Асқазан қатерлі ісігінің алдын -алу шаралары

  • 18.10.2018
  • 88 рет оқылды
  • 0

А.Қаныбеков,
С.Ж.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінің доценті

Асқазанның қатерлі ісігі, яғни асқазан рагі – қауіпті онкологиялық ауру, пайда болу жиілігі бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы онкологиялық аурулардың ішінде үшінші орын алады. Көптеген жағдайларда асқазан қатерлі ісігі симптомсыз дамып және 3-4 дәрежеде анықталатындығын ескере отырып, оның алдын-алудың маңызы өте зор, себебі рак ауруын емдеуден гөрі оның алдын алу оңайға түседі.
Асқазанның рагін тудыратын ауру­лардың саны көптеп саналады. Олардың кейбіреулерінің даму себептері толық түрде зерттелген, басқаларын зерттеу белсенді түрде жүргізілуде. Олардың қатарына тамақтану ерекшеліктері, асқазан мен өңештің созылмалы аурулары, зиянды қылықтар, тұқым қуалаушылық бейімділік және ертеде асқазанға жасалынған операция­ларды жатқызуға болады. Асқазанның рагі өте сирек түрде «жоқтан», яғни, асқазанның қабырғасының патологияға душар болмаған жағдайында да дами бастайды.
Көбіне асқазанның рагінің дамуына асқазанның қабырғасының созылмалы түр­дегі өзгерістері себеп болады.
Тамақтанудағы қателік – асқазан қа­тер­лі ісігінің пайда болуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі болып саналады. Тұздалған, ысталған, кептірілген тағамдарды жиі қолданудың салдарынан асқазанда нитраттардың құрамына кіретін нитриттердің көбеюіне соқтырады. Нитриттер асқазанның рагін тудыратын канцерогендік құрылымдардың қатарына жатады.
Шектен тыс алкогольдік ішімдік­термен әуестену кезінде асқазанның шырышты қабаты созылмалы түрдегі тітіркену үдерісі дамып, соның салдарынан аса қауіпті қатерлі ісіктің дамуына себепкер болады. Көкөністерді, жемістерді, құрамында А, Е, С дәрумендері аз тағамдарды пайдалану да қатерлі аурудың дамуына ықпалын тигізеді.
Асқазанның созылмалы ауру­ларының ішінде ең қауіптісі «ішек­тік метаплазиясы дамыған созылмалы атрофиялық гастрит» болып есептеледі. Бұл ұзақ уақытқа және жайлап дамитын асқазанның қабыр­ғасының қабынуымен қатар, оның жасушаларының ішектік түрге айналып кету үдерісі. Осындай үдерістің дамуына ерекше атауы бар микроденелер – «хеликобактерлер» себепкер болады. Созылмалы атрофиялық гастритпен ауыратын науқастардың 10% асқазанның қатерлі ісігі дамиды.
Асқазанның полиптері – шырышты қабатта пайда болатын қатерсіз жаңа құрылымдар. Бірақ, олардың барлығы да қауіпсіз емес. Олардың кейбір түрлерінің (аденоматоздық полиптер) рак ауруына өту потенциалы өте жоғары, сондықтан, ондай полиптерге міндетті түрде операция жасап, алып тастау қажет.
Асқазанның рак ауруының пайда болу қауіптілігіне ертеректе оның бір бөлігін алып (асқазанның ойық жарасы, жарақаттар немесе басқа да бір себептермен) тастау жатады. Мұндай науқастардың қатерлі ісік ықтималдылығы 1,5-3 есе жоғары. Әсіресе асқазан жарасына тоқталған жөн. Бұл ауру рактың пайда болу қауіптілігін шамамен 1-1,5 есе арттырады. Бірақ кейбір асқазанның рагі сырттай қарағанда ойық жараның түріндей болады..
Сондықтан, асқазанның ойық-жарасына диагноз қойылған барлық науқастар өте мұқият қадағалануы керек және фиброгастродуоденоскопия жасау (асқазанды аппаратпен қарау, биопсия алу және суретке түсіру) кезінде асқазанның кез-келген жарасынан кішкене тінін кесіп алып, микроскоппен тексеру жасап, түпкілікті түрде диагноз қоюға тырысу қажет. Қазіргі уақытта эндоскопияның орнына «хеликобактер» микроденелерін гастропанель тестісін қолдану медициналық тәжірибеге енгізілуде.
Егерде ертеректе туысқандардың біреуі осы аурумен ауырса және бір­неше ұрпақтар бойы дамығаны анықталса, ондай адамдарда асқа­зан­ның қатерлі ісігінің даму қаупі жоға­рылайды.
Тоқ ішектің диффузды полипоздары. Бұл туа біткен тұқым қуалаушылық ауру, сол кезде ішектің өзегінде жүз­деген по­лип­тер өсіп, шығады. Бұл жағдайда асқа­зан­дағы полиптердің (аденоматоздық по­липтер) пайда болуы мен оның қатерлі ісік­ке айналу жиілігі өте (бұл жағдайлардың 50% -нан астамында) жоғары. Сондықтан, отбасылық диффузды полипоздары бар науқастар үнемі бақылауда болуы, мүмкін болса оларға уақытысында ем жүргізу өте қажет.
Асқазанның шырышты қабатының туа біткеннен шектен тыс қалыңдап кетуі де (гипертрофиялық гастропатия немесе Менетрие ауруы) асқазан­ның ракқа айналып кету қаупін жоғары­латады.
Жалпы қатерлі ісіктердің барлық түр­лерін, сонымен қатар асқазан қатер­лі ісігін қоса алғанда олардың даму тәуекелдігін арттыратын факторлар тобы бар. Оларға жататындар: темекі шегу және әртүрлі радиацияның (радиоактивті материалдар­мен байланысты жұмыс, атом электр стан­цияларындағы апаттар және т.б.) әсер етуі.
Асқазан қатерлі ісігінің алдын алу – жоғарыда көрсетілген себептердің әсерін барынша болдырмауға тырысу. Ол үшін:
– Тұзды, ысталған, кептірілген және құра­мында нитраттары жоғары тағамдарды қолдануды азайту, керісін­ше көкөністерді, жемістерді және талшықты тағамдарды тұтынуды жоға­ры­лату. Жануарлар мен өсім­дік протеиндерін жеткілікті түрде қосу ар­қылы толық түрде тамақтану.
– Темекі шегуді тоқтату және алко­гольдық сұйықтықтарды пайдаланудан бас тарту.
– Қатерлі ісік алдындағы патоло­гияларға үне­мі бақылау және уақы­тында ем жүргізу.
– Асқазанның қатерлі ісігінің қауіптілігі жоғары науқастарға – тұқым қуалаушылығы жоғары адамдарға, ішектің туа біткен полипозы, радиациясы жоғары аймақтарда асқазан қатерлі ісігімен жиі ауыратын адам­дарға үнемі тексеру жүргізу.
– 45-50 жастан кейін, кез-келген адам­ға шағымы болмаған кезде де жылына бір рет асқазанға эндоскопиялық тексеріс жүргізу, себебі осы жастан бастап асқазанда рак ауруының дамуы жиілей түседі.
Сонымен, жоғарыда баяндалған асқа­занның қатерлі ісік алдындағы пата­логияларға қандай тексерістер және ем қол­данудың қажет екенін дәрігер-гастро­энтеролог немесе онколог анықтайды. Осында келтірілген ұсыныстарды уақы­тында орындаған кезде мұндай дерттің алдын алуға болатынын есте ұстаған жөн.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.