«ЖЕТІСУДЫҢ АБАЙЫ» АТАНҒАН МӘКЕЙ ЕРКІНБЕКОВ

  • 22.11.2018
  • 223 рет оқылды
  • 0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп, туған жер мен ел тарихында орны бөлек тұлғаларды дәріптеу жайында ерекше атап айтқаны белгілі. Осы орайда Жетісу өңірінің зиялы қауымы, аға буын өкілдерінің ауызға жиі алып, құрметтеп еске түсіретін аяулы есімдерінің бірі – Мәкей Еркінбеков. Халық ағарту саласында ұзақ жыл еңбек етіп, бүкіл саналы ғұмырын өскелең ұрпақты оқыту-тәрбиелеу жолында сарп еткен үлкен жүректі, кең пейілді тұлға жайында айтылатын сыр аз емес.

Мәкей Еркінбеков 1895 жылы бұрынғы Ақсу ауданындағы Көлденең ауылында дүниеге келген. Ол 1905 жылы Қапалдағы жетіжылдық татар мектебінде білім алған. 1912 жылдан бастап ағарту, яғни, халықтың сауатын ашу саласында мұғалімдік жұмыспен айналысқан. Мәкей Еркінбеков  1918-1920 жылдары Қызыл гвардиялық интендантствода жұмыс істеп, 1921-1927 жылдары Жетісу өңіріндегі мектептерде мұғалім, мектеп директоры қызметтерін атқарады. Талдықорған уезінің ағарту бөлімін, одан Ақсу болысының білім ордаларын басқарып, 1936 жылдан бастап жетім балалар үйінде басшы болады. 1947 жылы Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер атанады.
Білімді, текті азаматтың ұйым-дастырушылығы мен жас ұрпаққа білім берудегі  табандылығы жүрген ортасын тәнті етеді.  Ол оқытқан балалар бірден жоғары оқу үлгеріміне қол жеткізеді. Беделді  азамат бар-жоғы 29 жасында  Талдықорған  уездік  ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Сол жылдары Қытаймен шекаралас жатқан Баласаз ауылына мектеп салдырып, басқаруға өзі барады.  Кейіннен, ол Қарағаштағы коммуна мектебін, Қарасу орталау мектебін басқарады.
Күштеп ұжымдастыру салдарынан жергілікті халық ішерге ас таппай, аштыққа ұрынған кезде талай бала ата-анасынан айрылып, зар еңіреп қалғаны белгілі. Ақсу ауданының түкпір-түкпірінде де ас-ауқатсыз, панасыз қалған балалар көп болды. Сол уақытта Қарағаштағы мектепте жұмыс істейтін Мәкей аң-құс пен аштықтан араны ашылған адамдардың аузында кетпес үшін сол балаларды құтқаруға кірісті. Бастапқыда тамақ іздеп айналаны кезіп жүрген балаларды жинап жүрген ол қорғансыз жетімдерге балалар үйінде ғана дұрыс көмек көрсете алатынын түсінді. Бұған дейін Мәкей Еркінбеков ширек ғасыр бойы білім беру мекемелерінде лауазымды қызметтер атқарған болатын. Елімізде сол жылдары педагог-кадрларға деген сұраныс өткір еді. Мәкей мұғалім мектепте бірнеше пәннен сабақ береді. Аудандағы сапарлары кезінде жетім балаларды жинап, арбасына салып алып туған-туысын іздейтін. Ешкімі жоқтарды балалар үйлеріне тапсырады. Бала десе ет-жүрегі елжірейтін, болашағын ойлап уайым қылатын Мәкейге оларды қиып тастап кету ауыр еді. Содан ол жетім балалардың басын бір жерге қосып, қамқор болуға бел байлайды. Жүрегі жомарт азамат әкелік қамқорлықпен жетім балаларды қанатының астына алып, олардың бойына халыққа, Отанға және білімге деген сүйіспеншілік дәнегін екті. Өзінің тәрбиеленушілерін Мәкей ата «Менің балаларым» деп, әрқайсының қарыны ашып, тоңып қалмауын тікелей өзі қадағалап отырады екен. Балалар үйін азық-түлікпен қамтамасыз етуге бар күшін салады. Әрине, мұның барлығы сол бір ел басына түскен нәубет кезінде орасан зор қажыр-қайратты талап еткенін түсіну қиын емес. Балалар да Ұстаздың еткен еңбек, төккен теріне сай оның қас-қабағына қарады, ренжітпеуге тырысты. Мәкей ұстаз басқарған балалар үйінде оқу үлгерімі жүз пайызға жеткендігі, басым көпшілігі тек «беске» оқығаны соның дәлелі. Балалар үйінің жанынан қосалқы шаруашылық ашылып, ол да үлкен демеу болды. Осындай өлім мен өмір арпалысқан сын сәттердегі жанқиярлық істердің арқасында балалар аштықты жеңіп, қатарға қосылды. Балалар үйінің талай тәрбиеленушісі Ұлы Отан соғысына қатысты. Олардың екеуі – Нұрсұлтан Есеболатов пен Есмұрат Сиқымов Кеңес Одағының Батыры атанды. Нұрсұлтан 28 гвардияшы-панфиловшылар қатарында Мәскеуді қорғап ерлікпен қаза тапты. Міне, осы Қарасудағы балалар үйін Мәкей мұғалім 1947 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін үздіксіз басқарды.
