ӘУЕЗОВ ӘУЕЗЕСІ немесе шырғалаң

  • 18.10.2018
  • 244 рет оқылды
  • 0

Вячеслав Огрызко,
«Литературная Россия» газетінің Бас редакторы

Бірсыдырғы жақсы жазылған көлемді мақала құранды құрақ көрпені қағып-сілкіп қайта жасауға қосқандай әсерге бөлейді. Базбір ақиқатты ақтарып, олардың жай-жапсарын, себеп-салдарын айтып, ашып, өткен-кеткенге үңілдіргендей екен. Болмысты нақ боямасыз сол күйінде көрсеткен шарайнаға кім өкпелейді? Алайда, етене таныс тақырыпқа қайта қайырылып, әлдекіммен ой салыстыру қашанда оңай емес. Мен де әдебиеттің М.Горький атындағы институтында оқып жүрген кезімде «Огонек» журналына Абай мен Мұхтар Әуезов туралы жазып, хал-қадарымша қалам тербетіп, олар жарық көрген болатын.
Қажеті болмаса ешкім де айдын­дағы түбіне тартып кететін құрдым көкала терең иірімге ермек үшін қаймақ тас лақтырмайды.
Әуезов. Әуезов. Әуезов!.. Алыс­тан көрсем де, шығармалары арқылы болмаса, өзімен сырласқан емес­пін. Қандай болса да біз онымен мақтанамыз, бәрібір. Шындық шарайнасын ешқашан шаң баспайды. Қаламгер тақтайдай түзу жолдан өткен жоқ. Бәрі рас. Жұмыр басты пенде болған соң періште өмір – арман дүниесі. Елес. Сағыныш. Қиял. Ол да махаббат пен машақат арасында күн кешті. Жүрді. Сүрінді. Тұрды. Адасты. Тапты. Тарихта арамтер алашапқын алаөкпе болғандар аз ба? Бес күн жарық жалғанда бұйырған дәм-тұзын тата жүріп, М.О.Әуезов те сол ауыр мектептен өтті. Ат жалын тартып мінді. Оқыды. Еңбек етті. Қуғындалып түрмеге де түсті. Ақыл азабын тартты. Адасып, қуатты нұрлы қайнарға қайтып оралды. Әркімнің де осал тұсы бар шығар. Бірақ… Мақала авторы, қазақ жазушысы оған мұқтаждай оны әлдекімнен қорғаштап-қорғайтындай тұрпат танытады. Кімнен? Қалай? Қайтіп? Ниет дұрыс, әрине. Өмірде де, өнерде де Әуезов Әуезов екенін танытып кетті! Туған халқының, қазақ қауымы – жас ұрпақтардың рухани кәдесіне жарайтын шырғалаңға толы шығармаларын жазды. Мәңгілік мұра! Күйінген де, сүйінгенде де ол сөйтті.
Зады, Әуезов тағдыры – адам ретінде де, суреткер ретінде де ешкімге ұқсамайтын күрделі жанның тағдыры. Қанша қол ұшын созуға кешіксек те тұлғаға шаң жуытпауға тырысу қиянат. Жауырды жаба тоқу жақсылыққа апармайды, әйтеуір. Күлбілтелемеген абзал қазір. Біз Әуезовты сол күйі қабылдаймыз. Иә, сағына қабылдаймыз!..

Аян НЫСАНАЛИН

Сиырқұйымшақтанып кеткен сауалдар

Ұзақ уақыт бойы ресми Кеңес әдебиеттанығышы әртүрлі себеп-салдармен алдарқатып, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов пен оның «Абай жолы» дәуірнамасы туралы шырғалаңға толы бүкіл шындықты жасырып келді. Сөйтіп, 1962 жылы шыққан «Қысқаша әдебиет анықтамалығында» А.Нұрқатов бүйтіп тұжырды: «1942-1947 жылы жазылып, 1949 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығын алған «Абай» роман-дәуірнамасының (1-2 том) бірінші кітабы басылып шықты. 1952-56 жылдары жарық көрген «Абай жолы» романының екінші кітабында суреткер Абайдың халықпен байланысына назар аудартады (…)».
Бірақ, кешіріңіздер, Әуезов дәуірнамасының бірінші кітабын 1942 жылы емес, 30-жылдардың ортасында бастаған жоқ па еді.
1949 жылғы бір сұқбатында жазушы «романның тұңғыш үзіндісі А.С.Пушкиннің 1937 жылғы мерейтойы қарсаңында жазылған еді» деп хабарлады.
Алайда, Әуе­зов­тың сөзі шындықпен сәйкес кел­мей тұр. Бел шешіп басталған роман­ның беташары – «Татьянаның қырдағы әні» деген атпен баспадан 1936 жылға жетпей жарияланды.

Мұхтар Әуезов

1949 жылғы «Абай» романының Мәскеу басылымының соңғы сөзінде белгісіз біреу былай деп жеткізеді:
«1937 жылы М.Әуезов қазақ жазба әдебиетінің іргетасын қалаған Абай Құнанбаевтың өмірі мен қызметі жайындағы жарияланымдарды сұрыптауға кірісті. Солардың негізінде 1942 жылы Әуезов «Абай» романының бірінші, 1947 жылы екінші кітаптары жарияланды (Дереккөзі 1949 ж. Мәскеудің «Советский писатель» басылымы бойынша алынып отыр).
Бұл тұста Әуезовтың Абаймен айналысуы 20-жылдардың басынан басталғанын нақтылай кеткен ләзім: «Жазушы 1949 жылы қазақ ақынының өмірі 1923-1925 жылдардағы студент кезінен қызықтыра бастағанын айтып, «Казахстанская правда» журналистеріне сыр шертті. Әл­бетте, сол кездің өзінде менің бола­шақ романымның кейіпкерін тіке­лей білетін кісілерді кездестірдім. Әлі күнге дейін Абайдың шәкірті Көкбаймен өткізген әсерлі әңгіме санамда сайрап тұр. Талдай кетсек, ол маған Балқыбек құрылтайына арналған тарауда суреттелген таптырмас деректерді берді».
Бірқатар жанама мәліметтерге сүйенсек, Әуезов Абай туралы романды талапкер кезінің өзінде ойлап жүрген болып шығады. Әйтсе де, бұл қияметке 1930 жылғы қамау кедергі жасайды. Қызылкөздер айып­кердің ұлттық «Алаш» партия­сында барлығын мін етіп тақты. Тағы бір жаңсақтық. Кеңес кезіндегі көптеген анықтамаларда үш кітаптан тұратын Абай туралы эпопеяны тек қана бір тәржімашы Леонид Соболев деп көрсетілген. 1949 жылғы Алматы жазбагерлерімен жасасқан сұқбатында Әуезов те тек жалғыз Соболевтің есімін айтады. «Романның орысша аудармасы хақында Сіздің пікіріңіз қандай деп сұрағанда (бұған дейін дәуірнаманың екі кітабы жарық көрген болатын) ол:
«Аударма мен Л.Соболевтің ре­дак­циясы шынайы шеберлікпен жасал­ғаны мені қуанышқа бөлейді. Біз Л.Соболевпен бірігіп пьеса жаздық, бірлесіп қазақ әдебиеті тарихы бойынша жазбалар дүниеге келді. Соболев қазақ тұрмыс-тіршілігін тамаша біледі, ұдайы қазақ қаламгерлерімен шығармашылық қарым-қатынаста байланысып отырды. Орыс аудармасының біршама бөлімдері бір-бірімізбен күн сайынғы тығыз аралас-құралас болғанымыздан туды» деп ағынан жарылады.
Бірақ, жеме-жемге келгенде Әуезов дарабоз даңғайыр дәуірнамасының тұңғыш тарауларын тәржімалауға тырысқан Соболев қана емес, «Абайдың» алғашқы аудармасына Шәріпова кіріскен. Оның кейбір беттері қазақ баспасөзінде 30-жылдардың басында басылған еді. Дегенмен, бәрі де тек қана шағын көлемде екі-үш үзінді жарияланумен шектелді. Жалпы алғанда, Шәріпова деген кім? Бұл сұрақты 2018 жылы шілдеде Әуезовтың ұлы – Мұрат Мұхтарұлына да қойдым. Әйтсе де, ол тәржіманың сапасы әкесін қанағаттандырмағандықтан жаңа аудармашы іздеген болуы керек деп топшылады да қойды. Айта кетсек, кейіннен Шәріпова Әлжаппар Әбішевтің «Біздің буын» хикаятын аударып шықты. Шәріповадан соң «Абайды» аударуға Темірғали Нұртазин талпынды. Одан кейін бұл жұмысқа Анна Никольская жегілді. Шынтуайтында бұл адамдар кім еді? «Абайдың» төлбасы тәржімашысының бірі Анна Никольская қайдан пайда болды?
Анна Никольскаядан бастайын. Ол туралы М.Лепехин 2005 жылы жария көрген ХХ ғасырдағы үш томдық орыс әдебиетінің өмірбаяндық сөздігінде там-тұмдап сыздықтап айтып кетеді. Ол туралы Ресей әдебиеті мен өнерінің мемлекеттік мұрағатынан (РГАЛИ) толығырақ мәлімет табуға дәмеленіп едім. Солай бола тұрса да, біраз жылдар бойы зерттеушілерге 631 қордағы 30, 40 және 41 тіркемелерде көрсетілген істерді ешқандай шартсыз беріп келген. Құзырлы меке­менің басшысы Татьяна Горяева 2017 жылдың қарашасынан бастап бұрын­ғы қолданылған тәжірибенің маңсық­талуына байланысты тарихшылары библиографиялық тізімді көруге тиым салды. Басқа деректерін іздеуге тура келді.

