Қазығұрт – қыран, Қазығұрт – ұран, Қазығұрт – жыр-ән

  • 18.10.2018
  • 724 рет оқылды
  • 0

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одақтарының мүшесі,
ҚР Баспасөз саласының үздігі

Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.

Н.НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті

Шежіре сыр шертеді

Қазығұрт аты аталғанда жүрегі шым етпейтін адам баласы жоқ-ау, сірә. Адамзаттың алтын бесігі – Қазы­ғұрт тауының басына жаңа өмірдің нышанын жаңғыртқан Нұх пайғамбардың кемесі қайырлаған. Адамзаттың қазіргі ұрпағы осы тау баурайында өсіп-өр­кендеген. Бізге жеткен аңыз-әңгімеге құлақ түрсек, мұнда тек адамзат ғана емес, бүкіл әлемдегі жан-жануарлар топан судан кейін Қазығұрт тауының етегінде өсіп-өрбіген.
Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртаза атамыз киелі бесік туралы былай толғайды:
«Көк Тәңірі адам баласын жаратуын жаратып алып, кейін-кейін адамдардың тәубасынан жаңылып, әбден шектен шыға имансыз болып кеткенін көріп, қаһарланып, топан суын қаптатып жіберген екен.
Жаңа бір пәк дүние жасау үшін Нұх пайғамбардың кемесіне адамзат, жан-жануар, ұшқан құстан, өсімдіктен жұп-жұбымен отырғызып, таза тұқым сақтап қалмақ болған. Топан тартылып, су қайтқанда, Нұх пайғам­бардың кемесі Қазығұрт тауы­ның басына қайырлапты.
Сол кеме Синай тауының басына қалған деп еврейлер айтады. Арарат тауының басында қалған деп армяндар айтады. Және олар Синай мен Араратты өте-мөте қадірлеп, Құдайдай қасиет тұтады.
Синай мен Араратқа арналған халық туындысы бар ма, жоқ па – біл­меймін.
Ал, қазақтар осыдан мыңдаған жыл бұрын Қазығұртты кие тұтып, дүниенің тұтқасы тұтып:
Басында Қазығұрттың кеме қалған,
Болмаса кереметі неге қалған?! – деп басталатын ғажайып дастан тудырған.
Қазығұрт туралы жыр да, аңыз да көп. Не көп – тау көп. Солардың бәріне халықтың ықыласы мен махаббаты түсе бермеген.
Қазығұрт қазір де көптеген түрлі көркем туындылардың тақырыбы. Заты – мұның бәрі тектен тек емес. Халық білмей айтпайды.
Қазығұрттың жасы – мың-мил­лион».
Иә, Шерхан аташа шиырсақ, халық білмей айтпайды. Қасиетті Қазығұрт тауы аталса, әрбір адам­ның бойы шымырлап сала бере­тінінің осындай сыры бар.
Қастерлі таудың атымен аталатын ауданға сапарлап шығуымыздың басқа да себеп-салдары бар. Биыл ауданның құрылғанына 90 жыл толмақ. Тоқсан жыл – тоқсан белес. Кешегі Кеңес үкіметі тұсында құрылып, Тәуелсіздік таңы атқалы көш-керуенін түзеп алған ауданда алынған асулар мен белестер киелі таудай асқақ.
Сапар жайы сөз болғанда аудан әкімі Төлеген Телғараев тия­нақтылық танытты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық ардагерлер ұйымының бастамасымен аталмыш ауданда «Туған жерім – тарихым» атты облыстық семинар өткен. Міне, осы семинарда Төлеген Телғараев ауданда атқарылып жатқан көптеген игі істерді облыстың түкпір-түкпірінен келген абыз ақсақалдарға, ақ жаулықты әжелерге көрсетіп, олардың ақ батасын алған-ды. «Бабалар рухына тағзым» атты тарихи-өлкетану кешенінде ауданның 90 жылдығы сөз болды. Біз аудан тарихымен, бүгінгі тыныс-тіршілігімен тереңірек танысуды жоспарлап отырғанымызды сыналап жеткізгенбіз. Аудан әкімі ұсынысымызды қуана құптады. Қолайлы сәтте көмекшісі Тұрдалы арқылы хабар беретінін де ескертіп өтті.
Міне, Қазығұрт тауының бір шы­ңында тұрмыз. Мың сан аңыз-әңгі­меге арқау болған қасиетті тау! Баурайыңдағы аңыздарды, тарихи оқиғаларды санап тауыса алар ма екенбіз?