Бұл жөнінде мәкейтанушы, Ақсулық ақын Бекболат Атамбаев:  «1936 жылы Қарасу мектебінің жанынан өзі бас болып балалар үйін ашады. Ол ата-анасы аштықта қайтыс болып, қараусыз қалған жетімдерді  ат арбамен ел аралап жүріп жинайды. Өзі шаруашылық құрып, астық, тары, жүгері өсіріп, алқапты балалармен күтіп-баптайды.  Мәкей Еркінбекұлының қамқорлығын көргендер ол кісінің жанашырлығын, шыншылдығын ерекше ықыласпен айтады», – деп жазыпты.
Мәкей Еркінбеков басқарған балалар үйінде оқып, тәрбие алған Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Республикаға еңбек сіңірген ғылым қайраткері, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Жүрімбек Сыдықовтың ұстазы туралы айтары көп: «Қолдан жасалған аштық біздің Ақсу өңірін де жайлағанда ата-анасыз қалған жетімнің бірі мен едім.  Мен Мәкей ағаны көргенде Абайды көргендей сезінетінмін. Ол ұстаздардың бірі емес, бірегейі десек болады. Мәкей аға отырған жерге батылы жетіп ешкім кіре алмайтын. Ол Жәнібек ханның ұрпағы Атыхан сұлтанның немересі. Қазір ойлап тұрсам өткірлігі тегіне тартқан екен. Ілиястың өзі Мәкейді көргенде: «Төрем, амансың ба?» – деп қол созады екен.  Мәкей аға көрікті, толық денелі, сабақта қатал болғанымен, бәріміз жақсы көретін ұстазымыз болатын. Оның сабақтары өте қызықты өтетін. Мен оны қатты сыйлайтынмын, ол да мені үйіне жиі шақыратын, себебі ұлы Төлемен мектепте бірге оқып, тез достасып кеткен едік. Ол біздің сабаққа дайындалғанымызды әрдайым қадағалап, сөзімен де, ісімен де біздің оқуға, жалпы білімге деген құштарлығымызды жетілдірді. Менің Қарағаштағы ең жақын арқасүйер адамым болып, көмек көрсеткен нағыз Ұстаз еді» – дейді. Осылай қадағалағандықтан болар, Жүрімбек те, Төле де озат оқушылар қатарында болды. Оның дәлелін сол қырқыншы жылдары Ақсу аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің латын әрпімен басылып шығатын «Ленин жолы» газетіндегі мақалалардан көруге болады. Газеттің №48 (362) санында Ахмет атты автор «Үздіксіз отличник» деген мақаласында: «Сыдықов Жүрімбек барлық пәннен ылғи «отлично» деген бағамен оқып келеді. Шамалы жаман деген бағаны кездестірген емес. Жас пионерлерге жақсы үлгі көрсетіп келеді. Мысалы, Тельман атындағы пионер отрядында отряд советінің председателі болып істеді. Өзі сайланғаннан бері қарай пионерлердің өзара социалистік жарысын ұйымдастырып келді. Күнделікті уақытын бір минут бос жібермей дұрыстап сабаққа пайдаланумен бірге басқа жолдастарын да ұйымдастыра біледі. Жаңа қоғам мүлкіне өте ұқыпты қарайды. Мұндай талантты комсомолецтен басқа жолдастар үлгі алуы керек» – деп жазыпты.
