Тіліміздегі кейбір әріптерді қалай аударым жасау жайында

  • 18.10.2018
  • 84 рет оқылды
  • 0

Қазіргі таңда қазақ тілінің ұлт­тық бол­­мысын сақтап қалу және ұлттық сөз на­қышын қайта жаңғырту алфавитті латын қарпіне көшіру қарсаңында өте үлкен жауап­керші­лікпен істелетін келелі жұмыс. Осы ретте емле мәселесін жүзеге асыруда тілші мамандардың атқарар жұ­мы­сы өте күрделі. Мұны екінші кезектегі үлкен міндет деп санау қажет. Өйткені, мемлекеттік тіл қазақ тілінің дыбыстық жүйесін әліпби ауыстыру қарсаңында қайта реформалау тіліміздің ұлттық сипатын жоғалтпаудың, оның жасампаздығы мен өміршеңдігін қамтамасыз етудің маңызды шарты болмақ.
Қазақ тілінде кирилл қарпінің енуімен бірге сөздік құрамға етене еніп, емле ережелерін бағындырып алған тіліміздің табиғи дыбысталуы мен заңдылығына қайшы келетін тілдік құбылыстар баршылық. Орыс тілінен енген «ю», «я» дыбыстарынан тіпті де айрылғымыз жоқ, оларды қазақ тіліндегі естілімі бойынша йұу/йүу, йа деп жазсақ, үйреншікті көзшалымға жат сияқты көрініп, қабылдай алмай жатқанымыз да шындық. Сөздерді орфоэпия бойынша жазсақ, көзіміз «жақтырмай» қате көргендей шошынамыз. Мүмкін, үйреншікті көзге осылай қабылдау заңды да болар. Алайда, егер, осылай жалғаса беретін болса, түбінде ұлттық жазу өз болмысынан алшақтап кететінінде дау жоқ. Ал, қазақ жазуын латын қарпіне көшіру осындай «көзге түрпідей тиетін» өзгерістерді енгізу үшін өте қолайлы жағдай болып отыр. Кирилде «қате» көрінген мұндай жаңартпалар латын қарпімен берілгенде көзге ұрмайды, халықтың көзшалымдық қабылдауына жеңілдік туғызады. Өйткені, сөздерді латынмен жазғанда жаңартпалар ғана емес, сөз түбірімен басқа қаріптерге ауысып, өзгереді. Осы орайда қазақ жазуына ұлттық дыбыс жүйесі мен айтылым нақышына сәйкес тиімді реформа жасау кезек күттірмейтін өзекті мәселе.
Қазақ тіліне кезінде кирилл қарпімен бірге орыс тілінен ю, я әріптері енді. Бұлар да и, у дыбыс­тары сияқты дифтонг дыбыстар делініп, дауыстыға жатқызылады. Сөйтіп, ая, сая, жая, аю, қою, ою, қоян, ноян т.б. құрамында осы әріптер бар сөздерімізде екі дауысты қатар тұра беретін болды. Бұған көз де үйренді. Енді, осыны айа, сайа, жайа, айұу, қойұу, ойұу, қойан, нойан т.б. деп жазсақ, көзге жат сияқты көрінді. Алайда, бұл осылай жазылуға тиісті еді. Себебі, біріншіден, я, ю әріптері қазақтың төл әріптері емес, бірі екі дыбыс, екіншісі үш дыбыстан тұрады. Екіншіден, морфема ішінде екі дауысты қатар тұрмайды, бұл жағынан қазақ тіліндегі дыбыс тіркесіміне қайшы келеді, үшіншіден, и, у дыбыстары бар сөздер сияқты буынға бөлуде қиындық тудырмағанмен, яғни, буынға бөлінгенмен, екінші, үшінші, яғни, сөздің соңғы буындарында жалғыз тұрып буын құрайды. Ал, қазақ тілінде басқа дауысты дыбыстар жалғыз тұрып сөздің басында ғана буын құрайды. Мысалы, а-на, о-тан, е-тік т.