ТАРЛАНБОЗ ТӘКЕН

  • 18.10.2018
  • 190 рет оқылды
  • 0

Сәрсенбек ТЕҢІЗБАЕВ,
«Созақ үні» газетінің бас редакторы

Жазушы, жалпы өнер адамдары болмысы бөлек ерекше жаратылған жандар десем тым әсірелеп айтқаным емес. Үстіміздегі жылы мерейтойы аталып өткелі отырған Тәкен Әлімқұлов та жаратылысы бөлек азамат еді. Жазушыны мен бала кезімде көрдім. Шолаққорғанда нағашым, Ұлы Отан соғысының ардагері, екі мәрте Қызыл Жұлдыз орденінің иегері Пәрімбек Махановтың үйінде кездестірдім. Ол уақытта 6 сыныпта оқитынмын. Мені шешем Ақшайым ертіп келді. Анам нағашы апасы Мәтиге сәлем берді. Хал-жағдайын сұрады. Сол күні Пәрімбектікіне Тәкен келіп жатыр екен. Екеуі сәкіде әңгімелесіп отыр. Мәти апа менің шешемді көріп қуанып қалды. Ол кісі ұршық иіріп отыр екен. Мені өзіне шақырып маңдайымнан сүйді. Тәкен мен Пәрімбекке қол беріп амандастым. Пәрімбектің әйелі Дариға ас әзірлеп жүр. Қаламгер ағаның қасында біраз кітаптары бар. Оларды қолына алып, парақтап қояды. Пәрекең Тәкенге мені жиеншар ғой деп таныстырды. Тым-тырыс үнсіздік. Тәкен басын изеді де қоя салды. Тек қоңқақ мұрнын бір сипап қойды.
Мен осы үйдің баласы Жұма­ғалимен далаға шығып, ойынға кірісіп кеттім. Көңілімде тірі жазушыны көргеніме деген қуаныш бар. Сол кезде Шолаққорғанның шығыс жағы көкпеңбек сазды болатын. Балалар сонда барып ойын қызығына бататынбыз. Кешке дейін қозы-лақты сазда бағамыз. Олар да ұзай қоймайды. Сол төңіректе жайылады. Біз болсақ аяқ доп ойнаймыз. Шөлдесек сол төңіректегі бұлақтардан суды жұтып-жұтып аламыз. Ойын кешке дейін жалғасады.
Кешке үйге қозы-лағымызды қайтарып, қайттық. Үсті-басымызды қағып, тазалап кірдік. Жаздың күні болған соң Тәкен мен Пәрімбек сыртқы жарықты жағып далада отыр екен. Анам мен Мәти екеуі сыртта әңгімеге кіріскен. Мәти Тәкеннің анасы. Ол Мақанның қарындасы. Пәрімбектің апасы. Апамыз інісінің үйінде көптен бері тұрады. Тәкен Алматыда. Анасының жағдайын білу үшін жиі келеді. Бүгінгі келісі сондай сапары екен. Кеш батып, қараңғылық қоюлана түсті. Келген қонақтың алдына ас тартылды. Тәкен әлгінде жантайып жатқан еді. Ас келген кезде бойын тіктеп отырды. Етті Пәрімбектің үлкен ұлы Едіге турап берді. Менің анамды Тәкен:
– Жиен біздің табаққа келсін, – деп шақырды. Анам мен Мәти апа сол үлкен табаққа қосылды. Балалар төменгі жақта отырмыз. Мен әңгіме айтар ма екен деп Тәкеннің аузын бағудамын. Ол әлі сөйлеген жоқ. Жазушы деген осындай болады екен ғой деп қоямын. Бірақ, сөзге жоқ.Қарай берем. Әңгімесін естігім келіп ынтығып барамын. Тып-тыныш үнсіздік. Пәрімбек пен Мәти апа және менің анам үшеуі біраз сөйлесті. Өткен-кеткеннен сыр шертті. Әйтсе де, Тәкенде сөз жоқ. Біраз уақыттан кейін Мәти апам:
– Менің Тәкенім жұлдыз ғой, жұлдыз, – деген сөзін естідім. Ол кез­де жұлдыз деген сөздің сырын біл­меймін ғой. «Неге жұлдыз дейді» деп таң-тамаша қалдым. Сәкіде түннің бір уағына дейін отырдық. Дариға апам, Мәти апам, менің шешем біраз отырып әңгімелесті. Ал, Тәкен жолдан шаршап келді-ау – деп, оған төсек салып беріп, үлкен сәкіге жатқызды. Ертесіне ерте тұрып таңғы шай ішілді. Тәкен автобусқа шығатындығын айтты. Оның сонша үлкен жазушы бола тұра «келе жатырмын» деп аудан басшыларына ескерпегеніне таң қалдым. Пәрімбек айтатын:
– Біздің Тәкен өте қарапайым. Әйтпесе, аты дардай жазушы хабар берсе, аудан басшылары құрақ ұшып қарсы алар еді, – деп.
