ГЕОСАЯСИ ҮШБҰРЫШ немесе «САУДА СОҒЫСЫ»

  • 18.10.2018
  • 98 рет оқылды
  • 0

Ахмет Бұрханов,
саяси шолушы

Соңғы үш-төрт жыл ішінде әлемдегі АҚШ пен Ресей арасындағы қырғиқабақ геосаяси күрес ушығып әбден өрби түскені анық. Бірақ негізгі шайқас экономика саласында болатынын айтып мақалада осы ойымызды әрі қарай өрбітсек. АҚШ пен Кытайдың арасында «сауда шайқасының» басталып кеткені мәлім. Бұл немен аяқталады деген сұраққа жауап іздеп көрелік.
Дональд Трамптың «АҚШ-тың әлсірей бастаған гегемондығын қалпына келтіремін» деген желеумен билік басына келгені белгілі. АҚШ бұл мақсатына кедергі келтіретін негізгі қарсыластар – Ресей мен Қытай деп санайды. Ресей АҚШ-тың әскери күш қолдануына шектеу қою мүмкіндігіне ие болса, Қытай АҚШ-тан экономикалық қаржы үстемдігін тартып алу мүмкіндігіне ие бола бастады. Осы тұста АҚШ-тың қалайынша бірден бір державаға айналу жолын және Ресей мен Қытайдың қол қусырып отырмағанын шолып өту АҚШ-тың қазіргі күй-жағдайын айқындай түсері анық.
Екінші дүниежүзілік соғыстан соң АКШ-та өткен Бреттон-Вуд келісімінен кейін АҚШ доллары негізгі резервтік валютаға айналды. Долларды басып шығару құқығы АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі (АҚШ ұлттық банкі ролін атқарады) қадағалап, АҚШ өзіне қажет деген ақшасын қалаған мөлшерде басып шығаратын мүмкіндікке ие болды, ал, оның сатып алу күшін әлем экономикасы қамтамасыз ететін жүйе түзілді. Өзге елдер өз валютасын тек өздері өндірген шикізат, айналымдағы тауар көлемінде ұстап отырмаса, валютасы құлдырап дефолтқа ұшырау қаупі туады. Осылай, АҚШ өзінің эко­номикалық, әскери үстемдігін пайдаланып, өзіне шаңсорғыш сияқты әлемдік ақша сорғыш құрал жасап алды да, дүниежүзіндегі сауданы долларға байлап қойды. ХІХ ғасырда өмір сүрген банкир Мейер-Амшель Ротшильд (қазіргі Ротшильдтердің атасы): «Маған ақша басып шығару құқығын берсе, заңдарды кім жазатыны маңызды емес» деген екен.
Өткен ғасырдың 70-жылдары мұ­найға бай араб елдерімен келісім жасап, мұнайды бұдан былай тек долларға сатылуы, ал, мұнай бағасы тек АҚШ долларымен бағалануы арқылы Америка әлемдегі қаржы айналысында толық үстемдік орнатты. Іле шала, енді, АҚШ 1971 жылы доллар бағамынан алтын қамтамасын алып тастап, доллар эмиссиясының шектелуін бүкіл әлем экономикасының көлеміне ғана байланысты болуына қол жеткізеді. Басқаша айтқанда, АҚШ басып шығарған қағазға әлем елдері өз тауарларын сыртқа сатады және бір-бірінен сатып алады, сол тапқан, жұмсаған долларымен АҚШ экономикасын жанама қаржыландырады. Осы қаржылық үстемдігі арқасында АҚШ өзі өндірген өнімінен бес-алты есе көп ақша жұмсау мүмкіндігіне ие болды.
