БЕСІК – ҰЛАҒАТТЫ ҰРПАҚ ҰЯСЫ немесе оның қадіріне қалай жетіп жүрміз?

  • 25.09.2018
  • 545 рет оқылды
  • 0

Сабырбек ОЛЖАБАЙ – Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты, Ресейдің Халықаралық психология академиясының Құрметті мүшесі

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Дүние жаратылысына тереңірек үңілсеңіз, адам мен тал арасындағы байланыстың әлімсақтан жалғасып келе жатқанын пайымдар едіңіз. Есіңізге салайық, Адам Ата мен Хауа Анамыз Жұмақ ішіне жіберілгенде баудың ішінде жүрмейтін бе еді. Сонда, оларға Хақ Тағала «барлық жемістен жеулеріңе рұқсат, бірақ, мынаусына тиіспеңдер» деп ескерту жасамай ма? Демек, Алла адам мен тал біткенді бірге жаратқан немесе оларды бір-бірінен ажыратқысыз етіп қосақтаған деуге толық негіз бар. «Тал бесіктен жер бесікке дейін» деген сөз де тегін айтылмаса керек.
Сонымен, баудың ішінде жүрген Адам Ата мен Хауа анамыздың алғаш тұтынған асы да тал жемісі болды делік. Қазіргідей түрлі мата жоқ заманда, олар ұлы ұятты жерлерін жапырақпен жаппағанда қандай амалдары бар? Ағаш көлеңкесінде саялайтыны бесенеден белгілі. Енді олар сонша сұлу аймақты аралап келіп жантайғанда тағы да талды таңдамай ма? Міне, көрдіңіз бе, Жаратылыс заңы бойынша да Адам мен Тал арасындағы байланысты үзе алмайды екенбіз.
Ғасырлар бойы ұлтымыз тал бесікті қасиетті мүлік санап келді. Ол қазақы тәлім-тәрбиенің қайнар көзі болды. Ұлтымыздың өсіп-өнуінің басты кілті де тал бесік. Қазақ баланы қашан да періштеге теңеген. Сондықтан да бесікті аса құрметтеп «періштенің ақ отауы» деп әспеттедік.
Талайлы тарих пен сырлы шежірені тарқатқанда бесіктің шығу тегі Жетісу мен Алтайдың бойын билеген Айдархан бидің заманынан бері қарай желі тартады. Оның әкесі Мизам баба жайқалтып ағаш отырғызған бағбан екен. Елге сыйлы, қадірменді қария болыпты. Бізге жеткен дерек бойынша баба 150 жыл ғұмыр кешіпті (Дәрігерлердің жеміс-жидекті көп жеңдер деуінде осындай бір тылсым сыр бар сияқты). Әлеуметтік желіде жарияланған «Бесік туралы сіз біл­­мейтін сырлар» атты мақалада Мырзахан Убайдаевтың жазуынша, оқиға одан әрі төмендегідей өрбиді.
Күншілдік деген күбірткі қай кезде де киліккен. Мизам бабаның еңбегін көре алмаған қысық көздер ол өлген соң орманын өртеп жібереді. Бұл кезде оның ұлы Айдархан алыс жақтарда сапарлап жүр екен. Айдархан түсінде әкесін көреді. Бір сұмдықтың болғанын іші сезе қояды. Ат басын ауылына бұрады. Ну орманның орнында қара жамылып тал түбірлері ғана қалыпты. Мұны көрген Айдархан қатты қапаланады. Ағаш бір күнде жетіле салмайды емес пе?
Арада жылжып жылдар өтеді. Айдархан өз алдына отау тігеді. Тұңғыштары да шыр етіп дүние есігін ашады. Бірақ ол туыла сала уанбай жылай беріпті. Оны жұбата алмай, ата-анасы да дал болыпты. Жан-жақтан белгілі емшілер шақырады. Алайда, сәби жылан шағып алғандай шырылдауын тоқтатпатты. Алланың бір қалаулы күні сәби жылағанын сап тияды. Әкесі жүрегі атқақтап үйге келсе, ақ шапанды бір қария сәбиді өрттен аман қалған бір ағаштың бұтақтарына жатқызып, тербетіп отыр екен. Айдархан үйге кіріп келгенде әлгі ақ киімді ақсақал бозамық түрге айналып, бірте-бірте ауаға сіңгендей жоқ болып кетеді. Айдархан қария әкелген талдан бесік жасапты.
