ЖАҒАЛБАЙЛЫ

  • 22.11.2018
  • 98 рет оқылды
  • 0

Қуанышбай Орманов,
профессор

Сұрасаң руымды Жағалбайлы,
Жылқысын көптігінен баға алмайды.
(«Қыз Жібек жырынан)

Республика Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы көп адамды тарихқа көз жүгіртіп, халқымыздың кешегісіне тереңірек үңіліп, өткеннен үлгі алуға, бабалар ісіне мақтануға шақырады. Несі бар, біздің қазақ халқының кешегісі ешкімнен кем емес, айтуға тұрарлық-ақ. Солардың ішінде, өткенді айшықтап көрсеткен, елдің елдігі мен байлығын, табиғат пен адамның сұлулығын, шынайы махаббат пен өзара силастықты ерекше сүреттеп берген шығарма – «Қыз Жібек» жыры болатын. Бұл жыр қазақ халқының, соның ішінде Жағалбайлы мен Шекті елдерінің мақтанарлық-ақ тарихы. Жырдың басты кейіпкерлері: Базарбай, Төлеген, Қыз Жібек, Сансызбай – бәрі-бәрі тарихта болған адамдар. Олардың есімдері Жағалбайлының шежіресінде жарқырап тұр. Уақиға желісі де біздің Жағалбайлы елінде, Жайық бойында болып өткені рас. Сондықтан да, қалың қазақ елі ол жырды жырлап келе жатқанына бес жүз жылдан астам уақыт өтті. Ол жырдың тарихилығы, көркемдігі, поэтикалық жағынан құндылығы соншалықты, осыдан оншақты жыл бұрын Қазақстан Респуликасының Үкіметі «Қыз Жібек» жырын ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік әдеби-мәдени қорына қосуға ұсыныс та жасаған болатын.

Мен бұл ұзақ сонар жырды қайталап жатпайын, тек сол жырға байланысты кейбір, көпке белгісіз жақтарына ғана тоқталсам деймін. Жырда (киносында да) Төлегенді Бекежан опасыздықпен өлтіргеннен кейін, сүйгенінен айырылған Қыз Жібек қайғыдан құса болып, суға кетіп өледі. Шындығында олай емес. Төлегенді өлтірген Бекежан емес, Кескентерек те, Қыз Жібек суға кетпейді, ол Төлегеннің інісі Сансызбай талай жауды жеңіп, жеңгесін еліне алып қайтады да, одан екі ұлды дүниеге әкеледі. Сансызбайдың түңғышы тарихта Төс батыр деген атпен белгілі. Оны біз Қожаберген жыраудың «Елім-ай» поэмасынан жақсы білеміз. Онда мынандай жолдар бар:
Айырылып ата қоныстан,
Бет қайтқан соң соғыстан.
Дәу мылтықты дұшпаннан,
Есентемір жұрты ығысты.
Жағалбайлы, Жаппаспен,
Есентемір, Кердері,
Орал тауға көшпекші.
Жаулары шайқап іргені,
Алшынның әйдік шешені,
Есентемір елі көсемі-
Қайын атам Қабылан би,
Ақылға жиһан кісі еді.
Сансызбайұлы Төспенен,
Ақыл қосып екеуі,
Көшейік барда ес деген.
Алла, аруаққа сыйынып,
Тас түйін болып жыйылып,
Қару-жарақ асынды,
Еретін жұртқа бұйырып,
Салқындалып сарғылт күз,
Күннің көзін бұлт басты.
Тозған елге басшы болып,
Жағалбайлы-Жаппасты,
Есентемір, Кердері,
Жұртты бұлар бастап ап,
Бірі кәрі, бірі жас,
Сөздерін қауым қостап ап,
Амалсыз тастап Сыр бойын,
Орал тауға бармақ боп,
Шоғырланды төбеге.
Көшпек болған жиын топ,
Ту көтеріп көсемі,
Соңынан ертіп көп елді,
Тәуекелге бел буып,
Көшті бастап жөнелді.

***
Жағалбайлы Төс батыр,
Өз халқына ес батыр,
Жиырма алтыда жасы бар,
Қалмақтарға өш батыр,
Сансызбайдың өзіндей,
Көрсеткен жауға сес батыр.
Үзгентке барған ұрыста,
Қалмақты қырған күж батыр…
Поэманың бұл үзіндісінен біз Төс батыр бастаған қазақ қолдарының Үзгентте бес мыңдай жоңғарды қырғанын көреміз.
Ат қойды Үзгетке кеп жоңғарларға,
Жайларға кезек келді қырған
табар,
Бес мыңдай жау қырылды Үзгент
жақта,
Екпіндеп, баса көктеп келген
шақта…
***
Кетерінде қиналды ел,
Қоныстарын қия алмай,
Бәрі де жұрттың жылады,
Көз жастарын тыя алмай.
Көз жасын төкті ер мен ел,
Ішке толып қайғы-шер.
Аударып табан көшсе де,
Орал тауы шалғай жер,
Орал таудың күнгейі,
Кіші жүз Әлім жері еді,
Алшын-Әлім тайпасы,
Алты аталы ел еді.
Шықса да талай қарсы қалың
жауға,
Шабақтай болды оралған қалың
ауға.
Сыр бойылық Кіші жүз бетін
бұрды.
Ырғыз, Ор, Ойыл, Елек, Орал тауға…(103-105 б.б. Қожаберген жырау Елім-ай. 139. Петропавл. 2000).
