Шамғали Сарыбаев – көрнекті ағартушы, кемел әдебиетші

  • 21.11.2018
  • 106 рет оқылды
  • 0

Бақтияр Сманов,ҚР ҰҒА академигі,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық еңбегінде тұжырымдалған ойлар мен тың идеялар өз еліміздің тыныс-тіршілігіне, қала берді бүкіл түбі бір түркі жұртының қоғамдық-саяси, рухани-мәдени өмірінде үлкен серпіліс туғызып отырғаны ақиқат шындық. Ондағы айтылған: «…Күллі ХХ ғасыр революциялық сілкіністерге толы болды. Бұл осы аумақтағы барша ұлттарға мейлінше әсер етіп, бүкіл болмысын өзгертті. Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алды, бұл – әркімнің өз еркіндегі шаруа… Бізге тарих туралы өздерінің суъбективті пайымдарын тықпалауға ешкімнің қақысы жоқ.
Өткен ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды», – деген тұжырымдары әрбір азаматты терең ойға қалдырары анық. Осы тұрғыдан алғанда «Рухани жаңғыру» идеясы еліміздегі талай-талай игілікті іс-шаралар мен межелі міндеттерді, мәдени-рухани саладағы келелі мәселелерді шешуге, төл тарихымызды түгендеуге ерекше ықпал ететіні айқын. Біз сөз еткелі отырған көрнекті ағартушы ғалым, ана тілін оқыту әдістемесінің негізін қалаушы майталман әдіскерлердің бірі, еліміздегі оқу-ағарту жұмысының белсенді ұйымдастырушысы, туған әдебиетіміз бен ұлттық мәдениетіміздің қалыптасуына айрықша үлес қосқан қайраткер-ұстаз Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған мерекелік шаралар да осы рухани жаңғыру бағытындағы жұмыстар санатынан деп айтуға болады. Маған бұл есім сонау 1970 жылдардың басынан таныс. Ол кезде мен Ташкенттің Бостандық ауданындағы № 27 М.Әуезов атындағы орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет ететінмін. Біздің мектепте «саяси қылмыскер», «халық жауы» атанып 1937-1938 жылдары Қиыр Шығыстың Магадан облысындағы Амур өзенінің Охот теңізіне құятын сағасында орналасқан Декастри деген жерде саяси тұтқындар лагерінде бірнеше жыл болған менің әкемнің досы – КСРО Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қалмақан Оспанов ағай қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Ол кісі қуғын-сүргінге айдаларда Ташкенттегі К.Маркс атындағы Өлкелік қазақ педагогикалық техникумы директорының оқу ісі бойынша орынбасары қызметінде болған екен. Жазушылық билетті орыстың әйгілі пролетариат жазушысы М.Горькийдің қолынан алыпты. Сол тұста, Қалекеңнің жасы жетпістерді алқымдап қалған кезі. Көпті көрген қарт ұстаз көңілі келгенде Түркістан Республикасының астанасы Ташкенттегі 1920-30 жылдардағы Алаш зиялылары жайлы, өзімен қызметтес болған замандастары туралы сырдан суыртпақтап әңгімелейтін. Өлеңдер жинағы 3-4 кітап болып басылып, ақын ретінде танылған Қалекең 1930 жылдардың басында Ташкентте «Әліппе», «Ана тілі» оқулықтары шыққанын, сол оқулықтарды аталған техникумның Шамғали Сарыбаев деген оқытушысы екеуі бірігіп жазғанын айтатын. Кейіннен Шамғали Харесұлының көп жылдар бойы Абай атындағы ҚазПИ-де ұстаздық еңбек еткенін, отбасы, балалары жайлы әңгіме ететін. Сосын, мен Алматыға қызметке ауысқанымда Шамғали Харесұлының үлкен ұлы ҰҒА академигі Шора ағамызбен кездесіп, үйінде болған әңгімелерде әкесінің ағартушылық-мұғалімдік қызметтері, әдебиет пен мәдениеттің өзекті мәселелеріне байланысты бірқатар еңбектері жарық көргенін, солардың қатарында біз жоғарыда атаған қарт ақын-ұстаз Қалмақан ағаймен бірге жазған «Ана тілі» (2-сынып), «Әліппе» («Екпінді күш», 1 сыныпқа арналған) оқулықтарын 1932 жылы 70 мың таралыммен Ташкенттен шығарғанын естіп білдім. Бұл кітаптарды академик ағаның жеке мұрағатынан көрдім. Осы айтылған жайларды Шамғали Харесұлының 1.09.1932-1.07.1934 жылдар арасында Қазпедтехникумда ана тілі мен әдебиеті оқытушысы қызметінде болғанын куәландырған 1935 жылдың 13 тамызында берген №197 санды анықтама да дәлелдейді. Анықтамадан техникум директоры В.Чиркиннің орнына оның орынбасары Қалмақан Оспанов ағай қол қойғанын аңғарамыз.