Мына бір оқиға да назар аудартады. Мұны Абай Хамзаның «Киелі бесік» атты танымдық мақаласынан оқыдық. Әңгіме желісін Абайдың сөзімен сабақтап көрелік.1898 жылы Мұхамеди ауылы Қобда бетке асқанда Биғазы бесікте екен. Ол жатқан бесіктің киелі атануы, содан жүз жылдан астам уақыт әулиеттің қолынан түспеуі осы көштен басталыпты. Шешесі екінші баласына аяғы ауыр болғандықтан, Биғазы бөленген бесікті атқа өңгеріп жүре алмай, жүк артқан түйенің біріне таңса керек. Екі елдің шекарасындағы Жарғылынтының тік асуынан асқанда бесік таңылған түйе тайып, жүк-мүгімен шыңырау сайдың табанына домалап кетеді. Мұндай жағдайда бала аман қалады ма? Ата-анасы аңырап естерін жия алмай сүт пісірім уақыт тұрып қалады. Дегенмен, баланы алып шығу керек. Әкесі жанұшырып шыңырауға түссе, атан түйенің мойны қайырылып өліп жатыр. Үстіндегі жүгі күл-парша болып шашылған. Ал, бесік қол созым жерде тікесінен тік тұр! Сол кезде құлаққа жылаған сәбидің дауысы келеді. Құдайдың құдіреті! Бала дін аман!
Осы оқиғадан соң да талай ғажайып орын алған ғой. Жеті рет. Мүсілімнің (Мұхамеди ақсақалдың кенжесі) үш айлығында шешесі қой сауып жатады. Сол кезде табан астында сел жүріп, қотан шетінде бөлеулі баласы бар бесікті дүлей тасқын ала жөнеледі. Қозыкөш жерге барғанда бесік көрпешесі түсіп қалыпты. Ал, бесік бір талға ілініп тұр деседі. Оны тауып алғанда нөсерден кейінгі ыстық күнге суы кеуіп тұрған жөргектің ішінде үш айлық нәресте ештеңені сезбей, пыш-пыш етіп ұйықтап жатыр екен. Бұның алдында үшінші ағасы Жекей киіз үйлері түгі қалмай өртеніп кеткенде іргеде тұрған бесіктің ішінде тұншықпай аман қалған. Ал, Самал деген әпкесінің басынан өткергені де адам сенгісіз жағдай. Шешесі Бұлғын өзенінен атпен өтіп бара жатады. Өзеннің ортасына келгенде ат сүрініп кетіп, арқалықтағы бесік суға құлайды. Ағып кеткен бесік қозыкөш жерден табылыпты. Құдай сақтап, Самал тірі шыққан. 1997 жылы Мүсілім ақсақалдың Атамекен деген шөбересі әке-шешесіне иіс тиіп қайтыс болғанда, ол бесік ішінде жатып аман қалыпты.
Мұхамедидің тұңғышы Биғазы екен. Сол Биғазы дүниеге келгенде әкесі Өр Алтайдың Шіңгіл деген өзені жағасындағы талдан иіп осы бесікті жасаған ғой. Содан бұл мүлік алғашында «Биғазының бесігі» аталады. Ал, бесік Керекудегі қалалық мұражайға тапсырылғанда «Үлкен атаның бесігі» деген атпен қойылған. Осы киелі бесікте Мұхамедидің 15 баласы, аға-інілерінің 21 сәбиі, олардың бала-шағаларының 19 нәрестесі, 6 шөбересі бөленген.
