АЛАЯҚ АЛЫПСАТАР, СУМАҢДАҒАН САУДАГЕР…

  • 18.10.2018
  • 59 рет оқылды
  • 0

«Қарап тұрсаң базарға әркім барар» деп ұлы ақын Абай айтпақшы, кеше де, бүгін де сауда-саттық өміріміздің ажырамас бір бөлшегіне айналып кеткен. Күнделікті тұтыну тауарларының қайсысы болсын түгесілгенде әуелі құстай ұшып базарға барасыз. Керегіңізді таңдап жүріп сатып алуға қазір мүмкіндік мол. Қай базарға барсаңыз да тауар жетіп, артылады. Не жоқ дейсіз, Құдай-ау, қасқалдақтың қанынан, адамның жанынан басқасының бәрі бар. Тек қалтаңыз қалыңдау болсын деңіз. Алайда, сауда-саттық, алыс-беріс дегенде, санамызға сап етіп қулық пен айлакерлік, қалай да екі жеп биге шығуды ойлаған жалаңдаған, жылмаңдаған, жылпостанған алыпсатарлар еске түсетіні қалай? Олардан неге үркектей береміз? Рас, «сауда мұраты – ұту». Бірақ, кез келген тұтынушының соңғы тиынын алдап-арбап алып зыту емес. Мұндайда сауда мәдениетіне көлеңке түседі. Ал, көлеңкедегі өсімдік гүл ашпайды.
Жер шарындағы барлық мемлекеттер сауда-саттықты дамыту арқылы экономикасын өрге бастырады. Алыстағы апайтөс АҚШ біздің құдайы көршіміз Ресейге неге санкция қойып жатыр? Барыс-келіс, алыс-беріс жоғалса, экономика еңкіш тартады. Бұл құлдырауға апарып соқтырады. Сондықтан, сауда-саттықтың стратегиялық маңызы орасан. Оған қашанда адалдық керек.
Ана бір жылы Белорус астанасы Минскіде болдық. Бізге жол көрсетуші «минск» деген сөздің «меняю», яғни, «айырбастаймын» деген сөзінен шыққанын айтып берді. Иә, қазіргідей сабан ақшалар қап-қап болып тұрмаған заманда адамдар қолында бар артық заттарын базарға шығарып, керектісіне айырбастап отырды. Оны өзіміздің Қазақ даласынан да көруімізге болады. Кешегі Қоянды, Қарқаралы жәрмеңкелері осы сөзімізге айқын дәлел. Ендеше, сауда-саттық біздің өміріміздің ажырамас бөлшегі екенін бұдан артық мысалмен дәлелдеп жату артық. Тіпті, біздің сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) те өз заманында саудагер болған. Әбу Һурайрадан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Сендерден қайсыбірің жіп алып, таудан бір бума отын арқалап әкеліп сатқандарың қайсыбір адамның қол жайып қайыр сұрауынан әлдеқайда жақсы. Кім біледі, ол адам я берер немесе бермес» деген екен. Иә, ол қайыр сұрағаннан адал еңбегіңмен мал тапқан жақсы екенін қадап айтты емес пе? Сондай-ақ, Алланың Елшісі (с.ғ.с.) «Ырыстың оннан тоғызы сауда мен диқаншылықта. Қалғаны мал асырап, бағып-байлап сатуда» деген. Осы сөзден-ақ сауданың керекті кәсіп екенін танимыз.
Кеңес үкіметі кезінде сауда-саттық қызметкерлерін даярлайтын арнайы оқу орындары бар болатын. Қазір ешқандай оқу орнын бітір­мей-ақ екінің бірі дүкен ұс­тағыш, сауда жасағыш болып кетті. Сол сатушылардың барлығы демей-ақ қоялық, тең жартысы қитұрқылыққа ашықтан-ашық барып жүр. Сөзіміз жалаң болмас үшін бірер мысал келтірелік. Күні кеше бүкіл мұсылман жұрағатында Құрбан айт мерекесі аталып өтілді. Басқа қалаларды білмеймін, біздің үшінші мегаполис атанған Шымкент шаһарында тауар бағасы шарықтап шыға келді. Қарағанды қаласында қоңды қошқарлар небары 25 мың теңгеден аспағанын телеарналардан көрдік. Ал, біздің «Ташкент көрген» саудагерлер тоқтының өзін 35-40 мың теңгеден саудалады. Жеміс-жидектің бағасы, тіптен аспанға ұшты. Әншейінде жәшік-жәшік болып өтпей тұратын жүзімнің келісі арапа күні 900 теңгеден сатылды. Қазір ғой, оның бағасы сол баяғы 250-300 теңге күйінде. Алма, алмұрт, қараөрік, өрік, шабдалы, банан, анар, тағы басқа бау-бақша өнімдері екі-үш есе бағасына сатылып жатты. Мұны қала әкімдігі білмеді емес, білді. Бірақ, «бұларың қалай?» деген бір пендені көрмедік. Мешіт қызметкерлері де бұл күні саудагерлерді құнамақорлықтан аулақ жүруге шақыруға қолдары тимеді. Шақырғанмен, сауда жолында сүрініп-жығылып, біреуден екеу, екеуден үшеу жасап жырғалып жүргендер оларды тыңдай қоюы мүмкін емес те еді. Обалы не керек, шымкенттік шенеуніктер базарларды ретке келтіру жолында жанқиярлықпен күресіп-ақ жатыр. Бірақ, бұлары «жабайы базарлардағыларды» тоз-тоз қылып қуудан әрі ұзамай тұр. Егер, соған кеткен күштерін базар бағасын қалыпты ұстап тұруға жұмсаса бар ғой, талай тұтынушының алғысына бөленер еді. Құрбан айт күні кедей-кепшіктің базарға келетінін білетіндер тауарының бағасын аспанға ұшырмас еді.
