«Қорқыт» және «Тарих» немесе ұлттық мәдениет пен болмыс, ұлттық психология қалай қалыптасты?

  • 01.10.2018
  • 758 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ислам Жеменей,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Тұран-Иран»
ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымының
докторы, профессор

Мәдениеттердің тоғысынан адам­заттың ортақ өркениеті (zivilization) дүниеге келеді. Мәде­ниеттер әр ұлт-ұлыстың ішкі және сыртқы сипа­тына орай екіге бөлінеді. Әрбір қауым­ның өзіндік салт-дәстүр, әдет-ғұрпы оның өзіндік ішкі мәдениетін құрайды. Әр ұлттың ішкі топтық не рулық мәдени ерекшеліктері өзге де топтар-рулармен тоғысып, ұлт мәдениетінің ортақ нормасын жасайды. Мәселен, топтар қалалық-ауылдық яки түрлі ру-тайпалық тұрмыс-тіршіліктегі қалыптасқан өзіне тән мәдениетке ие. Сондай-ақ, адамзат психологиясындағы мендік мінез оның өзге топ не қауымнан биік тұрғанын қалайды. Топтар мен қауымдардың бұндай ішкі бәсекесі ұлттық саяси психологияның пәр­менді басқаруында ұлттық мәде­ниетке ұйысады. Қауымдардың саяси басқарудағы ұлттық психологиясы жүйелі түрде өзінің топтық не ру-тайпалық психологиясын ұлттық бағытқа жетелей алмаса ұлттық мәдениет қалыптаспайды. Соның салдарынан ондай топ не ру-тайпалардың ұлттық болмысқа ұйысулары да екіталай. Оның мысалы – үндістер. Олар ру-тайпалық мәдениет шең­берінен әрі аса алмады. Өйткені, оларда ұлттық саяси психологияға ие басқарушы тұлға не топ болмады. Қауымдастықтар ұлттық сатыға көтерілген жағдайда ұлттық менге ие болады. Соңынан адам табиғатына тән оның жаңа бәсекелік кеңістігі ұлттар арасындағы жарысқа ауысады. Түйіндеп айтқанда қауым-тайпалар ұлттық мәдениет сатысына көтеріле білген жағдайда жаһандану иірімінің тартысында адамзат тарихындағы өркениетінің қалыптасуына молырақ үлес қоса алады.
Осы орайда, ежелден жаһандық өркениетке үздіксіз үлес қосып келе жақтан ұлы қауымдастықтардың бірі – түркі халықтары. Түркі халық­тары көшпелі-отырықшы, ауылдық-қалалық мәдениет иегері болып, ұдайы бәсекелес ретінде тарихи тартыстардың өте қауіпті саяси иірімдерінен аман-есен құтылып, бүгінгі жаһандану иірімінде бәскеге түсіп «болу не болмау» мәресінде (финалында) бақ сынасып келеді. Түркі халықтары үшін бүгінгі күнге жету оңайға соққан жоқ. Өйткені, бұл тарихи бәсекеде талай қауымдастықтар тарих сахнасынан біржолата жойылып кетті, не қазірге дейін қансырап, өлім сәтін күтуде. Мәселен, бұған әйгілі ұлы империялардың негізін қалаған Асур қауымдастығынан бүгінгі күні жер-жерде әр елдің панасында жүрген азғана топтарының аянышты тіршілігі тарихи айғақ бола алады. Асурилердің азшылық топтары өзге ұлттардың құрамына еніп, толық ассимиляцияға ұшырағанға дейін әрбір азаматы ұлтының өлімін күту азабын шегуге мәжбүр. Адамзат тарихында ұлы қауымдастық, яки бүгінгі тілмен айтқанда «ұлт» ретінде талай рет тоз-тозы шығып, әлемнің шартарапына тарыдай шашылып кетсе де мыңдаған жыл өткізіп, қайта ұлттық болмысына ұйысып, 1948 жылы өзінің Израиль атты мемлекетін құра білген жалғыз еврей халқы. Еврей халқынан өзге, ұлттық мәйегінен айрылып, қайтадан ұлттық болмысын қалпына келтіре алған басқа халық адамзат тарихында тіркелмеген. Оның ең басты себебі еврейлер өздерінің «киелі топырақтың» иесі екендігін ұрпақтан-ұрпаққа аңыз-әпсана арқылы жеткізіп, ұлттық саяси психологиясын қалыпты түрде сақтап келді. Сол себепті әр елдің фольклорын ұлттың тарихи болмысын қалыптастырудағы ең негізгі идеологиялық іргесі ретінде зерттеп, зерделеу әр ұлттың келешекте өмір сүру мүмкіндігін арттыра түседі.
