМС жүйесіне бірден өту мүмкін емес. Бұл әлеуметтік, психологиялық дайындықты талап ететін ұзақ үдеріс. 20 жыл бұрын міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыруды енгізген Литваның өзінде бағдарламаға қатысты көптеген сұрақтар туындап жатыр. Бағдарламаның қазірден бастау алуы еліміздегі медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға, әлемдік озық технологияларды пайдалануға, халықтың сұранысына сай медициналық көмек алуды қамтамасыз етуге, т.б. мүмкіндік береді.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеу-меттік даму министрлігі әзірлеген «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамы-тудың 2016-2019 жылдарға арнал-ған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында» жалпыұлттық денсаулық, өмір сапасының индикаторына айрықша ден қойылып отыр. Бағдарлама бойынша бірнеше маңызды мақсаттарды жүзеге асыру қажет. Атап айтқанда, қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту, науқастардың профилактикасын жетілдіру, денсаулық сақтау жүйесін басқарудың және қаржыландырудың тиімділігін арттыру, ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыру және саланың инфрақұрылымын жетілдіру.
Экономикалық әлеуетімізді жақ-сартып, технологиялар тілімен үн қатып, мемлекеттік мәртебесі бар бағдарламаларды жүзеге асырып, халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін де бізге дені сау, бәсекеге қабілетті қоғам қажет. Адамзаттың басты байлығы – денсаулығы. Ендеше, мемлекет тарапынан қабылданып жатқан денсаулық туралы қаулы, бағдарламалар туралы білгеніміз жөн. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясында еліміздің дамуы жолындағы бірнеше басым бағыттар қарастырылғаны белгілі. Жоспарлы бағдарламада денсаулық сақтау жүйесіне ерекше ден қойылды. Нәтижесінде «Саламатты Қазақстан» күшіне еніп, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Қойылған мақсаттарға қол жеткізу мұратымен 7 бағыт айқындалды: Қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту; МСАК-ты (медициналық-санитарлық көмек көрсету) жаңғырту және халықтың қажеттілігі аясында топтастыру; Медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту; Ұлттық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саясатын іске асыру; Ынтымақтастықты, қаржылық тұрақтылықты арттыру; Денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру; Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту.
Кез келген мемлекеттік бағдар-лама әлемдік стандарттарға сай сәйкестендіріліп жүзеге асырылады. Денсаулық сақтау жүйесінде жалпыұлттық медициналық проблемалардан бөлек, әлемге тән індеттердің бар екендігі ақиқат. Мәселен, ең алғаш рет 1600 жылы Еуропаны жайлаған Mycobacterium таяқшалары арқылы жұғатын туберкулез, 1980-1981 жылдары небары бір жылдың ішінде 25 миллион адамның жанын жалмаған ЖИТС, грек зерттеушілері 4000 жыл бұрын зерттеген малярия, әлем бойынша 37 миллион адам қаза тапқан грипп немесе АH1N1 вирусты құс тұмауы. Бұл індеттер күллі дүниежүзіне ортақ денсаулық саласындағы маңызды мәселелер. «Ауру өсиеті ізгілік болар» демекші, өмірдің қасіретті оқиғалары кез келген аурудың алдын алу қажет екендігін дәлелдеді.
Сектораралық өзара іс-қимылды дамыту шеңберінде басқарудың барлық деңгейлерінде, оның ішінде осы бағдарламаның мақсаттары мен міндеттерін басқа да мемлекеттік және салалық бағдарламалармен, өңірлер мен салаларды дамытудың стратегиялық жоспарларымен интеграциялау арқылы халық денсаулығын сақтау мен нығайтудың келісілген саясатын жүргізу қамтамасыз етілетін болады. Атап айтқанда: халықтың сауаттылық деңгейін, оның ішінде саламатты өмір салтын ұстану және қалыптастыру мәселелеріндегі сауаттылық деңгейін арттыру; қатер факторларының (шылым шегу, алкогольді шектен тыс пайдалану, физикалық белсенділіктің төмендігі) таралуын төмендететін жаңа мінез-құлық ұстанымдарын қалыптастыру; дұрыс тамақтану; дене шынықтырумен және спортпен тұрақты шұғылданатындар санының өсуі; жол-көлік оқиғаларын азайту; қауіпсіз еңбек және тұрмыс жағдай-ларын жасау; қауіпсіз тұрғын үй жағдайларын қамтамасыз ету; мүгедектердің денсаулық сақтауда көрсетілетін қызметтеріне өзгелермен тең дәрежеде қол жеткізуін қамтамасыз ету; халықтың сырқаттану жағдайына әсері тұрғысынан мониторингтеу деректерін ескере отырып, ауаның, су мен топырақтың ластануын азайту, шу деңгейін төмендету.
Сектораралық өзара іс-қимылдың ең маңызды міндеттерінің бірі дене белсенділігін ынталандыру мен спортпен шұғылдануды насихаттауды, оның ішінде жұмыс берушілерді кеңінен тарту арқылы жұмыс істейтін тұрғындарды, мектептегі білім беру жүйесі арқылы спорт мектептерінің базасында балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тартуды қоса алғанда, дұрыс тамақтану, саламатты және қауіпсіз өмір салты үшін жағдайлар және мүмкіндіктер жасау болмақ.