Сол күндері (Құрбан айт мерекесін меңзеп отырмыз) жұрттың барлығы жапатармағай базарға жүгіргенін пайдаланып, асып-сасқан аласапыран қарбаласта жемістің іріген-шірігенін байқатпай орамаға салып жібергендер де көп еді. Менің бір жеңешем сол күні базардан артынып-тартынып екі иығынан демалып үйіне зорға келді. Базардан оралған адамның жолына қарағыштайтындар көп болады. Әсіресе, балалар мұндайда тағат таппайды. Жолымыз түсіп, ағамыздың үйіне сол сәт бара қалмасымыз бар ма. Жеңгем күйіп-пісіп отыр. Сөйтсек, алған жеміс-жидегінің жартысы қарайып кеткен. Сатушы көзді ала бере аңқау жеңгемнің дорбасына қарайып, шіри бастаған жемістерді топырлатып салып жіберген ғой. Енді, бұған не дерсіз? Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде: «Үш түрлі адам бар. Алла тағала қиямет күні олармен сөйлеспейді, қарамайды және ақтамайды. Олар үшін ауыр азап бар» деп үш мәрте қайталапты. Сонда Әбу Зәр (р.а.): «Оу, Алланың Елшісі! Мақұрым қалатын, зиянға ұшырайтын кімдер?» деп сұрапты. Сонда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Киімін жерге сүйретіп жүрген, жасаған жақсылығын міндетсінген және сататын тауарына өтірік ант ішіп, шақырған кісі» деп жауап беріпті.
Осы ретте мына әпенді сөз еске түседі. Бір кісі базарда тері сатып жүр екен. «Құндыздың терісі! Құндыздың терісі! Өзім илегенмін. Тұмақ жасап киюге таптырмайды» деп жиі-жиі айқайлайтын көрінеді. Оған бір алушы келіп, теріні ұстап көріпті.
– Ау, мынауың иттің терісі ғой. Кімді мазақ еткің келеді, – деп алушы ашуланса, сатушы беті бүлк етпей:
– Рас, иттің терісі. Итімнің аты Құндыз еді, – депті.
Иә, бүгінде базарда әлгі «құндыз терісін» сатпақ болған пақыр сияқтылар толып жүр. Тек алданып қалмаңыз. Қытайдың сасық көйлегін Иранның немесе жапондардың киімі деп үстіңізге зорлап кигізіп жіберетіндер де мың-сан. Міне, осыларға қиямет күні Алла тағаланың назары түспесе керек. Сондықтан, сауда жасаушылар Құдай алдында да, адамдар алдында да ұяла білгендері абзал.
Балауса балғын кезім еді. Көктемде көк қуып бір топ бала кезең астық. Гүл термекпіз. Бір жотаға шыға келгенде бұтаның түбінде екі-үш тасбақа жүр екен. Самат солардың бірін аяқтарын тырбаңдатып, үйіне алып келді. Қызығып қараймыз келіп.
– Тасбақа да қызық болып па? Жүр, үйге. Сабағыңа қара! – деді анам.
– Көрейінші, – деп кеткім келмеп еді, анам болмады. Үйге келгеннен соң анам жуындырып, таза киімдерімді кидірді.
– Балам, тасбақа қалай пайда болған, білесің бе? – деп сұрады.
Мен иығымды қиқаң еткіздім.
– Білмесең, айтайын. Бұлар да бір замандарда біз сияқты адам болған екен. Базарда сауда жасапты. Бірақ таразыдан жей береді екен. Бір қасиеті мол кісіні де алдап жіберіпті. Содан ол ашуланып: «Таразыдан жегендер тасбақа болып қалсын!» деп қарғапты. Содан бері бұлар аяқтары тырбаңдаған, үнемі үстіне тас арқалап жүретін тасбақа кейпіне кіріпті. Үстіндегі тас сол кірдің тасы екен, – деді анам.
Содан бері көктемде тасбақа көрсем, төбе шашым тік тұрады. Көз алдыма алаяқ алыпсатарлар мен сумаңдаған саудагерлер келеді. Таразыдан жейтіндерге бұл сабақ болмас па екен деп жиі ойланамын әрі күрсінемін.

Сабырбек ОЛЖА

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.