Бейімбет Майлин шығармашылығын оқыту әдістері: журналистика мамандығының академиялық мансабын арттыру мәселелері

  • 21.11.2018
  • 73 рет оқылды
  • 0

Сәкен – елдің сәні, Ілияс – қазақ жырының құлагері, Биаға қазақ әңгімесінің төбе биі болған үш тұлғаның тағдырларында ортақ сипат болғанымен, шығармашылықтары санқилы.
Бүгінгі айтылар әңгіме журналист, жазушы, ақын, драматург Б. Майлиннің шығармашылығын Жоғары оқу орындарында, соның ішінде журналистика факультеті студенттерінің санасына сіңдіру, қарапайым тілмен ұғындыру, неге тек журналистика факультетінің студент-теріне десеңіз, біз Б. Майлиннің тек очерк, фельетон жанрына қалам тербеген сан-алуан очерктеріне, фельетондарына тоқталамыз.
Ұлы ұстаз Т. Қожакеев сияқты қазақ тілінде очерк жанрына сипаттаманы дәл бере білген ғалымдар санаулы-ақ, мәселен, ол – очерк жанрының басты объектісі адам деген, адамның кеше қандай еді, бүгін қандай, идеялық, саяси, рухани, мәдени жағынан ол қалай жетіліп келеді, өмір салтында, патриоттық рухы, азаматтық-ар ожданы мен адамгершілік қасиеттерінде нендей өзгерістер бар – очерк осы сұрақтарға жауап беру ниетімен жазылады. Осы үшін де Горький очеркті адамтану жанры деген[1].
Б. Майлиннің очерктеріне негіз болатын да адам бейнесі, образы, төмендегі пайымдауларды студенттерге қарапайым тілмен жеткізу әр журналистика факультетінің оқыту-шысына ғибрат боларына сенімдімін.
Б. Майлиннің қазақ әдебиетіндегі орны, ұстаздық өнегесі жайлы қозғалар әңгімеге академик, жазушы Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ жазушылары Бейімбеттің етегіне оранып өстік» деген сөзін келтіре кетсек, әрі орынды, әрі алып қосары жоқ толымды ой болар еді. Би ағаның шеберлігі, стилі, еңбекқорлығы көп жазушыларға үлгі болды. М. Дулатұлы, Ж. Аймауытовтар салған қазақ прозасы атты соқпақты даңғыл қара жолға айналдыруға қосқан Биағаның үлесі мол.
Қарапайым мінезі, адалдығы мен ізеттілігі оқырман қауымға ғана емес, сөз зергерлері – жазушылар арасында да үлкен беделге, құрметке ие болған. Биаға сол қасиетін жазушылық өнерге де түсірді. Сондықтан, оның қаламынан шыққан әрбір туынды оқырман қауымға тез тарап жатты. Себебі, 20-30 жылдардағы қазақ мінезі Бейімбет мінезімен үйлесетін, яғни жазушы мен халық мінезі бір болатын.
Халық Б. Майлин шығармаларынан өзін танығандай, айнаға қарап көргендей болды. Айнаны қолына алғаш рет ұстаған адам соған қайта-қайта қарауға қалай құмар болса, Бейімбеттің шығармасының қолдан қолға тимеуі да осындай құбылыс еді. 1937 жылы Бейімбет «халық жауы» болып ұсталғанда, Ғабит Мүсіреповтың: «Бейімбет халық жауы болса, мен де жаумын» деген сөзі өз басының ерлігі ғана емес, Бейімбет мінездес халықтың атынан айтылған шарасыздықтан шыққан, заманға айтқан лағінеті еді.
Бейімбетті «халық жауы» деп тану – сол халықтың өзін тұтас жау деп санау. Ғабең осыны түсініп, ашына айтқан. Соры мен бағы қатар жарысқан тарих деген ұлы көште түрлі-түрлі сұмдық та болады екен… Тұтас халық жау болып аштан қырылып, елдің қамын, халық тағдырын ойлаған азаматтар сол халыққа жау болады екен… Кімді кіналаймыз? Сырттан келген саясатты ма, әлде жеке тұлғаларды ма, болмаса заманды ма? Саясатты кінәлі десек, оны жасайтын жеке тұлғалар емес пе?! Ал, заман бәрімізге қадым заманынан ортақ емес пе еді? Олай болса мұның түйіні, шешімі не? Бәлкім, Абай толғанысындағы мына бір шумақ осы сұрақтарға жобалап болса да жауап берер:
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек.
