АЛАШТЫҢ ДІНИ ТАЛҒАМЫ МЕН РУХАНИ МЕНТАЛИТЕТІ

  • 08.11.2012
  • 431 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дихан Қамзабекұлы,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

Бәріміз де тазалықтың қажетін білеміз. Баршамыз да сенімнің керектігін сезінеміз. Қазір дін туралы көп ойлайтын болдық. Бұрын, несін жасырайық, дінді топырақты өлімде еске алатынбыз. Бүгін «желкемізде ажал тұрғанын сәт сайын аңғаратын болдық. Бір шындықтың басы ашық: байырғы заманнан осы күнге дейін «ақырзаман», «ажал» ұғымдары өмірдің қадір-қасиетін, иманның киесін – жалпы ар тазалығы мен сенім тұрақтылығының тепе-теңдігін сақтау мен сақтандыру орайында жиі әуезеленген. Толстой, Шәкәрім танымы тұрғысынан келсек, елді рухани пәктікке жұмылдырған дін – дін де, ақ-қараны шатастыртқан «дін» – сандырақ.
Таза діннің шын негізін
Ұстаған бір пенде жоқ.
Дүние толған көп шатақ дін,
Бәрі бірдей шатпырақ
Дін тазасын діннен ізде
Дін шатағын сынға сал.
Анық айна өзіңізде,
Айда ақылды қаттырақ
Шала дінді пән де таппас,
Дін тазасын ой табар.
Еркін ақыл тіпті адаспас,
Кезсе кірсіз жарқырап…
Мұны айтқан – Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы. Ол бұл ойын 1924 жылы қағазға түсіріпті. Осы ағартушы ақын, бір өлеңінде елді алдап, иманын сатқан намазхан молдадан тасқа табынса да арға ұйыған адам артық дейді. Бұра тартса, бүгінгі «тәңіршіл-бұрханшыларға» бұл пайым оңтайлы-ақ көрінер еді, алайда осы тұста қажы-ақынның нені көксегенін милау ғана ұғынбас. Шәкәрім «Мұсылмандық шартында» бүй дейді: «Ей, достар, зинһар кәпір болатұғын істерден қатты сақтану керек. … Құмалақ салған, жауырын жаққан, бір нәрсені арам қылған – бәрі солардың жолдасы. Бәрінен де аулақ болу керек. Осындай нәрселер адамды жаман үйретіп не болса соны әдейі қылғызып бейне бір сондайдан бір білім қасиет шығатындай көріп тұрады. Тастың үңгірін, жалғыз ағашты әулие деп, мал түнетіп әлем байламақ – бәрі сондай жаман іс».
Жалпы, дінге қатысты пікір-пайымдарды таразылауда біз тарихи тұлғаларымыздың танымына табан тіреп жатамыз. Бұл ақыл-ой тәжірибесіне, дәстүрге адалдықты танытса керек. Қазақ ұлттық ұйысу мен ағаруды күн тәртібіне қойған ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында дін мәселесі болғанмен, діндер мәселесі жоқ еді. Патша өкіметінің қанша жерден қылышынан қан тамса да, мұсылман – мұсылман, христиан – христиан, мәжуси – мәжуси-тін. Әрине, діндер мәселесі сып-сипа жоқ еді деу де артық шығар. Біздіңше, оның нышаны ғана болды. Өмірлік бір мысал келтірейік. Қайраткер Әлихан Бөкейханның әйелі – Елена Яковлевна Севостьянова. Ол омбылық оқығанның қызы-тын. Сондықтан, Е.Я.Севостьянова өз дініне, діліне адал боп қалды. Ел сөзіне қарағанда, Әлиханның шешесі ұлына: «Мойнында кресі бар әйеліңді ауылға әкелуші болма!» деп, қатты ұрысқан. Сондықтан, Ә.Бөкейхан еліне соғарда орыс әйелін (біреулер «оның арғы тегі – орыстанған сыған» деседі) Семейге тастап кетіп жүрген… Тағдырға шара бар ма, ұлт мұңын жанымен түсінген азамат «тең құрбы» табам деп, қиналды ма, жоқ жаза басты ма – мұны бір алла біледі. Біздің білетініміз: осы Елена Яковлевна Әлиханға болашақ жолы ауыр ашылса да ұрпақ ізін жалғастыратын Сергей атты ұл және «қазақ» десе қоң етін кесіп беруге бар абзал жан боп өскен, кейін елшіл тұлға – Смағұлдың жары Елизавета есімді қыз сыйлады. Ә.