Анна Никольская

Никольская ұшан-теңіз білімнің адамы болып шықты. 1924 жылы Ленинград университеті этнология-лингвистика факультетін тамамдап, мемлекеттік өнер тарихы институтына орналасып, байырғы әдебиеттің стилі тарихы жөніндегі монографияны қолға алады. Сонымен қатар, зерттеуші «Әлем әдебиеті» баспасының ұсынысымен Жорж Дюамельдің «Каффар ханзада» романын француз тілінен аударуға кіріседі. Сөйткенмен, 30-жылдардың басында, Кеңес үкіметін мүлде мойындамай, 1919 жылы большевиктер атып тастаған белгілі құқық профессоры болған әкесін алға тартады. Қыз басына жаңа қауіп бұлты үйіріле бастағанын сезіп, Никольскаяның анасы өзіне қол жұмсайды.
Чекистер Никольскаяны алып кетуге 1933 жылдың қарашасында ке­леді. Оны ұстап берген Ғылым академиясы кітапханасының директоры И.Яковкин деседі. Әуелі тергеушілер оған академиктер Грушевский, Перетц және басқалар бастаған Бүкілодақтық академиядағы «Төңкеріске қарсы ұйымға» қатысы барлығын, одан соң жас оқымыстыны «славистер ісіне» байланысты айыптады. Түрме бейшара әйелдің денсаулығын басыбайлы бұзды. Ол үнемі өз көңіл-күйін бақылай алмады. 3 желтоқсанда ажал құша жаздаған Төтенше жағдай болып өтті. Тексеруден өзі оңаша камерасына қайтып келе жатып, Никольская құлап, 1934 жылғы тамызда орнынан тұра алмайтын дәрежеге жетіп еді. Сонан соң, Айрықша кеңес үш жылға кесіп, 1934 жылғы көкекте Қазақстанға жіберді.
Алматыға келіп, Никольская қазақ тілін айтақырдан бастап үйрене бас­тады. 1935 жылдың көктемінің өзінде Республика Жазушылар одағында жергілікті санаткерлер оның тәржімасындағы халық эпосы «Қыз Жібектен» үзіндіні талқылады. Сонан соң сенімсіздігі үшін жер ауда­рылған Петербург қызы Медеудегі қаламгерлер саяжайына шақырылып, оны онда Әуезов ұзақ ұстап қалды.
«Мен Алматыға сырт адаммын, – деді көп жылдан кейін еске алып. – Қала сыртына, жалпы тауларға шығуым алғаш. Мен үшін бұндағының бәрі таңсық. Алатау баурайындағы табиғат та, тіпті, жолдың әрбір бұрылысынан кездейсоқ шыға келетін жартас пен бірнеше күн тұрып, жұмыс істейтін киіз үйлер. Мұхтар Омарханұлы меймандос қожайындай қарсы алды. Бізді дастарқанға шақырған сәттерде мойын бұрып, уақыттың тез өткені сонша, кеш түскені байқалмай қалды. Тау аңғарлары мен шатқалдарды жылдам іңір басады. Екеуміздің де сілеміз қатыпты. Мұхтар Омарханұлы маған киіз үй маңайындағы соқпақпен аздап жүріп қайтуды ұсынды. Айнала көз түрткісіз қараңғылық пен жалқау тыныштық. Тек қана жанында ағып жатқан әлдебір бұлақ сылдыры мен киіз үйлерден булыққан әңгімелер естіледі. Үстімізден жап-жақындығы сезіліп ірі жарық жұлдыздарды шашып тастағандай көкторғын аспан төніп тұр. Жай әңгімелесіп келеміз. Ленинградтан жақында ғана келген менен Мұхтар Омарханұлы Қазақстанда өзімді қалай сезініп, тіршілікке үйрене алғанымды сұрайды. Бұндағы маған «Солтүстік Пальмира» – Ленинградтың байырғы тұрғынына әлі күнге Алматыдағы көп нәрсе тосын әрі біртүрлі екенін айтты. Таныстарыма бала кезімнен көріп, тани алатын сол көктегі жұлдыздар да бұндағы Қазақстанда басқаша, тіпті, жат сықылды.
Мұхтар Омарханұлы қызынды.
– Бұл түсінікті, – деді ол жауап беріп. – Отан деген ұлы күш. Ленинградта оқыған кезімде оның аспаны жатбауыр, өте-мөте жырақ һәм суық көрінді. Ал, енді… Аспанға қарап, жұлдыздар туралы қиялдайсыз. Сізді қазақ елімен таныстыруымды қалайсыз ба? Сіз біздің жырларымызды орыс тіліне аударып жүрсіз ғой, сіз біздің табиғатымызбен, хал­қы­мызбен, халық мұрасымен танысып кетіңіз. Бұнда өзіңізді «үйіңіздегідей» сезінуіңіз ғанибет. Мен шыңдықпенен келістім: әрине, ондай сәт тезірек туса.
Мен арбалғандай тыңдап қалып­пын. Әуезов ғажап әңгімешіл еді. Қазақ аспаны мен үшін ашыла бастағандай. Жұлдыздар бойынша халқының неықылым аңыздарын оқығандай балаша тесіле бер. Ол бар ықыласымен жауап беретін. Фәлсапаларда өз алыс ата-бабаларының қиялына сүйсінеді. Бұл жаз кешінде Әуезовтың әңгімесін алғаш тыңдадым.
Дегенмен, Әуезов пен Никольская бірінші мәрте бір-бірімен 1935 жылы Алматыда емес, 20-жылдардың аяғында Ленинградта жүздесіп, бұнда ескі әріптестердей қарым-қатынас жасады дейтін жорамал бар. Бұл жерде олардың қашан танысқандығы маңызды емес. Өз кезінде екі жарым жыл түрмеде отырған Әуезов әр қадамының аңдулы екенін жақсы білді, жер аударылған петербургтық келіншекпен кез-келген байланыс міндетті түрде арнайы қызмет пен жергілікті партия ұйымдарына белгілі болып, оған жаңа қолайсыздықтар әкелетінін түсінді. Соған қарамастан, ол Никольскаямен кездесуден іркілмей 1935 жылы керісінше, әдейі жиі-жиі қонаққа шақырды. Никольская бойынан сол кездегі Алматыда жете бермейтін ерлікті байқады. Ондай періштедей әйелмен әңгімелесуге қазақ жазушысы да құштар болатын. Тез арада Никольскаяның бүкіл Әуезовтар отбасымен дос-жарандай араласып кетуі кездейсоқ емес. Әсіресе, оның жазушы қызы Ләйламен шүйіркелесіп кетуі ерекше болды. Ол Ләйлаға мынандай өлең де арнады:
Өмір оты лаулайды,
Әрбір сәуле – талшықта.
Сенсең, бақыт баурайды.
Жер аудару мерзімі біткенде Никольская Ленинградқа баруға бекінді. Онда ол бірден ауруханаға түсті. Одан соң оның Невадағы қалада тұруы қолайсыз екені айқындалды. Никольская Алматыға оралуға мәжбүр болды. Ал, бұнда қаламгер қауым арасында дау-дамай өршіді. Әдебиетшілер бір-бірін көрсетіп, ұстап беріп жатты.
Бәрінен көп Бейімбет Майлин таяқ жеді. Жазушылар одағының жауапты хатшысы Сәбит Мұқанов оған ұлтшыл, сатқын, зиянкес, маскүнем деп бәле-бәтірдің бәрін үйіп-төгіп жала жапты. Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен Кеңестік халкомда жоғарғы лауазымды қолдаушысы бар дейтін Ғабит Мүсірепов суреткерді жазықсыз жағылған күйеден арашалауға тырысты. Алайда, жатыпатарлар бұл тұста да қалғып қалмай оған көлденең тартып қайдағы-жайдағыны қозғады. Мүсіреповтың атына Майлинмен үш күн той-томалақта арақ ішті деген жеңіл күнә тағылды. Ең қауіптісі көсем Сталинге Қазақстандағы ашаршылық жайында хабарлаған бесеудің хатының мұрағаттан табылғаны болды (оған қол қойғаны үшін сол кездегі Қазақстан басшысы Голощекин Мүсіреповты бір жылға жер аударды).
Қауесет Әуезовті де айналып өтпеді. Ол жұмыстан босатылып, бар­лық кітаптары кітапханалардан алы­нып тасталды. Жаманшылықты күтпей, Әуезов біраз уақыт Алматыдан Мәскеуге кетуді дұрыс деп тапты. Кейіннен Майлинді қорғағаны үшін Қазақстан Компартиясының әкімшілігінен шығарылған Мүсірепов те сөйтті. Никольская Қазақстаннан әлдеқайда мүлде кетуіне мүмкіндік болмады. Құзғындар оны алып кетуге 1937 жылы 29 қарашада келді. Бұл жолы ұзақ тергелген жоқ, 10 желтоқсанда тергеуші он жылға ең­бекпен түзеу орнына кесіп, Сол­түс­тік Оралға жөнелтті. 1939 жылы желтоқсанда өз жазасын жеңілдетуге тырысып, Сталин құзырына жүгінді. Өз хатында ол Қазақстанда айдауда жүргенде мемлекет алдындағы кінәсін жууға тырысқанын айтып тәпсірледі.
«(Алматыға) жер аударылған жыл­дары мен ең алдымен Қазақ­станның Мемлекеттік көпшілік кітап­ханасында үздіксіз еңбек еттім, одан соң НКВД рұқсатымен Алматы қ. КНК мүшелеріне шет тілдерінің мұғалімі болдым, артынан профессор дәрежесіндегі доцент ретінде Алматы Педвузында сабақ беріп, сонымен бір мезгілде Қазақстан Жазушылар одағында кеңесшілік қызмет атқарып, Өлкелік баспада қазақ поэзиясы негізінде көне эпос­ты аудардым, – деп жазды Никольская. – Екі жинақ шығардым. «Қыз Жібек» аңызы мен «ХІХ ғасырдағы көтерілісші қазақтардың төңкерісшіл жырлары» жарық көрді. Қос аудар­маға да әдебиеттанушылар мен түркітанушылар тарапынан тек мақ­тауға толы лебіз білдірілді (мәсе­лен, Бүкілодақтық ғылым Академиясы Шығыстану институты, соның ішінде академик Самоилович). Бірнеше мәрте «Казахстанская правда», «Вечерняя Алма-Ата» газеттерінде менің жұмысымды құптаған сыни мақалалар жарияланды. Ақырында, 1937 жылы жазда Казпедвуз жанындағы арнайы француз курсының негізгі жетекшілерінің бірі етіп шақырылдым. Француз тіліндегі күн сайынғы төрт сағаттық дәрісте бүкіл жазғы демалысым зая кететіндіктен одан ұзақ бас тарттым. Әйткенмен, мен бас тартқан жағдайда французша мендей білетін басқа маман филолог болмағандықтан курсты жабу мәселесі туындады. Қазақстанға француз тілінен маман нұсқаушылар мен тәлімгерлер беретін жұмысты тоқыратуға себепкер болмайын деп, қандай ауыр болса да бұл курсты (тарихи және практикалық грамматика һәм фонетика курсы) жүргіздім және 1937 жылғы қыркүйекте тұңғыш түлектер түлеп ұшты»».

Әуезов – Соболев байланысы қалай туды?

Пысықтайын: Әуезов екінші қа­маудан Қазақстаннан қашып құтылды. Тіпті Мәскеудің өзінде оны қамауға алмасына сенімді емес еді. Мәскеуде жазушы бірден ықпалды жақтастарын іздеуге кірісуі таңқаларлық құбы­лысқа жатпайды. 30-жылдардың аяғында бірінен кейін бірін түрмеге тыққандықтан, үлкен саясаткерлерге жүгінуге қаламгердің жүрегі дауаламады. Қазақ қашқыны ірі ғалымдардан да қолдау таппады. Үміт жазушы Леонид Соболевта қалған болатын.
Әуезов көмек сұрап, неге тек Соболевке барды? Себебі, Соболев Кеңес жазушылары одағында, егер, жетекші болмаса да Қазақстан әдебиетшілерінің қамқоры болып есептелетін. Бірінші рет екі марқасқа 1935 жылы кездесті. Ол жылдары Соболевтің басына да бұлт үйіріліп еді. Қаңқудан құтылу үшін Алматыға баратын Кеңес Жазушылар одағы бригадасын басқарып, Қазақстанға сұранды. Алматыда екі суреткердің қанша арақ ішкенін қазір нақтыламай-ақ қойған игі. Одан соң, Соболевтің жолы болды. Оның «Түбегейлі түзеу» романына еліміздің Бас оқырманы Сталин назар аударды. 1935 жылы 10 желтоқсанда көсем Жазушылар одағының басшысы Владимир Ставскийге Соболевті жан-жақты қолдауға нұсқау берді. «Мейлі Соболев жаза берсін, – деп атап өтті Сталин Ставскийге хатында. – Құлқы соқса қашан да. Қысқасы, еркелеуіне мүмкіндік бер… Оны сақтаңыз». Расында, одан кейін де Соболевтің басына күн туды. Бірақ, ол идея негізінде емес, махаббат машақаты еді. Жазушы ашынасының бірі пәрменді ішкі істер халық комиссары Ежовтың әйелі болып шығады. Бұны Кремльде білгенде Ежов жазушыға бұрынғы жиналған жаланы қайта қозғады. Және Соболевті ажалдан жеке Сталин арашалап қалды. Көсем жазушы менменсіп кетпесін дегендей 1939 жылы ақпанда елдің үлкен марапатын бермей, небәрі кішкентай «Құрмет Белгісі» орденін бергізгені басқа мәселе, Әуезовке Соболевтің кіммен ұйықтағаны маңызды емес, еліміздің бірінші тұлғасының ықыласы ауғаны қажет еді. Ол Соболевті өзіне әлдебір панагер көрді.