Заман бәріне ортақ. Ол әр адамды өз шырмауына алып, шылауына орап сүйрейді.Сол заманның ұлдарын тудырады. Солардың бірі адамгершілігі, ақыл-парасаты мен қажырлы еңбегі, адал іс, қарқынды іскерлігімен заманды ырыққа алып билейді. Екіншісі заман дегеніне еріп, соның бабын, осал тұсын табу үшін жағынып күйлейді. Ондай адамдарды замана иле, иін қандырып, өз дегенін істетеді.
Бейімбет Майлин өз кезінде очеркті көп жазды. Біздің сөз ететініміз – журналистің 1934 жылы жарыққа шыққан «Алыптарды аралағанда» деген жинағына кірген очерктері мен «Социалистік Қазақстан» газетінде 1935-1936 жылдар арасында басылып шыққан очерктері.
Журналист бұл очерктерінде Шымкент қаласының шетінен бастап темір жолдың бойымен шығандап созылып кететін бұрыңғы жалпақ далаға қазір күмбездері көкке бойлаған, «қабат-қабат үйлері бар, сәулетті қала орнай бастағанын, түйе мойын трубалары» сорайған алып завод құрылысын, ондағы қайнаған еңбекті, отпен ойнап, темірді талдай иген еңбек адамдарын, олардың еңбекке деген жаңа көзқарасын көрсетеді. Бұрын «…тау-ды құлатып, тасын сүйреп тастап, астындағы қазынасын аламын» десең сенің ақылыңның дұрыстығына шек келтіріп, күлетін қыр қазақтарының бүгін Қоңыраттың тауын құлатып, тасын сүйретіп тастап, қазынасын халық игілігіне жұмсау мақсатына жұмылып жатқанын бейнелейді. Кеше «құс ұшпас, құлан жетпес» дегендей «құлаған, мүжілген» үш-төрт үйден басқа тіршілік бейнесі сезілмей, тылсым басқандай сазарған Қарағанды белесіндегі бүгінгі қайнаған өмірді суреттейді. Жазушы «Алақанның аумағындай жерді ай жүріп тарыққан» кешегі шаруаның бүгін «болат құсқа» – самолетке отырып, аспан әлемін құсша шарлауын, кеше ауылда «ақ жаулық, қос етек көйлек» киюді арман еткен қазақ әйелінің бүгін қоғамдық өмірге, әлеуметтік іске араласып жүрген еңбек адамы болғанын оқушының көз алдынан өткізеді.
Бейімбет Майлин очерктерін түрі жағынан: жол жөнекей очерк («Қорғасын заводында», «Қарағанды», «Болат құстың кеудесінде», «Екін-ші күн» т.б.), очерк-портрет («Боранбай-дың алғашқы адымы», «Мағауияның маңында», «Қайла қайралды» т.б.), публицистикалық очерк («Ленин шәкірті», «Келіннің кеңсесі», «Бақыт» т.б.) деп үшке бөлуге болады.
Бұлардың ішінде сан жағынан басымырағы – очерк-портрет түрі. Очерктің бұл түрі арқылы журналист жеке адамдардың азат еңбек үлгісін көрсетіп, жеке образдар жасап қана қоймай, бүтін бір коллективті алып, олардың елімізде социализм құру жолындағы қажырлы еңбегін көпке үлгі ретінде көрсетеді. Әдебиеттегі басқа да шағын жанрлар сияқты, газеттік очерктердің өзіндік композициясы, экспозициясы, шиеленісі, кульминациясы, шешімі болады. Сондай-ақ, очеркте де шегініс болады, тіпті, оның шегіністен басталатыны да кездеседі. Егер очеркте осылар дұрыс шешілетін болса, онда ондай очеркті жақсы дейміз. Құрылысы жағынан Майлин очерктері осы талапқа сай жазылған.