Бөкейханның ұлтпен байланысқан тамырының әсері ме екен, әлде ұятының күштілігі ме екен, ел ортасында Сергей – Үгідай, Елизавета – Зейнеп аталды. Сөз жоқ, Е.Я.Севостьянова бұра тартса, өзге діннің тар ұстанымымен шектеушілікке барса, Ә.Бөкейханның қайраткерлігіне зиянын да тигізер еді, балаларын (әсіресе, Елизаветаны) тамырсыз да қылар еді. Абыройына қарай, олай болмады. Ол маңдайын иіскемеген енесінің – Әлихан анасының мысын сезінгендей боп өмірден өтті…
Ал, енді Ахмет Байтұрсынұлына тұрмысқа шыққан орыс қызы (Александра) ислам дінін қабылдап, ресми атын да Бадрисафа деп өзгерткені мәлім. Бұл жерде, әрине, әңгіме екі қайраткердің «қатынға мықтылығы», не «әлсіздігі» турасында емес, қарапайым отбасы жағдайында діндер мәселесінің туындағанында болып отыр. Отбасын ұлт аясымен астастыра қарағанда, бір жағынан отаршыл империяның ашқарақтана өңмендеуінің, екінші жағынан қауқарсыз мәдениеттің қауқарлы мәдениетке жеңілуінің әсерінен қазақ ішіне рухани сенім тайталасы ене бастады. Бұл тайталасты реттейтін діни күш бізде тым әлжуаз еді. Сонымен бірге, дамуға бет алған ұлт дамыған ұлттардан көп нәрсе үйренетінін ескерсек, осы кезеңде алаш жұртында байқалған өзін-өзі сақтау инстинкті (түрлі жойылудан іштей сақтану) мен қилы орынды-орынсыз қорқу елді көбіне аулақтануға қарай қамаған. Бұған бірер мысал келтіруге де болады. Айталық, қайсыбір молдалар кезінде Ә.Бөкейханды орысшыл, тіпті «дінге жат» деп, халыққа қарсы қоюға дейін барған. Мұндай пиғыл қайраткер Мемлекеттік І Думаға сайланар тұста (1905-1906) көп байқалған. Әрине, онсыз да қоян жүрек боп қалған халық «кәпірден» сақтанады. Бірақ кешікпей (әсіресе, «Қазақ» шыққанда) ел кімнің кім екеніне көзі жетті. Сөйте тұра, қаймана жұрттың болмысын, қабылдауын ескеріп діннің мәнін түсіндіру, орынсыз таласты мәмілеге келтіретін хақтың жолын көрсету, бір сөзбен айтқанда, «Мұсылман мен кәуірдің Арасын өтіп бұзып дінді ашу» (Қазтуған) – күн тәртібінде тұрды. Осы реттегі Алаш зиялыларының алғашқы таңдаулы еңбегі – Әлихан қаламынан туған «Дін таласы» атты аударма дер едік.
«Дін таласы немесе «Сурат кофеханасы» атты әңгіменің түпнұсқасы француздан алынған. Оның авторы – Бернарден де Сен-Пьер. Французшадан орысшаға аударған – Лев Толстой. Әлихан осы орыс нұсқасын тәржімалаған. Бүгінгі қазақ ғылымына белгілі дерек: Ә.Бөкейхан мұны алғаш «Сурат кофейнесі» деген атпен және бірсыпыра мәтіндік түсініктерімен «Дала уалаятының газеті» басылымының 1900 жылы 10-11-сандарында жариялаған. Осыдан соң, біршама мәтіндік өзгерістермен әрі жаңа атпен («Дін таласы» «Қазақ» газетінің бастапқы үш нөміріне бастыртқан. Әлеуетті ұлт баспасөзінің қоғамдық-саяси мақалалардан өзге «Дін таласы» аудармасымен ашылуы – ел зиялыларының дінге деген көзқарасының қандайлығын айқын аңғартады. Осы көзқарасты исламды меңгеріп барып басқа діндердің жайымен танысқан Шәкәрім мына өлең жолдарына сыйдырған:
Ақылмен нанбай иман жоқ,
Ойлаудан ақыл тыйған жоқ.
Талай дінді тексердім,
Ешбірі миға сыйған жоқ.
Тамам діннің түбі бір,
Боянған, бұзған салып тұр,
Бір орынға жиған жоқ.
