МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ТАРИХ

  • 25.09.2018
  • 841 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ханкелді Әбжанов,
ҚазҰАУ «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі,
ҰҒА академигі

Биыл ұлы ақын Мағжан Жұма­баевтың туғанына 125 жыл толды. Бұл тойды АҚШ пен Франциядағы, Түркия мен Ресейдегі, Өзбекстан мен Қырғызстандағы, Түркменстан мен Молдовадағы зиялы қауым түрлі ша­ралармен атап өтуде. Өлеңдері ағылшын, әзербайжан, алтай, өзбек, моңғол, башқұрт, қырғыз, түрік тіл­дерінде жарияланып, ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде таныстырылды. Олардағы ойлар мен идеялар, кейіпкерлер мен тағдырлар жас пен кәріні, ерлер мен әйелдерді, түрлі ұлт өкілдерін, міне, ғасырдан астам уақыт бойы тебірентіп, қиялдарына қанат бітіруде. Адамзат өркениетіне осындай тау тұлға берген Қазақ елі қалай мақтанса да жарасады.
Қазақ руханиятының жарық жұл­дызы Мағжан Жұмабаевтың таланты мен мұрасы сан қырлы. Ол ұлт тарихын, оның іргелі оқиғалары мен тұлғаларын зерделей ұлықтауға, өт­кен­нің тәжірибесі мен тағылымын қоғамдық санада ұялатуға мол олжа салған ой иесі.
Тарихшыдан ақынның шығуы екіталай. Ал, дүлдүл ақынның алуан-алуан білім-ғылым саласынан, оның ішінде тарихтан да хабардар болуы міндетті. Болашақ ақын Мағжан поэ­зия табалдырығын аттағанда тарихтан қаражаяу болмағаны сөзсіз. Ауыл молдасынан хат танығанда, Қызылжардағы медреседе, Уфадағы медресе Ғалияда оқығанда дін мен ислам тарихынан, әдебиет пен тіл тарихынан, шығыс халықтары тарихынан тәп-тәуір мәлімет алады. Тарихи көзқарасы бірсыдырғы қалыптасқаны 1912 жылы жарық көрген «Шолпан» өлеңдер жинағынан анық көрінеді. Мұндағы «Жатыр» өлеңінде өнер-білім игерген елдер алға кеткені, «от жегіп, көкте ұшып, суда жүзіп» тәңірінің рахатына батқаны, осыны көре тұра, қазақтың «бір іске жанаса алмай шетте» қалғаны, бұған оқығандар жауапты екені айтылған. Ал, 1913 жылы жазылған «Орал тауы» өлеңі ер түріктер заманын, еркін дәуірді аңсайды, отарлау саясатын айыптайды.
Омбы мұғалімдер семинариясында 4 жыл оқығанда (1913-1917) тарихи танымы тереңдей түсті, тарих, география, орыс тілі пәндерін «жақсы» деген баға­мен тәмамдайды. Бұдан кейінгі жылдардағы түбегейлі өзгерістер – Алаш автономиясы үшін күрес, кеңестік құрылыстың нығаюы, азамат соғысы – бәрі тарих оқулығынан әлдеқайда бай әрі мазмұнды еді. 1921 жылы қаңтарда ҚазақАКСР Халық ағарту комиссары А.Байтұрсынов Орынбордағы ұлт зиялыларының басын қосып, 1-2 басқыш мектептер үшін қазақша оқу құралдарын жазуға һәм тәржімалауға тапсырма бергенде қазақ-қырғыз тарихы М.Жұмабаевқа жүктелуі кездейсоқтық емес. Ұлт ұстазы Ахаң тарихты білмейтін жанға тарих оқулығын сеніп тапсырмайды ғой.
Арада бір жарым жылдай уақыт өтті. Тарихқа көзқарасы толық әрі түпкілікті қалыптасқан ақын 1922 жылғы күзде Ташкентке аттанды. Түркістан АКСР-нің астанасында қазақ зиялыларының жұлдызды шоғыры жиналған еді. Жаңа ортада таланты ашыла түсті, қазақ Пушкині атанды. Нақты тарихи оқиғалар мен тұлғалар жайлы кең тынысты шығармаларын жазды. 1923 жылы С.Қожановтың алғы сөзімен өлеңдер жинағы Түркістан мемлекеттік баспасынан жарық көрді. Алайда, отарланған ұлт мақта­нышына отарлаушылар қашанда сенімсіздікпен қарайды екен. «Шолпан» шыққан 1912 жылдан басталған бақылау, қадағалау большевиктік биліктің орнауымен саяси реңкке боялды.