Енді, дүниежүзін мойындатқан ақша басып шығарумен фондтық бир­жалар арқылы тауарлар бағасын қолға алған соң, ядролық қаруы бар КСРО-ны соғыспен жеңе алмайтынын түсінген АҚШ, оны ішінен ыдырату әрекеттерін бастайды. Осы елу жылдай созылған «салқын соғыс» деп аталған текетіресте қару-жарақ жары­сынан әбден титықтаған КСРО тоталитарлық режимі идеологиялық нарықтық бәсекелестікке төтеп бере алмай қабырғасы сөгіле бастайды. Әсі­ресе, күнделікті өмірге қажет халыққа тұтыну тауарларының жетіспеушілігі КСРО-дағы ішкі наразылықты күшейте түседі. Ақыр соңында «қайта құру», «жариялылық» сияқты саясат жүргізіп, «темір пердені» ашып тастап шетелге ден қою саясаты басталады. Дүниежүзілік элитаға кіруді армандаған Мәскеу элитасы КСРО-ны ыдыратып, Ресейді АҚШ-қа біржотала жығып беруімен «салқын соғыс» деп аталған кезең аяқталады. Ельциннің Беловеж келісімінен кейін АҚШ президенті Клинтонға қоңырау шалып: «Коммунистік режим келмеске кетті» деп есеп беруі осының айқын дәлелі болса керек.
Осылай басты қарсыласы құрдымға кеткен соң АҚШ 1999 жылы Югославияда азамат соғысында Сербияны геноцидте айыптап бомбалап күйретті. 2001 жылы Ауғанстанды, терроризммен айыптап, «ядролық қару жасап жатыр» деген желеумен 2004 жылы Иракты басып алып, Ирак президенті Саддам Хусейнді дарға асып өлтірді. Онымен тоқтамай 2010-2013 жылдары Солтүстік Африка мен Таяу шығыс елдерін диктаторлықпен айыптап, «араб көктемі» деген атпен Египет пен Тунисте төңкеріс ұйымдастырып Ливияны қиратуы, Муаммар Каддафидің өлтірілуі дүйім жұртқа мәлім. Сирияда азамат соғысын ұйымдастырып, Иракта түзілген «ИГИЛ» деген атпен белгілі содырларды қаруландырып, Асад үкіметіне қарсы айдап салғаны да белгілі. Сөйтіп, АҚШ бастаған батыс елдері тағы бір жеңісін тойлау алдында тұрғандай еді.
Бұл оқиғалардың бәрін Ресей үреймен бақылап отырды, әсіресе, АҚШ-тың бұрынғы КСРО ықпалындағы Югославияны күйретіп, Балтық республикаларын НАТО-ға қосып алуы Ресей басшыларының шымбайына батқаны соншалық, бұны геосаяси жеңіліс, Ре­сейді кемсіту деп қабылдады.
Бірақ, семіздікті қой көтерер демекші, КСРО-ның ыдырауынан соң АҚШ Ресейді тізімнен өшіріп, Қытайды ежелден көзге ілмей айтқаны-айтқан, дегені-деген болып мақсатына жеттім дегенмен, әрбір қарсылық қарама-қарсылықты тудыратынын ұмытса керек.
Ресейде В.Путин үкімет басына келген соң бірінше кезеңінде ыдырауға шақ тұрған Ресейдің басқару жүйесін Мәскеуге жинап, мұнай, газ, басқа да маңызды шикізат саласын үкімет бақылауына алды. Екінші кезекте армия­сын заманауи қарумен қайта жасақтауға шындап кірісті. Бастапқы кезде суық қарулану астыртын жүргізілген болса, 2012 жылдан бастап Путин қайта сай­ланған соң әскерлері мен қаруының сақадай сай, кез келген қарсыласымен ұрысуға дайын екенін ашық айтып АҚШ пен Батыс елдеріне қыр көрсете бастайды. Украинада Батыстың Ресейге қарсы төңкеріс (майдан) ұйымдастырғандығын сәтті пайдаланып, Қырымды қосып алды.
АҚШ та қарап қалмады, Ресейге қарсы бірқатар саяси және экономикалық санкциялар қолданып, жақтастарымен бірге қыспаққа алды. Мұндағы басты мақсат – бұрынғы Ресей империясы немесе КСРО аймағын саяси және экономикалық тұрғыдан біріктіріп, әлемде ықпалын күшейтуге жол бермеу. Ал, екіншіден, Ресейді әбден әлсірету арқылы жан-жақты тәуелді жағдайға әкеліп, қыруар ресурстарына иелік етумен бірге әрі қарай мүмкіндігінше ыдыратып, ядролық қарусыздандыру еді. Сонан соң, Еуразия кеңістігіндегі көлік торабын қолға алып, Қытайды «әлемдік өндірістік цех» дәрежесінен асырмай қайтадан дүниені билеп-төстеу болатын.
