ТЕКТІЛІК – АТА ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫНЫҢ НЕГІЗІ

  • 25.09.2018
  • 1421 рет оқылды
  • Пікір жоқ

немесе бабаларымыздың тектілік тағылымы бүгінгі ұрпаққа қандай міндеттерді жүктейді?

Үмбетқан СӘРСЕМБИН,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының кандидаты

Тарих ұрпаққа ерлікті үйретіп қана қоймай, оның бағасын да беріп отырады. Тарихтағы бабаларымыздың ерлікті қару ретінде пайдаланып, тектілігімен тәуелсіздіктің идеясын қалыптастыруындағы тағылымын тарих бетінде қалған өсиетінен білеміз. Күлтегін жырында айтылған «Биікте көк тәңірі, Төменде қара жер жаралғанда, Екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласының үстіне ата-тегім Бумын қаған, Істеми қаған отырған. Отырып, түркі халқының ел-жұртын қалыптастырған, иелік еткен» деген сөздер бүгінгі ұрпаққа нені үйретеді, қандай міндеттерді жүктейді? Елді қорғау ісі тарихи санадан бастау алады. Мемлекетті құруда ел игілігіне бағытталған бабалар ісін зерделеп отыру тарихи сананың айшықты белгілерінің бірі. Тарихи санасыз, яғни, тарихты зерделемей ұлттық сана болмайды. Ұлттық сана деңгейіндегі білім тарихтың тағылымы (тәжірибесі мен білімі) негізінде жетіліп отырады.
Елдің территориясын ұрпақтың білуі, шамасы келгенше оны қорғауға ұмтылу, таза ұстау қажет. Атамекенді қорғаудағы ерлікті, мемлекетті қорғаудың жолын қалыптастырған ұлт тұлғаларының өнегесін ұрпағы қадірлеуі керек. Түркі қағандарының ұғымында тұлғаның басты міндеті бейбітшілікті сақтап, оның ұрпақ өмірінде жалғасуына жағдай жасау. Ол үшін қоғамға қашанда үлгі өнеге, тәрбие, сенім, азаматтық деңгей қажет.
Тектілік – имани түсінік. Адамда діни ұғым, түсінік болу үшін ол адам жаратылыстың мақсатын, адамзаттың ізгілігін, ұлтының, халқының өмір сүру мақсаты мен құндылықтарын терең білуі, ұғынуы және дұрыс сезінуі қажет. Тектілік ұғымы бойынша өмірдің өзі жауапкершілік пен жауаптылықтан тұрады. Адам қаншалықты өмір, отбасы, ата-ана, отан, болашақ, ұрпақ, ел алдындағы жауапкершілігін толық білген сайын оның рухы күшейіп, танымы тереңдей түседі. Адамның тәрбие, білім, еңбек, өнер арқылы өрге ұмтылуы оның қоғам алдындағы жауапкершілігін де ұлғайта түспек.
Елден бөлектеніп, қоғамынан қашықтап отыру, ел мен жерді өзгеге қолдан беру тектілер үшін ұят нәрсе. «Өлімнен ұят күшті» деген өсиет осыдан (батырларымыздың тектілігінен) туған. Бұны айтып отырған себебіміз технологиядан бұрын өмірлік тәжірибе өмір сүреді, техникадан бұрын тұлпар қадірлі болды. Тұлпар мінген батыр әлемге, ұлттардың мәдениетіне өзгеріс әкелді, бабаларымыздың тарихын тарихта қалдырды. Компьютерден бұрын даналық пен тектілік ұлттың қасиетіне айналды. Шынымен де бұрынғы не қазіргі біздің уақытымызда болсын, адамның болмысы рухы, рухани әлемі арқылы өшпейді. Рухани өмір деген түсінік адамзат бар жерде жойылмайды.
Ұлттың, ұрпақтың және жеке адамның күштілігі, әлсіздігі ішкі әлеміне, рухына, рухани қасиеттеріне байлаулы. Тамағы тоқ, бірақ санасы төмен адам қашанда тексіздікке душар. Санасы күшті адам ұрпағына ізгілігі мол мұра қалдыра алады деген ұғым түркілердің қоғамында болған. Тарихта халықтың, ерлердің басын біріктіріп отырған да осы түсінік.
Қара бастың қамын ойлайтын адам қашанда табылады. Бірақ бұл мінез тарихқа, келер ұрпақтың өміріне жарамайды. Адам баласының қашанда үлгі алатын, көңілі толатын, талғамына ілігетін дүниелері болады. Сол дүниелердің негізгісі – тектілік.
Тектілік – ұлттық қасиет. Ұлттың бірегейлігін, елдің бірлігін, рухын, болмыстың беріктігін сақтап, нығайтып отыратын ерекше мінез үлгісі. Адам мен қоғам бойындағы намысты, жігерді нығайтып, қайрап отыратын ақылдың, мінездің ерекше (көркем) түрі. Адамда бұл қасиет болмаса бойында, өмір жолында ұлттық қасиет сақталмайды. Түркі қағандары осы мақсатта кейінгі ұрпаққа өсиетін жазып қалдырған. Себебі, уақыт жалғасады, тарих қайталанады, дүниенің заңдылығы диалектикалық формада (үлгі) болғаннан кейін ұрпаққа көмектесетін дүние тарихтың тәжірибесі мен білімі деген түркі қағандарында кемел түсінік болған.
