АДАМИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ

  • 08.11.2012
  • 14338 рет оқылды
  • 1

Жақан Молдабеков,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Ы. Алтынсарин атындағы сыйлықтың жүлдегері

ХХІ ғ. адамның белсенділігі мен шығарма­шылығы артып, оның атқарар қызметін еселетуде. Адамның өнері мен өніміне орай беделі мен берері анағұрлым тез артуда, талпынысы тың өрнек салуда. Өсіп өнген ел-жұрт – кең өрістегі өркениеттің жарасты отағасы, шаруашылықты жүргізудің тұтас әлеуметтік күші екеніне көзімізді жеткізуде. Ынтымағы жарасқандардың жүйелі ұмтылыстан ұтары мол. Бұл қажеттіліктен туындайтын құндылықтар.
Өмір сүрудің жаңа мүмкіндігі адамның белсенділігінен туындайды. Адам атам заманнан бері өзін-өзі бақылап, бағалап, түйіндеп келеді, өзіндік шешімнен нәр алуда. Бірақ адам белсенділігін әркім өз деңгейінде қозғап, әрқалай түсінді және түсіндіруде. Не демелік, адамдық өмірдің мәнісін, тұлғалық болмыстың негізін, кісілік қасиеттердің құндылығын, азаматтық сапаның сабақтастығын ұқпай жаңа мүмкіндіктің не екенін ұғыну, адам капиталын үйлестіру, толықтыру екіталай. Адам құндылығы, оның қосымша құнынан айқын және әрдайым білінеді.
Адам құндылығымен, оның қосымша құны адам капиталын құрайды. Адам капиталын капиталистік қатынас аясында экономикалық дамудың өнімді және интенсивті факторы, отбасынан бастап қоғамға дейінгі сатылы дамуды берік топтастырып жандандыратын қосымша күш-қуат деп қабылдау орнықты. Тегін емес. Оның құндылығы – адамдық өнімде және адаммен топтасқан еңбекте, еңбекшінің шығармашыл күшінде. Адам капиталы – еңбекпен келетін күш-қуат, өндіріс пен еңбекте жанданатын тұлғалық қарым-қатынас, үдемелі табыстың қайнар көзі. Адамдықтың құнары осында.
Адам капиталы туралы сөз қозғағанда, оның ғылыми және идеологиялық, мәдени және саяси жақтарын, сондай жетелі идеяларды ажырата білген абзал. Ол туралы түсінік-көзқарастар бірқалыпты емес (1).
Проблема – адам капиталын зерттеудің методологиясында. Методологиялық жүйе реттелінбегенде түсінік әртүрлі, ұғымдық түсініктің мазмұны анықталынбайды. Белгісіз­дікте адам капиталының мәнісі, оған деген сипаттамалар қандай? деген сауалдар күн тәртібінен түспейді. Енді бірде адам капиталы неден және қалай құралады? – деп көп өлшемді түсінікке жүгінеміз.
Адам капиталы туралы қай идеялар жүзеге асуда, қай тәсілдер қолдау табуда десек, бұл адам ресурсының қаншалықты өміршең екендігіне тиек. Адам капиталы – таусылмайтын жинақы ресурс, үнемі жаңғырып, жалғасын табатын үдемелі қуат пен шабыт бастауы. Оның өтімді мәні –адамның кісілігі мен кірісін қатар көбейтетін қаражат көзін демеуінде, әрі тұлғалық қабілет-қасиетті ту етіп, соған тұрақтауында, соны өндіре жүзеге асыруда. Адамның қимыл-әрекетінде тұлғалық, кәсіби және әлеуметтік қабілеттер бірін-бірі толықтырған сайын, оның бойынан қосымша қасиет, қабілет қуаты өмірлік күш алады.
