Перовск, Қазалы уездерінде болыстардың ауылдық Кеңеске ұласуы

  • 22.11.2018
  • 86 рет оқылды
  • 0

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, этнограф, жазушы,
«Құрмет» орденінің иегері

1731 жылғы  Әбілхайыр  ханның  ұсынысымен Ресей  мемлекетімен байланыс  орнатылғаннан  бергі  уақытта  300  жылдан бері  Қазақ  елі аралас-құралас  болып, кейін  қазақ  даласында  Ресей мемлекетінің  құрылымдары  ендіріле  бастады. 1822  жылғы  Сібір  қазақтарын  басқару  ережелеріне  сәйкес Орта  жүзде  хандық  жойылып, округтер  мен приказдар құрылып,  оны  аға сұлтандар  басқарған. Аумақ округке, округтер  болыстарға, болыстар  әкімшілік  ауылдарға  бөлінген. Ал, Кіші  жүзде  1824 жылы  хандық  жүйе  жойылып, Орынбор  облыстық  басқармасы  ұйымдастырылды. Ол  Батыс, Шығыс, Орталық  бөлікке  бөлінген.  Әрбір  бөлікте шекаралық  жүйе  (дистанциялар) құрылатын  болған.  

1865 жылы Түркістан облысы құрылып, оның құрамына Жетісу, Сырдария облыстары кірді. 1867 жылдың шілде айында Жетісу, Сырдария облыстарын басқару туралы уақытша ереже қабылданады. Оң қанатқа Сырдария әскери шебі, Орталық бөлікке Түркістан, Шымкент уездері кірген. Осы ережеге сәйкес Сырдария облысына 7 уезд қараған. Солардың ішінде Қазалы мен Перовскі уезі бар. Қазалы уезіне алғашқыда 7 кейін 11 болыс құрылып, оған 142 ауыл бекітілсе, Перовск уезіне 10 болысқа 109 ауыл қараған.
Қазалы уезі. Қазалы уезіндегі болыстарды құрып, ұйымдастыруға арнайы орыс шенеуніктері бекітілген. Олар болыстар басқарушысы мен ауылнайларды (старшиналар) сайлауын өткізуге міндеттеліп, арнайы тапсырма алған. Комиссия мүшелері ауылдарды аралап, түтін саны, қыс қыстауы, рулық орналасуы тағы басқа да жайларды анықтап, жұртшылықты тыңдай барып еліне қадірлі адамдарды сайлау арқылы болыс етіпті.
1868 жылы Қазалы уезінде 7 болыс болса, 1872 жылы оның саны 14-ке жетіп, уезд екі әкімшілік бөлікке бөлінеді. 1) Пригоровский; 2) Қармақшы учаскілері. Уезде болыстар рулық белгімен, кейбірінде отырған жерлеріне қарай ұйымдастырылған. Мысал ретінде бір-екі болысты көрсетпекпін. Қаракөл болысына 7 ауыл қарап, онда 2189 түтін болса, негізінен шекті руының адамдары, Қарабастоғай болысына 7 ауыл қарап, онда 1866 шаңырақ тіркелген. Олардың бәрі Шөмекей руының адамдарынан құралғанын көреміз.
Қазалы уезінде Сырдария әскери – губернатордың бұйрығымен 1868 жылы төмендегі болыстар құрылған.
Қаракөл болысына – 5 ауыл қараған. Басқарушысы Құлбарақ Бекбауов, кандидаты Боранбай Құлбаев.
Алайғыр болысына – 4 ауыл қараған, басқарушысы Төлен Бигелдин, кандидаты Рүстембек Тұяқов.
Райым болысына – 7 ауыл қараған. Басқарушысы Жетес Қыстаубаев, кандидаты Арыстан Қалқанов.
Қостам болысына – 6 ауыл қараған, басқарушысы Құлпыбай Айбосынов, кандидаты Мәмбет Бақи.
Ақтөбе болысына – 9 ауыл қараған, басқарушысы Баеке Жүсіпов, кандидаты Әліш Құянбаев.
Қараман-Мақпал болысына 9 ауыл қараған, басқарушысыАлдасүгір Жарылғасов.
Сарытоғай болысына – 6 ауыл қараған, басқарушысы Алданазар Бәйменов.
Ақтоғай болысына – 10 ауыл қараған, басқарушысы Үмбет (молда) Ғалиев.
Қарабастоғай болысына – 7 ауыл қараған, басқарушысы Самырза Мырзабеков.
Көшербай болысына – 6 ауыл қараған, басқарушысы Күртебай Малыбаев.
Заңғар болысына – 6 ауыл қараған, басқарушысы Бақа Әйбеков,
Қорғаншы болысына – 8 ауыл қараған, басқарушысы Мамбет Тәспенов.
Қалыңбас болысына – 9 ауыл қараған, басқарушысы Берден Бекайдаров.
Шыбынды болысына – 7 ауыл қараған, басқарушысы Орынбай Итіғұлов болып үш жыл мерзімге сайланған.
1868-1880 жылдарда Қазалы уезіндегі аға билер мен билер: Қожанияз Қызылбаев, Дәулетияр Садықбаев, Жаңабай Атанов, Байзақ Мақсатов, Алтын Ордабаев, Шәймен Көкінов, Тұрманәлі Сырғабеков, Тілеп Пұштанаев, Қойбақ Құдайбердиев, Күшікбай Өтеулиев. Мыңжасар Байкөбеков, Құрман Жарылқапов, Әлменбет Өңгебаев, Көтібар Қазанғапов, Жанай Қабаев, Аман Пірәлиев, Досан Барақов, Сердалы Бекшорин, Рзағазы Құдабаев, Төкен Аралбаев, Түбекбай Назықов сонымен қатар ауыл билері мен болыстың кандидаттары да үш жыл мерзімге сайланатын.
Жалпы, 1870 жылы Қазалы уезінде болыстардағы түтін саны 12358 болса, 1880 жылы уездегі 116 ауылда 21220 түтін тұрып, оны 260 би басқарған. Қазалы уезіндегі 9 болыста әлімдер, 5 болысты негізінен Шөмекейлер құраған.
Сол 1868 жылда болыс басқарушысы болып сайланған адамдардың есімдері 1874, 1875 жылдарда да есімдері кездеседі. Демек, ол кісілер ең кемі 7-10 жыл бойы болыс басқарушылары болғанын архив жазбаларынан оқи аламыз.