Жоңғар шапқыншылығы тұсы екен. Тоз-тоз болған жұрт бет-бетімен тау жаққа қарай қашып барады. Аяғы ауыр бір келіншек басқа мүліктеріне қарамай, тек бесікті ғана арқалап ыңырсып, қиналып келеді деседі. Осы үркіншілік ішінде Төле би баба да кетіп бара жатыр екен. Оның жанындағы бір кісі келіншекті көріп: «Мына бейшара көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны несі?» депті. Сонда Төле би баба: «Баланың бесігі кең дүниенің есігі ғой» деп келіншекке сүйсіне қараған екен деседі.
Иә, кең дүниенің есігі бол­ғандықтан да бесікті қасиетті тұтпайтын мұсылман жоқтың қасы. Рас, Кеңес үкіметі кезінде оны «рахит ауруына шалдықтырады» деген шолақ пікір қалыптастырғандар да кезікті. Тіпті, кеңесшіл дәрігерлер бесіктің «зияндылығын» дәлелдеп те бақты. Бесіктің орнына коляска мен манежді ұсынды. Сөйтіп, көптеген еліктегіш келіншектерді бесіктен бездірді. Сол кездері дәрігерлерге бесіктің зияндылығын барынша айта түсіңдер деген арнайы тапсырма да болған. Қанша жерден «ескіліктің қалдығы» деп шошындырғанымен, ата-бабаларымыз қадіріне жетіп кеткен бесіктен бізді бездіре алмады. Сол «данышпандар» қасиетті Құран-Кәрімнің «Мариям» сүресінде бесік жайлы айтылатынын білді ме екен?
Бесіктің қасиеттілігі туралы тағы бір мысал. 2017 жылғы 8 қаңтар күні шамамен сағат 03:30-да Шымкент қаласында бір үй газ-ауа қосындысының салдарынан жарылысқа ұшырады. Опырылып құлаған үйдің қирандылары арасынан бесікте жатқан бала аман қалды. Періштесі қаққан Аружанды төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкері Руслан Бахрамов қирандылар арасынан алып шықты. Өкініштісі сол, анасы Сабина Орынбаева сол апаттан қаза тапты.
Киелі бесік жайлы ғалымдар не дейді? Тыңдап көрелік.1916 жылы психоневрология институтының негізін қалаушы академик Владимир Бехтерев: «Балалардағы невроз ауруының алдын алу үшін бесік жырын тыңдату керек» депті. Бір нәрсенің исі мұрнына бармаса ол бұлай демес еді ғой. Ал, психолог Виталий Леутиннің айтуынша, бесік жырын тыңдау сәбидің ми қыртысындағы нейрондардың дұрыс дамуына себеп болады екен. Американдық психолог, медицина ғылымының докторы, трансперсоналды психология ғылымының негізін салушы Станислав Гроф бесік жыры баланың психотерапевтік аурудан жазылуына бірден-бір себеп болатынын жазып қалдырған.
Ал, бүгінгі жоғары санатты дәрігер Ә.Аймағамбеттегі: «Бесікке баланы екі аптадан асқан соң немесе қырқынан шыққан соң бөлеуге болады. Оған дейін жөргекте болады. Баланы ара-тұра бесіктен шешіп алып, түрлі дене жаттығуларын жасату керек. Бесікте жатқан баланың омыртқасы түзу әрі ұйқысы тыныш болады. Ал, ұйқысы шала баланың ой-өрісі, сана-сезімі дұрыс қалыптаспайды. Ал бесік жырында айтылатын сөздердің бәрі тұнып тұрған тәрбие. Бесікте жатқан баланың денесі таза болады. Бесікке бөлеу арқылы оны балаларда жиі кездесетін суми (гидроцефалия) сырқатынан сақтаймыз. Өйткені, тербелген баланың миындағы сұйықтық түтікшелер арқылы жақсы жүреді және Сильвиев түтікшесінің бітелуіне жол бермейді. Үнемі бесікте құрғақ жатып үйренген сәбиде шартты рефлекс қалыптасады. Кейін ол дәретке отырғысы келгенде мазасызданып, жылап белгі береді. Түбекке отыруға да тез үйренеді. Демек, онда шыжың, белсіздік, бедеулік секілді сырқаттар болмайды» деп жазады («Денсаулық» журналы, 2018 ж. №7).