Жүрімбек Сыдықов өз естелігінде ұстаздың адалдығы жайында: «Мәкей ағаның бастауымен балалар үйінің қасында шаруашылық құрылып, өздерінің егін алқабы болды. Астықты сол маңдағы Дмитрий деген орыстың диірменіне апарып тартқызып, нан жапқызатын. Тамақ ішкенімізде жасы үлкен балалар басқалардың асын тартып алмауын қадағалайтын», – дей келе, Мәкей Еркінбековтің адамдық қасиетіне тоқталады. «Кейіннен балалар үйі жабыларда Мәкей мұғалім жетім балалардың туыстарын іздестіріп, әрқайсысын орналастырып, жағдайларын назарында ұстайтын. Сол кезде ол өзі де ауыр сырқат еді. Жанын жеген кеселге қарамай, балалардың жыламауын, аш қалмауын қадағалайтын», – дейді Ж.Сыдықов.
Ол кісі сабақ берген балалардың барлығы жақсы оқыған дейді көзкөргендер. Көптеген бала мақтау қағазымен, арнайы төсбелгімен марапатталған. Мәкей Еркінбекұлы осы еңбегі үшін «Қазақ ССР-нің мектептеріне еңбегі сіңген мұғалім»  атағын алған. Аталмыш марапатты  1945 жылы 24 сәуірде облыстық білім басқармасының  басшысы Айтмұханбетовтың табыс еткені жайлы архив деректері бар.
Ақсу өңіріндегі зейнеткер ұстаз Баянды Құсмолдин Мәкей Еркінбековтың қырқыншы жылдарда өз қолымен жазған «Ойды бөлген екі сөз» атты аманат жазбасын сақтап келген екен. Оны облыстық «Жерұйық» газетіне 1994 жылы жарыққа шығарған ақын Жамау Бұқарбай (Ж.Беркімбаев) болатын.
Бүгінгі күні Мәкей ұстаздың латынша әріппен жазылған «Өмір тарихым» атты қолжазбасы Талдықорған қаласындағы Мұхаметжан Тынышбаев атындағы музейде сақтаулы. Міне, осы қолжазбада Мәкей Еркінбеков өзі туралы былай деп жазады: «Мен 1895 жылы Ақсу ауданының Көлденең ауылында тудым. Әкем Еркінбек 1850 жылы Қамысмолада туған. Сол жерде оның әкесі Атыхан бай, әрі ықпалды адам болған. Ол әкем 12-13 жасқа толғанда қайтыс болады. Сол уақытта ру ақсақалдары Маман, Толған және Тасыр деген адамдар Атыханға тиесілі дүние-мүлік пен жерді өзара бөлісіп алады, сөйтіп өздері иемденеді. Ал, марқұмның балалары мен туған-туыстары кедейге айналып, өлмеші күн көреді. Әкемнің өмірі дүниеден қайтқанынша мұқтаждық пен кедейшілікте өтті. Оның меншігінде бір қарыс жер де болған жоқ. Ол әкесіне тиесілі жерді қайтаруды заңды түрде талап еткені үшін патша шенеуніктері оны Омбы төңірегіне бес жылға жер аударды. Біз, оның балалары, әкеміз егін егуге жалға жер берген байдың маусымдық жұмыстарын істейтінбіз. Қалған уақытта басқұр, ши тоқитынбыз.
1905 жылы мен Қапалда ашылған жетіжылдық татар мектебіне түстім, оны 1911 жылы аяқтадым. Сол уақыттан бастап балаларды жаңа әдіспен оқытуға жалдандым. 1918 жылға дейін Қамысмолаға жақын жердегі Өтеулі ауылында бала оқыттым. Мен жылына 60 сом алатынмын. 1918 жылдан 1920 жылға дейін мал шаруашылығы кеңсесінің бастығы болдым, ол Қызыл армияны азық-түлікпен қамтамасыз етумен айналысатын».
Мәкей Еркінбеков басқарған мектептер мен балалар үйі туралы әр жылдары баспасөзде де жарық көрген. Ақсу аудандық «Ленин жолы», Талдықорған облыстық, қалалық және Талдықорған облысы депутаттарының  «Семиреченская правда» газеттерінде латын әрпімен басылған материалдар сақталған. Мысалы, Талдықорған облыстық «Семиреченская правда» газетінің 1945 жылғы №197 (323) санында жарияланған «Қарасу жетім балалар үйінде» атты мақаласында А.Каримов: «Қарасу жетім балалар үйінде әкелері соғысқа кетіп немесе соғыста шейіт болған 135 бала тәрбиеленуде. Балалардың осында тұрып жатқандарына соғыс басталғаннан бергі ұзақ төрт жыл мерзім болды. Жетім балалар үйінің директоры Мәкей Еркінбеков тәрбиеленушілерге жақсы жағдай жасай білді. Ол ұйымдастырған шаруашылық соғыстың қиын жылдарында балаларға айтарлықтай көмек болды. Қысқы азық-түлік толық дайындалған. Өздері өркендеткен шаруашылықтан 25 центнер бидай, 30 центнер тары, 50 центнер көкерез, 150 центнер картошка мен көптеген көкөніс алынды. Шаруашылықтың 317 бас сиыры бар. Олардың қыстау орны мен қысқа жетерлік азықтары дайын. Балалар жататын бөлмелер мен оқитын мектебі түгелдей жөнделіп, қыстық отын да жетерлік әзірленген», – деп жазған.
