Мұрат Мөңкеұлының «Қарасай-Қази» жырындағы жар іздеу мотиві

  • 18.10.2018
  • 771 рет оқылды
  • 0

(Мұрат Мөңкеұлының туғанына – 175 жыл)

аБауыржан ОМАРҰЛЫ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Мұрат Мөңкеұлының шоқтығы биік шығармасының бірі – «Қарасай-Қази» жыры. Бұл – ерлік пен батырлықты, халықтың жауынгерлік рухын дәріптейтін шығарма. Қаһармандық эпос ұрпақты ел мен жерді қорғауға, атамекеннің қадір-қасиетін санаға сіңіруге үндейді. «Қарасай-Қази» жырының бірнеше нұсқасы бар. Бүгінде Мұрат Мөңкеұлы, Қашаған Күржіманұлы, Нұрпейіс Байғанин, Құдайберген Шоқаев, Мүстежеп Ахметов, Қобылаш Бекмағамбетов, Мұрын Сеңгірбекұлы, Хайролла Иманғалиев, Айса Байтабынов, Нау­рызбек Рахманқұлов, Сейіт жырау, Жақсылық жырау, Нұртуған Кенжеғұлов жырлаған нұсқалар ел игілігіне айналып отыр. «Қарасай-Қазидың» барлық нұсқасы «Бабалар сөзі» жүзтомдығының 41, 42, 46-томдарында топтастырылды.
Мұраттың «Қарасай-Қазиы» – жырдың ең қысқа нұсқаларының бірі. Бұл ақынның ұзақ жырының қолға тиген шағын бір үзіндісі болуы да мүмкін. Мұны Х.Досмұхамедұлы былайша ескертіп өтеді: «Мұрат ескі сөздерді көп білген. Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Асан Қайғы, Қазтуған секілді өткен замандағы адамдар туралы Мұрат көп өлеңдер шығарған. Қарасай-Қази туралы Мұрат екі күндей айтатын еді деп ақсақалдардан естігенім бар. Мұрат сөздерінің көбі осы күні жойылған. Біздің басып отырған «Қарасай-Қазиымыз» ұзақ сөзден қалған бір жұрнақ» [1, 103]. Х.Досмұхамедұлы 1924 жылы Ташкент қаласында бастырған «Мұрат ақынның сөздері» деген кітапқа енген «Қарасай-Қази» жыры кейін бірнеше рет жарияланды.
Жырдағы Орақ, Қарасай мен Қази, Ер Тарғын – тұлғалық үлгі дәрежесіне көтерілген бейнелер. Бұл шығарманың 1943 жылы Отан соғысы жүріп жатқан кезде «Қызыл әскер кітапханасы» серия­сымен, «Неміс оккупанттарына өлім келсін!» деген айдармен жеке кітап болып басылып шығарылып, ұрыс даласына аттандырылғаны да сондықтан [2]. Майдандағы жауынгерлерді жігерлендіру үшін осындай ерлік пен қаһармандыққа шақыратын, патриоттыққа тәрбие­лейтін шығармалар қажет болды. Сөйтіп, Мұрат ақынның «Қарасай-Қазиы» да жеңісті жақындатуға үлес қосты.
«Қарасай-Қази» – тек ерлік пен батырлықты үлгі етіп қана қоймай, адамгершілік қасиеттерді жоғары ұстауға, ел қорғаған ерлердің халқы сүйген мінез-құлықтарынан үйренуге үндейтін шығарма. Мұсаның отыз ұлының бірі Орақ батыр құрулы тұрған алмас қылышқа ұрынып, жан тапсырғанда оның артында Қараүлек деген шешесі, бір аяғы ақсақ, бір көзі соқыр әйелі, Қарасай мен Қази деген екі ұлы, Қибат деген қызы қалады. Жырдағы батырлар бейнесі осы үш әйел затының образдары арқылы тұлғалана түседі. Орақтың сексен беске келген шешесі Қараүлек ұлын былайша жоқтайды:
Айдын да Орақ, ай да Орақ,
Айбалтасы қанды Орақ,
Аштарханда даңды Орақ.
Аюдай арқыраған Орағым,
Күндей күркіреген шырағым,
Кетіпті алыс сапарға [3, 127].