Адам капиталының бастамасы жалқы емес әрқалай, оның калыптасу бағыты бірсарында емес, түрлі деңгейде тарамдалып жатады деген тоқтам туындайды. Ал, оның өлшемдері салыс­тырмалы түрде дара және бір-бірімен түрлі байланыста болатынын аңғарамыз. Әйтседе, адам капиталын тану жолдары мен өзгерту тәсілдері нақты да кешенді болатынына да күмәнданбаймыз. Адам келбеті мен кісілігі оның капиталын құрастырады. Адам капиталы іргелі де түрлі ерекше идеяларға негізделеді, солардан демеу табады. Оның экономикалық, саяси, ұлттық және тұлғалық түрлері қомақты идеяларды жинақтайды, жебелейді. Адам ресурсы туралы идеяны сабақтау оның бұрынғы даму тәжірибесін жинақтауға және болашақ өзгерістерін болжауға септігін тигізеді (2).
Адам капиталының тәуелсіз де үйлес өл­шем­дерін – мәдени негізін, әлеуметтік тірегін, идеологиялық өлшемін, саяси бағытын, тұлғалық құндылықтарын ескерген сайын, олардың мән-мағынасын толығырақ ұғынуға мүмкіндік ашылады. Саясат пен идеологияның мақсаттары, ғылыми және мәдени түсініктері бірде өзара ұқсап, енді бірде өзіндік ерекшелігін білдіреді. Адам құндылығы туралы саяси және азаматтық көзқарастар әрқашан бір-бірімен үйлесе бермейді. Бірақ қос көзқарас бір арнада тоғысқанда өзекті мәселені дұрыс түсіндірудің дүниетанымдық бағыты тұрақтанады немесе адам факторының рөлін жетілдірудің тың жолдары ұсынылады.
Әр нәрсенің құнын ұқпақ адам құндылықтан қосымша табыс көзін ашсам, соны иемденсем деп үміттенеді. Өзіндік қуатты табыс көзіне айналдыру – алғашқы табыс және соны үнемі қолдау. Әрбір әрекеттің құндылығын жадында түйіндеген, өз ынтасына ықылас танытады, нәтижелі де өнімді іске жол салады. Өнімді іс – өрелі өрістің өлшемі. Соны анықтау барысында, адам өзін-өзі қайрайды, өз қылықтарының салдары мен қабілетінің құнын анықтауға ықылас танытады. Жұмыс күшінің қуаты мен қосымша құны – жігерлі талпыныста. Ал, оның қоғамдық пайдасын идеологиялық өлшем арқылы анықтай аламыз. Адам құнарының қуаты – мәдени капиталда, оның өлшемі мен өресінде. Адам капиталының әрбір мәдениет аясындағы қалыптасу қарқыны бірдей емес. Себебі адам және мәдениет капиталының өзара ықпалы біржақты, бірсыдырғы емес. Г. Беккер (1964) мен Дж. Коульман (2001) адам мен мәдениет капиталы арасындағы байланыстың мән-мағынасын алғаш талдағандар. Олар адамның қабілет-қасиеттері адамның іштей, мәдени жаңғыруына қозғаушы бастама екендігін дәйектеп берді.
Мәдени капиталдың негізін денсаулық, кісілік қасиеттер мен құлшыныстар, экономи­калық табыс пен тиімділік, әлеуметтік бірлестік пен серіктестік құрайды. Бұл негіздер өмірлік мақсатқа жетудің кепілдігі, ұйытқысы. Адам құндылығы игілік пен ізгілікті жасауда жалғасын табады, арнасын кеңейтеді. Еңбектегі құлшыныс, жасампаз күш-қуат – құндылықтың темірқазығы, қажеттіліктің құрамы және құралы. Қосымша күш-қуаттың қарқындауы, оның айналымда алмасуы – мәдени капиталдың құнары. Ол а)өндіріс тиімділігінің өсуіне, ә)жаңа техниканың және информациялық технологияның даму қарқынына, б)құрылымдық қатынастың эволюциясына, в)адамның ақыл-ойы мен қабілет- қасиетінің өзара ықпалдастығына тікелей байланысты. Мәдени капитал адамның материалды және рухани игілікті жасау қабілетімен, тәжірибесімен өлшенеді. Адам капиталын тәжірибелік, салт-дәстүрді, идеологиялық, интеллектуалды және нәтижелі тұрғыдан сипаттауға, түсіндіруге, бағалауға болатынын жадымызда сақталық. Танымдық талпыныста бұл өлшемдердің тетік күйін қалай қалыптастыруға немесе қолдануға болады деген ойтүрткі туындайды. Әр өлшемнің тетігін анықтау аралас тәсілдерге тәуелді.
