КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛДІ ҚҰЛАН ӨҢІРІ

  • 25.09.2018
  • 736 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Түгін тартсаң майы шығатын, төскейі төрт түлік малға, етегі егінге толы қасиетті Құлан өңірі еліміздің Президенті Н.Назарбаевтың сындарлы саясатын жүзеге асыруға елеулі үлес қосып келе жатқан Жамбыл облысындағы іргелі аудандардың бірі. «Ел ұлсыз болмас, жер гүлсіз болмас» дегендей, осы аймақтан әр жылдары 22 Еңбек Ерінің шыққандығын, әлемдік олимпиада ойындарының 8 жүлдесін жеңіп алуын мақтанышпен айтсақ та болады. Міне, осындай құтты қоныс, киелі мекеннің құрылғанына бұл күндері 80 жыл толып, аудан еңбеккерлері айтулы мерекені атап өтуде. Осы орайда аудан әкімі Асқар Санатұлы Қырықбаев мырзаға жолығып, сөзге тартқан едік.

– Асқар Санатұлы, әңгімемізді құрылғанына 80 жыл толып отырған аудан тарихынан бастасақ жөн болар еді.
– Бұл аудан Қазақ КСР Орталық атқару комитеті Президиумының қаулысымен 1938 жылы 4 наурызда Луговой ауданы болып құрылды. 1999 жылдың наурыз айынан бері Тұрар Рысқұлов есімімен аталады. Бұлай аталу себебі, қазақтың біртуар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Т.Рысқұлов бірнеше жыл осы ауданда қызмет еткен. Атап айтқанда, 1928-30 жылдары салынған Түркістан-Сібір теміржолының бір шеті осы Луговой станциясынан басталып, ғасыр құрылысына Т.Рысқұлов осы арадан басшылық жасаған. Сонымен бірге, 1916 жылы Меркі, Луговой және Шу өңірлерін қамтыған Ақкөз батыр бастаған ұлт-азаттық көтерілісін барынша қолдап, ақыл-кеңес беріп отырған. Оның үстіне Тұрардай тұлғаны өмірге әкелген әз-ананың өз ауданымыздың тумасы екенін мақтаныш тұтамыз. Ал, ауданның Алаштың осындай біртуар азаматының атымен аталуы бүгінгі елдің рухын оятып, өнегелі ісімен жас ұрпаққа күш-қуат беруде. Соның нәтижесінде аудан халқы Елбасының алға қойған міндеттерінен туындайтын саналуан міндеттерді орындауда ерекше құлшыныс танытып келеді.
Әңгімені әріден бастайтын болсақ, біздің заманымызға дейінгі II ғасырдан бастап Құлан жері Үйсін мемлекетінің құрамына кірді. Орта ғасырларда Құлан қаласы тек жер өңдеудің ғана емес, қолөнер мен сауда мәдениетінің орталығына айналды. 1936 жылы Құлан ауылының маңындағы бір төбені зерттеген кезде үйсіндердің қала жұртының орны ашылды. Балшыққа сабан араластырып құйылған саз кірпіштің қалдықтары, алғашқы ағаштан жасалған шатырлардың қаңқасы табылды. Елді мекен орнынан шыққан арпа дәні жабысып қалған құмыра, көптеген қол диірмендері, жер қопсытатын тас кетпендер, тағы басқа заттар бұл мекеннің тұрғындары тек мал шаруашылығымен ғана емес, жер өңдеумен де айналысқанына күмән келтірмейді.
Құлан жерінен табылған тарихи жәдігерлер кешеге дейін Қазақстан тек көшпенділер отаны деп айтылып келген пікірді жоққа шығарып, жеріміздің өзіндік далалық өркениеттің бесігі болғанын айғақтайды. Ол өркениет диқан мен малшы, қала мен дала мәдениеттерін біріктіре білген.
ХІХ ғасырда Ресей империя­сы Ұлы жүз даласын қол астына қа­рат­қаннан кейін, ішкі аймақ тұр­ғын­дарын құнарлы қазақ жеріне қоныстандыру жұмыстары жедел қолға алынды. Соның нәтижесінде 1875 жылы ішкі Ресейден келген орыс переселендерінің алғашқы легі Құлан аймағына қоныстана бастады. Жердің көк майса сұлулығына тәнті болған орыс ағайындар: «Ой, какая Луга!» деп тамсанған екен. Содан бұл жер 1992 жылға дейін Луговое селосы аталып келді. Ал Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесі Президиумының 1992 жылғы 19 ақпандағы қаулысымен Луговое селосы Құлан ауылы болып тарихи атын қайта иеленді.