Таңертеңгісін Тәкен Пәрімбектің үйінен автостанцияға барып, авто­бусқа отырды. Қол жүктерін Жұма­ғали екеуі­міз көтерісіп бардық.
– Ал, жақсы балалар, – деп маң­дайы­мыздан сүйіп, ол көлігіне отыр­ды.
Екінші мәрте Тәкенмен кездесуім 1979 жылы болды. ҚазГУ-дің журна­лис­тика факультетіне құжатта­рымды тапсырып, емтиханға дейін Пәрімбектің қызы Патсайымның үйінде Жұмағали екеуіміз бірге тұрдық. Тәкеннің үйі онымен көрші тұрады екен. Жұмағали:
– Сәрсенбек сені жазушы аға­мыздың үйіне ертіп барайын, – деді. Мен қуанып кеттім. Таңертеңгі мезгіл. Екеуіміз жеңіл киініп алып, ағамыздың үйіне қарай тарттық. Қоңырау шалып, пәтеріне кірдік. Есікті ағамыздың өзі ашты.
– Келіңдер – деп ол қуанып қалды. Өзінің жазу бөлмесіне қарай озды. Жазу столы бар екен. Соған барып тізге бүгіп отырды. Жұмағали өнер институтына құжат тапсырған тұғын. Арада біраз уақыт өткен соң ба, Тәкен аға мені таныған жоқ. Жұмағали:
– Бұл бала Ақшайымның үлкен ұлы Сәрсенбек, – деп таныстырды.
Ол:
– Е, жиен екен ғой, – деді. Бар болған сөзі осы болды. Қолына қаламын алып, жазуын жалғастыра берді. Екеуіміз бір-бірімізге қараймыз. Бір кезде Жұмағали:
– Аға, біз сізге шәйға оны-мұны алып келейік, – деді.
Ол:
– Солай жасаңдар, – деді де қаламын ақ парақтап үстінде жорғалата берді. Дүкенге барып екеуміз оны-мұны алып келіп, ас бөлмеге кіріп, газға шай қойдық. Стол басында Тәкен, Жұмағали үшеуіміз бірге шәй іштік. Ол кісі әлі тіс жарып тіл қатқан жоқ.
Мен қалайша іші пыспайтын адам деп ойлап қоямын. Бірнеше уақыттан бері бір сөйлемеді. Ал, кітаптарын оқысаңыз өте ғажап! Қазақтың көркем тілін өте керемет ойнатады. Классик жазушылардың жазғанын әрбір шы­ғар­масында дамытып, көркемдеп, шұрайландыра түседі. Тәкеннің сөз құру шеберлігі ерекше. Ешқандай жа­зушыға ұқсамайды. Бөлек дүние десек жаңылыспаймыз. Қаламгер сол үнсіз отырғанда іштей сөз мәрмәрін теріп отырады екен ғой.
Мана Жұмағали ертіп келгенде «көп әңгіме естимін, сырлар шерті­летін шы­ғар» деп ойлағанмын. Бірақ, олай болмай шықты. Әйтсе де, бөлмесінде сөрелерде тұнып тұрған кітаптарының бірін қолыма алып, парақтап отыр едім.