Леонид Соболев

Қысқасы: «Соболев қиқаймады. Әуезовпен ұғысқанда өзінің бас пайдасын да көздегенге ұқсайды.
30-жылдардың аяғында Әуезов «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» атты ғылыми шағын еңбегін аяқтады. Баспасөзде ол басқа ныс­пылармен шықты: Әуезов пен Соболев. Әуезовтың қатысы түсінікті. Сөзге қазақтағы фольклор көптеген жанрының пайда болуының тарихын зерттеп, халық әндері мен ертегілерінің ерекшеліктерін анықтады. Ал, Соболев не істеді? Ол қазақ тілін білмеді және қазақ тіліндегі фольклорлық мұраларды жинауға қатыспады. Қазақтардың фольклорының мәтінін талдауға әлі келмейтін. Бәрінен бұрын Соболев мақаладағы мәтінге шамалы қол тигізіп, бірнеше үтірді ауыстырып қойды. Демек, бұнда басқа сәт қызықтырақ. Әуезов пен Соболев атымен қазақ фольклоры туралы мақала «Әдеби сын» журналының 1939 жылдың аяғы 1940 жылдың басындағы екі санында жарияланды. Бұл басылым жазушылар мен ғалымдар ортасында біркелкі беделге ие емес еді. Өз атына айтылған ешқандай ескертулерге төзбей, шығармашылығын үздік үлгі санайтын кейбір әдебиет генералдары бұл басылымның тезірек жабылғанын қалап тыншыды. Олар журналдың бас идеологы – венгер зерттеушісі Г.Лукачтың сыртынан сыпсың сөз айтып, не істемеді? Ақыр соңында Кеңес жазушыларының жаңа басшысы Александр Фадеев пен оның сенімді қолшоқпарлары Валерий Кирпотин мен Владимир Ермилов «Әдебиет сыны» партияға қарсы басылым деп атап ел басшысына шағымданып тынды. Бұндай байланған жаладан кейін 1939 бен 1940 жылдардың жағ­дайында не болатынын айтудың керегі не? Бұндай айыптаудан соң әлгідей журналдардың редакторы мен авторлары әдетте түрмеге тартылады.
Бұны Әуезов пен Соболев білді ме? Әлбетте. Онда олар өз мақаласын неге «Әдебиет сынына» берді? Әлде, олардан «Знамя» мен «Новый мир» де бас тартар ма еді? Бұл жерде бір ойдың төбесі қылтиып тұр: яғни, бұл екі жазушыға ықпалы Фадеевтен кем түспейтін адамдар қамқорлық білдірді. Олар кімдер? Меніңше, «Әдеби сын­ның», яғни, оның авторларының артында ең алдымен партияның жаңа идеологы – ВКП(б) ОК хатшысы А.Жда­новқа, тіпті, Сталиннің өзіне тура шыға алатын П.Юдин тұрған шығар деп топшылауға болады.
1939 жылдың аяғында Әуезов «Абай» пьесасын жазып бітті. Әйтсе де, Мәскеу театрлары не дегенмен қызыға қоймайтынын түсінді, себебі, олар үшін Абай есімі түкке тұрмайтын. Алматыға да Әуезовтің иегі қышыған жоқ. Бұнда оның есіміне үнсіз тыйым салынған еді. Қазақ авторы ойлағандай сындарлы сәтте құтқаратын ықпалды қосалқы автордың пайда болуы еді. Сондықтан, Әуезов Соболевке қолқа салды. «Абай» пьесасынан үзінділер екі автордың атынан «Литературная газетада» 1940 жылы қаңтарда жарық көрді. Жарты жыл өткенде Қазақ драма тетрында оны қоюға А.Тоқпанов кірісті. Пьеса жеке кітап болып 1945 жылдың басында Мәскеудің «Искусство» баспасында жарық көрді.
«Тарихи-өмірбаяндық «Абай» қасі­ретнамасы Мұхтар Әуезов пен Ста­линдік сыйлықтың иегері Леонид Соболевтің жемісті достығының нәтижесі, – деп тұжырды Николай Львов бұл кітаптағы соңғы сөзде. – Екеуі үшін бұл тақырып кездейсоқ емес. Бұл пьесаға дейін М.Әуезов Абай туралы роман жазса, ал, Леонид Соболев бес жыл бойы орыс тілінде қазақтың бай эпосы, фольклоры мен осы заманғы қазақ жазушыларының шығармашылығын насихаттаса, сонымен қатар, Қазақстан, қазақ театры, мәдениеті мен оның қайраткерлері туралы шынайы әңгімелер, очерктер мен мақалалар жариялады. Атап айтқанда, ол Абай Құнанбаевтың орысша «Лирикасы мен поэмалары» (Гослитиздатта шыққан) жинағының редактор құрастырушысы болды. Қазақ эпосы, фольклоры мен осы заманғы қазақ жазушыларының шығар­машылығымен қалың оқырман қауым арасында таныстыруда бес жылда (1935-1939) Л.Соболевтің еңбегі зор – олардың ауқымдылығы мен зәрулігін Қазақ КСР үкіметі мен кеңес жұртшылығы атап өт­ті. Сол себепті 1935 жылдан бастап Қазақстан тақырыбы қазақ мақалдары, мәтелдері, қанатты сөздері мен айшықтығы оның флот тақырыбымен, теңіз әңгімелері һәм очерктерінің өзегімен қатар өріліп отырады. Авторлардың Абай туралы пьеса жазу ойы 1939 жазда бірігіп, «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» атты монография туғызу үстінде пайда болды. Қазақ эпосы, оның әдебиеті және мәдениетімен терең таныстық. Қазақстанға деген сүйіспеншілік, ақырында Әуезов пен Соболев арасындағы тығыз шы­ғармашылық достық қарым-қатынас іргетас болып қалануына әсер етті.
Пьесаны жазу барысындағы тә­сіл қызық болғандығы сондай, ол еш­нәрсеге ұқсамайды. Авторлардың бірнеше рет бас қосып, пікірлесіп, ойласып, достасуы нәтижесінде (жеке-жеке кейбір көрініс пен кейіпкерлердің тіл қатысуына дейін) шығарма либ­рет­тосы өте нақты құрылды. Сон­дықтан, пьесаның либреттосы орыс және қазақ тілдерінде ұқсас туды. Қасіретнама осы түрінде 1940 жылғы күзде Қазақстанда Кеңес үкіметінің орнауына 20 жыл толуына орай Алматыда қойылып, содан бері қазақ театрларының сахнасынан түспей келеді. Қазақстаннан тыс орыс театрлары сахнасында қою үшін авторлар әдет-ғұрып, сөз саптаулары мен қазақ тілінің Қазақстанға түсінікті ерекшеліктеріне байланысты орыс көрерменнің ыңғайына қарай кейбір тұстары жеңілдетіліп, қайта қаралып шықты. Енді оны бес актінің орнына төртке түсіріп, көрініс саны мен қатысушылар азайтылып, бір қалыпқа түсірілді. Сол күйі трагедия осында жарияланып отыр».

Абай Құнанбаев

Сол кезде, яғни, 1939 жылдың орта­сы мен 1940 жылдың басында Әуе­зов қазақ тілінде өзінің Абай ту­ралы бірінші романының көп бөлігін жазып бітірген болатын. Бұны қазақтың тағы бір әдебиетшісі – Сәбит Мұқанов өз хатында нақтылай көрсетеді. Соғыс басталғанда Әуезов Қазақстанға оралды. Ол санаулы айлар ішінде Абай туралы романның бірінші бөлімін аяқтады. 1942 жылы қолжазба Қазақтың біріккен мемлекеттік баспасының (Казогиз) тартпасына түсті.
Әуезовтың іштен шыққан шұбар жыланын орыс тілінде көруге әре­кеттенгенін түсінуге болады. Аудармашыны атау қажет еді. Әрине, жазушы Соболевке баруға теріс қарамайтын. Сталин орыс қаламгерін Америкаға жібергісі келетін хабары дүңкілдеп жетіп жатты. Ал, Алматыда тәржімеші табудың реті келмеді. Шариповамен жазушының соғысқа дейін байланысы үзілген болатын. Алматыда тұратын орыс жазушылары өз қотырын өздері қасып жатты. Қазақстанға қоныс аударған Мәскеу әдебиетшілерін де Абай қызықтыра алмады.
Әуезов торығу торына түсті.

«Абай» аудармасы қалай басталды

Қазақ суреткеріне алғаш көмек қолын созған ғалым Темірғали Нұртазин болды. Сол уақытқа дейін ол білімді кісі болып есептелетін. Ол Петропавлде татар медресесі мен орыс мектебін тәмамдаған еді. Қазақша және орысша екі тілді еркін меңгеріп, сондай-ақ, кедей шаруадан шыққандықтан (май айыратын зауытта еңбек етті) партияның Петропавлдегі укомында лауазымы тез көтеріліп, маңызды қызмет атқаруға сұранып тұрған болатын.
Нұртазин мансабының шыңы 1936 жылы жазда Ленинград журналистика институтын бітіріп, Қарағандыдағы қазақ тілінде шығатын облыстық газетке редактор етіп бекіткен кезге сәйкес келеді. Шамамен сол уақытта орыс классикасын аудара бастайды. Бірақ, 1937 жылғы 28 тамызда оны әкетуге келді. Нақты не үшін айыпталғаны әлі күнге дейін маған анықтаудың сәті түскен жоқ. Тек, білетінім, Нұртазин 1938 жылы 1 наурызда 10 жылға жазасын лагерьде өтеуге кесілді. Оққағары бар екен, 1942 жылы абақтыдан ерте босап шығады. Алдымен бір ауыл мектебінде ұстаздық етуге рұқсат етті. Одан соң Алматы институтында сабақ беруге де рақым жасалды. Айдаудан шыға салысымен қатты мұқтаждық көрген Нұртазин қандай жұмыспен болсын айналысуға мәжбүр еді. Әуезовтың «Абайын» аударуға шексіз ризалығы түсінікті. Көп ұзамай Нұртазин тоқтап қалды. Жұмысы жүрмеді. Шынтуайтында, істеген жұмысы көңіл көншітпейтін. Нұртазин бар болғаны жолма-жол аударма жасап, толық аударуға шамасы келмеді.

«Абайдың» қазақша пайда болуы немесе Мәскеудің түсініксіз тоңтерістігі

«Абайдың» бірінші кітабы ана тілінде жеке 1942 жылы жарық көрді. Оның бір данасын әдеби шенеу­ніктердің біреуі Мәскеудегі Жазушылар одағына жіберуге асықты. Десе де, ондағы әдебисардарлар қа­зақша қақпайтын. Ішкі тұтынуға пайдалануға Разия Файызоваға пікір айтуға берді.
Ол әйелдің тағдыры оңай емес еді. Ол ерте күйеуге шықты. Оның таңдауы әзербайжан әдебиеттанушысы Мамед Кязим Алекбероғлы Алекберуге түскен болатын. Бұл оқымысты Мәскеудегі қызыл профессура институтын бітірген соң Әзербайжан Жазушылар одағын басқарып, соңынан Бакудағы көптеген басылымға редактор болып, 1938 жылы қуғындалып, атылып кеткен еді. Сол кезде Файызованы кім құтқарғанын анықтау әзірше мүмкін болмай тұр. Тек, белгілісі, кейбір суреттерде татар әде­биетінің тәржімашысы болғысы келіп, Ғалымжан Ибрагимов пен Гумер Баширов романдарын қотаруға күш салды.
«Абайдың» бірінші тарауын оқып, Файызова Әуезов көп жағдайда тарихи ақиқаттан аулақ кеткен деген қорытындыға келді. Өз рецензиясында ол былай деп тұжырды:
«Абайдың орыс мәдениетін қа­был­дауына айнала қоршаған ақи­қат, тарихи мүмкіндік емес, түйсік итермелейді. Автордың бас­ты кем­шілігі осында, сол себепті Абай бей­несі ойдан құрастырылып, бос­кетік болып шыққан» (РГАЛИ, ф.631, оп.д. 820, д.5)
Файызованың пікірінше, Әуезовтың романы сәтсіз. «Роман, – деп жазды ол, – өмірбаяндық сипат алады және де ол қамтыған сол кездің айқын әлеу­меттік-тарихи суреттері жоқ» (РГАЛИ. 631 ф. оп.6, д.820, 8 б.).