1924 жылы 11 қазанда РКП(б) Ор­талық Комитетінің Орта Азия Ке­ңестік Республикаларын бөлу туралы қаулысы шығып, ол КСРО Орталық Атқару комитетінің 1924 жылғы 27 қазандағы ІІ сессиясында бекітілді. Осыған байланысты құрамында 22 болысы бар Әулиеата уезі Сырдария губерниясының құрамында Қазақстан Республикасына өтті. 1927 жылы әкімшілік-аумақтық аудандастыруға сәйкес уезд ішінде Луговай ауданының аймағы бар 6 аудан құрылып, Оңтүстік Қазақстан облысының құрамына кірді. 1938 жылы қазіргі жер көлемінде өз алдына жеке аудан болып отау тікті. Ауданның жер аумағы – 9,1 мың шаршы шақырым.
Бастапқы кезде 27 ұжымшар, 2 кең­шар болса, 1950 жылдары шаруа­шылықтарды ірілендіру нәтижесінде 8 ұжымшар, 6 кеңшар қалды. Қазір ұжымшарлар мен кеңшарлар таратылып, аудандағы 44 елді мекен 13 ауылдық, 1 кенттік округке бірік­тірілген.
– Сіздің аудан тізгінін ұстаға­ныңызға бір жылдан асыпты. Әри­­не, бұл ойға алған істі жүзеге асыруға мүм­кіндік беретіндей көп мер­зім емес. Десе де, мұның алдында Жамбыл облысы әкімдігінің қаржы басқармасын  басқарып, облыс­тың экономикалық даму бағыты көз алдыңызда болды. Яғни, аудан экономикасының даму деңгейін бес саусағыңыздай жақсы білесіз. Олай болса, алғашқы әкім болған күннен бастап қандай шаруаны қолға алдыңыз?
– Шындығына келгенде, уақыт дегенді уысыңда ұстап тұра алмайсың. Сондықтан, тындыратын шаруаны уақыттың еншісіне салып таразылауға мүлде болмайды. Т.Рысқұлов ауданы облыстағы іргелі, ірі аудандардың бірі болғандықтан, бізге әр ай, әр күн, керек десеңіз әр сағат пен минут маңызды. Олай болса, менің келгеніме бір жылдан сәл ғана асты деп арқаны кеңге салып, ойланып-толғанып отыратын жағдай жоқ. Әйтеуір, не тындырсақ та аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттыруға септігімізді тигізсек деген ниеттеміз. Облыс басшысы маған сенім артқанда нақты міндеттер мен тапсырмаларды айқындап берген болатын. Міне, күнделікті жұмысымыздың негізі осы бағытта жүзеге асуда. Қай сала болсын өзінің маңыздылығымен ерекшеленетіні түсінікті. Сондықтан да, тізгінді қатар тартып отырған абзал. Мына салаға ерекше көңіл бөлейік, мынаған кейінірек оралармыз деуге әсте болмайды. Мақсат біреу ғана, ол – аудан экономикасын ілгері сүйреп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыра беру.
– Елбасы елдің алдына рухани жаңғыру мәселесін қойып отыр. Осы ретте Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан нақты жұмыс­тарды саралап берсеңіз.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасына аудан тұрғындарының ықылас-пейілі ерекше. Бұл өркениетті елдер қата­рына қосылуға ұмтылып отырған елімізді жаңа белеске көтеретіні сөзсіз. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» – табысты ел болуымыздың, ұлттық идеологиялық бағытымыздың кепілі. Ұлттық дамуымыздың негізгі тірегі – ұлтымыздың озық салт-дәс­түрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебие­тімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту мақсатында «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында ауданда ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр
Мақала жарияланғалы бері аудан тұрғындарының қатысуымен мекемелер мен кәсіпорындарда, шаруашылық және ұжымдық ұйымдарда барлығы 300-ден астам іс-шара өткізілді. Бұдан бөлек, аға буын өкілдері және жастардың ұйымдастыруымен өткен түрлі шаралар халықтық сипатқа ие болды. Бағдарлама аясында іс-шараларға бюджеттен шамамен 4 млн теңге бөлінсе, демеушілердің көмегімен қосымша қаржы қарастырылды.