Түркі халықтары қандай себептерге байланысты бүгінгі күнге жетіп, Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркменстан және Өзбекстан сынды алты дербес мемлекет болып өміршең жолға түсті? Бұл сұраққа жауап ретінде түркі халықтары қауымдарды бірлікке ұйыстырудың ең басты құралы фольклор екендігін жақсы білді. Сол үшін өздерінің тарихының бастауын абыздарына арналған аңыз-әпсаналарға негіздеп, оларды бір дәуірден келесі бір дәуірге жаңа сипатта өз ұрпақтарына әңгімелеп отырды. Ондай әңгімелер жыраулар арқылы жырға да айналып, өз миссиясы ретінде қауымның бірлігін қамтамасыз ету идеясын дәріптеп отырды. Түркі қауымдастығы ежелгі дәуірдің саяси-әлеуметтік шарттарына сай өздеріне қажетті тақырыптарға сай жырын да әдет-ғұрпына бейімдеп келгені олардың ауыз әдебиетіндегі дастандарынан анық байқалады. Сондай дастандардың бірі – Қорқыт ата дастандары.
Қорқыт дастандары ел болу үшін ер болу, ел болу үшін өзіндік салт-дәстүрдің, ел ер үшін, ер ел үшін керектігін қамтыған 12 дастан. Түркі халықтары ғасырлар бойында өздерінің Елдік сипатын ерлік, жауынгерлік рухымен, жаужүрек болуларымен сақтап келді. Бірақ та түркілік саяси санасының жетілу мерзімі өзге елдердің деңгейінен артта қалып келгендігінен оларды тарих сахнасынан біржолата жойып жібермесе де көптеген тайпалары өзге елдердің құрамына еніп, ассимиляцияға ұшырады. Оның анық айғағы, иран-араб елдерін билеген көптеген түркі қауымдары солардың құрамына еніп, өздерінің түркілік сипатынан айрылды. Сондай-ақ, бүгінгі Сібірдегі түркітектес халықтар түркілік бояуынан ажырап, ұлттық болмысы хал үстінде жатыр. Әрі Ресей мен Қытай елдерінің құрамындағы түркі халықтарының ұлт болып қалу не қалмау сұрағының жауабын келешек тағдырдан күтуде.
Тарих бойынша, отарлаушы саяси күштер қарсылас елдерге шабуыл жасап, жеңіске жеткенде ең әуелі олардың ұлттық тарихи белгілерін жойып жіберуге әрекет жасаған. Мәселен, рауаяттарға қарағанда Ескендір Филипұлы Иран елін жаулап алған соң патша сарайын отқа беріп, кітапханасындағы Авеста кітабын өртеп жіберген. Соның кесірінен Авестаның негізгі түпнұсқасы жойылып, орнын жаңа жазбалар толықтырды. Осылайша Авеста жазбалары елдің шынайы тарихын болжауға жеткіліксіз дерекке айналды. Бірақ, тарихи зерттеулерге қарағанда түркі халықтары өздері жеңген халықтардың ұлттық құндылықтарына тиіспеген. Мәселен, Мысыр мен Сирияда билік құрған түркі мәмлүктері сол елдердің ұлттық құндылықтарын қорғады. Тіпті, оның мәдени өрісінің кеңейіп, қанат жаюына елеулі үлес қосты. Сол себепті жалпы түркі қауымдарының бүгінге дейінгі адамзат өркениетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз болғанымен, өзге үстемшіл алпауыт күштер түр­кілерге қарсы өте ауыр және орынсыз жабайылық сипаттағы айыптаулардан арыла алмай келеді. Бұл жайтқа түркілердің өз кемшіліктері де негіз болды. Мәселен, Қорқыт дас­тандары түркілердің тарихи-ұлттық куәлігі бола тұра, Батыс ғалымдары қырағылық танытып, оның қолжазба нұсқасын өздерінің мұрағат қорында сақтап келді.