1924 жылды Мағжан Мәскеуде қарсы алды. Жоғарғы көрке мәдебиет институтында оқуы ақынның теория­лық-методологиялық ізденісі мен деңгейін жаңа сатыға көтереді. Анти­калық әдебиетті, өлеңтануды, орыс әдебиетін, Батыс Еуропа әдебиетін, тіл біліміне кіріспені, өнертануды, тарихи материализмді оқиды, француз, неміс, латын тілдерімен айналысады. Орыс әдебиетінің мақта­ныштары О.Мандельштаммен, М.Свет­­­ловпен жақын араласыпты. Осын­да «Жүсіп хан» поэмасын жазды. Кеңестік қамауда отырған 1929 жылы тергеушіге берген жауабында былай дегені бар: «Мәскеуге ауысқаннан кейін менің көзқарасым өзгерейін деді. Қазір коммунистік дүниетанымға жақындадым… Мәскеуде болғанда Плехановтың, Луначарскийдің, тағы басқалардың еңбектерімен таныса бастадым, пәндермен тереңірек айналыстым, ақырында «Алқа» атауымен әдебиет бағыты туралы сындарлы бағдарламалық мақала жаздым».
Осылайша, әлеуметтік сілкінісі әлденеше ғасырлардың жүгін арқала­ған өтпелі дәуірге тап болған, тағдыры тоталитаризм бұғауына таңылған ақын тарих тақырыбына соқпай кетуі мүмкін емес еді. Бұдан да маңыздысы – шығармашылық ізденісте де, өмірлік ұстанымында да туған халқының мүддесінен қылаудай алшақтамағаны. Жан-тәнімен жақтаған Алашорда ыдырап, Алаш қозғалысы жеңіліске ұшырағанда сары уайымға салынған жоқ. Бірде көл, бірде шөл большевиктер құрған Қазақ автономиясы ұлт үдесінен шыққанын армандады. Ақынның азаматтық позициясы 1921-1922 жылдарғы ашаршылық тұсында, 1929-1931 жылдарғы қу­ғын-сүргінде, 1937-1938 жылдарғы «Үлкен террорда» анық көрінді. Ашар­­шылыққа қарсы күреске тікелей араласа жүріп, бүкіл Сарыарқа өңірі аштыққа ұшырағанын, мал қырылып, елдің берекесі кеткенін БАҚ бетінде жариялады. «Бірнеше миллион қазақ құрып бітер күн де алыс емес» деуімен апат қаупін дәл анықтады. 1929 жылы алғаш тұтқындалғаннан 1938 жылы атылғанша ешкімді жалған күйелеместен, халыққа қызмет етсем деген арманмен ғұмыр кешті. 1937 жылы жазылған «Қаламыма» өлеңінде былай дейді:
Осы бетім – ақ ниетім елге ере алсам,
Гүлденген өмірге үндес жыр бере алсам.
Социалды Отанды қанмен қорғап,
Керек болса, кезінде жан бере алсам.
М.Жұмабаев қаламынан туған мұраның дәл санын ешкім айта алмайды. Жанрлық тұрғыдан оны поэзияға, прозаға, публицистикаға, аудармаға, оқулық жазуға, ғылыми зерттеулерге жіктеуге болады. Шығармаларында кемесі Қазығұртта қалған Нұқ пайғамбардан, сақтардан соққы жеген Ескендір Зұлқарнайыннан ХХ ғасыр Гомері атанған Жамбылға дейінгі аралықтағы үдерістер мен өзгерістер әдеби-көркем, тіпті тарихи-философиялық тұрғыдан суреттеліп, әрісі түркі, берісі қазақ қоғамының ілгерілеуі мен іркілісі, халықтың басынан өткен қайғысы мен қуанышы поэзия шыңынан баяндалған. Теңіздің дәмін бір тамшысынан-ақ білуге болатыны тәрізді, М. Жұмабаевтың тарихи көзқарасын шағын өлеңдерінен де байқау қиын емес. Дегенмен, тап осы мәселеде ақынның тарихқа көзқарасы көлемді шығармаларында жан-жақты көрініс тапты. Әсіресе «Қорқыт», «Батыр Баян» поэмаларының, Ақан сері, Ә.Диваев туралы зерттеулерінің, «Педагогика» оқулығының маңызы ерекше.
1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі ресми тарихнамада патшалар, ко­рольдер, императорлар тарихтың иесі ретінде насихатталса, большевиктік билік тұсында ол орынға жұмысшы табы, қаналғандар қондырылды. Ғасырлар тоғысындағы жүйелік және идеологиялық төңкерістің мәнін біле тұра, М.Жұмабаев тыңға түрен салды. Егер, шежіреде, ауызша тарихта, Алаш зиялыларының еңбектерінде тарих үдерісін барша әлеуметтік қауымның, елден асқан бірен-саран ерлердің әрекетімен ашуға басымдық берілсе, ақын актерлардың, яғни, қатысушылардың қатарын басқаша түзді. Әрине, Алаш қозғалысының ағартушылық идеясы әсер етпей тұрмады. Әр заманғы билеушіні лайықты бағалаған, азап шегіп жаншылғандарға аяушылық танытқан ол тарихтың басты кейіпкеріне айрықша қабілеті бар адамдарды, тұлғаларды, жасампаз қайраткерлерді жатқызды. Тарихтағы тұлғаның рөліне басымдық беретіні 18 жасында жариялаған «Жатыр» өлеңінде былайша дәйектелген:
Мінеки, қазақ солай бітіп жатыр,
Күннен күн артқа қарай кетіп
жатыр.
Сезінбей өз өлгенін, өзінікін,
Аты өшкір оқығандар нетіп жатыр?
