«Рухани жаңғыру» және жастар саясаты

  • 18.10.2018
  • 168 рет оқылды
  • 0

Жанатбек Ішпекбаев,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры, профессор

Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Н.Ә. Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңыру» бағдар­ламалық мақаласы ұлттық рухани өсіп-өркендеуіміз бен кемел­денуіміздің платформасы болып табылады. Бұл бағдарламада Елбасы ең алдымен ХХІ ғасырдағы ұлттық сананың жа­ңа сипаттағы жаңғыруының басты шарты – ұлттық кодты сақтау екенін атап көрсетті. Бұл өз кезегінде тек эко­номика жағынан ғана емес, ұлттық кодты жоғалтпай, жаһандану дәуірінде  рухани  бәсекелестікке қабілеттілікті де күшейтудің күре тамыры саналады.
Мақалада Елбасы осы ұлы мақ­сатқа қол жеткізудің, яғни, рухани жаңғырудың басты 6 құрамдас бөлігін ұсынды. Олар – заман талабына сай бәсекелік қабілетке ие болу, Ұлттық бірегейлікті сақтау, Білімнің салтанат құруы, елдің эволюциялық жолмен дамуы және Сананың ашықтығы. Бәсекелестік тек байлықпен ғана емес, білім, қабілет, қайсарлығымен айқындалады.
Дамыған мемлекет құру үрдісі экономиканы жаңғыртып, постин­дустриалдық қоғам құрумен шектел­мейді. Төртінші индустриалдық революцияны бастарынан өткеріп жатқан мемлекеттер жоғары деңгейге рухани, біліми, ғылыми, тәрбиелік мәселелерді шеше отырып өз мақсат­тарына ұмтылуда. Сондықтан, мате­риалдық өндірісті дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту қанша­лықты маңызды болса, рухани салада жа­ңару да соншалықты маңызды. Себе­бі, халықтың рухани сапасының артуы сол елдің экономикасының қа­рыштап дамуын қамтамасыз етеді. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында осы материалдық және рухани салалардың өзара байланысын ерекше атап көрсетеді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл еңбегі саяси-идеологиялық маңыз зор, білім саласындағы жаңғыру мен мәдени-адамгершілік құндылықтарды сақтаудың, Қазақстан дамуының негізгі бағдары болып табылады. Президент тарапынан қойылған мақсаттар елімізді технологиялық дамудың жаңа деңгейіне шығару жолдарын айқындап, әлеуметтік және гуманитарлық білім саласын дамыту, бабалар мұрасы мен еліміздің ұлттық құндылықтарын сақтауды, ұлттық және жеке байлығымызды тиімді пайдаланып, ел болуды ұсынады. Мемлекет басшысы «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» дей келе, таяу жылдардағы міндеттерді белгіледі. Олар: «Бәсекелік қабі­лет», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салта­нат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы».
Осыған орай бағдарламаның негізгі бағыттарына қол жеткізу жолында алты арнаулы жоба іске қосылды. Олар: «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім», «Туған жер», «Қазақстанның сакралды географиясы», «Қазақ тілін біртіндеп латын тіліне көшіру», «Қазақстанның қазіргі мәдениеті жаһанданған әлемде».
Арнаулы жобаларды іске асыру төрт министрлікке жүктеліп, 4 кіші бағдарламаға бөлінген. Білім және ғылым министрлігі үлесінде «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы жасалды. Ол өз кезегінде келесі бағыт­тарды қамтиды: Отаным-тағдырым; Өлкетану; Саналы азамат; «100 жаңа есім». Елбасы ұсынған бұл жүйелі жаңғыру Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің білім, ғылым және тәрбие үдерісінің өзегіне айналып, мақалада айтылған идеялар мен ұсыныстар іс жүзіне асырылуда.