Тұрмыстық өмірде адам капиталы мәселесін қозғау дегеніміз адамның денсау­лығын, көңіл-күйін, мінез-құлқын, ерік-жігерін, зейне-зердесін, интеллектуалды даму аумағын, қысқасы, өмір сүру тәсілі мен өмірлік стратегиясын тілге тиек ету, сол қабілет-қасиеттердің басалқы сипаттарын бетке ұстау. Олай деуге себеп адам капиталы, біріншіден, әлеуметтік дамудың факторын құрайды, екіншіден, әлеуметтік және рухани-кісілік факторды халықтық капиталға айналдырудың тетігі болып табылады.
Мәдениетті адам өз ісіне мекем, еліне өнегелі, ортасына сыйымды келеді. Өйткені ол өзгені қорсынбайтын, өзін зорсынбайтын жетелі адам. Оның ойы озық, сондықтан мінезі тозық, қылығы пасыққа ұрына бермейді. Адам таза сынақтан өткенде бағын сынай алады. Ондай сәттен шеттеу – дәрменсіздік. Дәрменсіз сын сағатта өзінің шынайы біліктілігін қорғай алмайды. Дәрменсіз ахуалда адам да, мекеме де байыпты ырқынан жаңылады. Жүйесіздік жалқаулық пен жеңілдікке ғана емес, жемқорлыққа да эти­калық норманы бұрмалауға да жол ашады. Жемқорлық адамгершілікті бұзып, ар-намысты аяқ асты етеді, жабайылық пен анайылықты өршітеді. Дәрменсіздік пен жабайылық – кәсібилікті таптау.
Мәдени капиталдың адами белгілері мен белестері еңбектену аясында қалыптасады, қоғамның интеллектуалды және мәдени сұра­нысына орай жаңғырады. Тер төгер еңбек, интеллектуалды құлшыныс, атқарушы қызметтегі тәртіп пен жауапкершілік бір-бірімен ұласса, сол ортаның әлеуметтік белсенділігі мен серіктестігі де, сонымен қатар адам капиталы да арта бермек. Жетістік көзі осында.
Өндірістің жаңа технология мен кәсіби мамандарға негізделіп, қарқындай түсуі, байырғы қалыптасқан түсініктер мен көзқарастарды қайта қарауға мәжбүр етеді. Нақты жағдайда адам капиталын оның білімінен, өнімді еңбегінен, сапалы өмір сүру салтынан тыс қарастыруға, қабылдауға болмайтынын, қайта сол индикативті көрсеткіштермен өзара байланыста қарау қажеттілігі тамыр жаюда. Оған ежелгі дәуірден адамның күш-қуатын паш еткен құнды ойлар, идеялар, қағидалар да ұйытқы болды.
Мәдениеттіліктің көрсеткіші – өзінің маңына білікті маманды жинай білу, өзіне сөз, өзі жұмыс істейтін орта мен салаға кір келтірмеу; біліктілік пен бәсекелестіктің, сергектік пен серіктестіктің үлгісі, ізденіс пен іскерліктің нәтижесі. Адам әлеуеті біліктілік пен бәсеке де ғұмырлық арнасын табады, құндылық қажетімен жинақталады, өз қабілетінің әр қырынан жаңғырады. Оның ішкі өлшемдері – біліктілік, адамгершілік, имандылық, инабаттылық, адамды жан жақты жетілдіретін ұмтылыстар. Өмірлік ағыстармен білімді жетілдіру мәдениеттілікке жол ашады. Білікті маманды парасаттылықпен, адамгершілікпен, имандылықпен толықтыру – оның кісілігін мәртебелеу және көтермелеу.