1877 жылғы Сырдария облысының әскери-халықтық басқарманың №84 бұйрығымен Қазалы уезі бастығының рапортымен 1877-1880 жылдың аралығында Заңғар болысы етіп Бақа Әйбеков, кандидатына Тайлақ Тәжиев, билеріне Жалыбай Жұбанов, Майқы Жаназаров т.б. бекітілген. Қалыңбас болысына Жанарыстан Жайықов, кандидатына Ойнар Арыстанбеков, бірнеше билері сайланған. Көшербай болыстығына Күртебай Малыбаев, кандидаты етіп Мыңжасар Байкөбековты, билерінің біріне Молыбай Амандықовты сайлаған. Қорғаншы болысына Әлмембет Өңгебаевты кандидаттығына Қалмен Қоспанов, бұрынғы билері қайта бекітілген. Қарабастоғай болысы болып Самырза Мырзабеков, кандидаты Түбекбай Назықов, билеріне бұрынғы билер бекітіліпті.
ҚР Орталық архивтың 267 қорындағы істерден оқып-білгеніміз: әр болыста болыстық қызметкерлердің айлық жалақысы әртүрлі, біреуінде жылына 500, енді біріне 400, кейбірінде 600 сом болып белгіленгенін көреміз.
1880-1882 жылғы болыстар мен ауылдар туралы толық статистикалық есеп көрсеткіштері (архив деректері).
Қазалы уезінде 1878 жылы кезекті билер съезі өткен. 1880-1884 жылдарда кезекті билер сайлауы өткен. Осы сайлауда Қарабастоғай, Қостам, Қорғаншы, Мақпалкөл болыстарының болыстары мен кандидаттары өзгерген және бірнеше ауылдар басқа болыстарға қосылғаны байқалады.
Қазалы уезінде болыстық құрылым басталғаннан бері 7-10 жылдай қызмет атқарған болыстардың ішінде ел сеніміне ие болып шен-шекпенін қазақ жұртшылығына арнағандар аз болмаған. Олардың ішінде батыр атанған Құлбарақ Бекбауов, әрі шешен, көсемтілді Жетес Қыстаубаев пен Бақа Әйбеков, Әлмембет Өнгебаевтардың өнегелі істерін, өз халқына қамқор болған тұстарын ел әңгімелеріндегі оқиғаларды архив деректері нақтылай түскен.
Жалпы, уезде орналасқан болыс-тардың ішінара болса да бір-біріне қосылып, одан ажыратылып отырған кездері де аз болмаған. Бұл алмасулардың жоғары биліктің шешім арқылы болғанын кей тұста болыс тұрғындарының арыз-шағымдарынан өзгеріске ұшырағаны да байқалады.1868-1870 жылдардағы болыстар тізімінде жоқ Қаратөбе, Қуаңдария, Аққыр, Қармақшы, Жамансыр болысының атын көреміз. Нақтыласам, 1886 жылы Перовск уезінен Қуаңдария, Аққыр, Жамансыр болыстары Қазалы уезінің қарамағына енді. Бұл болыстық бөліністер. 1891-1898 жылдары қайта жүргізілгені байқалады. Осы тұста, 1862, 1863 жылдарда Қазалы-Орскі пошта бекеттері ұйымдастырылып, ол бекеттердің басым көпшілігін болыс басқарушылары мен билердің басқарғаны тасқа жазылып қалған. Сондай-ақ «Материалы для статистики Туркестанская Края Сырдаринский область» атты Маевтың зерттеуінде Қазалы уезіндегі болыстардың саны ғана емес, рулардың қай болыста орналасқаны, егін, мал шаруашылығы-мен айналысатындар, мал саны тағы да басқа жайларды молынан қамтыған.
Екінші бір құнды еңбектердің қатарына «Материалы по Киргизскому землепользований» атты кітаптың Қазалы уезіне арналған бөліміндегі 1911-1912 жылдардағы зерттеулерге көз салып қарайық. Мұнан болыстардың жай-жапсары, орналасуы жайлы материалды қарадық. Кітап 1913 жылы Ташкентте басылып шыққан. Мақсатымыз болыстар жайында болғандықтан, тікелей тақырыбымызға оралайық.
Сонда, уезде 151 ауыл, онда 30711 шаңырақ есепке алынған.
1868-1872 жылдардағы уездегі болыстардың орналасуы, қыс-қыстауы мен жаз жайлаулары онша өзгеріске түспегені аңғарылады.
Жоғарыда аталған кітапта Аққыр болысында 9 әкімшілік ауыл болған. Әр ауылдың ақсақалы, қыс-қыстауының аты, ондағы рулардың аттары да назардан тыс қалмаған. Халық саны 1325-ті құраған Ақшатау болысында 7 ауыл, онда 1682 шаруашылық. Ақтоғайда 10 ауыл, онда 1543 шаруашылық. Ақтөбе болысында – 13 ауыл, онан 8 ауыл аралас орналасқан, 1515 шаруашылықты құраған Заңғар болысында – 8 ауыл, онда 912 шаруашылық болған. Қалыңбас болысында –10 ауыл, онда 757 шаруашылық есеп алынған. Қарабастоғайда – 6 ауыл, онда 1112 шаруашылық болған. Қаракөл болысында – 11 ауыл қараған, оның V, VI,VII, ІX ауылдары аралас орналасқан. Онда 1569 шаруашылықтың есебі алынған. Қармақшы болысында – 12 ауыл. Онда 1729 шаруа шаруашылығы бар. Қостам болысында – ІХ ауыл онда 1678 шаруашылық бар. Қуаңдария болысында – 11 ауыл, онда 1863 шаруашылық орналасқан. Қорғаншы болысында – 5 ауыл онда 434 шаруа шаруашылығы есепке жазылған. Көшербай болысында 6 ауыл құрайды. Онда 1082 шаруашылық тізілген. Жамансыр болысында –10 ауыл, онда 1501 шаруашылық есепке алынған. Мақпал болысында – 7 ауыл, онда 823 шаруашылық есептелген. Райым болысында – 5 ауыл, онда 900 шаруашылық тізімге алынған. Сарытоғай болысында – ХІ ауыл, онда 1513 шаруашылық. Шыбынды болысында 18 ауыл, онда 2190 шаруашылық болған. Ақтоғай, Ақтөбе, Сарытоғай болыстары мен Ақшатау, Райым болыстарындағы рулардың адамдары аралас орналасқан екен.
Сөйтіп, осы болыстықтар 1917 жылғы Қазан төңкерісімен құрылған Кеңес үкіметіне ұласты.
1.Жаңақазалы – 1 сайлау участогіне Сарытоғай, Ақтоғай, Қалыңбас болыстары мен Көбек стансасы. Орталығы – Жаңақазалы поселкесі.
2.Жаңақазалы –2 сайлау участо-гіне Ақтөбе, Қаракөл болыстар мен Жаңақазалы поселкесі орталығы Жаңақазалы қыстағы.
