Қарқара құстың қайтқаны…

  • 18.10.2018
  • 74 рет оқылды
  • 0

Уақыт атты әміршінің уысында адам баласының қысқа ғұмыры санқилы кезеңдерді бастан өткерері даусыз. Қазақ поэзиясының шолпан жұлдызы Мағжан: «Сұм өмір абақты ғой, саналыға» деп, бекер безбендемегені анық.
Таңның атқаны мен күннің бат­қанына тәуелді өмір-ай, десеңізші… Тәуелсіз ел атанып, оң мен солымызды парықтап, өшкенімізді жандырып, жоғалғанымызды жаңғыртып, асылдарымызбен қауышқан сәтті қалай жырласақ та жарасады. Кешегі «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламада» керқұландай жосып кеткен, Жер шарының түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған қандастарымызды тарихи атажұртына қайтару мәселесі оңайға түскен жоқ.
Елбасының өз еліне деген шынайы сезімімен қозғалған жез­бұйдалы көштің легімен талай асылдарымыз елге қарай ағылды. Пре­зиденттің «Қазақтың тарихы – бірігу тарихы» деген сөзінің ләміне тақілеттес, тағдырдың жазымышымен тарихи Отанынан жырақта жүрсе де жүрегі қазағым деп соққан барша қандас бауырларымыздың жатса-тұрса тілейтіні қазақ топырағына аман-есен оралып, ата шаңырағының бір уығы болып шаншылу еді. Алқынып жеткен ақ бұлақтай жиылып бір дарияның арнасына құйылу болатын, арманы. Аллаға шүкір, тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдың жүзі толды. Осы тұста біраз ағайын атажұртымен қайта қауышты. Олардың арасында ұлтымыздың мәдениеті мен әдебиетіне үлес қосқан шоқ жұлдыздарымен қатар жезтаңдай әншілер, мың бұралған биші, дәулескер күйші, ғылым иелері, түрлі техникаларды жетік меңгерген мамандар келді. Солардың арасында Шұғыла Сапарғалиқызы мен Майра Мұхамедқызы да оралды. Олар бүгін еркін аспан астында ел қатарлы жұмысын жүргізіп, Отанымыздың көркейіп гүлденуі жолында өз үлестерін қосуда.
Біз бұл мақаламызда 1939 жылы Баянөлгей аймағының Тұлбакөл ауылында дүниеге келіп, өз тілінде небәрі үш-ақ жыл дәріс алып, қалған білімін моңғол тілінде жетілдірген тұлғаның өмір өткеліне үңіліп көрмекпіз. Қазақ елі тәуелсіздігін жариялағаннан кейін алғашқы көш қарлығаштарының бірі болып, Моңғолиядан 1992 жылы шілде айында Жамбыл ауданына біржола қоныс аударғандардың бірі Жәмлиқа Шалұлы болатын. Анасынан ерте айырылған ақ үрпек балапан, қанаты қатаймай тұрып, тағдырдың домна пешіне түсіп, құрыштай қорытылып, өз қатарластарынан ерте есейеді. Алғашқы тырнақалды туындысы небәрі 16 жасында моңғол тілінде жарық көреді. Орта мектепті үздік нәтижемен аяқтап, Моңғол елінде Ұланбатыр Мемлекеттік уни­верситетінің моңғол тіл-әдебиеті факультетіне қабылданады. Аталмыш оқу орнын бітірген соң көп ұзамай Моңғолия Жастар одағы Орталық комитетіне лауазымды жұмысқа тағайындалады. Сол орталықтағы «Жастар ақиқаты» («Залуучуудын үнен») газетінде бөлім меңгерушісі, «Мұрагер» журналында жауапты хатшы қызметін атқарады. Тарих парағында дара соқпақты жолдан өткен парасат иесінің есімі моңғол әдебиетінің 1960-70-жылдарындағы белді өкілдерінің қатарында аталуының өзі бір ғанибет емес пе?.