Жазушының немесе журналистің стилі жайын сөз еткенде ең алдымен көңілде тұратын нәрсе – оның өзіне тән сөз мәнері қандай, белгілі бір құбылыстар мен оқиғаларды көркем етіп суреттеп беру өнері қандай деген мәселелер. Сонымен қатар, стиль –адамның қоғамдағы күйін, әлеуметтік қалпын, көзқарасын танытатын өлшеу. Жазушы немесе журналист белгілі бір жайды суреттеп не баяндап, өзінің сөз өнерін көрсеткенде, сол жайға өз қатынасын, өз көзқарасын да аңғартып отырады.
Майлин очерктерінің стиліне келсек, журналист ең алдымен жанрлық ерекшелігі тұрғысынан очеркке қойылатын талаптарды сақтап отырады. Бейімбет очеркінің композициялық желісі еркін, жатық, көңілге қонымды келеді. Жасанды, шытырман құбылыс-бұрылыстары жоқ, болған істі сол қалпында, нақты, шын, әрі көркем етіп береді. Сондықтан да, оның очерктері тартымды, бастасаң бас көтертпейтін болып келеді.
Бейімбет стиліндегі көзге түсерлік жайдың бірі – ол очерктерінде лирика-лық шегіністі орынды пайдалана біледі. Автор шегініс арқылы очерктің өрісін үнемі кеңейтіп, оқиғаның немесе кейіпкерінің өткендегі бір жайларын қазіргі күйімен байланыстыра баяндап отырады. Бұл журналистің «Боранбайдың алғашқы қадамы», «Бәстескенде байқалды» сияқты очерктерінен айқын көрінеді.
Қазіргі жазылып жүрген очерктеріміз көбіне біржақты мақтауға құрылады. Ал, Бейімбеттегі ерекше қасиет – өмірді бояп-сырлап, бержағын жылтыратып, ішін қалтыратып көрсетпейді, кемшілігін де, кемістігін де дәл, шынайы көрсетеді. Жетістігіне өзінің сүйсінгенін білдірсе, кемістігін аямай сынайды.
Бейімбет очерктері – бір сөзбен айтқанда сәтті шыққан, бағалы еңбектер. Бұның сыры – журналистің өмірді көп біліп, көп танығандығында, көрген-білгенін қорытып, түйіп, өмір тәжрибесін орнымен пайдалана білгендігінде. Сөйтіп, Бейімбет очерктері әдебиетіміздің очерк жанры жөніндегі қорына қосылған үлкен үлес болса, жас очеркист-журналистерді тәрбиелеуде баға жетпес үлгі.
Публицистиканы көптеген жылдар бойы зерттеп жүрген ғалымдар Е.П. Прохоров, М.С. Черепахов, В. Ученова, В.И. Здоровега, тағы басқалары фельетон көркем публицистикалық жанр екендігін өздерінің зерттеу еңбектерінде теориялық, практикалық жағынан да жан-жақты дәлелдейді.
Публицистиканың жанры болған-дықтан, фельетон да көбіне көп, нақты объектіге, нақты фактілерге сүйенеді, документализм заңдылығы жетекші роль атқарады. Сөйтіп, фельетонды жанрлық жағынан анықтасақ, бұл публицистикаға тән барлық сипаттарға толық жауап береді. Біз өзіміздің бұл пікірімізді бұдан дәл отыз алты жыл бұрын айтылған Михайл Кольцовтың мына бір тамаша пікірімен тағы да нығайта түссек дейміз: «Фельетон очерк түрінде де, жол-жөнекей корреспонденция түрінде де берілуі мүмкін (Демьян Бедный). Бірақ бұл ең алдымен публицистикалық жанр»[2].