Қорқыт дастанының қолжазбасын алғаш рет Дрезден кітапханасының қызметкері Флишер кітаптарды тізімге алу кезінде анықтады. Қолжазбаның мұқаба бетінде «Оғыз тайпаларының тіліндегі Дәдә Қорқыт кітабы» деп жазылған. Бұл қолжазба Сұлтан Аһмет паша (1590-1617 жж.) билікте болған 1603-1617 жылдар аралығында Топқапы кітапханасына тапсырылды деген анықтамасы болғаны үшін Флишер оны сол ғасырлардың кітаптар тізіміне енгізген.
Қорқыт кітабының Ватикан нұс­қасы да бар. Ватикан қорындағы қолжазба 6 дастаннан тұрады. Ғалымдардың пайымдауы бойынша, Дрезден нұсқасынан бұрынырақ жазылған. Сондай-ақ, Ватикан нұсқасының жазуларының дыбыстары түгелдей әрекет таңбаларымен берілген. Бірақ неміс нұсқасында әрекет (дыбыстық таңба) қойылмаған. Ватикан қолжазба нұсқасын 1950 жылы итальяндық ғалым Атур Рози тапты. Аталған қолжазба 109 беттен тұрады.
Дрезден нұсқасы 12 дастаннан тұрады, 154 бетте жазылған. Кітаптағы он екі дастанның мазмұны төменгідей:
1. Дирсеханұлы Бұғаш дастаны;
2. Қарашық шопанның дастаны;
3. Байбөреұлы Бамсы Байыр дастаны;
4. Бурла хатун дастаны;
5. Тоқа Қожаұлы Делі Домрул дастаны;
6. Қаңлы Қожаұлы Қан төрелі дастаны;
7. Қазылық Қожаұлы Иейене дас­таны;
8. Төбекөзді өлтірген Басат дастаны;
9. Бекілұлы Омран дастаны;
10. Ұшан Қожаұлы Секрек дастаны;
11. Ораз дастаны;
12. Салур Қазан дастаны.
Қорқыт ата түркілердің түр­кілік санасын қалыптастырған ор­тақ рухани-мәдени құндылық. «Қор­қыт» – түркілер тарихының бастау бұлағынан сусындап, ауыз әдебиетінен жазба әдебиетіне ен­ген асыл шығарма. Қорқыттың аңыз-әпсаналары Қазақ даласы, Анадолы, Кавказ (Әзербайжан), Түрк­менстан, сондай-ақ, Иран, Ирак елдері кеңістігінде кеңінен таралған. Түркі тайпалары қай жерге табан тіремесін, өмір сүре бастаған ор­тасында Қорқыт дастанына заман талабына сай жаңаша әңгімелер қосып, айналымда ұстап отырған. Өйткені, ондағы мұрат түркі ха­лықтарын бір идеяға жұмылдыру, тарихи сабақтастығын жалғастыру, тілі, ділі мен мәдениетін ортақ танымға бейімдеп дамытуға қажеттілігін сезгендіктен оған прогрестік өзгеру процесі жүріп тұрған. Қорқыт дастандары ежелгі дәуірдің ерлік рухын ортағасырлық даналық дәуірмен ұштастырғаны үшін, өзінің ерлік пен даналық құндылықтары бүгінгі дәуірге де қажет екенін сездіре білгені үшін аса құнды шығарма болып табылады және адамзаттың бақытты өмір сүруіне шамшырақ болып, әлем ойшылдарының назарын өзіне аударып келе жатыр. Алайда Қорқыт дастандары ислам дінінен бұрынғы заманнан исламнан кейінгі дәуірге ұласып, екі түрлі дүниетанымға ие. Исламнан бұрынғы дейтініміз, «Тоқта баласы ержүрек Домрул туралы жыр» атты дастанында Домрулдың Құдайы Әзірейілдің Құдайынан өзгешелеу келетінін байқатады. Сондай-ақ, ондағы той-думандарда ішімдік пен шарап ішу тілге тиек болуымен бірге шараптың кейде көңілді көтеріп, бойдан мұң-қайғыны тазалай алатыны да айтылады. Әрі ауық-ауық Құдайға емес, «семсер» мен «ұлына» ант беру үрдісі бар екендігі дастанның исламнан бұрынғы жаугершілік дәуірдің нанымын бейнелеп тұр. Ал, ислам дінінің жолында шайқасып жүргендері әрі исламға сенбегендерді «кәпір» деп атаулары, кәпірлерді жеңген жағдайда шіркеулерді қиратып, орнына мешіт салғандары Қорқыт дастандарының тарихи миссиясының екінші жағын байқатады.