М.Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің жанынан «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі, білім беру мекемелерінде 44 арнайы кабинет пен орталық, 10 бұрыш ашылып, жұмыс атқаруда. Барлық елді мекендердегі ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар жанынан «Өлке тарихы мен мәдени дамуы» атты мұражай ашу жоспарланды, бұл жұмыс ауданның 80 жылдығына тарту ретінде тамыз айында толық аяқталып бітуге тиіс.
Ауданда  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының төрт кіші бағдарламасын ілгерілету және үйлестіру бойынша аудандық жұмысшы және сарапшылар тобы құрылды. Сондай-ақ, «100 жаңа есім» жобасы аясында әр салада қызмет атқарып, Ел тәуелсіздігінің тұсында жетістікке жеткен тұлғаларды айқындау жөніндегі жұмысшы топ құрылып, жобаға нақты есімдер ұсынылды.
«Әлеуметтік бастамалар картасы» базалық бағыты аясында Құлан ауылындағы «Дулат баба» кесенесінің, Каменка ауылындағы спорт кешенінің, Юбилейный ауылында 60 орындық балабақша құрылысын жүргізу, Құмарық ауылындағы тарихи-өлкетану мұражайына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Мұның бәрі «Туған жер» бағдарламасының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында құландық кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асырылуда. Сондай-ақ аудандық тарихи-өлкетану мұражайында тәуелсіздік жылдарында жеткен табыстар, осы өңірден шыққан қоғам қайраткерлері мен ардагерлерінің түрлі салада жетістікке жеткен көрсеткіштері мен өмірбаяндары қойылған. Алдағы уақытта аудандық демалыс саябағында осы ауданнан шыққан 22 Еңбек Ерінің бюсті орнатылып, «Ауданның Құрметті азаматтары» аллеясын ашуды көздеп отырмыз. Сонымен бірге мұнда саналы ғұмырын ауданның дамуына, өсіп-өркендеуіне үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, Кеңес Одағы Батырларының, Ұлы Отан соғысы, ауған соғысы, тыл және еңбек ардагерлерінің, Батыр аналарымыздың, өнер қайраткерлері мен сұлу сөзден күмбез қалаған ақын-жазушыларымыздың есімдері жазылады.
«Рухани жаңғыру» бағдар­лама­сының «Кітап – білім бұлағы» бағы­ты бойынша жүзге жуық шара өткізілді. Оның ішінде кітапханаларда кітап көрмелері, таным сағаттары, патриоттық және әдеби жыр кештері ұйымдастырылып, оқушылардың таным көкжиегін кеңейте түскені сөзсіз.
– Келешектің қамын ойласақ, жастарға артылар үміт зор. Олардың әлеуметтік мәсе­ле­лерін шешуде мемле­кеттік қолдаудың да маңызы ерекше. Осы орайда «Рухани жаңғырудың» жастар үшін маңызы қандай? Жалпы, аудан көлемінде жас­тар мәселесі қан­шалықты шешіліп келеді? 
–Аудандағы жастар мәселесі атқарушы органдардың назарынан тыс қалған емес. Осы орайда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында концептуалды мәселелер қозғалған. Атап айтқанда, ұлттық сананы жаңғырту ерекше орында тұр. Тек жоғары білімді және рухани бай халық қана сыртқы әсерлерді дұрыс қабылдап, оған жауап бере алады. Сондықтан, еліміздің жастарының алдағы уақытта қай бағытта дамуы және қандай іс-шараларды жүзеге асыруы қажеттігі жан-жақты бағдарланғаны белгілі.  Мақалада кездесетін «бәсекелестік», «білім», «ғылым», «тұтастық», «ұлттық код» сынды сөздердің жастар үшін маңызы зор. Себебі білімдінің мыңды жығар заманы келе жатыр. Жас­тарға рухани жаңғыруда қандай бағыт-бағдар беру қажет? Бірінші толғандырып жүрген мәселе – тіл, тілге қажеттілік ту­дыру, ұлттық код, осының барлығы жастардың санасында бірінші кезекте қалыптасуы керек. Яғни, тәуелсіз елді болашаққа апаратын білімді, патриот ұрпақ тәрбиелеу ісіне жастар белсене араласуы тиіс.