Төс батыр туралы екінші бір тарихи фактілерді мына жолдардан анық көруге болады:
«…Қазақ әскерінің бас қолбасшысы Қанжығалы Бөгенбай батыр әр жорықтан оралған сайын Қаз дауыс-ты Қызыбек биге сәлем беруге келеді екен. Ол тағы бір келгенде, Қазыбек би:
– Сенің де жасың жетпіс беске келіп қалды. Орныңа кісі дайындап жүрсің бе?, – деп сұрағанда,Ол:
– Орныма Шапырашты – Нау-рызбай, Жағалбайлы – Төс батыр, Қаракерей – Қабанбай – осы үшеуінің біреуін ұсынбақпын, деп жауап берген екен («Ашамайлы керей Таныш баба шежіресі» деген еңбектен).
Бұл жолдарға сенетін болсақ, бар қазақ қолының бас қолбасшылығына лайықты болып жүрген Төлеген ұлы Төс бастырдың еш батырдан кем емес, шынымен де қазақ деген халықтың бар әскерін басқаруға лайықты батыр болғанын көреміз. Енді, сәл кейінге шегініп, осы «Қыз Жібек» жырының бастауына бір көз жүгіртсек. Жоғарыда атап өткендей, жыр уақиғалары шындыққа ұласады. Алғашқы кезде бұл уақиғалар ауыздан-ауызға жалғасып, қара сөз күйінде айтылып жүрген аңыз болған екен. Мына, жыр жолдарына сенетін болсақ сол аңызды өлеңге айналдырған Сегіз сері (Мұхаммед – Қанафия) Баһрамұлы болғанына көзіміз жеткендей болады. Бір сәт ақынды тыңдап көрелік.
Жылқы жылы садақ салып
шықтық елден,
Шалқардың бойындағы елге
келгем.
Елдері Кіші жүздің: Шекті, Табын,
Нияз бен екеумізді құрметтеген.
Жасынан жақсы атадан
үлгі көрген,
Көтібар, Арыстандай батыр,
мерген.
«Ер сегіз, жыр шығарсаң есіңе ал»
деп,
Қызықты бір уақиға айтып берген.
Бұл өзі уақиға екен мол деректі,
Жырлауға осындайды болдым
епті.
Есітіп Төлеген мен Жібек жайлы,
Қисса етіп баяндауға көңілім
кетті.
Бұрын аңыз болса да,
Жыр маржаны «Қыз Жібек»,
Алғаш рет қисса боп,
Бүгін менен тараған.
«Қыз Жібек» жырын тыңдауға.
Құмартты ғой бар адам.
Мен отырған орданың,
Сыртында көк шалғынға,
Кілем төсеп арнайы,
Отырысып, жайлаған.
Басқаның бәрін тастайын,
Шамадан озып аспайын.
Бүгінгі мәжіліс жиында,
Қыз Жібектен бастайын.
Бұрынғы әз Тәукенің заманында,
Қазақтың халқы түгел аманында,
«Кердері теңізі» деп аталыпты,
Сылаң Сыр құятұған Аралың да.
Айнала Арал бойын мекен еткен,
Кердері-Жағалбайлы елі көптен.
Шалқыған дәулет орнап, бақыт
қонып,
Мал-жаны бұл елдердің
өсіп-өнген.
Кіші жүз немесе оның
Алшын аты,
Ноғайлы қазағынан арғы заты.
Байұлы, Әлімұлы, Жеті ру деп,
Бөлініп үш тайпа боп шыққан аты.
Кердері-Жағалбайлы Жетірудан,
Кем емес салтанаты өзге рудан
Үш жүздің қара шаңырағы –
Жағалбайлы,
Артығы оның осы екен басқа
рудан.
Бөлінер Жағалбайлы: Мырза,
Ілез боп,
Өрбіген екеуінен рулар көп.
Ішінде сол Ілездің Бескүрек ел,
Бай болған заманында теңдесі
жоқ.
Бір табы Бескүректің Қарабатыр,
Тігеді Хан жайлауда ақшаң
шатыр.
Жылқы, түйе – бәрін де мыңдап
айдар,
Көп елден салтанаты асып
жатыр.
Қарабатыр көсемі Айбат мырза,
Әрқашан ерлігіне халқы риза.
Бұйрығы Айбат ердің екі болмас,
Елінде Жағалбайлы шешім қылса.
Баласы сол Айбаттың
ер Базарбай,
Бек еді дәулетіне ерлігі сай.
Жылқы мен түйесінің есебі жоқ,
Үйілген сарайында астық,
қант-шай.
Жырлайын, о, жарандар
болған жайды,
Аспанда жарқыраған күн мен айы.
Әлеумет Ер Сегізге рұқсат берсең,
Баяндап бір көрейін Базарбайды.
Елімнен қашқын болып шыққан
кезде,
Жолықтым Шекті, Табын, Мырза,
Ілезге.
Шектінің Арыстаны мен Ілез
Жанқасқа,
Жағы жоқ шешен екен сөйлер
сөзге.
Қарсы алды Шекті, Табын,
Жағалбайлы,
Ел екен дәулетіне сәулет сайлы.
Нияз бен мен екеуміз сонда болып,
Естідік Сырлыбай мен
Базарбайды.
Болғаны уақиғаны рас екен,
Арқауы әңгіменің біраз екен.
Өткенді кейінгіге жырлап беру,
Ақынға мен сияқты мирас екен.
Өтініп айтқаннан соң ер Арыстан,
Сөз қалмас біз сияқты
жолбарыстан.
Сұрады жырлауымды
Жанқасқа да,
Қалсын, деп, ұрпақтарға сізден
дастан.
Жырладым мен дастанды қобыз
алып,
Отырды молда-ишан қалам алып.