Сонымен бірге Қорқыт дастандары түркілік салт-дәстүрдің түрлі үлгі-өнегесіне толы. Айталық, «Байбөрі баласы Бәмси-Байрақ туралы жыр» атты дастанында «екеуінің ат жарыстырғанын, өз атының озып шыққандығын, бетінен үш рет сүйгені» бейнеленеді. Бұл қазақтың «Қыз қуу» ойыны. Қорқыт дастандары ежелден келе жатқан барлық түркі тайпаларының ортақ рухани-мәдени қазынасы екенін түркітанушы, ирантанушы ғалым В.Бартольд (1869-1930) шынайы жеткізген. Ол «Оғыздар Сыр бойы­нан түріктердің пірі, сүйікті жырауы һәм түркілік сананы қалыптастырушысы Қорқыттың аңыз-әңгімесін батыс жаққа алып барды. Сондықтан, Қорқыттың әдеби үлгісі түркмендер арасында күні бүгінге дейін бар. Орта ғасырларда Қорқыттың аңыз-әңгімесі Анадолы топырағында да танымал болған. Османлы империясы кезінде XVII ғасырға дейін Әзербайжанда да таралу қарқыны күшті болған. Тіпті, X ғасырда түркілердің бір бұтағы болған пешенектер арасында да Қорқыт есімі белгілі болған. Қорыта айтқанда, Қорқыттың аңыз-әңгімесі түріктердің исламнан бұрынғы әдеби мұрасы ретінде оғыздар арқылы батысқа қарай жол тартқан» деп жазған.
Қорқыт жайындағы зерттеу ең­бектерге қарағанда, Қорқыт дас­тан-әпсаналарын аударып, ғылыми айналымға салған немістің танымал дипломаты, шығыстанушы, кітаптанушы, зерттеуші-аудармашысы Генрих Фридрих Фон Диц (1751-1817 жж.). Ол тұңғыш рет 1811-1815 жылдар аралығында Дрезден қа­ласындағы Қорқыт дастанының қолжазба түпнұсқасын зерттеп-зерделеген соң оның толық жаңа нұсқасын Берлин кітапханасына дайындады. Сол жұмыстың барысында қолжазбаның «Төбе көз» дастанын неміс тіліне аударды. Г.Диц аталған жұмыстарды атқарған маман ретінде Қорқыттың «Төбе көз» дастанын гректің әйгілі ақыны Гомердің (б.з.б.VIII ғ.) «Одиссея» эпосымен салыстырып, оған қорытынды жасаған. Ол онда: «Гомер «Одиссея» эпосындағы бір көзді дию дастанын Қорқыт дастанынан көшірген немесе Қорқыт дастанының мазмұнынан хабардар болғандықтан оған еліктеп жырлаған» деген ой айтқан. Өйткені, Гомердің диюы барлық жағынан Қорқыт дастанындағы Төбе көз диюына ұқсас келеді. Демек, Гомер Қорқыт дастанынан хабардар болған. Ал, Қорқыт жырын жырлаушылар Гомер және оның шығармаларынан хабардар болмағанына қарап, Қорқыт дастаны Гомер өмір сүрген заманнан да бұрын шыққанын болжауға болды.