Сондай-ақ, аудандық «100 жаңа есім» бағдарламасы аясында түрлі салада жетістікке жеткен жастардың базасы жасақталып, сол жастардың суреттері бар билбордтар көше бойына ілуді көздеп отырмыз. Билбордтағы суреттерге қарап ауданның басқа да жастары мотивация алатын болады.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі мен Жұмыспен қамту орталығы бірлесіп жасаған электрондық порталда бос жұмыс орындары туралы мағлұмат жарияланатын болады.
Жалпы алғанда ауданымыздың жастары белсенді. Бар­лық салада өздерінің қабілеттерін көрсетіп келеді. Іс-шараларды ұйым­дас­тырып, жоғары деңгейде өткізуге атсалысады. Байқап қарасақ кәсіп ашуға ынталы жастар көп. Кейбірінің идеялары тың. Осы жас­тардың жобаларын қолдау мақ­сатында түрлі мүмкіндіктерді қарастырып, барынша қолдау танытып келеміз. Жыл басталғалы бері жұмыспен қамтудың белсенді шараларының нәтижесінде 297 жас екі қолға бір күрек тауып отыр. Жұмыссыз санатындағы жас­тарды тегін кәсіптік-техникалық біліммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда «Серпін-2050» бағдарламасы аясында 66 жас Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қара­ғанды қалаларында білім алуда. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының ІІ бағыты бойынша 19 жас өз кәсібін ашу үшін несие алып, жұмыс жасауда.
– Туған жер алдындағы перзенттік парызды өтеу де – маңызды іс. Президент мақаласында бұл мәселелер де қамтылғанын білесіз.
– Оныңыз рас. «Атамекен» кіші бағдарламасының «Жомарт жүрек» бағыты мен Елбасы мақаласының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауданнан шыққан азаматтар және ауыл тұрғындары демеушілік жасап, қайырымдылық көмек көрсетті. Атап айтқанда, Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының директоры Азат Шәуеев өзі оқыған Абай атындағы орта мектептің кітапханасына 500 дана кітап, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманов Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектеп кітапханасына 306 дана кітап, кәсіпкер Бағдат Жантақбаев 100 дана кітап сыйлады. Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепке Алматы техникалық университетінің ректоры Нұрлан Темірбекұлы 200 дана, Тараз мемлекетік университеті заң факультетінің деканы Қайрат Нұрманбетов 15 томдық кітаптарын, Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Абдраимов 80 дана, облыстық «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев 10 дана, Тұрар Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы Санат Қырықбаев 4 томдық кітап жинақтарын тарту етті.
– Қарап отырсаңыз, ауылды мемлекет қолдауының кемшін тұсы жоқ. Осы орайда Мәшһүр Жүсіптің: «Кедейлік үш ағайынды болады. Олардың үлкені – кежірлік, ортаншысы – еріншектік, кенжесі – ұйқы. Осы үшеуін жеңе алған адам кедейліктен құтылады» дегені еске түседі. Қазақтың санасында соңғы жылдары сілкініс пайда болғаны анық. Бизнеспен айналысатындар көбейді. Оның сыртында қызығатындар, бірақ бастауға батылы жетпей жүргендері де бар. Осы ретте кәсіпкерлікке тың идеямен келмесе де қиын. Кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге мынаны қолға алса болар еді деп нені айтар едіңіз?
– Дұрыс айтасыз. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары ауыл тұрғындары таң атар-атпастан шаруашылық кеңсесінің маңына, ауыл дүкенінің жанына жиналып, ұзақ-сонар әңгімені соғып, билікті сынайтын. Сол кезде оларға ауласының қисайып жатқан шарбағын түзетейін, шашылып жатқан ауламды тазалайын дейтін ой келе қоймаған еді. Өйткені, ол кезде өкімет өлтірмейді деген сенім олардың санасына сіңіп қалған. Қазір олай емес. Қайтсем тұрмысымды түзеймін, бір малымды екеу етем, табыс тауып отбасымды асырасам деген санасына қалыптасып жатыр. Сондықтан кез келген ауыл тұрғыны өз кәсібін ашқысы келеді. Бүгінгі күні 4855 шағын және орта кәсіпкерлік нысандары қызмет көрсетсе, он мыңнан астам аудан тұрғындары жұмыспен қамтылып, өсім 106,0 пайызды құрап отыр.
