Бейімбет Майлиннің елеусіз қыры

  • 18.10.2018
  • 95 рет оқылды
  • 0

Қазақ даласындағы оқу құралдарының жазылуы  және сауатсыздықты жою мәселесі

Қазақ елі ұрпақтарының әлем өркениеті кеңістігіндегі озық жетістіктерді игеруін жүзеге асырудың педагогикалық-психо­логиялық негізі – мектептегі оқыту жүйесі. Оқыту үшін басты мәселе – балалардың жас ерек­шеліктеріне сәйкес оқу құралдарын жазып, оқу үдерісінде қолдануын жүзеге асыру. Ағартушы Ыбырай Алтынсариннің қазақ өркениеті тарихындағы биік мәртебелі ісі – қазақ балаларының ұлттық болмысына лайықты әлемдік дәстүрмен деңгейлес тұңғыш оқу құралын жазғандығы.
«Қазақ хрестоматиясы» оқу құралының «Сөз басы» бастауындағы ағартушының өзекті пікірі айрықша маңызды: «Осы уақытқа дейін қазақ халқының таза қазақ тілінде басылған бірде-бір кітабы болған жоқ. Сондықтан, оқу орындарының мұғалімдері қазақ балаларын оқытқанда амалсыздан қазақ тілінің орнына татар тілін пайдаланып жүр, сол себепті шәкірттерге ана тілін тастап, татар тілін үйренуге тура келеді. Екінші жағынан татардың кітап тілі бұл тілді татарлардан шыққан оқымыстылардың өздері де менсінбегендіктен арап, парсы сөздеріне лық толы толған, қазақтарға түсініксіз осылармен қатар бір ескерілетін нәрсе, қазақ халық азбаған, табиғаты таза халық. Оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сия алмайды. Ой-пікірі еркін, оның келешегі үшін оған тек сана-сезім жағынан жалпы біліммен пайдалы өнерді үйрену керек болып отыр. Ал, осы айтылған мақсаттарға жету жолында мен білсем осы күнге дейін ешқандай жетекші құрал болған жоқ».
Қазақ өркениетінің тарихында әлемдік оқу-ағарту, білім беру бағдарламалары аясында ағартушы Ы.Алтынсариннің осы тұңғыш оқу құралының педагогикалық-психологиялық бағдарлы оқу құралының құрылымдық жүйесі – бұдан кейінгі осы тектес кітаптардың негізі. Ы.Алтынсариннің осы «Қазақ хрестоматиясы» оқу құралының 4 тарауының әрқайсысы қазіргі заманғы кітаптарға да үлгі көрсеткіш бола алады. Атап айтқанда:
1.«…Балалар өмірінен алынған әңгімелер»; «…Мысалдар мен халық әдебиеті»; «…Балалардың туған­дарына жазған хаттары»;
2. Әр түрлі жастардағы адам­дардың өмірінен алынған әңгімелер;
3. Ең жақсы қазақ ақындарының өлең-жырларынан үзінділер;
4. Қазақтың мақал-мәтелдері.
Ағартушының қазақ мектептеріне арналған осы тұңғыш оқу құралының үлгі дәстүрі ХХ ғасырдың басында Алаш оқымыстыларының, ақын-жазушыларының шығармашылық еңбектерімен жалғасты. Алаштың оқымысты зиялыларының қазақ ұлтын әлем өркениеті жетістіктерімен хабардар ету, жаратылыстану, қоғам­дық-гуманитарлық ғылым салалары бойынша бастауыш, орталау, орта жоғары білім беру жүйесін қалып­тастыру, дамыту мұратында кешенді ғылыми әлеуметтік психологиялық кешенді ұстаным мұратымен еңбек еткен қайраткерлік көзқарастарын танимыз. Сондықтан, олар жазып қолданысқа ұсынған оқу құралдарының білім алудың барлық деңгейлеріне пайдалы екендігі байқалады. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының оқулықтары (Оқу құралы, 1912 ж., Тіл құралы, 1914 ж., Әліпби, 1914 ж., Жаңа әліппе, 1926-1928; Әдебиет танытқыш, 1926 ж., Баяншы, 1926 ж. Оқу құралы (Т.Шонанұлымен бірге 1926-27 жж.) – Қазақ ұлттық оқу-ағарту жүйесінің қалыптасуындағы тұңғыш кітаптар болуымен құнды. Ы.Алтынсариннің, А.Байтұрсынұлының ұлттық оқу-ағарту жүйесін дамытуға арналған оқулықтар, оқу құралдарын жазу дәстүрін жалғастырғандардың бастама кітаптары да, отандық педагогикалық, психологиялық ғылымдар аясында қарастырылатын оқу-әдістемелік көрнекті еңбектер қатарын құрайды. Бұл орайда, Міржақып Дулатовтың «Қирағат кітабы» 1916 ж., Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» 1928 ж., Мағжан Жұмабеавтың «Педагогика» 1927 ж., Мұхтар Әуезовтың «Новый ауыл», «Русский букварь для казахских детей» 1929 ж; Ә.Ермековтің тұңғыш «Есеп» оқулығын, Ж.Ақбаевтың құқық саласына арналған тұңғыш ғылыми басылымдар жазғаны мәлім.