Адам капиталы іскерлік қасиетті қолдайды, тұлға құқығының кеңеюіне мұқтаж. Ол үшін адамның әлеуметтік-мәдени болмысы мен саяси құлшынысын, саяси мінез-құлық ерекше­лігін ескеру абзал. Білгірді, әншейінде, есті, еркін, епті, сондықтан елеулі деп жатамыз. Білгір барар жерін, басар тауын алдын ала анықтайды. Әр істе жаңашылдығы мен жан­ашырлығын танытады. Білікті кісінің идеясы сабақтас, өмірге жақын. Онда шындық пен ширақтық басым, шешендік пен шеберлік айқын. Білгір жамандықтың арашасы, жақсы да жұғымды әрекеттің жаршысы. Білгір қоғамның экономикалық, саяси және рухани өмірін ширатуға араласады.
Ендігі жаңа заманның талабы мен өзгерісіне бейімделген, жаңаша ойлайтын, жұмыстың қауырттылығын өзіндік тәжірибесімен ескеретін тынымсыз іскер адамдар керек. Жұмыстағы ескі және жаңа тәсілдерді үйлестіре алмау әлсіздік, ішкі кедергіні қолдап көтермелеу. Өз саласын шығармашылық тұрғыдан ойластыра білетін кісі жинаған білімін жергілікті жердегі тәжірибемен іс жүзінде үйлестіруге ұмтылады, соған мұқтаж. Біліктінің бейнесі, бәсекелестіктің моделі осындай өтімді де өтпелі кезеңдерден құралады.
Кісілік мінез-құлық – адам капиталының адамгершіл өлшемі және бәсекеге қатысатын білікті жақсының жаршысы. Іргелі қасиеттер бостық пен жүгенсіздікке тосқауыл, саяси насихаттың құбылмалы ырқында қала бермейді. Жаңа саяси буынға білім, өз саласындағы біліктілік, көш бастар талпыныс, көпті қауымдастыққа ұйымдастыратын қабілет қажет. Елдің көшін бастар, бұйдасын ұстар тұлғаларды тәрбиелеу – қоғамдық жаңғырудың кепілдігі. Адам капиталын тиянақты қалыптастыру және пайдалану – қоғамдық қажеттілік әрі мемлекеттік саясаттың өткір проблемасы. Жас ұрпақты әлеуметтеудің тың тәсілі мен тәжірибесіне тәрбиелеу керек, үйрету қажет. Білім жүйесі үлгілі үрдістерді қайта жаңғыртады, өндіреді.
Шығармашыл жұмысшы өз күшін өзінше пайдалануға әрекеттенеді. Сол үшін кәсіби дайындыққа, ұжымдық серіктестікке мән береді, еңбектену рыногіне және басқару жұмыстарына араласады. Кімде-кім еңбек қатынастарын құруға қаншалықты қызықса, солғұрлым өз құқығы мен міндеттерін жақсы білуге талпынады, өзгелермен ынтымақтасуға мұқтаж, қажетті топтармен келісім шартқа тұруға мәжбүр. Одақтасу тынымды, тиянақты болу үшін ортақ мақсат төңірегінде келісім, соған жеткізетін жолбасшының еркіндігі, қауымдастықтың тұрақты да белсенді өкілдері болуы шарт. Еңбектенудің мұндай параметрлері жұмысты жоспарлауға да, адам капиталын жан-жақты бақылауға да қажет. Ол үшін адамға, оның қабілет-қасиетіне, еңбекті өз бетінше ұйымдастыратын кәсіби қызметіне деген сенім керек. Жұмыстағы сенім адамның өз ырқын жұмылдырады, оқиғаның алдын алуға және еңбекті дұрыс ұйымдастыруға талпындырады.