б. Ал, йа және йұу/йүу болғанда олар құрамындағы екі және үш фонема арқылы буын құрап, соңғы екінші, үшінші, соңғы позицияларда жалғыз тұрмай, қосар дыбыстарымен бірге буын құрайды: а-йа, са-йа, жа-йа, а-йұу, қо-йұу, о-йұу, қо-йан, но-йан (латыншасы: a-i’a, sa-i’a, ja-i’a, a-i’uy’, qo-i’uy’, o-i’uy’, qo-i’an, no-i’an). Үшіншіден, ая, сая, жая, аю, қою, ою, қоян, ноян сияқты тасымалдай алмайтын болсақ, енді са-йа, жа-йа, қо-йұу, қо-йан, но-йан сияқты сөздерді тасымалдай алатын боламыз. Сонымен, осылайша, жоғарыдағыдай я, ю әріптерін дыбыстық құрамына қарай йа, йұу/йүу деп таратып жазар болсақ, я, ю әріптерінің сөздер ішіндегі барлық кездесу позицияларын анықтап алу қажет. Өйткені, бұл әріптер барлық позицияда йа, йұу/йүу болып орфограммалана ала ма деген сұрақ туындайды. Мұны анықтау әсіресе, кирилл қаріпті мәтіндерді латынға автоматты көшіру ісі үшін маңызды. Я әрпімен жазылатын сөздер қазақ тілінде сөз басында көп кездеспейді. Олар: яғни, яки, я, япырай, япырмай, япырау сөздері. Мұнда да япырай сөзінің нұсқаларының есебінен шығып отыр. Латынмен: i’ag’ni’, i’aki’, i’a, i’apyrai’, i’apyrmai’, i’apyray’. Компьютерлік бағдарлама я-дан басталатын сөздерді йа дыбыстарына автоматты түрде көшіргенде ешқандай қалыс жағдайлар болмайды. Сондықтан, мұндайда компьютер бағдарламасына сөз басындағы я-ны түгелдей йа-ға ауыстыруға болады. Ал, я-дан басталатын январь, янтарь сөздерінің тілімізде қазақша баламасы бар, әрі бұл сөздерді де кирилмен йанварь, йантарь, латынмен: i’anvar, i’antar деп жаза беруге болатын сияқты.
Ал, я әрпінің алдында и фонемасы тұрса, онда и мен й қатар келіп қалады. Мысалы: қия – қийа, қария – қарийа, зиян – зийан деп көшіріледі. Егер мұндай ия әріп тіркестері бар сөздердің емлесін қайта қарастырып, и фонемасының орнына қысаң ы/і дыбыстарын қосып, қария – қарыйа, құпия – құпыйа, дария – дарыйа, жария – жарыйа (qaryi’a, qupyi’a, daryi’a, jaryi’a) деп жазар болсақ, и-дың орнына ы/і фонемаларын жазғанда әріп саны көбеймейді. Демек, ия әріп тіркесі бар сөздерді латын қарпіне автоматты көшіруде ия-ны ыйа дыбыстар тіркесіміне ауыстыру туралы программаға арналған ереже беру керек. Егер, бұл сөздерге қысаң ы/і дыбыстарын қосып жазбайтын болсақ, я әрпінің алдында и фонемасы келсе, а болып қана өзгереді деген ереже керек. Яғни қария – қариа, құпия – құпиа, дария – дариа, жария – жариа (qari’a, qupi’a, dari’a, jari’a). Алайда бұл сөздер қазақ тілі сөздері болғандықтан, дыбыстар тіркесім заңдылығына сәйкес ы/і қысаң дыбыстарын қосып, ұзақ и орнына қысқа й-ды берген дұрыс болар еді: қарыйа, дарыйа, жарыйа деп. Бұл сөздер дұрысында қысаң дыбыспен дыбысталады. Алайда жазуда қария, құпия, дария, жария т.б. болып жазылған соң, айтуда да солай қысып дыбыстап кеткенбіз.
Ия әріп тіркесімінен тұратын қазақ тілінде халықаралық терминдер, орыс тілінен енген сөздер, терминдер бар. Мысалы: станция, милиция, демократия, деривация, морфология, лексикология т.б. толып жатыр. Егер я әрпін латын қаріпті әліпбиде белгілемейтін болсақ, осындай терминдерді қалай жазамыз деген сұрақ туындайды. Жоғарыдағы ия-ыйа дыбыстар тіркесіміне ауыстыра салсақ былай болар еді: станцыйа, милицыйа, демократыйа, деривацыйа, морфологыйа, лексикологыйа. Ал, бұлай жазар болсақ, терминдерді дыбыстауымыз да дұрыс болмай қалады. Сондықтан, бұл жерде ия тіркесіне қатысты басқаша келу керек.
