Ұлт. Әліппе. Латын

  • 18.10.2018
  • 128 рет оқылды
  • 0

Айжан Берікқызы,
ҚХР Орталық ұлттар университетінің докторанты

Қазақ халқы жаңа тарихи бұрылысқа бет бұрып, замана көшінен қалмауға талпынып келеді. Біз сөз етіп отырған жаңа тарихи бұрылыс – латын әліпбиіне көшу, біздің болашағымызға жол сілтеген айқын бағдар, сенімді қадамның негізі. Әрине, бұл бұрылыстың дұрыс шешімі заман талабынан туындады. Жаңа технократтық дәуір аршынды қадам тастаған шақта біздің бұл тарихи бетбұрысқа оң шешім қабылдағанымыз болашаққа тастүйін дайын екенімізді сездіреді. Айналып қайта келген қолайлы жазуға деген жұрттың қызу ынтасы, қалауы ғалымдар мен зиялылардың оңды пікірлері түрлі бұқаралық ақпарат беттерінде жарияланып жатыр.
Латын әліпбиі әлемде кеңі­нен қол­данылады. Б.з.б.VII ғасыр­да Рим­де грек және этрус әліпбиі­нің тармағы ре­тінде пайда болып, б.з. І ғасырында қалыптасты. Жазу оңнан солға немесе солдан оңға қарай (брустрофедон бойынша) жазылып, бағыты әрдайым алмасып отырған. Біздің заманымыздан бұрынғы 4 ғасырдан бастап жазу тек солдан оңға қарай жазылды, алғаш 20 әріп болды. Әліпбиге б.з.б. 230-жылдары G, Y және Z әріптері енген, соңғы екеуі грек тілінен кірген сөздер үшін алынған, ал J, U, W әріптерінің қолданылуы қайта өркендеу дәуіріне жатады. Орта Ғасырда Латын әліпбиі  Еуропаға тарады, Африка, Америка және Азия халықтары пайдаланды. Латын сөздерін оқуға негізделген әріп таңбалары қалыптасты. Қазіргі латын әліпбиінде 25 әріп бар. Дауысты дыбыстар созылыңқы және қысқа айтылады, осыған байланысты сөздердің мағынасы өзгереді: līber – тәуелсіз, liber – кітап. Латын әліпбиінде алты монофтонг (жалаң дауысты) – а, е, і, о, u, у, сондай-ақ екі дифтонг (қос дауысты) – аu, еu бар. Үш диграф (қос таңбалы) – ae, oe, ue бар. Дауысты дыбыстардың санына, орналасу тәртібіне байланысты сөзге екпін түседі, буындар да осы негізде жабық (дауыссызға бітсе) және ашық (дауыстыға немесе дифтонгқа аяқталса) болып бөлінеді [1,4 б].
Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде жарияланған «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыс­тарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды [2,7 б]. Елбасының жоғарыда айтқанындай, Кеңес одағы кезінде латын әліпбиін көптеген жыл қолданып келгеніміз шындық. Ендеше, Тәуелсіздіктен кейін латынға қайта оралу өз руханиятымызға қайта оралу, өз жолымызды дұрыс таңдау болып табылады. Кешегі ел тәуелсіздігін аңсаған Алаш ардақтыларының да асыл арманы ұлттық жазуды бір арнаға түсіру еді. Сол ұлылардың асыл армандары Тәуелсіздіктің 26 жылында Президенттің бастауымен жүзеге асты.