Файызованың тоқтамы мынадай:

«Роман әлі аяқталған жоқ. Әуезов екінші кітабын жазу үстінде. Бәлкім, онда Абай бұдан да сәтті шығатын шығар. Бірінші бөлімде оның бейнесі біршама нығайды, бірақ, қан жүгірмей тұр» (РГАЛИ. 631 ф. оп.6, д.820, 8 б).
Алайда, Әуезовтың Отанында Абайды басқаша бағалады. Қаңтарда өткен Қазақстан Жазушылар одағының пленумында бұл романды осы заманғы қазақ әдебиетінде бірінші орынға қойды. Әуезовтың туындысы рес­публика ОК, сонымен қатар Қазақ КСР Кеңхалкомында да құпталды. Жергілікті басшылардың Әуезовты Сталиндік сыйлыққа ұсыну ойы пайда болғаны жайдан жай емес. Рас, Сталиндік сыйлық бойынша комитеттің әдебиет секциясы (онда сол кезде А.Н.Толстой, А.Е.Корнейчук пен А.С.Гурвич бар еді) 1943 жылы 2 наурызда өткен отырыста проза, роман саласында қазақ авторының кандидатурасын шығарманың төменгі көркемдік деңгейі мен идеялық әлсіздігі үшін емес, пәруайсыздық салдарынан ысырып тастады.
Секцияның қарарында: «…Мұхтар Әуезовтың «Абай» романы мен Ай­бектің «Науайы» романы танысу үшін Сталин сыйлығы комитетіне дер кезінде берілмеді» деп келтірді (РГАЛИ, ф.2073, оп.1, д.7, 78 б.).
Сөйтсе де, егер «Абайды» ұсын­ғандар жағы дер уақытында көрсетілген мерзімге үлгергенмен Әуезовтың Сталиндік сыйлық алуға шын мәнінде мүмкіндігі жоқ еді. Сол сәтте де, одан кейін де бәрі аударманың жоқтығына тірелер еді.

«Абайды» қотаруға Никольскаяның үлесі

1943 жылы Анна Никольскаяның Алматыға оралуымен ұзақ шешілмеген «Абайды» аудару мәселесі өлі нүктеден қозғала бастады.
Еске салайын: Бұл әйел 1937 жыл­дың аяғынан бастап Солтүстік Орал­да жазасын өтеп жатқан болатын. Бес жылдан астам уақытта ол сыр беріп, ажал шыңырауының алдында тұрғандай еді. Оның ауыр хал-жағдайын ескеріп, лагерь басшылары бейшара әйелді мүсіркеп, жазасының қалған мерзімін өтеуге Қазақстанға жібереді. Шынында, Алматыда Никольскаяға ешқандай баспана берілмеді. Ол қала маңына баруға мәжбүр болып, Тастақтағы бір жертөледе пәтерде тұруға мүмкіндік алды.
Ескі танысының қайта оралғанын естіп, Әуезов Никольскаяны іздеуге жүгірді. Кешегі тұтқынды Нұртазин аудармасын, «Абайдың» тың тәржі­масын қайта қарауға көндіруге ұзақ уақыт кеткен жоқ.
1967 жылдың өзінде Никольская Әуезов кітаптарын аударудағы еңбегі туралы айтып берген еді: «Көбірек «алтыншы сезім» деп аталатын ұғымды пайдалануға тура келді, әсіресе, ой негізіне және шығарма тұңғиығына бойлап, автор бейнешілдігіне ет үйренгенде нұсқа үстінен түсетін… Бір рет мен де тығырыққа тірелдім. Жолма-жол аудармада: «Оларды ойлағанда (қаршадай немерелер туралы) менің ұйқым шайдай пышырайды» дегенді оқыдым (Түсіндірмеде бұл қазақ тіркесі екені айтылады. Орыс тілінде оған мағыналас сөз табылмады). Дәл бұл күйінде оларды қалдыруға болмайтыны түсінікті. Орыс оқырманына басыбайлы түсі­нікті болу үшін, мәселен, қатты шайдан кейін ұйқы быт-шыт болды немесе басқаша ұғымды қолдануға тырысамын. Авторға бардым. Ол менің сөйлемдерімді шұбалаңқы әрі теңеуден алыстататын адымдар деп жаратпай тастады. Ақырында ол басқа шайсыз теңеу тауып берді, өйткені, ол орыс оқырманына бұрыс жететін еді… …Басқа мысал: жолма-жол аудармада Құнанбай жас әйелінің көзінше ақылды, нау­ша жігіт Базаралыны мақтайды. «Оған көңілі толып, сонымен қоса қызғанғаны көрініп тұр…» Сосын одан әрі : «Нұрғаным (Құнанбайдың әйелі) Құнанбайды ықыластана тыңдады… Ол ыңғайсыздықты сырып тастап, махаббатты қабыл алды».
Автор не айтқысы келді? Алтыншы сезім бұл тұста параллелизм болатынын аңғартады: Құнанбай риза және қызғанышы оянады – екі түсінік. Нұрғаным болса ыңғайсыздықты же­ңіп, сүйіспеншілікке ырық берді. Бұл тұста қос сөз ойнауы тиіс екені айқын. Түпнұсқаға жүгіндім. Бір оралымда барлық күрделілікті тілмен айқындап беру маған ауыр екені аян. Мен мейлі әртүрлі грам­матикалық пішінде болса да екі рет қайталанатын қос сөзді іздеймін. Табыла кетті: бұл етістіктер қызғану мен қызығу. Бәрі өз орнына қойылды: Құнанбай ырза болды, әрі қызғанды: Нұрғаным ыңғайсыздықты қойып, сүйіспеншілікке бет бұрды. Аудармада тек етістіктердің фонетикалық ұқсастығы сақталмағандай… Қазақ тілінде көп мағыналы ауыспалы сөздер көп. Көп жағдайда бұдан құтылуға болады. Жолма-жол аударманы құрастырушы мағыналардың арасында таңдау жасап, қажетті сөз қояды. Ал, бір нысанға қатысты сол бір тіркесте бір сөздің екі мағынасы айтылып тұрса қайтеді. Мәселен, жорға сөзі тайпалма жорға да, сонымен қатар мәмлегер, сөз тапқыш, қуақы адам. Осы қасиеттерге ие Жұмабай жөніндегі тіркес бар, оған әрқашан мәмле жүргізу тапсырылады. Ол осындай тапсырмамен аттанады: «Жорға Жұмабай өз жорғасында қатып қалыпты, онымен тұтасып кет­кен сықылды. Иә, Жұмабай нағыз жорға еді!»
Тағы бір мысал: бауыр деген сөз ет бауыр да, сонымен қатар туыс, бауыр. «Қодар сенің бауырың болса, бауы­рың күйсін!» деген тіркес бар. Осындай жағдайды мүмкіндігінше түп­нұсқаның табиғатына орай әркім әрқалай шешеді («Простор», 1967 ж. №7).

Абайдан ауытқу

Бұл жерде Әуезов көп суреткердей әлсін-әлсін өзінің басты кітабынан ауытқып басқа ойлардың жетегінде жүрді. Кейде өстіп ол демалатын. Кей кейде бұған қомпиған мемлекеттік тапсырыс та әсер етті.
Бұндағы қызық не еді? Әуезов бас­қа тақырыптар мен кейіпкерлерге ауысқанда, ол жаңа жұмысқа Никольская басқа нәрсеге алаңдамас үшін өзге аудармашыларды іздеді.
Мынандай мысал келтірейін. Соғыс жүріп жатқанда Әуезовтың ойына қыпшақ руының жас батыры Қобыланды жөнінде пьеса жазу ойы келді. Нәтижесінде дүниеге сегіз суретті интермедиясымен үлкен драма келді. Бұл жоғарғы орындарды қызықтыра бастады. Шынында да, олар автордан айтулы өзгерістер жасауды талап етті.
Сонымен, Әуезов «Қара қыпшақ Қобыландыны» жазу үстінде жаңа жұ­мысқа Никольскаяны жегуді ойлаған да жоқ. Никольская «Абайдан» басқаға мойын бұрмауы керек еді. Пьесаны аударуды жазушы өзіне Руст атты бүркеншік лайықты көрген Екатерина Тарловскаяны өтінді.
«Қымбатты Екатерина Александровна! – деп қиылды Әуезов Тарловскаядан 1944 жылғы 16 ақ­панда. – Сізге «Қобыландының» соңғы нұсқасын жіберіп отырмын. Бұнда ОК жасаған бүкіл ескертпелері ескерілген. Бұл соңғы нұсқа Алматыда оқылып, қазіргі күнде қойылымға әзірлену үстінде. Түзету көп болмаса да, айтарлықтай. Сізге бұл түзетулер көп болмағандықтан қо­сымша істеудің қажеті жоқ, «Сәбитті» Мәскеу кезінде барған баспаға өткізу үшін оны тез істеу қажет болып тұр. Әрине, мен Сізден Сәбит кеткенше емес, одан әлдеқайда ертерек жасауды өтінер едім. Пьеса біздің онкүндікке дейін жарық көргені абзал. Жылдам баса алар ма екен? Тұсаулау барлық жерде бірдей белгілі. Егер Марк Аркадьевич мүмкіндік тапса, сонда бастырғаны мақұл, бірақ, ол жағын шешу (белгісіз) Сізге айқын болғандықтан өз ұйғарымыңызға байланысты шығар. Тек шықса болды, оның тоқтап қалуы маған тіреледі. Ұзақ уақыт түзеуге мойным жар бермеді. Енді, Сәбит Сіздің аударманы аяқтауыңызбен (белгісіз) сол шешіммен жарық көргізуге міндетті (белгісіз), өйткені, бәрі өз қолыңызда. Тек жолмажол аударманы ғана жі­бердім. Әлбетте, мәтін Сізде бар. Бір нәрсені ескеріңіз – бұл (белгісіз) жайында Сіздің жұмыс басталмай тұрып айтып едім ғой. Театр үшін пьесаның тілі мен жыры жеңіл болуы шарт. Бұндағы орыс театры Сіздің соңғы аудармаңызды күтіп отыр, бітірісімен бір данасын маған салып жіберсеңіз. Мені Марк Аркадьевичке айтыңыз. Үйімде кішкентай бар. В.Н. екінші ұл тапты, оның есімі ағасы Елдарға ұқсас – Ернар.
Сізге Валентина Николаевна (бел­гісіз) сәлем жолдап жатыр. Қолы­ңызды құшырлана қысып.
Мұхтар.
Алматы, Калинин 63, пәтер 29.
16/І. 44 ж.» (РГАЛИ, ф.2180, оп 1, д. 321, пл. 1, 1 ст).
Қосайын. Әуезов 1944 жылы қаң­тардың аяғында Ташкентте ашылатын Орта Азия мен Қазақстан Рес­публикаларының музыкалық он­күн­дігіне орай асықты.