Жәмлиқа Шалұлы: «Мені екі ой мазалайды. Соны тағалап айтып, сараптасам жай табатындаймын. Бұл жарық дүниеге келгелі қаталдық көріп, қарғысқа ілінгенім шамалы. Адам баласына күнделікті кездесетін, бүгін көрініп, ертең ұмытылатын жағдайлар көп. Өмір «Сенің табаныңа шөгір кіргенше, менің маңдайыма тас батсын!» демейді ғой! Тағдыр кімге не жазды, соны көреді»,– деген. Міне, бұл жазушының өз өмір естелігінен алынған үзінді. Асқақ дарын иесі, ешқашан таршылыққа мойынсұнып, сағы сынып көрген жан емес еді. Қалам ұшына тұнған сырды мөлдіретіп қағаз бетіне түсіріп барып жаны жай табатын, сыршыл ақын еді. Жазушының ішкі «Мені» мен ой иірімінің арпалысуынан туындаған шығармаларын оқыған жан тебіренбей, толқымай қоймайды. Ақын дегеніміз – аса нәзік сезімнің иесі. Шабыт құсы құйқылжып, шартарапқа көз салып, тамырындағы өзендер тулап аққан сәтте, ол бұл бес күндік жалғанның күйбең тіршілігін сәтке болса да ұмытып кетеді. Тура сол мезетте одан өзге бақытты жан жоқтай күй кешеді. Ақынның «Мені екі ой мазалайды» деуінің сыры тек өзіне ғана аян жұмбақ дүние… «Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп хакім Абай жырлағандай, санаулы ғұмырын босқа сарп етпей, Жәмлиқа қазақ руханияты мен мәдениетіне сүбелі үлес қосты. Соңына өлшеусіз мол мұра қалдырған Алтай тауынан қанаттанып, Алатауға қонақтаған Мұзбалақтың шығармаларындағы екінші өмірі болашақпен бірге жасай берері хақ. Жәмлиқа Шалұлының еңбегіне тәнті болған моңғол әдебиетінің көрнекті өкілі С.Надмид: «Жәмлиқа дамылсыз күркіреп ағатын өзен тәрізді. Тау өзенінің сылдыраған мөлдір ағысына жан-тәнімен ғашық жазушы. Ол ұлы дарияның жайбарақат бола тұра, асау екпінімен арқырап ағатындай алуан сиқырлы сырын көкірек күмбезіне сидырып, оны бүгінгі тірліктің алға ұмтылған арынды ағымына шебер үйлестіре біледі. Сондай-ақ, лайсыз мөлдір өмірдің телегей теңізіне қадам басқан ертеңін күнәсіз сәбидей армандайтын, өмірге үлкен құлшыныс жігермен ұмтылатын, өнердің сенімді өкілі екеніне қызыға да, таңданыспен қараймыз…» деген еді. С.Надмидтың осылай ағынан жарылуының себебі жетерлік.
Өзі қарбалас жұмыс бабымен жүрсе де, әдебиетке деген ыстық сезімін суытпай, жүрісінен жаңылмай еңбектенгені бізді тәнті етеді. Бұл баршамызға үлгі болатын тұлға, сол үшін де соңына қалдырған өшпес мол мұрасын зерттеп-зерделеу болашақтың еншісінде. Сондықтан, жыл өткен сайын моңғол жерінен елін аңсап жеткен аруана алыптың есімі жаңғыра бермек. Жәмлиқа Шалұлы ақын, жазушы ғана емес, көрнекті аудармашы ретінде де моңғол жұртына кеңінен мәлім. Аударма саласына бетбұрған азамат Шәріп Өтеповтың «Шығыс қызы» атты кітабын 1969 жылы мамыр айында 2000 данамен қазақ тілінен моңғол тіліне аударып шығарса, 1978 жылы заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының бірінші, екінші томын моңғол жазушылармен бірлесіп шығарады. Содан кейін үшінші, төртінші томын өзінің жеке аударуында тәржімалап, барлығы 4000 данамен жарық көреді. Сонымен қатар, 1983 жылы «Тарту» деген атпен қазақстандық елу ақынның антологиясын құрастырып, моңғол тіліне тәржімалайды. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлидің «Шымыр жаңғақ» атты өлеңдер жинағын аударып, 5000 данамен бастырса, қазақтың намысын найзағайдай қорғаған Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын!» өлеңдер жинағын 2500 данамен аударып шығарды. «Айгүл қойшының бір күні» деген атпен балаларға арналған Абай, Жамбыл, Кенен Әзірбаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев, Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов бастаған 60 ақынның шығармасын аударып, 1988 жылы 1500 данамен басып шығарды. Тынбай ізденіп, жемісті еңбек етуінің арқасында, қазақ әдебиетіне деген моңғол халқының ықыласын арттырып, назарын бұрғызды. Ол атажұртынан алыста жүрсе де өз ұлтына деген шексіз махаббаты мен перзенттік борышын сақтады. 1973 жылы Жәмкеңнің игілікті ісінен хабар тапқан ұлы жазушы Сәбит Мұқанов жас жазушының еңбегіне сүйініп арнайы хат жазып, өзінің алғысын білдіріпті. Енді бағамдай беріңіз, Алтайдың арғы бетіндегі бауырына дән риза болған ағасының ыстық ықыласына бөлену екінің біріне бұйыра салатын дүние емесі анық.