Ақсу аудандық «Ленин жолы» газетінің 1937 жылғы 31 наурыздағы №16 (125) санында шыққан «Детдом балаларының арасындағы тәлім-тәрбие жұмыстары жақсарып келеді» атты мақаласында Т.Жексеков: «Қарасу детдомының жанында комсомол және пионер ұйымдары бар. Мұндағы комсомол мүшелері мен пионерлер мектеп оқушылары арасында Орталық комсомолдар комитетінің ІІ пленумының қаулысын басшылыққа ала отырып, іс жүзіне асыру үшін оқып үйреніп, тәлім-тәрбие жұмыстарын жақсартуда. Бірқатар жұмыстар істеліп жатыр. Оқушыларды сабаққа толық үлгертумен, мектеп ішіндегі түрлі қоғам жұмысын жақсартумен қатар жыл аясында бір де бір оқушы баланың класта қалмауына жағдай туғызып, көпшілігінің отличник деген баға алуы үшін күресіп отыр. Жалпы пионерлер мен оқушылар арасындағы денсаулық сақтау, тазалық және дене шынықтыру (физкультура) жұмыстарын қызу қолға алып келеміз. Комсомолдар мен пионерлер жаңа оқушылардан ұйымдасып істеліп келе жатқан 20 кісілік музыка, хор кружоктарымыз бар. Қазірде қолымызда бір аздаған музыка құралдарынан 14 домбыра, бір тілді 2, екі тілді 1 гармонь, бір-бірден гитара, мандолин, балалайка бар. Осы құралдарымыздың үстіне әлі де болса сан-сапа жағынан бірдей етіп көбейтеміз. Оқушылар арасында әдебиет, қолөнерлерінен: кесте, канва, шілтер, шляпалардың кружоктары бар. Бұл кружоктардың жұмыстары да жолға қойылып келеді, бұдан былай да кружок жұмыстары жақсартылмақ. Сонымен қатар, көктемгі егіс қарсаңында колхозшы әйелдер арасында дауыстап газет оқу, партияның маңызды қаулыларын оқып беру, ән-тақпақ, жаңа ойын қою жұмыстарын да ұйымдастырмақпыз, осыған әзірленудеміз. Міне осы жұмыстарды бұдан да жақсы жолға қою үшін күресуіміз керек», – деп жазады.
Талдықорған облыстық оқу бөлімінің кадр бөлімі бастығы Ғалымжанова «Аталық қамқорлық» деген мақаласында: «Жаз өтіп, күз жетті. «Балаларды қыста киім, тамақпен қайткен күнде қамтамасыз етсем» деп Мәкей Еркінбеков түн ұйқысын төрт бөліп балалардың қамын ойлауда. Мәкей Еркінбеков Қарасу детдомында 1936 жылдан бері директор болып істеп келеді. Міне, осы уақыттан бері қарай кеңестің жас бөбектерін коммунистік рухта тәрбиелеудің неше түрлі үлгілерін көрсетуде. Мәкей қарияның дұрыс басшылығы арқасында қарамағындағы тәрбиешілердің де балаларды коммунистік рухта тәрбиелеуде тәжірибелері күшті. Балалардың күнделікті сабаққа дұрыс қатысып, оқу отличнигі болуына көңіл бөлінуде. Мектеп жанынан қабырға газеті шығады. Қарасу детдомының шаруашылығы жақсы. Балалар жақсы тамақтануда. Әрине, шаруашылық өзінен өзі ұйымдаспайды. Мәкей Еркінбековтың дұрыс басшылығы арқасында ұйымдасқан. Әңгімелесе кетсек, Мәкей қария екі сөзінің бірінде: «менің балаларым», – деп сөйлейді. Міне, осы сөздің өзінен-ақ балаларды өз баласындай көретіні көрініп тұр. Барлығы бір атаның баласындай. Кеңес тәрбиешілері Мәкей Еркінбековтен үлгі алып, балаларды Мәкей Еркінбековтей шын көңілмен сүйе білу керек», – деп жазған екен.