2001 жылы Ресейдің Тюмень қала­сының ғалымдары ұзақ мерзімді тәжірибе жүргізеді. Екі топқа бөлінген олардың алғашқысы балаға бесік жырын тыңдатады. Ал, екінші топ сәбиге түрлі әуендер жолдайды. Алты айдан соң бөбектердің ми қыртыстары тексеріледі. Сонда бесік жырын тыңдамаған баланың миындағы нейрон жасушалары баяу дамып, ойлау қабілеті бәсеңдегені байқалады.Ғалымдардың бұл тәжірибесіне алғашында күмәнмен қарағандар көп болыпты. Ғалымдар мәселенің анық-қанығына жету үшін зерттеулерін жалғастырады. Уақыт өткен сайын әлди әнін тыңдамай өскен сәбилердің мінез-құлқында психологиялық ауытқулар күшейе береді. Олар тез ашуланып, тез шаршайды. Ойлау қабілеті төмендеп, жалқаулыққа бейім тұрады. Мектепте сабақ оқуға ынта қоймайды. Ауру-сырқауға тез шалдығатыны байқалады. Демек, бесік жүйке жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, сәби бойындағы мейірімділік, қайырымдылық, ата-анаға деген махаббат сияқты ізгі сезімдерді дамытады, дүниетанымдық ізденісін, ғылым-білімге ынтасын арттырады, бала мағыналы һәм мәнерлеп сөйлеуге үйренеді, тұйықталмай, өз пікірін анық білдіретін батыл жанға айналады. Міне, бүгінгі медицина осылай дейді.
Жоғары санатты дәрігер Ә. Аймағамбеттегі нәрестенің терісі өте нәзік келетінін, түрлі химиялық, биологиялық факторлардан қабынып, бөртіп кететінін жазады. Ал, бүгінгі еріншек, жанын аяғыш келіншектер баласын бесікке бөлемей, памперс кигізеді. Памперс қазақ халқының демографиялық өсуіне кері әсер етеді деп дабыл қағады ол. Бала памперске кіші дәретті жіберген кезде дене температурасы бірден жоғарылайды. Аздан кейін памперске сіңген зәр қайтадан суиды. Сөйтіп, қысқа аралықта бір күйден екінші күйге ауысқан температура аталық бездің дамуын тежейді екен. Яғни, табиғи бел қуатына кері әсер етеді. Мұндай жағдай қыз бала үшін де зиян. Осыдан кейін балаларымыз болашақта белсіздік, бедеулік ауруларына шалдығады. Бұл ұлтқа төнген үлкен қатер.
Расында, шетелдіктер сыртқа өздерінде түкке тұрғысыз қаңсығын жіберуге тым әуес. Оның ішінде арамза ойлылардың экспансиялық, ұлтты жойып жіберу жоспары да болмасына кім кепіл?! Дәрігердің жазбаларына зер салсақ, памперстің негізгі қабаты жұқа пластиктен тұрады. Сырты суперадсорбентпен қапталған. Сұйықты сорып алып, жоқ қылатын құрал осы. Мұның құрамында поликрилатнатрий бар. Бұл затты медицинада қолдануға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1985 жылдан бастап тыйым салған көрінеді. Памперстің құрамында сәбиді болашақта белсіздікке душар ететін трибутилен дейтін кесапатты зат бар екен. Бұл химикат адамның ауруға қарсы күресу қабілетін – иммунитетті өте қатты әлсіретеді. Қазір мектеп жасындағы кейбір балалар кіші дәретін ұстай алмайды. Бұл тап осы памперстен келген пәле. Өйткені, памперс киген баланың дәрет ұстау жөніндегі шартты рефлексі болмайды. Осылайша сәби кезінде қалыптаспай қалған рефлекстің зардабын ол есейгенде тартады. Бұл дертті «энурез», қазақша «шыжың» деп атайды. Шыжың адам жан күйзелісіне ұшырамай қайтеді? Ғалымдар соңғы 25 жылда Еуропа елдерінде бедеулік пен белсіздіктің көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдіруде. Памперс киген баланың бел қуаты 40 жасқа жетер-жетпес құлдырайды дейді дәрігер. Қазір елімізде үйленбей жатып ажырасып кету жағдайлары жиі кездеседі. Мұның сырын да осы памперстен іздегеніміз дұрыс сияқты.