Түсірді он төрт молда өлеңімді
Бетіне ақ қағаздың өрнек салып,
Қобызым кетті жетектеп,
Ән шырқадым безектеп,
Сондағы жырым осы еді, – деп Сегіз сері жырын жалғап кете береді (65-68 б.б. Сегіз сері. Таңдамалы шығармалары. Т.1. «Қыз жібек» жырына кіріспе).
– Біздің елде, Жайық бойында қалың Жағалбайлының ішінде бұл жырдың толып жатқан варианттары бар. Соған қарағанда, «Қыз Жібек» жырының авторы жалғыз Сегіз Сері болмаса да керек. Ол жағын зерттеуші- ғалымдар әр қырынан келіп зерттеп, елге түсіндіре жатар. Бізге керегі Базарбай бабамыздың, Төлеген мен Қыз Жібек, Сансызбайдың осы жырдағы шежіресі.
– Біздің жақта Жағалбайлының Бескүрегінің шығу тарихы жайлы да әртүрлі әңгімелер бар. Солардың бірінде – Сыр бойынан көшіп келіп, Жайық бойында отырған жылдардың бірінде қыс қатты болып, қалың қар жауып, мал тебіннен айырылып, жұтқа ұшыраудың сәл алдында тұрғанда бір байдың бес ұлы қолдарына күрек алып, шамалары жеткенше малдың тебінін қардан тазартып, сол жерге алдымен жылқы салып, олар тазалаған тебінге қой жіберіп, қар астынан көрінген қалың шөпке тіпті орақ пен шалғы салып, бар малын аман алып қалғандықтары жайында да әңгіме бар. Содан, бұл атаның ұрпақтарын ел «Бескүрек», деп атап кеткен дейді білетіндер. Сол жылы жұттан аман қалған малды да, байлықты да келер ұрпақ сақтап қана қойған жоқ, оны бірнеше есе көбейтті, байлықтан жинаған абыройларын арттыра білді олар.

Бабалар рухына тағзым

Өзім көптен бері Жағалбайлы тарихын зерттеп жүргеннен кейін, жырдағы ақын айтып отырған жер-су аттары ертеректе шалдардан естіген көптеген жайларды есіме түсіргендей болды. Ақсақалдар айтатын: «Базарбайдың елі Жайық бойында, жаз жайлауы Хан тауы мен Хан жайлауы. Атадан қалған әңгімеге сенсек, Базарбай ұрпақтарының бізге жеткен ең соңғысының есімі – Жаңқасқа, шамасы Ор жақта болса керек. Бабаларың жайлы бірдеңе білгілерің келсе Жаңқасқаны, Хан тау мен Хан жайлауын іздеулерің керек», дейтін олар. Сегіз сері ақын солардың барлығын қайталап, тізіп беріп отыр. Ақын бір сөзінде «Бір табы Бескүректің Қарабатыр, Тігеді Хан жайлауда ақшаң шатыр», – десе, жырдың екінші бір жерінде:
Болғаны уақиғаның рас екен,
Арқауы әңгіменің біраз екен,
Өткенді кейінгіге жырлап беру,
Ақынға біз сияқты мирас екен.
Өтініп айтқаннан соң ер Арыстан
(Әлім ),
Сөз қалмас біз сияқты
жолбарыстан.
Сұрады жырлауымды Жанқасқа
да (Жағалбайлы),
Қалсын, деп, ұрпақтарға Сізден
дастан»,
– дейді (Сегіз сері Баһрамұлы. Таң-дамалы шығармалары бірінші том. 67 бет).
Менің бала кезімде үлкендер айтатын: «Ақ Жайықтың бас жағында, Шеген бабамыз бастаған Жағалбайлы туын тіккен – Хан тауы, деген жер бар. Ол жер Төлегеннің әкесі Базарбайдың мекені. Төлеген Қыз Жібекті іздеуге сол жерден аттанған, деген сөздерін талай естігенмін. Ендігі арманым – сол Хан тауы мен Хан жайлауын табу, көру болды. Базарбай, Төлеген, Жібек, Сансызбайдай ұландар суын ішіп, саф ауасын жұтқан бұл жерлер қандай екен, деген арман мені Ақ Жайықтың басына (Башқұртстан жері) талай алып келді. Бірақ Хан тауы мен Хан жайлауын ешкім білмейді. Ескі атауларды ел ұмытқан сияқты. Өз арманымды ауылдың азаматтарына да талай айттым. Ақыры 2010 жылдың шілдесінде бір топ азамат бас қосып, Хан тауы қайдасың деп, Верхнеуральск (бұрынғы Талқала, Ресейдің Челябі облысы) қаласын бетке алып, жолға шықтық. Ондағы ойымыз, Талқала мешітінің сол кездегі бас имамы – Едрес Сүйінбаевтың көмегімен Хан тауы мен Хан жайлауын тағы бір рет іздеу. Бабаларымыздың Жағалбайлының туын тіккен жерлерін өз көзімізбен көру. Ең болмаса қасиетті Жайықтың суына бетімізді жуу.