Жұмыста өз ырқын кәсіби деңгейде ұстаған еңбекші – құндылықтың жетекші күші әрі қосымша құнды жасаушысы. Жасампаз күш еңбектің нәтижесіне өрелі ықпал етеді әрі жұмыс­тағы жеңісті басты мақсатқа және өз мүддесіне орай пайдалануға ұйытқылық етеді. Жасампаздықтың қуаты – өз күшінде, өнімді нәтижеге жеткізер қабілетінде, еңбекке жұмылдыратын, жұмысты ұйымдастыратын тәсілді амалында. Адам бой жазған сайын оның ойын сенім, үміт, сүйіспеншілік сезімдері билейді. Ішкі серпілісте адам өзіне-өзі тұлға ретінде танылады. Өзін дұрыс ұққан, түсінген адам ғана өзін-өзі дәлірек анықтай алады, өзгені тануға мүдделі болады. Ол үшін адамның ой-парасаттық дайындығы мен адамгершіл құштарлығын қуаттау қажет. Адамдықты сабақтау – ұрпақ арасындағы үлгіні сабақтастыру. Азаматтықты арттыру, тұлғалықты тұрақтату, азаматтың кісілігін көтермелеу, тұлғалық қарым-қатынасты нығайту – осы сабақтау мен сабақтастыруды әрдайым үйлестіреді. Адам ойы мен бойындағы қабілет-қасиетті игеруге талпыну – өзіңді рухани тұрғыдан жаңғырту, біріккеннің әлеуметтік дамуын, бітімде өмір сүруін қолдау. Озық өмірдің үйреткені де, озаттардың үйретері де – осы ұстанымда. Бәрі де ұрпақтың сапалы да сабақтас көрсеткіштері. Әр көрсеткіш білім жүйесі мен әлеуметтену барысында ұрпақтың мәртебесін көтермелеп қана қоймай, оның кәсіби қабілетін реттеуге жаңа талап қояды. Білімдар адам өмірлік табысқа жетудің жағдайын іздестіреді, сол үшін әріптестерімен жарасты қарым-қатынасқа түседі. Сондықтан дайындығы жоғары, кәсіби мамандарға деген сұраныс арта бермек, жалпы және кәсіби мамандарды сапалық тұрғыда дайындау қажеттілігі артпақ. Бәрі де нағыз мамандардың әлеуметтік мәртебесін көтермелеуге және халықтың мәдени капиталын дұрыс пайдалануға арналған. Қоғамның экономикалық дамуын, мемлекеттің саяси тұрақтылығын мәдени өлшеммен бағаланатын кезең біржақты айқындалуда.
Мәдени өлшемді адамның дамуы, қоғамның интеллектуалды әлеуеті, тұлғаның шығармашылығы, инновация көлемі мен қарқыны, білім жүйесі құрайды. Аталынған факторлар капиталдың қосымша құнын көбейтеді. Қосымша құнға деген ықпалдастық салыстырмалы. Бірде үйлеседі, кейде өз арқауын еседі. Үйлестік – адам капиталының өндірістегі, демократиядағы, мәдениеттегі рөлін үнемі екшелейді, оны жүзеге асырудың түрлі амал-әрекетін реттеуге ұйытқы. Қосымша құнның өлшемдері – қоғамдық жаңарудың құралдары және үшбірдей бастауы. Олар – білім мен техникалық прогрестің дамуы, инновация мен жаңа технология негізінде жаңарған өндіріс пен өнеркәсіптің жетілуі, жаңа нарықтық қатынастар мен меншік түрлерінің өзара байланысы. Осындай факторлардың арақатынасы мәдени капиталдың қосымша өсімі мен өніміне ерекше ықпал етеді.