Жалған және генетикалық түрлендірілген өнімдерді қоса алғанда, өндірілетін және шеттен әкелінетін тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне бақылау және мониторинг жүргізіледі, ұсынымдар әзірленіп, енгізілетін болады. Ведомствоаралық жұмыс шеңберінде төтенше жағдайлардың, жарақаттанудың, жазатайым оқиғалар мен уланулардың, зорлық-зомбылық пен қылмыстың ауқымын азайтуға, оның ішінде инфрақұрылымды тиісінше жоспарлау, алкоголь өнімдерінің айналымын бақылауды және есірткі заттарының заңсыз айналымына белсенді түрде қарсы күресуді қоса алғанда, нормативтік реттеу және мемлекеттік бақылау көмегімен азайтуға бағытталған жүйелі шаралардың қабылдануы қамтамасыз етіледі.
Жалпы білім беру мекемелерінде нашақорлық пен мінез-құлық ауруларының алдын алу жөніндегі бағдарламаларды енгізу, оның ішінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторларды балалар мен жасөспірімдер арасында наркологиялық бейін бойынша қатер топтарын ерте анықтау технологияларына оқыту арқылы кеңейтілетін болады. Сондай-ақ ІІМ қызметкерлеріне (полицейлер, учаскелік инспекторлар) масаңдық (алкогольден, есірткіден уыттану) дәрежесін айқындау дағдылары оқытылады.
Туберкулезге шалдығу және одан болатын өлім-жітім деңгейін, соның ішінде пенитенциарлық жүйеде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде туберкулезбен және АИТВ/ЖИТС-пен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсетуді жетілдіру жолымен төмендету жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар, бүкіл халықтың және пенитенциарлық жүйе контингентінің туберкулездің және АИТВ/ЖИТС таралу мәселелері бойынша хабардар болуын арттыру жалғастырылады.
Жасөспірімдер мен репродуктивті жастағы тұрғындар арасында АИТВ инфекциясының таралуын төмендету жөніндегі профилактикалық іс-шараларға, 15-17 жастағы балалар арасында ЖЖБИ-ға шалдығудың профилактикасына ерекше назар аударылады.
Сектораралық өзара іс-қимылды дамыту шеңберінде халықаралық бірлестіктермен және ұйымдармен (ДҰҰ, БҰҰ, ЮНИСЕФ, оның ішінде онда қазақстандық мамандарды қатыстыру және тәжірибе алмасу мақсатымен) тығыз ынтымақтастық орнату жалғасады. Сектораралық өзара іс-қимылдың ұзақ мерзімді мақсаты денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты кезең-кезеңімен, оның ішінде ортақ мақсаттардың, міндеттер мен нәтижелілік индикатор-ларының негізінде интеграциялау болып табылады.
Бұл қоғамдық денсаулық сақтау, алғашқы денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау қызметтерінің жұмысын кезең-кезеңімен интеграция-лаудың негізінде әлеуметтік медицина үлгісін қалыптастыру үшін негіз болады (2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы).
Жыл сайын медициналық ұйым-дардың материалдық-техникалық базасы нығаюда. 2012 жылдан бастап лизингілік төлемдер арқылы медициналық ұйымдар үшін құрал-жабдықтар сатып алынды. Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытуға негізделген тиімді денсаулық сақтау жүйесі екпінді шығынды стационарлық көмектен бастапқы буынға ауысты.
Мемлекет өз халқының денсаулық деңгейіне жауапты. Қоғамдық денсаулықты бір жағынан, жеке адамның индивидуалдық өмір ұзақтығын, екінші жағынан, жалпы қоғамның жəне оның үздіксіз, үйлесімді даму мүмкіншіліктері мен əлеуметтік-экономикалық дамуын сипаттайтын қоғамдық денсаулықтың индивидуалдық деңгейлерінің жиынтығы ретінде қарастыра аламыз. Бұл ретте адамның күнделікті іс-әрекеті қоршаған орта жағдайларымен тығыз байланысты. Даму, өсу, тамақтану, көбею, т.б. биологиялық үдерістер біз өмір сүріп жатқан қоғам аясында жүзеге асады. Сол себепті адамды қоғамнан бөліп қарастыру әсте мүмкін емес.
Еліміздегі денсаулық сақтау саласының озық тұстарына төмен-дегі белгілерді жатқыза аламыз: денсаулық сақтау саласын дамытудың нақты белгіленген басым бағыттары; денсаулық сақтау саласын мемлекеттік қаржыландырудың айтарлықтай ұлғаюы; ел халқының негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерінің тұрақтануы мен жақсаруы, оның ішінде əлеуметтік мəні бар аурулар бойынша сырқат-танушылықтың төмендеуі; денсаулық сақтау объектілерінің қалпына келтірілуі жəне жаңаларының салынуы; емдеу-диагностикалық үрдіске жаңа медициналық технология-лардың енгізілуі; ауылдық жерлердің медициналық ұйымдарында теле-медициналық пункттердің болуы; халықтың дəрілік заттарға қолжетім-ділігінің жақсаруы.
Адам денсаулығы – қоғам байлығы. Ұлттың еңбекте белсенді әрі бәсекеге қабілетті болуы физиологиялық және рухани саулығына тікелей қатысты. Денсаулығымызға жіті мән беру парызымыз. Ал, халықтың дене және рухани күшінің жан-жақты дамуына қолайлы жағдай туғызу, жалпыға бірдей қолжетімді әрі жоғары дәрежедегі мамандандырылған медициналық қызмет көрсету мемлекетіміздің міндеті. Бұл міндеттер мемлекеттік бағдарламалардан бастау алып, жемісті нәтижелермен жалғасын тауып жатыр.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.