Адам болмысының терең әрі сапалы болуына халықтың тектілік ұғымы мен рухани қасиеттері тікелей әсер етіп отырған. Бұл неден білінеді? Адам батыр болып тумайды, батыр болып тәрбиеленеді. Адамды батыр деңгейіне тәрбиелеп, қоғам алдына шығаратын орта, рухани өмір, ерлікті тарихта қалдыратын рухани қасиеттер. Батырлық тектіліктің алып бейнесі, негізгі өнімі. Бұл қасиет батыр дүниеден өтсе де елдің жадында сақталады. Батыр болу үшін адамға кемел түсінік, ар ұят, имандылық, тәрбие, білім, күш жігер, денсаулық қажет. Осы қасиеттерді иеленіп, өмірде дұрыс пайдаланған, елдің игілігіне түгелдей жұмсай алған адамды қазақ батыр дейді.
Батыр жауды ғана емес, рухани қасиеті арқылы қоғамға жат, ел болмысына қайшы келетін нәрселерді жуытпаған. Батырлық қашанда халықтың идеалына айналып отырған, сол идеалдың негізінде ұлттық идея қалыптасып, ұрпақтың танымына жетіп, адамның өмірлік ұстанымына айналады. Осының нәтижесінде түзу мінезді, дұрыс ойлайтын, елге жақын, жаны ашитын адамдар қоғамнан шығып отыратындығы анық. Зиялыларды қалыптастыруда қазақ қоғамында мәдени институтқа айналған тұлғалардың тектілігі осылайша ерекше көзге түседі.
Батырлық жүрген жерде шындық пен ақиқат қатар жүрмек. Бауыржан Момышұлы жазғандай, соғыс адамнан екі нәрсені талап етеді, ол шындық пен ақиқат. Шындық шынымен батыр болу, ақиқат өмір үшін күрес. Атақ- абыройды бейбіт күнде ойлауға, қиялдауға болады, ал жаугершілік заманда, соғыс майданында адамның санасы мен зердесі ақиқат пен шындықты тануға бағытталады. Адамның өзін өзі тану принципі осыдан шығады. Қай заманда болмасын, майдан даласына нағыз жауынгердің бойын намыс пен ыза кернеп баратындығы ақиқат.
Осы орайда түркілердің дәстүрінен, қағандардың түсінігінен көп нәрсені білуге, оның мән-жайын аңғаруға болады. Мемлекетке ең қажет дүние жер мен ұлттың өсімі екендігін түркілер ерте кезден-ақ білген. Жерді қорғайтын ұрпақ (олардың түсінігінде) қашанда болуы қажет. Бұл түркілердің тарихи өмірінде ұлттық идеяға айналып, ұрпақтың санасын оятып отырған. Жерді қасиет тұту идеясының негізінде ұрпақты тектілікке тәрбиелеу халықтың рухани өмірінде жалғасқан. Халықтың тектілігі қоғамға тікелей әсер етіп отырса, қоғамның дәстүрі, игілігі кейінгі ұрпаққа өнім береді. Бұны рухани әсерлену дейміз. Яғни, қоғамның, ұрпақтың әсер алатын дүниесі тектілік болуы тиіс. Осы тұрғыдан зерделейтін болсақ, тектілік дегеніміз белгілі бір уақыт (тарихи) жағдайындағы халықтың рухани қасиеттері, ортақ ұстанымы, құндылықтары арқылы тарихи уақыт сынынан сүрінбей өтуін, сүрінбей өтудегі деңгейі.
Тектілікті қадірлеп, тектілердің ізін сақтай алған қоғамның күші халық санының көптігіне қарамайды. Қоғамның ғана емес, бір ұлттың тарихының үлкен күшіне айналатын тектілік, мейлі халықтың саны аз, тұрмысы қарапайым болсын, рухының биіктігімен, ақыл-ойының, ерік-жігерінің күші ар­қылы қоғамының игілігіне қажет дү­ниелерді жасайды. Мәселен, қазақ батырларының ел қорғау дәстүрі, халықтың туысқандық дәстүрі мен мәдениеті, ұлттық құндылықтары түркілік мәдениет өрісінен бастау алып отырған. Бұған қарап қазақ хандарының мемлекетті құруда және мемлекет ісін нығайтуда ұлттың төл мәдениетінің негізін құрайтын дүниелерге ерекше мән бергендігін көру қиын емес. Сонау түркі қағандарының тарих бетіндегі өсиетінен бастап, кемеңгер тұлғалар ілімінен шығатын негізгі тұжырым: мемлекет күшті болуы үшін адамы күшті болуы қажет. Мемлекеттің адамын күшті қылатын дәстүр, діл, мәдениет, руханият, дін және осы дүниелерден шығатын қоғамдық тәртіп, жеке адам бойындағы тазалық. Отбасылық дәстүр, тәрбие, ұлттық құндылықтардың отбасында дәріптеліп, насихатталып отыруы мемлекет адамының жігерлі болуына ықпал етеді.