Майлиннің фельетонды бастауда да өзіндік әдіс-тәсілі бар. Ол фельетондарын бірде ертеде ауыл өмірінде болған бір аналогиялық фактымен салыстыру арқылы бастаса, кей сәтте оқиғаның бір қызықты жерінен алып кетеді. Немесе өз басынан өткен бір жайды алып, соны баяндау арқылы бастайды. Мысалы оның «Жала батыры» деген фельетоны былай басталады: «Октябрьдің бірі күні Желектің базары қызып жатқанда Жорабек Есенұлы мен Мірімбет Тәжбенұлының арасындағы кикілжің де қыза бастайды». Немесе «Тірі өгіз терісі төрт жарым сом» деген фельетоны: «Орта жасқа келген бір әйел кіші қайнысын ауылнай болып сайланады деп естігенде:
– Келін ау, «төрежан» ауылнай болыпты дегенге қорқып отырмын. Бұрын ондай-мұндайға жұмсап, ұрса беруші едім, енді өзі ауылнай болған соң соны кек қылып өзіме тап беріп жүрмесе игі еді?! – деген екен» деп басталады. Бұл мысалдардан Майлин фельетондарының адамды бірден бау-рап алатын тартымды, қызықты болып басталатынын көреміз. Бейімбет фельетондарының өлеңнен, диалогтан, мақал-мәтелден де басталатыны бар. Фельетонды осылайша әртүрлі етіп, тартымды етіп бастау – фельетонистің шеберлік тәсілінің бір түрі.
Автор фельетонын осылай бастап алғаннан кейін, белгілі сюжет, картина беріп, негізгі фактының өзін баяндауға немесе суреттеуге көшеді. Бұл тұста ол түрлі көріктеу құралдарын, сатиралық, юморлық элементтерді молынан пайдаланады.
Майлин фельетондарының аяқ-талуына да үлкен мән береді, түрліше етіп аяқтайды. Бірде кейіпкердің сөзімен, диалогпен аяқтаса, бірде өз сөзімен аяқтайды. Енді, бірде сөз түйіні осы болар дегендей қылып, жұмбақтап мысқылмен түйіп, кейде мақал-мәтелдермен де бітіріп отырады. Бейімбет кейбір фельетонын бас-тан аяқ диалогқа құрып жазған, мысалы «Қонақ асы» деген фельетон. Ал кейбірін, «Ел зорлап сайлапты», «Таз қарманса бит табар», «Тап өзі» біреуге ауызша әңгімелеп айту тәсілімен жазған. Мұны біз автордың стильдік ерекшелігінің бір түрі деп қараймыз. Сонымен қатар, бұл оның фельетон жазуда, оны тартымды, әсерлі етіп беруде көп ізденіп, көп еңбек еткенін көрсетеді.
Жазушы болсын, журналист болсын, суреткер адамға қойылатын қилы-қилы талаптар бар. Сондай талаптың бірі – автордың байқағыш, аңғарымпаз, сезімтал болуы. Бұл, әсіресе, фельетон жанрында қалам ұстаған болашақ журналистерге өте қажет. Ал, Бейімбет жайын азды-көпті зерттеп, оның творчествосымен танысқандығы біздің топшылап, түйген нәрсеміз жазушыға осы байқағыштық, аңғарымпаздық мейлінше тән. Бұл оның өз айналасына көңіл қоя, көз сала жүргендігінің нәтижесі. Демек, Бейімбет көргенін көңіліне түйе білген адам. Ол өзі осындай сергек болғандықтан да, өмірдің байқаусыз, елеусіз көріністерін көре білді, сәл нәрсені іліп ала білді. Көзге қораш «ұсақ» фактілердің өзінен үлкен мәселе тудырады. Оның фельетондарының ұтымды, әсерлі болып келуі де осыдан[3].
Бейімбет фельетондарында қазақ-тың мақал-мәтелдерін көп қолданады. Бірақ оларды орынды-орынсыз тықпалай бермей, фельетонның көркемдік дәрежесін арттыру, ойды айқындай түсу мақсатында, іс-әрекетке, пікірге үйлесімді етіп шебер пайдалану керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қожакеев Т. Жас тілшілер серігі. -Алматы, 2014 ж.-343б.
2.Амандосов Т. Совет журналистикасының теориясы мен практикасы.-Алматы, 1974 ж.-272 б.
3.Әбдірахманова Т. Бейімбет Майлин – журналист. «Түркістан» газеті. – 2011. – №9.

Ә.Әлім, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультеті, аға оқытушы,
А.Құрманбаева әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультеті, ф. ғ.к., доцент

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.