Мәдениетіміз бен өнеріміз әлемге кеңінен танылып жатыр

  • 18.10.2018
  • 650 рет оқылды
  • 0

Аида БАЛАЕВА,
ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі
саясат бөлімінің меңгерушісі

Қазақ жазушылары мен музыканттарын шетелде таныту, «Рухани жаңғы­рудың» жаңа кезеңдері, ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру туралы ҚазАқпарат тілшісіне Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева айтып берді. 

– Aида Ғалымқызы, осыдан біраз бұрын сіз Франция, Ұлыбритания мен Испания елде­рінде болып, сол жақта­ғы белді баспалардың басшыларымен кездесіп, отан­дық автор­­­лардың кітабын шы­ға­ру­ға келісіп келдіңіз. Қол жеткі­зіл­ген келісім туралы то­­лы­ғырақ айтып бере аласыз ба?
– «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» тобының жұмыс нәтижесі жайлы қысқаша айта кетейін. Қазіргі таңда жүйелі түрде біздің әдебиеттің, музыка мен суретшіліктің, хореография, кино мен театрдың жетістіктерін шетелде насихаттау жұмысы жүргізіліп жатыр. Әрбір бағыт бойынша нақты нәтиже бар. Тарқата айтқанда, «Әдебиет» бағыты бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасымен БҰҰ-ның алты тіліне аудару үшін отандық авторлар туындыларының іріктеуін жүр­гіздік. Жұмыстың әу басында авторлар мен туындылардың көп екенін ескере отырып, белгілі жазушылармен, сыншылар және әдебиетшілермен ақылдаса келе, біз «Қазіргі қазақстандық әдебиеттің антологиясы» түрінде проза мен поэзия жанры бойынша аударма жасауды жөн деп таптық. Жобаны тиімді әрі толығымен жүзеге асыру үшін келіссөздер жүргізіп, әлемдегі жетекші бас­палар және аударма үйлерімен ынтымақтастық туралы келі­сімге келдік. Стратегиялық әріптестеріміздің ішінде «Бри­тан кеңесі» мен Кембридж уни­вер­ситеті, Испания Мәдениет министрлігі мен «Сервантес институты», Франциядағы Мишель Де Мол Ұлттық кітап және баспа орталығы бар. Жуық арада Ресейдегі, Қытай мен Араб Әмірліктеріндегі әріптестерімізбен дәл осындай келісім­дерге қол қойылады. Жоба аясында аударылған кітап­тарды аталмыш төрт елде ғана емес, аударма тілі қолданылатын басқа жақтарда да тарату бойын­ша ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын айта кету керек. Мә­селен, француз тіліндегі оқушы аудиторияның өзі әртүрлі есеп­терді алып қарағанда 220 миллион адамға дейін жетеді. Ал, испан тілінде сөйлейтіндердің саны тіпті 600 миллионға дейін барады. Аударылған кітаптардың таратылуы коммерциялық не­гізде де, ғылыми-зерттеу орта­ла­рында да жүзеге асырылады. Сондықтан, кең ауқымдағы оқырман аудито­рияны тартуды көздеген жобаның келешегі зор.
– Қазақ тіліндегі әдеби кітап­тардың әлемнің басқа тіл­деріне аудару жұмысы қалай жүргізіледі? Осынау маңызды жұмысты атқара аларлықтай білікті мамандар бар ма?
– Әдеби аударма – күр­­­делі шығар­машылық процесс. Қажетті аудар­машы­лық база бізде құрылып та қойған. Біздің халықаралық жобаның көзқарасы бойынша Ұлттық аударма бю­росының міндеті – сапалы жол­ма-жол аудар­маны дайын­дау. Соның негізінде біздің әріптес­тер әдеби мәтіндерді әзірлейді. Бұл ретте біз туындыларды тек мем­лекеттік тілден аударатыны­мызды айта кеткім келеді. Шығармашылық ерекшелікті дәлме-дәл оқырманға жеткізе білу мақсатында біз авторларымыз бен шетелдік аудар­машылардың, баспагерлердің кездесуін ұйым­дастырғалы отырмыз. Бұл өз кезегінде мәдени диалогті бір жолға қойып, шет мемлекеттер­мен мәдени байланысты ны­ғайтуға жол ашады.
– Кітаптарды әлемдік тіл­дерге аударудан басқа «Қа­зіргі қазақстандық мәдениетті шетелде насихаттау» аясында тағы қандай жобалар қолға алынғалы жатыр?