Жыр басталысымен-ақ мерт болған Орақтың текті тұлғасы, қаһар­мандық іс-әрекеті оның жақын-жуықтарының жоқтау өлеңі ар­қылы баяндалады. Анасының, жан жарының, қызының толғаныстары батырдың болмыс-бітімін танытады, мінез-құлқын кейіптейді, адами қасиеттерін үлгілейді. Шешесі Қараүлек баласының басын бағалап, батырлығын айтып («Қарауыл басы қолбасым, Жортуыл басы жолбарысым»), аналық мейірімін білдіре отырып («Ежелден сырлас мұңдасым, Жау дегенде тынбасым») жоқтайды. Орақты өлтірген Алшы, Смайыл, Тобаяқтарға «Ертеменен тұра алмай, Белімді бекем буа алмай, Беті-қолым жуа алмай, Көзімнің жасын тыя алмай, Отырғанда мен сөйтіп, Бата оқи келдің бе, Шынымен де балам, ұялмай!» – деп тіл қатып, зар жылайды. Бұл жоқтауда тек Орақтың ғана емес, оны ұлықтаған ананың өз бейнесі де нақты көрініс тапқан.
Әсіресе, Орақты жоқтаған бір аяғы ақсақ, бір көзі соқыр әйелінің сөзіне ден қоймасқа болмайды. Бұл – батырлардың ай десе аузы бар, күн десе көзі бар аруларды таңдап алу мотивіне кереғар мысал. Кемтар әйел жарының адами тұлғасын жоқтау өлеңімен биіктете түседі. Сол арқылы Орақтың өзіне деген қадір-құрметінің айрықша екенін аңғартады.
Аяғым ақсақ, көзім соқыр болса да,
Үстіме қатын алмадың.
Артылдыра қамшы салмадың,
Алшаңдаттың мені Орақ [3, 131].
Әйелдің зарлы жоқтауына қарағанда батырлығымен елге кең танылған, «құланды қақтан қайырған, хандарды тақтан тайдырған» Орақ кемтар қосағының көңіліне қаяу түсірмеген көрінеді. Әдетте қаһармандық эпос­тарда батырлар бірнеше әйелмен бас қосады. Олардың бәрі де шетінен алма мойын, аршын төс арулар болып келеді. Ал Орақтың бір көзі соқыр, бір аяғы ақсақ жалғыз әйелді қанағат тұтуы биік парасат иесі екенін көрсетеді. Оның төңірегіндегі әйелдер хас батырға лайық туыс-жекжат болуы­мен ерекшеленеді.
Орақтың ақсақ әйелімен бас қосуы туралы көп нұсқада таралған аңыздар жеткілікті. Қашаған Күржіманұлы жырлаған нұсқада Орақ батырдың қалмақ қаласын шауып келе жатып, жолда дәретке отырған ақсақ әйелді көретіні, оның орнынан қара түтін көкке көтерілетіні туралы айтылады. Батыр бұл тегін емес деп, текті ұрпақ сүюді ойлап, әлгі қырық бірге келген кемтар қызбен бас құрайды [4, 48].
Сонымен қатар, «Қарасай-Қази» жырының Мұрын жырау нұсқасы былай басталады: «Орақ пен Мамай екі батыр тұрған заманда Ораққа «Әйел ал» десе, алмайды екен. «Маған жақсы әйел керек, жаман әйел алмаймын» дейді екен. Жауға аттанайын деп тұрғанда сол ауылдағы бір көзі жоқ соқыр, бір қолы жоқ шолақ, бір аяғы жоқ ақсақ әйелді көреді. Әскер жинап кетейін деп тұрғанда: «Қайтып келетін күн болса, осы әйелді алармын» деп кетеді. Осы әйелден бір асыл бала туады екен деп ойлайды» [5, 123].
Мұның бәрі адамның бойындағы тектілікті әріден тану, асыл қасиеттерді бағалау ұғымдарымен астасып жатыр. Орақтай хас батыр мен оның нәсілі асыл әйелінен ел қорғанына айналған Қарасай мен Қазидың жаралуы – заңды құбылыс. Орақ пен ақсақ әрі соқыр әйелінің қалай көңіл қосқаны жоғарыдағы аңыздың желісімен басқа да кейбір нұсқаларда аталып өтеді. Қашаған нұсқасында ол Шәлгез батырдың қызы, Қобылаш нұсқасында балықшы Шәудір шалдың қызы Қарашаш болып суреттеледі.
«Орақ-Мамай» қаһармандық жырын зерттеуші Асқар Тұрғанбаев Әміреш Жұмағазин нұсқасында баяндалатын Орақтың үйленуін батырдың жар іздеу мотивімен байланыстырады. «Орақ Қазыман Сұр деген жолдасының ертуімен Айтатыр деген көлде аң аулап жатады. Бір күні сол көлдің қорықшысы Қыпшақ Қара шалдың қызын көріп, Орақ оған көз салады. Орақтың көзі түскенде қыздың түзге отырған жері жанады. Бұл қыз «батыр бала туады» деген белгі екен. Қыздың бір көзі соқыр, бір аяғы ақсақ, құлағы саңырау, басы таз болғанына қарамай, оның әкесіне сұраған малын беріп, айттырып алады [6, 78].