Мақалалардың басым көбі Жетісу өңірінің ақпарат құралдары беттеріне шыққандықтан басқа аймақтардағы жұртшылық Мәкей Еркінбеков атты тұлғаны білсін, танысын деген мақсатпен келесі мақаланы толығырақ беруді ұйғардық. Жазушы Жемісбек Толымбеков облыстық «Алатау» қоғамдық-саяси газетіне осы жылдың қырқүйек айында шыққан «Майталман мұғалім Мәкей» деген мақаласында Мәкей мұғалімнің шыққан тегіне зер сала отырып, былай деп жазады: «Шыққан ататегі – төре. Арғы аталары Сайын (Бату) ханның төртінші ұрпағы ХІІІ ғасырдағы Әз-Жәнібектен тарайды. Мәкейдің әкесі Еркінбек – 1850 жылы туған. Еркінбектің әкесі Атыхан төре – ел билеген сұлтан болған. Ақ патшадан шен-шекпен иеленген. Еркінбек 12-13 жасында әкесінен айырылып, жетім қалыпты. Әкесінің жері мен малдарын Маман, Толқын, Тасыр дегендер бөліске салып, үлесіп алыпты. Әке мұрасы талауға түскен жер мен малды қайтарып алуға ақ патша шенділеріне Еркінбек арыз жазса, өзін кінәлі жасап, Омбыға бес жылға жер аударыпты. Омбыдан туған жеріне аман-есен оралған Еркінбек байларға жалданып, ақырында кедей-диқан болып қалыпты. Мәкей Еркінбеков те 23 жасынан ата-анасынан айрылып, сүйеусіз өз сана, жігерлілігімен ержетеді. Басында әкесі молдадан оқытып, сауатын ашады. Одан 1905 жылы Қапалдағы 7 кластық татар жаңа мектебінің 2 класына қабылданып, оны 1911 жылы бітіріп шығады. Қапалдағы 7 жылдық татар мектебінде Мейірман Ермектасов, Тілеужан Құсмолдинмен бірге оқиды. Тегі, Ақсудағы Қарасу орталау мектебін Талдықорған уездік ағарту бөлімінің қаулысымен аштырып, Мейірман Ермектасовты Қарасу мектебінің меңгерушісі қызметіне сайлатқан Талдықорған уездік ағарту бөлімінің бастығы Мәкей Еркінбеков екенін оқырмандар білгені жөн. Мәкей Еркінбеков  1924-1927 жылдар аралығында үш мәрте педагогикалық курстарда оқыған. Мерзімді педагогикалық тәжірибелік сынақ өтілін мектепте өткен. 1936 жылы 16 сәуір күні Орталық атқару комитеті мен КСРО Халық комиссарлар кеңесі қаулысымен мұғалімдерге арнайы атақ беру кезінде Мәкей Еркінбековке бастауыш мектеп мұғалімі атағы берілген.
1945 жылы «Қазақ ССР-нің мектептеріне еңбегі сіңген мұғалім»  атағын, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасын алған кезде ҚазССР ағарту ісінің наркомы А.Сембаев: «Құрметті жолдас Еркінбеков Мәкей! Сізді ең жоғарғы өкімет марапаты ҚазССР Жоғарғы кеңес Президиумының Грамотасын алғаныңызбен құттықтаймын!» – деп құттықтау қағазын жолдапты.

Ақсу аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Жұмабай Шығанбаевтың Мәкей Еркінбековке берген мінездемесінде: «1936 жылдан Қарасу детдомында директор болып қызмет істейді. Патриоттарды коммунистік рухта тәрбиелеуде үлкен еңбектер жасады. Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында қажымай панасыздықпен күресіп, детдомның қосымша шаруашылығын өркендетті. Тәрбие жұмысын ерекше жақсы жолға қоя білді. Соның нәтижесінде детдомнан бала қашып кетушілік мүлдем болмады», – делінеді.
Мәкей Еркінбековтың ақындық өнері де болған.  «Қызыл кеңірдек» деп аталған бес дәптер шығармашылық қолжазбасы 1975 жылы Мұхаметжан Тынышпаев атындағы музейге өткізілген екен. Бірақ, өкінішке қарай, ол дәптерлер әлі табылмай отыр.