Талқалаға жеткенде, бір үлкен кісі қайтыс болып, соның асының үстінен шықтық. Маңайдан көп ел жиналған екен. Ас аяқталғаннан кейін мен сөз алып, өзімізді таныстырдым. Келген мақсаттарымызды, Хан тауы мен Хан жайлауын іздеп жүргенімізді айттым. Ел үндемейді, біразы, «ондай жерді білмейміз», дейді. «Енді, не қылдық», деп отырғанда, бір шағын бойлы, шамасы елулерден асқан, бидай өңді бір кісі, ұмытпасам есімі Орынбай болуы керек. Ол бізге «мен Хан жайлау деген жерді білем. Оның бергі жағындағы төбе – бізше Хан тауы емес, Хан төбесі деп аталады. Ол төбені қариялар «қасиетті» деуші еді. Өйткені, ол төбенің ең басында жағалбайлының не бір бабалары жерленген. Бала кезімде сол төбенің маңында талай қой бақтым. Бір кереметі, сәл жел шықса болды қойды төбенің ықтасын жағына апарып жаятын едік. Мал бағуға бір ыңғайлы жер болатын. Баяғыда осы маң бір шаруашылықтың жері болғанда Хан төбесінің маңына қыстап та жүрдік. Шаруашылықтар жерді бөліп алғаннан бері қарай талай жыл болды, ол жерге бармаймыз. Хан төбесі мен Хан жайлауы тіпті алыс та емес. Ескі Екатерина жолымен жүрсеңіз, бар болғаны оншақты шақырым ғана. Тау жолымен жүре алатын көліктерің болса, жол көрсетейін…» – деді.
Аспаннан іздегеніміз таяқтастам жерде жатқанын біліп, біз де қуанып қалдық. Верхнеуральск мешітінің бас имамы Едрес Сүйінбаев бастап, біз жолға шықтық. Қала сыртына шығып, шағын бір сайдан өткеннен кейін ескі Екатерина жолына түстік. Бұл ескі тас жол сол заманда біздің елдің байлығын Ресейге тасу үшін салынған болатын. Ертедегі теп-тегіс тас жолдың тастары жол табанына тіпті батып кеткен. Ия, заман нені де өзгертеді. Біреу өледі, енді бірдеңе тозады…
Бір жарты сағаттан кейін бізді ертіп келе жатқан жігіттер, бізді қуантқылары келгендей, «Келдік.. Ана көрініп тұрған Хан төбесі, батыс жағымызды төменде Ақжайық өзен», деп жатыр. Машинаның сол жүрісімен төбенің басына да жеттік. Түсіп қарасақ, Хан төбесі (тауы) батыс жағынан жорытып шығатын шағын ғана төбе екен де, солтүстігі мен шығысынан қарағанда, тік түсе алмайтын, кәдімгідей биік тау. Ал, сол таудың етегінен басталып, солтүстігі мен шығыс жағында созылып жатқан көлемді жазық – Хан жайлауы отыз – қырық шақырымға дейін, алақанда жатқандай болып көрінеді. Бабаларымыздан қалған мұраны өз көзімізбен көрген біздер, бірімізді – біріміз құшақтап, қуанып жатырмыз. Мен таудың солтүстік жағынан, сүріне-жығыла етегіне түсіп, таудың биігіне көз тастағанда түсінгенім, ескі тау халықтарының салты бойынша қорымдар оның етегіне, орта шеніне және басына орналасқан екен. Соған қарағанда, жағалбайлылар бұрын таулы өлкеде тұрғанға ұқсайды. Ал, бұл жерге жүздеген жылдар бұрын келген олар, қанша уақыт өтсе де өздерінің бұрынғы салт-саналарын ұмытпаған сияқты. Таудың басына шыққанда көргенім, Хан тауының ұшар басына да үш-төрт адам жерленіпті. Ертедегі тәртіп бойынша, қара халық таудың етегіне, ортаңғы билеушілер мен батырлар таудың орта кезеңіне, ал ұлы адамдары таудың ұшар басына жерленеді. Сонда, таудың ұшар басына жерленген кімдер екен? Әрине, біздің бабаларымыз! Біз оларға қашан да тағзым етуге міндеттіміз.
Осылайша Жеті рудың туы тігілген Хан тауы мен Хан жайлауын, Сегіз Сері ақынның, таудың етегінде шалғында отырып, «Қыз Жібек» жырын қағазға түсірге жерін көріп қана емес, оны фотосуретке түсіріп, бабаларымызға тағзым етіп, біз Қостанайға оралдық.
Елден сүйінші!!! Біз бабаларымыз-дың ту тіккен жерін таптық. Ту тіккен жер демекші, мен оқыған біраз аңыздарда былай делінеді:
– Алшынның үш ұлы болған. Олар Қыдырқожа (Қыдырбай бай), Сәдірқожа (Сәдірбай бай) және Нәдірқожа (Нәдірбай бай). Осы Нәдірқожадан жеті ұл болған. Олар бірігіп Жеті руды құраған. Бабамыз Нәдірқожа қайтыс болғанда, балалары «әкеміздің белгісін аламыз» деп жыйналыпты. Сонда бірінші болып сөз алған Тама тұрып, мен әкемнің ақша салатын оқшантайын аламын, деген екен. Сондықтан да, Тамада ақша ұстаған, билік жасаған, оқып, әкім болған адамдар көп болыпты.
Екінші болып сөз алған Табын тұрып, мен әкемнің айбалтасын аламын, – деген екен. Сондықтан да, Табыннан шыққан батырлар мен тентектер көп болған көрінеді.
Үшінші болып сөз алған Кердері, мен әкемнің бәйгіге қосатын көк арғымағын аламын, депті. Сондықтан да, ол заманда Сыр бойында ат бәйгісі болса, Кердері жарыстың алдын бермеген екен.
Төртінші болып сөз алған Керейіт, мен әкемнің қобызын аламын, депті. Содан болар, Керейіттен шыққан қобызышылар, өнер адамдары, бақсылар көп болыпты.
Бесінші болып сөз алған Рамадан, әкесінің айыл-тұрманын алса, алтыншы болып сөз алған Телеу әкесінің тобылғы сап қамшысын алыпты.