«Хақиқат нұрдың жарығын көрген» ақын, әлбетте, бар дінді бір жерге жи демейді, хақ жолымен анығын тауып, танығын тастап, сау ақылыңмен («Сау ақыл – менің иманым» сарапта, байыпта дейді. Гуманист-қайраткер Ә.Бөкейхан осы ойды жаңаша қырынан дамытып: «Бостандық, теңдік, туысқандық – 18 ғасырдан бері жарыққа шыққан таза пікір. Мұны майданға салған – Франция жұртының саяси ерлері. Осы үш түрдің бәрі біздің Шариғаттан (Құран), Інжілден, Будда оқуынан, Л.Н.Толстой философиясынан табылады, көзі ашық талапты ер ізденсе», – деп жазады.
«Дін таласы» әңгімесінің мақсаты – діни таласқа нүкте қою, адамдарды бір-бірін сыйлауға жұмылдыру. Шығармаға Үнді жеріндегі Сурат қаласында, кісі келім-кетімі көп кофеханада өткен елеусіздеу ғана оқиға өзек болған. Бәрі де жүйесіз оқудан миы шатасқан, парсы оқымыстысының қызметшісінің (құл, мәжуси) «Құдай бар ма?» деген сұрағынан өрбиді. Құл «құдай» деп мойнындағы ағашты көрсетеді. Әңгіме-таласқа, мұны, жарымес санаған брахман, иһүди, католик, протестант, мұсылман-түрік араласады. Бәрі де «менің дінім мықты» деп, бой бермейді. Пәтуаға келмей улап-шуласады. Таласқа тек «конфуций мәзһабындағы бір қытай» ғана араласпайды. Даурыққан топ енді «жөнін сен айт!« деп осыған жүгінеді. Қытай: «Менің байқауымша, адамдарды дін турасында бір ынтымаққа келтірмейтін – жалғыз-ақ намыс» дей отырып, аспандағы күн туралы тәжірибесіз, надан түсініктен ғылыми түсінікке дейінгі көзқарастарды басынан кешкен оқиғамен сабақтастыра ғибрат айтады. Сөйтіп келіп, бұл кейіпкер бүй дейді: «Күллі дүнияға симайтын ұлығ тәңіріні һәр жұрт өзінің ғибадатханасына қамағысы келеді. Оған адам салған ғибадатханалар қандай болғанымен жетер ме? Ғибадатханалардың үлгісін адамдар құдай жасаған дүниядан алмай қайдан алды? … Бірақ көктей салынған күмбез бар ма? Теңіздей су сауыты бар ма? Тәңірінің ізгілігін ыспаттайтын құдай өзі дүнияға шашқан нығыметіне жететін мадақ сөз бар ма? Адамның жүрегіне жазып қойған құдайдың өз кітабындай шариғат кітабы бар ма? Жақын үшін жанын пида ететін ерлікке жететін құрбандық бар ма? Құрбандық қабыл болуына ізгі адамның шын ықылас-көңілінен артық орын бар ма? Неғұрлым құдайды жоғары деп, биік деп, ұлық деп ұқса, соғұрлым жақсырақ танымақшы. Жақсырақ таныған сайын, құдайға жа­қынырақ болмақшы. Жақын болуының мағынасы: рақметін көріп, рақымды болмақ, мейірбандығын көріп, мейірімді болмақ. Біреудің көзі соқыр, біреудің көңілі соқыр. Көзі соқыр жарықты көрмей, күн жоқ дер, яки, күнге көзі жетпей, көріп отырған шамын күн деп білер; көңілі соқыр – қылықты айырып құдайды танымай, құдай жоқ дер, яки, қолына ұстап, көзімен көріп отырған ағашын құдай деп білер. Қай соқырлық та болса – кемшілік. Бірақ соқырлығының бейнетін һәркім өзі көреді»… Бернарден де Сен-Пьердің ақыл һәм сезім қазанында қайнап шыққан, Л.Толстой мен Ә.Бөкейханның пәк жүрегіне құйылған асыл сөз, таза ой – осы.
Біз аударма-әңгіменің тууын «Қазақ» мақсатымен тоқайластырдық. Әлихан осы өреде тәржіма соңында: «Басқалар да Толстой көзімен қараса, осы күнгі Балқанда судай ағылып-төгіліп жатқан қанға орын табылмас еді», – «деп ескертіпті. Бұл ретте, оның 1913 жылы жазған мына пікірі жоғарыдағы сөзбен сабақтасып жатыр: «Балқан соғысы… білімсіздіктен емес. Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес – мінезден. … Жақсы мінезге тоқтаған адам аз». Көрсеқызарлық, өзгені қор көру, халықты «адал« боп алдап, аярдың қылығын істеу әлемдік саяси сахнадан күні бүгінге дейін түскен жоқ. Толстой мен Әлихан алаңдауы, қамығуы қазір де өткір күйінде тұр.