XX ғасырдың басында ұлт үшін елеулі еңбектер жасаған ұлт зиялылары талай толғамды мәселелер көтерген: «Əліппесіз кәсіп өркендеуі де мүмкін емес. Ғылым, əдебиет, мектеп бұлай тұрсын, өнерлі кәсіпті, сауданы, ақша жұмысын, əскер-кеме ісін, барлық ірі кəсіп дүкендерін жүргізу үшін, қысқасы бұл күнгі мəдениет үшін – əліппе жеті қырлы күшті құрал» – дейді латыншыл Ағамалыұлы [3, 63 б]. Сол кездің өзінде-ақ осындай терең толғаныстар жасаған ұлт зиялылары ұлт әліппесінің қадірі бөлек екенін, ұлттық жазудың бір арнаға түсуінің қаншама маңызды екенін ашық ойлы көзқарастарымен білдірген. Жаңа қабылданған ұлттық әліпбидің бізге әкелетін қолайлылықтары көп екенін ғалымдар да айтуда. Қазіргідей технологиялық дәуірде латын жазуы әрбір техниканың тілі болып есептеледі. Мәселен, компьютер тілі, телефон ұяшықтары, бір-бірімізге жазысатын SMS жазуы да латын қарпінде екені бәрімізге аян. Қысқаша айтқанда, біз латын қарпіне көшуді қажетсіндік, сол арқылы қалауымыз бойынша осы әліпбиге көшіп отырмыз.
Президент Н.Назарбаев 2012 жылғы 14 жел­тоқсандағы «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ ті­лін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру­ды жалғастыру керек. Біз үшін 2025 жыл­дан бастап, латын әліпбиіне кө­ші­руге принципті мә­селе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуі­міз­ге, балаларымыздың ағыл­шын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп, латын әліпбиіне көшудің заман талабынан туындағанын баса дәріптейді. Демек, бұл тарихи шешім жуық арада емес, ел тәуелсіздігіне қол жеткізген күннен бастап ойға алынған сындарлы әрі көп тер төгілген маңызды шаруа екенін Елбасы латын туралы әрбір сөзінде қадағалап айтып келеді.
Латынға көшудің ең пайдалы жағы – дұрыс жазу үлгісі арқылы келесі тарихи кезеңдерге, сындарлы сәттерге дайын тұру, әлемдегі тарыдай шашылған қазақтар бір-бірін оқып түсінуіне қолайлылық. Ендеше, бұл тарихи бұрылысты тұтас ұлтты біріктіру, бір арнаға тоғыстырудың маңызды кепілі, басты шарты деп қарағанымыз жөн. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақ­талуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» дегені шындық. Біздің осы күнге дейін қуатты ұлт ретінде келе жатқанымыз тілдің қасиеті мен күш-қуаты. Ал, осы қуаттылықты ары қарай жалғастырып, болашақта ана тілдің құдіретін әйгілеу үшін бізге латын жазуы ауадай қажет. Дегенмен, бір әліпбиден тағы бір әліпбиге көшу оңай-оспақ шаруа емес, ол үшін бізге қауырт шарулар істеу басты міндет болмақ.
Филология ғылымының докторы, профессор Әлімхан Жү­ніс­­беков бір сұқбатында: «Латын әліпбиіне көшудің қиыншылығы қазіргі қолданып жүрген әліпбиіміз қазақтың төл әліпбиі емес, орыс тілімен араласып кеткені, бізге өзге тілден енген дыбыстар ара­ла­сып кетсе, онда кедергілер туындайтынын, латын әліпбиіне төл дыбыстарымызды баптап, со­ның аясында көшуін және қазақ жа­зуы­на тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек екенін, ол реформа үш мәселені: дыбыс, әліпби және емле ережені бірдей қамтиды» дейді.
Елбасының латын қарпіне көшу туралы жарлығы шыққаннан кейін жаңа бұрылысқа толы кезеңнің алғашқы қызметтері орындала бастады. Ендігі маңызды шаруа – осы жазуға бейімделу. Ең бастысы – әліппемізді ұлттық мүддемізге сай келетін қаріпте таңдағанымыз болмақ. Бұл туралы Əлімжан Шарап: «Адам баласы ойымен, ақылының табысымен бір-біріне жұғысатын құралы – əліппе. Əліппе жердің алыстығын да, уақытты да жеңеді. Сондықтан, əліппе адам баласы мəдениетінің ең қадірлі құралы. Əліппенің маңызы телгіремнен де, радиодан да, тағы сондай алыстан қатынасатын құралдардан да артық. Өйткені, соңғы құралдар тек жердің алыстығын жеңеді; əліппе уақытты да жеңеді» дейді бірінші түрікшілдер құрылтайында. Біздің де айтарымыз осыған саяды, әліппеміз түзелсе руханиятымыз бен мәдениетіміз арқылы жаңа технократтық дәуірдің көшіне ілесіп кетуге қиналмайтынымыз анық.