Жетінші болып сөз алған Жағалбайлы, мен әкемнің, ел қонған жерде желбіретіп тігетін туын аламын, депті. Осылайша, Жеті рудың атасы – бабамыз – Нәдірқожаның ел қонған жерінде тігетін Туы Жағалбайлыда қалған екен.
Әрине бұл аңыз. Бірақ, негізі бар аңыз сияқты. Жағалбайлының бабасы Шеген би бастап келіп, Жайықтың бас жағындағы Хан тауының биігіне тігіп жүргендері осы Нәдірқожа бабамыздан қалған ту болса керек. Олай болса бұл Ту Жағалбайлының ғана емес, бүкіл Жеті рудың туы. Сол, Жетірудың Туы тігілген жері – Хан тауының басы. Аталардан қалған ескі сөздерге қарағанда, Хан тауы Жеті рудың туы желбірейтін ғана жер емес, жаңа жерге көшіп келгеннен кейін Жетірудың жылына бір рет жиналып бас қосып, көрісіп, той жасайтын, үлкендері қайтыс болғанда, ұлыларды жерлейтін пантеоны да болған екен. Жағалбайлылар Ақ Жайықтың басына көшіп келгенде бескүректердің еншісіне тиген жерлері осы Хан тауы мен Хан жайлауы болса керек.
Базарбай бай билік құрған, Төлеген мен Сансызбайдың туып өскен, ер жеткен, Жібек анамыздың келін болып түскен, Сегіз Сері ақынның елдің сұрауымен бүкіл қазақтың мақтанышына айналған «Қыз Жібек» жырының алғашқы жолдарын қағаз бетіне түсірген жері, бұл – Хан тауы.

Ұл атасыз болмас

2007 жыл – Жағалбайлы балалары үшін ерекше жыл болды. Сол жылы ел болып жиналып, Дербісәлі Беркінбаевтың жатқан жеріндегі күмбезін ашуға арналған салтанатқа қатыстым. Дербісәлі Беркінбаев патша үкіметінің қазақтан шыққан алғашқы чиновниктерінің бірі. Өзінің адал қызметі үшін патшадан, орден-медалі бар – 37 награда алған қайраткер. Орынборда оқып, білім алған қазақтың болашақ білімпаздарына қол ұшын беріп, оларды оқуға, қоғамдық қызметке баулыған, Ыбырай Алтынсаринге мектеп ашу үшін өзінің Електе тастан салған төрт бөлмелі үйін тегін босатып берген, Ақтөбе қаласының негізін қалаушылардың бірі болған азамат (Дербісәлі Беркінбаев туралы, ақтөбелік ғалым Зәкіретдин Байдосовтың «Алды кең, арты майса Дербісәлі» деген еңбегінен оқып, білуге болады).
Орск (Ресей) қаласының батыс жағындағы Крыловка ауылының маңындағы ескі қорымға халық көп жиналды. Бәрінің тамашалап жүргені Дербісәлі Беркінбаевқа арнап салынған алып күмбез. Бәрінің аузында: Керемет! Тамаша!, деген сөздер. Аракідік біреулер Арынғазыға мың да бір рахмет! деп қояды. Содан барып, мына, үлкен күмбезді салдырып жүрген Арынғазы Беркінбаев екенін түсіндік. Ол кезде зират басында мұндай үлкен күмбездер сирек салынатын. Елмен бірге, өзін көрмесек те Арынғазы бауырымызға рахметімізді айтып, біз де елге қайттық. Арада бір-екі жыл өткеннен кейін бір жас жігіт телефон шалды. Әр жағынан шыққан үннің иесі:
– Ассалаумағалейкум! Аға, мен Арынғазымын ғой, Ақтөбеден. Біраз амандық-саулықтан кейін, ол: – Жақында, Құдай қаласа, Жанқасқа бабамыздың басын көтеріп боламын. Сізді сол салтанатқа шақырамын. Тағы бір шаруа – Жанқасқа бабамыздың жатқан жері Жем өзенінің жағасында, қалың шектінің ортасында. Ел арасында: кезінде Жағалбайлы Жанқасқа біздің Көтібар бабамызды өлтірген, деген сөз тарап, олар әлі күнге дейін бізге реніштерін білдіретін сияқты. Мүмкіндігіңіз болса, келгеннен кейін осының басын ашып берсеңіз жақсы болар еді, деп өтінішін білдірді. Көптен таппай жүрген Жанқасқа бабамыздың атын естігеннен кейін мен ойланбастан, келемін, деп сөзімді бергенім сол еді, телефон байланысы үзіліп кеткені. Уәдені беруін – бердім-әу, ал, ана шиеленістің басын қалай ашып берем, деп бір жетідей басым ауырып жүрді. Ізденуге, біраз кітаптардың беттерін ақтаруға тура келді. Ақыры тапқаным, сол баяғы Сегіз Сері ақынның жыры болды. Сегіз Сері (Мұхаммед Қанапия) ақын бұл уақиғаға да екі өлең арнапты. Бәрі дұрыс. Екеуі де Арынғазы бауырымның сұрақтарына тікелей жауап бергендей.