Шора ағайдың жеке мұрағатындағы деректерден тапқан тағы бір жаңалығым – менің әкемнің екінші бір досы – Сталин зобалаңының құрбаны болған, 1925-30 жылдарда Орта Азия мемлекеттік университетінде жұмысшылар факультетінің деканы қызметін атқарған Алашорда қайраткерлерінің бірі Ыбырайым Көтібаровқа Шамғали Харесұлының арнаған «Көтібаров Ыбырайым жолдасқа» атты 1933 жылғы 23 шілдеде жазған төрт шумақ өлеңі еді. Ол кісі жайлы білетінімді, әкемнің досы болғанын, Қалмақан Оспанов ағай да Ыбекеңді аузынан тастамайтынын айтқанымда Шора ағамыз таңданысын жасырмады. Сірә, маған дейін бұл өлеңді, оның кейіпкерін ешкім сұрамаса керек. Бұл өз алдына тарқатып айтар, ширатып жазар тақырыптар.
Ғалым адам емес пе, Шора Шамғалиұлы әкесінің қалдырған мұраларының барлығын қаттап, әрқайсысына картотека жасап жүйелепті, газет-журналдарда жарияланған мақалалардың, фотосуреттердің көшірмелерін арнайы жеке-жеке пәпкілерге салып мұқият жинақтапты. Сонда байқағаным – Шамғали Харесұлы еңбектерінің басым бөлігі – қазақ тілі мен оны оқыту әдістемесіне арналғандығы еді. Рас, әдістеме ғылымы әдіскер-ғалымнан мол педагогикалық еңбек тәжірибесі мен ұзақ ғылыми-зерттеушілік ізденісті, пән негіздерін жетік білуді қажет ететіні белгілі. Ұлағатты ұстаз, көрнекті әдіскер-ғалымның өмірдеректеріне назар аударсаңыз сол мол педагогтық-ағартушылық еңбектің игілікті көрінісін байқар едіңіз.
Майталман ұстаз 1893 жылы Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында дүниеге келіп, жас кезінен еңбекке ерте араласады. Алайда, тумысынан зерек болған бала Шамғали өз ауылында еңбек ете жүріп, ауыл мектебінде алғаш ескіше сауат ашады. Одан 1905-07 жылдары Жаңақаладағы татарша-орысша жетіжылдық мектепте жәдитше (жаңаша – Б.С.) бастауыш білім алады. Орыс тілінен кейіннен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы болған Сейітқали Меңдешев сабақ береді. Бұдан соң 1913 жылы Орынбордағы Ахметбай Құсайыновтың мұғалім-молдалар даярлайтын «Хұсайния» медресесіне оқуға түседі. Онда сол жылдары белгілі тілші ғалымдар Қ.Жұбанов, Ғ.Бегалиев, Қ.Басымов оқиды. Шамғали Харесұлы медреседе татар тілінде алған білімімен ғана шектеліп қоймай, көп ізденіп өздігінен білімін одан әрі жетілдіре түседі. Орыс тілі мен әдебиетін жетік меңгереді, татардың, шығыстың классикалық әдебиетіне, тарих, жаратылыстану ғылымдарына ден қояды. Араб тілі және оның грамматикасынан, мұсылманша діни сауатын толықтырып, 1916 жылы оқу орнын имтиязды (табысты – Б.С.) аяқтайды. Ал, 1916 жылы қиын жыл болғаны тарихтан белгілі. Ақ патшаның июнь жарлығына сай майданның қара жұмысына қазақ азаматтары алына бастады. Қазақ даласының әр жерінде наразылық толқулары, ұлт-азаттық көтерілістер шығып жатты. Патша үкіметі көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты адамдарды қатаң бақылауда ұстап, олардың мұғалімдік-ағартушылық қызметпен айналысуына мүмкіндік бермеді. Сондықтан, жас ұстазға өзінің кәсіби мамандығына сай жұмыс істеу қиынға түсті. Ол өзі туып-өскен Орал өңірінен мұғалімдік жұмыстың реті келмегендіктен Түркістанға жақын Ибата (Жаңа Иқан) деген жерде орыс тілінде білім беретін орыс-түземдік мектебіне үлкен қиындықпен орналасады. Жұмысқа тұрудағы өз басынан өткен қиындықтар жайлы ағартушы-ұстаз «Халық мұғалімі» журналының 1947 жылғы № 11 санында жарияланған «Кешегім мен бүгінім» атты естелік мақаласында: «…Ізтілеу (Жанғарин) мені Ташкенттегі Көкалташ медресесінде оқыған адам деп инспекторға қағаз жіберді. Ізтілеудің жәрдемімен Ибатада бастауыш мектепте 1916 жылдарда мұғалім болдым», – деп жазады. Бұдан соң, әйгілі Ақпан төңкерісі, елдегі қымбатшылық мектептің жабылуына әкеп соқты. Жас ұстаз мектеп меңгерушісі Ізтілеу Жанғариннің туған жері Қазалыға барып, кез келген жұмыс істеп, оған қосымша дәулетті адамдардың балаларын оқытумен айналысты. Онда Ғ.