Жоғарыдағы ия әріп тіркесімен келетін қазақ сөздерінің алдына ы/і қысаң дыбыстарын қосып жазуға көзшалым мен естілімде қабылдауға мүмкін болса, станция, милиция, демократия, деривация, морфология, лексикология сөздерінде я-ны а фонемасымен ғана ауыстыру керек: станциа – stanci’a, милициа – mi’li’ci’a, демократиа – demоkrati’a, деривациа –deri’vaci’a, морфологиа – morfologi’a, лексикологиа – leksi’kologi’a. Демек, қазақ сөздеріне арналған ия дыбыс тіркесін ыйа-ға ауыстыру туралы ереже бұл сөздерге жүрмейді. Программа тілдік бірліктерді формальді тұрғыдан ғана танитын болғандықтан, ия әріп тіркесін латын қарпіне ауыстыруда екі түрлі ереже жасау қажет болады. Мұндайда ия әріп тіркесімен келетін қазақ сөздері аз болғандықтан, ия-ны ауыстырудағы қалыс (исключение) жағдайлар ретінде бағдарламаға сол сөздердің тізімін беру керек. Өйткені, терминдер төл сөздерімізден көп. Я фонемасы екінші орында келетін тілімізде мынадай сөздер бар: ая, ұя, оян, оят, ұят, аят, ояу, ұяң, аяң т.б Бұл сөздердігі я-ны йа-ға ауыстырса: айа, ұйа, ойан, ойат, ұйат, айат, ойау, ұйаң, айаң (ai’a, ui’a, oi’an, oi’at, ui’at, ai’at, oi’ay’, ui’an’, ai’an’). Алайда бұл жерде тағы да я әрпі екінші орында тұратын термин сөздерді ескеру керек. Я фонемасы үшінші орында тұратын сөздер: баян, баяу, шаян, қоян, тоят, қаяу, саясат, баялыш, баяндама, жая, сая, даяшы, даяр, жаяу, зая, пая, мая, тая т.б. Сонымен қатар, сөз түрленімде й дыбысына біткен етістіктерге көсемшенің -а тұлғасы жалғанғанда й+а тіркесімі орыстың я-сымен жазылады. Мысалы: қой+а – қоя, жой+а+ды – жояды, той+а+сың – тоясың, азай+а – азаяды, жай+а – жаятын т.б. сөзформалар. Бұл сөздердегі я фонемасын йа-ға ауыс­тырып жазып көрейік: байан, байау, шайан, қойан, тойат, қайау, сайасат, байалыш, байандама, жайа, сайа, дайашы, дайар, жайау, зайа, пайа, майа, тайа т.б. латынмен: bai’an, bai’ay’, s’ai’an, qoi’an, toi’at, qai’ay’, sai’asat, bai’alys’, bai’andama, jai’a, sai’a, dai’as’y, dai’ar, jai’ay’, zai’a, pai’a, mai’a, tai’a.
Сөз соңында я әріпті сөздер аз кездеседі: қария, құпия, дария, жая, жанұя, зая, сая, ая, мая, пая. Сөз соңында кездесетін я дыбысты сөздер -а көсемше формалы етістіктер есебінен толығады. Мысалы, қоя, жоя, жая, ақырая, шалқая, аңқая, қомпая, томпая т.б. Бұл сөзформаларда да я-йа болып көшіріледі: қойа, жойа, жайа, ақырайа, шалқайа, аңқайа, қомпайа, томпайа т.б. (qoi’a, joi’a, jai’a, aqyrai’a, s’alqai’a, an’qai’a, qompai’a, tompai’a). Сөз соңында я фонемасы термин сөздерде жиі кездеседі: батарея, авария, поэзия, диарея, бакалея, ария, автономия т.б. Жоғарыда ия әріп тіркесімен келген төл сөздер мен термин сөздер туралы айтқан едік. Онда я әрпі алдында и фонемасы келсе, а болып қана өзгереді деген ереже беру керек дедік. Ал, енді, я фонемасының алдында и-дан басқа дыбыс келсе (дауысты), бұл ереже дұрыс болмайды. Мысалы: бакалея, батарея сөздерінде я-ны а-ға ауыстыра алмаймыз. Яғни бакалеа, батареа демейміз. Дұрысы: бакалейа, батарейа (bakalei’a, batarei’a). Олай болса, латын қарпіне көшіру бағдарламасына ия әріп тіркесінен басқа жерде я фонемасы йа болып таңбаланады деген ереже беру керек.