Тарихты, тарих тағылымын оймен игеру ешқашан оңайға соқпаған. Сол жұмбақтың кілтін, яғни, тарихтың қоз­ға­лысын жасампаз адамнан тапқан Мағжан әу баста адамға жасам­паз­дықты туған жер, табиғат сыйлайды деген қағидатты ұстанды. Адамзат өркениетінің алғашқы ошақтары Тұран мен Алтай, Сыр мен Еділ-Жайық екенін даланың ауызша тарихнамасынан жастай зердесіне сіңіріп өскен, кейінде гуманитарлық зерттеулердегі пайым-тұжырымдарға сүйенген ақын туған елінің тау-тасын, өзен-көлін, ұшқан құсын, жүгірген аңын өмірінің соңына дейін бабалар сөзінің патшасы һәм сарасы өлеңмен өрнектеді. Табиғаттың көркі – адам, адамның көркі – табиғат деген ой қазақ фольклорынан белгілі. Осы ойды тарих толқынымен байланыстыра 20 жасында жырға айналдырады. Орал тауына бағыштап:
Бір күнде сенің иең түрік еді,
Орын ғып көшіп-қонып жүріп еді…
Ер түрік ен далаңа көрік еді,
Отырса, көшсе, қонса – ерік еді, – дейді.
Табиғатпен тілдесе есейген кемел жан прогресс атаулының қозғаушысы екені көптеген өлеңдерінің өзегіне айналған. «Қорқыт» поэмасының:
Алтайға жер жүзінде тау жоқ жеткен,
Алтайға бетегедей алтын біткен.
Бейіштей алтын Алтай етегінде,
Ертеде алаш елі мекен еткен, – деп басталатын алғашқы шумағында қазақ этногенезі мен этникалық аумағына, шаруашылығы мен сакральды географиясына, мемлекеттілігі мен оның жарасым-тұрақтылығына анықтамадай бағыт-бағдар тұрған жоқ па?!
Табиғатты адамнан, адамды табиғаттан бөле-жара қарамау, Ұлы дала елін 18 мың ғаламның ажырағысыз бөлшегіндей қабылдау тарихи көзқарасына кешендік пен тұтастық берді. Тіпті өзін де табиғаттың белсенді күштерімен, күш-қуаты тасыған түрлі құбылыстарымен қатар қояды. Бірде жалынмын, тұлпармын десе, келесіде одан да ірі теңеулерді қолданады:
Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?
Көкте бұлт, жерде желмін илеген,
Жер еркесі желдің жөнін кім сұрар?
Менмендікпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өршіл рух Алтай мен Алатаудың, Тұран мен Аты­раудың өткені мен бүгіні өзіне ғана тән жалғастықтан, сабақтастықтан ешқашан айрылмағанын ұғынуға бөгесін болған жоқ. Хронологиялық ау­қымы көне дәуір мен орта ғасырларды, жаңа заман мен кеңестік жылдарды қамтып жатқан шығармаларынан тұтастық пен әралуандылықтың қисынды бірлігін қапысыз танимыз. Бұл да тарихи көзқарастың ақынға ғана тән ерекшелігін, терең әрі бекем қалыптасқанын айғақтайды.
Әр дәуірге берген сипаттамасынан да тарихқа жүйріктігі, ұқсастығы мен ерекшелігін ажырата алғаны көрінеді. Мәселен, Қорқыттың заманы бейіштей, ертегідей, ал, адамдары – нағыз еркін жандар.
Өткен күн ертегімен таласқандай,
Уа дүние, ол күндерде алаш қандай?!
Ой-қырдан орғып-қарғып еріккенде,
Алтайда ойнақ салып жүрген аңдай, – деп шаттанады ақын.
«Түркістан» өлеңінде бүкіл түркі әлемінің, оның қара шаңырағын ұстап қалған қазақ елінің даму кезеңдері мен әйгілі билеушілері шынайы білімпаздықпен тия­нақталады. Тұран ежелден-ақ алаш жері, онда қазақ хан­дық құрғанын, ата заңдарын қабыл­дағанын жырға қосады. Егер, Ә.Бөкейханұлы қазақ қоғамын алға бастырудың кілті Батыста десе, М. Жұмабаев «Пайғамбар» атты өлеңінде кемел келешектің кепілі деп Ғұндар заманынан жаһанға жарық пен жылу төгіп келе жатқан Шығысты атады.
Еуропа тарихын қозғағанда өнер­кәсіптік төңкерістің серігі техниканы, пролетариат қозғалысын, Батыс пен Шығыстың мәнді айыр­машылықтарын, «адамзат тарихының ең соңғы албастысы – отаршылдықты, капитализмді» ауызға алады.
Пролетариат төңкерісі қазақ тағ­дырын күрт өзгерткенін көрді. 1923 жылдың басында «Шолпан» журналында жарияланған «Батыр Баян» поэмасының бастапқы жолынан-ақ ел тарихының мүлде басқаша дәуіріне қадам басқанымызды байқата алды. Ел мен ердің басына апат төнгені, заманның тынысы тарылғаны ашық айтылды. Біздің ойы­мызша, бұл ескерту Ш. Уәлиханов «жантүршігерлік», «қанды қырғын», «жаугершілік» деп атаған XVIII ға­сырға ғана қаратылып тұрған жоқ. Әңгіме тоталитарлық қыспақтың бел алғанында, шығармашылық еркіндік адыра қалғанында, болашақтың бұлыңғыр тартқанында. Осының бәрін автор жүрегіне жақын қабылдайды:
Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,
Сұм өмір абақты ғой саналыға.
Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі,
Сондықтан, жаным күйіп жанады да.
Табиғатқа, Ұлы далаға сүйіс­пен­­шілігін жауһардай жырларымен жет­кізген ол ұлттық тарихты, дәуірлері мен сынақтарын көзсіз әспеттеуге ұрынбайды. Тарихтың қадір-қасиетін елінің азаттығымен, азаматтардың егемендігімен бағалайды. Күш тең болмаса да, Ұлы далада азаттықтың ақ таңы ататынынан үмітін үзбейді. Болашақты болжағаннан бұрын тарих тағылымын тиянақтауға басымдық береді, заманауи талап үдесінен шығу жолын іздейді, содан ләззат табады:
Қу өмір, қызығы жоқ қажытқан соң,
Толғанып қарауым сол баяғыға.
Түйіннің тоқсан түрлі шешуі бар,
Әдемі ертегідей баяғыда.
Әдемі өткенді ойлап, айнымасам,
Сұм өмір күшті уын аяды ма?
Қалай болғанда да, М.Жұмабаев тарихты қозғай отырып, ұлттық құндылықтарға негізделген дәстүрлі қоғамды жақтады, отарлауды айыптады. Бастапқыда социалистік идеяны қабылдамаса да, Мәскеу қаласында жүргенде жаңа экономикалық саясаттың табыстары, араласқан-құраласқан орыс зиялыларының ықпалы саяси бағытына өзгеріс әкелген тәрізді. Соның өзінде тоталитарлық өктемдікті қабылдамауын, социа­листік құрылысты тұспалдай сынауын М.Булгаковтың «Собачье сердце» саяси сатирасындағы идея­лардан асып түспесе, бір мысқал кем соқпайтын саяси-суреткерлік көрегендік деп бағалауымыз керек. Мәселенің мәнісі мынада: большевиктер еңбек адамдарының қоғамы ретінде сипаттаған кеңестік елдегі қайшылықтарды эвфемистік тілмен, ыммен, ишарамен сынай алды. Мағжан поэзиясының осынау ерекшелігін басқалардан бұрын қазақ оқығандары байқай қалыпты.
1920-30 жылдардағы сілкілеулерді айтпағанда, соңғы рет 1960 жылдар соңында Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті құрған комиссия М.Жұмабаев буржуазияшыл, ұлтшыл, ақтауға болмайды деген қорытынды шығарған екен. Арада 20 жыл өткенде М.Жұмабаевтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Аймауытовтың шығармашылық мұрасын зерттеу жөніндегі және бір партиялық комиссия дүниеге келді. Төрағасы академик Ж.Әбділдин кейінде еске алғандай, ақын өлеңдерінде сол заманның идеологиясына, таным-түсініктеріне қайшы тұстары да жетерлік еді. «Мағжан, – дейді академик ағамыз, – билік басындағылардың кең сахара қазақ даласын мекендеген жұртшылықтың өзіндік этномәдени ерекшеліктерін ескермегенін, табиғат пен қоғам, ел, халық тұтастығын бұзу, тіршілік иелерінің тынысын тарылтып апатқа апару сияқты мәселелерге қарсы шыққан. Бірақ ұлы ақын, Абай идеяларын әрі қарай жалғастырушы, дамытушы, қазақ халқының рухани дүниесі мен мәдениетіндегі зор құбылыс екенін дәлелдеуге тырыстық».
Қайта алашшыл зиялылар мағжантануда көрегендік пен та­бан­­­дылық танытты. М.Әуезов «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты мақаласында М.Жұмабаев шығармашылығын сыршылдық романтизм ретінде бағалады. 1927 жылы С.Сәдуақасовтың «Еңбекші қазақ» бетінде: «Мағ­жанды күйдірсек, біз барына күйдіреміз. Қайткенде де Мағ­жанды «доңыздатып», «қоңыз­дату­шыларға» қарсымын…» деп жазуы нағыз ерлік еді. Ал, ақын өзін тарихи романтизм өкіліне жатқызды. Бұлар – әдебиет теориясы биігінен айтылған сөздер. Тарихи көзқарасына байланыстыра айтсақ, оған оптимизм тән. Өйткені, тарихты рухы, интеллектуалды әлеуеті күштілер жасайтынына сенді. Тарихтың көшін Қорқыттың, батыр Баянның балалары ілгерілетуі міндетті емес, оларды ауызға да алмайды, тұлғалардан мұраға қалған үлгіні, өнегені, жолды, тәжірибені қымбат санады. Қысқасы, тарихтың заңдылықтарын, базисі мен қозғаушы күштерін, өзара ықпалдастығын арнайы індетіп зерттемесе де, тарихи үдерістің мазмұны мен нәтижесін анықтайтын себеп ретінде үш факторға басымдық берді: бірі – тұлғаға, оның интеллектуалды қабілет-қарымына, екіншісі – билікке немесе билеушіге, солардың сынаққа сай биіктен көріне алатын әлеуетіне, үшіншісі – сыртқы жат күштің килігуіне.