Мұратбаевпен жақын танысып, достасады. Ғанимен бірге сол өңірде жаңа кеңес өкіметінің орнауына белсене араласады.
1918 жылы Ташкентте Түркістан Республикасы ағартушыларының І-съезі болып, оған Шамғали Харесұлы Қазалыдан делегат ретінде қатысады. Түркнаркомпрос съезд делегаттарын Қазақстанның түкпір-түкпіріне оқу-ағарту жұмысын жүргізу, оны дұрыс жолға қою үшін арнайы тапсырмамен жібереді. Әдіскер-мұғалім Шымкент қаласындағы уездік оқу-ағарту комиссарына орынбасар, сосын комиссар қызметіне тағайындалады. Осы жылдан бастап Шамғали Харесұлының шынайы педагогтық, ағартушылық-ұйымдастырушылық қызметі басталады. Ол кезде жаңа қоғам үшін мұғалім мамандар ауадай қажет болатын. Сондықтан, ол бұл қызметке бел шешіп кірісіп кетіп, Шымкентте сол жылы жазда алғаш рет 9 айлық педагогикалық курс ашады. Әрі онда өзі қазақ тілінен сабақ береді. «…Қаражатымыз болмаса да жергілікті халық үшін бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлауды көздеп тоғыз айлық педагогикалық курс аштық. Ол курста оқитын адамдар бірден табыла қоймады. Сондықтан, ескі мектептен оқығандар мен орыс бастауыш мектебінде оқыған жастар тартылды. Курсты бітіргендер кейін бастауыш мектептерге мұғалім болды», – дейді ағартушы-ұстаз «Есте қалған күндер» аталатын естелік мақаласында («Қазақстан мұғалімі», 1957 жыл №10). Ол Шымкентте ағарту жұмысымен шектеліп қоймай Әскери-революциялық комитеттің алқа мүшесі ретінде жаңа қоғам орнату сияқты қоғамдық-саяси жұмыстарға да белсене араласады. Шымкенттен соң Ақтөбе майданында да саяси-ұйымдастыру жұмыстарына қатысып, кеңес өкіметін орнатуға ерекше үлес қосады. Содан, 1920 жылдың басында ғана өзінің мұғалімдік жұмысына қайта оралып, Ташкенттегі Қазақ халық-ағарту институтында сабақ береді. Ал, 1921 жылы Түркістан Республикасының Халық ағарту комиссариаты оны Алма-тыға облыстық қазақ-қырғыз халық ағарту институтын ұйымдастыруға жібереді. Ол тұста азамат соғысы мен ұлт-азаттық көтерілістерден тұралаған бұл облыстың да материалдық жағдайы мәз емес болатын. Соған қарамай, Жетісу облыстық партия комитетінің тікелей көмегі арқасында институтты ойдағыдай ұйымдастырып, онда 1923 жылдың соңына дейін әрі директор, әрі мұғалім болып еңбек етті. Мұны бүгінгі жұрттың көбі біле бермейді. Бұл туралы Шамғали Харесұлы 1925 жылы «Терме» журналының № 1 санында: «Мен 1921 жылы Ташкенттен Алматыға Қажым Басымовпен бірге қазақ-қырғыз инпросын (ағарту институтын – Б.С.) ұйымдастыруға келдім. Отанымыз басынан кешірген түрлі соғыстардың зардабынан ел шаруасы қатты күйзеліп, ішкі-тысқы соғыста неше түрлі ақбандыларды жеңіп шықсақ та, материалдық жағынан өте нашар болдық. Осындай қиыншылық заманда Жетісу обкомы (Жұбаныш Бәрібаев) мен облисполкомның (Ораз Жандосов) тікелей жәрдемінің арқасында елден азық-түлік жинап, Алматы қаласында Жетісу қазақ-қырғыздары үшін инпрос аштық. Бұл – өз алдына айтылатын ағарту майданындағы елеулі әңгімелердің бірі», – деп жазды.