Сараны жас күнімде мен де көргем,
Үш Жақсылық, Тасыбай деген
елден.
Қардай боратқанда қара өлеңді,
Екпіні күшті еді соққан желден, – деп Мәкей ұстаз Сараны көргенін де жеткізеді.
«Ауыл ақылшысы еді» деген мақаласында Мырзағазы Данияров: «Мәкей Еркінбековтың «Кәденге», «Әнет өлгенде», «Араққұмар», «Шайқұмар» атты өлеңдері қолжазба күйінде сақталып келеді», – деп жазады. Бұдан басқа Мәкей Еркінбеков ел ішіндегі небір қызықты, тәлім-тәрбиеге үлгі болатын дүниелерді жинап-теріп, дәптеріне жазып жүрген. «Әнет өлгенде» деген өлеңінде Мәкей Еркінбеков:
«Кешегі менің Әнтайым,
Жасынан шолжаң ерке еді.
Отырған орны базардай,
Үй-ішінің көркі еді.
Жайнаған гүлдей жайнағым,
Мезгілің неткен ерте еді.
Сорлы әкең бүгін сені ойлап,
Шерлі күйін шертеді», – деп тебіреніпті.
Ағартушы ұстаз Мәкей Еркінбеков ақын Ілияс Жансүгіровтың бала кезінен бірге өскен досы, рухани серігі болған. Алаштың ақиық ақыны Ілиястың «Жетісу суреттері», «Жалпы сын», «Тау суреті», «Жетісуда су суреті», т.б. өлеңдері қазақ поэзиясындағы еш қайталанбас құнды поэзиялық туындылар екені белгілі. Ал, осы өлеңдерді ең алғаш ақынның аузынан естіген – Мәкей Еркінбеков. Бұл жайында ол «Қызыл кеңірдек» дейтін қойын дәптерінде: «Біздің Ілияс жырдың дүлдүлі еді, – деп еске алады. – Мұзбұлақ, Салқынбел, Күреңбел жайлауларында талай бірге болып, салтанатпен ит жүгіртіп, құс салдық. Ілияс атқа мініп, аң аулауды жақсы көретін еді. Бұл 1925 жыл болатын. Біз Ақтасты мен Мұзбұлақтың сай-құздарын талай араладық. Ілекең табиғат көрінісіне тамашалап, қызыға қараушы еді. Алатаудың аңдарын, өсімдігін, жәндігін, хайуандарын, тіпті, ағаштарын жақсы білетін. Кейін оны өзінің өлең-жырларына арқау етті. Біз жүрген жерлерде ол көзімен көргенін қойын дәптеріне жазып алып, өлең шығаратын. Өлеңін бізге оқып беретін.
– Ей, Мәкей, – деді бірде маған, – мына Мұзбұлақ тауының биігі көкке тіреледі. Көріп тұрсың ба, басынан мәңгі мұз кетпейді. Анау тұрған Ақтасты. Оның күншығыс жағын бойлап Бүйен өзені арқырап ағып жатыр. Мен өлең шығардым. Өлеңімді «Тау суреті» деп атадым, тыңда:
«…Мұрыны Мұзбұлақтың көкте
мүлгіп,
Ақтасты аспанға әдейі
тірелгендей.
Қар кете қарлы ауаны қақ айыра,
Қаптағай қаптай көшед Бүйенді
өрлей.
Түйірді бұршақ нөсер ұшықтайды,
«Шиұшық», «Қырықаяқ су»
жібергендей,
Көкжанбас көл көпірлі таудың
көркі,
Жатқан мұз шатыс тастың
көкше бөркі… – деп келеді.
Біз Ілекеңе «О, пәлі, жарайсың Ілияс» деп қошамет көрсеттік».
Ақынның «Мұзбұлақ», «Ақтасты» деп жырлап отырған жерлері қазіргі «Ақсу» совхозының, «Арасан» ұжымының «Күреңбел» колхозының жаз жайлауы дейді білетіндер.
Алаш қайраткері Барлыбек Сырттановтың шақыртуымен Майра Уәлиқызы Жетісуға келіп, бір жыл «Мамания» мектебінде өнерден дәріс беріп, үйірме ашқан екен. Кейіннен еліне аттанарда Ілияс Жансүгіров Майра әншіге арнап «Қоштасу» өлеңін оқыған. Майра да өлеңмен жауап қайырған. Осы қоштасудың куәсі Мәкей Еркінбеков оны халыққа жеткізген. Ол қоштасуға Біләл Сүлеев, Қанапия Махметов, Әлсейіт Бағрамов, Қожахмет, Нұрахмет Сейітбатталовтар да қатысқан. Қоштасу 1910 жылы Қарағашта өткен. Ілияс Жансүгіровті Майра Уәлиқызымен қоштасуға Тұрысбек қажы дайындап әкелген дейді.