Десек те, халық аузында Қазығұрт тауы жөнінде екі поэма қалғанын Шерхан Мұртаза атамыз шегелеп айтты. Қазіргі Кеме Қалған шыңының маңайын шолып өтсеңіз, Ғайып Ерен Қырық Шілтен, Шілтер ата, Іліңгір, Қамбар ата, Зеңгі баба, Ойсылқара, Шопан ата, тағы басқа да жер атау­лары көптеп кездеседі. Тарихшы, шежірешілердің жазуына қарағанда, қа­зіргі Леңгір қаласы «Іліңгір» (зәкір, якорь) сөзінен шыққан. Демек, кемедегілер осы тұстан бас­тап суға зәкір тастай бастаған. Су ағысымен кеме жылыстап барып, тау басына қайырлаған деседі олар. Кеме Қалған шыңында пайғамбарымыздың қолының ізі қалған. Осы жерде адамдар паналаған үңгір әлі де бар.
Міне, осы Кеме Қалған шыңына дейінгі 3 шақырымдай биіктікке аспалы жол салу көзделуде. Мұны облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қызу қуаттап отыр. Егер, осы аспалы жол пайдалануға берілсе, туристер адамзаттың екінші ғұмыры басталған жерді лег-легімен келіп көретініне талас болмаса керек. Аудан әкімі Төлеген Телғараевтан осы жәйтті сұрастырғанымызда, жуырда іске асып қалатынын айтып, қуантты. Ақбұлақ жағасынан Кеме Қалған шыңына дейінгі ұзақ жолды кезінде біз де басып өткенбіз. Қия беткейлерге шығу үшін көп күш керек екенін соңда айқын аңғарғанбыз. Мынадай жағдайда туристер қанша жерден дәлелдеп жатқаныңызбен шыңға шыға қоймасы анық. Егер тап бір альпинист болмаса. Ал, жеңіл көтерілсе, шаршамаса тарихи орынға талайлар талпыныс жасары анық.
Аудан әкімінен естіген тағы бір жағымды жаңалық, Кеме Қалған шыңына заман талабына сай үлкен ескерткіш орнатылады. Ол, әрине, кеме үлгісінде жасалмақ. Ұзындығы 120 метр, ені 40 метр болатын бұл ескерткіштің ішінде туристер үшін керектінің барлығы да жасалмақ. Жалпы, қазақ «мың рет естігеннен бір рет көрген жақсы» дейді емес пе? Ендеше, Кеме Қалған шыңына бір рет шығып, болмысты барынша айқын сезінген абзал.
Махмұд Қашқаридың жазбаларында, халық арасында кең тараған өлеңдерде, «Оғызнама» жырында Қорқыт бабаның өмірге келгені туралы деректер мол және ол бөлекше сипатталады.Міне, былай:
Қорқыт туар кезінде,
Қарааспанды су алған,
Қара жерді құм алған,
Ол туарда ел қорқып,
Туған соң әбден қуанған.
Осындағы Қарааспан – Қаратау мен Қазығұрттың арасындағы Арыс өзенінің бойындағы жер. Тарих­шылардың айтуынша, Қарааспанда кезінде Арсынбикет деген қала болған.
Жазушы Сәуірбек Бақбергенов Жиренше шешен мен Асан Қайғы Қазығұрт баурайында болған деп жазып еді. Бұған Асан Қайғы айтып кетіпті деген төмендегі өлең куә.
Екі Келес, Бір Талас,
Бал татыған жерің-ай.
Ағайынын аралас,
Тату екен елің-ай.
Желмаяға өңгеріп,
Алып кетер едім-ай,
Сыймаған соң алдыма,
«Қап, дүние-ай» дедім-ай!
Қабырғалы Қазығұрттың бау­райы әлімсақтан дүбірге толы болған. Қалаубек Тұрсынқұлов, Тұрсын Жұртбаевтың еңбектеріне сүйенсек, Кир патша мен Тұмар патшайым шайқасы осы тау бөктерінде, Келес өзені бойында өтеді. Тұмар ханым кердеңдеген Кир патшаның басын осы маңда қан толы меске салған деседі тарихшыларымыз.