1923 жылдың күзінде Түркістан Республикасының Халық ағарту комиссариаты Ш.Сарыбаевты Алматыдан Ташкентке қайта шақырып алып, Орта Азия Коммунистік университетіне қазақ тілі мұғалімі етіп тағайындайды. Онда ағартушы-ұстаз 1934 жылға дейін қызмет етеді. 1934 жылы денсаулығына байланысты Ташкенттен Алматыға келіп, 1937 жылға дейін Журналистика институтында, ал, 1939-1954 жылдары Абай атындағы ҚазПИ-де және С.М.Киров атындағы ҚазМУ-де мұғалім болып жұмыс істейді. Ол 40 жылға тарта ағартушылық-мұғалімдік қызметінде мыңдаған қазақ, орыс т.б. ұлт жастарын оқытып, тәрбиелеп шығарды. Бүгінде республиканың барлық мектептерінде дерлік ұлағатты ұстаздың алдынан өткен шәкірттері әлі де қызмет етіп келеді. Шамғали Харесұлы өз өмірінде барлық жағынан үлгілі ұстаз, ағарту ісінің шебер ұйымдастырушысы болды. Ол жоғары оқу орындарында сабақ беру барысында өзінің бойындағы әдіскерлік мүмкіндіктерін, мол тәжірибесін сарқа пайдаланды. Студенттердің педагогикалық практикасын да өзі басқарып, шәкірттерін таңдаған мамандығының қыры мен сырын жете меңгеруге, оларға ұстаздық ұлағатын сіңіре білуге күш салды. Ғалым-ағартушы, жоғарыда атағанымыздай, қазақ тіл білімі мен оны оқыту әдістемесіне мол үлес қосты. Ол 200-ге тарта ғылыми-әдістемелік еңбектер, мақалалар жазды. Қазақ тілін орыс мектептерінде оқыту әдістемесінен көлемді еңбек жазып, 1944 жылы кандидаттық диссертация қорғады. Доцент атанды. Бұларды зиялы қауым жақсы біледі деп ойлаймыз. Біздің айтпағымыз – ағартушылық қызметпен қоса Шамғали Харесұлының әдебиет саласындағы жұрт біле бермейтін еңбектері.
Әуелде Ш.Х.Сарыбаев әдебиет мәселелерімен шұғылданады. Бұған мысал ретінде 1919-1921 жылдары Ш.Х.Сарыбаевтың Жетісуға Ташкенттен белгілі фольклорист, ғалым-зерттеуші Әбубәкір Диваевтың арнайы тапсырмасымен бірнеше рет келгенін айтуға болады. Сол келгендерінде ол Жетісу ақындарының айтысына қатысқан, оны өзі ұйымдастырған. Ә.Диваевтың Ташкенттегі мұрағатында қазіргі күнге дейін Ш.Сарыбаевтың қолымен жазылған әдеби мұралар сақталған. Ғалымның сондағы ғылыми сапарының нәтижесі ретінде 1925 жылы «Терме» журналының № 1 санында «Қазақ әдебиеті және оны жинау жолдары» атты көлемді мақаласы жарық көрді. Мұнда ол тұңғыш рет жыр алыбы Жамбыл Жабаев жөніндегі алғашқы мәліметтерді, тың деректерді жариялап, баспадан шығарады. Ол содан кейін ақиық ақынның жинақтарында бас мақала түрінде берілді. Бұл жайлы 1958 жылы 7 ақпанда «Қазақ әдебиеті» газетінде шыққан «Жамбыл жайлы тұңғыш дерек» атты мақаласында: «…Алматыға қарасты Ұзынағаш деген жерде жүздеген үй тігіліп, Жетісу батырақтарының тойы болды. Ол тойға Жетісу облысындағы жергілікті халықтардың бәрі келді. Ат шаптырылды, бәйге берілді, күрес, түрлі ойындар болды. Тойда халық тым көп еді.