Біз «Жобаларды басқару бойынша жетекшілік ету» СТ РК ISO-21500 – 2014 мемлекеттік стандартына сәйкес «Рухани жаңғыру» бағдарламасының түпкі мақсаттарын орындауға ұм­тылып отырмыз. Бағдарламаны нәти­желі іске асыру және жүйелі жүр­гізу мақсатымен университетте «Ру­хани жаңғыру» Жобалық кеңсесі құрылды. Кеңсе құрамында ғылыми дәрежелі 1 басшы және 1менеджер бар. Жалпы басшылық – Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры. Үйлестіруші – ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор.
Жоба кеңсесінің жұмысын ұйым­дастыру – кеңсе жетекшісі, саяси ғылымдар докторы, профессор С.М. Борбасовқа жүктелген.
Жобалық кеңсенің мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған идеялар мен ұсыныстарды нақты шаралармен іске асыру.
Осы мақсатқа қол жеткізу жо­лында біз алдымызға келесідей міндеттерді қойып отырмыз. Олар:
– Республикалық, қалалық және жоғары оқу орындарындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңселерімен байланыс орнату, «Рухани жаңғыру» үрдісінің түрлі аспектілерін зерттеу жұмысына Абай атындағы ҚазҰПУ профессор-оқытушылар құрамын жұмылдыру;
– университет ғылыми-педагоги­калық кадрлары мен білім алушыларын «Ұлы дала жастары» жобасына тарту, «Латын әліпбиіне көшу» мәселесін тиімді шешуге атсалысу, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын насихаттау;
– «Туған жер» бағдарламасы аясында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессор-оқытушылар құрамының өз туған жерлеріне көмек шараларын ұйымдастыру, университеттің 90 жылдық мерейтойына сәйкес «Таң­даулы түлектер», «Таңдаулы про­фессорлар» жобаларын ұйым­дастыру;
– «Сакралды Қазақстан» жобасы аясында еліміздің өңірлері мен Алматы қаласының киелі жерлерін анықтап, қажет болған жағдайда салаларды – тазарту, қалпына келтіру; сол орындар туралы ел аузындағы есте­ліктер мен әпсаналарды жадыда жаң­ғырту, оны өскелең ұрпаққа таныстыру;
– Абай даналығы мен шығарма­шылығын белсенді насихаттау ар­қылы профессор-оқытушылар құра­мының және студенттердің рухани санасын жаңғырту.
Жобалық кеңсе «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын орындау барысында университеттің ғы­лыми-зерттеу орталықтары мен құрылымдық бөлімшелерімен тығыз байланыс орнатқан.
Жобалық кеңсе Республиканың ЖОО жобалық кеңселері, #U38 уни­верситеттер Альянсы; Алматы қала­сының әкімдігі; Алматы қаласының іргелі ғылыми-зерттеу институттары; Республикамыздың облыстары мен аймақтары; Республикамыздың ЖОО-дары; Алматы қаласының мектепке дейінгі білім беру мекемелері, орта мектеп және колледждері; Назарбаев зияткерлік мектебі сияқты «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық бағыттары бойынша төмендегі республикалық, қалалық және жергі­лікті атқа­рушы органдар мен білім беру ұйымдарымен өзара байланыста қызме­т етуде.
«Рухани жаңғыру» бағдарла­масының «100 жаңа оқулық» кіші жобасын жүзеге асыру үшін уни­вер­ситетімізде нақты қадамдар жасалуда. Университет ұжымының бұл бағыттағы жұмыстарының ал­ғашқы нәти­желері айтарлықтай. Білім ордамыздың кітапхана қорына 5 055 данадан тұратын 17 жаңа міндетті оқулықтар алынды. Қорға алынған жаңа кітаптардың вир­туалды көрмесі мен электронды нұсқасы енгізілді. Сонымен қатар, педагогикалық мамандықтар бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үндес таңдау компонентінің «Мектептегі өлкетану»; «Қазақ халқының рухани мәдениеті»; «Түркі латынының негіздері»; «Мәдениеттер географиясы» сияқты пәндері оқу үрдісіне енгізілді.