Бар тапқандарымды буып түйіп, қағазға түсіріп, інілерім кел деген күні кешке Ақтөбеге жеттім. Ертеңіне Кеңшілік (Кеңшілік Жұмабаев – полиция генерал-майоры), Баянғали Құлтаев үшеуміз (жандарында тағы да кісілері бар) автомашинамен Жем бойына тарттық. Біраз жол жүріп, Жем өзенінен өткенде, құрдымға кеткен Эмба әскери қалашығы сол жақта қалып, бір биік төбенің басына шықтық. Шамасы Мұғалжардың бір төбесі болуы керек, айналаның барлығы қап-қара, ыстықтан күйіп кеткен. Жем бойы деген көкпеңбек. «Сулы жер – нулы жер» деген осы екен ғой деп, жеңіл автомашинамен өзенді кешіп өте шықтық. Алда шағын ауыл (бұрынғы «Жұрын» совхозының орталығы), оның арғы жағында жарқабақтың үстінде Арынғазы бауырымның Жанқасқа бабасына орнатқан күмбезі ерекше көзге түседі. Ә, дегенше күмбездің жанына келіп тоқтадық. Маңғыстаудың аппақ ұлу тасынан биік те, көркем етіп салынған күмбез, шілденің ыстығынан қап-қара болып күйіп кеткен айналаға ерекше бір сән беріп тұрғандай. Құрылысшылардың шеберліктеріне таң қалмасқа болмайды. Біз барған кезде олар да құрылыс жұмыстарын ойдағыдай аяқтап, күмбездің айналасын тазартып, абаттандыруға кіріскен екен. Арынғазы бастаған топпен амандасып, қолдарын алып, «Іс сәтті аяқталған екен!», «Құтты болсын!», «Бабаң иманды болсын!», «Жатқан жері жарық болсын!», «Иман берекесін берсін!» деп жатырмыз. Арынғазы да, қар түсе мына жерге ағаш отырғызамын, күмбездің айналасын мал баспас үшін қоршаймын, – деп өзінің жоспарымен бөлісіп жатыр. Біраздан кейін, төмендегі ауылға жетіп, ауылдың шағын клубының маңына жиналдық. Жанқасқа бабамыздың күмбезінің құрылысы аяқталғанына арналып шағын салтанат ашылып, Ақтөбеден келген біраз адам сөйлегеннен кейін, маған да сөз кезегі келді. Байқаймын, елдің қабағы қатулы сияқты. Мына, ел менің сөзімді қалай қарсы алар екен деген қобалжу да жоқ емес, бойымда. Сөз маған берілгеннен кейін, жиналған елмен бас иіп амандасып, «Құтты болсын!» айтқаннан кейін, мән-жайды түсіндіріп, қай заманда болмасын Шекті мен Жағалбайлы елдері көршілес, біріне бірі тілектес, елі аралас, қойы қоралас, төскейде малы, төсекте бастары қосылған елдер болғанын айтып, Көтібар батыр мен Жанқасқа бидің арасындағы достықты айтып, осы жиынға арнайы жазып әкелген Сегіз Сері ақынның өлеңдерін оқи бастадым. Одан бұрын, бұл өлең кеше ғана арнайы жазылған емес, сол заманда, Көтібар батыр мен Жанқасқа бидің, ер Арыстанның замандасы, олардың көздерін көріп, талай табақтас болған, қашаннан бері екі елге де ортақ болған «Қыз Жібек» жырының авторы, атақты Сегіз Серінің (Мұхаммед Қанафия Баһрамұлының) жазғандары екенін айтып, түсіндірген болдым. Сол жырды енді бірге тыңдалық. Ол былай болатын:
Үш Алшынның жерінде,
Берсүгір таудың бауырында.
Кіші жүзде Жеті ру,
Жағалбайлы ішінде,
Жаңқасқа ердің аулында,
Ардақты мейман боп барып,
Шаңқай түстің шағында,
Қонаққа арнап тігілген
Ақ орданың ішінде,
Дем алмақ боп оңаша,
Ұйықтап жатқан жерінде,
Патша әкімі жендеті,
Жалдамалы қалмақтың,
Ай балтамен шабуға,
Қалайша көзі қиды екен,
Көтібар сынды қыранды.
Әлімнен шыққан ұланды.
Кіші жүздің ішінде,
Кешегі өткен Көтекем,
Артықша болып туғанды,
Сырымның жолын қуғанды,
Шекті – Табын ағасы,
Берсен батыр баласы,
Арғы тегі ер Бөлек,
Қасиетті баласы.
Бөлектен шыққан Көтібар,
Дұшпанымен ұрыста,
Жыртылмаған жағасы,
Қалмақтармен соғыста,
Халқының болған панасы.
Ақырында батырдың,
Қалмақтан болды-ау қазасы.
(Сегіз сері. Таңдамалы шығарма-лары. 2 том. 80 бет. Петропавл. 2003) дегенде біраз жиналғандар қол соғып жіберді. Біреулер, Рахмет! деп те жатыр. Көтібар бабамыздың өлімі Жағалбайлыдан емес, патша үкіметінің келеңсіз саясатынан, деп түсіндіріп жатырмын. Ел тынышталғаннан кейін, жиналғандардың көңілдерін біраз аулау үшін Сегіз Серінің «Көтібардың асы» деген өлеңін бастап кеттім. Ол былай болып келеді:
Көтібардың сүйегін,
Әкеліп ерлер жерледі.
Қапыда қалған ер үшін,
Әлімді намыс кернеді.
Алты Әлімнің кенжесі,
Алты аталы Шекті еді,
Қонысынан айырылып,
Патшаға олар кекті еді.
Басшысы қалың Шектінің,
Көтібар мен Арыстан,
Алшынның Теміртауы үшін,
Дұшпанменен алысқан,
Сол себепті оларға,
«Тентек» деген ат жабысқан,
Жылқы жылы жазында,
Осы ерлермен танысқам… (сонда. 68 бет) осылайша жиналған шектілердің қабақтарының сәл де болса жазылуына себепкер болып, елге оралдым. Бір сәт болса да шектілердің көңілдерін тапқаныммен, Жаңқасқаның тарихы менің ойымнан кетер емес. Арынғазы інім болса: «бала кезімде әкем талай алып келіп, Жанқасқа бабамның жатқан жерін көрсеткен еді, дейді.