– Бұл балаға қолтаңба қойып бе­рейін, – деп қолына қалам алып жазып жатыр. Біз қарап тұрмыз. Әдемі таңбалайды екен. Жазуы көркем,әдемі. Көп отырмай біздер қайтып кеттік.
Содан кейін, Тәкен ағамды Шо­лақ­­қорғандағы нағашым Пәрімбек 1972 жылы дүниеден озып, сол кісінің қыр­қына бата жасап келгенде көрдім.
Тәкен келді деп Едіге ағам қуа­нып қалды. Біз кешкілікте анам екеуіміз қойлы ауылдан келгенбіз. Ол кісі Алтынсарин көшесіндегі нағашымның үйіне «Бензавозбен» келді. Үстінде қоңыр пальтосы бар. Бойы сырықтай ұзын. Оған қос қолдап барып амандастым. Тәкен апамның маңдайынан сүйді. Нағашы­сының қазасына көңіл айтты. Едіге Пәрімбектің үлкен ұлы. Қасына келіп отырды. Амандығын сұрады. Сол сәтте үйге самаурынмен шай да келді. Жарықтық екі иығынан демін алып тұр.
Анам шай құйып отыр. Нағашым жұмсақ жастықтан қасына алып келіп қойды. Тәкен оң жағына қарай шынтақтады.
Едіге айтты:
– Тәкен аға! Сізге де нағашыңыздың қазасы қайырлы болсын, – деді. Арада үнсіздік орнады.
– Парымбек батыр барлаушы еді, ғой, – деді Тәкен үнсіздікті бұзып. Ол кісі Пәрімбекті осылай айтатын. Едіге мал сойылып жатқанын, ертең түсте ағайын-туысқанды шақырып, түскі ас дайындайтынын айтты. Ертесіне Ұлы Отан соғысының ардагері Базар Архабаев бастаған ағайындар дастархан басында бас қосты. Біраз әңгімелер айтылды. Тәкен мұнда да көп сөйлеген жоқ. Көпшіліктің әңгімесін тыңдап, үнсіз отырды. Сол күні жазушы Пәрім­бектің қарашаңырағына қонды. Ертесіне Едіге Тәкенді автобусқа шығарып салды.
Мен елге келдім деп ешкімге сал­мақ салмай, дабырайтпай жолмен кете барды, ол.
Мәти Пәрімбектің үйінде дүниеден өтті. Өзінің аманаты бойынша ол кісіні Бабатаға алып барып жерледі. Жетісі, қырқы, жылдық асы Пәрімбектің үйінде болды.
Тәкеннің ең соңғы аманаты:
– Бабатаға апамның қасына қойың­дар, – деген-тін. Аманаты орын­далды. Тәкен анасы Мәтидің қасына жерленді.
Өткен жазда белгілі, тұлғалы қа­лам­гер, ақындар Аманхан Әлім­ұлы және Есенғали Раушанов ауда­нымызда болып Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­­ласы бойынша тұрғындармен кез­десу өткізді. Олар әуелі Бабата елді мекенінде Ысқақ бап кесенесіне зиярат жасап, одан соң Тәкен Әлімқұовтың зиратына арнайы барды. Тәкен жайлы естеліктер айтты. Оның шынайы сөз зергері екендігін тілге тиек етті.
Үстіміздегі жылы Тәкен ағамыз­дың дүниеге келгеніне 100 жыл толып, мерей тойын атап өтпекшіміз. Т.Әлімқұловтың кезінде қасында болып, ол кісімен дидарлас бол­ғанымды мақтаныш ете отырып, сол уақыттағы жазушы бейнесін санамда жаңғыртып, көрген, білгенімді оқырмандарға жеткізуді өзіме парыз санадым. Қазақтың ғажайып сөз зергері Тәкен ағамыз жай­лы оның замандастары, қаламгерлер талай естеліктер айтатыны анық.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.