Бір анығы, Батыс ғалымдары ойлану және өз ойларын жүзеге асыру төңкерісіне шығып, кертартпа ойланудан арылып жатқан Ренессанс дәуірінде түркі халықтарының саяси элитасы түріктің жаужүрек рухының жалынымен 1453 жылы Стамбұл қаласын жаулап алып, әлемнің сая­си тарихында өзіндік орны бар екендігін мойындатып үлгерді. Яғни, саяси шахмат ойынының құралы емес, оның мойыншысы болып келді. Бірақ, саяси үстемдік үшін басты құрал жазба, яғни кітап екендігіне мұқият көңіл бөліп, жас ұрпағын кітаппен қаруландыра алмады. Олардың бар оқып-білгені медреселердің аудиториясына шектеліп қалды. Бұл кемшілігін Батыстың саяси-мәдени элиталары өте тиімді пайдаланып, түркілердің екі негізгі құндылығына жоспарлы түрде мәдени шабуылдарын бастады. Бірі – түркілік сананың орнын Батыстық санаға ауыстыру, екіншісі – түркілік мәдениеттің орнын Батыстық мәдениетпен ауыстыру болды. Осы орайда, көптеген түркі жастары батыс елдерінің жоғары оқу орындарында оқи бастады. Ол жастардың бір бөлігі өздерінің ұлттық құндылықтарына қанық болмағандықтан тез арада батыстың жаңаша өріс алып жатқан мәдени құндылықтарына еліктеп, тұрмыстық жаңашылдығына қызығып, оның барлығынан көшірме жасауға барынша кірісті. Еліктеп өскен осы буын батыстық үлгідегі мектеп-медресе, жоғары орындарының өз елдерінде ашылуына мұрындық болды. Соның салдарынан жаңаша батысшыл ұрпақтың пайда болуы­на жол ашылды. Олар батыстық мәдениетті қабылдау барысында өздерінің ұлттық мәдениетін артта қалған, мешеу дүниелер деп санап, ұдайы батыс мәдениетін озық мәдени құндылық ретінде мойындап келді. Осылайша, келешекте соқыр санаға айналған тұтастай бір ағым, ұлттық құндылыққа қарсы батысшыл ұрпақ түрік елінде қалыптасты. Дәл осындай, одан да сорақылау саяси-психологиялық үрей және кемсіту тәсілдері арқылы түркі халықтарының бір бөлігі орысшыл буынға айналды. XX ғасырдың бастапқы кезеңдерінде Мұстафа Кемал Ататүрік Еуропада оқыған түрік жастарының осындай еліктеушілікке бұғауланғанын сезгендей: «Бірде-бір қорытынды ойды (үкімді) өз таным мен сеніміңізге арқа сүйемей, пәлен еуропалық айтты екен деп қабылдамаңыз. Өйткені, олар түріктер, біздің дініміз және тарихымыз жайында айтқан пайымдары көп ретте қате негіздерге сүйенген» деп айтқан еді. Осылайша, түркі тарихы мен ұлттық құндылықтарын түріктерден артық білетін аз болса да батысқа еліктеуші топтар еуропалықтарға табынбай, олардың ғылыми жетістіктеріне сүйене отырып, өздерінің танымын өздері туралы тереңдетуге мол мүмкіндігі бола тұра өздерінің ұлттық құндылықтарынан безіп жүрген бір нәсіл болып қалыптасып кетті. Олар түркі халықтары арасында қазірге дейін өз тілін, дінін және ділін адамзаттың өркениетінен кенде қалған құндылықтар деп есептейтін топ.
Осының салдарынан ұзақ жылдар бойы түркі халықтарының түр­кілік санасы өзге үстем сананың бұғауында тәуелді болып келді. Содан түркілердің тарихына, мәдениеті мен руханиятының бар болуына күдікпен қарау пайда болды. Соның салдарынан түркілер тарихының терең қатпарларына да сүңги алмадық. Әсіресі Орталық Азиядағы түркі халықтары өз тарихын тарих жағалауының бергі беттерінен іздеп, әрі қарай көз жүгіртуге мүмкіндік ала алмады. Сондықтан, түркілік тарихының терең тамырларын іздеп, оның бар болуына көз жеткізіп, ақи­қатына сеніммен зер салып зерттеу де сағым болып келді.
Алайда, Кеңес одағының бір­жолата құлап, он бес республика дербес мемлекеттер ретінде өз шаңырақтарын құрған соң, оның құрамындағы қазақ елі де өзінің түркілік тарихына «Мәдени мұра» және «Тарих толқынында», сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламалар аясында тереңірек үңіліп, ұлттық әрі түркілік санасының тұтасуына мол мүмкіндік алды. 1993 жылы Алматы қаласында негізі қаланған Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан және Түркия елдерінің мәдениет өкілдері тарапынан «TürkSoy» ұйымының арқасында түрік халықтарының мәдениетінің ин­теграциясы айрықша қуатқа ие болды. Сондай тарихи зерттеулер шеңберінде түркі ғалымдары өздерінің тарихи бастауын Орхон-Енесей жазбаларынан да әрі, б.з.д. VII-VI Апрасиаб жоқ­тауынан да бұрынғы Шумер дәуіріне дейінгі аралықта түріктің тарихи-әдеби жәдігерлерін іздестіруде. Соның бірі – Қорқыт дастандары.

Алдыңғы «
Келесі »