Шығыс халықтары Зу-Ль-Карнейн («Қос мүйізді») атаған Александр Македонский де кезінде даңқтан даңққа бөлену үшін Самарханға жасаған шабуылында Қазығұрт тауын айналып өтуі мүмкін емес. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Саха Рес­публикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалаубек Тұрсынқұлов редакциясын басқарған «Қазығұрт энциклопедиясында» Александр Македонскийдың Шығысқа шабуыл жасап, Орталық Азияның біраз жерін басып алғаны мақұлданады. Ол қазіргі Ходженттің орнына қала орнатып, Самарханды астана жасап, атауын «Мараконда» деп түзеттіреді. Ол осы маңда Сырдариядан өтіп, көшпенділермен соғысады. Көшпенділер өшпенділерді кәдімгідей састырады. Александр ауыр жараланып, кейін шегінуге мәжбүр болған. Ол қайтар жолында өзінше бір қулық ойластырады. Өмірі жаудан беті қайтып көрмеген Зұлқарнайын көшпенділерден тауым шағылды деуді намыс көріп, өзінше айла жасаған. Сондағы ойлап тапқаны мынау екен: «Орта Азияны жаулап алдық, енді өзеннің арғы бетіндегі Сары далада ештеңе жоқ, ал, бетімізді оңтүстікке бұрсақ, Индияның қыруар қазынасына ие боламыз». Сонымен, энциклопедияда Македонскийдің соғысқан жері қазіргі Алтынтөбе маңы деп шамаланады. Осы жерде тағы бір айта кетер жәйт – Қазығұрт аймағындағы Ескендірдің (Александр Македонский болар) атына байланысты «Ескендір төбесі», «Ескендір көпірі» сияқты орындардың бар екені. Мұны былай қойғанда Шымған тауының маңында Ескендір деп аталатын ауыл бар.
Истеми қағанның Қазығұрттың баурайындағы Мыңбұлақ жағасында қоныстанғанын да тарих таңбалап берді. Тіпті, қытайлық елшілер де киелі таудың баурайына келіп жайғасуды хош көріпті. Мұны Чжан-Цзянь мен Сюянь-Цзянь еңбектерінен кездестіреміз. Олардың еңбектерінде «Темір қақпа» деген жер атауы аталады. Осы атау Орхон-Енесей тас жазуларында да кездеседі. Аталмыш жинақтан оқырман «Темір қақпаның» Өгем, Шатқал, Шымғанның арасындағы өткел екенін табады. Шарбақ су қоймасының етегіндегі екі жағын жартасты таулар қысып келген қойнаулардан шығысқа қарай өтсең, алдында Піскем өзені бар. Осы өзенді жағалай тәжік ағайындар қоныстанған.
Шыңғыс ханның нөкерлері Қазығұрттың етегінде Шыршық өзенінің бойында Өгем тауларында жүргенде бұғыға ұқсас, жылқы құйрықты, жүні жасыл, мүйізі бар бір аңды көреді. Ол адамша тіл қатып: «Сендердің патшаларыңның кейін қайтар мезгілі жетті» дейді. Мұны естіген Шыңғыс хан қатты қобалжиды. Мұның сырын Иелуй-чунаудан сұрайды. Ол: «Бұл аңның аты Го-дуань. Ол бүкіл әлем тілін біледі. Мұның көрінуі жазықсыз төгілген қанның қасіреті. Міне, біздің ұлы жасағымыз төрт жылдан бері Батыс елдерін ойрандап жүр. Осы жазықсыз қырылып жатқан елдің өлімін қолдамайтынын Тәңірдің өзі Го-дуань арқылы сездіріп тұр. Тәңірдің талабына бас иіп, мына елдердің халқына рақым жаса. Сенің жасаған рақымың өзіңе таусылмас бақыт болып оралады» деп жауап береді. Мы­на ескертуге ұлы қаған таң қалады. Сөйтіп әскерін кері шегіндіреді. Дегенмен, бұдан кейін де Үндінің біраз жері мен елін жермен-жексен етіп қиратып, тонап кетеді.
Қазығұрт өңірі әлемдік тарихта Әмір Темірдің де шайқастарына куә болған. 1397 жылы Моғолстан билеушісі Қызыр Қожа жеңіске жете алмайтынына көзі жеткен соң мәмілеге келіп, қарындасы Тақал ханымды Темірге әйелдікке береді. Ол Сарай Мүлік ханымнан кейінгі орынды иемденеді. Міне, осы кезде артынып-тартынып келе жатқан қалыңдығын күткен Әмір Темір ордасын Қазығұрт баурайына тіккен деседі.
Осы қойнаудың Қазақстан жағын­дағы тауды қазақтар ежелден Қақпақ тауы деп атаған. Қазір осы маңда Қақпақ ауылы бар. Демек, Темір қақпа, Қақпақ атаулары жер бедерлеріне қарай қойылғанымен қатар, тарихи атауларымен де құнды. Шерхан ата айтпақшы, халық білмей айтпайды.