Физика», Информатика», Химия», «Биология» педагогикалық маман­­дықтары бойынша ағылшын тілінде 19 оқулық шығарылды. «100 жаңа оқулық» бағдарламасын насихаттау мақсатында «Цифрлық жаһандану кезеңіндегі жоғары оқу орны кітапханаларының даму тенденциялары» халықаралық ғылыми-практикалық семинары, «Ғылым онкүндігі – 2018», «Рухани жаңғыру: математика, физика, информатика ғылымы мен әдістемесі» көрмесі, «Рухани жаңғыру: филология ғылымы мен әдістемесі» кітап көрмесі өткізілді.
Биыл 90 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанында бірнеше жылдан бері Мәлік Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану» орталығы жастарға саналы тәрбие беру ісінде үлкен жұмыс атқарып келеді. Орталықтың бастамасымен университетімізде «Тұлғалар та­ғы­лымы» дәрістер циклі жүйелі жүргізіліп, мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан, Алаш ұранын асқақ көтерген Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Ораз Жандосов, Халел Досмағамбетов, Құдайберген Жұ­банов, Санжар Асфендияров, Темірбек Жүргенов сынды қайрат­керлеріміздің өмірі мен қызметін, азаматтық болмысын жастар арасында кеңінен насихаттап, олар­ды қазақстандық патриотизмге, отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеуге септігін тигізуде.
Бүгінде «100 жаңа есім» бағдар­ламасын тереңдетуге тұлғалар тағылымы шаралары өз ықпалын тигізуде. Мысалы, ұлт тұлғаларының өнегелі өмірі мен азаматтық ұста­нымдарын жастарға кеңінен насихат­тау мақсатында Жобалық кеңсе М. Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану» орталығымен бірлесіп қазақ елінің зиялыларына, алаш қайраткерлеріне арналған түрлі тақырыптағы дәрістер, семинарлар, кездесулер, сұхбаттар,тарихи-танымдық кештер өткізуде.
Рухани жаңғыру бағдарламасы – Елбасының бастамасы. Тұңғыш Президентіміздің өнегелі өмірін жастарға үлгі ету мақсатында «Әлем таныған Елбасы» танымдық кеш өткізілді. Бұл кеште Елбасының сыныптастары Рая Серазитдинова, Кеңес Байбосынов қатысып, студенттермен Президент жайында сырлы естеліктерімен бөлісті.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дің 90 жылдығы мерекесіне орай универ­ситеттің дарынды түлектері, мемлекет қайраткері, Қазақ ССР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ ССР Сыртқы істер министрі болған Балжан Бөлтіріковаға арналған «Ел үмітін ақтаған қазақ қызы» тақырыбында танымдық кеш, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, университетіміздің түлегі, ақын Надежда Лушниковамен «Мен қазақтың бір қызымын» сырласу кеші өткізілді.
Жастар арасында тұлғалық үлгі болатындай тұлғалардың бірі –Қазақстанның Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров, Қазақстанның Еңбек Ері, нейрохирург дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Ақшолақовпен өнегелі кездесулер өткізілді.
Алаш зиялыларының мұраларын ғылыми-әдістемелік тұрғыда зерделеу мақсатында «Алаш зиялыларының ғылыми-әдістемелік мұралары: дәстүр мен жаңашылдық» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Халықаралық конференцияға отандық ғылым-білім жүйесіндегі беделді ғалымдар мен зерттеушілер, сондай-ақ, Түркияның Гази, Фрат, Мұғла Сытқы Кошман университеттерінің профессорлары, филолог ғалым­дар, еліміздегі бірқатар ЖОО оқыту­шылары, ізденушілері қатысып, ұлттық тіл, діл, мәдениет, дәстүр тақырыптарында өз ойларын ортаға салды. Алдағы уақытта «Тұлғатану» орталығы «100 жаңа есім» жобасы аясында жаңа есімдер мен ұлт тұлғаларын насихаттау бағытында өз жұмысын одан әрі жетілдіре бермек. Аталмыш жоба нәтижесі бойынша жеңімпаз атанған танымал тұлғаларды студенттер арасында кеңінен насихаттау үшін солармен кездесу циклін бастаймыз.