Жаңа тарихи кезең бізге не сыйлайды деген сұраққа жауап іздесек, бұл кезең біздің ұлттық бірегейлікті сақтауымыз үшін құлшынып жатқан осынау аршынды қадамдарымыздың жемісі ретінде жаңа ұлттық әліппені жұрт назарынан шығардай етіп жасап, болашақ ұрпақтардың ана тіліне деген өскелең құрметін мәңгі сақтап қалуына жол ашу болмақ. Біздің қазір өмір сүріп отырған дәуіріміз ғылым-білім, дамыған техника, заманауи ақпарат дәуірі. Осы жаңа дәуірдің көшіне ілесудегі алғышарт – өз тіліміз бен ағылшын тілін жетік меңгеріп, ақпараттанған жаңа технологияларды пайдалана алу. Сондықтан, біз әліпби таңбасы етіп отырған латын әріптері ғылым мен білім, ақпарат және өркениеттің жазуы ретінде пайдаланылып отырған жазу. Сол үшін де бізге ең қажеттісі әліппенің дұрыстығы. Бұл туралы кешегі ұлт тұлғалары да терең толғанған әрі өз ой-пікірлерін ортаға салған. Ұлттық әліппе туралы өткен ғасырда да, қазірде де ұлт ғалымдары арасында пікірталастар толастаған емес.
Бұл туралы ҚР Ұлттық музейі «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығы өлкетану бөлімінің сарапшысы Қажымұрат Төлегенұлы «Қазақ тарихындағы латын жазуына өту мәселесіне өркениеттік көзқарас» атты мақаласында: «Әліпби, емле және оны реформалауға байланысты қазақ оқымыстыларының арасындағы пікірталас алғашқыда «Дала уәлаяты», «Айқап», «Қазақ» газеттері беттерінен көрініс тапса, 1920 жылдан бастап «Еңбекші қазақ», «Жаршы», «Жаңа мектеп» газеттерінде де көрініс тауып, газет төңірегіне ұйыса бастайды. Әліпбиге байланысты көзқарас, пікірталастарды бұқара арасына жариялап, халық талқысына салып отырған «Еңбекші қазақ» газетінің орны ерекше болды. Аталмыш газетке екі топтың жүздеген мақалалары жарияланып отырды. Айталық, Н.Төреқұлов «Бізге қандай әліппе керек», Ә.Байдилдин «Жаңа әліппе тарихынан», Б.Байтоғайұлы, Қ.Басымов, М.Дулатов, Т.Шонанұлының «Бізге жаңа әліппе не үшін керек», О.Жандосұлы, М.Жолдыбаев, Қ.Жұбанов, Е.Омаров, Қ.Кемеңгеров, Н.Қаймекеұлы, Ж.Аймауытов, М.Мұхтарұлы «Дыбыс белгілерін негізінен өзгерту керек», т.б. және шетелдік Г.И.Бройдо, Н.Яковлев, Поливанов, профессор Ашмарин, профессор Жюзе, академик Бартольд, профессор Л.Жирков, профессор Б.Шобанзаде сынды ғалымдардың бірнеше мақалалары оған дәлел бола алады» [4,]. Мейлі, қай ғасырда өмір сүрсе де ұлт зиялыларын толғандырған мәселе – ұлттық әліппені дұрыс арнаға түсіру мәселесі болған. Бұл толғақты мәселе латын қарпіне көшкен қазіргі жаңа бұрылысымызда оң шешімін табады деген сенімдеміз.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.