Алаш зиялы оқымыстыларының осы дәстүрі ХХ ғасырдың 20-30 жыл­дары Қазақстан автономиялы одақтас республика болу кезеңдерінде оқу­лықтар, оқу құралдарын жазу дәстүрімен жалғасты (М.Әуезовтың «Әдебиет тарихы» (1927 ж.), С.Сей­фуллиннің «Қазақ әдебиеті» (1932 ж.), т.б. Бұл орайда, осындай сүбелі еңбектерді зерттеп саралаған әдебиет­танушы ғалым А.Ісмақова «Алаш әдебиеттануы» кітабында Алаш зия­лы­­ларының, оқымыстыларының ақын-жазушыларының оқу-ағарту, білім беру арқылы қазақ ұрпақтарын ру­хани жетілдіру мұратындағы бел­сенді жұмыстарын жоғары баға­лайды. Сонымен бірге, ағартушы ұлт ұстаздары Ы.Алтынсариннің, А.Бай­тұрсынұлының аталған кітап­тарына дейін де қазақ балаларын орысша оқытуға арналған оқу құрал­дары бол­ғанын атап көрсеткен: «…жазуға үйреткен кінеге» (Букварь для киргиз) Қазан қаласы, 1892-1894 жж. «Қазақша букварь», Нұрбаев, Уфа, 1916 ж., «Әліппе яки төте оқу» (И.Арабаев, Қ.Сәрсекеев Уфа, 1911 ж.,), Қ.Қожықов «Әліппе», М.Кәшімов «Ақыл кітабы», «Әдеп», «Үгіт», 1907 ж., М.Бибердиев, Қазақша оқу кітабы, 1902 ж., Т.Жомартбаев «Балаларға жеміс», 1912 ж., С.Көбеев «Үлгілі бала», 1912 ж., «Қазақша ең жаңа әліппе» Малдыбаев 1910 ж., «Қазақ баласына жәрдем» қазақша әліппе кітабы, Сырғалин 1913 ж., «Үлкендер үшін әліппе» жинаушылар: Ш.Сарыбаев, Е.Қожантаев, Ташкент, 1921 ж., Еуропалықтар үшін 2 жылдық оқу құралы, Қ.Кемеңгеров, Қызылорда 1929 ж.
Қазақ өркениетінің тарихындағы ағартушылық-демоктариялық жаңа жазба әдебиет дәстүрінің қалып­тасуындағы Абай Құнанбайұлы, Ы.Алтынсариннің дәстүрін дамыта жалғастырған Алаш қайраткерлерінің бірегейі ұлттық әдебиет алыпта­рының бірі Бейімбет Майлин шығарма­шылығын айтамыз.
Бейімбет Майлин өзі арнайы мектеп ашпаса да, қазақ жеріндегі білім ошақтарының маңызы мен мәнін керемет суреттеген қаламгер һәм қайраткер. Оның сауатсыздардың білім алуы үшін жазған төрт оқу құралының авторы екені көпшілікке беймәлім болып келді. Атап айтсақ: Бейімбет Майлиннің «Шала сауаттылар үшін оқу кітабы (Сауаттылығы төмендерге арналған оқу кітабы)» (1929 ж.), «Күш» сауаттылығы төмендерге арналған оқулық (1930 ж.), «Жаңаша оқы және жаз» оқу құралын (1931 ж.) және Ғабит Мүсірепов А.Ситдықовпен бірлесіп «Сауатсыздарға арналған әліппе» (1935-36 жж.) еңбектерінің әдіснамалық негіздері» атты төрт оқулық жазғаны мүлдем назардан тыс қалып келген-ді. Осыған қарап-ақ Б.Майлинді жазушы әрі публицист ретінде дәріптеумен қатар, оны ұстаз әрі мықты әдіскер-ғалым ретінде де алға шығаратын уақыт жетті. Ол өзінің «Шала сауаттылар үшін оқу кітабы» деген оқулығында оқу, білімге қатысты мынадай мәлімет келтірген: «Соңғы үш жылдың ішінде Қазақстанда оқу жұмысын ілгері бастыру үшін үкімет қазынасынан 43 миллион 700 мың сом жұмсалған. 1915 жылы патша үкіметі кезінде қазақ балаларына арналған бірінші басқыш мектептердің саны 500 еді. Онда оқитын балалардың саны 13 мыңға зорға жететін. Қазірде қазақ балаларына арналған бірінші басқыш мектептердің саны 1680, мұнда оқушы қазақ балаларының саны 69869» – деп оқырманға сол кездегі үкіметтің көмегін жеткізе келіп, оқу құралының әдет дағдысынан айнымай жалпы сұрақ қояды. Онда: «Сұрау: ауылдарыңда мектеп бар ма? Қанша бала оқиды? Мектеп салынды ма? Үкімет орнының оқу жөнінде тағы қандай көмегі болды?»