3. Қамыстыбас сайлау участогіне Райым, Ақшатау болыстары және Қамыстыбас, Бекбаулы, Шөміш стансалары мен Қамыстыбас қыстағы – орталығы Қамыстыбас.
4.Бөген сайлау участогіне –Бөген, Аманөткел, елді мекендері мен Қарашоқай-Мақпал, Қостам болыстары.
5. Қармақшының №1 сайлау участогіне Қармақшы және Жамансыр болыстары, Қызылтам, Қорқыт, Диірментөбе стансалары – орталығы Қармақшы селосы. №2 сайлау орталығы Қармақшы, Аққыр, Қуаңдария, Қарабастоғай, Төретам стансасы. №3 сайлау участогі – орталығы Қармақшы селосы. Оған Көшербай, Заңғар, Қармақшы болыстары мен Майлыбас стансасы енген.
1917 жылдың 17 қараша айындағы «Туркестанские ведомства» газетінде Сырдария округінде Сайлау учаскелерін құру туралы қаулысында Қазалы уезі бойынша 5-6 сайлау участогі құрылып, орталығы белгіленген.
Түркістан өлкелік атқару комитетінің 11 сәуір, 1917 жылғы мәжілісінде Сырдария облысы жайы қаралған. Осында Қазалыдан келген – 2, Аралдан – 2, Қармақшыдан – 1 делегет қатысқан. Өздеріндегі нақты жағдайды айтып, М.Күзембаев, Ы.Қасымовтар сөз сөйлеп ойларын ортаға салған.
1920 жылы Сырдария облысының Қазалы, Перовскі, уездерінде уездік, болыстық ревком төрағаларын сайлаған. Сөйтіп, кеңестік кезеңнің болыстары мен ауылнайлар сайлана бастаған.
1920 жылғы Қазалы уезінде болыстық атқару комитетінің құрамы:
Ақтөбе болыс төрағасы Орақ Нұрқожаев секретары Елеке Ізмамбетов, бұрын 5 ауыл, енді 14 ауыл қараған.
Қалыңбас болысы – Телағыс Қалменов, секретары Нұржан Маусымов. Бұрын 5 ауыл болса, енді 12 ауылды құраған.
Қаракөл болысы –Шындалы Кәрібаев, секретары Құдайберген Әлмұхаметов. Бұрын 7 ауыл, енді ол 12 ауыл болды.
Қостам болысы – Алдасүгір Ташенов,секретары Орынбасар Әлжанов. (Осы кезде Мақпал болысы қосылған) 7 ауылдың саны 18-ге жеткен.
Райым болысы – Сейіт Дәрменқұлов, секретары Таткен Тілеубергенов. (Ақшатау, Бозарал болысымен қосылған. Бұрынғы 6 ауылы 14 ауыл болған).
Шыбынды болысы – Мырзаш Алданазаров, секретары Бұхарбай
Қаражанов, (кейбір ауылы Тұрсын болысынан қосылған, бұрынғы 6 ауыл 11 ауылға жеткен).
Жамансыр болысы – Досжан Ырзаев, секретары Қары Қалыбаев. (Қармақшы болысымен қосылған) Бұрынғы 9 ауыл саны 21-ге жеткен.
Заңғар болысы – Рзағұл Тасбеков, секретары Ибрагим Құбақов, (Қарабастоғаймен біріккен.) бұрынғы 7 ауыл саны 15 болған.
Қуаңдария болысы– Найман Кенжеғұлов, секретары Бектібай Қуанышбаев, (Аққыр болысымен қосылған) Бұрынғы 7 ауыл саны 21 болған.
Көшербай болысы (Қорғаншы болысымен біріктірілген.) Бұрынғы 6 ауыл саны 17-ге жетіпті.
11.Сарытоғай болысы– Пірімбет Талқанбаев, секретары Ағыбай Жайсынов (Ақтоғай, Майлыбай, Қарашеңгел болыстары қосылып, ауыл саны 22-ге жеткен).
1920 жылдың 5 шілдесінде Қазалы уездік атқару комитетінің бастығы Коноплев, ревком мен атқару комитетінің мүшелеріне Сембаев, Аласбаев, Арал аудандық советінің төрағасына Степан Ерматов, мүшелері Алексей Злотский, секретары Петр Новиковтар сайланған. Алғашқы уезд кеңес атқару комитетінің төрағасы Роман Платонович Новицкий, кейін Тойбай Құлқашев болған.
Қазалы уезіндегі болыстардың басқарушысы болып әр жылдарда қызмет атқарған адамдардың ұрпақтарының болғанын айтуға тиіспін.
Ахмет Жетесов, Төребай Пішанов, Рүстек Жортекев, Бекмырза Еркінбаев, Далдабай Қалменов, Қаражан Тұрақов, Көшекбай Қожабаев, Әлібай Есеров, Молдайман Шынтаев, Бегім Сарбасов тағы басқа да ел басқарған игі жақсылар қаншама дерсіз.
Сырдария облысы, Түркістан республика құрамына енген.
1921 жылдың 1 қазанына облысқа 7 уезд қараған. Қазалы уезіне 22 болыс белгіленген. 1924 жылдың 12 желтоқсанында Сырдария облысы губернияға айналған. Қазалы уезінің орталығы – Қазалы қаласы болып белгіленген.
1923 жылдың 11 ақпанында Қазалы қалалық типтегі поселке аталды.1923 жылдың 3 наурызында Арал болысы құрылды.
Аққыр болысы Қуаңдарияға, Ақтоғай Қарашеңгелге, Майлыбас болысы Сарытоғайға, Ақшатау, Бесарал Райымға, Қарабастоғай Көшербай болысына, Қорғаншы Заңғарға, Мақпал Қостамға, Тұрсын болысы – Шыбынды болысына 1922 жылдың ортасында біріктірілген.
Сырдария губерниялық атқару комитетінің 1925 жылдың 15 мамырдағы қаулысымен Жамансыр, Қуаңдария болыстары Қармақшы болысына, Қалыңбас, Қостам болыстары Ақтөбеге, Заңғар, Көшербай болысы Сарытоғай болысына, Шыбынды Қазалы болысы деп аталған. Қамыстыбас болысы Қаракөл, Райым, Шыбынды болыстарының негізінде ашылды.
1927 жылдың 17 қаңтарында (ВЦИК 3 қыркүйекте бекіткен) Қазалы уезі таратылып, оның орнына Қызылорда округына бағынышты Қазалы ауданы – Ақтөбе, Қазалы болыстығынан негізінде Қазалы, Арал және Қамыстыбас болысы есебінен Арал ауданы, Қармақшы болысының негізінде Қармақшы ауданы құрылып, алдағы өмірге жол тартты.