Қазіргі таңда елімізде кәсіпкерлікті дамыту негізінде мемлекеттік қолдаулар іске асырылып келеді. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ауданға қарасты 45 елді мекенде кәсіпкерлікті қолдауға байланысты насихат жұмыстарымен қатар, жеңілдетілген несиелер, гранттар және өндірістік инфрақұрылымды тарту, басқа да аграрлық саланы дамыту мақсатында, тиісті бөлімдер арқылы түсіндіру жұмыстары ұдайы аудан әкімдігінің бақылауымен жүргізіліп келеді. Кәсіпкерлікті қолдауға байланысты 2012 жылдан бері 6,724 млрд теңге қаржыны құрайтын 60-қа жуық жоба іске асырылды.
Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2010-2017 жылдары ауданда жалпы құны 7,8 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылып, жаңа 277 жұмыс орны ашылса, 2018 жылға бағдарлама шеңберінде Германия инвесторларының көмегімен жалпы құны 3,3 млрд теңге болатын электр қуатын өндіретін 4,95 МВТ-лық «Биогаз» станциясының жобасын іске асыру көзделуде. Бұл нысан іске қосылғанда 50-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда бұған қажетті жер телімі бөлініп берілді, серіктестік тиісті құжаттарын жинақтауда.
Сондай-ақ, өткен жылдың соңында әлеуетті инвестициялық 1 жоба іске қосылды. 26,0 млрд теңгеге бағаланған бұл жоба бойынша 1000 га жер теліміне интенсивті алма бақ өсіру жобасы іске асырылуда. 2017 жылы 3,0 млрд теңгеге 100 га жер теліміне шие ағаштары отырғызылып, 150 адамға қосымша жұмыс орны ашылды.
Қазіргі кезде аудан бойынша 1221 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Жұмыстары тоқтап тұрған 180-ге жуық шаруашылықты ірілендіру арқылы жандандыру жұмыстарын жүргізудеміз. «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында егіс алқаптарының көлемін арттыру, өнім түсімін жоғарылату арқылы жалпы өнім көлемін ұлғайту, асыл тұқымды мал басының өсімі арқылы мал шаруашылығы өнімділігін арттыру индикаторларына қол жеткізілмекші.
2019 жылдан бастап, масақты дақылдар алқаптарын азайтып, орнына өнімділігі мол, өзіндік құны жоғары дақылдар, яғни соя, бұршақ дақылдарын өсіру, майлы дақылдар алқабын ұлғайтып, қант қызылшасы алқабын 2000 гектарға жеткізуді көздеп отырмыз. Осы мақсатта «Қазақ Ұлттық аграрлық университеті мен «Нұр-Тау – ӘулиеАта» ЖШС-мен шартқа отырып, 2019 жылдан бастап 1000 гектарға ылғал сақтау арқылы соя дақылын отырғызуды қолға алуды көздеп, егістік алқап топырағының сараптамасы зерттелуде.
– Өзіңіз айтып өткен қыруар жұмыстарды атқару үшін бюджетке қол жайып отыра беру де қисынсыз. Сондай сәттерде кәсіп­керлер қаншалықты көмек­теседі?
– Аудан кәсіпкерлерінің ұйым­шылдығын үлгі етіп айтуға болады. Биліктің бастамасына үнемі бір кісідей үлес қосып, халыққа қолдау көрсетіп жүреді. Тұрмысы төмен отбасыларға отын-көмірін түсіріп, ас-ауқат, киім-кешек сатып алып беріп, жан-жақты көмектесуден бас тартқан емес. «Туған жерге тағзым» шарасы аясында қайырымдылық шаралары көптеп ұйымдастырылды. Сол кезде де кәсіпкерлер жұмыла жүк көтерді. Адам бір баланың басынан сипаса да үлкен сауапқа кенеледі. Бірақ кәсіпкерлер өздерінің жақсылықтарын жариялағанды қаламайды. Олардың кәсіп ашып, адамдарды жұмысқа тартып, аудан бюджетіне салық төлеп тұруының өзі – біз үшін үлкен қолдау.