Алексей Толстой неге Әуезовке қарсы шықты

1944 жылдың басында Қазақстан басшылығы Әуезовтың ығына жы­ғылуды ұйғарды. 15 ақпанда рес­публика халық комиссарлар Кеңесі мен Қазақстан большевиктері Ком­партиясының Орталық Комитеті жазушыны басшылардың пікірінше Лениндік сыйлық алуға лайықты, Қазақстанның өткені туралы монография жазған оқымыстылар тобына қосты. Басшы мекемелер қаулысының жұрнағы сақталыпты. Онда: «Қазақ КСР ертеден бүгінге дейінгі тарихын» құрастыруға белсенді қатысқаны үшін Кеңес Жазушылар одағының мүшесі М.Әуезовты ұсыну туралы хабарланыпты (РГАЛИ, ф.2073, оп. 3, д.8, 25 б.).
Сонымен бірге, Қазақстан шенеу­ніктері Сталиндік сыйлыққа Әуе­зовтың «Абай» романын сәл-пәл іркіліп, ұсына жаздады. Дей тұрса да, Мәскеуде оның кандидатурасын Алексей Толстой қоспай тастады.
«Бұны («Абай» романы мағына­сында) келер жыл үлесіне қалдыруға шешім қабылданды, – деді Толстой әріптестеріне 1944 жылғы 9 наурызда. – Біздің қолымызда тек екі тараудың жолма-жол аудармасы ғана бар. Егер комитетке бұл кандидатураны ұсынсақ үкіметте: «Аудармасы қайда» деп сұрамай ма? Біз барлық еңбектің тәржімасы жоқ дейміз бе? Бұл дүдәмалдар романды талқылауды келер жылға қалдырып, толық аудармасын талап етуге тура келді» (РГАЛИ, ф.2073, оп. 1, д.75 б).
Мәскеудің әдеби сардарлары «Абайдың» толық тәржімасын білмеуі кәдік.
Әуезовты Сталиндік сыйлыққа кезекті ұсынудағы бұл сәтсіздік Қа­зақстан шенеуніктерін ойға қал­­дырды. Олар жалғыз партия қаулы­сының көшірмесімен іс бітпей­тінін түсінді. Күшті артдайын­дық қажет еді. Іле-шала «Абайдың» бірінші кітабын Алматыда кеңінен талқылатуы да ұйымдастыруы кездейсоқ емес. Бұл шараға олар партия қолжаулықтарын, министрлерді, академиктерді және әрине, жергілікті әдебиетшілерді шақырды.
1937 жылы қуғындағы Майлинді қорғап шыр-пыр болып, сол үшін қалыс жүрген Ғабит Мүсірепов уәж­ді жарқын сөздің бірін айтты. Ол: «Абай шындықты бейнелеген бірінші ұлттық роман және онда қазақ хал­қының нағыз бейнесі көрінеді» деді (РГАЛИ, ф.2073, оп.3, д.9, 49 б.).
Жұртшылық үшін Анна Николь­скаяның сөзі де төбеден түскен жай болды.
«Кітап «Абай» атын алған, – деп атап көрсетті зерттеуші. – Бұл Абайдан да үлкен дер едім. Бұл нағыз қаны тамып тұрған дәуірнама, ХІХ ғасырдың үшінші жартысындағы Қазақстан туралы кітап, тарихшы мен этнограф және әдебиеттанушы мен пси­холог қызғылықты мағлұматтар табатын кітап. Оның кіндігінде – өсіп бара жатқан Абай.
Мен сүйікті перзентін сеніп тап­сырғаны үшін авторға алғыс айт­қым келеді. Кішкентай Кәмшат­тың түбіне жететін Бөжей болмаспын. Менің жұмысыма үнемі назар аударып, көмек қолын созғаны және сонымен қатар Қазақстан туралы ғажайып һәм құнды қасиеттер танытқан кітап үшін ризашылығымды білдірсем деймін».
Бұл талқыдан кейін Әуезов КСРО Ғылым академиясы қазақ бөлімшесінің (КФАН) төрағасы геолог Сәтбаевтың қолдауына дәмеленді. Бұл тұста да оған Никольскаяның көмегі қажет болды.
«Қымбатты Анна Борисовна! – деп жазды Әуезов аудармашысына. – Машинистка Г.Ев.-пен бәрі келісілді, ол ақшаны 29 сенбі күні алған болатын. 2 кг қағаз жіберуді дүйсенбі күні таң­ертең Өтесов уәде етті. Сізге тек­серсеңіз артықтық етпейді. Г.Евг. КФАН-дағы Сауранбаев немесе Сү­лейменов төлейді. Басылғаннан кейін бір данасын (ең жақсысын) оған сіздің лебізіңізбен (талқылаудағы сөзіңізбен) тапсыру келісілді. Ол үшін бұнда менің келгенімше романды машинистка теріп үлгерсе, анау Сәтбаевқа беретін бір дананың дұрыс түптелгені жақсы болар еді. Дерматинде түптеуді музейдегі біздің үйде тұратын Жиреншин орындауға уағда берді. Оған дейін, бәлкім, өзім де кіріп қалармын, онда онымен жолық­тырамын. Әзірше табыс тілеймін.
Құрметпен Мұхтар Әуезов.
P.S. Анна Борисовна, менің Сізге үлкен өтінішім бар. Мен Сізге сценарийден екі шағын үзінді қалдырып кеттім: Көкбайдың өлеңдері мен Баймағамбеттің ертегісі. Ғафу етіп, оларды осы жолма-жол аудармадан тәржімаласаңыз, әсіресе, кино қызметкерлеріне керек болып тұр. Көкбайдың өлеңдері фильмнің соңы: оны ілкіалды натурада түсіреді. Бай­мағамбеттің ертегісі – ол проза, әрлеуіңізді өтінемін. Олар аяқталып, шығысымен екеуін де Ефим Ефимович Аронға басылып берілсе нұр үстіне нұр.
Оның П.Ж.: Мәдениет үйі, Абай фильмінің тобы, Аронды сұрау керек…»
Айналып келгенде, «Абай» Сәт­баевқа ұнаған. Ықпалды геолог Әуезовке Мәскеуде қуатты қолдау ұйымдастыруға уәде етті деседі.

Қазақстан шенеуніктерінің Мәскеуге шабуылы

Күшті артдайындықтан кейін мен 1944 жылғы 15 мамырда өткі­зілген «Абайдың» Алматыдағы тал­қылауын айтып отырмын. Қаз­ақ­стан атқамінерлері өздеріне сәйкес құрылымдардың Әуезовты Сталиндік сыйлыққа ұсыну мәселесіне қайта оралуына сенім артып, Мәскеуге қысым жасай бастады.
1944 жылдың мамыры соңында Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары И.Тәжиев Сталин сыйлығы бойынша комитеттің төрағасы Москвинге хат жолдады:
«Қазақ КСР Халком кеңесі төрағасы ж. Оңдасынов атына 23 мамыр 1944 жылғы жолдаған Мұхтар Әуезовтың «Абай» романына қатысты Сталин Комитетінің күзді күнгі сессиясының отырысы романның орысша аудармасы жоқтығына байланысты кейінге қалдырылуына қосымша роман туралы мәліметтер мен оның авторы жайында тоқетер тұжырыммен қоса ж. Әуезовтың романының аудармасы мен аталмыш шығарманың сипаттамасы жіберіліп отыр» (РГАЛИ, ф.2073, оп. 3, д.15, 15 б).
Тәжиев өз хатына қосып, Әуезов пен оның романы туралы КСРО Ғылым академиясы қазақ бөлімшесінің, Қазақстан Жазушылар одағының пікірлерін, Ғабит Мүсіреповтың толық рецензиясын салып жіберді.
«(Әуезов) кітабының көркемдік құндылығы мен тиянақтылығы, – деді КФАН-ның Тіл, әдебиет пен тарих институтының директоры филология ғылымының докторы Н.Сауранбаев. – оның түзілісімен баурайды, тіпті ол бөлінетін тараулардың тосындығы да тартымды» (РГАЛИ. ф.2073, оп. 3, д.9, 25 б).
«Абай» романының құндылығы тек идеясында емес екеніне Сауранбаев айрықша тоқталады.
«Кітаптың бір тақырыбы – оның өзекті бөлігінде жатыр, яғни, Абайда – махаббатта, бұл тақырыпта романның жоғарғы лиризмі, оның жұмсақ романтикасы шоғырланған» (РГАЛИ, ф.2073, оп.3, д.9, 24 б.).
Академиялық институт дирек­то­рының негізгі тұжырымына қарағанда, Әуезов өзінше бір көркем энциклопедия туғызған.
«…Абайдың өмірбаяны өз маңыз­дылығымен кітапта басым түсіп жатқан жоқ, – деп баса көрсетті Сау­­ранбаев. – Халық үшін, халық жүре­гінде өмір сүрген Абай ел дәуірін бойына сіңіріп, бұл кітапта барынша толығымен дәуір мен халық өзінше көрініс тауып, жүз жылдан кейін оның күндерінің көркемдік шежіресі жасалады. Бұл ХІХ ғасырдың орта шеніндегі қазақ даласының шын мәніндегі көркем энциклопедиясы. Зарзаман аталған кезеңнің шығармада халықтың бар тұрмысы, оның кезінде қанды оқиғаларға ұласқан рулық және отбасылық күрделі қарым-қатынасы барынша көрінеді» (РГАЛИ, ф.2073, оп. 3, д.9, 17б).
Өкінішке орай, мұрағатта Мәскеуге Тәжиев жіберген топтама құжаттар арасында «Абайдың» аудармасы болмай шықты. Сталиндік сыйлық комитетіне Қазақстан шенеуніктері қай нұсқаны ұсынғаны айқындалмай қалды. Никольскаяның мәтіні ме, жоқ басқа аудармашылардың қолжазбасы ма?