Қызылорда округіне – 9 аудан қараған.Бірақта 17 желтоқсан 1930 жылы ВЦИК-тің 23 шілдедегі қаулысымен округ таратылып, аудандық бөлініске енді. 1932 жылы КазЦИК-тің шешімімен Қазақстанда 6 облыс құрылды, оның бірі Оңтүстік Қазақстан облысы болды.Оған қараған аудандар (Қызылорда облысы жайлы):1.Қазалы; 2. Қармақшы, 3.Қарсақбай, 4.Қызылорда, 5.Тереңөзек, 6.Жаңақорған, Шиелі аудандары.
Сөйтіп, 1918-1920 жылдардан бастап кеңестік болыс, 1925-1926 жылдардан ауылдық кеңестер құрылымы жұмыс істей бастады.
Болыстарды зерттеуімде олардың қысқы-жазғы қоныс, жайылымдарын, жайлау жолын, құдықтары мен су көздерін, егін, мал шаруашылығымен айналысуы, тағы басқа да көптеген жағдаяттарды жазбадым. Оның себебі бұларды бірнеше зерттеушілер мен ғалымдар жазған-ды.
1928 жылы Қазалы, Арал 1938, Қармақшы 1928, Жалағаш 1939 жылы, Тереңөзек 1928, Сырдария 1938, Шиелі 1938, Жаңақорған 1928 жылы құрылған. Бүгінде осы аудандар Қызылорда облысының құрамында. Аламесек ауданы 1925-1930 жылдары Қараөзек ауданы 1926-28, Қызылорда ауданы 1927 жылы, Қарсақбай ауданы 1927 жылы Қызылорда округына қарап, кейін шығарылған. Сонымен 1927 жылы Қазалы уезіне Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары бекітілсе, Қызылорда уезіне Аламесек, Қараөзек, Қызылорда, Шиелі, Қарсақбай аудандары кірген.

ІІ Перовскі (Ақмешіт) уезі бойынша:

Сырдария облысына қарасты Перовскі уезінде болыстық құрылым 1867 жылы құрылып, ол Түркістан генерал-губернаторына бағындырылған. Уезде болыстарды құру үшін Понкратов, Михайловтар жүргізген. Жалпы болыстық құрылым 1867 жылғы «Уақытша ереже» талаптары бойынша жүргізілуге тиісті болса да кейбір уақыттарда бұл ереже-талаптың бұзылған жайларын да дерек көздерінен оқи аламыз. Жалпы Сырдария облысы уездеріндегі болыстардағы шаңырақ 2000-нан аспау керек деген болса, көбіне-көп болыстарда 6-12 ауыл жасақталып, ондағы түтін саны үш мың үстінде болған. Мысалға: Жаңақорған болысының 15 ауылында 3083, Жөлек болысында 2740 шаңырақ болған.
Перовск уезінде бір болыстан екінші болысқа ауыстыру немесе біріктіру сияқты оқиғалар жиі орын алып отырған. Аққыр болысы Қазалы уезіне, Жаңақорған болысы Түркістан уезінің құрамына берілген. Сондай-ақ рулық бойынша құрылған болыстар кей кезде руларды бөліп жіберіп отыру тәжірибеде кеңінен пайдаланылған.
1879 жылы Жөлек болысындағы Арғын, Тарақтылар, Түркістан уезіне қараған Жаңақорған болысына қосуды сұрап арызданған. Оның нақты себебі сан жағынан басым рулар болыс сайлауында өз адамдарын сайлайтын. Осындай дау-жанжалдың себебінен 1879 жылы арғын руынан Жөлекке болыс болған Әйеке Бекежанов қыпшақ адамының қолынан қаза тауып, арты үлкен қантөгіске әкеле жаздағаны тарихтан белгілі. Осы тұста қыпшық Бұдабай ақынның «Әйекені жоқтау» өлеңі арқылы жанжал бейбіт жолмен шешіліпті. Міне, адам өліміне әкелген сол рулық болыстыққа таласудан болған оқиға деп білеміз.
Перовскі уезінде алғашқы болыстарды (1867-1868 ж.ж.) құруда 10 болыс болған. Бұл деректер «Материалы для статистики Туркестанского края» атты 1872 жылы Ташкентте басылған еңбекте нақты жазылған.
Бұл кітаптағы талдауда болыстардағы рулардың аттары ондағы түтін саны, қысқы қыстауы мен жаз жайлауы көрсетілген.
№1 Жаңақорған болысына – 15 ауыл кіріп, ондағы түтін саны – 3083 адамды құраған.
№2 Жөлек болысында –14 ауыл, онда 2740 түтін.
№3 Кеңтүп болысына –11 ауыл қарап, онда 2076 шаңырақ есепке алынған.
№4 Церская болысына – 12 ауылда 2141.
№5 Шаған болысында – 11 ауыл болып, онда 2192 түтін болған.
№6 Жомарт болысында – 9 ауыл, 1495.
№7 Байзақ болысында – 11 ауылда 1827 түтін құраған.
№8 Қармақшы болысында – 10 ауылда 1627 шаңырақ болған.
№9 Қосбөгет (Қышбөгет) – 10 ауылда 1779 шаңырақты құраған.
№10 Аққыр болысы – 6 ауыл, онда 1058 түтін болған.
Жалпы, осы жылдарда Перовск уезінде 10 болыс, 98 ауыл, 20018 шаңырақ иелері 70,063 сом күміс ақша есебі мен түтін пұл салығын төлеген.
Болыстарда тұрған адамдардың орналасуын саралап қарасақ, әсіресе, Қосбөгет (Қышбөгет) болысы кілең шөмекейлерден құралса, Аққыр болысы кетелерден жасақталған. Ал, қалған 8 болыста ру адамдарының орналасуының әркелкілігін көреміз.