Мәкей Еркінбеков басқарған жетім балалар үйінен тәлім-тәрбие алған Қазақ Ұлттық ғылым академиясының академигі Жүрімбек Сыдықов Мәкей Еркінбековты ағарту ісінің ұлығы, «Жетісудың Абайы» деп ұлағат тұтады. Мәкей Еркінбековтің тәлім-тәрбиесін көргендер – профессор Иманбек Сүлейменов, Есік қорғанынан «Алтын адамды» тапқан Бекмұхамед (Бекен) Нұрмұханбетов, Жетісудың «ел анасы» атанған Бәтима Сақауова, Ақсу ауданының білім бөлімін басқарған Бейсебек Қорғанбаев, Ақсу ауданы атқару комитеті төрағасының орынбасары, Ақсу ауылы кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған Күнғали Балшықбаев, ағартушылар Базарбай Балханов, Құлахмет Бәсенов, ел басқарған Ғазиз Ұрмұрзин, Түкен Құсмолдин, Сейітқазы Тергеубаев, Әбілғазиз Малдыбаев, Бәкей Оспанов, Әбдікәрім Сауранбаев, Қожахан Бекеев, Қанаш Азанбаев, профессор Адай Есенқұлов, ұлағатты ұстаз Баянды Құсмолдин – еліміздің беделді азаматтары» – деп жазған.
Отыз бір жыл үзбей мұғалімдік қызмет істеген ұстаз Мәкей Еркінбеков 1952 жылы қайтыс болады. Зираты Қарасу (Еңбек) ауылында, ұлы Әнет екеуі қатарлас жатыр. Осы жерде шейіт болған жетім балалар қорымы орналасқан.
Бүгінгі күні Мәкей мұғалімнің жоқшысы болып жүрген Мәкейдің немерелері, Кәдірхан (Кәден) Еркінбековтың балалары – Бақыт, Асқар, Сәуле, Алтай. Бәрі жоғарғы оқу орындарын бітірген. Бақыт – Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі, биология ғылымының кандидаты, зейнеткер. «Мәкей атамның төрт баласы болған, – дейді Бақыт. – Екеуі Ұлы Отан соғысында қан майданда қаза тапқан. Төле Мәкейұлының бейіті Польшада, Маньки деген жерде. Шаймұқаш Смоленск облысының Пузановка деревнясында жерленген. Олардың әскери қызметі мен ерлігі туралы бізге белгілі. Кіші ұлы Әнет 17 жасында ұзақ науқастан дүние салған. Оның зираты Еңбек ауылында, Мәкей атаның қасында. Менің әкем Кәдірхан (Кәден) Еркінбеков ағасының тәрбиесін көрген лайықты ізбасары болды. Әкем ерік-жігері мықты, өмірдің қиыншылығына қайыспай қарсы тұрған, өмірі үлгі-өнегеге толы зиялы адам еді. Әсіресе, білімге деген құштарлығы ерен, көп оқитын. Мәкей ата «Кәденге» деген өлеңінде:
Бір екі ауыз сөзімді,
Кәденжан саған арнадым.
Кернеді шаттық өзімді,
Болғандай ғасыл арманым.
Білімге бөлдің көңілді,
Әр саласын қармадың.
Күндіз-түні сарылып
Оқудан басты алмадың, – деп баласының талабына қуанып жазады.
Зейнеткерлікке шыққан Мәкей ата ұзақ ауырып, төсек тартып жатқанда отбасын асырау үшін еңбек жолын 18 жасында мектепте мұғалім болып ерте бастаған, небәрі 25 жасында мектеп директоры болып, атамыздың ұстаздық жолын қуған мұрагері Кәдірхан Еркінбеков әкеміз талапшыл, әділ де ақкөңіл, жан-жақты дамыған жарқын тұлға болатын. Ол да өмір бойы халық ағарту саласында еңбек етіп, аудандық білім бөлімінде жұмыс істеді. Көптеген мектептерде мұғалімдік пен мектеп директоры болып қызмет атқарды. Еңбегі ескеріліп «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Шәкірттері еліне елеулі маман болып, лауазымды қызметтер істеп жүр. Әкем Кәдірхан да шығармашылықпен айналысқан, өлең жазатын, кейбірі газет бетінде жарияланған. Ол кісінің өлеңдерін кітап қылып шығарсақ па деген ойы-мыз бар. Әкеміздің бастамасымен және ауыл ардагерлері, Мәкей атаның шәкірттерінің қолдауы арқасында 1996 жылы Жансүгіров ауылында бір көшеге Мәкей Еркінбеков есімі берілді. Осы шараны өткізу барысында әкеміз қатты толғанып, тебіреністе жүргенін оның сол кезде жазған «Еркінбеков Мәкей атты көше болды» деген өлеңінен сезінуге болады.