Казіргі таңда АҚШ пен батыс елдерінің буған қауқарының жетуіне күмәнмен қарай бастаған сияқты, АҚШ-тың осы жолда Еуропаның басынан жаншып өту қарекеті де осыны аңдатқандай. Соңғы кезде саясаттанушылар АҚШ-ты Қытай анықтамасымен «қағаз жолбарыс» деп атап жүрген жайы бар, егер, оны қағаз ақша, қаржы айналымы мағынасында қабылдасақ, дәл тауып айтылғаны байқалады. Дүниежүзіндегі өндіріс көлемінің 50 пайызы Қытайда шоғырланғанын, ал, ақшаның өтпелі дүние екенін, бүгінгі доллар ертеңгі юаньға айналып кетуі әбден мүмкін екенін айтып өткен жөн. Өндіріс көлемі Қытайдан төрт есе кем, бірақ, қағаз ақшасына әлем экономикасын байлап отырған АҚШ өзінің тізгіннен айрыла бастағанын сезіп, экономикалық қуатының тірегі – өнеркәсіпті көтеру және сыртқы сау­да балансының тапшылығын азайту мақсатында күреске кірісіп кеткені белгілі. Бұл жолы АҚШ-тың негізгі бәсекелесі, соңғы 20-30 жыл ішінде батыс елдерінің көмегімен индустриялық алып державаға айналған Қытай оңайлықпен берілмек емес. Батыс өндіріс орындарын Қытайға өздері көшіріп, сол өндіріспен бірге экономикалық қуаты мен технологияларының да өтіп кеткенін кеш байқаған сияқты. Осы өндірістің Қытайға көшірілуі батыстың Қытаймен экономикалық жіптермен шырмалып, бұл жіптер Қытайда есіліп, олардың мойнына салынған арқанға айналуына алып келді десек, қателеспейміз. Бұл арқанды үзуге Еуропаның қауқары жоқ, бірақ, АҚШ-тың оған мойынсынбайтыны анық, сондықтан да, енді сауда соғысы толастамақ емес. Бұл арқантартыста бірінші кезекте Еуропаның қылғынатыны белгілі болды, себебі АҚШ бұл жолда Еуропаның мойнындағы арқанға асылып шығудан басқа жол таппай отырған сияқты.
Енді, «текетірес тоқтай ма» деген сұраққа жауап берер болсақ, АҚШ өзінің Ресейге жасап жатқан қысымы мен санкцияларын жалғастыра бермек, бірақ, ол 2014-15 жылдардағыдай әсер бермейді. Егер, Ресейдің мемлекеттік активтерін бұғаттаса, бұл доллардың абыройына орасан нұқсан келтіріп, Қытай юанының бәсекелес валютаға айналуына жол ашады. Ал, егер әскери қысымға келсек, Ресейдің жауап соққысынан масқара болу қаупі басым. Ірі ұлтаралық (транснациональ) корпорациялардың әлем экономикасымен қатар батыс елдерінің үкімет басшыларына ықпалы зор екенін ескерсек, оларға пайда әкелмейтін соғыс керек емес. Сондықтан, айқай-шудан басқа нағыз төбелес болмайтыны анық.
Бүгінде әлемдік саясат сахнасына мақсаттары қарама-қайшы үш держава шықты, қазірше негізгі текетірес сыртқы көзге АҚШ пен Ресей арасында болып жатқандай көрінгенімен, шешуші күрес АҚШ пен Қытай арасында болатыны анық. Қытайдың осы шайқаста Ресейдің өз тарапында болуына аса маңыз аударатыны, осы екі ел басшыларының қарым-қатынастарынан байқалса, Трамп пен Путиннің соңғы кездесуінен АҚШ-тың да Ресейдің Қытаймен тізе қосуын қаламайтынын көруге болады. Соңғы геосаясат әлеміндегі ақпараттардың қорытындысына жүгінсек, шешуші әлемдік «экономикалық соғысқа» шұғыл дайындық жүріп жатқаны байқалады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тарихқа жүгінсек, империялар бар кезде талас-тартыс, текетірес бірде күшейіп, бірде толастап, бірін-бірі күйреткенше тоқтамайтынын көреміз. Осылайша, бір империя құлдыраса, екіншісі бой көтеріп, дүние үстемдігіне бақталастық жалғаса бермек.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.