Сонымен, 1872 жылы Перовск уезінде 12 болыс, 1879 жылы 14 болыс, 1890 жылы 18 болыс болған. Бұлайша болыстар санының артуы 1872 жылы Жаңадария, Сарышаған, Гольбачскі болыстарының құрылуынан. 1886 жылы Түркістан уезінің жойылуына байланысты оңтүстік жақтан 2486 түтін Перовскі уезіндегі болыстарға берілген. Бұл деген сөз тұтас бір ауылдың түтін санымен бірдей. Осы тұста, көптеген қиындықтар туындағанын зерттеушілер өз еңбектерінде жазған. 1886 жылы уезге болыстардың қосылуы мен қатар, Перовскі уезіндегі кейбір болыстар Қазалы уезіне өтті. Аққыр, Жаманжыр, Қуаңдария, болыстары түгелімен Жаңадария, Байзақ, Жомарт орталығы Самұрат мекенінде болды. 2) Пригородный бөлімінде Царская, Кеңтүп, Шаған, Сарышаған, Голобачев, Жөлек, Сырдария, Жаңақорған болыстары қараған.1898 жылы уездік болыстардың шекараларын қайта белгілеу жүргізілді. Жөлек бөлімінде 6 бөлім болса, 8 болыс болды. Бірқазан болысы – Ново-Астрахан, Сарышаған, Гродеков, Шиелі-Скобелев, Сырдария-Приречный болысы болып аталды. Осындағы Ново-Астрахань орыстардың қоныс тепкенімен аталса, Гроденов, Скобелов орыс әскерінің жоғары шенді офицерлер, губернаторлардың есімдерімен аталғанын аңғару қиын емес.
1872 жылғы деректе Перовскі уезінде болыстардың саны 12-ге жетіп, 20944 түтінді құрып, ондағы адамдардың саны 136218. Осы жылдарда Перовскі уезінде құрылған болыстарға, оның басқарушыларына қысқаша тоқталып өтпекпін. 1868-1871 жылдары болыс саны – 10 болған.
Жөлек болысын алғаш Бектас, одан кейін 1873-1874 жылдардан Әйеке Бекежанов болыс болып, кандидаттығына Дүзбай Нұралиев сайланған. Аталған болыста 10 кісі би қызметін атқарған.
Байзақ болысын Мойылбай Байқадамов, оның кандидатына Ақсақал Байқадамов, билер қатарында Жылқыбай Дәрімбаев, Ерубай Алдадосов барлығы 9 би сайланған.
Жомарт болысы болып – Биәлі Мырзаев, оның кандидаты Алдажар Жаншүренов, билеріне Тынымбай Белдібаев, Байтанат Есдәулетов, т.б.(10 би) сайланған.
Шаған болысының басқарушысы Құрман Тайпин, кандидаттығына Есет Төлепов, билеріне Емберген Бәсенов, Алтыбай Жанатов, Есқұл Ақтайлақов, т.б. барлығы 11 би қызметте болған.
Қосбөгет (Қышбөгет) болысы болып Кенжебай Асауов, оның кандидаты Кенжалы Төкенов, билері Тәшірбай Талқанбаев, т.б. барлығы 8 би.
Қармақшы болысына –Сарыкөбен Мұсылманов басқарушы, Кандидаттығына Сұлтанмейман Шынашынов, билері болып Мамырбай Қалқаев, Топжан Байназаров т.б.барлығы 11 би .
Аққыр болысының басқару-шысына – Тұңғышбай Бекмырзаев, кандидаты Қаракөз Сарықұлов, билер құрамына Бакет Өтемісов, Ешнияз Жөнелдіков, Ақбай Ордабаев, Құламан Түзелбаев, Дәуімшар Қитаров, Бекмырза Еркінбаев, т.б. барлығы 10 би сайланған.
Кеңтүп (Кеңтүбек) – болысын Басықара Алтыбаев, оның кандидаты болып Дос Әленов, билеріне Жанқабыл Төлегенов, Құдабай Алтыбаев, Арыстан Жанқабылов, Тұрлықұл Қожамқұлов, барлығы 7 би қызметке алынған.
Царский болысы. Мырқайдар Жарасбаев, кандидаты Мешітбай Құлбаев, билері Көтібар, Алданазар, Бұқарбаевтар т.б. барлығы – 9 би сайланады.
10. Жаңақорған болысының басқарушылығына Әбдіқоқымов, кандидаттығына Кенжебай Дайрабаев, кейіннен К.Дайрабаев болыс, оның кандидаты болып Тасболат Кешуов, 7 би билік жасаған. 1880 жылы Жаңақорған болысын Қалкөз Сіргебаев, кандидаттығына Таңбұрынов, билер билігін жасау үшін 8 би сайланған. 1872 жылы Сарышаған, Жаңадария, Головаческ болыстары ашылған.
1873-1875 жылдардағы мына болыстардағы түтін саны (шаңырақ)
1.Аққырда – 1626 шаңырақ;
2.Қармақшыда – 1931 түтін;
3.Қосбөгет (Қышбөгет) – 1680;
4.Байзақ –1871;
5.Жомарт –1203;
6.Шаған – 3353;
7.Жаңадария – 1687;
8.Сарышаған –1463;
9.Царская –1024;
10.Жөленте – 1850;
11. Головачесгенде –1404 түтін;
12.Қараөзек – 1496 шаңырақ.
Осы жылдарда Сарышаған болысы-ның кандидаты болып Абдолла Ниязов тағайындалса, 1882 жылы Сарышаған болысының басқарушысы Абдолла Ниязов сайланған.
1879-1886 жылдарда Жалағаш, Қараөзек, Сауран, Николаев, Сырдария, Шиелі болыстары толықты. Екінші бір бұйрықпен 1886-1887 жылдар шамасында Аққыр, Қуаңдария, Жаманжыр болыстары Қазалы уезінде берілген.
1890 жылғы бұйрықпен Көткеншек, Жалағаш 1896 жылы Көткеншек болыс басқарушысы Ықылас Ескөбеков кейіннен Қоқыбай Байтаңов, Шаған болысы басқарушысы Ақберген Басанов, Кеңтүп болысы Мұңайтпас Лапин, кейіннен Жүсіпбек Басығарин болыс болған. 1897-1902 жылдарда Қаракөл-Қуаңдария болысы Мырзабек Сәтбаев, 1902 жылдарда Құланбай Қалданов, Байзақ болысынан Бекқұлы Сейілов, Бидас Бекбауов, Головаческ болысын (1879) Бекбай Тұрғанов, Айнакөл болысы 1892-1895 жылдарда Нұреке Жарасов, Орынбаев, 1906-1908 Қанаев, Қалабаев, Царский болысынан Дәужан Итбасов, Мүслім Мырқайдаров, Жамансыр болысынан (1900 ж) Ізтілеу Өтемісов, 1901-1904 жылдарда Кірекес Қазанбасов, 1904-1911 жылдарда Төребай Пышанов. Қышбөгет болысынан Қоқыбай Байтаңатов, Мұхамедияр Әлдешев, (1902-1903ж.ж.), Берден Малдыбаев.
Қосбөгет (Қышбөгет) болысының 1914, 1915 жылдарда Келдібай Шонымов, Аламесек болысын Мұхаметжан Алпысбаев, 1889 жылы Қараөзек болысын 1902 жылға дейін басқарған Сауранбай Құлманов, 1914 жылдан оның баласы Ыбырай болған. 1914-1916 жылдарда Айнакөл болысын Үркімбай Тұрағұлов, Царскіні Ахмет Жармұхамедов, кейін Кірбас Байғабылов, Қосбөгет (Қышбөгет) болысын Мақан Байдәулетов басқарған.