Осынау ұстанымдары тарихи тақырыпқа қатысты шығармаларында әрқилы көрініс береді. «Қорқытта» өмірдің мәнін, ондағы адамның орнын анықтау басты мәселе болып табылады. Дүниенің төрт бұрышын кезсе де, бірде от-адамға, бірде әруаққа айналса да, табиғат та, адам да сұраққа жауап бере алмайды. Ең соңында өзге емес, өзінің ақылы жол көрсетеді. Сұрағына жауапты желден жүйрік ой айтады. Бұл – бір. Екіншіден, поэмадағы:
Ол күндер көз жетпейтін ерте күн ғой,
Ерте күн – ертегідей ерке күн ғой.
Өткен күн ұстатпайтын сұлу сағым,
Жалғыз-ақ желден жүйрік жетеді ой, – деген жолдарды тарих ғылымында адалдықты жақтағаны, қыздырманың қызыл тіліне, шенқұмарлыққа, атақ­құмарлыққа, сумақайлыққа (плагиат) ұрынудан сақтандырғаны ретінде ұғынсақ қателесе қоймаспыз. Абыздың басынан өткен оқиғалар биліктің, мемлекеттің араласуынсыз айтылады. Құдайдың құдіретін ауызға алмауы аңыз ислам діні Ұлы далаға келгенге дейін пайда болды деген ойға шылбыр ұстатады. Сөз арасында айта кетейік, дінді, ислам дінін қазақ қоғамындағы дағдарыс пен тоқыраудың түп себебі ретінде сынаған емес. Тәңірі мен Алланы бір деп білді. Аңқау елге арамза молдалардың табыла кететініне өкінді. 1916 жылы жазылған «Дін үйреткенге» өлеңіндегі:
Ақылға, жан-жүрекке кісен салды,
Көрмейтін көзді кер ғып арты-алды.
Үйретіп дін деп құлдық, қорқақтықты,
Қандай құл бізге молда бола қалды, – деген сөздер осының дәлелі. Мақ­сат-мұраты жоқ, байлары мал баққанға, батырлары ел шапқанға, ішкені мен жегеніне мәз ортада тарих шығыршығы айналмайтынын әшкерелеп, мелшиген, меңірейген қоғамға түбірлі өзгерістерді ажалдан қашқан, дұрысы – мәңгілік өмір іздеген, «жар таппай жаны бірге мәңгі еһ ұрған» Қорқыт әкелді дейді.
Демек, тарихтағы алғашқы қоз­ғалыс, қоршаған ортаны игеру, қоғам мен табиғаттағы үйлесім адамнан, адамның кемелденуінен, сезім, ес, санадан бастау алады. Интеллектуалды ізденіспен дүниеге келген қобыз, қобыздың сарыны, Қорқыттың зары, ойлы ұрпақтың сапқа тұруы – бәрі тыныштығынан арпалысы басым, бірде сайран, бірде ойран мына дүние, өткені мен келешегі адамға, сананың жасампаздығына тәуелді деген тарихи пайым-тұжырымын М.Жұмабаев поэманың ең соңғы шумағына былайша сыйғызған:
Өмірде арманым жоқ Қорқытқа ерсем,
Қорқыттай жанды жаспен жуа білсем.
Жас төгіп, сұм өмірде сарнай- зарлай,
Құшақтап қобызымды көрге кірсем!…
Тап осы ойдың жалғасын 1924 жылы Мәскеуде жазылған «Сәлем хат» өлеңінен оқимыз:
Қайтуым хақ, белді будым тас қылып,
«Кет» деме, елім, енді мені басқа ұрып.
Дейтін болсаң: «Қой жырыңды, жырауым!»
Қобызымды қиратамын тасқа ұрып.
Бұл күйректік емес. Күресе білуді, шығармашылықты, жасампаздықты асқақтату. Тұтастай алғанда, тарих­қа антропоцентризм позициясы тұрғысынан келді. Әрине, оны этни­калық, елдік мүдделермен, табиғат үйлесімімен ұштастырды.
«Қорқыт» поэмасында есімдері аталмаған адамдар көп. Мұнда сақтар мен байырғы түркілер заманы түгілі, «Дәдем Қорқыттан» белгілі кейіпкерлер ауызға алынбаған. Есесіне шытырман оқиғалар, үміт пен күдік, интеллектуалды ізденіске толы жанталас, қаһарманның жасампаз қайраткерлігі, ізашар шығармашылығы адамдардың да, табиғаттың да мүмкіншілігін молайтып, тарихын өрге сүйрейді.
Қорқыттың қазақ топырағында дүниеге келгенін меңзей отырып, ол бүкіл түркі әлеміне ортақ тұлға екенін бірінші орынға қояды. Ақын жолдарымен айтсақ:
Сол күнде бір ер бопты алты алашта!
Қаны бір қалың елмен, жаны – басқа…
Қорқыт деп қойған екен ердің атын,
Оңған ел ер деп атар азаматын.
