ҚАЗАҚ ЫРЫМДАРЫ

  • 22.11.2018
  • 75 рет оқылды
  • 0

Бердалы ОСПАН,
мәдениеттанушы

Қазақ ырымшыл халық. Қазақ түсіндірме сөздігінде: «Ырым – жақсы ниетпен жасалатын әртүрлі әдет-ғұрып, көне дәстүр», деп жазылған.
Халқының тұрмысында ырым-дардың орны ерекше. Қазақ есімдері туралы кітап жазбақ болып есімдер жинау барысында ырымға байланысты есімдерді көптеп кездестірдім. Рымғазы, Рымғали, Рымжан, Ырымбай, Ырымбек сынды ұл есімдері, Рымбала, Рымшаш, Ырымжан сияқты қыз бала есімдері көп. Бұлардың көбісі қазақ тілінің сөйлеу нақышына байланысты алдыңғы «Ы» әрпі айтылмай көбінесе «Р» әрпінен басталады. Солай жазылып та жүр. Ал, дұрысында Рымғали – Ырымғали, Рымкеш – Ырымкеш болып жазылуы тиіс.
Осындай қазақ есімдерін иеленіп жүрген танымал тұлғалар да аз емес. Мысалы атақты әнші Роза Қуанышқызының тегі Рымбай ретінде белгілі. Ал, шынында танымал әнші өз тегін Роза Ырымбай деп жазуы керек еді. Бірақ, бұл есім әнші дүниеге келгенге дейін атасының есімі Рымбай деп айтылып кеткендіктен осылай жазылған болуы керек. Коньки спортының халықаралық дәрежедегі төрешісі Қасым Рымбекұлы Иляштың әкесінің есімі де Рымбек болып жазылғанымен шынтуайтына келгенде Ырымбек екені түсінікті. Он баланың әкесі, олардың бесеуі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Аманкелді Құрманұлы Рымқұлдың атасының есімі де Рымқұл емес Ырымқұл. Танымал сахна шебері, «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожаның анасы Милаттың, «Тақиялы періште» кинокомедиясында қыздар жатақханасының комендантын керемет көрсете білген Бикен анамыздың әкесінің аты да Ырым. Бірақ көпшілік ол кісінің тегі Кеңес билігі кезінде орыс тілінің енгізілуі барысында Римова болып өзгеріп кеткенін біле бермейді. Атақты ақын Сәкен Сейфуллиннің немере қарындасының есімі Рымжан. Әнші Жүсіпбек Елебектің қарындасы – Рымкеш, әнші Меруерт Түсіпбайдың анасының есімі де Рымкеш Төлегенқызы. Дәл осындай есімді иеленген Рымкеш Жұмаділ – әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Бұндай есімдердің көптігі қазақ халқының ырымшыл екенін тағы бір рет дәлелдейді.
Ырымның не екенін, қазақ болмысындағы оның орны қандай екенін түсіну үшін түрлі тарихи тұлғаларға қатысты ырымдарды баяндамақпын. «Хан Кене» кітапта Кенесары хан туралы былай деп жазылған: «Жағдайдың үмітсіз екенін түсінген Кенесары әскери кеңес шақырып, қоршаудан шығу жолдарын қарастырды. Наурызбай Кенесарыға мынадай ұсыныс жасады: «Маған тама Құрман батыр мен Ағыбай батыр бастаған 200 жігіт беріңіз, мен сол жасақпен қырғыздар шебіне шабуыл жасап, бұзып өтемін», – деді. Бұл ұсынысты барлығы қолдағанымен, Кенесары келіспеді. «Егер, біз бұзып өтсек, онда тоқтамай қашамыз. Кімнің аты жүйрік болса, сол құтылады. Ал, халықтың басым көпшілігі қырылып қалады. Егер, мен, әскер басшысы, қашатын болсам, онда мен бұдан былай халыққа хан бола алмаймын».
Кенесары барлық аттарды сойып, тек азық-түлік артатын 30 ат қана қалдырып, сөйтіп жаяу, қолға найза алып, қоршауды бұзып өтуді ұсынды. Бірақ оның ұсынысын ешкім қолдамады. Соғыс кезінде атынан айрылу қазақтар үшін жаман ырым болатын. Көмек келеді-ау деген оймен келесі күнге дейін күтуге шешім қабылданды. Бірақ, көмекке ешкім келмеді. Кенесары мен Наурызбай өздерінің жасағымен қоршауды бұзып өтуді ұйғарды». Осы бір оқиғадан менің түйгенім «Ер қанаты – ат деп білетін» қазақ соғыс кезіндегі ең ауыр нәрсе атынан айрылу екен.