Іздемпаз, іскер адам кірісті қолдайды, денсаулықты таңдайды, білгірлігін оңдайды. Жарасымды әлеуметпен астас та, бәсекелес те болады. Талапты бәсеке мен күресте өмір сүреді, сонда түлейді. Арпалыста күтпеген күйлер, қиыншылықтар толы. Сыртқы теке тірестер, іштей түйықталу, ресурсты шығынға ұшырату, күштілердің қысымында қалу – адамды іштей шалатын қиыншылықтар, адамды алымсақта қалдыратын іштартпалар. Мұндай көлденең кедергілерден өмір жолын тауып кету – жеңіл шаруа, оңай іс емес. Иә, ынта-ықыластың өтімді, өнімді болуы тартымды; тартымды әрекет адамның тұлғалық және кәсіби қасиеттерін жетілдіруге өрелі ықпал етуімен құнды; адамның жасампаздығын қолдайтын әрекеттердің әлді және сауатты болуы қажеттілік; адам қуатын сауаттылар мен сенімділер анағұрлым арттырды, оның деңгейін көтермелейді. Адам капиталы осындай өсімтал іс-әрекеттерден құралады. Сауаттылар өнімді еңбектің құнын біледі, нарқын түсірмейді, қайта қосымша қаражат жұмсайды. Сауатты азамат жеке басының қамымен шектелмей, ұлттық байлықтың берекесін қайтарады, оны талан-таражға ұшыратпай, жұмысшы мен шығармашыл күшті, нарықтық өлшемді қолдаудан тартынбайды. Егер, адам әдіс-тәсілді қолдану барысында түрлі мінез көрсетсе, аталынған талаптар оң өзгеріс бермейді, діттегенге жеткізбейді, өкініш аяқтан шалады, естен кетпейді. Тұрақсыз күй адамды мазалайды, тез шаршатады. Адам қуаты одан тотығады. Іс-әрекетте шыдамдылық таныту, адамға ерекше көңіл бөлу, ықылас таныту, мінез бен мүддені қарым-қатынасқа жақындату – істің жемісті болуына кепілдік.
Өзімшілдік адам қуатын тарылтады, жетістікті тоғытар кедергіні көбейтеді. Өзімшіл өзгенің сыбырына құлақ тосып, өсек-аяңға ереді. Сыбырдың ырқынан шыға алмаған жан қашанда көрегендімен келіспей салғыласып, ұрысып-керісіп жатады. Ұрыс-керіс басталғанда, бітімнің берекесі кетеді, бұзықтар аңқауды үркітіп діттегеніне жетеді. Тартыншақтық, бүркемелік абырой әпермейді.
Үлкен қозғалысқа мекем бірлік те, өтімді тірлік те керек. Бірлік – ынтымақтан, тірлік – нақты да нәтижелі іс-әрекеттен нәр алатыны айғақ. Олай болса, елдің берекесі – ынты­маққа, әр азаматтың еңсесін көтеретін жетіс­тіктерге, үндестік пен ұмтылысты үйлестіретін жауапкершілікке мұқтаж. Бұдан, біріншіден, «Әрбір адам өзінің ұлтына не қажет екенін білуге міндетті». (Ататүрік), екіншіден, үйлестікті ұйымдастыру саналылыққа, сапалыққа, сабақтастыққа тәуелді демекпіз. Жаңа заманда үйлестікке тәуелділік – өзіңді құтқару, қиындықтан құтылу заңы екенін ұғынушылық артуда.