Бүгінгі таңда мемлекеттік әлеу­меттік әріптестік арқылы кәсіпкерлер ауданға өз қаражаттарымен үлкен үлестерін қосып келеді. Атап айт­қанда, 2017 жылы «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайранбай Дөненбаев Жарлысу ауылына 92 орынды балабақша салып, пайдалануға берді. Жеке кәсіпкер Күлсара Тағыбаева Құлан ауылында 100 орынды «Мөлдір» балабақшасын пайдалануға берді. Ал Н.Әбілов өз қаражатына Құлан ауылының орталық көшелеріне құны 44,0 млн теңге 4 керме құрылысын жүргізді. Сондай-ақ, кермеге жарықтандыру үшін шағын прожекторлар орнатылып, түнгі уақытта көшеге қосымша жарық беріп тұрады. Құны 8 млн теңге болатын мұндай кермені жеке кәсіпкерлер Е.Құлманов пен П.Сүлейменов Қарақат және Қызылшаруа ауылының кіреберісіне орнатты. Бұл күндері жеке кәсіпкер Ұлан Қалқабаев Құлан ауылында орналасқан ғимаратқа 150,0 млн теңгеге реконструкция жұмыстарын жасап, 100 орынды балабақшаны іске қосуға әзірлеуде.
Жарлысу ауылының тумасы, кәсіпкер, меценат Сайранбай Дөнен­баев өз бастамасымен құны 250,0 млн теңгеге 60 орындық балабақша құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. «Дулат баба» қоғамдық қорының басшысы Б.Сауранбаев Құлан ауылында құны 55,0 млн теңге болатын «Дулат баба» кесенесінің құрылысын жүргізу жұмыстарын аяқтап, ел игілігіне беретін болады. Жеке кәсіпкер Т.Кемелбеков Каменка ауылында спорт кешенінің құрылысын бастады. Спорт кешені 160 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Ал Құмарық ауылының тумасы, Каспий Алматы университетінің профессоры Р.Шаханова ауылындағы тарихи-өлкетану музейіне құны 10,0 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбек.
– Халықта «Болашақ бүгіннен бас­талады» деген нақыл бар. Осы орайда аудандағы білім беру мен медицина саласының жағдайы, жетістігі мен кемшін тұстары туралы не айтар едіңіз.
– Аудандағы емдеу мекемелерінде 88 дәрігер және 474 орта буынды медицина қызметкері жұмыс істейді. 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші –14,1 пайыз. Соңғы 3 жылда аудандық орталық ауруханаға 12 жас маман келді. Барлығы да әлеуметтік қолдау-көмек алды. 6 жас маман үй алуға пайызсыз несие алды. Медициналық мекемелер құрылысы да қарқынды жүргізіліп, материалдық-техникалық база жақсара түсуде. Соңғы 3 жылда ауылдарда 6 емдеу мекемесінің құрылысы бітіп, пайдалануға берілді. Бұл күндері Мамай-Қайыңды ауылында құны 57 млн 617 мың теңге болатын дәрігерлік амбулаторияның жобалық-сметалық құжаты дайын. Сондай-ақ, Шолақ-Қайыңды медициналық пунктінің, Қарақат фельдшерлік-амбулаториялық пунктінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы аудандық ауруханаға 25 млн 273 мың теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2017 жылы аудандық емдеу меке­мелері үшін 7 дана ЭКГ аппараты, массаж жасайтын төсек, ото-офтальмос­коп, көздің қысымын өлшейтін ИГД-02 аппараты, 2 дана электрлі сорғыш, 1 УЗИ аппараты, 1 реаномобиль және 2 санитарлық автокөлік алынса, үстіміздегі жылы бұл мақсатқа 46 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Цифрландыру мақсатында емдеу мекемелері 100 пайыз компьютерлендірілді, интернетке қосылды. Ауруханадағы телемедицина кабинетін пайдалануға беру нәтижесінде науқастарға облыстық, республикалық мамандардың кеңесін алуға мүмкіндік туды.
Білім беру саласында айтарлықтай жетістіктеріміз баршылық. Бірыңғай ұлттық тестілеу көрсеткіштері бойынша биыл да облыс көлемінде жоғары деңгейге көтерілдік. «Балапан» бағдарламасы жемісті жүзеге асуда. Биылдың өзінде жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 3 балабақша есігін айқара ашқалы отыр. Бүгінгі күні аудан орталығы Құлан ауы­лында сыйымдылығы 2470 орындық 5 мектепте 1-11 сынып және мектепалды даярлық балаларын қосқанда 4095 оқушы дәріс алуда. Және де оқушылар санының өсуіне байланысты 600 орындық жаңа мектептің құрылысын жүргізудің құжаттары рәсімделуде.
– Аудан болашағын нұрландыра түсер алда тұрған жоспарлар да аз емес шығар? Ауданның әлеуметтік-экономикалық бағытын дамыту үшін қандай жұмыстар істеліп жатыр?