1903-1917 жылдар аралығында Гродековкі болысын басқарғандар: Ботай Әуезов, Әлі Қариов, Гашмұхамед Досболов.
Көткеншек болысының басқарушы-лары: Мұхамедияр Әлденов, Тоқтамыс Сауытбаев, Исақожа Жәлекенов, Кірбас Байғабылов.
Скоблев болысы (Шиелі) Әбдікәрім Жүзбаев, Байсын Көлдеев, Е.Сіргебаев, Әбдеш Жүзбаев.
Шаған болысын басқарғандар: Бақтыбай Сүлейменов, Шәймен Әділов, Басан Алтыбаев.
Приречный болысының басқару-шылары: Әбдікәрім Нәлібаев. Қаракөл-Қуаңдария болысы Мырзабек Сәтбаев, Телжан Аймұратов, Ержан Сәтбаев, Құланбай Талқанбаев, Боранбай Алшанов, А.Қосбармаков.
Телікөл болысын басқарғандар: Алшынов, Шангиесов. Жаңақорған болысы бойынша: Қалмұхамед Ешмұхамедов, Әбді Қоқынов (1871).
Алмесек болысын басқарғандар: Махамбетжан Алпысбаев.
Қостам болысын: Үмбет, Сәмбет Тілегеновтер
Қосбөгет (Қышбөгет) болысын Есполов.
Маслов (Жалағаш) болысын: Масбаев Құлшық, Бекбауов.
Байзақ болысын Құлшынов, Сейіт Ақбергенов, Бидос Бекбауов (1899), Бекқұлас Сейілов (1897ж.)
Кеңтүп болысын Мұңайтпас Лапин.
Қараөзек болысын басқарғандар: Абзал Жарасбаев,Сауранбай Құлманов, Ибрай Сауранбаев т.б.
Царскі болысы:А.Мешітбаев, Мүслім Марқайдаров.
Сарышаған болысы бойын-ша:Абдолла Ниязов, (1882 ж).
Перовскі уезінде статистикалық партияның зерттеуі бойынша: Қыпшақ, Қоңырат, Найман, Жаппас, Табын, Керейт бұларға қоса оңтүстік шығысында Қожа,Сунақ, Арғын, солтүстігі мен солтүстік батысында Жалайыр, Қарақойлы, Қаңлы, Ошақты, Таздар, Төре, Сарыбай, Тама тағы басқа рулардың тұратыны (1910ж.) жазылған. Осы зерттеуден 310 ауылда 23680 шаруашылықта 78534 ер, 68960 әйелдің барлығын және 191шаруашылықтан сұралып зерттелмегенін де алға тартқан.

Кеңес болыстары мен  советтендіру кезеңдері

1917 жылдың ақпан, қазан төңкеріс-тері Ресей патшалық құрылымын талқандап, елді советтендіруге бастады.1917 жылдың наурыз айында Перовскі жұмысшы, солдат депутаттарының кеңесі құрылған. Осының алдында 31 тамызда Ташкент қаласында Сырдария облыстық советінің мәжілісі өткен. Онда Әлмұхамед Көтібаров сөз сөйлеп, Перовскі ұйымынан әрбір мың үйден бір делегат сайлауды ұсынған. Депутаттар болып М.Шоқаев, Е.Анфиров, Ә.Көтібаров, Н.Дидин, О.Меревтер сайланады.
11 сәуір 1917 жылы Түркістан республикасының атқару комитеті қаулы жазылған. Осында Сералы Лапин бірнеше мәрте сөйлепті.1917 жылдың 15-21 қараша аралығында Түркістан өлкелік советінің 11 съезі өтіп, онда И.Қасымов, Қүзембаев, т.б. сөз сөйлеген.
Жалпы, 1918 жылға дейін болыстық, уездік, комиссарлар басшылық жасаған. Кейіннен революциялық комитет басшылық-ты алған. Осы тұста И.Гержод, Архипов, Х.Ибрагимов, Ж.Өткелбаев, И.Тоқтыбаев, М.Шоқай, С.Лапин, тағы басқа да қайраткерлер қызмет еткені аңғарылады.
1917 жылдың қараша айында Перовскі уезінде Советтердің құрылтайын өткізетін 7 сайлау учаскесіне бөлінген.
Перовскі қалалық сайлау учаскесінің орталығы – Перовскі қаласы.
Перовскі қосылған участок –Ново-Астраханск, Александровск, Царск болысы, ст.Қараөзек, Перовскі, Бірқазан – орталығы Перовскі.
3.Кеңтүбек – Айнакөл сайлау участогі. Бұған Кеңтүп, Айнакөл болыстары – орталығы Перовск.
4. Тартоғай, Гродеков, Головческ, Тоғай селосы, Баранов, Тартоғай, ст. Сұлутөбе – орталығы Тартоғай.
5.Жөлек сайлау участогіне Жөлек, Телікөл, ескі Жөлек, жаңа Жөлек, ст. Бәйгеқұм – орталығы Ескі Жөлек.
6.Скобелевский сайлау учаскесі: Скобелев, Романов, Приречный, село Скобелев, Герасимов, Төменарық, Шиелі дауыс беру орталығы село Скобелев.
7.Жаңақорған сайлау учаскесі: Жаңақорған, Сауран, Өзгент болыстары, с.Жаңақорған, ст.Жаңақорған, Аққұм, Бесарық, Сауран – орталығы село Жаңақорған.
8. Тереңөзек сайлау учаскесіне: Маслов, Байзақ, Шаған, Қараөзек, ст.Тереңөзек, Жалағаш, Қаракеткен –дауыс беру орталығы – ст.Тереңөзек.
9. Аламесек сайлау учаскесіне: Аламесек, Көткеншек, Кеңтүп, Қостам, Қаракөл-Қуаңдария болыстары – орталығы Аламесек селосы.
Перовскіде 1918 жылдың қаңтар айында уездік совет құрылған. Ал, 1919 жылдың 25 маусымында Перовскі уездік аумақтың – әкімшілік қайта құруға байланысты уезд екі бөлікке бөлінеді: бірінші бөлікке: 23 болыс 106 ауыл қараса, Жөлек бөліміне 11болыс, 80 ауыл қараған.
1920 жылдың 20-24 наурыз айында РКП(б)Өлкелік комитетінің шешімімен Перовскі уезінің қалалық партия конференциясына болыстық ұйымдардан 80-нен астам делегат қатысқан. Уездік ревкомда 18 бөлім (милицияларды қосқанда) болған.