Майлиннің қалың жұртшылыққа белгісіз қырының бірі – әдіскерлігі. Ол: «Жаңаша оқы, жаз!» (1931жылы Алматы қаласында «Қазақстан» баспасынан басылған). Бұл көмекші әдістемелік құралдың шымылдығы қазақ жерінде қолданылып келген төте жазудағы әріп үлгілерінің латын әліпбиіндегі баламасын кесте түрінде көрсетумен бастайды. Аталған құралдағы «Қа­зақстанда кен байлықтары» деген тақырыпты мысалға келтірейік: «Кеңес одағындағы кен байлығы мол ауданның бірі – Қазақстан. Таскөмір, мұнай, жанар тас, темір, мыс, түрлі металл, тағы сондай қымбатты кендердің әр түрі де Қазақстан жерінен табылады. Қазақстан әсіресе мыс кәсібінің ең іргелі ауданы болып табылып отыр. Бұдан басқа Қазақстанда толып жатқан қымбат өсімдіктер өседі».
А.Көшімбаевтың пікірі бойынша, 1932 жылға дейін әдебиеттің арнаулы бағдарламасы да, оқулығы да бол­маған. Тек, 1932 жылы қазақ әдебиеті жеке пән ретінде мектептің оқу жоспарына еніп, оның тұңғыш бағдарламасы жасалып, жарық көрген. Ал, 1934 жылы қазақ әдебиетінің жеті жылдық мектепке арналған жаңа бағдарламасы шыққан. Мұның 1932 жылғы бағдарламадан айырмашылығы – әдеби шығармаларды қоғамдық-саяси тақырыптардың төңірегінде шоғырландыра беруді қалдырып, әдебиеттік оқу, тарихи-әдебиеттік курс ретімен оқытуға бейімделгені болды.
«Сауат үшін» атты сауаттандыру мектептеріне арналған әліппе құра­лын Ғ.Мүсіреповпен бірлесіп жазған (1933 ж. Алматы қаласы Қа­зақ­стан баспасынан басылған). Бұл еңбек өте тез уақытта басылып шық­қанын авторлардың кітаптағы «ескерт­песінен», анығында аңдат­пасынан білуге болады. Онда: «Оқы­тушыларға. Сауат үшін – әліппе емес, әліппе орнына беріліп отырған құрал. Мұның ішінде берілмегендер мыналар: 1.Әріптің жазба түрі берілмеді. Оны беретін болсақ әліппе тез арада басылатын болмады. 2.Оқытуды оңайлататын суреттер бермедік. Оны күтсек басылу айдан артық кешігетін болды. 3.Жаттығу материалдары аз берілді. Оқытушы әріптің жазба түрін өзі көрсетіп, қосалқы материалдарды өзі толықтыру керек. Бұл есте болсын. Құраштырушылар».
Бұл құралдың ең негізгі мақсаты оқу, білімге аяқ басқан оқушыларды әріп танытушы нұсқаулық ретінде шығарылған.
Сауаттандырғыш Сауатсыздар әліппесі (1934, 1935, 1936 жылдары жалпы үш рет басылған.) Авторлары: Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, Ә.Сыдықов.