Біз рухани жаңғыру үрдісінің мазмұндық және идеялық арқауын Абайдың рухани мұрасымен байланыстырып отырмыз. Абай тағлымын, оның «кемел адам» концепциясын ұлттық құндылықтар арқауы етіп алып, соның негізінде оқу-тәрбие үдерісін жаңа сапалық деңгейге көтеруді көздеудеміз. Осы орайда,«Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсесі «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығымен тығыз байланыста жұмыс жасауда. Бұл орталық Абайдың даналығын жастардың бойына сіңіру бағытында ауқымды істер атқарып келеді. Қазіргі күні барлық мамандықтар бойынша 1 курс студенттеріне «Абайтану» пәні оқытылуда. Абай өмірі мен мұрасын терең тану мақсатында «Абайтану» кабинет-мұражайы ашылып, студенттердің практикалық жұмысына септігін тигізіп келеді.
Жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту жолында университетте екі жылда бір рет «Абай әлемі» республикалық өнер фестивалі ұйымдастырылуда. Университеттің 90 жылдық мерейтойы аясында бұл игі дәстүр жалғасын тауып, 24-25 сәуір аралығында республикамыздың 22 жоғары оқу орнының 106 үміткері осы фестивальға қатысты. Сонымен қатар, университетіміз Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейімен өзара ынтымақтастығын дамыту және шығармашылық қарым-қатынасты нығайту мақсатында Меморандумға қол қойды.
«Рухани жаңғыру: Абай, Шәкәрім мұралары» тақырыбында тарихи-танымдық дәріс өткізілді. Дәріске белгілі абайтанушы ғалымдар, әде­биет­шілер, Абайдың ұрпақтары атынан Нұргүл Әлішерқызы қатысты.
М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қыз­меткері Ерболат Баятов, Абай атындағы ҚазҰПУ «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жабал Шойынбет Абай мен Шәкәрім шығармаларындағы адами-рухани құндылықтар туралы мазмұнды дәрістер оқыды. Саяси ғылымдар докторы, профессор Сайын Борбасов Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының өзектілігі, қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөлі туралы айтып берді.
«Students week» атты сту­дент­тік апталық аясында  жастарды адам­­гершілікке, отаншылдыққа, патриотизмге, ұлтжандылыққа тәр­биелеу, ұлттық сана-сезімін кеңейту мақсатымен Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен университетімде  республика ЖОО студенттері арасында «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…»  жас ақындар мүшайрасы болып өтті. Мүшайраның негізгі идеясы Абайдың толық адам концепциясына сүйенді.
Рухани жаңғырудың маңызды бағыттарының бірі «Туған жер» кіші бағдарламасы. Бұл бағдарламаны іске асыру мақсатында университет жанындағы «Айтылған тарих» орталығының бастамасымен еліміздің елді мекендеріне арнайы экспедициялар ұйымдастырылды. Олар – «Қазақстанның моно­қалалары тұрғындарының айтылған әңгімелеріндегі әлеуметтік мәдени бірегейлік: Кентау-Ащысай», «Қазақстандағы ұлттық және мемлекеттік бірегейліктің қалыптасуы мен өзгеруінің ғылы­ми мектептер қызметіндегі көрінісі» мақсатты бағдарламалық зерттеулер. Осы ғылыми ізденістер аясында тарихшы ғалымдарымыз көнекөз қариялардан «ауызша тарих» бағдарламасы бойынша естеліктер мен деректер жинақтап, нарративті тарих саласын дамытып отыр. Сонымен қатар, әр оқытушы өз ауылдарында, өздері оқыған мектептерде дәрістер беріп, ағартушылық жұмыстарды кеңінен жүргізуде.