«Абай» аудармасының жаңа редакторларының пайда болуы

1944 жылы көктемнің басында, не аяғында Сталин сыйлығы бойынша Комитетке түскен «Абай» аудармасының бұл нұсқасы әлдебір жерінен мәс­кеуліктерді қанағаттандырмаған шығар дегенге негіз бар. Қазақстан әріптестеріне одан әрі жұмысты аударуға атақты филологтардың бірін тартуға әлдекімнің кеңес беруі де кәдік.
Солай ма, жоқ басқалай ма, көп ұзамай бұрынғы жаңа аудармашылар қол қойған «Абай» аудармасының нұсқасы пайда болды. Рас, әзір мен мұрағаттан әлгі қолжазбаның өзін емес, оған жасалған ойқосуларды таптым. Міне, соның бірінде мынандай пікір бар:
«Мұхтар Әуезов. Тарихи роман. І кітап. Аудармашылары Никольская мен Т.Нұртазин. Редакциясын басқарғандар Е.С.Истрина мен Ғ.Мүсірепов. Қолжазбаға Ғылым академиясы қазақ бөлімшесінің (Каз ФИН) тіл мен әдебиет институтының сипаттамасы (алғысөз) тіркелген (593-ХІҮ бет (30 авт. баспатабақ)» (РГАЛИ, ф.631, оп. 6, д.820, 12 б.).
Көріп отырғанымыздай, «Абайды» аудару ісіне Истрина мен Мүсіреповтың қосылғаны байқалады. Бұл кімнің ұсынысы болды екен: Әуезовтың ба, әлде республика басшылығының ба? Әйткенмен, шешімді роман авторы емес, жоғарғы жақ қабылдағандай. Соған ұқсайды. Бұл тарихқа Истрина кездейсоқ тап болды. Ол ғұмыр бойы орта ғасырдағы орыс тілімен айналысып келе жатқан жан. Соғыс басталғанда оны Қазақстанға қоныс аудартты. Бәлкім, әлдекім Алматыға келген зерттеуші жергілікті жағдайға тастай батып, судай сіңеді деп ойлаған шығар. Егер, Истрина бұл салада бірнәрсе тындырса, ол парызын өтеу мақсатында туған талап. «Абай» аудармасының редакциялануына бар күш-жігерін жұмсамағаны түсінікті. Мүмкін, мәтінде базбір тұстарды түзеген болар, нақты ешнәрсені қайта жазып шыққан жоқ.
Мүсірепов, қайталап айтайын, бұған дейін соңына қалбыр байланып жүрді. «Абайдың» аудармасын редакциялауға оның тартылуы өз бағыт-бағдарын түзеп алу болуы мүмкін. Өйткені, Әуезов ол кезде Қазақстан басшылығынан толық қолдау тауып жүр еді. Демек, ол арқылы жағдайын түзеп алуға болатын. Сөйтсе де, Мүсірепов «Абай» аудармасын қалай жақсартып еді, әлі күнге бұл жұмбақ күйі қалып отыр.
Бұл тұста мынандай сәт атап өтілуі тиіс. Кейіннен «Абайдың» тәржімашысы ретінде Истрина да, Мүсірепов те аталмайды. Неге? Бұл адамдардың сыпайылығынан ба? Немесе олардың «Абай» аудармасына тікелей қатыспағандығының себебінен шығар. Бәрінен де шенеуніктер 1944 жылы тек қана Истрина мен Мүсірепов есімдерін өз мақсаттарына пайдаланды.

Тың тұжырымдар

Зады, 1944 жылдың аяғына таман әдеби басшыларға Әуезовтың романына тың тұжырымдар керек болған сыңайлы. Бәлкім, бұл Қазақстан халкомының әрекетіне қарай жасалғандай. Не болғанын көкейге түйіңіз. Республикалық халком кеңесі жылма жыл Әуезовты сталиндік сыйлыққа ұсынса да Мәскеу әдебисардариаты қазақ жазушысының романы туралы ешнәрсе білген жоқ. Енді, міне, әлдекім соған орай анықтамалар береді.
Мұрағаттан 1944 жылдың соңына қарай «Абайға» жасалған қос пікірді таптым. Бірі С.Евгенов қаламына тән.
Евгенов деген кім? Ол КСРО халықтар әдебиеті мәселелеріне бас-көз болып, Жазушылар аппаратында ұзақ уақыт қызмет еткен ұсақ әдебикеңсе шенеунігі. «…Әуезовтың романы – қазақ кеңес әдебиетінің талантты шығармасы» (РГАЛИ, ф.631, оп.6, д.820, 16 б.). Шынын айтқанда, Евгеновтың бірнеше ескертуі бар екен. Екіншісі – аударма сапасы. «Е.С.Истрина мен Г.Мүсіреповтің редакторлық басшылығымен А.Ни­коль­ская мен Т.Нұртазиннің аудармасы өте-мөте мұқият қосымша редакциялауды қажет етеді, – деп қадалды Евгенов. – Ара-арасында аударма оқырманға түпнұсқадағы ойларды жеткізе алмай тұр» (РГАЛИ, ф.631, оп.6, д.820, 18 б.).
Екінші тұжырымды Евгений Лундберг әзірлепті. Ол, сөз жоқ, кәсіпқой еді. Әлем классикасын тамаша білетін. Оның шым-шытырық шырғалаң шырмаған өзгеше саяси өмірбаяны бар еді. Лундбергті көбісі тұрақты түрде бұрынғы эсерлерге жақын болғандығы үшін күстәналады. 1938 жылы, тіпті, эсерлермен бұрынғы байланыстары үшін қамауға да алынды. Дегенмен, әлдекімнің есептеуінше, оның ту сыртында арнайы қызмет орындары тұрғандықтан-мыс оған көп нәрсе кешірілетін. Сонымен, ол қазақ әдебиетімен Алматыда эвакуа­цияда болғандықтан, кездейсоқ айналысты. Ол Әуезовтың кеңқұлашты әлеміне толыққанды түрде үңіліп, қазақ суреткерінің еңбегін бағалай алатын ба еді? Күмәнданамын.
Лундберг «Абайды» Евгеновтен өзгеше ықылассыз қабылдады. «Әуезов сюжетті меңгере алмаған, – деп мәлімдеді ол. – Бағамдай қарағанда оның романы, тіпті, төменгі сатыда тұр» (РГАЛИ, ф.631, оп.6, д.820, 72 б.).
Лундбергтің әділетсіздігі түсінікті.

Әуезовтың «Абайын» Сталиндік сыйлыққа ұсынудағы тағы бір талпыныс

1945 жылдың басында Қазхалком кеңесі кезекті мәрте Әуезовты Ста­линдік сыйлыққа ұсынуды қолға алды. Тағы да жазушының жолы болмады. Енді, оның кандидатурасына Александр Фадеев қарсы шықты. 1945 жылғы 20 наурыздағы Сталин сыйлығы бойынша Комитеттің пленумында ол былай деп мәлімдеді:
«Қазақ прозасы үшін бұл шығарма дара және мағыналы, өйткені, Қазақстанда проза болған емес және Әуезов ондағы бірден бір мәдениетті, аса білімді жазушы. Бұл дүние үлкен жүрекпен, талантты жазылған. Қазақстан туралы жазылғандар тым аз. Тайпалар тартысы, әлеуметтік байланыстар, орыстармен қарым-қатынас өте бедерлі, күшті бейнеленген. Мінез-құлықтар қызық, әйтсе де бірінші том сюжет жағынан үзіліп қалған сымдай. Сюжет жүйесі жоғалып кетеді. Абайдың өзі әлі Абай емес, ол небары 25 жасқа толып, жазбаған кезі. Әуезов қартайып тұрған жаста емес, еңбек ете берсін. Шығарма шикі» (РГАЛИ, ф.2073, оп.1, д.11, 13 б.).
Сыйлық бойынша Комитет пле­нумының ресми қатарында «Абайдың» біріншіден аударма жұмы­сының аяқталмағаны, екіншіден кітаптың тек бірінші бөлігі ғана жария­ланғандықтан шегерілгендігі айтылады (РГАЛИ, ф.2073, оп.1, д.15, 4 б).
Есесіне, Әуезов кандидатурасын Сталин сыйлығы бойынша комитетте бірнеше мәрте ұсыну Мәскеудің «Октябрь» журналы редакциясының тарапынан қазақ жазушысының романына қызығушылық туғызды. Онда да аударма сапасымен қанағаттанбай, қолжазбаны талапқа сай орындауға Әуезовтың өтінішімен жазушының сыралғы досы Леонид Соболев кірісті. «Абай» романының бірінші бөлігі 1945 жылғы «Октябрьдің» жетінші, сегізінші кітапшасында шықты. Екі санда да редакторлар Соболевтің редакциялық етуімен мәтін орыс тіліне Никольская мен Т.Нұртазин аударды деп көрсетті (Истрина мен Мүсіреповке ешкім сілтеме жасамайды).
Сол 1945 жылы «Абайдың» бірін­ші бөлігі «Советский писатель» баспасынан жеке кітап болып шықты. Кітап ішінде романды Соболев басшылығымен аударғандар А.Никольская мен Т.Нұртазин деп нұсқалаған. Уақыт ағымында кейбір басшылықта Әуезовты тағы Сталин сыйлығына ұсыну ойы туды. Ұсынушылар туралы мәселе Кеңес жазушыларының 15 наурыз 1946 жылғы Президиумында қаралды. Әйткенмен, Президиум тек қағаз жүзінде өтті. Шын мәнінде отырысқа күллі орынбасарлар, көмекшілер және түрлі жолбикелер келді. Негізгі айқас Федор Панферов, Аркадий Первенцев, Вадим Кожевников және басқа да адамдардың кандидатура айналасында болды. Әдебикеңсе шенеуніктері ұлттық әдебиет оларды толғандырмайтынын жасырған жоқ. Пақырлар жасырын ойын ережесін сақтап, тізімге небәрі екі-үш республика өкілдерін қосуға дайын еді.
Мифтік Президиум республика кандидаттарын әбден сілесі қатып шаршап, отырыс шымылдығын жабар кезде талқылады. Қысқаша хабарды «Советский писатель» баспасының қызметкері С.Бородин жасады.
«Біздің баспада, – деп түйді Бородин. – Өндірісте үш кітап – М.Әуезовтың «Абайы», Айбектің «Науайы» және Зарьянның «Пап патшасы» жатыр. Бұл үш кітаптың бәрі тізімде бар, олардың бәрі бұл жиналыс үшін мүлде әртүрлі реңк алады. Мұхтар Әуезовтың «Абай» романы оның шығармасының бірінші бөлігі болып табылады және ол Абайдың жас шағын қамтып, характерлер қалыптасуын қадағалайды. Сөйтіп, еңбектің ең жауапты бөлігі автордың тартпасында жатыр және ешкімге белгісіз. Сондықтан, маған еңбектің бірінші негізгі бөлігі аяқталмағандықтан «Абайдың» алғашқы жартысын талқыға ұсынуға болмайтын еді деген ой келді» (РГАЛИ, ф.631, оп. 15, д. 769, 59 б).
Одан соң отырысты басқарып отырған Михаил Добрынин сөз қыстырды. Бұл сыншы белорус әдебиетінің маманы болып саналатын. Белорус қаламгерлері өз шығармашылықтары туралы оның мұрнына иісі де бармайтынын айтатын. Жазушылар одағынан Дмитрий Поликарповты шығарғаннан кейін ОК үгіт-насихат бөлімі Добрынинді шығармашылық ұйымның жауапты хатшысы етіп бекітті. Ол бұнда өзін асқақ ұстады. Бірақ аса астамшылық оның болмысына бітпеген еді.
«Әуезов романының («Абай» романы) бас кейіпкері әлі қалыптасу үстіне екені ақиқат, – деді Добрынин. – Абай әлі ашылған жоқ. Әуезов жағдаяттардың жай-жапсары мен әкесі туралы жазбағанда да бұл бөлім бәрібір қызық көрінетінін пайымдап көріңіз. Ол 1945 жылы шыққан еді. Оны қалай 1946 жылға бөлуге болады» (РГАЛИ, ф.631, оп. 15, 769, 60б.).
«Екінші бөлімі жазылып болғанда тапсырамыз» деп жауап қатты Добрынинге Бородин.
Одан кейін тағы бірі эстетика маманы Иван Астахов бес тиынға татымайтын сөзді қойып қалды: «Мен Абай туралы пьесаны білемін, – деп көкіді бұл қайраткер. – Ойы түгел айқын. Оның түпқазығы Абай дарынды ақын болып, халық жүрегіне жол тауып, халықтың тілін бойына сіңіріп, сонымен қатар өз халқының кеңес халқымен терең, дұрыс ілгерішіл қарым-қатынас орнатуға саяды. Абай шығармашылығының альфасы мен омегасы, міне, қандай. Бұл кітапта бар идея соған шоғырланған болса да, осы идеяны мінездей алмайды, тіпті, оның ишарасы да байқалмайды. Бұл шығарманың талантты жазылғанын лайықты бағалай отырып, біз ұлттар әдебиетіне мән-мағына беруді ескере отырып, идеясының нобай-сызығы да жоқ дүниеге баға беруге қалай дәтіміз баратынына таң қаламын. Қырсық шалмаса Мұхтар Әуезов екінші бөлімін дарынды жазып бітіргенде ғана қара қылды қақ жарғандай қазылық еткеніміз ләзім» (РГАЛИ, ф.631, оп. 15, д.769, 62-63 б.).
Осындай бөстекі сөздерден кейін Әуезов Сталиндік сыйлыққа ұсынылғандардың ішінде болмағаны түсінікті. Бірнеше айдан кейін аспаннан шұға жауғандай болды. Әуезовты жапатармағай мақтай бастады. «Литгазетада» В.Жирмунский, К.Зелинский, «Новый мирде» Л.Климович, «Известияда» П.Скосыров қолды-аяққа тигізбеді. Жазушы даңқ пен абыройға бөленді.