Жетісу обкомының бірінші секретары Жұбаныш Бәрібаев жолдас сол тойда мені шақырып алып, мыңдаған кедей-батырақ, орта шаруаларға ойын-сауық ұйымдастыруды тапсырды. Маған бұл тапсырманы орындау қапелімде қиын болды. Алайда, түрлі ұйымдардың берген кеңестері бойынша тәуекел деп істі бастадым. Жұбаныш Бәрібаев арқылы, облатком председателі Ораз Жандосов арқылы Жетісудағы жергілікті ұйымдардың көмегімен сол тойдағы ақындарды жинап, өлең айтқызып, домбыра тарттырмақшы болдым», – деп еске алады. Бұдан әрі мақалада тізімдегі 19 ақынның ішінде Жамбылдан жасы үлкені жоқ екенін, сол себепті Жәкең төрдің ең жоғары жерінен орын алғанын, ақындарды аралап жүріп, олар туралы дерек-мағлұматтар жинап алғанын жазады ағартушы-ғалым.
Шамғали Харесұлы балаларға арнап көптеген өлеңдер жазды. Олардың біразы оның «Сара мен Еркін» (1933), «Октябрь және балалар» деген атпен шыққан өлең кітаптарынан, өзінің жазған оқулықтарынан орын алды. Сонымен бірге қаламгер-ұстаз аудармамен де шұғылданып, 1933 жылы Н.К.Крупскаяның «Менің өмірім» атты кітабын қазақ тілінде сөйлетті. Ол «Үлкендер үшін әліппе» (Ташкент, 1921), «Пионер» (Бірінші басқыш мектепке арналған әліппе, Ташкент, 1931), «Екпінді күш» (1 класс үшін әліппе кітабы, Ташкент, 1932; Қ.Оспановпен бірге жазған), «Газет істері» (Ташкент, 1934), «Ана тілі» (Бастауыш политехника мектептерінің ІІІ-IV кластары үшін, Ташкент, 1933) сынды оқу кітаптарын жазды. «Айша» атты роман жазып жүріп, оны аяқтай алмағанына өзі өкініш білдіреді.
Әдеби процестің даму мәселелері шығармашыл-әдіскер ұстаздың үнемі басты назарында болып, оған өзінің тұшымды ой-пікірлерін, ұсыныстарын білдіріп отырды. Айталық, ұлттық әдебиетіміздің жай-күйіне байланысты 1935 жылдың 31 қаңтарында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Балалар әдебиеті, оның ерекшеліктері» атты мақаласы мен Қазақстан жазушыларының жиынында сөйлеген сөзі «Сапалы әдебиет беріңдер» деген атпен «Қазақ әдебиеті» газетінде 1935 жылдың 14 ақпанында жарияланып, ақын-жазушылар мен зиялы қауымның ерекше назарын аударды: «…Бейімбеттің тілімен жазылған сөздер бұқараға қонымды-ақ. Ілиястың фельетондары орасан жұғымды. Жаңа мазмұнды әзіл-оспақ болса қандай жақсы болар еді… Шіркін Бейімбеттің тілімен жазылған қысқа әңгімелер, Ілиястың фельетоны көбірек болар ма еді? Жеңіл-желпі бағамен соларды кішкене көлеммен қайта бастырып таратар ма еді? Жұмыстан қайтқанда бабына салып оқып беріп, қалқозшылардың құлақ құрышын қандырар ма еді; езуін құлағына жеткізе отырып тәрбиелер ме еді…,» – дейді ол қаламгер қауымға арнап сөйлеген сөзінде.