Атақты абыройлы тұлғаның затын төрге іліп қою, қазақ арасында кең тараған түсінік. Көпшілік бұндай адамдардың қолданған заттарын қасиетті санап, олар басқаларды қолдап, желеп-жебеп жүреді деп сенген. «Алмас қылыш» кітабында Ағыбай батырдың атынан айтылатын мынадай өлең жолдары бар:
Жайылды атақ, даңқым тамам
елге,
Әруағым жебеу болып
көргендерге.
Тұтынған затым егер қолға
түссе,
Ырым ғып қасиеттеп ілер
төрге.
Белгілі жазушы Сәбит Мұқан-ұлының ғалым Шоқан Уәлиханның өміріне арналған «Аққан жұлдыз» романында жаңа туған балаға белгілі адамның есімін беру де жақсы ырым саналғанын оқып білуге болады. Таңатар есімді кедей кісі, ең болмаса ұрпағым жоқшылықтан құтылсын, бола-шағы жақсы болсын деген болуы керек, ұлының атын Шоқан деп қояды:
«– Атын қойған нәрестем, – жасым егде тартқанда көрген жалғызым еді, атадан мен де жалғыз, ол да жалғыз, сондықтан, сенің атыңды ырым көрдім, шырағым.
Шоқаның өмірлі, бақытты болсын! – деді Шоқан.
Оумин, айтқаның келсін! – деп Таңатар жылап жіберді».
Қазақ қай нәрседен болса да жақсылықтың нышанын байқай білген. «Дина күйші» атты кітапта «Күй атасы» атанған атақты Құрманғазы Сағырбайұлының шәкірті Дина Нұрпейістің мынадай естелік әңгімесі келтірілген: – Жасым беске толғанша, тазалық үшін бе екен, қайдам, анам бесіктен шығармапты (Төрелер баланы бес жасқа дейін бесікке бөлеген – Б.О.). Аяғым бесігімнен сорайып, қол баудан екі қолымды суырып алып, ерсілі-қарсылы ербеңдете, кеудемді тырмалай беретін болсам керек. Мұны өзінше ырымдаған әкем: – Менің қызым не бір асқан домбырашы немесе нағыз ұшқалақ, қолға тұрмас көбелектің өзі болады, – деп дереу домбыра ұстата қойыпты. Ойын балаларымен асыр салып, ұлдар тал шыбықты ат қып мінсе, мен домбырамды шаңдата жөнелетін едім.
«Абылай хан» атты кітапта 1747 жылы Барақ сұлтанның елшілеріне жолсерік болып Орта Жүзге барып қайтқан казак Матвей Араповтың айтқандары жазылған құжат келтірілген. Онда қазақтың киіз үйіне байланысты ырымы жөнінде мынадай бір оқиға баяндалады: «Кешке қонып жатқан жерінде Қазыбек бидің баласы Бекболат, жанында 40 кісісі бар, бұларға қатты өшігіп, шауып алмақ болып, Ескендір сұлтанмен (Ескендір – Барақ сұлтанның немере інісі. – Б.О.) Арапов жатқан киіз үйді қоршап алады. Бекболат бірнеше адаммен киіз үйге кіріп келіп, Ескендір сұлтанды танып тұрса да, қатты ашумен: «Кімсіңдер, неге келдіңдер, кім жіберді, қайда барасыңдар!» деп өрескел қылықтар көрсетті. Ескендір сұтан: «Барақ сұлтаннан келеміз, тайный советникке (құпия кеңесші – Б.О.) Неплюевке бара жатырмыз, ақ үй апарамыз», – деді. Бекболат: Ескендір, Барақ сұлтан екеуің де ұрысыңдар, ақ үйін берген адам, басын да береді, ырымға жаман, деп тілдеді».
Ұлы жазушы Ғабит Мүсірепұлының «Кездеспей кеткен бір бейне» поэмасын оқыған әрбір оқырман бұл шығармада ырым туралы жазылғанын біледі: «Содан кейін «Қатер үстінде қан шығарма!» деген ескі бір ырым есіне түсіп кетті де Ақбала шалға қарап:
– Пышағыңды жалаңдатпай, жерге шанша тұршы! – деді.
– Ойбай, балам-ай, ұмытып қалған екенсің ғой… Мұндайда пышақты жерге шанышпайды, күлге шаншады, – деп шал пышағын күлге шанышты».
Қазақ театр сахнасының ақиығы, Қанабек Байсейітұлы өзінің «Құштар көңіл» атты кітабында тағы бір ырым жайлы әңгімеленеді: «Дәл шешем босанатын күні біздің үйге екі сыйлы қонақ түсіпті: бірі найман болысы – Қанабек, екіншісі Есенбай деген кісі. Халық әдеті бойынша, қуаныш үстіне келген жолаушы құтты саналады, оларға аса құрмет көрсетіледі ғой, ол дәстүрді менің әкем де аямай жасапты. Мал сойып күтіп, екі қонағына да бағалы сый атапты. «Қырыққа келгенде көрген ұлым Қанабек құсап ел ұстасын» деген ниетпен атымды Қанабек қойыпты».