Туған жер тарихындағы көне қалаларды зерделеу бағытында Тараз, Барысхан, Құлан, Мерке, Аспара, Қастек, Ақтөбе киелі мекендерінде археологиялық қазбалар жүргізді. Сонымен қатар, университет магистранты И.В. Крупко Алматы, Жамбыл облыстарындағы Есік, Бесшатыр, Айша Бибі, Бабаджа Хатун, Қарахан, Дәуітбек, Берқарын, Жайсан киелі мекендеріне ғылыми сараптама жұмыстарын жүргізді. Доцент А.А. Нұржанов «Қазақстанның сакралды географиясы» іргелі ғылыми еңбегінің авторлық ұжымына еніп, осы бағытта 30-ға жуық мақала жариялады.
«Елін сүйген жан жерін де сүй­еді. Ел мен жер бірігіп «Отан» ұғы­мын білдіретіні сөзсіз. Тәуелсіз еліміздің рухани кемелденуі үшін Қазақстан халқына жолданған Елба­сының бағдарламалық мақаласы да осы ойды ұштай түседі. Елбасы мақаласында көзделген «Туған жер» бағдарламасын іске асыру мақсатында  «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» дәріптеліп, елімізде туған жерді қадірлеуге арналған түрлі шаралар өткізілуде.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын іске асыру мақсатында «Павлодар География үйі» Қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырған «Хан Қорық» республикалық жастар фестиваліне еліміздің он бес іргелі жоғары оқу орындарымен қатар Абай атындағы ҚазҰПУ-дан 1 оқытушысы мен 3 студенті қатысып, жүлделі орын­дармен оралды.
Тәрбие департаментінің бастама­сымен ағымдағы жылы Алатау шыңдарында орналасқан асуларды жастарға көрсету және кеңінен насихаттау мақсатында «90 жыл­дыққа – 9 асу» туристік треккингі ұйымдастырылуда. Жаяу жорық бағыттары Көкжайлау асуы, Кім-Асар шатқалы, Алмарасан бұлағы, Күйгенсай ыстық бұлағы, Альпинистер бұлағы, Үлкен Алматы көлі, Юнатов көлі, Мохнатка, Баспалдақ асуларын қамтиды. Бүгінгі күнге дейін бұл жорыққа 400-ге жуық студент қатысты.
Жастардың арасында еліне деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында университетте жүйелі түрде патриот­тық тәрбие бағытында іс-шаралар кешені ұйымдастырылуда. Солардың бірегей шарасы – жас ақын Жамбыл Дүйсенұлының «Егемен елім, ерке елім» жыр кеші. Жас ақынның шығармашылығын 500 белсенді студент тамашалауға мүмкіндік алды.
Ұлттық бірегейліктің бастауы ұлт­тық өнеріміз бен мәдениетімізде. Қазақ халқының төл өнері – айтысты жаңғырту мақсатында «Менің пірім – Сүйінбай» дәстүрлі республикалық жас ақындар айтысы ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға еліміздің 28 жоғары оқу орнынан 54 жас айтыскер қатысып, сөзге шешен, ойға ұшқыр 16 ақын финалға жолдама алды.
Қазақстанның киелі жерлерінің бірі «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі. Танымдық іс-сапар Абай мен Шәкәрім жатқан қасиетті өлке Жидебайдан бастау алды. Хәкім Абайдың мұраларымен тереңірек танысу мақсатында Тәрбие басқармасы жанындағы Әлеуметтік бөлім басшысы Е. Шарғынов, «Абайтану» орталығының директоры   Ж. Шойынбет және 2 курс докторанты А. Ержанов арнайы іс-сапармен Семей қаласындағы Абай мұражайына барып қайтты. Жидебайдағы Абайдың қорық-музейіндегі және Абайдың немере інісі, қазақ халқының ардақты ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының соңғы қонысы болған Саятқорадағы  құнды жәдігерлермен танысты.