Тарихи көзқарасы мейлінше терең ашылған «Батыр Баян», «Түркістан» шығармаларында табиғат, мемлекет, билік, билеуші, ішкі-сыртқы саясат, халықаралық қатынастар, азаттық сынды іргелі құндылықтар эволюциялық және динамикалық күйде суреттеледі. Екеуінің де композициялық құрылымы тарихшыларды ойлантуы керек. «Түркістанда» осынау аумақты екі дүние есігі, ер түріктің бесігі деп ұлықтап, оның отты желдей тарихын шөлімен, көлімен, өзендерімен, тауымен, құмымен тығыз бірлікте қозғайды. «Батыр Баянда» жалғыз қаламына ғана сырын төгетінін ескертіп алғаннан соң, Сарыарқаны, Көкшетау мен Бөлектауды, Бурабайды, оның көлі мен ағаштарын, аң-құсын бірде аспандағы айға, бірде «арудың ақпен өрген» тұлымына, жер мен көктің еркесіне теңейді. Бұл кездейсоқтық емес. Тұлғаны тарихтың қозғаушы күші санаған автор тарихтың тұғырына, яғни базисіне жерді алып отыр.
Тарихтағы жердің рөлі ұлттық тарихнамамызда әзірге салиқалы зерттеу нысаны мен пәніне айналған жоқ. Осыдан 40-50 жыл бұрын ҚазҰУ профессоры Я.Д.Серовайский Франция тарихындағы орман мәселесін талдаған еді. Жаңашыл тұжырым Қазақстан материалында, егер өмірден ерте озған профессор Н.Масановтың еңбегін айтпасақ, жалғасын таппады. Қайткенде де адам жарық дүниеге жер бетінде келді. Жер адамнан әлдеқайда бұрын жаратылды. Өмір үшін қажетті алғышарттар – ауа, су, жылу мен жарық, т.б.с.с. түзілген соң дүниеге адам келді. Содан беріде адам мен жер біртұтас. Өмір сүрген ортасының табиғаты, климаты, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі азық-түлігін, еңбек құралын, бөлінісін, яғни адамның есеюін анықтады. Адамды адам қылған жер, жерді гүлдендіретін де, қу тақырға айналдыратын да адам. Құранның «Әл-Исра» сүресіндегі 37, 38, 39 аяттары шегелеген талап: «Жер бетін басып жүргеніңде кеуде керіп асқақтама. Өйткені, (қара) жерді де тесіп жібере алмайсың, асқар таумен де теңесе алмайсың», «Бұндай жағымсыз қылықтарды Раббың (әсте) жақтырмайды», «Осының бәрі де – Рабыңның саған уахи еткен даналықтары» әрбір мұсылман баласының санасын нұрландырғаны жөн. Пенде топырақтан жаралды, топыраққа айналады деген қағида бекер болмаса керек.
Жер – мәңгілік құдірет, адамдар соның бетіндегі қонақ қана және алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер болып үздіксіз алмасып жатады. Міне, осы тарихқа тұғыр жерден қуат алған құдіретке «Түркістанда» Қасым, Хақназар, Есім, Тәуке, Абылай, Кенесары хандар аталған. Әсіресе Абылайға құрметі ерекше. «Батыр Баянда» XVIII ғасыр билеушісі мен Ордасы – мемлекеттің астанасы үлкен шабытпен жырланады.
Қабірінен әулиенің Алашқа артық,
Ертеде Абылайға Орда болған ағаш.
Ордасын сол ағаштағы Абылайдың,
Меккедей тәуеп қылған тамам Алаш, – деген жыр жолдарынан шы­ғатын қорытынды, біріншіден, зайырлылықты діннен жоғары қояды. Мемлекеттің діннен бөлек екенін білдіргені; екіншіден, мемлекеттің астанасын сакральды қала мәр­тебесімен ұлықтайды. Ақынның идеясын бүгінгі Елордамыз Астанаға, Қ.А.Ясауидей әулие, Абылайдай ханымыз, Қазыбектей биіміз, батырларымыз бен жырауларымыз, асыл аналарымыз жатқан, Қазақ хандығының астанасы Түркістанға қасиетті қала мәртебесін берумен жүзеге асырсақ, ешкім ұтылмас еді; үшіншіден, халық, билік, билеуші арасындағы бірлік пен ынтымақты азаттық пен ұлттық қауіпсіздіктің негізі ретінде насихаттайды. Болашақты болжаған кемеңгер сөздер. Бұған тәуелсіздіктің арқасында әсте көзіміз жетіп отыр.