Қазығұрт – ұран!

Қазақ арасына кең тараған шежіре­лердің барлығында дерлік Майқы би есімі көп аталады. Міне, сол баба­мыз Қазығұрт баурайында өмір сүрген. Мұны Қазыбек бек Тауа­сар­ұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты кітабынан табамыз. 1993 жылы «Жалын» баспасынан шыққан осы кітаптың 45-ші бетінде: «Ауса пайғамбар тумастан он екі жыл бұрын немесе Мұхаммед пайғамбарға дейінгі алты жүз отыз төрт жыл бұрын таққа Мән баласы Майқы отырды» делінеді.
Майқы бабамыз аса көреген, алдағыны алдын ала білетін сәуегей адам екен. Бір күні ол таң алакеуімде әлі орнынан тұрып үлгермеген Аяз биді шұғыл шақыртып, жарлық береді.
– Кешке дейін осы төңіректің бұтын атқа арта алатын бар адамын атқа қондырыңдар. Бәрінің қолына ұзын сырық ұстатыңдар. Сол топ ертең Қазығұрт баурайында, Шымбастың етегінде тұратын болсын. Алдыңғы сапта әскери жасақты қойыңдар! – депті.
Аяз би тапсырманы орындауға шұғыл аттанады. Түс ауа шекарадан шапқыншы келген. Ол Өр тауда жиырма мың жасағымен парсылар шабуылға дайын тұрғанын жеткізеді. Кешкетұрым қасында жүзге жуық жасағы бар Қызылбас елінің елшісі Нөшір келіп тұр. Оны жіберген Сасан патшасы Зиядин еді. Бұл кезде қазақ елі Абыл мен Азық деген екіге бөлініп биленеді екен. Майқы би Абыл елінің билеушісі болғанымен, түптеп келгенде екі елге де үкімі жүрген. Нөшірді Майқы би қошеметтеп күтіп алып, түні бойы сый-сияпат көрсетеді. Таңертең Нөшірге: «Қазығұрттың төбесіне шығып, біздің елдің жайын көре кетіңіз, ақыры бағындырар болсаңыздар, білгендеріңіз жөн ғой» дейді. Майқы би мен Нөшір Қазығұрттың төбесіне шығады. Төбенің ұшар басына іліккенде Нөшірдің сұсы қаша бас­тайды. Қазығұрттың барлық баурайы қаптаған қол. Бәрі де жасаулы. Майқы би ештеңе демейді. Тек қоштасарда «Патшаңызға сәлем айта барыңыз» депті. Өз ортасына жеткен Нөшір «бұл елмен соғысып, опа таппаймыз, қалың қолдың есебіне жету мүмкін емес» деп Зиядинге көргенін айта барыпты. Ол әскерін кері бұрыпты. Осылайша Майқы би бабамыздың тапқырлығы арқасында елін қантөгістен аман алып қалыпты.
Қазыбек би Тауасарұлының жоға­рыдағы кітабында мынадай да жолдар бар: «Қазасынан жеті жыл бұрын Жолбарыс хан Қаржақты жайлады. Бұл Шымбастың бір әдемі жері болатын. Бұл жерге қоныс сұрап алып Қаз дауысты Қазыбек би Асадан көшіп келіп, екі ай жайлап отырды. Сол жайлаудағы жаздың жақсы күндерінде мен отырған алты қанат үйге Төле аға мен Қазыбек аға екеуі бірге келді» (295 бет). Осындағы Қаржақ деп аталған тау негізінен Қаржан тауы. Ол Қазығұрттың шығыс-оңтүстігінде. Негізінде Қазығұрт Тәуке ханнан бас­тап қазақтың көптеген хандарының жайлауы болғаны тарихи деректермен куәландырылады.
Қаржан тау қыраттарындағы Қос­мола шыңынан кейінгі екінші биік шың Бәйдібектің шоқысы деп аталады. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда бұл маңай Бәйдібектің жайлауы болған. Мөлдір де тұнық суы мен шалғын шөбі мол жайылым малдың құты. Жайлаудың оңтүстік жағы Өзбекстанның Бостандық ауданымен шектеседі. Осы ауданда «Домалақ ана» дейтін ауыл бар. Ал, шоқының солтүстік жағында, Қазығұрт тауының шығыс сілімінде Бәйдібектің ордасы қонған деп аталатын «Орда қонған» деген жазықтық жатыр. Жер атауларынан бұл жазықтық пен жайлау әйгілі Бәйдібек бабаның қонысы болғанын пайымдаймыз. Осы маңда Боздөңгіл, Ақтас, Көкжаңғақ дейтін жайлаулар мен табиғаттың тамаша көркем орындары бар. Жергілікті сазгер Нышан Төлегеновтің «Бәйдібектің жайлауы» атты тамаша әні осыған арналған.
Қазығұрттың Қоқан хандығы, Ресей империясы тұсындағы тарихын жаза берсек, тым ұзаңқырап кетеміз. Сондықтан, қысқа қайырғанды хош көрдік.