Қауесет қаупі

1947 жылғы 21 ақпанда жай түскендей күн күркіреді. Бұл күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Қазақ КСР Ғылым академия­сы Тіл мен әдебиет институтының жұмысындағы сыңаржақ саяси қателер туралы қарар қабылдады. Бұл құжатта жеке Әуезовтың өз басына көп тиісті.
«Қазіргі Қазақстан жазушы­лары­ның көрнектілерінің бірі – өт­кендегі М.Әуезовтың буржуа­зиялық-ұлтшылдық идеологияны насихаттаған антикеңестік әдеби қызметіне тікелей мақсатты түрде сипаттама берілмеді» деп атап өтілді қарарда.
Сонан соң, ықпалды шенеуніктердің әлдекімі Әуезовке жазушының ешнәрседен секемденбеуін айтты. Небәрі оны партиялық қаулыға қосып жазды, әйтсе де, одан ешқандай қортынды жасауға болмайды.
Айтқандай, жазушыны екі айдай қозғаған жоқ. Анықталғандай, қарсы қауесетті дабырайтып таратқан білетін адамдардың айтуынша, Әуезовке түк жаманшылық ойламайтын ВКП (б) ОК үгіт-насихат басқармасының бастығы Георгий Александров болып шықты. Бірақ, 1947 жылдың басында Александровтың өзі тырнағына ілініп тұрды. Бұл жоғарғы лауазымды партия қолғанаты ол кезде балға мен төс арасында болып еді. Бір жағынан ол тікелей ВКП(б) ОК хатшысы Ждановқа тәуелді болса, екінші жағынан – Ждановтың емес, көбісі Маленковтың адамы деп есептейтін. Сұмдық сәт пайда болды: мырзалар қырқысқанда, құл-құтанның төбе шашы тік тұрды.
Кремльдегі күштердің салмағын безбендей келіп, Қазақстан басшылығы Ждановқа арқа сүйеп, 1946 жылдың екінші жартысында Жданов ұдайы сілікпесін шығаратын Ахматова мен Зощенко тарихымен ұштастырып, Әуезов ісін соған жатқызуға тырысты. Мәскеудің ыңғайына жығылып, Алматы атқамінерлері Әуезовты құртуға пәрмен беруге ыңғайланды. Құныкер міндеті таяудан бастап жазушының сенімді серігі болып саналатын Бәйішевке тапсырылды. 1947 жылғы 14 наурызда бұл қайраткер суреткерді жергілікті баспасөзде масқаралық бағанына жапсырды. Әуезов күйініп, Сталиннің өзіне жазуға бекінді.
«Қазақ Республикалық «Социа­листік Қазақстанның» осы жылғы 14 наурыздағы ж.Бәйі­шев­тің мақаласында маған ауыр кінә тағып, 30 жылдық бүкіл жазушылық, ғылыми-зерттеушілік және Қазақстан жоғарғы оқу орындарындағы 15 жылдық қызметіме күйе жағып, жүйелі түрде табанды антикеңестік әрекетке балайды.
Бұл мақаланың негізі нақты, қатал талапшыл, большевиктік шынайы сын емес, беделді рес­публикалық басылымның беттерінде адал кеңес жазушысы, мәдениет майданы қайраткері, шынайы кеңес азаматын анайы айыптау тұрғысына құрылған – бұл жарияланым тапсырыспен және қорлайтын мақсатта туып отыр. Менің қызметімді және жеке басымды қатыгез мұқатуға келіспей, қайсыбір ресми тәсілдермен әрекет ете алмағандықтан, өмірдің бұндай ұсақ төзгісіз жағдайында, мен сияқты бүкіл партиядағы, партиясыз қызметкерлердей сіздің құзырыңызға жүгініп отырмын.
Кеңес жазушылары, ғалым­дарының әкесі әрі досы ретінде өзімнің кеңестік отаныма ың-шыңсыз қызмет ете беру үшін менің қызметімді, мәдениет майданының қарапайым еңбеккерінің есімін ақтап алуға көмектеседі деген өтінішпен Сіздің әділ және жоғарғы қазылығыңызға салып жүгініп отырмын».

Мәскеудің майшелпегі

Кейбір жанама мәліметтер бойынша, 1947 жылы жазда Әуезовтың тағдырын Литваның шығармашылық пен ғылыми ортасында осындай дау-дамайда аздаған тәжірибе жинақтаған ВКП(б) ОК жаңа хатшысы Михаил Суслов шешті деседі. Жаңа жел соғысының лебін сезініп, сол кездегі Қазақстан басшысы Шаяхметов атақты авторды талауды тоқтатуға пәрмен береді. Алматыда жөпелдемеде қазақ тілінде «Абайдың» екінші томын шығарды. 1947 жылға қарсы «Литературный Қазақстан» альманағында, Мәскеудегі «Дружба народов» журналында, Мемәдеббаспасы мен «Советский писательде» төрт мәрте орыс тілінде жарияланып үлгерді. Білетін адамдардың айтуынша, бұл томның аудармасын жасаған Никольская еді. 1948 жылдың тамызында Республика Жазушылар одағы Әуезовты Сталиндік сыйлыққа ұсынуды ұйғарды. Расымен де, Қазақстанның әдеби қаймақтары «Абайдың» авторынан басқа ұсынушылар қатарында С.Мұқанов пен Ғ.Мұстафинді кіргізді. Өз бастамаларын Қазақстан әдебисардарияты ресми түрде 1948 жылғы 11 желтоқсанда толтырып, соған сәйкес құжаттарды Сталиндік комитетке жолдады. Орталық баспасөз Әуезовке қандай мақтаусөз айтты? Оны мақтады, нақтылап айтсақ, Зоя Кедрина «Правдада», В.С.Иванов «Литгазетада» аяғын жерге тигізбеді. Онан соң Шаяхметов те қыбырлай бастады. Оның бастамасымен республиканың ОК шешім қабылдады: «ХІХ ғасырдың ортасындағы қазақ халқының өмірі туралы баяндайтын Мұхтар Әуезовтың «Абай» романы қазақ кеңес әдебиетінің үздік шығармасы болып табылады. Автор социалистік реализм аясында қазақ әдебиетінің іргетасын қалаған ағартушы-ақын Абай Құнанбаевтың жарқын да шынайы бейнесін сәтті жасаған. Қазақстан БКП(б) ОК жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай» романын 1948 жылғы әдебиет бойынша Сталиндік сыйлыққа ұсынуға қарар қабылдады». Сонымен бірге, 1949 жылғы 17 ақпанда Әуезовтың кандидатурасын бұрынғы ОК үгіт-насихатының басшыларының бірі А.Еголин басқарған М.Горький атын­дағы әлем әдебиеті институты да ұсынды. Сталиндік Комитетке өз өтінішін Кеңес Жазушылар одағы президиумы да (қол қойған Анатолий Софронов) жолдады.
Бұнда тағы бір сәтті айта кету орынды сияқты. Сол кездегі ереже бойынша Сталиндік комитетке басқа әртүрлі құжаттармен қосып, ұсынылған адамның өмірбаянын тапсыру керек еді. Сөйтіп, міне, Әуезов 1930 жылғы қамау, басқа уақыттағы қатаң бақылауда болған шырғалаңдар туралы бір ауыз сөз айтылмаған өз өмірбаянының сол нұсқасын жіберді. Неге өйтті? Бұл үкімет жазушыға бәріне қол сілтеп өткен жылдардағы қамаудың барлығын кешірді деген сөз бе?

Тобықтай түйін орнына

Ресей Мемлекеттік академиялық әдебиет институтының директоры табан астында Әуезов туралы мағлұматтардың біраз бөлігін құпия қалдырды. Неге? Бұл өзімбілер мен өркөкіректің қолын кім қағады?
Бұл санның жарыққа шығуына қол қойған кезде РГАЛИ директоры Татьяна Горяева бұл автордың қаперіне хат жазып, осыдан бастап 75 жылға дейін барлық зерттеушілерге 2073 қордың, оның ішінде 9 хаттама істің 3 бабы жабылатынын хабарлаған болатын. Бұл қорда ресейліктер мен қазақтар әзір білмеуге тиіс көп мағлұмат сақталып тұр-мыс. Әйткенмен, бұл бумада әлдекімнің жеке бас тіршілігіне қатысты жасырын сыр да, құпия хабар да жоқ. «Бұдан 2073 қордың 3 бабы, 9 хаттама істе көптеген құжаттардың үзіндісі мейлінше мол келтірілген «Қазақстан шенеуніктерінің Мәскеуге шабуылы» атты зерттеуді оқып шыққанның өзінде көзі оңай жетеді. Бәлкім, Горяеваны қайсібір ашкөздік пен кекшілдік әуендері билеп кеткен шығар. Одан неге Россия мен қазақ оқымыстылары зардап шегуі тиіс? Сауал: қашанға дейін Горяева жігерсіздік танытып, өзім білермендікке салына береді? Қазақтың ұлы классигі Мұхтар Әуезов туралы оқушы әлем ешнәрсе білмеуіне жанын салатын Горяева, Злобин, Яковлевтей қызметтегі «әулие үштікке» Росмұрағаттың жетекшісі Артизов қалай төзеді?

«Абайдың» негізгі аудармашыларын көрсетуге баспалар неге енжар

1949 жылдың басында Әуезов бірін­ші дәрежедегі Сталиндік сый­лықты алды. Табанда «Абайдың» екі кітабын қайта бастырудың мәселесі туды. Мәскеудің сауысқаннан сақ редакторлары Әуезов романының орыс тіліне аударған екі аудармашы да әдебиетші Никольская мен Нұртазин бұрын қуғынға ұшырап, әлі сотталғаны алынбағанын қазбалады. Сақтануды мақұл санап, «Советский писатель» баспасы 1949 жылғы жазда «Абай» романын жарыққа шығаруда сыртына қазақшадан авторлық аударма деп қысқаша хабармен шектеліп, аудармашылардың әкесінің атын көрсетпеуді ұйғарды. «Молодая гвардия» баспасы басқа жолға түсті. Сол 1949 жылы ол «Абайдың» сыртында шын аудармашылардың есімдерін жасырып, аудармасымен қазақшадан Леонид Соболевтың редакторлығымен шықты деп хабар берді.
Бір жорамал былай. 1949 жылы «Абайдың» алғашқы екі кітабының қайта басылымын көргенде Никольская қатты қабарыпты. Ол шағым жазғандай. Кеңес Жазушылар одағы бас хатшысының орынбасары Конс­тантин Симонов комиссия құрыпты. Бірақ, КЖО (Кеңестік Жазушылар одағы) аппаратының қызметкері С.Евгенов жанжалды өршітпеуге тырысыпты. Жалпы, Никольскаяның қолы ешнәрсеге жетпепті. Өзге жорамал бойынша, ешқандай шағым болмағандай. Жай ғана Симонов бір жыл бұрын Никольскаяға Жазушылар одағына кіруге көмектесіпті.