– Жүзеге асырылып жатқан бағыттардың әрбірі бойынша бізде нақты нәтиже бар. То­лы­ғырақ айтар болсақ, көркем­өнер саласында Мәдениет және спорт министрлігі желісі бойын­ша Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің, Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының шетелдік экспозициялық жобаларын жүзеге асыру жұмысы жалғасын табатын болады. Жыл басынан бері «Алтын адамның әлем музейлеріне сапары», «Еуразия көшпенділері», «Азия мен Еуропаның тоғысында» атты көшпелі көрмелер АҚШ, Ұлы­британия, Қытай, Бела­русь, Әзербайжан мен өзге де мем­лекеттердің жетекші алаң­да­рында болып өтті. Бұл ретте аймақтық музейлер жұмысының белсенділігін ерекше атап өту керек. Олар өздерінің ең үздік қорын ел іші мен шетелдердегі көрме үшін дайындап отырады. Музей экспонаттарын цифрландыру жұмысы да жалғасуда. Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайымен 14 мың дана, ал, 3D моделі бойынша 100 дана мүсін цифрландырылды. Орталық мемлекеттік музей қорында сақтауда тұрған­дардың саны 40 мың данаға жетеді. Цифрландыру тұр­ғы­сы­нан аймақтарда да жұ­мыс жүргі­зіліп жатыр. Тарқата айт­қан­да, Қостанай, Ақтөбе, Атырау және өзге де облыстарда музей қор­ларының 20 пайызы цифрландырылып қойған. Дәстүрлі және классикалық му­зыка бағыты бойынша шығармашылық ұжым­дардың гастрольдік жұмысы да жалғасын табуда. Италия, Ресей, Ұлыбритания елдерінде аймақ­тық театрлар өнерін көрсетті. «I am a singer Қазақстан» халық­ара­лық тележобасының екінші ма­усымы басталып кетті. Астана мен Алматы қалаларында дәстүр­лі түрде әлемнің 15 елінің қаты­суымен «Астана дауысы», «Star of Asia» атты музыкалық фести­валь­дары ұйымдастырылды. Театр өнерінің жетістіктерін әрі қарай жалғастыру үшін «Қыз Жібек», «Біржан – Сара» ұлттық опе­раларын Ресей, Италия, Франция, Түркия, Қытай, Жапо­ния, Корея Республикасы, Гру­зия мен өзге де мемлекеттерде қою жос­парланған. Кино өнері саласындағы айтулы оқиға ретінде 71-ші Канн фестивалінде қазақстандық павильонның ашылуын айта кетуге болады. 2018 жылдың басынан бері қазақ­стандық 18 фильм 14 халық­ара­лық кинофестивальға қатыс­ты. 11 жүлдеге қол жеткі­зілді. Осы жылдың маусым айында Италияда және Эстонияда Қазақ­стан кинолары күні болып өтті. Жылдың соңына дейін дәл осындай айтулы шараларды Таиланд Корольдігінде, Чехияда, Словакияда, Румыния мен өзге де мемлекеттерде өткізу көзделген. Жалпы мәдениет пен өнердің барлық бағыты бойынша біздің мемлекет өзін әлемнің жетекші алаңдарында кеңінен танытты. Біздің стратегиялық мақсат – жаһандық мәдени кеңістікке интеграциялану.
– Сіз «Жаһандық әлемге қа­зіргі қазақстандық мәде­­ни­­етті насихаттау» бағыты­­ның ку­раторысыз. Шығар­машы­лық адамына, жазушы немесе музы­кантқа, суретшіге атал­мыш бағытта еңбегін таныту үшін не істеуі керек? Өнер адам­дары өздерін қалай көрсете алады?
– Қазіргі қазақстандық мә­дениет туралы айтып отыр­ған­­дықтан, біздің басты мін­дет­тердің бірі – Тәуелсіздік же­тіс­тігін таныта отырып, ел ішін­дегі таланттарды қолдау. Шы­ғармашылық бірлестіктермен жүргізілетін барлық жұмыс өнер өкілдері өздері қойған нақты талаптардың негізінде әзірленеді. Міне, сондықтан, жобаға кез келген шығармашылық ада­мы­ның қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл тек сәттік емес, ұзақ мер­зімді процесс екенін айта кетсем деймін. Мемлекет басшысы тапсырмасының арқасында мә­дениет пен өнердің өкілдері өз өнерлерін әлемдік деңгейге шығаруға мүмкіндік алып отыр.
– Осы жылдың ақпан айын­да сіз өңірлердегі жас жазушыларды жігерлендіруді мақсат тұтқан «Әдеби белдеу» жобасының басталғанын жария еттіңіз. Қазіргі уақытта ол жоба қалай жүзеге асырылып жатыр?