Қазақ әдебиетін шет тіліне аударып, насихаттауда Жәмлиқадай еңбектенген жан кемде-кем. Бір өкініштісі, арман арқалап атажұртына қоныс аударып келгенде бірде-бір кітабының баспадан шықпай қалуы, есіл ердің еңбегінің еленбеуі, мұндағы жұрттың түсінбеушілігі ақын жанына ауыр тигені анық. Солай да солай, жаны жай таппай, басын тауға да, тасқа да ұрған Жәмкең мұңлықтың күйін кешіп, жапанда жалғыз қалады… Белгілі журналист Рәтбек Терлікбаев «Жәм-ағаң – Жәмлиқа Шалұлы қазақтың көрнекті жазушысы еді. Керегесі кең Керей атамыздың ұлы ұланы болатын. Ұлы болатын себебі аз емес еді. Күллі моңғол жұртына Абайды, Мұхтар Әуезовті, Сәбит Мұқановты, Махамбетті, Жамбылды түсіндірген бесаспап аудармашы, өз қаламынан ондаған кітап тудырған, прозаны да, поэ­зияны да еркін игерген кәсіби қаламгер атамекеніне келіп, он жеті жыл жасады. Осы уақытта бірде-бір кітабі жарық көрмеді. Бірақ, артына мол мұра қалдырды. Әсіресе, соңғы жылдары жазған әңгімелері аса шұрайлы еді-ау! Қайран, Жәкең! Енді, бір екі-үш айда жемісті жетпісін жадырап қарсы аламын деп жүргенінде… Менің Жәм-ағам бала сияқты аңқау еді, сері жігіттей сырбаз еді, қария сияқты данышпан еді. Қайран да қайран, қайсарым! Ай-күннің аманында айрылып қала бердік. Әлі сенбейтін сияқтымын. Сенгім келмейді. Жәм-ағам бір күні өзіне жарасар көзілдірігінің астынан көзі күлімдеп, алдымнан шыға келетіндей сезім кешемін. Енді, жолықпайтынын ойлағанда, жабығамын», – деп көңілі құлазып күңіренеді. «Жазмыштан озмыш жоқ» демекші, Жәмлиқа Шалұлы 2008 жылы 69 жасында бұл фәнимен қоштасты.
2010 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Алматы облысының әкімі Серік Үм­бе­товтың қолдауымен жарық көрген «Тағдыр пернесі» атты кітабы қолымызға түсті. Бұл кітапты жа­зу­шының аяу­лы жары Нәзира Нұр­ғалиқызы құрастырған екен. Кітапқа қазіргі заман тақырыбымен қатар Алтайдың арғы бетінде өмір сүретін қазақтардың қарапайым тұрмыс-тіршілігі, ХХ ғасырдың 30-50 жылдардағы өтпелі тағдыры «Менің құбылам», «Моңғолдар», «Ой көзімен» атты естелік-эсселерінде мейлінше көрініс табады. Атажұртына ауған аңсары көркем сөзбен әспеттеледі. Жәмлиқаның өнегесін үйреніп, тәлімін алған інісі, түркі тілдес халықтардың ІІ поэзия фестивалінің лауреаты, ақын Жүкел Хамай: «Жәкең Моңғолия Жазушылар одағында кеңесші, басқарма мүшесі қызметін атқарды. Мен сол кезде Жазушылар одағының қасындағы поэзия кафедрасында дәріс алып жүргеніме байланысты Жазушылар одағына күнделікті барып, Жәкеңнің кеңсесінде жиі-жиі болатынмын. Жолыққан сайын Жәкең болат ұшты қаламына қара сияны толтырып алып, ортасынан бөліп үнемдеген ақ қағазға әлденені жазумен, аударумен отыратын. Мені қуана қарсы алып, қазақ халқы жайлы небір әңгімелер қозғап, көңіл сергітіп қалатынбыз. Мұны моңғол жазушылары да сезетін. Біздің бұл отырысты көріп, олар мәз-мейрам боп «Алтайдың ұлдары», «Қазақтың ұлы өкілдері», «Қазақтың қарашаңырағы» деп қалжыңмен қағытатын. Екеуміз Жәкеңнің еңселі кеңсесінде қазақтың тарихын бір төңкеріп тастайтынбыз. Моңғол қаламгерлерінің Абай, Жамбыл, Сәкен, Олжас, Ұлы Мұхтар жайлы ой-пікірлерін Жәкеңнің сол бөлмесінде естіген едім. Сондықтан да, Жәкеңнің бөлмесі маған қазақ әдебиетінің Моңғол Жазушылар одағындағы өшпес бір ошағындай сезілетін», – деп еске алады.
Бұдан біз Жәмлиқа Шалұлының Моңғолияның қазақтілді әдебиетінің өркендеп, қанат жаюына үлкен үлес қосқан ерекше айтулы тұлға еке­нін көреміз. Моңғол тілінде сауат ашқан қазақ жастарының өз ана тілі өркениетінен айырылып қалмауы үшін жанталасқан дегдар жан иесі еді ол.
Иә, атамекеніне аман-есен оралып, осы өлкеде талай әдеби дүние туындатқан, сөйте тұра өмірден арманда өткен Жәмлиқа Шалұлының ұлы мұратынан туындаған сәулелер әлі де талай жүректі оятары анық.

Көгедай ШӘМЕРХАН

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.