– «Қыз Жібек» жырының авторы атақты Сегіз Сері Бескүректердің бастапқы шежіресін былайша тар-қатады. Жағалбайлы – Ілез-Бес-күрек – Қарабатыр – Айбат мырза -Базарбай – Төлеген болып келеді. Біз өзімізден Төлегеннен Төс батыр, деп қосарық. Ал, Жанқасқа болса қайдан шықты? Ол Шекті-Жағалбайлының ұлыларымен бірге, Сегіз Серіге ұсыныс жасап Қыз Жібек тарихын неге жаздырып жүр?
Сегіз Сері:
«Өтініп айтқаннан соң ер
Арыстан (шекті),
Сөз қалмас біз сияқты
жолбарыстан,
Сұрады жырлауымды
Жанқасқа да (жағалбайлы),
Қалсын деп, ұрпақтарға
Сізден дастан… (сонда. 67 бет.).
Қалың Жағалбайлының ішінен бір өзі болып ақынға жырды жазуға өтініш жасап жүргені, Жанқасқаның Базарбай мен Төлегенге, Сансызбайға, Төс батырға бір жақындығы болғаны болар. Жақын ғана емес, тіпті солардың, яғни қазақтың белгілі батыры (бір кезде бар қазақ әскерінің Бас қолбасшылығына сай болған) Төс батырдың ұрпағы да болуы мүмкін. Олай болса, біздің Арынғазы сол асылдардың сынығы болғаны ма?! «Қуан қазақ!» деп айқай салар едім, әттең Арынғазының бір-екі атасының шежіредегі орындары мен есімдерін таба алмай отырғаным. Менің Баянғали бауырым (Біліс Сәркеден тарайтын Баянғали Құлтаев, ауылдағы – Ойсылқарадағы, Ақтөбе маңындағы ақсақалдардың айтуларына қарап, есептей келіп, Жанқасқа бабамыз Төс батырдың төртінші ұрпағы, – деп түйіндепті. Несі бар, болса болар… Ол, ол ма. Баянғали бауырым Божыр қорасының әңгімесін айтып, сол қораның маңы Төс батырдың да, Жанқасқаның да, Арынғазының атасы Беркінбайдың да ауылдарының көштері тоқтаған, қонған жері екенін жыр етіп берді. Егер, олар бір ауылдың, бір атаның ұлдары болмаса, бәрі неге бір жерге жиналады, ғасырдан ғасырға бір жерде тұрады, деп дәлел де айтады. Шынында да келісетін-ақ дәлел.

***
«Текті тегіне тартады», дейді қазақ. Сол тегіне тартып Арынғазы бауырым Хромтау қаласының әкімі болып жүген кезінде Ақтөбе облысы Новоресей ауданының орталығын Новоресей ауылынан Хромтауға көшіріп, ауданның атауын Новоресей емес, «Хромтау» ауданы деп атауға бірталай үлес қосқанын білетінмін. Ол аталарының әруақтарын сыйлап, есімдерін есте қалдыру мақсатында қыруар шаруа тындырып жүргенін де білемін. Оның сонау жылдары Мұғалжар ауданына әкім болып тағайындалғаннан кейін елге бас болып, сол Шектінің Қабағынан шыққан атақты Көтібар батырдың жатқан жерін іздеп, ақыры сол маңдағы Ақкермен ауылының маңынан тауып, баба есімін есте қалдыру үшін басына кесене, оған баратын жол салдырғанын және де аудан орталығында мектепсіз қалған балаларға өз қаражатымен үй сатып алып, сыйға тартқанын да жақсы білемін.
Көтібар батыр кесенесінен басталып, Арынғазының қатысуымен бабалар басына салынған кесене, ескерткіштер саны бүгінде жиырмадан асыпты. Олардың басы Кіші жүздің биі Әйтекенің кесенесі болса, соңғысы өткен жылы ғана тұрғызылған Дербісәлі Беркінбаевтың Хромтау қаласындағы ескерткіші. Олар жайында менің Ақтөбеде тұрып жатқан інілерім жазар. Ол уақиғалардың барлығын олар менен гөрі жақсырақ біледі. Бүгінде тіпті әкелері мен аталарының бастарын қарайта алмай жүргендерді көріп, бұл ретте Арынғазы бауырымның жасап жүргені көпке үлгі боларлық ерлік дер едім. Әр қазақ осындай-ақ болса, деген арман ғой.
Арынғазының аты дүниежүзіне белгілі спортшы, спорт шебері, ел басқару жөніндегі үлгілі істері, белгілі кәсіпкер екені де бір басынан асып артылады. Ия, бұлардың барлығы айтуға оңай болғанымен, жеке адамдардың қолдарынан келе бермейтін елдік мәні бар қыруар іс. Бұл бұл ма, Арынғазы 1993 жылы Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Халық шаруашылығы академиясын, одан кейін Германияның басқару академиясын тәмәмдап, елге оралғаннан кейін қызмет еткен мекемелері де керемет. Арынғазы басқарған құрылыс мекемесі Астанадағы елшілер қалашығының құрылысын басынан бастап, салғаны да белгілі. Ол Хорватия елінің Қазақстандағы құрметті консулы қызметін де қатар атқарады. Ең соңғысы, тіпті кешегі тамыз айында Каспий жағалауы елдері президенттерінің бас қосуларына орай Ақтау қаласын адам танымастай абаттандырып жүргенде Арынғазы басқарған мекеме құрылысшылары. Бір реті келгенде, мен Арынғазыға осы айтылған тарихты толығымен түсіндіріп, сенің ата тегің сонау Базарбай, Төлеген, Сансызбай, Жібек анамыздан тарайды. Сен солардың ұрпағысың, сен ғана емес, сенің ағаң Орынғазы, інің Қайрат, Ойсылқара жерінен тарайтын барлық бескүректер Жібек анамыз бен Сансызбай, оның ұлы Төс батырдың тікелей ұрпақтарысыңдар, сендердің ата бабаларыңның ту тіккен жері Жайық жағасындағы Хан тауы мен Хан жайлауы, дегенімде, ол біраз ойланып отырып, аға, уақыт тауып мені сол жаққа бастап барыңызшы, деп өтініш жасап еді.