Қазақта бесік жайында ырым-тыйымдар да көп. Мәселен, «бесікті отқа жақпа», «аяқасты етпе», «қадірлеп ұста», «бос бесікті тербетпе» деп жатады. Мұндағы бос бесікті тербетпе деуінде мынадай гәп жатыр. Қазақ ырымында бос бесіктің қуысында Ібіліс тығылып жатады. Ал, ол үнемі адамдарға жамандық қана ойлайды. Сондықтан, қазақ бесік тозса оны қол жетпейтін биікке қойған. Бесікті біреуге басыбайлы ешкім бермеген. Тек уақытша пайдалануға ғана береді. Онда да бесік басына ақ байлайды. Сосын бала бесіктен шыққан соң бесіктің басына асық буылған ақ байлап қоятын ырым бар. Бұл келер ұрпақ үшін жасалған жақсылықтың тілеушісі.
Бала қырандай болсын деп бесіктің арқалығына бүркіттің тұяғын байлайтынын көзіміз көріп жүр. Жын-шайтаннан, көздің сұғынан сақтасын деп тұмар жаздырып тағатын да әдет бар. Бесіктегі қыз бала болса сұлу болсын деп жастығының астына айна, тарақ қойып жатады. Осының барлығы айналып келгенде бесікке деген құрмет. Өйткені, ол ұлт болашағына тікелей қызмет етіп тұр! Бесіктің қасиеттілігі сол шығар, оны Орталық Азия, Кавказ, Үндістан, Қытай жерлерін мекендейтін халықтар да пайдаланады. Қарағайдан, талдан иіп жасайтын бесік әр үлгіде болғанымен, түбі туыс. Десек те, әлемнің бірқатар елдері бесігіне қайта оралып жатқанымен, біздегі ағаштан түйін түйетін хас шеберлеріміздің салғырттығына, немқұрайдылығына қатты қапа­ландық. Шымкент шаһа­рындағы барлық базарларды, оның ішінде бесік сататын арнайы орындарды аралап көрдік. Бесік және оның жабдықтарын сатып тұрғандар бізге осы бағалы мүліктің Ташкенттен келетінін жасырмады. Сонда дейміз-ау, қазақ шеберлері, ағаш ұсталары бесік жасаса қолдарына күйе жұғып қалады ма? Әлде одан түсетін пайда аз ба? Аз болса өзбек ұсталары бесік жасауды әлдеқашан тоқтатар еді ғой. Ұлттық құндылықтарға көңіл бөлмеу бізді үлкен апаттарға ұрындырады.
Қазақтың хас батыры, белгілі жазушы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы: « Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп тұр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам. Екіншісі, немересіне ертегі айтып бермейтін әженің азаюынан қорқамын. Үшіншіден, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже жоқ» деп келер күндерге алаңдаушылығын жазып кетті. Иә, қорқыныш азаймай тұр. Бесігі жоқ елдің қандай халге ұшырайтынын шама-шарқымызша мысалдармен тұздықтап айттық. Дәмді, дәстүрді сыйламайтын баладан ешқашан жақсылық күтуге болмайды. Кітап оқымаған баланың ақыл-ойы таяз болады. Шәлдір-шатпақ, екіесті шалажансар ұрпақ осындайлардан көбейеді. Ал, қазақ біткен «жау қайда?» деп жан-жағына үркектеп қарап, бостан-босқа далақтап, аттандап жүр. Ау, жау көзге көрініп тұр емес пе? Ендеше, сол көзге көрініп тұрған кемшілік, олқылықтарымызбен неге күреспейміз? Соның ішінде қазақтың жеті атасына дейін түгелдеп, ата жауындай айқасатын «аурулары» жетіп артылады. Айталық, жатыпішер жалқаулық, іріңді ішмерездік, індетті рушылдық, жершілдік, көреалмаушылық, кесірлі кісілік, жебір жемқорлық, тағы басқа да індеттермен аяусыз күрес жүргізуіміз керек-дүр. Өйткені, олар бақырайып көзге көрініп тұр емес пе?