Еңсесін түсірмеген халық тура сөзге, төте сөзге ықыласын ешқашан суытқан емес. Халықпен байланыс жасауды меңгерген онымен тіл табысады, сырлас та серіктес болады. Жұртпен жақынның ой сезімі сергек, сөзі көңілді тербейді. Халықтық мәдениеттің бұлжымас қағидасы ел іргесінің тұтастығына, бірлік-бітіміне тіреледі. Бұл – есі кірген, ержеткен адамға қойылатын ортақ талап. Қайда жүрмелік, тарихтың өткенін, бүгіні мен болашағын ойлайтын, ойластыратын кездің келгенін кім ұқпайды? Белсенді шығармашыл қабілетті қалыптастырады. Қосымша қуат адамның өзіндік сұранысына айналса, оның бойына ғанибет серпіліс оралмақ. Серпіліс іске адал адамда, білгенінен тоқтам-түйін жасай алатын пайымшылда, өзіне берік тұлғада жаңғырады, басылмайды. Өзіне беріктік – кемелдіктің айғағы, үлкен бақытқа жол ашу. Кемелді-жігерлі, ойға бай, өмір сабағын ұмытпайды.
Шығыс адамы қуатын кемелдіктен, киелі рухтан іздестірді. Адал адам өзіне қашанда серік, ісіне берік. Адал білімге асық, надандықтан қашық болуға тырысады. «Кімде-кім өмірдің шынайы мағынасын түсінсе, ол надандармен дауласып жатпайды» (Будда). Білім шынайы жолды таңдауға көмектесетін мүмкіндігімен және саралы әдісімен құнды. Ішкі ширақтықта адам капиталы нәрленеді. Елге өнегелі, ортасына сыйымды болу үшін әркім өз жұмысын жақсы білуі, істі ілгерілетуі, этикалық нормаларды бұзбауы шарт. Ары таза іскерің жемқорлықтың жетегінде кете бермейді. Абырой – адам капиталының сақтық қоры. Киелі рух адам абыройын көне дәуірден қызғыштап қорғап, қолпаштап келе жатқан тылсым құдірет, ерекше дарындылық. Киелі рухтың дарындылығы дегенде шығыс – сөз дарындарын (тілдер, тілдерді түсіндіру, көріпкелдік); аян (ашылу) дарындарын (даналықтың уәжін, білімдардың сөздері мен рухын ажырата білуді); күштің дарындарын (сенім, сауықтыру, кереметтер жасау дарынын) есепке алған. «Егер әрекетіміздің бәрі де ардың ісі екенін ұқсақ, ісіміз бен сөзіміз табысып жатса, онда нені болсын именбей, күмілжімей, ашық айтуымыз керек» (Ататүрік).
Жастық шақ – адамның тұлғалық қасиетінің тез және қилы жолмен қалыптасатын кезеңі. Жастардың ой-өрісі, оқу мен еңбекке деген ықыласы, азаматтық және патриоттық сезімдері, адамгершілік қасиеттері – адамдық капиталдың өлшемі әрі серпінді қуаты. Жастарды тәрбиелеу – ұлттың адамгершіл-психологиялық ахуалын жақсарту, әр ұлттың рухани күш-қуатын дұрыс пайдалану. Көп салалы әлеуметтік міндетті жүйелеп іске асыру – жас ұрпақтың өмірлік күшін тасыту, өз құндылығына жетектеу. Адамдық межеге лайықты осындай капиталға мұқтажбыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Нестеров Л., Аширова Г. Национальное богатство и человеческий капитал. // Вопросы экономики, 2003, № 2. Щетинин В. Человеческий капитал и неоднозначность его трактовки. // Мировая экономика и международные отношения, 2001, № 12. Заславская Т.И. Человеческий потенциал в современном трансформационном процессе // Общественные науки и современность. 2005. N 4.. Корчагин Ю. А. Российский человеческий капитал: фактор развития или деградации? — Воронеж: ЦИРЭ, 2005
2. Ж.Т. Тощенко. Кентавр-идеи как деформация общественного сознания. // Социс, 2011, 12, с.4-12.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Өте дұрас екен. Сізбен толықтай келісемін

Пікірлерге тыйым салынады.