Қазығұрт қырандары

Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары, Қалаубек Тұрсынқұловтың бауыры Серік Тұрсынқұлов бізге ауданнан шыққан белгілі тұлғаларды жіпке тізгендей әңгімелеп берді.
Қазығұрт өңірінде аса аяулы азаматтарымыздың бірі, қазақтан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рахымов өмірге келген. Ол Қазығұрттың етегіндегі Жаңабазар ауылының Көкібел ауылының тумасы.
Украинадағы Мелитополь қала­сында ерлікпен қаза тапқан Қарақозы Әбдәлиев Рабат ауылында туып-өскен. Кеңес Одағының Батыры Қарақозы Әбдәлиев атында екі мектеп бар. Жазушы Еркінбек Әлімқұлов батыр атамыз жайлы деректі повесть жазды. Рейхстагқа ту тіккен жауынгерлердің бірі Тұрсынбай Момынқұлов Май­бұлақ ауылында дүниеге келді.
Осы өңірде өсіп-өнген, қолына қалам алып, жазушылықты мұрат тұтқан азаматтардың арасынан Қалаубек Тұрсынқұлов, Тоқаш Бердияров, Өзбекстанның халық жазушысы Тураб Төле, Рахметолла Райымқұлов, қазіргі танымал ақын-жазушылар Нұрғали Ораз, Болат Шарахымбай, Бақытжан Алдияр, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, ақын-сазгер Иса Омар, КСРО Кинематографистер одағының мүшесі, кинорежиссер Серік Жармұхамедов, Жарылқап Қалыбаев, Смайыл Ыбырақов, тағы басқалары шықты.
Қазақтардың арасында Азаматтық авиация саласында еңбек етіп, Социа­листік Еңбек Ері атанған Асылбек Жасымбеков Қазығұрт селосында ғұмыр кешті. ВАСХНИЛ академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қилыбай Медеубеков, геология-минерология ғылымдарының докторлары, ағайынды Ләшкер және Патшайым Тәжібаев, медицина ғылымдарының докторы Оразкелді Түктібаев, техника ғылымының докторы Ордабай Сембиев, Социалистік Еңбек Ері Демеу Қалымбетов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ахмет Қосанбаев,медицина ғылымдарының докторы, профессор Райымқұл Қарақұлов, философия ғылымдарының докторы, профессор Құрманбек Қосанбайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мейірбек Оразов, заң ғылымдарының докторы, Қазақ ССР-іне еңбек сіңір­ген заңгер Бекет Тұрғараев, тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа, экономия ғылымдарының докторы Райымқұл Құдайберген, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Серік Оразбаев, медицина ғылымдарының докторы Намазбай Орманов, медицина ғылымдарының докторы Әбдісабыр Өмешұлы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Досымбек Сыдық, тарих ғылым­дарының докторы Сейдуалы Тілеуқұлов, тағы басқа да ғалымдар Қазығұрт топырағынан шықты.
Сондай-ақ, қазығұрттықтар Жолдас Алханов, Пірімтай Арыстанов, Бәкір Ахметов, Рахманберді Әбдірайымов, Нұрмаханбет Әжіметұлы, Әбдікерім Бектаев, Ғалым Жұмжаев, Жұмабек Қыстауов, Смайл Майлыбаев, Тілләбек Мұсабаев, Мұқтияр Момынқұлов, Балтақара Оразов, Әділ Сасбұқаев, Уәлихан Сүлейменов, Тәліп Тайбеков, Егемқұл Тасанбаев, Исмат Тұрсынқұлов, Молдабай Ілиясов, Әли Бектаев, Болатбек Қыстауов, тағы басқа да айтулы азаматтарды мақтаныш тұтады.