«Сыйға – сый, сыраға – бал» – деген сөз бар, әкем көрсеткен сый-құрмет, сірә, қатты толқытса керек, Есенбай да өз тарапынан қарымта қайтаруды ойлап әрі әкем екеуінің ескі достықтарын бұрынғыдан да бекіту мақсатымен: «Екі-үш күн бұрын ғана менің де әйелім босанып қыз туып еді, екі баланың аман-есен ер жетуіне ырым болсын, құда болайық», – депті. Қанабек болысты куә етіп әкем мен Есенбай сол арада қол алысып, төс қағыстырған құда болыпты. Сөйтіп, туа салысымен-ақ менің қалыңдығымның кім екені белгілі болған екен. Қазақ мұндайды бесік құда дейтін болса керек».
Қазақта келіннің бетін атасы ашпайды. Дегенмен, өмірде түрлі жағдайлар болып жатады ғой. Ақын Кенен Әзірбайұлы баласы Көркемжан үйленгенде көптен күткен қуанышым деп келінінің бетін өзі ашқан. Ақынның қызы Төрткеннің айтуынша:
«Ел-жұртты шақырып, үлкен той жасады. Келіннің бетін ашар ырымын біреуге бергізіп, екі баласын қатар тұрғызып қойып, келіннің бетін өзі ашты. Ақылын, өсиетін айтты, осы күнді ұзақ күткендерін есіне алды. Сондағы:
Құтты болсын келінім аяғыңнан,
Осы еді ғой күткенім баяғыдан.
Мал-мүлкіңе ие бол арнап жиған,
Өсекшілдің сақ болғын саяғынан.
Құтты болсын келгенің,
Дина келін, …
Мұхтар Әуезұлы «Көктемнен бері» шығармасында ырымға байланысты болған оқиғаны баяндаған:
«Колхоздың шеткі үйінен шығып, орталығындағы үйлеріне таман келе жатқанымызда, ауыл кеңесі Анарбай:
– Апырай, мына тұман жүдә қою бопты да. Ырымы жақсы, жақсы ғой бұ тұманның.
– Қандай ырым болушы еді?
– Айтат қой, шаруа. Мал баққан ел шыли есептеп айтпайтын бе, – деп, Анарбай дәл шешуін айта алмағанда, қасымызда келе жатқан бір егделеу бір колхозшы:
– Тұман, су ғой. Жерге дым түсе береді. Егіндікке наяты пайдалы ғой бұ. Ырымы со да қазақтың түге… деді».
1997 жылы жарық көрген «Мұхтар Әуезұлы, туыстары мен жақындарына хат» атты кітапта қазақтың тағы бір ырымы туралы айтылған. Жазушы 1952 жылы Алматыдан жазған бір хатында өзінің үйінде ағылшын қоғам қайраткері Моника Фелтонның болғанын жаза отырып мынадай бір оқиғаны баяндайды: «Моника Фелтонның алдына қойдың басы тартылды. Ол бастың екі көзін Сәбит (С.Мұқанұлы – жазушы – Б.О.) екеумізге берді. Әрине ол қазақтардың ырымы бойынша, бір қойдың екі көзін бөліскен адамдардың қырғи-қабақ қатынаста болатынын білмейтін еді. Осылайша, ол болашақта болмаса да бұрынғы екі қарсыласты дөп басып тапты». Осы жерде бір жайды ескерте кеткенді жөн көрдім. Мұхтар Әуезұлы мен Сәбит Мұқанұлының ара қатынасы туралы түрлі құйтырқы әңгімелер бүгінде де көп, қазақтың осы екі аяулы азаматы арасындағы айтылып жүрген сөздер қаншалықты рас екені туралы мақаламды болашақта оқисыздар.
Халықтық әдет-ғұрыптарды жақсы білген Кенен Әзірбайұлы жазушы Мұхтар Әуезұлы туралы бір әңгімесінде былай дейді: «1960 жылдың ұмытпасам маусым айы болатын. Мұхтарды шығарып салған соң жігіттер жиылмай қалған дастарханға қайта оралып, Мұхтардың бірі қымыз ішкен кесесіне таласып, бірі отырған орнына таласып, ұлы адамнан қалған дәм ғой деп, балаларына бауырсақ, тәттілерін ырым қылып алып жатты». Бұл да ақынның қызы Төрткеннің «Кенен ата» кітабында келтірілген мәлімет.
Құрметті оқырман, жоғарыда оқығандарыңыз қазақ ырымдарын танып-білудегі менің шағын ғана талпынысым. Күнделікті тіршілік қалтарыстарында көзге көрінбей жатқан рухани құндылықтар көп. Оларды сақтап қалу әр азаматтың борышы.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.