Поэмада 1723 жылғы «Ақтабан шұбырындыдан» бері қазақ қоғамына қауіп-қатер сырттан – Ресейдің, Қытайдың, Жоңғардың тарапынан төнгенін еске салған. Бұл да күмәнсіз тарихи шындық. Сол кезде ел қорғаған, жаудың бірін шауып, бірін арбаған Абылайды батыр, дана бейнесінде көрсетеді. Ал, қалмаққа соңғы рет ойран салмақ болып, «Аттан!» деген ұран көтергенде Абылай биліктің ұшар шыңындағы хан екенін ауызға алады:
Ханынан «Аттан!» деген сөз шыққан соң,
Ордаға батыр, билер келді аңдап, – деген жолдардан кейін жиырмадай би-шешеннің, батырдың есімдері аталып, ерліктері, ру-тайпалары баяндалады. Бір қызығы, Бұқар жырау да, Ш.Уәлиханов зерттеулерінде де ХVІІІ ғасырдағы әйгілі жиырмаға жуық батырдың есімі мен ісі алға тартылады. «Батыр Баянда»:
Шаң-бұлт, бұлт-шаңға айналған соң,
Атаған ерлер жолын деп: «Шаңды жол», – сияқты нақты дерек бар. Қалмақ қоңтайшылары Ұса, Церең аталады. Міне, қазіргі ғылымға мәлім осы екі ақиқатқа сүйеніп, оқиға 1771 жылы орын алған «Шаңды жорық» екенін білеміз. Жазбаша, ауызша деректер, ғалымдар «Шаңды жорықтың» қыста басталып, жаз ауа аяқталғанын, оның барысында Еділден шығып, Атақонысына жылжыған 200 мыңға жуық қалмақ Абылай бастаған қазақтардан ойсырай жеңіліп, 10-15%-ы ғана Қытай аумағына өткенін дәйектейді.
Қысқасы, М.Жұмабаев тарихи оқиғаның барысын, нәтижелерін дәлме-дәл жеткізген. Тек бір-екі жерде әдеби-көркем қиялға ерік береді. Біріншісі, «Шаңды жорыққа» жиналған батырлар шоғырында ертеректе дүниеден озған тұлғалар жүр. Айталық, шақшақ Жәнібек XVIII ғасырдың 50-жылдары қайтыс болған еді. Екіншіден, батыр Баян поэмада айтылғандай ұрыс даласында жау қолынан емес, жорықтан қайтып келе жатқанда жаудың қастандығымен судан уланып, аяқ астынан көз жұмады.
Бір суға адам екі қайта кіре алмайтыны тәрізді, өткен тарих та қаз-қалпында қайталанбайды. Сол себепті оның жұмбағы мен құпиясына оймен ғана бойлауға болатынын ақын оқырманның қаперіне салып отырады. Адам факторына басымдық бергенінің бұл да бір белгісі. Тарих із-түзсіз жоғалмайтынын, қайта уақыт пен ұрпақтар дәнекері екенін, оның қойнауында салт-дәстүр, менталитет, ұлттық болмыс қалыптасқанын ерекше жырлайды. Мәселен, батырдың інісі Ноянның қалмақ қызы құрған қармаққа түсуін ақылсыздықтың, екі жасты Баянның өлтіруін ашудың ісі деп тиянақтайды. Дала демократиясы мен әдебі сақталғанда бәрі басқаша өрбір еді. Ноян өз қателігін кеш түсінгенін жырмен жеткізеді:
Бір күлді балдырғандай Ноян бала,
Ашылған шешек жарып гүлдей жаңа.
Еріксіз сотқарлығын кешіретін,
Еркелеп ерке ұландай күліп қана.
Бірақ батырдың бойын ашу билеп кеткен еді. «Лап етіп сөнген шамдай ақыл өлді». Ес жинау оңайға түспеді. Таң ата бере, сәуле мен қараңғылық араласқан шақта «жеңіліп қараңғылық жылжып қашты». Екі жаннан айрылған қаралы ер орны толмас қателік жібергенін енді ұғып, аз ғана Уақ елінен, Абылайдан, алты алаштан кешірім сұрайды. Түптеп келгенде, бұл тарихтан сұраған кешірім еді. Осыдан кейін ғана қайғы басқан жер күрсінді, өксіп-өксіп жел жылады, таң да жерге күміс сәуле шашты.
Осыған ұқсас оқиға Қытайда өмір сүрген ақын Ақыт Үлімжіұлының (1868-1940) «Жәнібек батыр» поэмасында да суреттеледі. Бірақ мұндағы жоңғар сұлуы ұрыста қаза тапқан күйеуінің кегін алу үшін қазақ батырына тұрмысқа шығуға келіседі. Іске Абылай хан араласқан соң, жаман ниеті анықталып, ер Жәнібек қылышымен басы алынады.
М.Жұмабаевтың ұлт тарихына құрметі әрі сындарлы көзқарасы, оған қоғамдық-саяси ойдың еуропалық, ресейлік өлшемдері мен үлгісі сәйкес келе бермейтіні «Алқа» мақаласында жан-жақты ашылған. «Зар заманға» дейінгі қазақ өмірінің өзгерістерін, өрі-қырын, қайғысы-қуанышын, ойы-қиялын «тіпті тексерілмеген дәуір» санап, Мұрат, Махамбет, Базар, Шортанбай, Ақан сықылды ақындарды «қазақ даласына бет алған Еуропаның, орыстың қара жүз отаршылдығының қарасын көріп, бірінші уланған ерлер» деп бағалайды. 1917 жылғы Қазан төңкерісін «бізге өз тарихымыз тудырған, өз тарихымыздың қатысы болған таныс төңкеріс емес, Еуропа тарихы тудырған жат төңкеріс» ретінде түсінуі автордың теориялық даярлығы бекем жатқанын айғақтайды. Жаңа қоғам құру рухани бірізділікті қумай, саналуандылықты, әр халықтың ерекшелігін сақтайтынына үміт артады. Көпұлтты, көпдінді, көптілді Ресейде, дамудың түрлі сатысындағы Ресейде ортақшылдыққа бірден көшу мүмкін еместігін айна-қатесіз көре алды. «Ұққысы келген адамға, – дейді М.Жұмабаев, – бір қолымен қиратып, бір қолымен жаңа дүниені құрып жатқан пролетариаттың өзінің өмірі – феодализм мен реализмнің қоспасы екені анық қой. Тарихта ең зор, ең қасиетті істер осындай қоспа өтпелі, транзиттік дәуірде істелмек».