Абай туралы үшінші кітаптан эпопея

1949 жылғы көкекте Алматының бір журналы Абай туралы эпопеяның үшінші кітабы қазақ тілінде «Ақын аға» деген атпен жарияланды. Шамамен сол шақта жаңа романның жолма-жол аудармасы да дайын болған еді. Жеме-жемге келгенде оны кім орындағанын әзірше анықтай алмадым. Тек бір ғана белгілісі жолмажол аударманы Әуезовтың жасамағаны.
1949 жылдың 9 шілдесінің өзінде Вадим Кожевников қазақ жазушысымен басқа атпен «Абайдың кемел кезі» көлемі 13 баспатабақ жаңа кітабына келісімшартқа отырды (РГАЛИ, ф.618, оп.18, д.2, 5б.). Ол келісімшартта үшінші кітаптың жолма-жол кім жасайтыны көрсетілмегені айқын. Жұрт қауесет қылғандай, Никольская Абай туралы екі кітапты Абай туралы алғашқы өзінің есімі тұрмаған соң қытығып келесі романға барудан бас тартқан дейді. Тығырыққа тіреліп жазушы тағы да Леонид Соболевке барды.
1950 жылы 7 наурызда Кожевни­ковтың орынбасары – Людмила Скорина екі шартқа, біреуі Әуезовпен, басқасы Соболевпен қол қойды. 9 шілде 1949 жылы жойылған шарттың есесіне Әуезов «Знамяның» редакция­сына Леонид Соболевтің аудармасымен көлемі 15 табақ болатын «Ақын­дар ағасы» деген атпен 1950 жылғы 1 тамызға дейін өткізуге Әуезов келіседі (РГАЛИ, ф.618, оп.18, д. 3, 2б.). Оқи­ға ушыға бастады. Кейбір жанама жарияланымдардың негізінде Соболев құйтыланып, аударма мерзімін ұзартып, дер кезінде ұзақ уақыт Соболевке қолжазбаның дайын үзінділерін бермегендіктен Әуезов кінәлі болып шықты.
Осылай сөзбайлыққа кімнің кінә­лі екенін түсінбей, «Знамя» проза бөлімінің меңгерушісі Василий Катанов 1949 жылғы 14 желтоқсанда жазушыға хат жазды:
«Ғизатлы Мұхтар Омарханұлы!
Ғафу етіп, Л.Соболевке романы­ңыздың үшінші кітабының жаңа тарауларын қашан беретініңізді хабарласаңыз. Журналдың көктемгі сандарында жариялауға үшінші кітаптың аудармасын 1950 жылдың басында алуды есептегенбіз, ал, Леонид Сергеевич бізге кейбір тараулардың жоқтығынан аударма жұмысы тоқтап тұрғанын хабарлады. Сіздің қолжазбаңыздың алу мерзімінің анық-қанығына көз жеткізіп, журналдың қай нөмірінде жариялайтынымызды айқын белгілегіміз келеді» (РГАЛИ, ф.618, оп. 13, д.155, 34 б.). Одан соң, Собо­лев жолмажол аударманың көп тұсы қанағаттандырмайтынына сілтесе, Әуезов аудармашының тұтас тарауларды қайта қарастырудан бас тартқан-мыс. Қысқасы, даудың құлағы қылтия бастады.
1950 жылғы 29 наурыздағы «Знамя» журналында өткен кеңес не көрсетті. 1950 жылы 29 наурызда одан әрі қай бағытта жылжу үшін «Знамяның» бас редакторы Вадим Кожевников арнайы кеңес өткізді. Шынтуайтында онда бас кейіпкер – кітап авторы Әуезов болған жоқ.
Кеңесті ашарда Кожевников былай деп мәлімдеді: «…біздің бәріміз ол еңбекті оқығанбыз және ең бастысы айтқандарымыздың бәрі В.В. (сол кезде «Знамя» проза бөлімінің меңгерушісі Катинов – В.О.) сабақ болып, нақ соның негізінде ұсыныстармен авторға хат жазады. Әрбір сөйлеушіге көп ауа жайылудың керегі жоқ, мейлінше іскерлік сипатта өрбігені игі, біз авторға жасаған кейбір ескертпелердің төңірегінде туындайды. Бұл көп уақыт алмай, көп пайда келтіреді» (РГАЛИ, ф.618, оп.15, д.7, 1 б.). Басты баяндамашы болып Александр Чаковский сөз алды. Кезекті редактурадан кейін қолжазба байдың тұрмысы мен аста-төк тойды қысқартудың нәтижесінде ұтты – әйтсе де, бірқатар қадау-қадау кемшіліктер әлі де бар деп мойындады.
(Олар ақаулар-В.О.) төмендегіге саяды:
Біріншіден, Базаралы мен ол тұлға артында тұрғандар, яғни, халық және басқалар жүйесі әлі әлсіз таратылғандай. Базаралы кейбір тұстарда бейне бір дарашыл кейіпкер Гец Фон Берлихенгенге ұқсап кетеді» (РГАЛИ, ф.618, оп. 15, д.7, 1 б.). «Ары қарай романда Ресейдің әлеуметтік ықпалының әсері де Чаковскийді ойға қалдыратыны айтылды. Оның ойынша, Қазақстанның дамып, өркендеу үрдісіне Ресей ойының тигізген шарапатын Әуезов нашар көрсеткендей. Үшіншіден, Чаковскийге ұнамағаны – Әбіш пен Долгов бейнелері – бұлар өмірде болған адамдар (Әбіш – Абайдың баласы, ал, Долговты Қазақстанда көп уақыт тұрған халықшыл Долгополовтан көшіріп алған)». Чаковскийдің байқауынша, романдағы Долгов әлеуметтік жүк кө­теріп тұрған жоқ.
«Егер, Базаралыға келсек, – деп өзеуреді Чаковский. – Оған кешіруге болады, ол тарихи жағдайларға орай тәрбиеленген қазақты төңкеріскер ету қиын десек те бұл жағынан қазақтар шешуші роль атқарар болса да, Долговқа байланысты бұл мүлде пайдаланылмай қалған. Келтірілген құр жалпылама сөз саптау. Шын мәнінде нысанаға дөп тиіп жатпайды, сол мақсат үшін көр қазу түсініксіз» (РГАЛИ, ф.618, оп. 15, д.7, 4 б.).
Чаковскийдің таққан басты мінінде Әуезов романында Абай ақын ретінде көрінбей қалады. «Абайда жыр ұш­қырлығы жоқ, – деп күйіп-пісті Чаковский. – Бұл ортада ақын бар, ақын болғанда да аруақты ақын, туатын әннің әуезділігі жоқ (…) Бұл істің мән-мағынасы жоқ (…) Бұдан тыс Абай өз қал-қадерінше өмірбаянды дерек пен болмыстың деректі салмақты, енжар (…) Осылардың бәрі қосыла келіп әлдебір буалдыр былжырақ бейнені туғызады» (РГАЛИ, ф.618, оп.15, д.7, 5 б.).
Романның аудармашысы Леонид Соболев көп нәрсеге айқындық берер еді. Дегенмен, атақты жазушы Әуезов кітаптарына суып үлгергенін адал мойындады.
«Менің роман жоқ және оны қайта жазу керек екеніне көзім жетті, – деп мүләйімсіді ол. – Бұндағы айтыл­ғандардың бәрі өте-мөте қызық жайлар, егер айтар болса, қызықты болар еді. Алайда роман жазылып бітті, оны не мүлде сызып тастап, қайтадан жазу керек, не қазіргі жағдайға бейімдеп шыңдай түссе болады. Қазіргі айт­қандай, романды қайта қарауға болмаса, басқа үшінші жол жоқ» (РГАЛИ, ф.618, оп.15, д.7, 33 б.).
Өкінішке орай, одан әрі Соболев төте Әуезовты сөгуге дейін барды. Ол сюжет пен композиция мәселесінде Әуезовтан да білгір деп есептеп, қазақ әріптесіне өз көзқарасын таңды. Ал, Әуезов көп ретте оған құлық қоймады. Мәскеулік әдеби генералды ашындырып Әуезов жоқта жазушы үстіне шелектеп кір-қоқыс төкті.
«Әуезов айтқанды қабылдамайды, тіпті оған тоңмойын, – деп шағын­ды ол «Знамя» журналының қызмет­керлеріне… Базаралы тарихын еске алдым қанша айтса да, қанша жазсам да ол әлдекімнің Абайдан биік болғанынан қорқады.
Базаралы басынан не өткенін талдайық. Мен автордың жолма-жо­лын­дағы ең алғашқы нұсқасын аламын. Базаралы атқа қонып, Абайдың сегіз жылқысын айдап кетіп, оны түзде сойды да, одан соң Базаралы билер сотына шақырылып, не болғаны туралы сөз қозғалады. Мен авторға айттым: – Білесіз бе, МХА-қа қойылымға кіріскенде: кейіпкер неге оң емес, солдағы есіктен шықты деп сұрайды. Ол МХАТ қой деді. МХАТ па, МХАТ емес пе, арға салып көрсек қайтеді? Бәрі білетін Абайға жүгінеді. Ол халық ақыны, ұят-намысы, оны бәрі біледі. Үш кісі келеді. Бірі – жаманды-жақсылы өмір сүріп жатқан орта шаруа, – оған бие әкеліп сойғанда – сойып ал, ал, бір аптадан кейін жылқыны барымташылар алып кетті. Базаралы не істеді? Ол байдың емеурінін таныды. Бұнда қандай жағымды қылық бар? Ол түсіндіре алмайды. Ешкім де түсіндіріп бермейді. Абайға бақуатты өмір сүрген адам аттарды айдап әкеліп, сойып ал дейді, ал, соңынан соңғы шалбарын сыпырып алады. Бұны Абайдың өзі түсіндіре алмайды, – себебі, шындықты айтқанда, – ол Қазақстан шекарасынан тыс жерде шиеленіскен күресті білмейтін жұмысшы табы бар екенін білмей, түсіндіріп бере алмайды. Оны Долгов қана түсіндіре алады. Және бұл ықпалдың әсерімен қосымша жасалды, Долгов не болғанын түсіндіреді-міс. Дегенмен, бәрі бір ешнәрсе түсіндірілмейді.
Бұның бұл жердегі болып жат­қан әңгімелердің бәрін авторға тық­палаудың қандай ауыр екенін сіздер түсінеді деп айтып отырмын. Сондықтан, қалай істеу қажет? Бәрінен бұрын оны осында шақыру дұрыс» (РГАЛИ, ф.618, оп.15, д.7, 33-34 б.б.).
Сонша шабылатын не болып еді? Түптің түбінде Соболев Әуезовты аудармау (дәлірек айтқанда, оған берілген жолма-жол аударманы редакцияламау) ниеті болмағанда автор үшін қайта жазып шығу керек пе еді. Ал, бұл Мәскеу атақты әдебиетшінің жоспарында жоқ болуы табиғи құбылыс. Соболев «Түбегейлі түзеу» романының бұрынғы дақпыртын малданып өз прозасын баяғыда тастап еді, енді, біреудің дүниесін жүйелеп, одан жауһар жасауы қалды. Соболев әзіл үшін ызаланбай, «Знамя» редакциядағы кеңесте Әуезовты ағаш атқа мінгізіп шүйілді. Оның пікірінше, қазақ жазушысы тарихи шындықтан ауытқып, әлеуметтік тартысқа бармай, марксшылдарды елемеген болып шығады.

(Жалғасы бар)

Бұл мақала «Литературная Рос­сия» газетінің 2018 жылғы №27-29 сан­дарында шыққан.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.