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды.
Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды.
Бұл – тарлан тарихтың, жасам­паз бүгінгі күн мен жарқын бола­шақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» деп атап көрсетті. Елбасының аталмыш мақаладағы ұлттық кодты сақтай білу дегенде айтпағының өзі рухани тамырдан ажырап қалмауды меңзейді. Ұлт Көшбасшысы ұлттық код деп түп негізге оралуды айтты. Демек, ұлттық кодтың кілті – Алтын Бесік. Өйткені, адам бесігіңде қалай тәрбиеленсе, солай қалыптасады. Елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алған, бесікте жатып, әже әлдиін тыңдаған, бойына игі қасиеттерді молынан сіңірген жас ешқашан адаспайды. Жаңа бастамалар, серпінді істер солардан шығады. Бойында мейірімділік, адамгершілік, имандылық, қайырымдылық, Отанға, ата-анаға, туған жерге деген асқақ махаббаты бар жастар қалыптасады. Осындай жалынды жастар Елбасы көрсеткен Мәңгілік Елдің ұстындары болады. Алымды да шалымды, ақылды да адамгершілігі мол, инабатты, мейірімді,білімді жастары бар ел мәңгі жасайды. Жас шыбықты ию оңай. Оны қалаған қалпыңа келтіре аласыз. Ал, бұтағы қатайып кеткен ағашты иемін деп сындырып алуыңыз бек мүмкін. Бұғанасы қатып, болары болып, бояуы сіңіп қалған адамды иліктіру қиынға соғады.
Халық «Тәрбие тал бесіктен» деп бекер айтпаған. Және сол халық «Төрде бесік тұрса төре де басын иеді» деді. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп өткен ғасырдың өзінде-ақ дабыл қақты. Әлемді қаһарымен тітіркенткен Шыңғыс хан: «Келіннің өз күйеуінен басқа тағы үш күйеуі болады. Олар – алтын елі, ұлтының салт-дәстүрі және өзінің ар-ұяты» депті. Бесікті, міне, осы үш құндылықты қатаң сақтаған келін тербетсе, бөбегіне күн сайын әлди әнін айтып отырса, Қазақ көші түзеледі. Ал, ақ жаулықты әжелер көргенді келіндеріне қашан да ақыл-кеңес айтып отырудан жаңылмауы керек. Бұл жерде абыз ақсақалдардың да атқарар ісі, көтерер жүгі ауыр.
Мың өліп, мың тірілген қазағымда ұлттық құндылықтар көп. Қазақ ғасырлар бойғы тарихы мен тағылымын, басынан өткерген ажарлы да азапты күндерін күй тілімен сөйлетті. Сондықтан, «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» дестік. Елбасымыз шілде айының алғашқы жексенбісін Домбыра күні деп атап өту туралы Жарлыққа қол қойды. Ендігі бір төл мерекеміз – Бесік күні болуы тиіс. Ұлттық кодтың бесіктен бастау алатынын жоғарыда тіліміздің жеткенінше бедерледік. Ендеше, жылдың бір жаймашуақ күні бүкіл Қазақ Елі Бесік күнін атап өтуге тиіс деп ойлаймын. Мұны жаңару мен жаңғырудың бастауы – Әз Наурыз мерекесімен қосарламай («Бесікке салу», «Тыштыма» сияқты тар шеңбердегі көріністермен ғана шектелмей), өз алдына басыбайлы, барқадарлы мереке ретінде атап өтуіміз керек. Бесіктің құндылығы жөнінде мектеп оқулығына арнаулы тарау, сабақ енгізсе де жарасып кетейін деп тұр.
Қысқасы, ұлт ұясы ретінде қастерленетін Бесікті қашанда аялап өтейік, ағайын. «Ұя бұзған оңбайды» дегенді де жүрек түкпіріне құндақтап жүрелік.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.