Батырлардың қоғамға қамқорлығы, байлардың қарапайымдылығы, үлкеннің кішіге деген мейірімі, кішінің үлкенге деген ізеттілігі, қоғамдағы тәртіп, отбасындағы, адам бойындағы тазалық түркілердің қоғамындағы мәдениеттің ерекшелігін көрсетеді. Осы себептен тектілік – тарихтың, тарих өрісіндегі ел-жұрттың бет-бейнесін бейнелейтін қасиет.
Тектілік ерлердің ісін ортақтас­тырып отыратын қасиет. Тектілер­дің бойында эгоизм, байлық пен бақ таласы деген жоқ, болмайды да. Текті адамдардың барлығы да тарихпен, өт­кен дәуірдің тәжірибелерімен санасады, оның дұрыстығын қолдайды, өзінің шамасын біліп, білімін жетілдіріп оты­рады.
Еліне, жеріне ие болған ұрпақ бәрін де бағындырады. Ел болудың негі­зінде ұрпақтың ерлігі мен халықтың бірлігі, ұлттық бірегейлік жатыр. Бірлігі жоқ қоғам тарихта іргесі қаланған дүниелерінен қашықтайды немесе ұрпақ өмірінде бар дүниесінің басын біріктіре алмайды. Ұлттық құндылықтардың басын біріктіру қоғамдық санадан басталатындығын ескерсек, қашанда қоғамға ауадай қажет дүние – ұлттық сана. Ұлттық сана өрісі қашанда тектілікте жатыр.
Қоғамында әркім түрліше ойлайтын, әр жаққа тартып отыратын әдепсіздік, әділетсіздік орын алып, халықтың оған көзі үйренер болса, екі ортада ұлттық бірегейлік жоғалмақ. Елдің қалпын сақтайтын оның салтының түзулігі екендігін көне тарихымыздың өзі дәлелдейді.
Әлемге мәдени өзгеріс әкелетін кімдер? Осыдан бір ғасыр бұрын Еу­ропаның мәдениеттанушы ғалым­дары әлемге өркениет, мәдени өзгеріс әкелген тарихта алғашқы болып жылқыны қолға үйреткен жұрт және кемені жасап теңіз қатынастарын қалыптастырған елдер деген. Жылқыны қолға үйреткен – біздің бабаларымыз. Осыдан бес мың жыл бұрын бүгінгі қазақ жерінде алғаш рет жылқының қолға үйретілгендігін бүгінгі ғылым растауда.
Адамзат ғылымы қанша биік­тікке жеткен сайын тарих өрісін­дегі бабаларымыздың өмірлік тәжі­рибелері мен тұрмысындағы қарапайым технология ғылыми технологияның іргетасы болып қала береді. Себебі, қазіргі адам ғылым арқылы жаңа дүниелерді тапқанымен, ол тарихта танылған, оны тарихтағы халық таныған, білген болып шығады. Сондықтан, бүгінгі біздің алдымызда тарих бойында жатқан (қазіргі ғылымға іргетас болған) дүниелерді қазіргі жаңа уақыттың жаңа дүниесіне айналдыру міндеті тұр.
Тұлғалар қашанда ұлттық құнды­лықтардың иесі, оны қорғаушылар, ұрпаққа ұлттық құндылықтардың күтіп, бапталуына бағыт беретін адамдар. Ұлттың рухани дүниелерін келер ұрпаққа жеткізуші тұлғалар қатары сиреп, дәстүрі жоғала бастағаннан кейін қоғамға оң әсер беретін зиялылар ілімі де тоқтап қалатындығы анық. Тұлғалар ілімі болмаса ұлттың өз алдына дербес білімі тағы болмайды, оны қалыптастыру үлкен күшті қажет етеді. Осындай жағдайлардың орын алуы салдарынан қоғамда жасанды интеллигенция қалыптаса бастайды. Жасанды интеллигенция қоғамға, қоғамдық сана түрлеріне күш беретін дүниелерді жасай алмайды. Бұны жасау үшін тарихты түп-тамырымен көтеретін білім, қайрат, күш жігер, даналық қажет.
Талант иелерін іріктей баптау, тектілікке тәрбиелеу, қоғам алдына шығару уақыт күттірмейтін нәрсе. Қоғамдық ортада адамның білімі мен қабілеті, азаматтық ұстанымы бағаланбағаннан кейін ол адам (талант иесі) көміліп қалады. Сондықтан да, тарих тағылымында тарих пен уа­қыттың тәжірибесі негізінде қоғамды нығайтып отыратын, ұлттың мүддесін қорғайтын, еліне жаны ашитын адамдарды қалыптастырып, қолдап отыру керек деген терең ой жатыр. Қоғамына қызмет ететін интеллектуалдар да тектілердің қатарынан шығады.

Алдыңғы «
Келесі »