– «Әдеби белдеу» ел өңірлері туралы түрлі мәліметтерді жүйе­леп, аймақтың ерекшелігін көрсетіп жүрген, тарихи өзге­шелігін жыр еткен дарынды әрі талапты жазушыларды бірік­тіруді мақсат тұтады. Бүгінгі таңда елуге тарта замандас жазушылардан құрылған көшпелі топ жасақталды. Олар еліміздің әртүрлі аймақтарына бағыт алатын болады. Жергілікті әдеби бірлестіктермен бірлесе отырып, жазушылар аймақ­тардағы тарихи фактілерді, киелі географияны және өңірдің өзге де бірегей ерекшеліктерін зерттейді. «Әдеби белдеу» еліміздің мәдени астанасы  Алматыдан бастау алып, жыл соңына дейін еліміздің барлық облысын қамтиды. Авторлардың еңбектері «Туған жер» энциклопедиясында жинақталады. Бұл өз кезегінде атқарылған жұмысты жүйелендіруге мүмкіндік береді.
– Сіз, сонымен бірге, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобалық кеңсесіне жетекшілік етесіз. Қазіргі таңда аталмыш құрылым қандай жұмыстарды атқарып жатыр? Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүргізу бағытында қандай да бір жетістіктер туралы не айтар едіңіз?
– Жобалық кеңсе – «Рухани жаң­ғыру» бағдар­ламасының негізгі үйлестірушісі. Жобалық әдіс барлық аймақтар мен мүд­делі мемлекеттік органдардың жұмысына нақты алгоритм беруге жол ашты. Бүгінгі таңда Қоғамдық даму министрлігі қызметінің ауқымы кеңейіп бара жатқанына байланысты кеңсе белсенді трансформациядан өтіп жатыр. Біздің жұмыстың басты нәтижесі – нақты жобалар мен БАҚ-тың барлық түрі бо­йынша өте ауқымды ақпараттық қолдау. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бағдарламаның барлық бағыты халықтың зор қолдауына ие болды. Міне, қазіргі таңда біз ортақ жұмысымыздың нақты нәтижелерін көріп отырмыз. Бұл бағытта ерекше атап көрсететін жобалардың бірі – «Туған жер». Жоба жүзеге аса бастағалы бері демеушілер мен меценаттардың көмегі арқылы 17 мектеп, 62 балабақша, 36 мәдениет, 23 ден­саулық сақтау, 169 спорттық нысан, 32 балалар алаңы салынды. Бұл жетістік, жеке бас­тамаларды айтпағанда, іске асырылған шаруа. Одан бөлек, демеушілердің арқасында сы­ныптарды компьютермен қам­тамасыз ету, аулаларды абат­­тандыру секілді қаншама жұмыс атқарылды. Мұндай игі жетіс­тіктер әлбетте келешектегі жаңа жобалар бойынша көңілге қуа­ныш пен жігер ұялатады.
– Ал, сіз жеке өзіңіз «Туған жер» бағдарламасына қатыс­тыңыз ба? Туған жеріңізді қол­дау бағытында қолға алған шаруаларыңыз бар болар?
– Қоғамдық маңызы бар жобалардың бәрінде жеке қатысудың маңызы өте ерекше. Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы бұл ретте жеке бастамаларға ерекше алаң ашып береді. Өзіңіз көріп отырғандай, жоғарыда аталған жобалардың қай-қайсысы да бүкілхалықтық қолдауға ие болып отыр. Жеке өзімнің үлесім ретінде балаларға арналған «Қызыр қонған құт мекен» атты ғылыми-танымдық кітаптың жарық көруін атап өтуіме болады. Бұл кітап менің туған жерімнің тарихы туралы жазылған. Ол арқылы балалар Алматы облысы Жамбыл ауданының барлық тұрғылықты мекенінің тарихын біле алады. Ең бірінші кезекте бұл кітап өсіп келе жатқан жас буынға арнал­ған. Балалар өз туған жері­нің тарихы, оның киелі орындары мен ұлы адамдары туралы білуі керек. Кітапта өзендер мен таулардың, тұрғылықты жер­лердің атаулары қайдан шық­қаны туралы жазылған. Кітап­та жиналған материалдар жас өлке­танушылардың зерттеу жұмыс­тарына жақсы серпін берер деген сенімдемін. Мемлекет басшысы атап өткен­дей, өз туған жерінің тарихы арқылы менің жерлестерім жалпы республикалық деңгейдегі оқиғаларды терең зерделей алады. Осыған орай қоғамдық сана жаңғыруының табысы әрбір қазақ­стандыққа байланысты екенін түйсіне білуіміз керек. Сон­дықтан, «Рухани жаңғыру» – жеке жоба емес, жыл сайын жаңа идеялармен және жобалармен толыға түсетін ұзақ мерзімді бағдарлама.
– Әңгімеңізге рахмет.

Алдыңғы «

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.