Онкүндік іссапар барысында олар Семейдегі Бас мұражайдағы «Абай жолы: Алашты паш еткен әлемге» және жаңадан ашылған «Алашқа атым шыққан Әсет ақын» атты көрме залдарын,  «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражай-үйі ғимараты және Абай Құнанбайұлы білім алған Ахмет Риза мешіт-медресесін көрді.
«Киелі Қазақстан» жобасын іске асыру бағытында барлық педа­гогикалық бағыттағы бака­лавр мамандықтарының оқу бағдар­ламаларына «Мектеп өлке­тануы», «Мәдениет географиясы», «Сакралды география» пәндері енгізілді. Іле Алатауына географиялық экспедиция ұйымдастырылды. Жастардың экологиялық мәдениетін арттыру жолында Шарын шатқалына «Экологиялық десант» туристік бағытында күрделі тазалық жұмыс­тары жүргізілді. Алдағы уақытта «Қазақстан аймақтарының халықтық географиялық терминдері» каталогы басылмақ.
Мемлекет басшысы «Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді» рухани жаңғырудың маңызды бағыты деп белгіледі. Осы орайда ұлттық университетімізде «Латын тілін оқытудың әдістемелік орталығы» ашылды. Орталықты ашу туралы Меморандумға Абай атындағы ҚазҰПУ-мен бірге А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қол қойды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Қоғамдық және гуманитарлық бөлімшесінің  жиналысында «Қазақ тілін латын графикасына көшіру туралы» мәселе талқыланды. Қазақстан Республикасы Ұлт­тық ғылым академиясының Пре­зиденті академик Мұрат Жұры­нов Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық еңбегінен туындайтын басты міндеттердің бірі – қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру екенін атап көрсетіп, бұл салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ал, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ерден Қажыбектің негізгі баяндамасында, Тіл білімі институтының Бас ғылыми қызметкері, академик Өмірзақ Айтбаев пен ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің проректоры, профессор Ғабит Кенжебаевтың қосымша баяндамаларында қазақ жазуының тарихы, оның әрбір тарихи кезеңде саяси жағдайларға байланысты өзгеріске түсуі және бүгінгі тәуелсіздік дәуіріндегі оның өзектілігі туралы кеңінен әңгіме өрбіді. Талқыланған мәселе бойынша жарыссөзде филология ғылымдарының докторы Зейнеп Базарбаева, психология ғылымдарының докторы, профессор Құбұғұл Жарықбаев, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Фаузия Оразбаева және басқа да ғалымдар сөз сөйледі. ҚР ҰҒА Қоғамдық және гуманитарлық бөлімшесінің жалпы жиналысы латын әліпбиін қолдау және енгізу жөнінде тиісті шешім қабылдады.
Филология және көптілді білім беру институтының 2 курс студенттеріне «Түркі латын әліпбиі» пәні және барлық педагогикалық бағыттағы бакалавр мамандықтарының оқу бағдарламаларына «Түркі латын әліпбиінің негіздері», «Қазақ халқының рухани мәдениеті» пәндері енгізілді. Елбасы бағдарламалық мақаласын жариялаған күннен бастап латын графикасына көшу мәселесі жан-жақты сарапталып, зерттелуде. Жалпы, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы университет оқытушылары мен студенттері арасында кеңінен қолдау тауып, жақсы істердің бастаушысына айналып отыр.
Жаһанданудың негізгі мағынасы халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Бұл үрдіс – экономикалық, технологиялық, мәдени-әлеуметтік және саяси күштердің қисындасуы. Жаһандану экономикалық, ақпараттық, саяси, экологиялық, мәдени және тағы басқа болуы мүмкін. Бүгінгі таңда ҚазҰПУ әлемнің бірқатар жетекші жоғары орындарымен ынтымақтастық орнатқан.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.