Перовскі уезіндегі революциялық комитетінің болыстық атқару комитеті-нің төрағалары, мүшелері жайлы:
1.Сұлутөбе болыстық атқару комитетінің төрағасы Әбдіхалық Есқожаев 47 жаста, орынбасары Шаймұхамед Дүйсеманов 47 жаста, секретары Рахмет Айтбаев – 32 жаста орысша түземдік училищеде оқыған.
2.Шиелі болысы Әшірмұхамед Малыбеков – 37 жаста, бұрын болыс болған, орынбасары Палымбет Қалымбетов – 46 жаста, секретары Ысқақ Әлмұхамедов – 35 жаста, түземдік училищені бітірген.
3.Ақарық болыстық атқару комитетінің төрағасы Жағыпар Бекмұхамедов – 46 жаста, орынбасары Әбдіқаппар Шүйіншібаев – 34 жаста, секретары Жұмаділда Байымбетов – 39 жаста.
4.Телікөл болысы Халық Қошанов – 25 жаста,мұсылманша білімі бар, орынбасары Мұхамед Беласаров – 41 жаста, секретары Бейсен Сүйіндіков – 31 жаста.
5. Приречный төрағасы Сәрсенбай Байдүлменов – 36 жаста, орынбасары Өтеу Майкөтов – 37 жаста, секретары Фазылбек Нұржанов.
6. Жаңақорған болыс төрағасы Мұқымбек Құрманов – 34 жаста, орынбасары әрі секретары Шәріпбек Түкібаев – 27 жаста.
7. Жөлек болыс төрағасы Қалжан Палымбетов – 28 жаста. Түземдік училищені бітірген, орынбасары Оман Дощанов – 46 жаста, секретары Дүрәлі Әділбаев – 32 жаста.
8. Сорқұдық болысы – Қоблан Жүсіпов – 37, орынбасары Бабас Маймұхамедов – 38 жаста, секретары Ырзақой Әбдрахманов.
9. Сауран болысының төрағасы Шәмет Шектібаев – 45 жаста, орынбасары – Байтілеу Есенбаев –37 жаста, секретары Райымхан Тайбеков.
10. Өзгент болыстық комитетінің төрағасы Әбіш Якудаев, орынбасары Ахмет Артықбаев, секретары Мұсабек Жүсіпов – түземдік училищенің түлегі.
11.Қоғалы болысы –Шағарбек Сүтенов – 38 жаста, мұсылманша оқыған, орынбасары Әбусаттар Бижанов – 33 жаста,секретары Баймұхамед Байзақов – 38 жаста.
12.Кеңтүп болысы – Ахмет Қожамұратов – 38 жаста түземдік училищені бітірген, орынбасары Саурық Басағарин – 45 жаста, секретары Сайды Әлекеев –31 жаста.
13. Байзақ болысы – Кенжебай Месіков – 44 жаста. (кейін Қайқиев Бекжан болыс болған) орынбастары Тасболат Бүкібаев – 40 жаста, секретары Натбай Ақылбеков – 22 жаста, түземдік училищені бітірген.
14. Қаракөл-Қуаңдария болыс төрағасы – Самрат Қалданов – 45 жаста, мұсылманша сауатты, орынбасары Мырзатай Досымов –31 жаста, секретары Жолшара Талдыбаев – 1880 жылы туған.
15. Қостам болысы – Жүсіп Үргенішбаев, 57 жаста, орынбасары Ес Жалдығараев – 50 жаста, секретары Махан Жабағиев – 33 жаста.
16. Сабалақ болысының төрағасы Омар Есенқұлов – 48 жаста, мұсылман мектебін бітірген, орынбасары – Шекер Байсатов – 43 жаста, секретары Ахмет Мешібаев – 56 жаста.
17. Шаған болысы – Есжан Кенжеғаринов, 60 жаста, ескіше оқыған, орынбасары – Махан Мусаев – 61 жаста, секретары Нұрпейіс Ізтілеуов – 35 жаста.
18.Аламесек болысы – Арыстан Мекебаев –38 жаста, орынбасары Есқали Кеңесбаев, секретары Созақбай Орынбаев.
19.Айнакөл болысы – Әбен Атығаев – 37 жаста, мұсылманша оқыған, секретары Ешпан Тіленшиев (Тілегенов) 48 жаста, секретары Айыш Шоқаманов –28 жаста.
20. Көткеншек болысы – Айғали Өнгелбаев, орынбасары Құлахмет Рысмаханов –37 жаста, секретары Бөлебай Жанбосынов – 70 жаста.
21.Қараөзек болысы – Махан Сауранбаев – 47 жаста, орыс-түземдік училищені оқыған, орынбасары Егізбай Шегенбаев – 52 жаста, секретары Сүлеймен Әбдікәрімов – 35 жаста, мұсылманша сауатты.
22. Тереңөзек болысы – Қожамұрат Піржанов –35 жаста, училищені бітірген, орынбасары Дайрабай Маңғұтов – 45 жаста, діни сауатты.
23. Қышбөгет (Қосбөгет) болысы – Исмағұл Барлыбаев – 32 жаста, орынбасары Айнабек Көтеев – 55 жаста, секретары Сейітжан Байтаңатов – 32 жаста, орыс-түземдік училищеде оқыған.
24.Жалағаш болыстық атқару комитетінің төрағасы Қожахметов – 27 жаста, орысша түземдік училищені бітірген, орынбасары Рахымбек Құлмұратов – 36 жаста,секретары Піржан Сүтібаев – 37 жаста.
Перовскі уезіне 25 сәуірде 1 болыс қосылған. Сонымен, уезде 24 болыс, 7 қыстақ,192 ауылды құраған. 1920 жылы уездік ревкомның төрағасы Жалмұхамед Өткелбаев, мүшелері Бағлан Мұхтаров, Қали Бұқарбаев, т.б. болған.
Сонымен қатар, кей жылдарда уездік комитетке бағынған бірнеше арнайы бөлімдер құрылған. 1920 жылдың 26 қаңтарында Перовскі уездік комитетінің мәжілісі өтіп, онда Қараөзек пен Тереңөзек болысының ауылдарын бір-біріне ауыстыру, жайылымдық жерлерін нақтылаған (тіпті отбасылардың ауыстырылған тізімдері де жазылған).
1922 жылдың 25 сәуірінде (ВЦИК-тің 12 қазан,1922 жылғы қаулысы) Перовскі уезі Ақмешіт уезі болып аталады. 12 желтоқсан, 1924 жылы Сырдария облысы губернияға айналды. Ақмешіт уезінің орталығы Ақмешіт қаласы. Осы жылдардағы болыс саны –27 болған. Болыстар орталығы бұрынғы орталықтары көп өзгеріске түспеген.