– «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй салынатын массивтердің инженерлік инфрақұ­рылымын дамыту жұмыстары жүргі­зіліп, 2018 жылы жалпы алаңы 9300 шаршы метрлік 100 жеке меншік тұр­ғын үй салу жоспарланып отыр. Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын алқабына 5 қабатты 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысын жобалау-сметалық құжатын жасауға 10925,0 мың теңге бөлінді. ЖСҚ-қа сараптаманың оң қорытындысы алынған жағдайда, 2019 жылға құрылыс жұмыстары жүргізілу болжамдануда.
Сондай-ақ, жұмыссыздарды даярлау, қайта даярлау, әлеуметтік жұмыс орындарын құру, ауылдарда кәсіпкерлікті дамыту, еңбек ресурстарын жұмылдыруды көтеру, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру жұмыстарын жандандыру мақсатында 2018 жылға 322 адамды оқытуды қолға алдық.
«Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша 57 адамға шағын несие беріп, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 234 адамды оқыту жоспарлануда.
– Кезінде Бейімбет ағамыз «Гүл­денсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» деген екен. Биағаң айтқан сол ауыл бәріміздің өсіп-өнген түп-тамырымыз. Олай болса ауылды гүлдендіруде не істеп жатырсыздар?
– Өзіңіз білесіз, ауылдық ­жерде жұмыс көзі тапшы. Бірді-екілі ғана бюджеттік мекеме бар. Шаруашы­лықта жұмыс жасайтын­дардың өзі жылдың жарты мезгілінде бос болады. Сондықтан, ауылда кәсіп көз­дерін ашуға көбірек көңіл бөлуіміз қажет. Бұл мақсатта әрбір ауыл әкіміне кәсіпке ынталы азаматтарға мемлекеттік бағдарламалардың бағыт-бағдарын кеңірек түсін­діру тап­сы­рылды.
Біздің аудан – ауыл шаруашылығы саласы дамыған аудан. Облыс бойынша дәнді дақылдарды өндірудің 33 пайы­зы Т.Рысқұлов ауданының еншісінде. Егістік жерлердің қатаң тәлімді егістік болғанына қарамастан, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-і, «Шәушен», «Шалқар», «Нұрдәулет», «Ақтоған» және басқа да шаруашылықтар тұ­рақты түрде егістіктің әр гектарынан 25-30 центнерден өнім алуға қол жеткізіп келеді.
Мал шаруашылығына келетін болсақ, «Шәушен» ШҚ-ның қой малы басының 52 мыңға жетуі және басқа да шаруа қожалықтарында қойдың 3000-5000 басқа көбеюі мысал болады. Қой малымен қатар, жылқы, мүйізді ірі қара басы өсуде. Былтырғы жылмен салыстырғанда мал басы 105-107 пайызға өсіп отыр.
– Жеке қабылдауыңызға тұр­ғындар көбіне қандай мәселемен келеді? Халықты жұмыспен қамту жағы қалай?
– Жасыратын несі бар, халықты жұмыспен қамту мәселесі облыста ғана емес, республика бойынша да әлі де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұған байланысты арнайы жоспарларымыз бар. Осы жылы 200-ге жуық аудан тұрғындарын қабылдадым. Жұмыс сұрап келетіндер басым. Талдау көрсеткендей, аудан тұрғындар негізінен тұрғын үй мәселесі, жер ресурстарын пайдалану, материалдық көмек, білім және басқа да сұрақтармен келеді. Оларға қолданыстағы заң нормаларына сәйкес барынша көмектесуге тырысамыз. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының мүмкіндіктері туралы айтып, кәсіпкерлікке бағыттаймыз.
Ең бастысы, елге сауапты жұмыс атқарып жатсақ, ол мақтау үшін, жақсы ат алу үшін емес, азаматтық парызымызды өтегеніміз болады. Ендеше, атақ алу үшін емес, сенім білдірген бұқараның үмітін ақтап жатсақ, халық ризашылығына жетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдымызға қойған міндеттерді толығымен орындасақ, одан асқан абырой болмас.
Бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен. Ата-бабаларымыз армандап өткен тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын.
– Әңгімеңізге рақмет.

Қыдыралы Қойтай,
ҚР-ның Мәдениет қайраткері,
ҚР Ақпарат саласының үздігі

Алдыңғы «
Келесі »