Сонымен,
1) ия әріп тіркесімен келетін қазақ сөздерінде (қия, қиян, жия, қария, құпия, жария, дария т.б.) я фонемасын ыйа әріп тіркесіміне ауыстыру керек. Сонда: қыйа, қыйан, жыйа, қарыйа, құпыйа, жарыйа, дарыйа (qyi’a, qyi’an, jyi’a, qaryi’a, qupyi’a, jaryi’a, daryi’a);
2) ия әріп тіркесімен келетін термин сөздерде я-ны а фонемасымен ғана ауыстыру керек. Яғни: станциа – stanci’a, милициа – mi’li’ci’a, демократиа – demоkrati’a, деривациа –deri’vaci’a, морфологиа – morfologi’a, лексикологиа – leksi’kologi’a.
3) ия әріп тіркесімінен басқа термин сөздердегі я-ны йа-мен таңбалап көшіру керек. Мысалы: бакалейа, батарейа (bakalei’a, batarei’a). Ал, енді, ю фонемасына келсек, қазақ тіліне ю әрпі орыс тілінен енген. «Әріптердің жиілік сөздігінде» 42 әріптің ішінде көлемі 6-7 миллион сөзқолданыстан тұратын мәтінде 11861 жиілікпен 37-ші орында тұрады екен. Бұл жиіліктің өзі термин сөздердің есебінен шығып отыр. Ал, қазақ тілінде ю-мен келетін сөздер сирек: аю, ою (оюла) қою (қоюлан, қоюлану, қоюлық). Ю фонемасы қазақ тілінда үш дыбыстың қосындысынан тұрады. Оның жуан және жіңішке варианты бар: йұу/йүу. (Езулік дауыстылармен келген сөздерге жалғанғанда қысаң естіледі: йыу/йіу). Жоғарыдағы сөздерді былай жазу керек болады: айұу, ойұу, ойұула, қойұу, қойұулан, қойұулық. Латынша: ai’uy’, oi’uy’, oi’uy’la, qoi’uy’, qoi’uy’lan, qoi’uy’lyq.
Ю фонемасын қазақ тілінің дыбыстық әуезіне сәйкес осылай үш әріппен жазған қай жағынан алса да, дұрыс болады. Ю-ды иу деп ауыстырған ешқандай нәтиже бермейді, яғни, қазақ тілінің дыбыс жүйесін түзетуге, дұрыс емле жасауға септігін тигізбейді, сөйтіп, ю-ды қазақ әліпбиінен алып тастағанның еш мәнісі болмайды. Мысалы: аиу- ai’y’, қоиу- qoi’y’ деп жазсақ, иу деген тіркес қазақ тілінің заңдылығына жат. Қазақ тілінде иу-мен келетін сөздер бірлі-жарым ғана (миуа, диуана, хиуалық). Бұл иу әріп тіркесімен келетін сөздер негізінен термин сөздер болып келеді. Олар: социум, аквариум, натариус, президиум, радиус, триумф, континиум т.б. Бұл әріп тіркесі 1079 әріп тіркесімінен (диграф) 402 жиілікпен 649-шы орында тұрады екен. Біздіңше, бұл жиілік термин сөздердің есебінен шығып отыр.
Қазақ тілінде ю әрпінен сөз бас­талмайды, тек терминдерде ғана кездеседі: юмор, юрист, юпитер. Қазақ мәтіндерінде ю-мен келетін термин сөздер кездессе, ю таңбасы латын қарпінде жоқ болғандықтан, ю күйінде қалдырылмайды, оны басқаша таңбалау қажет болады. Ал, енді, жоғарыдағыдай термин сөздерді йұу/йүу деп таңбалай аламыз ба?
йұумор, йұурист, йұупитер – i’uy’mor, i’uy’ri’st, i’uy’pi’ter.
Әлде мұндай термин сөздерге келгенде орыс тілінің тіркесім заңдылығымен иу деп берсе ше?