Алаш зиялылары «Қазақтың» беташар санында «Дін таласын« жариялау арқылы өздерінің ақиқатқа, тазалыққа, теңдікке адалдығын аңғартты. Осы газет діні бөлек болса да, ділі таза қаншама адам туралы (мысалы: Потанин, Семенов, Мечников, Скалозубов, Обнинский, Жан Жорес, Геловани, Риканов, Гладич, Дзюбинский, Волков, Виноградов, Шишкин, т.б.) кісілікті пікір білдірген. Патша отаршылдығы тұсында Петерборда отырып қауқарсыз қазақ жұртына болысқан орыс зиялыларын біз қазір білеміз бе, жоқ па? Білмесек, «Қазақ» бетіне үңілейік. Таза дін мұнарасынан қарасақ, милләт-мәзһабы өзге болса да, әлсізге жақтасқанның ісі – имандылық.
Дүниенің аса күрделі түйінін шешер жол, Ә.Бөкейхан айтқандай, біздің діни құндылықтардан да табылады. Айталық, діні басқа туыспен қатынас туралы, рухани талас жөнінде әл-Бұхари жинаған «Хадистерде» («Сахих әл-Бұхари») не делінген? Асма ас-Сыдық Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардан: «Анам тұтқа табынушы еді, енді сол кісімен қарым-қатынас жасауым керек пе?» – деп сұрапты. Пайғамбарымыз: «Иә, араласуға тиіссің», – деп жауап қайырыпты. Сондай-ақ, Айша Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың мына сөзін жеткізген: «Расында Алланың адамдар ішінде ең жек көретіні – таласта мәмілеге келмейтіндер». Ал, енді, Әбу Хурайра жеткізген мына ақпар тіпті құнды: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бүй деді: Аллаға, ақырет күніне иман келтіргендер көршісіне зиян тигізбесін; Аллаға, ақырет күніне иман келтіргендер қонағына құрмет көрсетсін; Аллаға, ақырет күніне иман кел­тіргендер жақсы сөз сөйлесін әйтпесе үндемесін!». Міне, осындай рухтағы діннен біреулер өшпенділік, жамандық іздеп әуре… Олар білсе дейміз-ау: хақ пен ақ бір сөз екенін, «хақы» (хұқы) дегеннің де түбірі – хақ екенін. «Право» дегенді жаратқанның тазалығына балаған діннен жамандық күтуге бола ма?..
Орынсыз таластан, өкінішке қарай, исламды тұтынатын елдер құралақан емес. Діндер таласы болып жатса түсінікті-ау, ал, бір дін ішіндегі алалыққа не дерсің. Құранда «сен – сунитсің, сен – шеитсің» деп бөлу жоқ, олай болса исламды бөріге жем қылған – жаһилдік, туысты жат көру, ақылды сыйламау демеуге шараң қалмайды. Әріге бармай-ақ қояйық, туысқан Түркиядағы бүтін исламды «ит талағандай қылған« ханифит, шафит (суниттер), алевит, кызылбаш, нусайрит (шеиттер), бекташи, мевлеви, мелами, халвети, байрамы, рифаи, жеррахы, накшибенди, тиджани, сулейманджы, ышыкчы, т.б. ағым, секталар туралы не айтуға болады? Сондай-ақ, мұнда не дін екенін түсініп болмайтын езид пен бехаизм бар (Деректер «Турецкая Республика» жинағынан алынды). Әне бір жылдары, сол елге діни қуат жинаймыз деп жастарды аттандырдық. Өз бетімен барғандар және бар. Енді ойлайсың: оларды мынаның қайсысы «ағартты» екен деп. Саудия мен Пәкістанда оқып келгендердің «дін таласын« бұл жерде айтпай-ақ қоялық…
Бізде «тұнығынан су ішу» деген ұғым бар. Қазақтың дінге қатысты тұнығы – Абай, Мәшһүр-Жүсіп, Шәкәрім, Алаш зиялылары, Садуақас Ғылмани, Ақжан Машани т.б. сарабынан, талғамынан, парасатынан өт­кен құндылықтар. Біздіңше, елдік рухани менталитетті осындай құндылықтар құрайды. Бұлар – әрі иммунитет, әрі ұстаным. Шәкәрім қажының «Дін тазасын ой табар» деген пайымы да осыған саятын секілді.

Алдыңғы «
Келесі »