Міне, бүгін мен сол жолы берген уәдемді орындап, арасында Арынғазы Қалжанұлы Беркінбаев бар шағын топты басқарып, Ресейдің Челябі облысындағы Верхнеурал қаласына жол тарттық. Троицк қаласынан шыққаннан кейін тура жол емес, біраз адасып, айналма жолға түсіп кетіп, Пласт, Южноуральск қалалары арқылы жүріп, табиғаттың не бір көркін тамашаладық. Күз болса да, айнала тұнған көкорай шалғын, қалың орман, қатар-қатар өскен қайыңдар мен шоқ-шоқ қарағайлар! Тамаша! Осылардың бәріне ерекше бір қызғанышпен қарап отырған Арынғазыға мен: осының бәрі сенің бабаларыңның жері, деп қоямын. Ол, айналаға одан әрі қызыға қарайды. Аудан орталығына жеткенде бізді Верхнеурал ауданындағы қазақ қауымдастығының жетекшісі Алтыншаш пен оның жолдасы Мәжит Тасқарановтар қарсы алды. Бір кереметі, Арынғазы мен Мәжит тіпті бір атадан болып шықты. Біраз дем алып, түстен кейін Хан тауы мен Хан жайлауы қайдасың деп жолға шықтық. Алдымен қыр басындағы «Жағалбайлының жасыл бұлағына» барып, сонау дәуірде бабаларымыз дәм татқан бұлақтың суынан ішіп, шөлімізді бастық. Қасиетті бұлақтың басы бұрынғыдай емес. Ессіз жатқандықтан болар, маңайына Орыс Православие шіркеуінің белгілері көбейіп кетіпті. Бейне бір шіркеудің маңында жүргендейсің. Иесі болмаса, барлық жерге олар осылай иелік етері сөзсіз. Біраздан кейін бір таудың басында кәдімгі тасқа біткен қайыңдарды көріп тамашаладық. «Біздің қазақ осындай болуы керек қой, тіпті қара тасқа да тамырын тастай береді», дейді Арынғазы, мақтана. Одан кейін ертеректегі қорымға барып, онда жатқан бабаларымызға құран бағыштап, Хан тауына қарай бет бұрдық. Ескі жолмен оншақты шақырымдай жүріп, арнайы іздеп келген Хан тауына да жеттік-ау. Батыс жақтан келіп, таудың басына шыққанымызды да білмей қалдық. Тамаша! Тау онша биік болмаса да, айнала қырық-отыз шақырымдай жер алақанда жатқандай. Ол Хан жайлауы. Бірге келген азаматтардың барлығы бұл жердің табиғатының ерекшелігіне, алда жатқан көрініске таңқалып жатыр. Арынғазыны бабалары жайлаған тауының басына шығарып, оған құтты болсын, қайырымен берсін, деп қалың боп өскен шөпке бір аунаттық. Бірге келген жігіттер Хан тауын әр жағынан тамашалау үшін жан-жаққа тарап кетті. Арынғазы болса, бабаларға деген сағыныштан келген көз жасын бізге көрсетпейін деді ме, әйтеуір топтан бөлініп, таудың етегіне қарай, аяңдап кете барды. Мен болсам, тау басындағы зиратта жатқандар мен Хан тауына арнап, Құлындарың келді, ол Арынғазы Беркінбаев, қуат беріңдер! деп, үн қатып жатырмын.
Біраздан кейін, Хан тауының етегіне жиналғандар жарыса, әттең рұқсат болып, мына жерге біз бабаларымызға арнап ескерткіш белгісін қойсақ, қандай тамаша болар еді! – деп жатыр. Бұл енді болашақтың ісі болар. Жеті рудың, жалпы қазақ жігіттері аман болса, бұл күн де алыс емес шығар. Хан тауы басына қойылған ескерткіш талайды, мен мұндалап шақырар әлі. Хан тауынан түсіп, Верхнеуральск қаласына қарай бет алғанда, алдымыздан екі киік шығып, табиғаттың сұлулығын көрсеткендей алдымызда ойқастап жүріп, сәлден соң, бұлар кімдер дегендей, біраз қарап тұрды да, Жайыққа қарай жөңки жөнелді. Мұны біз жақсылыққа жорып, елге қарай бет алдық.
***

Бұл Төлегеннің інісі Сансызбай мен Жібек анамыздан тарайтын Төс батыр ұрпақтары жайлы ғана әңгіме. Тарихта Сансызбайдың екі ұлы болған Екіншісінің аты Тасбалта батыр. Бүгінде Қазақстанның бір бұрышында Тасбалтаның да ұрпақтары жүрген болар. Көздері ашық, көкіректері ояу азаматтар болса, редакция арқылы бізбен хабарласуларына болады.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.