Аудан қалай құрылды?

1929 жылғы 17 қаңтарда ВКП(б) Сырдария губерниялық құрамында Қаратас аудандық партия комитеті құрылды. Оны Бүкілодақтық Атқару Комитеті 1928 жылы 3 қыркүйекте бекіткен еді.
1932 жылдың 20 ақпанында Қаратас аудандық партия комитеті Оң­түстік Қазақстан облысының құрамына берілді.
Аудан орталығы Степнойға көші­ріліп, ауыл шаруашылығын ұйым­дастыру жұмыстары жүргізілді. Аудан бойынша 61 ауыл шаруашылығы артелі ұйымдастырылды. Көп ұзамай аудан орталығы қайтадан Ленин селосына көшірілді. Осы жылдары ауданда 12 ячейка, 4 кандидаттық топта 98 ВКП(б) мүшесі, 83 мүшелікке кандидат, (оның 80-і жұмысшы, 82-сі шаруа, 19-ы қызметкер) болған. Партияда 14 ұлт өкілі, оның 146-сы қазақ, 21-і орыс болыпты.
Барлық жұмысшыларға партия ұйымдары басшылық жасап, ауданның экономикасы мен мәдениетін жақсарту шаралары белгіленді. Ауданның жағдайы Қазақстан КП партия конференцияларында халыққа баяндалып отырылды.
1963-1966 жылдарда Қаратас және Георгиев аудандары бірігіп, Ленин ауданы аталады да, орталығы Лең­гір қаласы болады. Қазақстан КП аудандық комитетінің бірінші хатшылығына Сәлім Бегімбетов сайланады.
1967 жылы Ленин ауданы қайта құрылып, Қазақстан КП аудандық комитетінің 1 конференциясы 1967 жылдың 18 наурызында өтеді. Шешуші дауыспен 241, кеңесші дауыспен 12 делегат қатысып, баяндаманы Қалыбек Манасов жасайды.

Қазығұрт – жыр-ән

Ә дегеннен аудандық мәдениет үйі жанындағы алғашқы драма үйірмесін Қаратас аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қалаубек Тұрсынқұловтың 1958 жылы ұйымдастырғанын айтып кеткеніміз жөн. Содан бері мәдениет ошағының оты өшпей, маздап жанып келеді.
Өнерпаз жастардың сахнаға қойған алғашқы спектаклі Б.Майлиннің «Жалбыр» драмасы еді. Кейін Қ. Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясы қойылды. Алайда, 1963 жылы Қаратас ауданы Георгиевка ауданына қосылуына байланысты үйірме жұмысын уақытша тоқтатады. 1967 жылы аудан қайта құрылғанда үйірме жұмысын Нышанбай Айтбаев қолға алады. Олар М.Дүзеновтың «Шындық», «Қызылжар қорғаны», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» пьесаларын сахналайды. 1970 жылы ауданға Тілеу Аханбаев келеді. Сол жылдардан бастап мұнда көптеген жаңа спектакльдер қойыла бастайды. Т.Аханбаев республикалық байқаулардың лауреаты атанып, Бүкілодақтық Лениншіл Комсомол Жастар Одағының дипломымен марапатталады. Осы жерде айта кеткен орынды, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Парасат» орденінің иегері Сапар Өтемісұлы осы ауданнан түлеп ұшқан.
Қазығұрттықтар «Темірбаевтар отбасылық ансамблін» мақтаныш тұтады. Ансамбльге Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Райымқұл Темірбаев жетекшілік етеді. Темірбаевтар отбасылық ансамблі туралы «Ән ғұмыр», «Қазығұрт – менің елім-ай», «Темірбаевтар жанұялық ансамблі» атты үш телефильм түсірілді. Отба­сылық ансамбль Мәскеуде Кремль сарайында, Болгар Халық Респуб­ликасында, Франция, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде табысты концерт қойды.
Тілеу Аханбаевты еске алу құрме­тіне жыл сайын Күлкі күні ауданда облыстық әзіл-сықақ театрларының байқауы өтіп келеді. Бұдан басқа да мәдени-көпшілік іс-шаралары тұрақты өтіп тұрады.
Қазығұртты ҚЫРАН, ҰРАН, ЖЫР-ӘН деп ерекше әспеттеуіміздің осындай сырлары бар.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.