Жылқы малына байланысты тілдік бірліктер

  • 18.10.2018
  • 82 рет оқылды
  • 0

А. Амангелді,
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті

Әрбір жекелеген ұлт түсінігінде әлем әр түрлі көрініс табады. Бұл, әсіресе, тілде айқын байқалады. Яғни, тілдегі әлем бейнесі адамның әлемді тануының негізі. Бұған Б.Уорф пен Э.Сепирдің көзқарастары тұрғысынан қарасақ, әр түрлі ұлт осы ғаламды өзінше танып, өзінше пайымдайды. Демек, тіл біздің ата-бабаларымыздың «ғалам бейнесін» қалпына келтіруімізге мүмкіндік жасайды, тіл арқылы біз ата-бабаларымыздың «ғалам бейнесін» елестете аламыз.
Бұл дүние түгілі о дүниені де жылқысыз елестете алмайтын қазақ халқы үшін жылқы біріншіден, күннің, қозғалыстың, тұрақтылықтың символы. Сонымен бірге қазақ ұғымында жылқы – жоғарғы әлемнің символы. Сиыр – о дүниенің бейнесі болса, қой – материалдық әлемнің белгісі, ал, түйе – ғарыштың символы. Мәселен, нәресте дүниеге келгенде кіндігін ай балтамен кесіп, таза жіппен байлайды. Кіндік кескен балтаны пайдаланбай, сақтап қояды. Кіндік үш-төрт күнде түседі. Ұл баланың кіндігін «үй күшік болмасын, далада өскен батыр болсын» деп, қырдан асырып лақтырып жібереді. Ал, қыз баланың кіндігін «үйдің құты болсын» деп, от басына, ошақтың түбіне көмеді. Кейде бала «ат құлағында ойнасын» деген тілекпен, аттың жалына байлап қоятын да дағды бар.
Ал, сәбиді бесікке кез-келген әйел салмайды. Бұл қызметті бойы таза, инабатты, жөн білетін, ел-жұртқа сыйлы, немерелі-шөберелі бәйбіше орындайды. Баланы бесікке саларда таза темірді немесе сол үйдегі қысқашты, темір көсеуді отқа қыздырып, бесіктің арқалығынан бірнеше жерді қариды. Бұл – жын-шайтан өлсін, балаға бәле-жала жабыспасын дегені. Сонан соң әйелдердің біреуі: «Бала қырандай алғыр болсын» деп, бүркіттің тұяғын бесікке байлайды. Тағы біреуі бесіктің екі жағынан қылыш жарқылдатып: «Жау жүрек батыр болсын» десе, үшіншісі бесіктің екі жағынан қамшы үйіріп: «Тақымынан тұлпар кетпесін, бәйге бермес шабандоз болсын» деген тілек айтады. Яғни, бұдан байқайтынымыз, қазақ халқы үшін жылқының орны ерекше. Ата-ана үшін баладан артық қандай қуаныш бар? Ал, сол балаға бұл дүние есігін ашар-ашпастан «тақымыңнан тұлпар кетпесін» деген тілек айтылса, жылқының қазақ халқының өмірінде маңызы зор болғандығынан деп ойлаймыз.
Қыз баланың жат жұрттық екенін мойындағанмен, қазақ атамыз жиендерін ешқашан сыртқа теппеген. Қайта олар жат бауыр болып кетпес үшін жиі-жиі ат ізін салып, жиендерін жыл сайын бір-екі рет сыйлы қонақ етіп, тік тұрып күтіп алуды үлкен мәртебе санаған. Ес біліп, етек жия бастаған кезінен-ақ нағашылары жиендерін қамқорлықтарына алып, баулып, аталары оған үйірлі жылқының ішінен таңдап жүріп, тай мінгізеді. Ол жиеннің бәсіресі, бәсіре тай немесе «жиенқұрық» деп аталады. «Ат – ер қанаты». Осындай нағашы аталары таңдап берген бәсірелерімен сал серілігі, атбегілік атағы шыққан бозбалалар халқымызда аз болмаған. «Үйдің жақсы болмағы – ағашынан, баланың жақсы болмағы – нағашыдан» деген нақылды да аталарымыз осындайдан айтса керек.