1935 жылы жарық көрген бұл кітаптың мазмұнына да назар ауда­райық. 3 бөлімнің атаулары: 1.Әліппе бөлімі, 2.Оқу материалдары. 3. Арифметика. Ондағы тақырыптар төмендегідей: Ескі өмір, Ұлы еңбек, Мұқатай, Қоңыр сиыр, Әйімкүл – тергеуші, Айтсам ба екен? Бай құлақтың тұқымы, Тап жауын есіңнен шығарма, Астық совхозы, Быладыймир Елиа ұлы Ленин: 1.Лениннен үйрендік, 2.Жеңіс, 3.Ленин қайтқаннан кейін, Ыиосип Бессарыжан ұлы Сталин, Мәшине тирактор стансалары (МТС), Жиылыс, Егіс жаулары, Еңбегіміз жанды, Мәгнитогор, Қарағанды алыбы, Қарсақпай, Кеңес, Кеңес одағы – еңбекшілердің отаны, Бес жылдықтың күзетінде, Ұшырасу, Капитал елінде. Ал, арифметика бөліміндегі тақырыптар мынадай: Сипырларды оқу, Қосу, Алу, Жазуша қосу, Жазып шегеру, Сом мен тиын аралас сандар, Көбейту, 6 мен 8-ді көбейту, Рим сипырлары, Ірірек сандарды көбейту, Бірден жазып көбейту, Бөлу, Бөлудің ең оңай түрлері, Ірі сандар, Пурсент.
Арифметика бөліміне біраз тоқталып өтсек. Бөлім толықтай арифметикалық, математикалық амал-тәсілдерге құрылған. Сол бөлімнен: Сом мен тиын аралас сандар. Жұмысшының негізгі еңбек ақысы 75 сом 48 тиын. Қосымша артық жұмыс істегені үшін тағы 14 сом 31 тиын алды. Барлығы қанша алды.
Тиынды тиынға қосыңдар да, жүз тиындарын сомға ауыстырыңдар. Сомдарды жай сан сықылды қосың­дар.
Аталған оқулық құралында басқа тілдегі сөздер қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне қарай «сындырып» жазылған. Мәселен, «Пурсент» сөзі – процент. Жалпы осы пурсент яғни, пайызды жан-жақты ұғындыру үшін төмендегідей мәтін мысалға берілген: Пурсент – нәрсе санын 100-ге бөлгендегі бір бөлігі. Пурсент таңбасы – %. 100% – толық мөлшері. 50% – толық мөлшердің тең жартысы. 10% – он бөліктің бір бөлігі.
Оқыңдар: Жоспар 100% орындалды. Жоспар артығымен 120% орындалды. Жоспардың жартысы – 50% орындалды. Сақтық кәссесі (кассасы – Е.Т.) 10% өсім береді. Нәрсе бағасы 20% арзандады.
Бейімбет Жармұхаметұлы жазған не төлавтор болған оқу құралдары тек бір саладан хабар бермейді. Адам өміріне қажетті барлық бағыт бойынша қоғам өмірінен ақпар қамтып отырады. Оқулық негізінде білім нәрімен сусындаған оқушы жан-жақты мағлұмат алады. Бұл біздің заманымызда көтеріліп жүрген функ­ционалдық сауаттылық. Адамның жан-жақты сауатты болуы қай кезде де өзекті мәселе. Сол үшін де оқулық тек бір пәнге арналмаған. Бұл тұрғыда Профессор Ә.Қоңыратбаев пікірі өте орынды. Ол қазақ әдебиеті пәнін арнайы бағдармен оқыту әдістемесінің қалыптасуы кезеңдерін төмендегідей жіктейді: Революциядан кейінгі әдебиет пәні методикасының үш түрлі кезеңі болды:
1. 1917-1927 жылдар арасында жік қойылмай, «қоғам тану» түріндегі оқу болды;
2. 1928-1938 жылдардағы оқу мектептің типіне негізделмеген тарихи-әдеби курс болып өтті;
3. Бастауыш оқу, әдебиеттік оқу мен тарихи курс бағдарламасы.
Осы кезеңдердің өздеріне лайық бағдарламалары, әдістемелік жүйелері болды, бірақ, олардың мақсаты мен міндеті бөлініп, жоғарыда айтылған үш жүйе түрінде қалыптасты.
Б.Майлин қай салада (көсемсөз, әдебиет, ұстаз-әдіскер) жүрсе де сауатсыздықты жою мен қазақ даласына біртіндеп еніп жатқан білім беру мәселесін назардан тыс қалдырмаған. Оның дәлелі жоғарыда аталған оқу құралында: «Жалпы міндетті оқу» аталатын тапсырмасында келесідей мәтін береді: «Қазақстан өлкесі ежелден мәдениеттен кенже қалған елдің бірі. Европалықтардан жүзден 44 проценті сауатты болып отырғанда, қазақ еңбекшілерінің жүзден 10 проценті ғана сауатты болып отыр. Мұның себебі-қазақ елінде мектептердің бұрын болмағандығы, қазақ елінің бытарңқылағы, көшпелілігі.