«…Еркінбеков Мәкей атты көше
болды
Мақсатқа жетіп бүгін көңіл
толды…»,
– деп бастап,
«…Береке, бірлігі мол
ел-жұртым-ай,
Келген сайын табады
көңілім жай…»
– деп, өлең соңында:
«…Елге мәлім әкейдің өрен ісін,
Аямаған халқы үшін қайрат-күшін,
Баяндап бар әлемге паш етейік,
Көрсеткен азаматтың өнегесін», – деп осы істі ұйымдастырудағы ауыл тұрғындары мен туған-туыстарға ризашылығын білдіреді.
Бақыт әңгіме соңында: «Мәкей атамыз бен Кәдірхан әкеміздің есімін бүгінгі ұрпақтары мақтан тұтамыз» – деді. Оның өзі де 19 жасында еңбек жолын бастап, 25 жасында Қарағанды қаласының аудандық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланған екен. Айта кетерлігі, осы мақала да Бақыт Еркінбекова ұсынған құжаттар мен деректер негізінде дайындалды.
Мәкей мұғалімнің марапаттарының арасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Балалар үйлеріндегі ұйымдастыру-шаруашылық қызметін нығайтуға және оқу-тәрбие жұмысын жақсартуға қосқан үлесі үшін» атты Құрмет грамотасы, «Ұлы Отан соғысындағы еңбектегі ерлігі үшін» медалі, «Қазақ КСР мектептеріне еңбегі сіңген мұғалімі» деген құрметті атағы бар.
Бұл марапаттардың артында тынымсыз еңбек адамы тұрғаны аян. Ол жұмыс істеген жылдары бірнеше рет облыстық және аудандық білім беру мекемелерінің сыйлықтарына ие болып, ол басқарған балалар үйі мен мектеп талай рет ауыспалы Қызыл туды да жеңіп алды. Мұның бәрі ағарту ісіне шын берілген, жүздеген жетім баланы бауырына басқан Мәкей ұстаз еңбегінің бір өтеуі дер едік. Дегенмен, кейінгі жылдары жазықсыз ұмыт бола бастаған Мәкей Еркінбеков есімі іздеушілердің арқасында қайта жаңғырып, ел жадына орала бастады. Биылғы жылдың көктемінде аудан орталығы Жансүгіров ауылында  Ақсу ауданы әкімшілігінің ұйымдастыруымен Қазақ КСР-нің мектептеріне еңбегі сіңген мұғалім  Мәкей Еркінбекұлына арналған «Білімнің алып тұлғасы» атты ғылыми конференция өтті. Конференцияға І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ғалымдары қатысып, М.Еркінбековтің «Ойды бөлген екі сөз» эссесі мен «Өмір тарихым» атты қолжазбасы жұртшылық назарына ұсынылды. Еңбек ауылындағы зиратының  басына ескерткіш белгі қойылып, ұрпақтары ас берді. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі кинорежиссер Қалила Омаров «Жетісудің Мәкейі» атты деректі фильм түсіруде. 2020 жылы Мәкей Еркінбековтің туғанына 125 жыл болады. Тұлғаны тану жұмысы алдағы уақытта жалғасын табары сөзсіз.
Сөз соңында айтарымыз, Ұстаздың жоғалып кеткен қолжазбалары, соңында қалған рухани мұрасы әлі де терең ізденістер мен зерттеуді қажет етеді. Тарихымыздың аса қиын-қыстау кезеңінде өмір сүріп, өңір халқының сауатын ашуға жан аямай үлес қосқан, жетім балаларға қамқор болған Мәкей ұстаздың ерлікке толы еңбек жолы бұл құрметке әбден лайық. Халық ағарту ісінің үздігі, білікті басшы, ұлағатты Ұстаз болған Мәкей Еркінбековтің есімі ұрпақтар жадынан мәңгі орын аларына сенім мол.

Дина Имамбаева

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.