Бала үш жасқа толғанда жеке атқа мінгізіледі. Ол үшін балаға арнап ашамай дайындалады. Оның беттері ересектерге арналған ер ағаштың бетіндей алтынмен апталып, күміспен күптелмейді. Ұзағанда сырмен ою-өрнек салынады. Ашамайдың мұндай қарапайым болуын халқымыздың «жас балаға тіл мен көз тигіш болады» дейтін ырымынан бөле қарауға болмайды. Жас баланың атқа мінуі халқымыздағы балаға арналған тәрбиелік маңызы ерекше аялы қамқорлықтың бірі. Бұл оқиға ес біле бастаған жасөспірім үшін мәңгі естен кетпес қуаныш. Сондықтан да, баланың атқа міну қуанышына арналған той бала өміріндегі тойлардың ең елеулілерінің бірі болып саналатын. Ауқатты адамдар «жоғарғы елге жорға бие, төменгі елге төбел бие сойып» дегендей ұланғайыр той жасап, ат шаптырып, балдан түсіріп, көкпар тартқызатын. Баланың мінген атына да салмақты шарт қойылатын. Ол әрі жуас, әрі жүрісі жайлы, әрі сын-сымбатты болуы керек. Сондай-ақ, ол аттың жас шамасы баланың өзімен шамалас құнан немесе дөнен болуы да есте сақталатын. Атқа мінетін балаға бастан аяқ жаңа киім кигізіп, бас киіміне, шапанының арқасына шоқтап үкі тағатын. Халқымыз үкіні (жын-шайтаннан қағатын) қасиетті құс деп есептейтін және үкілі киім балаға көрік беріп тұрушы еді. Сондай-ақ, үкілі баланы көрген тосын көз қуаныш иесі кім екенін айтқызбай-ақ біле қоятын. Баланы атқа мінгізетін күні ауыл адамдары түгел жиналады. Аттың жал-құйрығын үкілеп, ашамайлайды. Баланы атқа мінгізу сыбағасы кім көрінгеннің үлесіне тие бермейді. Оған сол ауылдағы ең тақымы желді, ат құлағында ойнайтын саңлақ жігіт таңдап алынатын.
Баланың нағашысы жиенге арнайы ат әкеп мінгізетін болған. Тойға келушілер балаға арнап қамшы, садақ, шідер тағы сол сияқты заттар жасап әкеп сыйға тартады. Бұл – баланы азамат болуға жарадың деген ырымдар. Әйелдер баланың азамат болу қуанышына шашу шашады. Мұнан кейін ересек балалар тайларымен жарысып, бес-алты жасынан бастап қозы-лақ қайыруды, мал бағуды үйренген. Атқа міну тойы баланың әжетке жарап, еңбекке араласуы, азаматтықтың басы деп ұққан. Ол балаға да үлкен ой туғызып, тез есеюіне әсер еткен.
Баланы атқа мінгізу сияқты бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлердің бірі – сүндет той. Сүндет тойы да баланың атқа міну тойы секілді думанды тойдың бірі. Мұнда да баланы арнаулы «Сүндет ат» деп аталатын атқа мінгізіп, сәндеп киіндіріп, үкі тағып, ауыл-аймақты аралатады, баланың өз аузымен тойға шақыртады. Дәстүрлі салт бойынша ойын-сауықтың бар түрі көрсетіледі. Баласы атқа мінгенде ата-анасы «Балам ат тізгінін ұстап азамат болды» деп қуанса, сүндетке отырғанда «Балам мұсылман санатына қосылды» деп қуанады.