Жырдың негізгі желісіндегі бір көзі соқыр, бір аяғы ақсақ әйелге басқа нұсқаларда кемтарлықтың өзге белгілері де үсті-үстіне жамала түседі. Қолының шолақ, құлағының саңырау, басының таз болуы – осының көрінісі. Бұл – батыр ұлдарды табатын әйелдің нәсілі текті екенін таныту үшін ойластырылған детальдар. Мұндай тәсіл ұлттың ұлылығын дәріптейтін адами қасиеттерді үлгі ету үшін қажет. Осы тұрғыда «Жар іздеу мотивінің негізгі түйіні үй болуы, семья құру болса, ол келешекте өзіндей, не өзінен де асып түсетін ұрпақ қалдыру тілегіне келіп тіреледі» [7, 17], – деген Қажым Жұмалиевтің пікіріне сүйенген Асқар Тұрғанбаев мынадай тұжырым жасайды: «Орақтың жар іздеуі Алпамыстың Гүлбаршынды іздеуі, Қобыландының Құртқаны алуынан мүлде бөлек. Мұндағы басты мақсат – болашақ батыр ұл туатын әйелді табу. Әйелдің сұлулығы, шыққан тегінің еш маңызы жоқ. Керісінше, Қарашаш – түрсіз әрі мүгедек. Бірақ ол Орақ өлер сәтте және кейін Орақтың кегін қайтарған сәтте (қайғы, қуаныш) бар кемісі жойылып, керемет сұлу әйелге айналады» [6, 78]. Орақтың әйелінің жан сұлулығының белгілері жарын жоқтауынан да («Өлеріңді білгенде, Алланың берген түнінде, Армансыз құшып жатпадым»), Қарасайды жауға аттануға қайрауынан да «Сенің анаң мен едім, Мен саған жерік болғанда, Сегіз жылан жеп едім»), ұлына ақыл қосуынан да («Қибат түгілі мені сат, Ат көңіліңе жараса-ай») айқын байқалады.
Жырдағы ерекше бейненің бірі – Қарасай мен Қазидың қарындасы – Қибат. Қарасай жауға аттанбақ болып, Көкше батырдың Көкбұйра атын саудалағанда ол ақысына Қибатты сұрайды. Шешесімен ақылдасып, ақыры келіскен Қарасайға қарындасы Қибат келіп уәж айтады:
Кешегі әкем кеткен соң,
Кемшілік басқа жеткен соң,
Жалғыз тайға саттың ба?
Атың әйел демесең,
Мен екеуіңнен кем бе едім? [3, 137].
Осыны естіп, аттан түсіп, жауға қарай жаяу тартқан ағасына жаны ашыған Қибат райынан қайтып («Сен томсарып кетпе, күліп кет, Қалаған атың мініп кет, Мен қыз болсам да ұлдаймын, Қадірімді біліп кет»), ризашылық танытады («Айналайын Қареке, Мен бір бата берейін, Қолыңда жай, ағеке»). Сөйте тұра көңіліндегі наласын да ақтарады («Күндердің күні болғанда, Жалғыз тайға сатқаның, Тек байлаулы басың болмасын»), келер күнін де ойлап қамығады («Абысын, ажын бар болып, Жалғыз тайға келдің деп, Бетіме салық етер ме?»).
Мұрат Мөңкеұлының «Қарасай-Қази» жырындағы әйелдер – ел қорғаған ерлердің болмысын биікте­тетін бейнелер, елдіктің сипатын таны­татын тұлғалар. Қаһармандық жырдағы батырдың анасы, жары және қызы қандай болуы керек десек, осы үшеуінің бейнесі санамызда жаңғыра түспек.
Қысқасы, Қараүлек, Қарашаш (Мұрат нұсқасында аты аталмайды), Қибат үштігі – ұлт болу, ел болу жолындағы әйел затының үлесін танытатын үйлесімді үштаған дер едік.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Досмұхамедұлы. Х. Аламан. Алматы: «Ана тілі», 1991. – 176 бет.
2. Мөңкеұлы. М. Қарасай-Қази. Алматы: ҚММБ, 1943. – 58 бет.
3. Мөңкеұлы. М. Шығармалары. Алматы: «Ана тілі», 2013. – 288 бет.
4. Күржіманұлы Қ. Қарасай-Қази // Бабалар сөзі: Жүз томдық. Т.41: Батырлар жыры. Астана: «Фолиант», 2007. – 448 бет.
5. Сеңгірбекұлы М. Қарасай-Қази // Қырымның қырық батыры. Алматы: «Арыс», 2005. – 544 бет.
6. Тұрғанбаев А. Қазақтың қаһар­мандық жыры – «Орақ-Мамай». Алматы: «Аrna-b», 2009. – 142 бет.
7. Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы мен әдебиет тарихы мәселелері. Алматы: ҚМКӘБ, 1958. – 382 бет.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.