Шамғали Харесұлының ана тіліміз бен туған әдебиетімізге қосқан үлесі жайлы әңгімелегенде оның «ұлтшыл» атанып қудалауға ұшырағанын айтпай кетуге болмайды. 1937 жылдың 28 қазанында «Қазақ әдебиеті» газетінің № 43 санында «Ұлтшыл фашистердің асырандысы» атты мақала жарық көреді. Авторы – Қанапия деген азамат. Онда, ол Алматыдағы Марксизм-Ленинизм институты мен Журналистика институтында Шамғали Харесұлы Сарыбаев қазақ тілінен сабақ беретінін, ол өзі баяғы «Ғалия» медресесін оқып шыққан молда екенін, 1921 жылы Жетісу губерниясында Казинпростың директоры болғанын, оны бұл қызметке тағайындаған Алашорда лидерлері Байтұрсынов, Дулатов екенін, Ш.Сарыбаев Алашорданың сенімді адамының бірі болып есептелетінін тізбелеп жазады. Одан әрі Алашорданың тас-талқаны шыққан кезде Сарыбаев Қазақстаннан қашып кеткені, қайда болғаны белгісіз, «ұлтшыл», «фашист» қазақ халқының қаніпезер дұшпаны Жүргенов Өзбекстаннан Қазақстанға келгенде сол Сарыбаевты «Құрметті қызметкер» етіп өзімен бірге ертіп келіп, өте тәжірибелі мұғалім ретінде оны Қазақстан Журналистика институтына орналастырғанын айтады. Сонан мақала авторы Ш.Сарыбаевтың оқыту әдістерін баяндайды: «…Ол қазақ тілінен бастап сабақ бергеннен-ақ халық жаулары Құлымбетов, Жүргенов, Сейфуллин, Майлиндерді дәріптеп, мадақтай кірісті. Қазақ тілінен жат жазу (диктант – Б.С.) бола қалса Сарыбаевтың жаздыратыны сұмырай Сейфуллиннің, Майлиннің, Жансүгіровтің сөздері болып келеді»,– дейді. Мақала соңында автор: «… Сарыбаев мұғалім ғана емес, ол өзінше әрі ақын, әрі жазушы. Бірақ, оның жазған шығармалары басынан-аяғына дейін контрреволюция екені даусыз… Сарыбаев жөнінде КИЖ студенттері талай рет мәселе көтерген болатын. Бірақ, осы уақытқа дейін тиісті нәтиже шықпай жатыр. Ұлтшыл фашистердің асырандысы Сарыбаев алшаңдап басып, КИМЛ мен КИЖ-де әлі оқытушы болып жүріп жатыр. КИМЛ мен КИЖ-інің студенттері Сарыбаевтың тез аласталуын тиісті орындардан қатты талап етеді», – деп аяқтайды. Міне, бұл – оқыған, көзі ашық зиялы азаматтарды «жаптым-жала, жақтым күйе» амалымен ашықтан-ашық қудалаудың, оны оп-оңай «халық жауына», «саяси қылмыскерге» айналдырудың дәстүрлі жолдарының бірі болатын. Өйткені, мұндағы аталып отырған Уфадағы «Ғалия» медресесінде жас ұстаз Шамғали Харесұлы оқымаған, оның білім алған жері – Орынбор қаласы да, оқыған оқу орны – сондағы мұғалімдер даярлайтын, татарша-орысша білім беретін «Хұсайния» медресесі еді. Аталған мақаладағы аты-жөндері қара күйе жағылып аталған Алаш қайраткерлерінің бәрі де осындай үйреншікті әдіспен, өтірік жаламен жауапқа тартылған. Атылған, қуғын-сүргінге ұшыраған, итжеккенге айдалған. Бір таңғалатыны – Шамғали Харесұлы осындай ізіне шам алып түскен қудалаудан, басына төнген бәле-жаладан, үлкен қауіп-қатерлердің бәрінен аман қалған. Қайта керісінше, одан соң да көп жыл бойы өз Отанына, туған халқына барынша адал қызмет еткен. Оның қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағасын алып, өнегелі ұстаз «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. «Қазақ КСР-інің мектептеріне еңбегі сіңген мұғалім» деген құрметті атаққа ие болған. Еңбегінің зейнетін көрген.
Түйіндей айтқанда, қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның кеңестік кезеңіндегі алғашқы қырық жылдағы табыстары жайлы айтқанда халықтың сауатын ашуда, елімізге жоғары білімді мұғалім мамандар даярлауда ерекше үлес қосқан белсенді ағартушы, шебер ұйымдастырушы, қайраткер-ұстаз Ш.Х.Сарыбаевтың қастерлі есімі ілтипатпен аталады.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.