иумор, иурист, иупитер – i’y’mor, i’y’ri’st, i’y’pi’ter.
Мұны алда емле жасаушылар ойластыру қажет. Ал, автоматты аударым жасау жазу емлесінің шешіміне негізделеді.
Қазақ тілінде ю фонемасы негізінен термин сөздерде кездеседі. Олар: абсолют, революция, бюллетень, глюкоза, интервью, июль, компьютер, сюжет, маникюр, юбилей, продюссер, флюрография, т.б. Бұл сөздерді латын қарпімен беруде де жоғарыдағы ереже ескеріледі. Яғни, иу дыбыс тіркесімен берсе: absoliut, revoliuci’a, biulleten, gliukoza, i’nterviu, i’iul, kompiuter, siujet, mani’kiur, iubi’lei’, prodiusser, fliurografi’a. Сонымен қатар, бұлардың ішінде ия әріп тіркесімен бітетін революция, флюрография сияқты сөздерде я-ға қатысты да емлені сақтау керек. Яғни, я-ның алдында и тұрса, автоматты аударымда а әрпін ғана жазу керек.
Ю фонемасы сонымен қатар қазақ тілінде й-ға біткен етістіктерге у тұйық етістік жалғанғанда кездеседі. Мысалы: құй-+у – құю, жой+у – жою, ой+у – ою, түй+у-түю. Бұл сөздердегі ю фонемасын йұу/йүй түрінде жазатын болсақ, құйұу, жойұу, ойұу, түйүу (qui’uy’, joi’uy’, oi’uy’, jyi’uy’, tu’i’u’y’) болады. Мұндай сөздерде ю әрпін йұу/йүу-ге автоматты көшіргенде проблема жоқ. Проблема ю әрпінің алдынан и фонемасы тұрғанда көрінеді. Мысалы, жию, тию, қию сөздерінде ю әрпін жоғарыдағыдай йұу/йүу ге ауыстыра салуға келмейді. Жазып көрейік: жийұу, тийүу, қийұу (ji’i’uy’, ti’i’u’y’, qi’i’uy’) десек дұрыс болмайды. Бұл жерде екі қиындық бар. Бірі екі и фонемасы қатар келіп қалады, екіншіден, и фонемасының өзі дауыссыздардан кейін тұрғанда алдынан ы/і қысаң дауыстылары дыбысталады және оларды қосып жазу қажет. Сонда, жоғарыдағы сөздерді былай жазамыз: жыйұу, тійүу, қыйұу (jyi’uy’, tii’u’y’, qyi’uy’). Бұлай жазсақ, ы/і дауыстылары и дыбысының орнына жазылады. Ендеше, мұндай қимыл атауларын латынға көшіргенде ию әріп тіркесінен тұратын қазақ сөз формаларын (у тұйық етістік формалы и дыбысына бітетін етістіктерді) ыйұу/ійүу формасына ауыстыру керек. Мұны автоматты түрде ауыстыруға келмейді. Өйткені, жуан жіңішке вариантын бағдарлама тани алмайды. Сондықтан, қазақ тілінде мұндай сөз формалары көп емес болғандықтан, оларды осы емлемен тізімдеп жазып қана бағдарламаға беру қажет. Сонымен қатар, ю фонемасы қазақ сөз формаларында йы әріп тіркесіне біткен етістіктерге у тұйық етістік жалғанғанда пайда болады. Олар мынадай етістіктер: байы + у – баю т.б. Мұндай сөздерде де ю фонемасы йұу триграфына оңай көшеді: байұу – bai’uy’.
Сонымен, ю фонемасын қазақ сөздерінде кездескенде йұу/йүй триграфына, ал, термин сөздерде иу етіп латынға көшірсе, дұрыс болар еді. Ал, кейбір жағдайлар (аз сөздер болса) «қалыс» (исключение) жағдайлар ретінде программаға тізімделіп беріледі.
Түптеп келгенде, әліпби ауыстыруда ең алдымен, осындай сөздердің емлесін жасап алуымыз қажет. Бұл, әсіресе, кирилл қаріпті көптеген әдебиеттерді (мәтіндерді) автоматты жолмен латынға аудару үшін басты шешіп алатын мәселе.

Аман Әбеуұлы,
ҚХР Орталық ұлттар университетінің докторанты

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.