Қазақ – қонақжай халық. Халқымыздың қонақжайлылығының, жомарттылығының бір дәлелі – үйіне қонақ болып түскен адамды күтіп қана қоймай, кетерінде оны құр қол жібермей астына ат, үстіне шапан жауып, құрметтеп шығарып салады. Халқымыздыың ұғымында барша қазақтың еншісі бөлінбеген деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан да, үйге келген қонақ, әсіресе құдайы қонақ жолсапарда кез-келген үйге түсіп, түстене алатын болған. Қонақ қаласа, қонып шығуға да қақым бар деп есептеген.
Көшпенді халық өмірінде асау үйрету де бір дәстүрге айналған. Әжелер ырымдап, ақ мол болсын деген ақ ниетпен желі қазығының басына айран құйып, жаманшылықтан аман болуы үшін құлындардың маңдайларына қатық жағады. Қариялар ақ баталарын ақтарады.
Асау үйрету әдетте екінің бірінің қолынан келе бермейді. Асау үйретушінің айла-тәсілін үлкен-кіші тамашалайды. Бұл да жігітті сынға салатын қызықтың бір түрі.
Бұлардан басқа биебайлар, қымыз­мұрындық, сіргежияр, сіргемөлдіретер т.с.с. салт-дәстүрлер халқымызда көптеп саналады.
Қазақ ұғымында тоғыз саны киелі деп саналады. С.Л.Фукс тоғыз туралы былай деп жазады: тоғыз өзінің шығу төркіні жағынан ұрлық пен өлтірудің құны ретінде қолданылған, бірақ ХІХ ғасырда тоғыз өзінің негізгі мағынасын жоғалтып, кез-келген қылмыстың құны ретінде қолданылған. Тоғызға байланысты сыйлық тарту, айып беру түркі елдерінің көпшілігінде кездеседі. Әз-Тәукенің «Жеті жарғы» заңдар жинағы бойынша қылмыс жасап, ұрлық істеген адам «тоғыз» айыбын тартқан. Бұл айып бас тоғыз немесе түйе бастатқан тоғыз және орта тоғыз немесе ат бастатқан тоғыз немесе өгіз бастатқан тоғыз болып бөлінеді. Ат бастатқан тоғыз айыбының құрамы: бесті ат, екі құнан, екі тайынша, төрт қой түрінде келеді.
Жерлеу, өлікті жөнелтуге байланысты ат тұлдау фразеологизмі пайда болған, ол ер адамдардың өлімімен байланысты. Ат – тұлдау – иесі өлген мініс атының жал-құйрығын күзеп шұнтиту, жыл бойы семіртіп, асқа союға әзірлеу.
Көшпенді халықтың өмірінде жыл­қының маңызы өте зор болғандықтан, халқымыздың салт-дәстүрлеріндегі жыл­қы түлігінің алар орны ерекше. Ха­лықтың салт-санасында жылқы – жоғарғы әлем, интеллект белгісі, ата-бабалар сим­волы. Мәселен, батырлар жырында, жылқы тек көлік қызметін атқарушы ғана емес, ер қорғаны, ақылшысы ретінде көрініп, иесін қорғап-қоршап жүреді, тіпті адамша сөйлеп, ақыл-кеңес те береді. Өзге жануарлар адамға қызмет етеді, ал, жыл­қыға адам қызмет етеді және оны ар санамайды, өйткені, жылқы – тәңірдің тірі бейнесі, нұры, жылқы әлемнің жоғарғы бөлігі. Жылқыдан өзге жануарлардың бәрі жерлік, олар жерге тартылады, жерге қарайды, ал жылқы алдына, жоғарыға қарайды, ат үстіндегі адам да жоғары әлем мүшесі, сондықтан ол да жер мен оның тартылысынан босаған.
Сонымен, атқұмар, атжанды қазақ халқы үшін жылқы – қозғалыс көзі, өмір сүру, тіршілік ету формасы. Жылқы – әлемнің жоғарғы бөлігі, интеллект белгісі, ата-бабалар символы. Жылқы – тәңірдің тірі бейнесі, нұры. Жылқы – күннің, қозғалыстың, тұрақтылықтың символы. Қазақ поэзиясында асқақ арманның, шабыттың белгісі. Байлықтың, сән-салтанаттың да белгісі – жылқы.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.