Ел сауатсыз болса социалдық құры­лысында кемшілік келмекші. Қа­зақстан үкіметі осы жағын ескеріп, жалпы міндетті оқуды тез қолға алынсын деп отыр. Бұл жұмыс быйылдан бастап қолға алынып, 5-6 жылдың ішінде орындалып шықпақшы.
Жалпы, міндетті оқуға кіріскенде кездескелі тұрған кедергілер көп: мектеп жеткіліксіз, мұғалім аз, ел бытыраңқы, бірақ үкімет болып, ел болып белсеніп кіріссе, бұл қиын­дықтардың бәрін де жоюға болады». Бұдан кейін қалыпты Сұрау. Онда: «Қазақ елінің неше проценті сауатты? Сауатсыздықтың көп болуы себебі неден? Жалпы міндетті оқуға кіріскенде ел еңбекшілері не істеуі керек?» дей келе, оқушының жан-жақты сауатын ашып, ой-өрісін кеңейтуге арнайы әдістемелік технология қолданады.
Ғалым С.Ордалиев Қостанай өңірін аралаған бір жылы төмендегідей деректерді жазып алған екен: «Бейімбет 1920 жылдың басында біраз уақыт сол кездегі губерниялық оқу бөлімінің Дамбар болысы бойынша инспекторы қызметін атқарған. 1920 жылдың жазында Дамбар болысының сайлауы жүргізіледі. Болыстыққа жас­тардан Сапар Баймұқамбетов сайланады да, Бейімбет оқу бөлімінің меңгерушісі болады». Міне, осы кезден бастап Б.Майлиннің оқу-ағарту ісіне шындап кіріскені байқалады. Сонымен қатар, әрбір әңгімесінде сауат­сыздықтың кесірінен өз орнын таба алмай, малы мен байлығына сеніп, адамшылықтан айырылған байлардың есігінде ғұмырын өткізген адамның қорлығын жеткізеді. Бұл болмысты Майлыұлы Жармұхамбеттің баласы өз басынан кешіргеннен кейін кереметтей суреттеп отырады.
Оқу, білімнің адам үшін аса қажетті құндылық екенін дәріптеп отырады. «Ауылдағы балалардың бірі бос емес, бәріміз де оқудамыз, молдамыз – бай­дың үйінің ұстаған молдасы». Бұл мәтін жазушының «Түйебай» аталатын әңгімесінен. Жалпы, бұл ғибратты әңгімеден сабақ алу мен үйренудің қиындығын мойымай көтере білу керек, оқыған кісінің тәртібі мен талабын қабылдамасаң, ой-өресі тар, надан кісінің қорлығына тап келесің деген кесек ой сәулеленеді.
Әдеби шығармаларының көпшілігінде Б.Майлин қазақ жас­тарының қоғамдағы өзгерістер үдерісі барысындағы кең етек алған надандықты жеңудің, әділеттікке жетудің жалғыз жолы білім үйрену екенін көрсетіп отырады. Жазушының көркемтілді суреттеуі тіптен керемет.
Бейімбет Жармұхамедұлының шоқтығы биік шығармаларының бірі «Шұғаның белгісі» әңгімесі, «Азамат Азаматыч» деп аталатын повесі сол кездегі білімге құштарлықтың қалай болғанын жеткізген. Келешек жастардың білімге деген ынтасы мен жігерін жани түседі. Оқыған адам қай кезде де көзі ашық, көкірегі ояу жан-жағына сәуле шашып тұрады.
Бейімбет Майлин әрдайым халық өмірін әдеби шығармалар арқылы суреттеп, оқу-ағарту жұмысынан еш қол үзбеген. Заман тепершігі мен тұрмыс тауқыметін тартқан халықтың болашаққа деген үмітін оятумен үздіксіз айналысқан-ды. Келе-келе халық есесі кеткен еңбегінің ақысы мен жан жылуын оқыған азаматтар арқылы қайтарып отырғандығын жеткізеді.
Қорыта айтқанда, жас ұрпақты оқыту білім, ғылым негіздерін меңгерту, сол арқылы қазақ елін дамыған мемлекет тұғырына жеткізу – Алаш ағартушыларының азаматтық, қайраткерлік мұраты. Осы ретте Бейімбет Майлиннің педагогикалық көзқарасы, оқытудың үлгілерін (әсіресе әдебиет) жасақтап, арнайы оқулық шығарғанын зерттеу келер күннің еншісінде. Алаш қозғалысы құрамында өзінің ағартушылық мұратын көркем шығармалары арқылы жүзеге асыруға үлес қосқан классик қаламгер Бейімбет Майлиннің мұрасы қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның рухани жаңғыру үдері­сінде жаңаша бағалануға тиіс.

Еркінбек Тұрғынов,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің докторанты

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.