1922 жылдың 11 сәуірінде Приречный, Сауран, Өзгент, Жаңақорған, болыстары Түркістан уезінің қарамағына беріледі.Айнакөл болысының бір бөлігі Байзақ, Жалағаш, Тереңөзек болыстары Қараөзек болысына қосылады. Жөлек, Сорқұдық, Телікөл, Шиелі болыстарына (орталығы Шиелі стансасы) қосылған. Қаракөл-Қуаңдария, Қостам, Қышбөгет (Қосбөгет) Аламесек болысымен біріккен, орталығы – Аламесектің №3 ауылы, Шаған болысы Аламесек пен Ақмешіт болысы айнакөлмен біріктірілген. Ақарыққа Кеңтүп, Қоғалы, Сабалақ болыстары Ақмешіт болысына кірген.
1920 жылдың мамыр айында Қармақшы революциялық комитеті құрылған. 1924 жылдың 21 шілдесіндегі мәлімет бойынша Ақмешіт уезіндегі болыстардағы жағдайлар.
1.Байзақ болысында – 4768 қазақ, болыс атқару комитетінің төрағасы Досбол Исанбеков, орынбасары Абыт Нұркенов, секретары Қазыбек Қошқаров.
2.Қышбөгет (Қосбөгет) – 3409 қазақ, басқарушысы Қожахмет Әбенов, орынбасары Тартымбай Кешубеков, секретары Ибрай Сағымбаев.
3. Шиелі – 6505 қазақ, болыс төрағасы Көпей Бимұхамедов, орынбастары Әбілқайыр Әлмұсаев, секретары Бақдәулет Әбдешов.
4. Сорқұдық болысында – 4052 қазақ, болысы Молжігітов Баттал.
5.Қоғалы – 3443 қазақ ,болысы Тоғымбаев Мүслім.
6.Шаған – 3210, болыс төрағасы Асанов,орынбасары Мекебай Смайыл (9 ауыл)
7.Аламесек –төрағасы Қырқын-баев Сисен, секретары У.Құлмырзаев (7 ауыл).
8. Көткеншек – 634, болыстың атқару комитетінің төрағасы Сапаров Жұмаділда.
9.Жалағаш – 3270 адам, болыс төрағасы Әбдірей Қарлыбаев (7 ауыл)секретары Әди Молдахметов.
10.Қаракөл-Қуаңдария –845 адам, болыс төрағасы Жолшара Талдыбаев, орынбасары Байдолла Бейбітов, секретары Нұркен Төртбаев (6 ауыл).
11.Қараөзек – 2060 адам, төрағасы Мамырай Жарасбаев, орынбасары Ахмет Нысанбаев, секретары Әбілқасым Райымбеков (5 ауыл).
12.Тереңөзек – 2998 адам. Болыс төрағасы Қожамұрат Піржанов, орынбасары Жүсіп Басқынбаев, секретары Нәлібай Меңлібаев.
13.Сабалақ болысында – 5402 адам. Болыстық комитетінің төрағасы Нысанбай Баймұхамедов.
14.Айнакөл – 4162 адам. Болыс төрағасы Омар Қошқарбаев.
15.Қостам – 2014 адам. Болыс төрағасы Төремұрат Қанасылов, орынбасары, секретары Д.Құрманов (10 ауыл).
16.Ақарық болысында – 3361 адам, болысы Шапанбаев Баймұрат.
17.Жөлек – 6437 адам тұрады. Болыстық комитеттің төрағасы Тоғаев Дүрәлі.
18.Телікөл –1630 адам, болыс төрағасы Өтеулинов А.
19. Сұлутөбе – 1999, болысы Тұяқбаев А.
20.Кеңтүп болысында –2026 адам тұрған. Болысы Исабек.
1924-1925 жылдан болыстық атқару комитетінде ауылдық советтер құрыла бастады. 1928 жылдан ауылдық, аудандық советтер құрамына ұласты.1930 жылғы арнайы қаулы барлық жерде селолық, ауылдық советтердің болуы міндеттелген.
1930-1932 жылдарда Қызылорда ауданына 34 ауыл қараса, 1925 жылы Аламесек ауданына – 42 ауыл қараған. Басқа аудандарда болыстар бір-біріне қосылып, ауылдар саны өзгеріске түсіп отырғанын көреміз. №3 ауылы Аламесек болысының №1ауылы атанған. Мысалға Аламесекке Қара-көл-Қуаңдария, Қостам, Қышбөгет, (Қосбөгет), Шаған, Көткеншек болыстары қосылып ірілендіріп, осы жолы Аламесек ауданы атанған. Жалпы, Сыр еліндегі болыстар тарихын архив құжаттары арқылы зерттегенімде белгілі ақындардың есімдері де кездеседі. Демек, сыр сүлейлерінің белгілі тұлғалары Қаңлы Жүсіп, Даңмұрын Кенжебеков, Тұрымбет Салқынбаев, Айыш Шоқаманов, Орынбай Қарымбаев, Социалистік еңбек ері Ахмет Халықовтың әкесі Халық Қошанов Текікөл болысын басқарған. Жоғарыдағылар, біріншісі болыстың орынбасары, екінші, үшіншілері болыстың хатшысы болып қызмет атқарғандар. Тағы бір анықтағаным, ауылды советтендірудің 1924-1925 жылдары басталып, әрбір ауыл болыстықтар бойынша нөмірленсе, 1935-1936 жылдардан бастап ауылдық советке атаулар берілген. Мысалға, Аламесек болысына қарасты №16 ауыл, 1935 жылы М.Калинин атындағы ауылдық советі болып аталып оған 3-4 колхоз бағындырылған.
Болыстық құрылымда президиумға 5 адам сайланады. Мұнда ЗАГС, техникалық байланыстар орнату қызметі, болыстық бюджет, халық ағарту мен денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, кооперативтер, революциялық заңдылықтың сақталуы мен орындалуы, әскери іс және қаржы, табыс салығы бөлімдері жұмыс істеген.
Сөз соңында айта кетерім, бұл көп жылғы зерттеу еңбегіміз Қызылорда облысының 80 жылдығы мен Ақмешіттің 200 жылдығына орай ұсынылып отыр. Бүгінгі-ертеңгі ұрпақ өз аймағының тарихын білсін, ата-бабаларының, әкелерінің атқарған істерімен таныссын деген ой. Оқырмандар ел тарихын біліп қуанып жатса, менің мақсатымның орындалғаны деп білемін.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.