«Алқа» мақаласын Канттың, Дарвиннің, Маркстің, Лениннің, Плехановтың, Луначарскийдің, Троц­кийдің еңбектері мен ілімдерін қол­данумен жазды. Тарихқа, әде­биетке, руханиятқа таптық көзқарас олардың ұлттық болмыс-бітімін жоюға әкелмейтінін түсіндіруге тырысты. 1938 жылдың басында НКВД тергеушісіне берген жауабында айтқандай, толық ортақшылыққа көшкенге дейінгі өтпелі дәуірде әдебиетте де, тарихта да ұлттық мүдде басым тұрады деген ойын қайталады. Бірақ, ақын арманы орындалмады. Большевиктік билік ұлт мәселесіне қатысты 1917-1923 жылдары берген уәделерінен тайып, ұлы шовинистік саясатты күшпен жүзеге асыру жолына түскен еді. Ол ұлт зиялыларының қасіретіне айналды.
Бүгінгі мағжантанушылардың бір тобы «Алқаны» шығармашыл зиялылар ұйымы деп дәлелдесе, екінші тобы «Алқадан» кейін тұрған «Табалдырық» сөзін зиялылардың тұғырнамасы деген уәжді алға тартады. Біздің ойымызша, М. Жұмабаев «Алқа» ұйымын құрғысы келді, бұған «Алқа – осы» тараушасы дәлел. Бірақ, ұйым құрылмағандықтан «Алқаны» мақала мәртебесімен қабылдағанымыз дұрыс шығар. «Табалдырық», ғалым Д.Қам­забекұлы айтқандай, кіріспе міндетін атқарып тұр.
М.Жұмабаевтың тарихи көзқарасы байтақ зерттеуді талап ететін күрделі сала. Оған қазақстандық, ташкенттік, мәскеулік кезеңдердің ықпалы, ерекшеліктері мен сабақтастығы әзірге толық ашылған жоқ. Революцияға дейінгі түркі әлемінің әйгілі тарихшылары Гаспыралымен, Маржанимен, ХХ ғасыр басындағы Ататүрікпен, О.Мандельштаммен идеялық-танымдық бірлігін тани алудың берері мол. Оның уақытпен, билікпен, саясатпен, қоғамдық-саяси ахуалмен және ой-санамен байланысын, өзара ықпалдастығын тиянақтау ғалымнан кешенді кәсіби даярлықты, жауапкершілікті талап етеді. Мәселенің өте қиын екенін кезінде Ж.Аймауытов ескерткен болатын. «Мағжанның ақындығын сынауға, – деген екен ол, – біліміміз, күшіміз кәміл жетеді деп айта алмаймыз; толық сынау үшін оның алды-артын орап, өрісін арылтып шығарлық сегіз қырлы, негізді білім керек».
Тұтастай алғанда, М.Жұмабаев қазақ халқының тарих толқынындағы тағдырын, тапқаны мен жоғалтқанын асқан суреткерлікпен аша алды. Елге, жерге сүйіспеншілігі тума талантына серпін беріп, Қорқыт, Абылай, батыр Баян тәрізді тұлғаларымызға ғана емес, төл тарихымызға да мәңгілік ескерткіш сомдауына жетеледі. Атақ-дәреже қуған жоқ, қазынадан қаржы дәметпеді, тіпті шығармаларын алаңсыз жазуға да жағдайы келе бермеді. Ол Қазақстанның ертеңіне сенді, туған халқының алдындағы перзенттік борышын риясыз атқарды.
«Тұранның тарихы бар отты желдей» деп жазған екен М.Жұмабаев. Бұл сөздер бүгініміз үшін де көрегендік һәм кемеңгерлік болып шықты. Мұндағы «Тұранның» құрамдас бөлігі – Қазақстан. «Отты» – кеңестік қара түнектен құтқарған азаттық. «Желдей» – ілгері кеткендерге жетіп, ең дамыған елдер қатарына енуді көздеген ұлттық жобамыз «Қазақстан – 2050» мен ұлттық идеямыз «Мәңгілік ел». «Бар» – сөзінің мағынасы өте терең. «Бәрінен де жоқ жаман» деген ғой халқымыз. Ендеше, халқын жамандықтан қорғаған тілек бұл. Ең соңында айтарымыз, тарихымыз жаңғырмай, рухани жаңғырудың елесін қуумен ауа қармап қалмайық. «Тұранның тарихы» – болашаққа бағдар.

Алдыңғы «
Келесі »